Ұғым қалыптастыру, жандандыру функциясының мағынасы – есеп көмегімен оқушыларды мәселені қоюға қызықтыруға, ұғымдарды, амалдарды, алгоритмдерді енгізуге ынталандыруға болады.
Білім беру функциясының мағынасы – есептің мазмұнында және оны шығару барысында оқушыға жаңа білім беріледі, яғни білімді меңгеру құралы және іс-әрекет тәсілдері болып табылады. Есеп мынадай үш түрдегі тәжірибені тасымалдаушы функциясын атқарады:
танымдық іс әрекет тәжірибесі, оның нәтижесі білім;
белгілі іс-әрекеттерді іске асыру тәжірибесі – үлгі бойынша іс-әрекет
ету;
шығармашылық іс-әрекет тәжірибесі – мәселелі жағдайларда тиімді
шешімдер қабылдай алу білігі.
Осы үш тәжірибені меңгеру оқушыларға күрделі іс-әрекеттерді орындау қабілеттерінің қалыптасуына мүмкіндік береді. Осындай қабілеттерді қазіргі кезде педагогикалық әдебиеттерде құзіреттілік деп атайды.
Дамытушылық функциясының мағынасы – есеп шығару процесінде оқушының танымдық психикалық функцияларының (түйсіну, қабылдау, ойлау, елестету, зейін) дамуы іске асады; оқушылар оқу-математикалық әрекетінің субъектісі ретіне және жеке тұлға ретінде дамиды.
Тәрбиелік функциясының мағынасы – есептерді шығару процесінде оқушыларда өзін-өзі реттеу, ерік-жігерді; өнегілік пен шынайылықты; мәдениет
пен тиімді ойлау стилін (негіздеудің толықтығы, заңсыз жалпылаудың және негізсіз анологияның болмауы, классификацияның ұстамдылығы, символдарды қолданудағы аса дәлдік, ықшамдылық) қалыптастырады; арнайы есептер көмегімен эстетикалық тәрбие беру жүзеге асады. Сонымен қатар қолданбалық, өндірістік-техникалық, тарихи, өлкетану, экономикалық, экологиялық мазмұндағы есептерді шығару оқушылардың бойында табиғатқа, туған жерге деген ынтасын оятады, дүниеге деген көзқарасын қалыптастырады, табиғи ресурстарды үнемді пайдалануға үйретеді.
Жүзеге асыру (тарату) функциясының мағынасы – оқытудың нақты бір әдісін іске асыру барысында (репродуктивті, эвристикалық, зерттеушілік) есептер оқыту тәсілін тасымалдаушы қызметін атқарады.
Болжам жасау функциясының мағынасы – ағымдағы нәтижелерді бақылау және бақылауға негізделген болжам есептер шығару барысында қолданылады.
Басқарушылық функциясының мағынасы – есеп шығару белгілі бір мақсатқа бағытталған процесс ретінде оқытуда және тербиелеуде жетістікке қол жеткізу үшін белгілі бір жағдайлар жасайды. Есеп шығарудың басқарушылық сипаты дидактикалық принциптерді іске асыруға көмектеседі: оқытудың бағыттылығы, жүйелілігі және реттілігі.
Прагматикалық функциясының мағынасы –қолданбалы және практикалық есептерді шығару күнделікті өміржағдайында кездесетін мәселелік жағдаяттардышешуге және есептерді шығаруға мүмкіндік береді; күрделі есептерді шығару – ҰБТ табысты тапсырып, ЖОО-на түсуге мүмкіндік береді.
Иллюстративтілік функциясының мағынасы – математикалық заңдар мен құбылыстарды модельдеу және нақтылау арқылы оқушылардың алған білімін тереңдете түседі. Игерген математикалық заңдар мен заңдылықтарды есеп шығару барысында қолдану есептің мазмұнын терең түсінуге, алған білімді бекітуге және білімінің немқұрайлы сипатын жеңуге көмектеседі.
Таныстыру-ақпараттық функциясының мағынасы – тарихи есептермен
танысу; математика тарихы элементтерімен танысу; ұлттық құндылықтар мен компоненттерді меңгеру, қосымша әдебиеттерде іздеу жұмыстарын жүргізу; ғаламтор және т.б.
Байланыс орнату функциясының мағынасы – есепті шығару барысында мұғалім мен оқушының арасында, оқушылардың өзара іс-әрекетінің түрлері қалыптасады.
Біріктіруші функциясы – бұл құрылымдаушы және жүйелеуші функциясы жаңа білімді беру, білімді бекіту және жалпылау сабақтарында іске асады.
Математикалық есептерді шығарудың функцияларының ішіндегі маңыздысы – пәнаралық байланысты (есептеу, дененің кеңістіктегі орнының координаталарын анықтау, графиктерді салу және оған талдау жасау, тағы басқа көптеген тапсырмалар) қалыптастыру және дамыту.
Бақылау функциясыныңмағынасы – арнайы таңдалып алынған есептер көмегімен оқу амалдарын, білімді меңгеруін, оқу іс-әрекет тәсілдерін бақылау іске асады; есептер арқылы өзара бақылау, пәндік және жеке рефлексия, өзін- өзі бақылау қалыптасады.
Бағалау функциясының мағынасы – бақылау жұмыстары, ағымдағы емтихандар, сынақтар, ҰБТ – осының барлығы есеп түрінде жүргізіледі. Есептер көмегімен оқушылардың білімін және білігін тексерудің қарапайым, ыңғайлы және қатесіз тәсілі болып табылады.