А.Қ. ЖАЛҒАСОВА
ТІЛДІК КОММУНИКАЦИЯНЫҢ ТЕОРИЯСЫ ЖӘНЕ ТАРИХНАМАСЫ
In article the questions, concerning theories of verbal communications and history of its development
are taken up. Various kinds of dialogue are considered and analyzed. The special attention is given to a role and communications functions in a society.
Тіл қоғам өмірінен алатын орны ерекше күрделі құбылыс болғандықтан, ол үнемі үздіксіз дамып отырады. Сондықтан да тіл адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасап, ой-пікірлерімен алмасып, олардың өзара түсінісуіне таптырмас қатынас құралы. Орыс тіліндегі «общение» сөзі - қатынас жасаймын, біреумен кеңесу, байланыс деген мағына береді. Қазір көптеген тілдерде ортақ термин ретінде қолданылатын «коммуникация»сөзі көп мәнді болғандықтан, «ортақ етемін, байланыстырамын, сөйлесіп-пікірлесемін және қарым-қатынас жолы, бір орынның екінші жақпен байланысы; сөйлесу, ақпарат беру» деген мағына береді, ал араб тілінде «معاشرة مجالطة - қатынас, достық» деген мағынаға саяды.
«Коммуникация» терминін зерттеушілер тек қарым-қатынас құралы ғана емес, оның күнделікті өмірде жиі қолданып, адамдардың бір бірімен қарым-қатынас жасауында маңызды рөл, өзара түсінісуі, топтық түсінісуге, ал топтық пікір алмасу қоғамның жетілуіне жетелейді, - дейді. Коммуникация терминінің өзі жалпы қарым-қатынас, байланыс, бір-бірімен араласу, яғни адамдардың тіл арқылы сөйлеу процесін, тілдік қатынастың ерекшеліктерін, оның қоғамда атқаратын қызметін көрсетеді.
Тіл - «дайын ойды» жеткізу құралы ғана емес. Сонымен бірге ол ойдың пайда болу, қалыптасу құралы. Көрнекті орыс психологы Л.С. Выготский, ой сөз түрінде айтылып қана қоймады, сондай-ақ сөз түрінде іске асады десе, XIX ғ. бірінші жартысында дүниеден өткен немістің аса ірі тілші ғалымы Вильгельм Гумбольдт тілді «ойды құраушы орган» - деп, оның дүниетанымдық функциясы мен ақпараттық қызметі туралы айтады [қараңыз: 1, 33].
Қатынастың негізгі теориялары интерактивтік, коммуникативтік, перцептивтік болып табылады.
Қатынастың және коммуникацияның өзара ұқсастықтары мен айырмашылықтары бар. Қатынас бұл адамдар арасында байланыстың өрбуі мен күрделі көпжоспарлы процесті анықтау, адамды түсінісу мен қабылдау, екіжақтың өзара стратегиялық бірігуін дағдыландыру болып келеді.
Қарым-қатынасты анықтаудың күрделi процесiне мына үш құрам кiредi:
1. Коммуникативтік қатынас (адамдармен ақпарат алмасу).
2. Интерактивтік қатынас (жеке адам мен ұйым арасындағы әрекет).
3. Перцептивтік қатынас (серіктестер қатынас кезінде өзара түсінісуі мен өзара түсінушілікті орнату). Перцепция латынның perception - восприятие, понимание деген мағынасын береді. Бұл терминді американдық психолог Дж. Брунер енгізген.
Коммуникативтік процесті негізінде вербалды және бейвербалды коммуникация деп екіге бөліп қарайды. Вербалды коммуникация қатынастың сөйлеу арқасында жүзеге асырылады. Сөйлеу арқылы біз табиғи тілдік дыбыстарды cондай-ақ, фонетикалық белгілерді, оның екі негізгі лексикалық және синтаксистік белгілерін түсінеміз. Сөйлеу коммуникацияның универсалды құралы болып табылады, яғни ақпарат беру кезінде оның көмегімен хабарламаның мағынасы беріледі.
Интерактивтік қатынас психологиялық әсер етуге байланысты, басқа адамның ықпалымен жеке адамда өзгеріс болуы (көзқарастың, қатынастың, мотивтің, хал жағдайдың, құрылғылардың өзгеруі).
Басқа адамның ықпалымен жеке адамның өзгеруі уақытша, өтпелі және тұрақты болуы мүмкін.
Қатынастың интерактивтік жағы мыналарды сипаттайды: басқару шешімін орынды қабылдау, қызметкерлер арасында міндеттерін анық бөлу, дау-жанжалды ақылмен шешу.
Перцептивтік қатынас - қатынасқа түсушілердің бір-бірін түсінісуіне жағдай жасау, яғни қабылдау процесі, адамдардың бір-бірін өзара жете түсініп алмай әрекетке бармауы. Жеке адам аралық перцептивтік анықталған механизмінің арқасында өзін басқа адамдар арқылы танып біледі.
Оған тану және адамдардың бір-бірімен түсінісуі (идентификация /теңестіру, эмпатия, аттракция), қарым қатынас кезінде адам өзін өзі тануы (рефлексия), серіктесінің мінез-құлқын болжау (каузаль ная атрибуция) жатады.
Идентификация (теңестіру, ұқсату) қарым-қатынас кезінде басқа адамды тану тәсілі, яғни серіктесінің орнына қойып өзін сынау, салыстыру негізінде оның ішкі хал-жағдайына болжам жасау.
Эмпатия басқаның күйзеліс сезімін бірге өткізу, басқа адамды тану формасы. Ал, бейвербалды қатынас құралын оқып үйренуде төмендегі ғылымдарға жүгінеміз:
1. Кинесикa - адамның ішкі сезімі және көңіл күйі; ым-ишара, бет құбылыстары, дене мүшелерінің қозғалыстары (пантомимика), бүкіл дене қозғалысы қимыл мен ым арқылы ғана жасалатын қозғалыс, дене тұрысы, қалып, кейіп, бас ию, жүріс, келбет.
2. Такесика - жанасқан қарым-қатынас жағдайында болатын құбылыстар: қол алысуда, сүйісуде, тиіп кеткенде, сипағанда және т.б.
3. Проксемика - кеңістікте болған қатынаста адамдардың орналасуын зерттейтін ғылым саласы.
Жалпы адамдардың қарым-қатынасына қатысты әрекеттер екі үлкен тармақтан тұрады. Оның бірі - тілдік қатынас, екіншісі - тілсіз қатынас. Тілдік қатынас пен тілсіз қатынастың ұқсастықтары да, айырмашылықтары да бар. Бұл қатынастардың сәйкес жақтары: олардың екеуі де, біріншіден, адамдардың бір бірімен байланысын қамтамасыз етеді. Екіншіден, тілдік қатынаста да, тілсіз қатынаста да белгілі бір дерек, ой, мағлұмат хабарланады, бірақ тілсіз қатынаста хабар шартты түрде болуы мүмкін. Үшіншіден, тілдік, тілсіз қатынас та адамдардың өзара түсінісуіне жол ашады.
Ұғынысу тікелей жолмен емес, сырттай болуы да мүмкін, мұндай жағдайда да адамның белгілі бір хабарды ұғып, соған қатысты іс әрекет жасауына мүмкіндік туады.
Осы мәселе жайвнда зерттеуші Ф. Оразбаева ғалым Э.П. Шубиннің ойларына мынадай тұжырымдарын береді. Э.П. Шубин вербалды қатынастан бейвербалды қатынастың айырмашылығы бар екенін көрсетеді. Вербалды қатынас адамдардың саналық және физикалық әрекеттеріне қызмет ететінін айта отырып, вербалды қатынаста адамның ойлау қабілеті негіз болатынын көрсетеді. Ғалым тілдік қатынастың ерекшеліктеріне тоқтала келе, екі түрлі айырмашылығын көрсетеді: «Біріншіден, тілдік қатынас - әмбебап, яғни жан-жақты, өйткені ол адамдардың барлық саналық және физикалық әрекеттеріне қызмет етеді. Екіншіден, тілдік қатынас бірінші пайда болады, яғни алғашқы кезеңде тұрады, өйткені оған адамның ойлау қабілеті негіз болады» [2, 43].
Қазіргі уақытта бейвербалды қатынас құралдарының аталуы мен топтастырылуы бойынша паралингвистикалық және бейвербалды семиотикалық бағыттары төңірегінде зерттелу жұмыстары жүргізілуде. Осы тұрғыдан паралингвистикалық бағытты зерттеуші ғалымдар И.Н. Горелов, З.З. Чанышева т.б., ал екінші бағытты зерттеуші ғалымдарға Б. Момынова, С. Бейсембаева, Г.Е. Крейдлин, Т.М. Николаеваларды атап өтуге болады.
«Паралингвистика сөзі гректің «жанында, қасында» деген мағынаны білдіреді. Яғни тілдік әрекеттің кез келген түрі, жазба тілі, пантомима тілі, өзіндік коды бар ым мен ишаратпен жарыса қолданылатын құбылыстар паралингвистикалық болып табылады.Терминді алғаш ұсынған американ ғалымы А. Хилл болса, жаңа ғылым саласының зерттеу аясын белгілеген зерттеуші Дж. Трейгер екені белгілі» [3, 5].
Х ғасырда бейвербалды қатынас құралдары туралы алғаш зерттеу жасаған шығыстың ұлы ойшылы әл-Фараби өзінің «Риторика» атты ғылыми трактатында: «Әңгіме айтатын адамның бет әлпетінің кейпі, оның денесінің тұрқы мен мүшелерінің қалпы сол адамның қылығы болып табылады. Мәселен, осы жағдай тыңдаушыға төніп келе жатқан үрейлі оқиға туралы хабарлаған кезде болады. Бұл сәтте оның бет әлпетінен зәресі ұшу, қорқыныш нышаны аңғарылуы тиіс, немесе ол әлдебір затқа қимыл- қозғалыс арқылы нұсқап, не басқа біреудің нұсқағанын істейді. Бұл оның ақиқаттығына сенімін арттырады...» дей келе, қарым-қатынасқа түскенде адамға тән мінез-құлықтың қаншалықты маңызды екендігін көрсеткен [4, 7].
Коммуникация теориясының пайда болуы, қалыптасуы, тарихи кезеңдері болды. Коммуникацияның теориялық үлгілері: психоаналитикалық (З. Фрейд, К. Юнг), экзистенциализм (М. Бубер, К. Ясперс), көзқарастық (М. Вебер), футурологиялық (А. Тоффлер) еңбектерінде талданып, ғылыми айналысқа шықты. Солардың нәтижесінде ХХ ғасырдың басында ғылыми әдебиетте коммуникация термині пайда болумен қатар оның төмендегідей үш мазмұны нақтыланды:
- қарым-қатынас - кез келген материалды және рухани әлем объектісінде байланыс құралы;
- қатынас, адамнан адамға берілетін ақпарат (жеке аралық коммуникация);
- қатынас және қоғамда ақпаратпен алмасу (әлеуметтік коммуникация).
Адам әлемі – коммуникация әлемі. Л. Витгенштейн айтпақшы, адам өзін-өзі адам ретінде тек қана басқа адамдармен коммуникациялық байланыс жүйесіне енгеннен соң сезінеді екен. Біз өзімізге үйреншікті туған-туыс, дос-жаран арасында отырғанда коммуникацияның көптеген вербалды (сөйлеу мен сөзге негізделген) және бейвербалды (сөзге негізделмеген) компоненттерден тұратын кешенді әрі үзіліссіз үрдіс екендігіне мән бермейміз.
Психоаналитикалық үлгінің теориялық ғылымда негізін салған З. Фрейд және К. Юнг коммуникацияны жеке адам өз әуестігін санадан тыс әрекетін ығыстыру деп түсіндіреді.
Экзистенциализм үлгісінің өкілдері М. Бубер және К. Ясперс, коммуникацияны әлемде қараусыз артта қалған деп қарастырады. Нәтижесінде жеке адам қысқа мерзімде мағынасыздықты және жалғыздықты сезіну, әлемде адамның тіршілік етуі ешкімге қажетсіз болып қалуы туындайды.
Мұндай жағдайды философтар «коммуникация дағдарысы» деп атайды.
Көзқарастық үлгісінің негізгі өкілдері болып табылатын М. Вебер, Г.Г. Гадамер, Г. Шпет коммуникацияны адамның басқа адаммен түсінісуі, яғни өзара түсіністік деп қарайды.
Футурологиялық үлгінің өкілдері А. Тоффлер, Д. Белл, Г.М. Маклюэн коммуникацияда ақпараттық қоғамның теориясын ұсынды. Ақпарат мәдениетінің негізі, бұл мәдени құндылық болып табылады.
Мысалға осындай коммуникацияларға достық әңгіме, мектептік сабақтар, театрларда көрініс, іскерлік қарым-қатынас, телехабар, компъютерден мәліметтер іздестіру сияқты әрекеттер жатады.
Коммуникациялық қызметтің үш формасы қоғамда жүзеге асырылады:
1) қарым-қатынас – тең құқықты әріптестердің диалогы;
2) басқару – мәлімет алушыға коммуникатордың нысананы көздейтін әсері;
3) еліктеу – жүрiс-тұрыс үлгілерімен алмасу, басқа қоғамның мүшелерімен бірдей өмір сүру, қарым-қатынас стилі. Еліктеу арқасында ұрпаққа ұрпақтан тіл, дәстүрлер, білім беріледі.
Коммуникацияның екі түрі бар: синхрондық және диахроникалық.
Синхрондық (көлденең) коммуникациясы ауызша және жазбаша коммуникациялық каналдар арқылы іске асырылады. Сондай коммуникация арқасында қоғамдық консолидация, топтастық, бірлік қамтамасыз етіліп жатыр. Қазіргі уақытта синхрондық коммуникация ағымдағы қоғамдық тапсырмаларды шешу үшін этностардың тіршілік етуі үшін, әртүрлі әлеуметтік топтардың үйлесімдік әрекеті үшін қажет.
Диахроникалық (тік) коммуникацияда ұрпаққа ұрпақтан рухани мазмұнды ақпараттар беру болып табылады. Сондай-ақ, әлеуметтік жад қалыптасады. Демек, диахроникалық коммуникацияда, тіл қозғалысы, дәстүр, этникалық ортақтық сақталған.
Әлеуметтік өмірде адамдардың іс-әрекеттерінің негізгі бір түрі – сөйлеу. Ол – күрделі психологиялық процесс. Сөйлеу – адамның қарым-қатынас жасау құралы. Ал, қарым-қатынас жасаудың қуатты құралы – тіл.
Коммуникативтік процесс және оның құрылымы: ақпаратты өндіруші, оны тарату, қабылдау және пайдалану. Коммуникативті процестің стандарттық үлгісі: коммуникатор хабарлама, хабар беру каналы, коммуникант. Қазіргі заманғы әдебиетте коммуникативтік процестің әртүрлі үлгілері бар: Мысалға, Аристотель коммуникацияны үш компонентке бөлді: «Оратор – шешен», «Речь – сөйлеу», «Аудитория». Ал, Ж.Г. Лассуэлл ХХ ғасырдың 30 ж. әлеуметтік жаппай (массовая) коммуникацияда өзінің классикалық тұжырымын ұсынды. Бұл тұжырым бойынша Ж. Г. Лассуэлл, коммуникация процесінде мына сұрақтарға жауап ретінде «кім, нені, қай арна бойынша, кімге, қандай әсермен берді» формуласымен қарастырды.
ХХ ғ. екінші жартысында Стэнфорд университетінің ғалымы «Ұйымдағы коммуникация» бағдарлама шеңберінде коммуникативті процесстің көптеген күрделі үлгілерін ұсынды: «хабарлама көзі – коммуникатор – кодпен жазатын құрылым – хабарлама, хабар беру каналы – кодсыз құрылым – коммуникант – кодтау – код нәтижесі – кері байланыс» [5,7 ]. Бұл тұжырым бойынша хабарлама көзі – коммуникатор хабарлама жеткізуші. Хабарлама көзі бұл мекеме, топ, немесе жеке адам болуы мүмкін.
Код символ немесе белгі, код ретінде коммуникациялық вербалды және бейвербалды құралдары қолданылады.Хабарлау ақпарат немесе кодталған идея т.б., яғни ақпарат беруші ақпарат алушыға жеткізетін мәлімет. Хабар беру – коммуникатордан коммуникантқа берілетін хабар. Хабар беру негізінде техникалық (ақпарат беру құралдары: баспа, теледидар, радио, электронды құрылғылар) және жеке адам аралық болып бөлінеді.
«Ақпарат», «жүйе», «кері байланыс» түсініктері осы тұжырымда орталық түсініктер болып табылады. Орыс тіл білімінде коммуникация теориясын зерттеуші ғалым А.П. Панфилов коммуникацияны бес түрге бөліп қарады (танымдық, сендірерлік, мәнерлілік, суггестивтік, салттық).
- Танымдық коммуникацияның мақсаты – инновациялық мәліметке түсінік беру, қажетті ақпаратты беру, серіктестің ақпараттық қорын кеңейту. Коммуникативтік формаларына: лекция және семинарлар, баяндама және хабарламалар,әңгіме және кеңестер, есеп беру, сондай-ақ, жазбаша жұмыстар (реферат, бақылау жұмыстары, дипломдық жұмыстар, жобалар), сондай-ақ келіссөз, тілеу, тілек білдіру, қошемет, көрсетілім, «дөңгелек стол» жатады.
- Сендірушілік коммуникацияның коммуникативтік формаларына танымдық, сөйлеуге шақыру, пресс конференция, пікір-талас, айтыстар жатады. Осы орайда белгілі журналист, қаламгер, аудармашы Ж. Аупбаевтың мына бір қызықты мәліметін бере кеткен орынды деп білеміз: «Мен Ленинградқа Қойлыбай Қарсақбаевтан жарты жыл кейін бардым, – дейді Әмина Өмірзақова апамыз, – орысшам да шамалы. Үлкен қалаға үйрене алмаған үркек кезім. Сондай қиналған сәттерде Қойлыбай аға туғанымнан кем емес таянышым бола білді. Ақыл-кеңес беріп, жол көрсетіп жүрді. Бірде емтихан алып отырған ұстазымыз Меркурьев: «Үйің өртеніп жатыр дейік. Лапылдаған жалын ішінде кішкентай інің қалып қойған. Осындай жағдайда не істер едің? Қане, соны сахнада адам сенерліктей етіп көрсетіп берші», - деді. Мен жөпелдемеде ештеңе айта алмай, тосылып қалдым. «Бар, далаға шығып, ойланып кел», - деді абыржығанымды байқаған оқытушым. Дәлізде Қойлыбай аға жүр екен. «Оған несіне қиналасың? – деді күліп.
– Жақсылап тұрып жылап бер». «Ай жоқ, шай жоқ, қалай жылаймын?» «Апаңды, ауылыңды сағындың ба?» «Ия». Сол, сол-ақ екен, жүйкем босап қоя берді. Көз алдыма туған жер, туыстарым елестеп, боталаған күйі ішке ендім. Аудиторияны азан-қазан қып, ойбайға басқанымды көрген емтихан алушы: «Міне, міне... Оқиғаның ішіне кірген деген осы. Енді таптың сахналық шешімді» деп, сынақшама қарай қол созды [6, 17]. Танымал кино әртісі, сахна шебері Әмина апамыздың сендіру коммуникациясына мысалдар бұнымен ғана шектелмейтіні бәрімізге белгілі жайт.
- Экспрессивтік коммуникацияның мақсаты серіктесінің психоэмоциалдық көңіл күйін келтіру, сезім беру, қасірет, қайғыру, қажетті іс-әрекетті болдыру. Коммуникативтік формаларына: көрсетілім, әңгіме және жиналыс, митинг, фирма туралы, адам туралы болған жағдайды әңгімелеу, брифинг, бейне демонстрация, кинофрагмент, лозунг және үндеу сияқты түрлері жатады. - Суггестивтік коммуникацияның мақсаты серіктесін иландыру, дегеніне көндіру; Коммуникативтік формаларына: әңгіме, митинг, пресс-конференция, брифинг, жарнама, жиналыс, кеңес беру, тренинг, жарыс сөздер жатады.
- Салттық коммуникацияның мақсаты әлемде халықаралық шартты үзбеу және оны нығайту, елдер мен мемлекеттер арасындағы байланыста қалыптасқан ережелерді сақтау, жеке топтар мен этностардың ұлттық құндылықтары мен мәдени болмысына нұқсан келтірмеу сияқты көптеген талаптарды орындау жатады. Коммуникативтік формаларына: вербалды және бейвербалды қатынастар, олардың жергілікті ерекшеліктері мен тұрақты қолданысы жатады. Мысалы, тілдік қатынастан өзге, тілдік емес қатынастардың да әлемдік, мемлекет аралық заңмен бекітілген талаптары бар. Әр мемлекеттің ұстанатын бағыты мен стратегиясына, діні мен қоғамдық таным, мәдени көзқарасына қатысты бекітілетін бұндай заңдар екінші бір елде түсінбеушілік туғызуы мүмкін. Мысалы, бас бармақты шошайту «керемет, тамаша, күшті» деген мағына білдірсе, бір елде басқа мағынада қабылданатыны белгілі.
Қазақ баласы көпшілікпен амандасқан кезде «орта толсын» деп, оң қолын жүрек тұсына қойып, басын иіп сәлем береді. Ал, қоштасар кезде шығарып салып тұрып, я жолға шығушы қолын бұлғайды (қош бол, қос қолымды шошайттым). Жұдырық түю – сес көрсетуді, қорқытуды білдірсе, «біз біргеміз!» (жұдырықтай жұмылу) деуді, екі қолды екі жаққа жаю – ашықтықты, екі қолдың алақанын жайып, иықты көтеру – білмеуді, түсінбеуді аңғартса, бас бармақты көрсету мақұлдауды, яғни жарайсың деп қолдауды, мақтауды (ал Нигерия, Ауғанстан, Иран, Италия секілді елдерде бұл қимыл адамға доқ көрсетуді білдіреді), сұқ саусақты кісіге қарай шошайту – намысқа тиюді, тұқыртуды, сондай-ақ оны жоғары көтеру «байқа» немесе «ойлан» дегенді байқатады.
Бейвербалды тіл көбінесе жан-жануарлар әрекетінде, олардың қарым-қатынасында байқалады.
Оған күнделікті өмірде де жиі көз жеткізе аламыз. Мысалы, ит не мысықтың иесіне келіп сүйкенуі тамақ сұрауды білдірсе, денесін үлкейте көтеріп, үрпиюі айбар шегуді білдіреді.
Бұлардан басқа халықаралық деңгейге көтерілген бейбербалды қатынастар бар екені белгілі: өнерпазға қол шапалақтау, келісу не келіспеу мағынасын білдіретін бас изеу, иық көтеру, т.б. Суреттер, графика, түрлі белгілер, жол белгілері мен қауіп-қатерді бейнелейтін сигналдар, символикалар, ишараттар, басқа да таңбалар адам қатынасының даму, жетілу кезеңін танытып қана қоймай, әлі де жалғасып, толығып келеді. Алайда, тілдік қатынас – адамдар арасындағы ақпараттың қабылдануы мен ұғынылуы, хабар алмасу, қатынасқа түсу және ең бастысы қоғамдық қажеттілік ретінде дамып, жетіле беретін үдеріс. Тілдік қатынас білім мен техника, өнер мен мәдениет, дүниетаным мен көзқарас, ұлттық құндылық пен мәдени мұра тілі болумен бірге, тіл зерттеу құралы болып та ерекше қызмет етеді.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Тұрғанбаев Ә.Х. Тіларалық байланыстар мен қатынастар диалектикасы. – Алматы, 2005. – 216 б.
2. Оразбаева Ф. Тілдік қатынас. – Алматы, 2005. – 272 б.
3. Момынова Б. Қазақ тіліндегі ым мен ишараттың қазақша-орысша түсіндірме сөздігі. – Алматы, 2003. – 238 б.
4. Зекенова Ш.З. Омоним және синоним мағыналы бейвербалды амалдардың эмотивті-коммуникативтік сипаты.
– Алматы, 2010. –24 б.
5. Володина Л.В., Карпухина О.К. Деловое общение и основы теории коммуникации. Учебное пособие. – Москва,
2000. – 62 с.
6. Аупбаев Ж. Бізге беймәлім бейнелер. – Астана, 2000. – 208 б.
Редакцияға 20.06.2011 қабылданды.
Достарыңызбен бөлісу: |