Л. Н. Нұрланова Қазақ Әдебиеті



бет43/67
Дата04.05.2023
өлшемі1,59 Mb.
#176067
түріОқулық
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   ...   67
Байланысты:
қә 11 1-1

Сұрақтар мен тапсырмалар



  1. Қ. Аманжоловтын өмiр жолы туралы не білесіңдер?

  2. Ол жасында кімдерге еліктеп жазды?

  3. "Күлемiн де жылаймын" атты өлені туралы ойларынды айтыңдар.

  4. Акыннын өзi шыгарган кандай әндері бар?

  5. "Хантәңiрi" өлеңінде табиғат көрінісін суреттеумен шектелмей, заман талабына бейімделгенiн қалай аңғаруға болады?

  6. Ақынның күрт өрлеу кезеңi қашаннан басталады және оны қандай шығармаларынан байқауға болады?

  7. Не себепті ақынның таңдаулы шығармаларын ұлттық поэзиямыздың қазынасы деймiз?

  8. "Дариға, сол қыз" өлеңiнде қай кезеңнiң шыңдығы бейнеленген?

  9. "Ақын өлiмi туралы аңыз" атты поэмасының басты ерекшеліктері туралы ойларыңды ортаға салыңдар.

  10. Көп буынды өлендерiнен (15-16 буын) мысал келтiрiңдер.

  11. "Өзiм туралы" өлеңiнен үзiндiлердi жатқа айтыңдар.

...Бар қазақ Жұбанға сенбеп пе еді,
Ақынын пайғамбардай көрмеп пе еді,
Есінен туған елдің шығар қалай
Жырыңмен жас ұрпағын тербеткенің....!
Ә. Тәжібаев


ЖҰБАН МОЛДАҒАЛИЕВ



ЖҰБАН МОЛДАҒАЛИЕВ
(1920-1987)

Өмірі мен шығармашылығы. Казак поэзиясынын белгілі, белді өкілдерінің бірі - Жұбан Молдағалиев Орал облысынын Тайпак ауданына қарасты "Жыланды" деген жерде 1920 жылғы қыркүйектің 5-і күні дүниеге келген. "Марқұм шешем ерінен қаршадай-қаршадай төрт баламен қалганында, қасiрет-кемтарлықтың не түрін басынан кешкен-ді", - деп еске алады ақын бала кезін. Анасы Зеріптің тәлім-тәрбиесін көріп өскен ақынның айтуынша: "Сірә, ақындық қабiлетi менiн қаныма ана сүтімен сiңсе керек. Анам жас кезінде қазақтың батырлар жырының небір әдемілерін ұзақты түн жатқа айтатын, ақындар айтысынан қалмайтын". Оралдағы ауыл шаруашылығы техникумын 20 жасында бiтiрiп, одан кейiн жетi жыл бойы әскерде болған, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан.


Қан майданнан елге орал- ғаннан кейін "Лениншіл жас" (қазіргі "Жас алаш") газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, "Қазақ әдебиеті" газетінде Бас редактордың орынбасаpы (1948-1952), 1953-1954 және 1963-1971 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хат шысы, 1958-1965 жылдары "Жұлдыз" журналының Бас редакторы болды. 1979-1988 жылдары Қазақстан Жазу шылар одағы басқармасының бiрiншi хатшысы, КСРО Жазушылар одағы басқармасының хатшысы қызметінде жүріпте , шығармашылықтан қол үзбей, өнімді еңбек етті. республикамыздың Мемлекеттік сыйлығы берілсе, "Қыран дала", "Сел" поэмалары үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Мұндай биік мәртебелі сыйлық алғандар ол кезде қазақ әдебиетінде санаулы ғана болатын. Сонымен қатар ол КСРО Қорғаныс Министрлiгi сыйлығының лауреаты және А.Фадеев атындағы алтын медаль иегері. Өлеңдері алуан халықтардың тiлдерiне аударылды. Аудармалары да молшылық. Мұның бәрі акынның үнемi iзденісте болғанын, шығармашылықы кен танылып, жоғары бағаланғандығың көрсетеді.
Жұбан Молдағалиев шығармашылығының үлкен бір саласы - поэмалары. Бұл саладағы тырнақалды iзденiсi "Қызыл галстук" 1947 жылы жазылды. 1958 жылы бұл шығармасын қайта қарап, ендеп толықтырған соң, келесі жинақтарына ұсынды. Ал шын мәніндегі поэма деңгейіндегі туындысы "Нұрлы жол" поэмасы 1950 жылы жазылып, 1951 жылы жеке кітап болып шыкты.
Тұтқында азап шексе де, мойымаған, қайтпас қайсар, жалынды жас ақын Мұса Жәлел туралы "Жыр туралы жыр" атты дастаны не бары бір аптаның iшiнде жазылып бiтiсiмен, іле-шала "Қазақ әдебиеті" газетi арқылы оқырмандарға жол тартты. Моабит түрмесінде отырып, адам айтқысыз ауыр азап пен қинауды бастан сан өткерсе де, тайсалуды бiлмеген, елi үшiн, туған жерi үшiн жас өмiрiн жасымай, жасқанбай құрбан еткен жаужүрек, жас Мұсанын ерлік рухы шығарма арқауына айналған.
Жолаушы уақыт жатты етіп,
Керуен тiзiл күндерден.
Көктем де келдi жарк етіп,
Сыланып шықты гүл жерден.
Шүпiрлеп үрім-бұтағы,
Шөбере сүйіп орман-шал.
Сағыммен ойнап тұр тағы.
Ымдайды "шық" деп тордан сәл,
секілді табиғат көріністері тар қапастағы Мұсанын көзіне елестеп, еркіндікті аңсаған жүрегiндегi жалынды алаулата түседi. Жарық дүниедегi ең ардақты - Отан, ең қастерлiсi - Отан деген ұлы сезiмдi бойына ана сүтімен бiрге дарытқан ақын-азаматтың сенiмi мен сезiмi, оттылығы мен ой-арманы поэмада белгі береді.
Түн кiрдi қара кебіндей.
Түрмеге кештен көп ерте.
Мезгiлсiз ешкен өмiрдей,
Жоғалды сәуле, көленке,
- деген сықылды шұмақтарда Жәлелдін алмағайып жағдайына мегзейтін, оның өміріне төніп тұрган қатерлi қауіпті сездіретін символдық мәні бар бейнелер жатса, келесi шұмактары:
Әзірге сөнбей тұрды тек,
Екi от - екi қарашық.
Өленге біткен ер жүрек,
Өмірге, нұрга ала ұшып,
- деген жолдарда қиял қанатын, жас өмiрiн жалын шалса да, мерт боларын айдан анық бiлiп тұрса да, бас июді, Отанын сатуды ойына да алмаған ардагер, нағыз хас батыр жастың табиғаты, талмас, арымас қуаты танылады. Өз өлеңдерінде ерлiктi, туған елiне деген махаббатты жырлаудан бір тоқтамаған, осынау асыл арман, нұрлы мақсат жолында алдынан қандай қиындық тап келсе де, қандай қанқұйлы тажалдан да тайынбаған өр кеуде, от жүректі ақын Мұса Жәлел түрмеде қанмен жазған жырларында «мың жастығым болса да, осы жолға арнар едім» деген ойды тайсалмай айтады. Ақынның осы ойына, өршіл рухына тағзым еткен Жұбан Молдағалиев дастаны – ақын туралы ғана емес, жыр туралы, жыр арқылы адамзатқа, адамға арналған сыр туралы толғаныс.
Поэма татар, өзбек, тәжі, орыс тілдеріне аударылып, жеке-жеке кітап болып басылды. Осы дастаны және татар әдебиетін насихаттауда сіңірген еңбегі үшін Жұбан Молдағалиев кезінде Татарстанның Құрмет грамотасымен марапатталды.
«Қиял қанаты» дастаны аталған поэманың ізін суытпай жазылды. Бұл екі дастан да 1958 жылы шыққан «Жыр туралы жыр» атты кітабына енді. «Қиял қанатының» ықшамдалған аудармасы орыстың белгілі ақыны Ярослав Смеляковтың аударуымен баспа бетін көрді.
Ақын шабыттылығының куәсі секілді «Дала дастарқаны» дастаны бір кеште жазылған. 1957 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің мерекелік санында жарияланды.
Жұбан Молдағалиев поэмаларының ішіндегі ең көлемдісі – «Жесір тағдыры» атты шығармасы. Марқұм анасы Зеріпке арнаған бұл туынды өмірбаяндық деректерге негізделген.

Дұрысы күмістей дер шашын адам,


Ақ жүзі әлдеқайда ашық одан.
Күмісте салқын сәуле дірілдесе,
Анадан айнала күн шашыраған,
- кейіпті Айша әженің өмір жолы арқылы қазақ даласындағы әлеуметтік-тарихи теңсіздіктер, жағдайлар көз алдымыздан өтеді. Пиғылы мен тірлігі әр қилы кейіпкерлердің өмір жолындағы қақтығыстар, шарпысуларды бейнелеу арқылы ақын тарихи-көркемдік байыптау жасайды, өткен күнге ой жіберіп, бүгінгі күннің безбенімен салмақтайды. Дастанда:

Көк майса, бұйра балауса,


Көзді арбап қыздай түз бойдақ.
Алауша, қызыл жалауша,
Жайнайды жасыл қызғалдақ...

– секілді тартымды табиғат көріністері де кездеседі.


Ж. Молдағалиевтың Махамбет өмірінен өзек тартқан «Кек», сондай-ақ «Айттым сәлем», «Байқоңыр баспалдақтары» атты көлемді дүниелері бар. Құрманғазы туралы «Кісен ашқан» деген поэмасы 1969 жылы кітап болып басылды. Осы кітабы үшін ақынға 1970 жылы республикамыздың Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығы берілді. Бұл шығарма да әр түрлі тілдерде бірнеше мәрте басылып, ақын атын шартарапқа таныта түсті.
Жұбан Молдағалиев поэмаларына тән ерекшелік – замана талабына сай уақыт алға тартқан толғақты, келелі мәселелер жайында толғауға ұмтылған публицистикалық серпін. Тарихтағы әр кезеңнің алуан себептерге байланысты тек өзіне ғана тән ерекшелігі болатыны белгілі. Бұл сипат алуан ықпал-күштердің тоғысуы нәтижесінде жүзеге асатын процестерге, соған ыңғайланатын тіршілік ағысына, тарихи сұраным пен қажеттілікке сабақтас. Публицистика қашанда сол сұранысты қанағаттандыруға ұмтылады. Сондықтан публицистикалық қасиет әркелкі деңгейде қай шығармадан да табылады. Әйтсе де замана талабына ашық та айқын дауыспен үн қосқан шығармалар – көбіне публицистикалық серпінді, тегеурінді туындылар санатына қосылып жүр. Әрине, көптің көкейінде жатқан ойларды, заман тудырған мәселелерді жедел немесе батыл көтерген, толғаған шығармалардың орны айрықша. Мұндай шақтарда жарық көрген шығарма эстетикалық қызмет атқарып қана қоймай, идеялық өткірлігіне, әлеуметтік белсенділігіне қарай қоғамдық-әлеуметтік мәні зор ықпалға айналады.
Міне, осы орайда Жұбан Молдағалиевтың «Мен – қазақпын!» атты поэмасының өз кезі үшін мән-маңызы айрықша болғанын атап айту керек. Ол кезде қазақ елінің отарланғанына екі жүз жылдан асып кеткен. «Орысша оқыған ғана адам болады», «орысшы оқыған ғана мәдениетті» ден сыңаржақ әрі негізсіз түсінік салдарынан ана тілін менсінбеуге, өзінің қазақ екенін айтуға намыстанатын, қазақ болып туғанына қорланатын, соның салдарынан туған халқын сатып жіберуге икемделген көзқамандар бой көрсете бастаған. Сөйтіп, қазақ халқының жер бетінен жойылып кету қаупінің нышандары белгі бере бастаған кезде, самсаған ақындардың ішінен Жұбан Молдағалиевтың суырылып шығып, «Мен – қазақпын!» деп саңқылдап, өр дауыспен үн қатуы ақындық, азаматтық ерлікке барабар еді.
Сондай кезеңде соғыстың сұрапыл сынынан өткен Жұбан Молдағалиев тәуекел етіп, осынау ойсырап жатқан олқылықтың орнын толтыруға зор ықпал жасады. Бүгінгі күннің биік талабы тұрғысынан қарағанда, көркемдігіне біраз сын айтуға болса да, поэманың өз кезі үшін мәні аса зор маңызды шығарма болғанын шынайы ілтипатпен, шын алғыспен еске алып жүруіміз керек. Поэма орыс тіліне аударылып, газет-журналдарда жарияланды, жеке кітап болып тамыңдаған данамен таралды, радио мен теледидардан сан рет оқылып, сол тұстағы ұлан-байтақ Кеңес елінің түпкір-түпкіріне таралып, қазақ халқының абыройын асырды, мерейін көтерді. Сондықтан да Ж. Молдағалиевтың «Мен – қазақпын!» поэмасы халқымыздың ұлттық сана-сезімін оятуға, өзіне деген сенімін арттыруға, өз-өзіне құрметпен қарауға, отаншылдықты нығайтуға баға жетпес үлес қосты.
Дастанда ақын халқымыздың бүгінге дейінгі жүріп өткен жолдарына, тарихи бел-белестеріне өз уақытының талабына сәйкес шолу жасайды, өз кезінің тұғырынан таразылайды, өз заманының толғам-толғанысын, байлам-бағасын ортаға салады. Соншама алмағайып сыннан, тарихтың талай тар қыспағынан азап кешіп өткеннен кейін, қазіргісін бағамдап:

Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елмін,


Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске –
Айта бергім келеді, айта бергім.
Ақындық шалқу, шын тебіреністен шығандаған шынайы пафос, азаматтық-публицистикалық қызу мен серпінді сергектік поэманың көркемдік мазмұнына, көркемдік ерекшелігіне айналған. Әсіресе көптің көкейінде жатқан ой-сезімді тап басып, танып толғағаны үшін поэма кезінде айрықша беделге ие болып, жоғары бағаланды.
Табиғат апатын ауыздықтауға құдіреті жеткен адам еңбегінің ұлылығын, еңбектің ерлікке барабарлығын жырлайтын «Сел» поэмасы да кезінде лайықты құрметтелді. Ж. Молдағалиевтың ақындық алымы мен шалымын танытатын шумақтар бұл шығармада молшылық.

Қалай кешер, кешегі мөлдір Есік,


Құр күрсінсек хас сұлу өлді десіп?
Көк кеседен төгілген көп күмістей,
Шашқан күн-ай құрбыға көлді көсіп.

Жарқын еді-ау сынаптай сұлап түскен,


Аслы жүзік көзіндей жылап түскен.
Жанарындай арудың жаудыраған,
Таңғы шықтай шың-құздан құлап түскен, -

немесе

Қала тұр қаусаған қаңқадай,
Қамшы осқан көк ала арқадай.
Бау-бақтар жайраған жаңқадай,
Алмалар шашылған алқадай.

Арықтар, көшелер әр қандай,


Ұйысқан, үзілген арқандай.
Үй-жайлар қираған қалқандай,
Кірпіштер түйілген талқандай...

секілді көріністер – соның мысалы. Ал таудан төмен құлап, жолындағының барлығын жалмап, жайпап келе жатқан обыр, жойқын тасқынды суреттегенде, ешкімге ұқсамайтын өзіндік кесте, өзіндік ырғақ, бояумен көрсетеді.


Өрт түсті тасқын, Шұбалаңдап,


Дерт сұсты тасқын, Ирелеңдеп,
Тулаған тасқын, Сүйрелеңдеп,
Зулаған тас-құм, Мәңгі мұздан,
Мың-мың айдаһар жалғанғандай, Әңгі құздан
Мың-мың айдаһар парланғандай, Лықсыған.
Мың-мың айдаһар есілгендей, Тұйықсудан,
Мың-мың айдаһар көсілгендей. Күркіреп құлап келеді,
Бұраландап, Дүркіреп құлап келеді.

Олай да бұлай жосыған дүлей тасқынның суретін көзге елестетерліктей образдар, айшықты тіркестер, орамдар, ішкі ұйқас, ассонанс, аллетерациялар, тасқынды ырғақ, еркіндеген екупін – ақын шабыттылығының, ізденісінің нәтижесі.


Тың игерушіллерге арналған «Қыран дала» мен аталған «Сел» поэмасы үшін 1978 жылы КСРО Мемлекеттік сйлығын алғаннан кейін, бұл шығармалар байтақ елге кеңінен тарала түсті.
Ж. Молдағалиев шығармашылығының негізге сарыны мен салмағы көбінесе эпикалық тынысына байланысты. Өлеңдерінің тақырыптық ауқымы аса кең. Кеңес еліндегі елеулі тарихи-әлеуметтік бетбұрыстар мен құбылыстардың талайына ақын көптеген жыр арнаған. Сол сияқты өзі көрген, аралаған шет өлкелердің көріністері мен тіршілгіне де солсоқ қарамай, өз толғаныстарын ортаға салып отырған. Мұның бәрі ақындық сергектігінің, азаматтық белсенділігінің мысалдары деп айтуға болады. Кешегі қанды сұрапыл соғыстан бастап, ғарышқа аттанушыларға дейінгі алуан өмірлік жайлар ақын өлеңдерінде көрініс тапқан.
«Дала түні...». Соңында қалған бірнеше том мұралардың ішінде тегеуріні мен сезімталдығын дәлелдейтін жырлары баршылық. Бұл жырлардағы образды толғаныстар, көркімен көз тартатын табиғат суреттері өз бояуымен көрінеді:

Аспан торғын тақиядай,


Тізген күміс теңгелерден.

Дала түні, дала түні,


Табиғаттың сиқырысың.
Тоса тұршы қанатыңды,
Ұстай тұршы ұйқы ұрысын.

Түннің қара сақалының,


Бозарғанша таңда етегі...

Осы өлеңнен дүниені образды сезіну-көрумен бірге далаға деген елжіреген ықылас, қимастық сезім, ыстық махаббат та аңғарылады. Туған жерін баласын құлай сүйген анасындай сещінген перзент-автор табиғатқа тамсана, таңырқай қарап, қараған сайын жанын тербеткен жаңалықты, айшық-бояулары мол суреттерді көріп, таба біледі. Бұлайша көру үшін тек суреткерлік көз ғана емес, көз жасындай, таңғы шықтай мөлдіреген шынайы махаббат та қажет. Дала – Жұбан Молдағалиев өлеңдерінің негізгі лейтмотиві. Ол үшін дала – кір жуып, кіндік кескен туған жері ғана емес, ұғымға ұлылығымен ұялаған Отан-ана, Атамекен – жарық дүниедегі ең қастерлі алтын ұясы. Сондықтан да дала Ж. Молдағалиев поэзиясында көркемдік-жинақтаушылық әрі әлеуметтік-философиялық мәні ерекше категория деңгейіне көтеріледі. Сонымен бірге идеялық та эстетикалық мазмұнға айналады.


Оны ақын еткен де, батыр еткен де – осы Далаға деген махаббат. 1986 жылы желтоқсан оқиғасы кезінде сол тұстағы басшылықтың алдында айбынбай, темір тәртіптен тайынбай, жастарға жаны ашыған, темір тізгінге қарсылығын, аяулы, асыл сөзін ең алғашқы болып, ашына айқын айтқан Азамат – отансүйгіш осы Жұбан Молдағалиев болатын. Ақынның сөйлеген сөзі – шындықтың шектелген заманында бетке айтылуы – тарихи ерлікпен тең еді.
Қорыта айтқанда, Ж. Молдағалиев өмірі мен шығармашылығы – ақынның ел өміріндегі құбылыстарға сергек қарап толғауының, парасаттылығы мен ақындық-азаматтық белсенділігінің, тегеурінділігінің куәсі.

«Мен Қазақпын» поэмасы


Үзінді


І
Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген.
Жөргегімде таныстым мұң тілімен
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

Мен – қазақпын, ажалсыз анамын мен,
Құрсағыма сыйдырам даланы мен.
Пәк сәбимін бесікте уілдеген,
Дәуірлермен құрдаспын, данамын мен.

Мен – жігітпін, айқасқа, сынға асықпын.
Жүрегі бар кеудемде шын ғашықтың.
Жанартаудай жойқынмын жұлқынғанда,
Шарықтасам, қыран боп шыңға шықтым.

Мен – қара көз сұлумын, сайтан қызбын
Сайрай қалсам, тілімнен бал тамғыздым.
Сүйер болсам, өмірдей өле сүйдім,
Қас батырмен қайрасқам балтам жүзін.

Осындай боп, білмеймін, кімнен тудым.
Бәлки қайсақ, бәлки бір ғұннан тудым.
Деп шатыпты біреулер «күннен тудым».
Жоқ, сірә, мен қара құл, күңнен тудым.

Руым көп солардың аттарындай,
Мінезім бар таулардың қатпарындай.
Ән-жырым бар бабалар хаттарындай,
Әжімім бар бейнеттің таптарындай.

Қаза тапқан солдаттай ізгі өлімнен,
Қалалар да өтіпті түз белінен.
Қаңқалары табылып жатыр қазір
Соғыстар мен жорықтар іздерінен.

О замандас, соларға бір қараңыз:
Әр кірпіші, әр тасы бір қора аңыз.
Өлгендерді тірілтіп, өмірлі етіп,
Өшкендерді табатын бір ғана біз.

Мирасы ма, мұра ма аз ба со да?
Алынбайды алтындай қазбаса о да.
Тереңім көп, тұңғиық тарихым көп,
Жылдар көші том-томдап жазбаса да.

Жаза алмадым, қайтейін, хат білмедім.
Білдім, бірақ, найза мен аттың белін.
Ат үстінде ұмыттым кедейлікті,
Ат үстінде өлсем мен шатпын дедім.

Жетпеген жоқ ғылымға зеректігім,
Сезбеген де емеспін керектігін.
Қала бердім жарыққа жол таба алмай,
Қараңғыға тас батып ер екпінім.

Кейін білдім жердің де шар екенін,
Өз өлшемі, өз шегі бар екенін.
Көк өгіз деп көтеріп тұрған соны,
Ысырап боп жүріпті «бәрекелдім».

Ұзақ ұйықтап тұмса түз бесігінде,
Естімеппін Архимед есімін де.
Жерді үйіру қиялы былай тұрсын,
Жемісі де тимепті несібеме.

Танытпады надандық Сократты,
Гомерді де көп ғасыр тоқыратты.
Көзім басыр болса да, ойым көргіш
Мен де ақын ем өзіндей сол бір қарттың.

Келсе ғой далама бұрын олар,
Коперниктер, Джордано Брунолар!..
Қапы кетті қаншама ұл-қыздарым,
Бағы жанса, солардың бірі болар.

Арылмады басымнан замана – түн,
Үйіп-төгіп жазмыш жаманатын.
Европадан жетпіс жыл соң оқыдым
«Коммунистік манифест» ғаламатын.

Соң оқыдым, талайдан бұрын ұқтым,
Түннен күнге күрт басып бұрылыппын.
Бір бөлшегі болғаным қандай бақыт
Россиядай, Лениндей ұлылықтың!

Ал бүгін ше? Бүгін мен азаматпын,
Жаза алатын, ғылымды қаза алатын,
Жаза алатын дүниелік дастандарды,
Жаза алатын тарихқа қазақ атын.

Атымның да кеше ғой танылғаны,
Оған дейін не таңба таңылмады?
Солар жайлы ойлансын ұрпағымыз –
Шолпан қызы, шапақты таң ұлдары,
ІІ

Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

– Жоқ, ондай ел болмайды жер бетінде
Мал соңында құл емей желдейтін не?
Мен – Шыңғыс хан, атыңды өшіремін.
Менмін сені тірідей жерлейтін де!..

Екі айтпайды хан тақсыр, бір кеседі,
От көссе де қолымен, бір көседі.
Қылышына ілініп қылша басым,
Әр шапқыншы қолында жүр кесегі.

Шегірткедей қаптаған ат тұяғы
Тозаңдатып талқандап жатты ұямды.
Ит үрікті түтеген түтіндерден,
Шат күлкілі даланы жат күй алды.

Қарсыласпай өлмедім, қан татырдым.
Құлап қалсам атымнан, қайта тұрдым.
Сансыз басты диюдей сан тіріліп,
«Мен – қазақпын» дегенді айта тұрдым.

«Мен – қазақпын» дедім хан Темірге де.
Жез тырнақша қадалды жебір неме.
Шыңғыс қорқау болғанда, мынау бөрі,
Біреуінен бірі кем елірді ме!?

О да құдай саналды, жұртты алдады.
О да мені өлтірді, құрта алмады.
О да кетті жегідей, жерімді отап,
О да салды денеме дыр таңбаны.

Таңба-таңба тәнімнің тыртықтары
Қатпарына қаншама сыр тықпады?
Шежіренің беттерін ашар о да,
Оқи алсаң кітаптай, сүртіп қанын.

Қан да, көздің жасы да сорықпады.
Күреңітті көлдердің борықтары.
Азан-қазан «Ақ табан шұбырынды»,
Ала топан жоңғардың жорықтары...

Мал айрылды дағдылы жайлауынан,
Жер айрылды жарлы елден, байлы ауылдан.
Қыран бүркіт адасты мекенінен,
Қыз жаңылды сертті сөз байлауынан.

Сарыарқада сарнады Асан қайғы,
Домбырадан бақсыдай бас алмады.
«О, қарт баба, еңсеңді көтер! – дедім, –
Көп күрсінсең, көңіл де қасаңдайды.

«Ару – жолда, мал – терде, бала – белде»,
Уайым түбі – теңіз ғой, бара берме.
Жігер керек, жыр керек, жалау керек,
Қайрат күйі боп төгіл қаралы елге.

Жерімізде жау қолы жосығанда,
Тура айтуға тірі тіл шошығанда,
Жалғыз дауыс – домбыра емес пе еді
Қарсы барған қаныпезер Жошы ханға?

Күй емес пе ботасыз нар идірген?
Ән емес пе аққудай жар ілдірген?
Жыр емес пе жүрекке жел бітірген?
Олар барда дей алман тарылды іргем.

Жолдас емес адамға дүние боқ.
Жұмаққа да жүр қазір дін ие боп.
Өлең қалсын ұрпаққа, өнер қалсын,
Ата мирас мәңгілік дүние боп.

Ұлы аманат етейік еркіндікті,
Ел құлдықты білмесін, жер күңдікті.
Аңсаймын мен, сенемін, туады ертең
«Қазақ болу – зор бақыт» дер күн тіпті...»

Сондай-сондай заманды кешкен елмін,
Жұт арытып, шөл қысып көшкен елмін.
Өшіп кетіп бір жайда жер бетінен,
Өзге орында балалап өскен елмін.

Дос та іздедім жау тисе болысатын,
Қыс қыстасып, жаз бірге қонысатын.
Еділ, Жайық, Ертісті сағаладым,
Үміт көрдім қаһарлы орыс атын.

О да қолын ұсынды тосқан таңдай.
Тар кезеңде табысқан достар қандай!
Жайып салдым алдына жанымды мен,
Аппағынан жарылған дастарқандай.

ІІІ

Жайып салдым сырымды дос алдына,
От басында, өрісте, қос алдында.
– Жан жүрегі көзінен көрінетін
Қазақ, – дедім, – отырған осы алдыңда.

Көшіп-қонып жүргенім мал қамынан,
Өмір іздеп су, шалғын алқабынан.
Одан өзге тіршілік, кәсібім жоқ,
Не тауыппын құранның әлхамынан.

Ұқсатамын оны мен қысыр малға.
Білем, бұл сөз – күпірлік мұсылманға.
Шынымды айтсам, алланың өзін де мен
Еске аламын кейде бір қысылғанда.

Шариғаттың шартынан үрке бердім,
Көргенім жоқ өмірге бір керегін,
Еркек болып сәлдені сыйламадым,
Әйел болып бетімді бүркемедім.

Жоқ, дін емес, мал – жаным, жер – кіндігім.
Жалайды итше жарамды, дертімді күн,
Күн астында гулеген желді сүйем,
Сүйем оның тежеусіз еркіндігін,

Келгенім жоқ дүниеге кемді күн мен.
Күн болмаса алар ем емді кімнен!
Хауанадай көңілшек түзден тудым,
Сүйем оның қиялдай кеңдігін мен.

Жарқын, жалпақ, жайбасар керіктігін
Табиғатым десем де еріктімін.
Сүйем оның самал таң, салқын кешін,
Сырға өзімдей түнінің беріктігін.

Келбетім бар шой қара құздарымда,
Жаралғандай ызадан ызбарлы о да.
Досыма көл, жауға шөл мінезімдей
Аптап шілде, ақ боран мұз-қары да.

Құшақтасам, сүйегім сынды деме,
Сүйе қалсам, тынысым тынды деме.
Жылай қалсам жұбатпа, мұңды деме,
Сақ-сақ күлсем секіріп, жынды деме.

Құс ішінде ұнайды қыран маған.
Күрт құлаймын құласам, бұраңдаман.
Іштей сүйем, сүйсем мен, іспен сүйем,
Көлгірсімен, көзіңше ұрандаман.

Аққу, бұлбұл әнімен сылаң қақтым,
Сұлулыққа, өнерге сұғанақпын.
Сауысқан мен қарғадан жиіркенем,
Бірі сұйқылт, біреуі сырғанақ тым.

Қызық көрем жәндікте құмырсқаны,
Тырмысқаны тынымсыз тұрмысқа әлі.
Белі үзілген бейнетқор қайтер еді
Бітсе менің күшімнің бір мысқалы!?

Қолдан түспей ақ таяқ, шалғы орағым,
Қалт-құлт етіп тірнектеп мал құрадым.
Жұлдызбен тең мен қазған құдық саны,
Сүйем судың, мөлдірін, бал бұлағын.

Сүйем гүлдің қызылын, қызғалдағын,
Қызыл алтын секілді ол қызғанда күн.
Иіскеп тұрып соны мен, бақ аңсаймын,
Болса өзгеде, жоқ және қызғанбағым.

Тамызықпын жолдасқа, білтедеймін,
Жал-құйрығын атының күлтелеймін.
Өз үйімде тимеймін жауыма да,
Жығылғанға жұдырық сілтемеймін.

Құнықпаймын дүние-шолаққа мен,
Асым барда қуанам қонаққа мен.
Жолаушыға сатпаймын көлеңкемді,
Болса болды бірер ән, қонақ кәдең.

Даяшымын, бәйекпін, ең кішімін,
Демесе кім «мен тақсыр, мен күштімін».
Шоқпар боп та шекеме тимеген жоқ
Жомарттығым, аңқылдақ сенгіштігім.

Қазақтың да жоқ емес «жау шаптары»,
Қолымыздың бірдей ме саусақтары.
Есімімнен садақа кетсе олар,
Демес едім «қабырғам қаусап қалды».


IV

Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген.
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

Қашан қазақ атандым мен азандап? –
Әлі күнге білмейсің, ей, адамзат.
Есіміме береді бала жасын
Құлпы тасты шұқыған кей азамат.

Өзі шешер тарих талас үнін,
Әйтеуір мен – адамның баласымын.
Екеу емес, адамзат біреу ғана,
Айырымы жоқ ақ өң мен қарасының.

Адамзатта айырым жоқ, адамда бар –
Адамдықта, әдетте, аранда бар.
Бөлтірігін жейтұғын бөрілер бар,
Бабасын да сатады арамға олар.

Ұл өсірдім, қыз бақтым – ұлан тудым
Жақсы ішінде кейде бір жылан тудым.
Хан-сұлтан боп, бай болып аждаһалар
Салды астына жұртымды лаң тудың,

Абылайды, Жәңгірді, хан Кенені
Қазақ өзі қашаннан аң демеді?!
Қылықтары еріксіз түссе еске,
Қан татыған аузыма дәм келеді.

Солар мені қамаған қараңғыға,
Соларды тек жебеді сараң құдай.
Мен де ұқтым көзімнің ашылмасын,
Озбырлықты отамай, қараң қылмай.

Өшпейтұғын от іздеп құр сандалған
Прометей мен болдым құрсауланған.
Жарқылдадым Исатай найзасы боп,
Махамбет боп тілінен жыр саулаған.

«Өздеріңдей хандардың,
Қарны жуан билердің
Атандай даусын ақыртып,
Лауазымын көкке шақыртып,

Басын кессем деп едім.
Еділдің бойы ен тоғай –
Ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге

Мал толтырсам деп едім.
Еңсесі биік ақ орда,
Еріксіз кірсем деп едім.
Керегесін қиратып,

Отын етсем деп едім.
Туырлығын кескілеп,
Тоқым етсем деп едім.
Тақта отырған хандардың

Төрде отырған ханымын
Қатын етсем деп едім...1»
Қамшы үйірдім атойлап хан тағына,
Хан-сұлтандай қайрымсыз аң табына.

Жалаңдаған найзама жалт қарады
Қаңтарылған зар заман аңтарыла.
Кезіккендей бір сойқан сең селіне,
Теңселгенде қанды тақ, еңсеріле,

Тұрып қалды жамбастап сүйеніп ап,
Ақ патшаның қап-қара семсеріне.
Тұрып қалды, түндігі желпілдеді,
Төне түстім, дауылым серпілмеді,

Өштескен соң өліспей бітіспеймін –
Не сен! Не мен! – болды тек сертім де енді.

V

Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген.
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда, күлкімнен түн түрілген.

Мен – қазақпын, Россия адамымын.
Ала бардым Неваға дала мұңын.
Мен де естідім шынжыры шылдырлаған
Петропавл түрмесі – қамалы үнін.

Қайран ұлы ел анадай көп балалы,
Тағдырымның бетіне дөп қарады.
– Шеттен таяқ жемессің мен тұрғанда,
Патшакеңнен болмаса... – деп қалады.

– Жоқ, жоқ, – дедім,– мен оның пендесімін
Сол береді шапағат, ел несібін.
Ағзамына айтамын арызымды,
Танылады ұлындай енді есімім...

Сәби сенім, ақ үміт желіктірді.
Әлде алдамшы бір сайтан еліктірді.
Шағым етіп, дейінші, мен байғұсың
Қол қусырып сарайға келіп тұрды.

– Қазағыңмын, Алдияр, үмметіңмін,
Еділ, Жайық, Ертістің күн бетімін.
Күн астында күн көру қиындады,
Қуғын шектім, күзендей індетілдім...

– Тоқтат! – деді патшамыз, – қазағы кім?
Қазақ деген жоқ болса, азалы кім?
– Қара қырғыз, Алдияр, онысы бір, –
Деп нөкері көбейтті мазақ үнін.

– Мен – қазақпын, қырғыз ол – туысқаным,
Бірге тартқан тарланның құйысқанын.
Анамыз да қара көз бір қыз, бәлки,
Бөліп берген егізге уыс нанын.

Ерке Талас, ер Манас – қырғыз деген.
Төскей, төсек, тілегі бір бізбенен.
Ол болуға, Алдияр, арланбаймын,
Ал қай құдай қазақты білгізбеген?..

– Болған емес, болмайды қазақ деген!–
Патша ашулы, шеккендей азап менен.
Әттең, әттең айтқызса өз алдында,
– Ей, Алдияр, ақылың аз-ақ!– дер ем

Шығысыңда сұр дала сұлап жатқан.
Қазынаң ол, мола емес құлап жатқан;
Бүлкілдеткен ұртыңды бифштекс –
Шопан ата көз жасын бұлап жатқан.

Менен, тақсыр, жерің аз жат сыр алған.
Қызметіңде қалбаңдап қат сыналғам.
Сен білмесең, біледі Наполеон –
Солдатын боп Сенадан ат суарғам.

Сонау орыс мұжығы, қара халық
Көрген емес көршіден дараланып.
Өгіз менен, соқа одан, білік одан,
Ортақ егін саламын, қара барып.

Екі тілде сөйлейді баламыз да,
Екі тілден тояды бал аңызға.
Даламызда жолығып тамыршылап,
Құда түсіп қоямыз қаламызда.

«Мариям Жагор деген орыс қызы,
Он алты – он жетіге келген кезі:
Қазаққа Дудар деген ғашық болып,
Сондағы Мариямның айтқан сөзі:

Дудар-ай дудым,
Бір сен үшін тудым...»
Шіркеулер де, мешіт те былай қалды,
Жерде патша, аспанда құдай қалды.

Бөгеттер мен жасанды шекаралар
Бөле алмады, жалп етіп құлай қалды.
Қазақ атты мал баққан шаруаны
Қастерлейді Пугачев аруағы.

Тағы ерер ек тірілсе, тағы өлер ек
Күл астында тығулы қаруы әлі...
Бір жазықта тым ұқсас тумас еді,
Бір болмаса арманы, тұлға, шебі –

Ер Пугачев – қазақтың Исатайы,
Нар Исатай – орыстың Пугачеві.
Сезем, патшам, тағы бір жақпастығым:
Зәреңді алған жұртыңмен аттастығым.

Мен – қазақпын, ол – қазақ – қазақ, орыс,
Қынапта құр қос қылыш жатпас бүгін.
Дүбірлес ем дауылмен, мен бірлес ем,
Пушкин білді қазақты, сен білмесең.

Даланы да түрмеге айналдырдың,
Арылмаған аяқтан сен бір кісен.
Пушкин мені алыстан іздеп келді,
Бұғауларды жырымен үзбек те еді.

Өз жанымен жанымды салыстырды,
Көп ұқсастық көзінде тізбектелді.
Көл-көсір ән, кең жазық көсілген ән,
Керуенін заманның көшірген ән,

Қозы менен Баянның, сырындай ән,
Күйзелткен ән, көңілді өсірген ән...
Аңсап келді ұлы ақын, ұға келді
Құдіретті ән иесін, құба белді.

Қараң етіп алдынан, күркелерден,
Көлеңкесі Пугачевтың шыға берді.
Шыға берді, дауылды шақтай әлі...
Жаңа жыр боп ақынға бақ таянды...

«Сұлу Баян, – деді ол – Татьянам,
Татьяна – қазақтың ақ Баяны».
Ақ табан боп жатсам да босып, өріп,
Ақын кетті даламның досы болып.

Соның да сен, Алдияр, жендетісің,
Тұратұғын тоятсыз тосып өлік.
Досым еді украин кобзары да,
Қанып еді Жыр – Тарас көп зарыма.

Сен итеріп оны да жібергенсің
Арыстан жал Аралдың көк жарына.
«Танған жоқсың әлі сол бағытыңнан!
Дер еді олар, бір тұрса табытынан, –

Қазақтың да білерсің кім екенін,
Соға қалса өр дауыл тағы тыңнан!..»
Ал әзірге білмесең, білме, патшам,
Болды маған мұжықпен бірге жатсам.

Болды ұқса жанымды солар менің,
Болды соның білігін тілге тартсам.
Білмейсің ғой мен түгіл соларды да,
Халық қамы ойыңа оралды ма?

Жез өкшедей жат тілде шүлдірлейсің,
Күлесің сен орыстың соры алдында.
Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.

Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда, күлкімнен түн түрілген.
Мен – бұл кезде Шоқанмын, Абайлармын,
Оң-солымды туды енді абайлар күн.

Оятқандай даламды дауыстары
«Кім жазықты?» дегенде талайлардың.
Мен өзгердім, көп жіті көз-құлағым.
Бөгде-бөгде жайларды сөз қыламын.

Қилы ертегі шертеді тамыр орыс
Қанжарының бір сипап жез қынабын.
Талай сөзі миымда шегенделді:
«Күрес», «теңдік», «декабрист» дегендері.

Жүрегінде жүн болар орыстардың,
Патшаға да оқталса, егерде елі.
Жалғыз қалсаң, жасыйсың, әл кетеді,
Жақсы жолдас сүйейді, әлді етеді.

Жырға қосып Стенька Разинді
Орыс, қазақ отырып әндетеді.
Кейде кезі болады «тастап алған»,
Бақыт тілеп, нұр тілеп досқа таңнан.

Ақ шөлмекті құйрықтан бір-ақ қойсаң,
Ақ патшаны табасың тостағаннан...
Ех, Алдияр, шерімді тарқататын
Ащы судай жоқ болды-ау марқабатың.

Саған деген жанымның, жүрегімнің
Арктика жайлады әр қабатын...
Жоқ, жоқ, сенің алдыңа кіре алмадым.
Тыңдайды деп сөзімді тірі алдандым.

Бұл – айтқаным ойымның даусы ғой тек
Өзі ғана еститін бір алланың.
Сол алла не, патша не бірақ маған?
Екі айыпты біреуін бірі ақтаған.

Мен – қазақпын, перзентпін танылмаған,
Сот алдында «әкемді» бір-ақ табам.

Сұрақтар мен тапсырмалар.


1. Ақынның алғашқы поэмасы қашан жазылған?


2. «Жыр туралы жыр» поэмасының кейіпкері кім?
3. Мұса Жәлел кім болған?
4. Ж. Молдағалиев шығармаларында табиғат суреттері бар ма?
5. Ең көлемді поэмасы қалай аталады?
6. «Кісен ашқан» поэмасы кім туралы?
7. Қай поэмасы үшін еліміздің Мемлекеттік сыйлығы берілді?
8. «Мен – қазақпын!» поэмасы өз кезінде қандай қызмет атқарды?
9. «Сел» поэмасының көркемдік сипаттары қандай?
10. «Мен – қазақпын!» поэмасынан ұнаған үзінділерді жатқа оқыңдар.
11. Поэманың эпикалық тынысын дәлелдейтін мысал келтіріңдер.
12. «Сел» поэмасынан үздік үзінділер оқыңдар.

«Қадыр Мырзалиевтей қадау талантқа ғана айтылар бағаның салмағын ешбір сөзбен жеткізе алмайсың... Қадырды әлі әріп танымаған бүлдіршін бөбектен бастап, әріпті көзілдіріксіз көре алмайтын қарияға дейінгінің бәрі біледі. Өзін білмесе де сөзін біледі. Мұндай даусыз данқ, татаусыз танымалдылықтың сыры – Қадыр талантының қарапайымдылығында».




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   ...   67




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет