«Телеграмма.
Москва, Бүкілодақтық халық шаруашылығы советінің бастығы Куйбышев жолдасқа.
Жағдаймен таныстым, іске кірістім. Болжаудың бәрі расқа айналып барады. Жаңадан үш шахтаны бастадық. Көмірінің сапасын зерттеуге Донбасқа, Оралға жібердік. Үш жерден су қорын таптық. Жергілікті мүмкіндікті барынша пайдаланып жатырмыз. Бірақ, жетпей жатыр. Көмекті, алдымен темір жолды тез жеткізгенде ғана жұмыс қызады. Малшы қазақтар келе бастады. Оларды өндіріске үйретуге маман жұмысшылар керек. Көпшілік ұйымдарын құру керек. Төтенше шаралар қолдануды сұраймын.
Щербаков».
Телеграмманы жазып, треске келіп жөнелтті де, бөгелмей қайта шықты. Ендігі беті дала. Омырау түймелерін ағытып, кеудесін ашып тастады. Кең ойпатта кектем самалын сіміре жұтып келеді. Алдындағы беткейде жұмысшылар шахта қазып жүр, соларға келеді...
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Ғабиден Мұстафинді «Өмірден оқыған жазушы» деп мінездеу неліктен туған?
2. «Дауылдан кейін» романында Қазақстанда кеңес өкіметі орнаған алғашқы жылдар ішіндегі қандай маңызды мәселелер көтерілген?
3. Жазушы романдарының («Миллионер», «Шығанақ», «Қарағанды», т.б.) кезінде әдеби сында жоғары бағалануының себебі неде?
4. Жазушы шығармаларының қазіргі қауым үшін қандай қасиеті қадірлі?
5. Суреткердің кейбір шығармаларында («Миллионер») өмір шындығын көрсетуде жасандылыққа баруы неліктен екенін айтып беріңдер.
6. Ғ. Мұстафиннің тіл байлығы, суреткер шеберлігі жөніндегі толғам ойларының желісін мазмұндап айтып беріңдер.
Қасым ақын жанының бар толғауын, кек күшін, сезім тереңін түгел бере алған. Жалынды сөзін жауға аттандырар, жан сезімімен жас тамшылатар ақын сөзі өзегін, жүрегін тербей шыққан. Қасым поэмасы майданнан шыққан жаңа леп сияқты.
Ғабит Мүсірепов
Қасым Аманжолов
Қасым Аманжолов
( 1911 - 1955 )
Өмір белестерi. Қазақ поэзиясына өзіндік өршіл үнімен, сыршыл жырларымен келiп қосылған айтулы ақын Қасым Рахымжанұлы Аманжолов. Ол 1911 жылы Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Қызыл ауылында туған. Бес жасында әкесiнен айырылады. Әкесі дүние салған соң, тiршiлiктiң көп тауқыметін көрген болашақ ақын ауылда қозы, қой бағады, отын-су, шөп тасиды, жылқы қайырып, мал күзетеді. Қурай орып, тезек те тереді. Молдадан тиiп-қашып оқып, сауат ашады.
Көкiрегiнiң сезiмi, оты бар баланы ағасы Ахметжан 1923 жылы Семейге әкеліп, сондағы бастауыш мектепке оқуға береді. Алғыр да зерек, зейінді Қасым алғашқы жылы-ақ екi класты бiрден тамамдаған. Әу бастан ән-жырға құмар, көкірегі ояу Қасым осы жылдарда өлең жазуға талаптанып, өз толғаныстарын дәптерге түсiре берген.
1924-1926 жылдары балалар үйінде тәрбиеленген ол Семейдiң мал дәрiгерлiгi техникумында (1927-1930) оқиды. Алайда мұны қанағат етпей, бiлiмге кұлшынып, 30 жылдардың басында Алматыға келеді. Бірақ өзi қалаған оқуға түсудің реті келмей, республикалық "Лениншіл жас" газетiне орналасып, қалам ұштайды.
1931 жылы Ленинград қаласындағы (қазіргі Санкт-Петербург) орман шаруашылығы институтына түседi. Бiрақ денсаулығына байланысты бiр жылдан соң, институтты тастауға мәжбүр болады. Сөйтіп, Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласындағы "Екпiндi құрылыс" газетіне жұмысқа орналасады. Ақын осы қалада өткен жастық жылдарын кейiн елжірей еске алып, тамаша жырлар арнаған. 1933 жылы әскерге алынып, әскери міндетін сол қалада өтейді.
Ән-күйге, өнерге деген құштарлық Қасымды 1935-1936 жылдары Оралда жаңадан ашылған қазақ театрында қызмет істеуге құлшындырған. Осы жылдар ақын өмiрiндегi ұмтылыс, қызықты да аяулы шақтар болып жадында жатталып қалады. Әр алуан музыкалық аспаптарда еркiн ойнап, домбыра, мандолина, т.б. ішекті аспаптардан әуен әуелеткен ақын қызулы думан, жаңа орта, аяулы жандар арасында рухани есейеді. Бойында буырқанған ақындық дарыны белгі беріп, өлеңдерi жұртшылық назарына ілігеді. Сонымен бірге әншілік, артистік қабiлетi де осы кезде танылған. Театр труппасын ұйымдастырып қана қоймай, оның көркемдік жетекшісі болған Қасым өзінің өмірлік тәжірибесiн де, ақын, өнерпаз ретінде көркемдік тәжірибесін де молайтқан.
Алғашқы iзденістер. Қасым жастайынан халықтың ән жырынан, бай фольклоры мен ауыз әдебиеті шығармаларынан сусындап өседi. Хат танығаннан кейiн поэзия алыптарының шығармаларын мұқият зер салып оқығаны, нәр алғаны анық. Бұл ретте Абай, Ілияс Жансүгіров поэзиясының ықпалы айқын байқалады. Мәселен, "Сұлудың сымбаты" өлеңінен Абайдың "Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы" өлеңінің ізі көрінеді. Сондай-ақ "Сегіз аяққа" елiктеп, "Шықтым өмiр шыңына" өлеңін жазған.
Отызыншы жылдардағы қазақ поэзиясында Ілияс Жансүгіров шығармашылығы айрықша ерекшеленгенi тарихтан мәлім. Қ.Аманжоловтың осы жылдарда жазған жырларында І.Жансүгіров өлендерiнiң екпіні, сөз саптасы, ырғағы "мен мұндалап" тұрады. Мәселен "Толғаудағы" мына жолдарга назар аударайық:
Бүгiн, бүгін, дәл бүгiн!
Ақтармаған жыр қалмас!
Бұдан жиырма жыл бұрын.
Жүрген бала жалаңаш...
Ал ақтарыл, асыл жыр.
Ой арнасын ашамын.
Сайра-сайра, домбыра,
Ағыл-тегіл жосыл жыр...
Құлақтың құрышын қандыра.
Әлемді таң қалдыра.
Жаудың жанын жандыра...
- деп, төкпелеп келетiн жыр жолдары жас ақынның қазақ поэзиясының тұлпары - Ілияс поэзиясынан уйренгенін, iштей буырқанып, жарысқа түскендей құлшына iзденгенiн дәлелдейді. І.Жансүгіров поэзиясының қызуы "Айбынды қызыл әскер" (Орал, 1934), Тұрмыс толғауы" (Алматы, 1936), "Ұлы Октябрь" (1936), "Лондон" (1939) сияқты өлеңдерінен де аңғарылады. Бұл туындылар Ілиястың "Дала" поэмасы мен "Гималай" атты әйгiлi шығармаларын еске салады. Ал "Көктем" атты өлеңіндегі:
Алақанын тұр жайып.
Жас ағашта жапырақ.
Балғын өмiр ғажайып,
Жас дауыспен жамырап.
- тәрiздi жыр жолдары Абайдың:
Жас жүрек жайып саусағын,
Талпынған шығар айға алыс,
- секiлдi толғаныстарымен үндесiп жатыр. Ақын халқымыздың бай фольклорымен бірге поэзияның қазақ және орыс тiлдерiнде жарияланған үздік үлгілерімен жете танысып, тебіренген, оқу, тұшыну, толғану барысында үнемі өсу үстінде есейген. Лермонтов, Байрон, Некрасов, Маяковский туындыларының ықпалы айтарлықтай. Демек, Қасым Аманжолов үйренген ақындық мектеп әр алуан. Асқар биiкке ұмтылған қай ақын да осылайша өзіне дейінгі және өз кезіндегі әдебиеттің кәусарларынан сусындайтыны, содан кейiн ғана жаңа биiктерге, жаңа әлемге самғап ұша алатыны белгілі.
Осы отызыншы жылдары Қ. Аманжоловтың ақындық күш-қайратын, дарын ерекшелігін байқататын өлеңдері дүниеге келе бастады. 1936 жылы Алматыда жазылған "Хантәңірі" өлеңiнде мынадай шумақтар бар:
Хантәңiрi -
бұлт жамылып, мұз киген.
Хантәңiрi -
көктi құшып, бұлт сүйген.
Хантәңірі -
жерге басын имеген.
...Хантәңірі -
бағынбаска серт қылған.
Хантәңiрi -
қарсылассаң мерт қылган.
Хантәңiрi -
күнге ғана табынған,
Хантәңiрi -
хабар алған сағымнан...
Табиғаттың осынау оқшау жаратылған ғажайып туындысындай Қазақстандағы ең биiк шыңның өр тұлғасын, тәкаппар келбетін суреттейді. Мұнда ақын өз көңiлiндегi сенім мен сезімге сәйкесетiн, эстетикалық мұратына үндесіп, үйлесетін бояуларды iздейді. Белгiлi бiр өлшемдерге жетіп, бағасын асыру үшін жанталасатын жасанды менмендік емес, таза, текті өрлік, табиғи, тұнық асқақтық Хантәңірінің аспанның төсін арда емген өр тұлғасынан да, сондай iрiлiк пен мәрттікті, мөлдірлікті іздеген ақынның сөз саптасынан да аңғарылады. Мұнда тау шыңының келбетін сырттай ажарлап, көзге түсер көрнекті, көркем белгiлерiн суреттеуден гөрі, таудың iрiлiгi мен ұлылығын сипаттайтын поэтикалық-философиялық сараптау-сипаттаулар басым. Кейіптеу арқылы Хантәңірінің қасиетiн ұлықтап, өз аңсарындағы, өз идеалындағы ардақ тұтатын қасиеттерге үндес белгi-қасиеттерді саралап, даралап бейнелейді. Жерге басын имеген, көк әлемiн билеген, бағынбаска серт қылган, күнге ғана табынған асау, арда шыңда ақын ардақтайтын қасиеттер мол. Сол қасиеттерiмен авторға да, оқырманға да ерекше ыстық. Олай болса, оның әлгіндей қасиеттері болмыс құбылыстарын iштей салыстырып екшеген, таңдағанын тауып, шыңның шырайымен сабақтастырған ақынның философиялық пайымдау мен эстетикалық мұратының ерекшелiгiн де аңғартады. Демек, отызыншы жылдарда Қасым Аманжоловтың дүниетанымы белгілі бір дәрежеде қалыптасқан, көркемдікті түйсiнуi мен талғауы өз биігіне көтерілген.
Егер өлеңнiң алғашқы бөлiгi өзiндiк эстетикалық әлем ретінде көрінсе, екiншiсi сол тұста тiршiлiктiң барлық саласында үстемдік құрған идеология талаптарына бейiмделген. Ақындарымызды ғана емес, жалпы, өнер иелерiн де идеологияның талаптарына бейімделіп жазуға мәжбүр еткен заманда Қ.Аманжоловтың да осылайша икемделуге мәжбүр болғаны мәлім.
Бұған қоса тағы бір ескеретiн жай: біраз ақындар еріксіз ыңғайға жығылуға мәжбүр болса, жалпы ел, көптеген өнер өкілдері сол "идеология мәңгілік, өйткені ол тарихи қажеттiлiктен туған" деп ұғынған. Соның салдарынан дүниеге келген туындыларда ұраншылдық, үгітшілдік, жалаң идеяларды жалаулату сияқты кемшіліктер ұшырасты. Бiздiң әдебиетімізде бұдан бойын аулақ салып, мүлдем үн қоспаған қаламгер жоқтың қасы. Әйтпесе олардың шығармалары жарық көруі былай тұрсын, жер басып жүруiнiң өзi екі талай болғаны тарихтан белгілі.
Қалай дегенмен де, заманның қыспағына қарамастан, зерделi, зерек ақынның ойлы, шабытты iзденiстерi келешек көкжиегiне зор әсер етті.
Ақын және заман. Қ.Аманжоловтың біраз өлеңдері сол кездiң талабы мен талғамына лайықталып жазылған. Мұндай шығармаларында ұраншыл сарындар бар. Алайда оның жан тереңiнен шымырлап шыққан жырлары ақын шығармашылығының да, жалпы қазақ поэзиясының да өзіндік құбылысына, соны көркемдік сипаттарына айналды.
Бұл орайда, "Күлемiн де жылаймын" (1940), "Сәбитке" (1942), "Ғабдолға" (1942), "Ғалиға жауап"(1944) сияқты өлеңдерін айтуға болады. Аталған алғашқы өлеңде ақын салған жерден:
Күлемiн де жылаймын,
Жылаймын да күлемiн.
Неге ғана бұлаймын -
Өзім ғана бiлемiн,
- деп, жан дүниесiн буырқана азаптаған, бiрақ ашып айтқысы келмеген аласапыранды білдіреді. Көңілі ұйқы-тұйқы, тазалыққа, мөлдiрлiкке iңкәр ақынды қинайтын:
Дәл осыны түсінбес
Адамдар бар, не шара?!
Ішi қуыс, сырты мес,
Тас бауырлы бейшара!
Осылайша әрі күрсінген, әрi қуыс кеуде кер көкіректерге өз байламын айтқан ақынның жан дүниесін шымырлатқан шерге толы сәттерді әркім-ақ өмірінде бастан өткеруі әбден мүмкін.
Буырқанған бұла күшке, екпінді еркелікке толы, шиыршык атып, бұлқына ойнап тұрған айбынды, қайраты, тепсiнiп темiр үзердей iшкi қуаты сапырылыса, шайқала шапшыған сезім драматизмі Қ.Аманжоловтың көптеген өлеңдеріне тән. "Сәбитке" деген өлеңiнен автордың ақындық кредосы да, өз мiнезi, табиғаты да аңғарылады.
Ақын сырым-шыным ашылып қалады-ау деп қобалжымайды, керiсiнше, өршелене кеудесін ашып тастап, өзінің кім екенін танытады:
Iшiмде жанартаудай жатыр жырым,
Ұшқындап, іште қайнап сұрапылым.
Көрерсіз соның бұрқап атылғанын,
Жаңғыртып жан түкпірін, ойдың шыңын.
Өлеңнiң қаптатармын отты селiн,
Толассыз топанындай ертегінің.
Бiлерсiз кiм екенін сонда, Сәке,
Бұл күнде от шайнаған тентек iнiң.
Сәбит Мұқановқа арналған осы өлеңнен ақынның асау өрлігін, алғыр зейінін, қырағы да сергек қиялын, отты екпінін, ырыққа көнбес ырғағын шамалаймыз. Мұндай өлеңдер - отызыншы жылдарда буыны бекіп, бұғанасы қата бастаған Қасымның қырқыншы жылдарда iштей бiр ғажап ширығыс, тебіреніс үстiнде қатты есіп, шабыттана түлеп келе жатқанының жарқын айғағы.
Өзiнiң отты, өршiл стилін қалыптастырып үлгерген ақынның аталған өлеңі Қ.Аманжолов шығармашылығының шыңы, қазақ поэзиясының классикасы деп мақтанышпен айтуға лайықты “Ақын өлімі туралы аңыз" поэмасына алып келдi. Аранынан ажал оғын атқан қан майданда өмір мен өлім бетпе-бет келiп, миллиондаған адамның тағдыр-талайы қыл көпірде тұрған шақта, ақынның шамырқанысы, телегейдей тебіренiсi поэмада жалындап, жарқырап шалқиды, ақынның қиял ауқымы кең, тарих, қоғам шындығын, философиялық категорияларды тереңнен қамтиды:
Майдан етiп дүние төрiн,
Темiр гүрзi қақтап отқа,
Жекпе-жек кеп өмiр, өлім,
Сокқыласып жатқан жоқ па?
- деп, бiрден ер дауыспен, асқақ пафоспен басталған поэма аяқталғанша, осы қарқын бiр бәсеңсiмей, селдетедi де отырады. Романтикалық серпiн, реалистік қуат арқылы майдан даласындағы тарихи-әлеуметтік шындық, саяси тарихи арпалыс көз алдымызға келеді. Жан досы Абдолланың майданда мерт болуы Қасымды ерен күшпен тебіренткен. Өмір мен өлім - адамның, ерте ме, кеш пе, әйтеуір, бір бастан өткерер физиологиялық күйі, кезектi, бiрақ амалсыз адымы емес, ең алдымен, философиялық-поэтикалық категориялар екенiн ақын аяулы досы қаза болғанда, айқын сезінген. Өмір дегеніңіз кәдуілгі қарабайыр тіршілік емес, қайталанбас тарихи ғажайып мәнге ие, әр өмірдің, әсіресе ерлік өмірдің ғажайып жасампаз қуат-күші бар өзіндік әлем екенін ерекше сезінесіз. Өйткені:
Өмір гүлін жаншып, таптап,
Шаштан сүйреп махаббатты,
Жерiмiзде жындай қаптап,
Найзаға iлiп ар-ұятты.
Келе жатты сұм жендеттер,
Жиіркеніп,
Жиырылды жер..
Осындай тарихи аласапыранда ерлiктiң қадiрi ересен, ерлік әрекет әрi табиғи ұмтылыс, әрi асқақ шамырқаныс. Отанға қара бұлттай қатер төніп, жан-тәнiңдi жаншып, қор етіп таптап өтпекке жанталасқанда, екі таңдау бар. Бiрi - қону, жеңілу, бабаң да, балаң да, өзiң де өмір бойы қор болу. Екіншісі - баба қазақтың байырғы аты шулы ұраны - "Қанға - қан, жанға - жан!" Ата жаумен арпалысқан ұланды ұлы ететін, жаужүрек батыр ететін - оның Отанына деген махаббаты! Елін, жерін тебірене сүйген адам ғана батырға айналады! Оған мына толғаныс куә:
Қасиет-күшi ұлы Отанның,
Қанатын бер қыран құстың!
Ашуын бер арыстанның.
Жүрегiн бер жолбарыстың!
Махаббат пен ашынудан серпіліп туған сұрапыл жiгер қайратты ер кеудесіне сыйғызған жастың толғанысы ершіл пафоспен асқақ жырланады.
Шұғыла шашқан кешкi бұлттай,
Толқын шашта оттар ойнап.
Өрт топанын кешiп, таптай,
Жалғыз өзі тұрды бойлап.
Тұрды ұқсап, тұрды кейде,
От ұстаған Прометейге.
Мерт болған мәрт батырдың өлiмi де осылайша айрықша шабытпен, асқақ романтикалы пафоспен бейнеленген. Қиыр Шығыста әскери мiндетiн өтеп жүрген Қасымға майдандағы дос ажалы жойқын әсер еткендiгiне поэманың бастан-аяқ серіппелі серпiнге, шамырқанған шабытқа толы шумақтары дәлел. Аяулы досқа деген кiршiксiз махаббат, орны толмас өкініш сезімі ақынның жан азасы мен тебіренiсiне ұласып, жиырмасыншы ғасырдың жойқын алапатына әрi поэзия, әрi философия тұрғысынан қарауға серпін берген.
Майданда идеологиялық талаптарға икемделіп, соның ырқына ыңғайланып жатуға мүмкіндік те, мұрша да жоқ. Жан достың азасы ашындырған, ашу мен ар-намыстың өршеленген отына өртеніп буырқанған шақта, ақынның жан сөзін жасыра алмай ағыл-тегіл ақтаруы табиғи. Сол тұста жарық көрген сан мың шығарманың барлығы да ерлікті, отаншылдықты Сталин есiмiне, коммунистік партияға байланыстырып, соған арнап жатса, арқалы ақын Қасым Аманжолов майданда қапылыста мерт болған жан досы Абдолла Жұмағалиевқа арнады. "Ақын өлiмi туралы аңыз" поэмасы ақынның қасқырдай анталаған жауға қарсы ашынуы, айбары, дос туралы жан азасы еді...
Жер бетін тып-типыл етуге ұмтылған, аранынан алып әлемге алақұйын жалын шашып, жан біткендi жалмауға жанталасқан заһарлы зұлмат - екiншi дүниежүзілік соғыстың сипаты мен сиқын, адам қасiретi мен қасиетiн сұрапыл серпінмен терең де жарқылдаған жай отындай жедел толғаған "Ақын өлiмi туралы аңыз" поэмасы-қазақ жырындағы ғана емес, жаһан поэзиясында сирек ұшырасатын жауһар туындылардың бiрi.
Күллі әлемнiң ашу-кегі,
Орна менiң кеудеме кеп.
Жау жолына атам сенi,
Бомба бол да, жарыл, жүрек!
- деп, дүниенің төрiнен саңқылдаған асқақ дауыс аспанға шапшыған өрт қанатында қалықтап, қызыл жайқын бұлттарға араласып, шартарапқа шеру тартады. Өмірін Отанындай, Отанын өмiрiндей сүйген арлы да ақылман азаматтың алапат ашу-кегiнен ғана ақтарылар мұндай теңдессіз тегеурінді тебіреністерде поэтикалық қуат жойқын, философиялық мазмұн тұңғиық. Поэтикалық қуаты шиыршық атқан тебіреністен, шарықтаған пафостан қайталанбас образдар мен образдылықтан көрінеді. Философиялық мазмұны ер өлімін тіршіліктің таусылуы үлгісінде емес, өмір мен өлім категорияларының бітіспес қақтығысы, ерлік, отаншылдық, адамгершілік пен зұлымдық, т.б. көркемдік айыптау арқылы айшықталған.
Қ. Аманжоловтың 32 жасында жазған бұл шығармасы - оның шығармашылығының асқаралы шыңы, қазақ поэзиясының алтын қорына қосылған қастерлi мұра болып, тарихта мәңгi қалды...
Толысқан шақ. Қ. Аманжоловтың осы поэмадан бастап, күрт өсіп, өз шығармашылығына биiк талап қойғанына "Елге хат" (1944), "Сен фашиссің, мен қазақпын" (1944), "Күз" (1945), "Жамбылға" (1946), "Дариға, сол қыз" (1946), "Бұйра жонын күнге төсеп жылынып" (1945), "Бауыржанға" (1948), "Нұрлы дүние" (1950), “Өзім туралы" (1948-1954) секiлдi жырлары куә.
"Дариға, сол қыз" өлеңi ырғағымен, заман шындығын, лирикалық кейіпкердің тебіренісін бейнелеу ерекшелігімен сол кезеңде айрықша жаңалық ретінде сүйсiндiрдi. Әр тармағы он буыннан тұратын өлең ол тұста өте сирек ұшырасатын. Бұл ырғақтың тамыры сонау ерте дәуірдегі эпоста, жыраулар поэзиясында жатқанымен, 20-жылдардағы өлеңдерде iшiнара ұшырасқанымен, Қасымға дейінгі және бертінгі қазақ поэзиясында бәлендей кеңiнен қолданыла қойылған жоқ. "Дариға, сол қыз" өлеңінде майдан арпалысы, қасiретi, тарихи шындық, әлеуметтік трагедия мен жеке адамның басындағы трагедия - соның бәрінен аман алып шыққан өмірге деген құштарлық толқыны оптимистік рухпен өрнектелген. Кейіпкердiң жан дүниесіндегi толқындардың шайқала келiп, жеке адам мен қоғам өміріндегі, әрі тарихи кезеңдегі әлеуметтік драматизмді бейнелейтін образдылыққа айналған. Көркемдік-философиялық жинақтаушылық мәңге толы жыр жолдары ақынның тағы бір асқар биiкке самғап шыққанын танытты. "Көрсетпей жүзін, естіртпей сөзiн, каһарын төгіп тұр долы соғыс", "сапырды дауыл, тебіренді теңiз, тулады толқын, шайқалды шың-құз" деген жолдарда замана аласапыраны жол кессе, "Арманым бар ма, өлсем бiр көрiп, қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?" деген сәттерде кейіпкердiң жарық дүниеге талпынған, таусылмас кұштарлығын, "қолымда найза, шағылып айға" дегенде қайратын, жігерлі табиғатын, батыр бабалардың ешкiмге бас имес әр, аcay рухын, жауынгерлік ерлік рухын аңғарамыз.
Осы өлеңге, оған қоса "Жас дәурен", "Өзім туралы" өлеңдеріне жазылған әндер Қ. Аманжоловтың сан қырлы дарын екендiгiн танытты.
Ақынның бұлайша өзіндік түр iздеуi отызыншы жылдары-ақ белгі берген. Мәселен, Пушкиннiң қайтыс болуына жүз жыл толуына арналған "Ақынның ескерткішіне" (1937), "Отан үшін жан пида!" (1941) өлеңдерi 15 буынмен жазылса, "Руставели Шотаға" (1937) өлеңі 16 буынмен жазылған. Мұндай көп буынды өлеңдер ол кезеңде некен-саяқ ұшырасатын. Мұндай мысалдар да Қасым Аманжоловтың өмір бойы iздену, үйрену, өсу жолында өрлегендігінің дәлелі.
Оның шығармашылығын шолғанда, ақынның стиль ерекшелігін, талғамы мен табиғатын аңғартатын сипаттар молшылық. Соның бірі - ақынның толқуы мен толғамын, тебіренісін бейнелеуге қолайлы, қажетті сөздерді іріктеп, өлең сәукелесіне гауһардай жарқырата қалап құлпыртуы. Бұл ретте жиi ұшырасатын сөздер: ай, алтын, ән, бұлбұл, дариға, дүние, дауыл, ел, ер, жаз, жаһан, жер, жүрек, жыр, күй, көз, күн, қызыл, қыз, қыран, мəңгi, намыс, нұр, ой, ом, өлең, өрт, сұлу, сұрапыл, таң, таy, тас, т.б.
Бұл сөздерге автор айрықша поэтикалық-философиялық мән берiп, әр қолданған сайын жаңаша түрлендіре, әрлендiре түседі. Баршаға белгiлi, әркім-ақ қолданатын сөздер ақын қолданысында тыңнан жасап шығарған жаңа сөз секiлдi, жаңа мағыналық салмақ, соны поэтикалық нақыш-нәрмен бөлекше сезіледі. Әрине, мұның бәрi сөз дарыған ақынның табиғи сезiмталдығына, дарындылығына, шеберлігіне байланысты.
Ал "Өзiм туралы" өлеңі - ақынның өз өмiр жолын ой елегінен өткізуі, өз табиғатын тануға және танытуға деген мөлдiр талпынысы, заманы мен келешекті шолуы һәм таразылауы, алдағы болашақ күнге деген үміті, арман-сенімі. Осының бәрiн өн бойына сыйғызған бұл өлең - Қ. Аманжолов шығармашылығы биiктерiнiң бiрi. Кім-кімнің де көкейiнде тұнған терең сырды бейнелейдi әрi болмысты көркемдік-философиялық тұрғыдан байыптайды.
Бүгінде ақын мұрасын қайталап қарап, зерттей оқығанда, көпке белгілі осы шындықты мойындаумен бірге, тұлпардай алысқа сілтейтін саңлақтың аяғына тұсау салған қыспақтар аңғарылады. Әрi өлең өлкесiне алғаш аяқ басқан ақынның жас жүрегi алып-ұшып, қай қиядан қиқу шалынса да, ағызып, ата жөнелетiн тай секiлдi заматта зулап ұшуға әзiр елгезек, өрт мiнезi, сонымен бiрге заман тынысын абайлай білген ұшқыр зейiнi, парасат-зердесi байқалады.
Өлеңнің өршіл, ер даусындай саңқылдаған ақынның тәкаппар жүрегі, асқақ жаны туған елiнiң перзенттеріне бөлекше кішіпейіл, өзгеше ілтипатты. Олай болмаса, "Бауыржан" атты өлеңінде:
Бiр дауыл сапырды кеп өрт теңізін,
Теңселтiп темір топан дүние жүзін.
Бетіне туған жердiң өшпестей ғып,
Ер жазды өз қанымен жүрген iзiн.
Нақ сол кез естiлiм мен ер дүбірін,
Атағы атын алып келдi бұрын.
Үстiнде туған елдiң тұрды толқып,
"Бауыржан Момышұлы" деген бiр үн.
Ақынның ақ сұңқардай жүрегi бар.
Алқындым, бір керуге болып құмар.
Көктемде күркіреген күн дауысын,
Жер естіп, желкілдеген гүл ынтызар.
деп ағынан жарыла ақтарыла жырлауы неғайбіл. Қасым Аманжолов небір уытты, сұрапыл серпiндi, болатты болатқа соққандай жiгерлi де отты сарындарға көбірек көңiл қояды. Осынау рухани қасиет оның шығармашылығындағы бiрегей стильдік ерекшелiктi бедерлеген.
Егер Ілияс поэзиясы арқаны қоздырып, делебеңізді дауылдатса, Қасым өлеңдері жарық дүниенi жалт-жұлт еткiзiп, алдыңыздан өткізеді. Ілияс шығармашылығы алды артыңыздан бiрдей жосылып шыққан шалқар телегейдей алақанына салып, қақпақылдап әкетсе, Қасым ақынның жырлары жай отындай жарқ-жұрқ етiп, алмас қылыштай, алдаспандай жарқылдайды.
Қасым Аманжолов аса бiлiмдi, эстетикалық талғамы мейлінше нәзік, зерек те зерделi өнер иесi ретiнде өз қадiрiн ақындық табиғатын тап басып, терең танығаны өлеңдерінен де айқын көрінеді.
Мәселен, "Сырбайға" (екінші арнау) өлеңінде:
Мен едiм от жүректі Қасым аған,
Дүние қасiретiне жасымаған.
Дауыл ғой, дауылдан бiр тұрған бойым,
Мен қайтiп iштегi өрттi жасыра алам,
- деп, 1949 жылғы қарашаның он бiрiнде арнаған жырынан, Сәбит Мұқановқа майданнан жазған хатынан осы нышан аңғарылады.
Қасым Аманжоловтың таңдаулы толғаныстарын жыр кұмар қауымның жатқа бiлуi, мiне, жарты ғасырға жуық уақыт бойы әрбiр жаңа ұрпақпен бiрге жаңғыра қайталануы - ақынның қайталанбас дарындылығының, ой тереңдігі мен сезiм берендігінің дәлелі. Баршаға белгілі "Дариға, сол қыз" өлеңiн еске алайық:
Оқ тидi келiп, қайратым кеміп,
Барамын сенiп, келмейді өлгiм!
Тұрғандай сол қыз жаныма келiп,
Талпына бердi қайран жас көңiлiм!
...Арманым бар ма, өлсем бір көрiп,
Қайда екен қайда, дариға, сол қыз?! "...
Келмейді өлгім, келмейді өлгiм.
Қайратым қайда, келшi осындайда!"
Дедiм де тұрдым, жүгіре бердім,
Қолымда найза шағылып айта...
... Келемiн қайтып, еленiмдi айтып,
Қайда екен қайда, дариға, сол қыз?!
Осынау жолдар арғы-бергi қай заманда да қарекет етiп, қайрат қылған саналының жан сырындай, жүрек сөзіндей сезiлмей ме? Қайраты мен айбаты, қайғысы мен қамығуы, үміті мен күдігі, мұны мен тiлегi қат-қабат. Адам баласының тағдырындағы талпыныстарын жаза баспай, шексiз сезiм талдықпен терең таныған ақын тарих сахарасына шыққан адамның рухани қажеттілігін, табиғатын, кешегiсi мен бүгінін, келешегін байыптап барлай білгендіктен, осылайша орасан қуатпен, асқақ дауыспен тебірене, төгiле жырлайды.
Лирикалық кейіпкердің тағдыры секiлдi сезiлетiн толғауда қай заманда да қарақан бастын қамынан биiк болуға дем беріп, рухтандыратын үміт пен сезiм тағдыры, заман сұрапылы серіппедей серпінді ырғақтан үсті-үстіне қуат ала атойлағанда, ақын қиялының қанаттылығымен бiрге зерек зердесi мен алғыр зейiнi ұштаған нәзiк талғамы сүйсіндіреді. Осылайша қазақ поэзиясына замана арпалыстарын зерек танып, уақыт аспанында салмақтап әйгiлеген өршіл рух, өрнегі өзгеше асқақ пафос, қоғам мен адам бойындағы құбылыстарды, дірілдерді дәл таразылаған парасатты серпін мен сезімтал сергектік әкелді.
Ақын үнемі тіршілік дүниесiндегi қыруар кұбылыстарды күрделі байланыстарымен қоса сезiнiп, заман шындығы мен адам табиғатын тануға, таразылауга құлшынады. Тарих, дәуiр, адам бойындағы алуан сипаттарды өзгеше келбетімен тебірене толғаған Қ. Аманжолов шығармашылығы - қазақ поэзиясының парасаты мен теңдессіз әлеуетін айқын көрсеткен айтулы кұбылыс.
Достарыңызбен бөлісу: |