Мұқағали Мақатаев
Ө мір өткелдері. Қазақ поэзиясында өзіндік жарқын із қалдырған дарынды ақындардың бірі Мұқағали Мақатаев 1931 жылы ақпанның тоғызы күні Алматы облысының Райымбек ауданына қарасты Қарасаз деген жерде дүниеге келген. Анасы Нағима Батанқызның айтуынша: «Мұқағалидың әкесі Сүлеймен шаруа адамы еді. ...Тиын деген енем бар еді...
Мұқағали Мақатаев
(1931-1976)
Мұқағали бастауыш кластарды Қарасаз өңіріндегі шағын ауылдарда оқып, орта мектепті аудан орталығы – Нарынқолдағы интернатта бітіріп шықты. Ауқаттылардың балалары Алматы асып, үлкен оқу іздеп жатқанда, ол ауылдық кеңесте хатшы болып қызметке тұрды. Он төрт-он бес жасынан жаза бастаған өлеңінен қол үзген жоқ. Төбесі аласа үйге қалың-қалың кітаптарды үйіп тастап, бірінен кейін бірін оқитын да жататын.
Ауылдың атқамінерлері сол кезде-ақ таңданатын: «нағиман шеше, сіздің тентегіңіз осынша орысшаны қайдан үйреніп жүр», - дейтін... Сөйтсем, өзін-өзі оқытыпты ғой, шырағым».
М. Мақатаевтың ақындық қабілеті бала кезінде-ақ белгі берген. Соғысқа кеткен әкесін сағынып:
Ол жерде Сырымбеттей тау бар ма екен?
Жайдақтың шөбі шүйгін қаулар ма екен?
Мінеки, көп ай болды хабары жоқ.
Әкем кеп, көңілімізді аулар ма екен?
- деп жазды.
Осы тұңғыш өлеңінен бастап, әкесін сағынған қаршадай баланың көкірегін өртеген мұң-нала, үміт-арман оқушы дәптеріне түсе берді. «Мұқағали мектептен келісімен, қолына қарындашын ала салып, жылап отырып, дәптеріне бір нәрселерді сүйкектетіп жататын. «Қарағым-ау, не жазып жатсың?», - деген әжесіне: «Әшейін... еш нәрсе емес», - деп қойып, одан әрі жазуын жалғастыра берер еді. Бір күндері: «Әже, әкем жайлы мен көп өлең жаздым. Оқып берейін бе?» - деді де, біраздан бері қолынан тастамай жүрген дәптерін ашып қойып, заулатып өлең оқи жөнелсін. Әкем-ау, қарағадай баламның өлеңдерінің өткірлігі сонша, көкірегіңді қарс айырардай. Ағыл-тегіл көздің жасына ерік бердік-ай дерсің... Сөйтіп жүргенде, ауылға сырттан келген біреу бір күні баламның қолына 15 сом ұстатыпты да, әлгі дәптерін алдап алып кетіпті. Әжесі екеуміз санымызды сабалап қала бердік. «Апыр-ау, мұнің не?» - дейміз ғой баяғы. Сөйтсек, біздің жүдеу тірлігімізге қабырғасы қайысып, өзінше қол ұшын бергісі келген екен ғой қарағымның. Ондай адамға кезігерін білсем, тығып қоймас па едім дәптерін!» - деп өкінеді ақынның анасы.
Бала кезінен көптің назарына іліккен Мұқағали ауыл арасындағы қағыс-айтыстарға да түсіп, әріптестеріне алдырмайды екен. «Бұның өзінің киесі бар» деген ауыл адамдарының сөзі де сол тұста шыққан.
Міне, осылайша бала кезінен әдебиетке, білімге құмар Мұқағали кең өріс іздеп, қарапайым қалың қазақтың ішінде жүріп, өздігінен білімін жетілдіруге, орыс тіліне аударылған бай әдебиетті оқуға көп көңіл бөлген. 17 жасында орта мектепті бітірген соң, ауылдағы комсомол, кеңес қызметтерінде істеген. Одан аудандық газетке ауысады, өлеңдері жиі жариялана бастайды. 1962 жылы Алматыға көшеді. Қазақ радиосында диктор, «Қазақ әдебиеті» газетінде «Жұлдыз» журналында поэзия бөлімінің меңгерушісі болады.
Ақынның алғашқы өлеңдері туған ауданның «Советтік шекара» газетінде жарияланса, 1954 жылы бір шоғыр жыры «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз») журналында, одан кейін сол кездегі өлең тарландарының бірі Әбділда Тәжібаевтың ақ тілеу атйып, сәт сапар жазған алғы сөзімен бір топ өлеңі жарық көрген болатын.
Қазақ поэзиясының жарық жұлдыздарының бірі – Қасым Аманжолов құрастырып шығарған «Жастық жыры» атты жас ақындар жырларының басын қосқан кітапта М. Мақатаевтың «Інімнің ойы», «Шебер» атты екі өлеңі жарияланды. Мұнда ақын есімі Мұхаметқали деп жазылған. Азан шақырып қойған аты солай болғанымен, кейін Мұқағали деп атанды. Көзі тірісінде алғашқы «Аппосионата» атты жинағын бастап, 14 жыл ішінде 8 жыр кітабы баспадан шықты. Бұл кітаптарда ақынның өмір, өнер, жалпы болмыс туралы толғаныс-сезімдерінің ізі сайрап жатыр.
Үнемі ізденіс үстінде ілгерілеумен болған ол У. Уитменнің жырларын аударып, «Шөп жапырақтары» деген атпен шығарды. Ағылшынның ұлы ақын-драматургі В. Шекспирдің сонеттерін қазақша сөйлетті, Италияның әлемге мәшһүр ақыны Дантенің әлем әдебиетінің алтын қорына енген «Құдіретті комедиясын» ана тілімізге тәржімелеп, қазақ поэзиясының көркемдік тәжірибесін байытуға, қазақ оқырмандарының эстетикалық талғам деңгейінің биіктеуіне өз үлесін қосты. Ақын аудармалары түпнұсқа рухын, көркемдік әлемін терең ұғынуымен құнды.
М. Мақатаевтың соңында көптеген өлеңдері мен поэмалары, баллада, новелла, ішінара прозалық шығармалары қалды. Күнделіктері мен хаттары да автордың өмір жолындағы алуан сырларын жеткізеді. Қазақстан Жазушылар одағы жылдың ең дарынды жас ақынына арнап, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлық тағайындады.
«Ару-ана» поэмасы. М. Мақатаев шығармашылығында назар аударарлық шығармалардың бірі – «Ару-ана» поэмасы. Көлемі бес жүз жолдан сәл ғана асатын шағын шығарманың өмірлік арқауы сол кезеңдегі әдебиет үшін тосын дүние. «Қарлығашым, келдің бе?» (1968) жинағы жарық көрген тұста барлық дерлік поэмаларда не кеңестік өмірдің кереметтігі, кеңес адамының ұлылығы, соғыс зардабы, тылдағы ауыртпалық, т.б. тәрізді алуан өмір шындығының баршасы сол кездің идеологиялық талаптарына икемделетін.
Ал «Ару-ана» поэмасында заманында қарақшы атанып, елден жырақ, таудағы үңгірді мекен еткен Құрман негізгі кейіпкерге айналған. Жұрттан жырақ шыққан жырындының тағдыр-талайында назар аударарлық түйткілдер баршылық.
Ақынның алымын да, қарымын да айқын аңғартатын осы поэмада көркемдік аңсар-нысана да, дәуірдің үстем талабына бейімделуге мәжбүрлік те аңғарылады. Шығарма арқауына айналған өмір шындығына зер салсақ, Құрманның айналасындағын барлық адамға, заманға ашынуына өмір сүріп отырған қоғамы, ортасы кінәлі.
Қарақшы еді мал тапқан ат жалынан,
Қарғыс атқан өмірі қатпа қылған.
Жортып өткен Құрманның жолдарынан,
Жойқын-жойқын әлемет ақтарылған...
Мекені жоқ, елі жоқ тұрақ қылған,
Жерді төсек, жұлдызды шырақ қылған.
Кезбе өмірі делбе етіп кер кедейді,
Кез келген қиырларға лақтырған...
Поэмадағы оқиға өрбуі ширақ, автор өз кейіпкерінің жан дүниесіне үңіліп, уақыт кетіріп жатпайды. Өйткені оның мақсаты – жұрттан бөлек, елден ерек тағдыр иесін көрсету, сол арқылы өз аңсарын бейнелеу. Табиғат суреттері шығармадағы оқиғалар желісінің драматизмін күшейтуге септеседі.
Жарқ етпей жанындағы асыл үміт,
Жалт етпей жанарында жасы бұғып.
Тотысы иесіз таудың – ерке бұлақ...
Қалыпты мұз астында жасырынып.
Сетінеп бара жатыр түн жиегі,
Ақ басын Ата тау да түнге иеді.
Үрейлі үңгірдегі май шам ғана...
Үмітсіз аурудай ілмиеді.
Қарақшы атанған Құрман – қазақ поэзиясы үшін тағдыры өзгеше тың бейне. Өз өтенінен, ортасынан жырылып бөлек шығуына мәжбүр еткен – айналасының озбырлығы мен зорлығы, заманның зомбылығы. Сондықтан Құрман ашулы, ашынулы. Ашынған – айбатты. Өйткені қайда барса да қарсы алдынан шығатын – қорлық. Жүрегінің оты бар Құрман сияқтылар қашанда бостандыққа құштар. Ешкімге тәуелді боп, табанын жалағысы келмейді. Ашу мен ашынудан айбаттанған, кектен қайраттанған Құрман қошеметшісі, қолдаушысы көп байдан қаймықпайды. Байдың қарсылығын елеместен, бәйгеге тігілген жетім қызды тайынбай талап етіп, қасқайып алып кетуінде осындай сыр бар. Ол үшін бақыт – бостандықта. Бостандықтан айырылған адам – тірі өлік. Құрман оп-оңай өлуден аулақ. Еркіндік үшін қанжығада көрісуге бейіл. Оны жұрттан алыс таудағы үңгірде Жамалмен бірге ғұмыр кешуіне әсер еткен де сол – еркіндікке құштарлық.
Бірақ тіршілік заңы бәрінен де ұлы. Тірінің бағынбасқа лажы жоқ. Дүниеге келген сәби үшін бостандықты да қиған Құрманның ел арасына баруға бел байлауы – соның бір мысалы. Бағзыдан бүгінге ұласып, келе жатқан осылау ұлы құштарлық, ұлы арман поэмада осындай өмірлік шындық арқылы өрнектелген.
Ақынның сол кез үшін тосындау кқрінетін шындықты шыжымдап шығаруға ден қоюы – эпилогты жазуға, Құрманның кеңес елі үшін майданда мерт болуын «айтуға» мәжбүр етеді. Өйткені Құрманның өз перзентінің амандығы үшін елге қайтуға шешім қабылдауымен шығарма тамадалса керек еді. Алайда ақын онымен шектелмей, эпилог жазған. Кеңес дәуіріндегі әдебиеттің көркемдік әлемін шарлағанда, осы шындықты қашанда ескеру керек. Олай етпейінше, сол тұстағы жалпы көркемдік шығармашылықты да, әдеби процесті де, жеке шығарманы да жарытып түсіну қиын.
М. Мақатаев қаламынан туған көлемді толғау, дастандар бір шоғыр. «Бала шақтан болашаққа» поэмасында өз өмірінің бел-белестерінде, жадында айрықша сақталған сәттер жыр арқауына айналса, «Райымбек» поэмасында жоңғарларға қарсы шайқаста асқан ерлігімен, ақылдылығымен айрықшаланған Райымбек батыр туралы толғанады. Ал «Ақ қайың әнінде» Бағдат пен Бану арасындағы махаббат, тағдырдың қатал жазуы, өмірлік драма, «Мұзбалақ» поэмасында қапыда қолға түскен қыран өмірі өлең өзегіне өрілген.
«Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін...» М. Мақатаев өлеңдерінен байқалатын көркемдік ерекшеліктердің бірі – ырғағының ешбір мүдіріссіз құйылып тұруы, сөз сыңғырының табиғилығы. Толқыған сәтте кім-кімнің де көкірегінен сыр болып сыңғырлап төгілетін немесе қамыққанда шыңыраудан еріксіз шымырлап шығатын, күйзелгенде, өзекті күйдіріп, көкіректі отқа орап, жалындап шалқитын шынайы тебіреніс рухтың мөлдірлігін, тереңдігін танытады. Осы шынайылық пен мөлдірлік, рухани тереңдік, ең алдымен, өмірдің өзіндей қарапайым да ұлы табиғилығымен ересен. Поэзия – адам табиғатының, ақын табиғатының жалынды жаршысы, тебіренген жыршысы. Өзекті жарып шыққан өлең ақынның өз табиғатын танытқанда, табиғилығымен тәнті етеді. М. Мақатев өлеңіндегі осы табиғилық, қарапайым қазақы табиғат болмысының шынайы бейнелеуі үлкеннің де, кішінің де көңіліне жылы ұялайды.
Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін,
Алынбаған ақым бар сенде менің.
Бұйрат құмдар – бұйығып шөлдегенім,
Бура бұлттар – бусанып терлегенім.
Аспаныңдай кей сәтте күрсінемін,
Жас талыңдай жауқазын бүршік едім.
Кең дүние, керемет қалпыңменен,
Жүрек болып кеудеме кірші менің.
Байтақ ел, балауса тау, бозаң далам,
Секілді бәрі менен көз алмаған.
Кең дүние, кенде етсең сыбағамнан,
Шырылдаған сәбидей мазаңды алам.
Не бары үш-апқ шумақтан тұрған осы өлеңде алысқа талпынған арман, келешекке деген сенімнен қуат алған үміт, кең дүниенің көрінісін символ-бейнелер арқылы әстетикалық тұрғыдан қорыту мен жинақтау, жалпақ ғаламның жанды көрінісі іспетті, адам өмірі мен арманының аясына ұқсаған кең дүниенің нақты-образды бейнесі, елжірей қараған лирикалық кейіпкер, нәзік сыршылдық, т.б. бар. Дүние-шалқарға лирикалық кейіпкер үн қатып, «мен келемін, алынбаған ақым бар сенде менің» дегенде, жайдан-жай емес, болашаққа қол созған, асқар асуларға талпынған арман елестеп өтсе, өзін сол дүниенің бір бүршігі ретінде сезінуінен перзенттік үкілі үміт үлбірейді, байтақ ел мен жер көз алмаса, сенім артқаны тәрізді. Ал керемет кең дүниені «жүрек болып кеудеме кірші» дегенде, шын асылды ардақтаудан туатын қаншама ынтықтық, телегей жайқын құштарлық бар!
Өлеңнің соңындағы «Шырылдаған сәбидей мазаңды алам» деген жолда ақынның философиялық-эстетикалық аңсары аңғарылады, ынтық әлемі белгі беріп, адамгершілік мұраты, рухани әлемінің балауса, бейкүнә ынтызар тілегі мөлдірейді.
Перзентінен айырылған әкенің – жазатайым жол апатына ашынуы жоқ, бақиға кеткен сәбиіне елжіреуі айқын. Жан тебіренісі атылып шапшымайды, тереңде тербеліп, телегейдей шайқайды. Ақын жүрегіне табиғаттың жанына үйлесетін құбылыстары жақын. М. Мақатаев өлеңдерінде тепсінген дүлей тегеурін емес, баршаны бауырмал тартып, ықыласын төгетін нәзіктік, биязы құрметке ұитылу мол. Сәби моласын көк тас жаншитындай тіксініп, жеңіл жамылғы – ақ қар, желбіреген жібек шалғынды қалайды. Көктемнің ақ нөсерін өзінің жоқтаған көз жасындай көреді. Осының бәрі – ақын жанының әсершілдігін, нәзіктігін аңғартатын мысалдар.
Ақын үшін ерекше мәнді, айрықша қадірлі екі бейне: бірі – сәби болса, екіншісі – жүрек. Жүрек – М. Мақатаевтың қолдануында тіршіліктің, өмірдің бейнесі, адалдық пен адамдықтың таразысы, адам имандылығының қайталанбас қасиетті символы. Осындай эстетикалық ыңғайда символ-бейне, сивол-тұспал, символ-толғаныс көптеген жырларда ұшырасады. «Жүрегім, жүйкем, бар тұлғам!», «Жапырақ-жүрек жас қайың», «Жүрек арызы», «Жүрек неге зат болып жаралмаған», «Жүрек демін алғанда», «Жүрегім менің – жанартау», «Соқ, жүрек!», «Жүрексің» секілді жырлар – соның айғағы. Сол сияқты қыруар жырларында жүрек тура мағынасында да, әлгіндей бейнелік мәнде де жиі кездесіп, ақынның болмысты тануы мен сол орайдағы толғанысының, таңбалауының өзіндік ерекшелігін аңғартады.
«...Жан азасы...» М. Мақатаев қаламынан туған дүниелердің ішіндегі мұзарт шыңы – «Моцарт. Жан азасы» (реквием). Шығарманың басталуын шартты түрде кіріспе деп айтуға болады. Мұнан кейін «Табыт үні», «Халық үні», «Жесірлер үні», «Бесік жыры» атты шағын-шағын төрт бөлім бар.
Қара киімді әлдебір елестің «Жаназа күйін жазшы бір, Моцарт!» деген өтінішін орындаған композитордың музыкалық шығармасының көркемдік мазмұны іспетті толғаныстар топтамасының дүниеге келуінде, бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда, әлі ашылмаған құпиялар бар секілді. Мәселен, осы шығарманы, Моцартты кірістірмей-ақ, автор өз атынан толғануына болар еді. Бірақ кеңістік идеология дәуірлеп, тек жарқын бояу, салтанатты көңіл күй, шаттық музыкасын талап етіп, онсыз кітап шығару, күн көру қиын болып тұрған шақта, негізгі арман-аңсарды әр түрлі тәсілмен тасалап, амалын тауып жеткізу шарасыздың күні болатын. Сол тұстағы барлық айтулы шығармаларда осындай тәсілді қолдану талабы бар еді. М. Мақатаевтың аталған шығармасына зе слағанда да осы шындық ескерілуі тиіс.
М. Мақатаев поэзиясы – өзінің табиғи, қазақы болмысымен, кіршіксіз сезімталдығымен, нәзік мөлдірлігімен ерекшеленетін қазақ поэзиясының сәулелі құбылысы.
Қақпақ жауырынды, иықты да бойшаң денелі ақынның нәзік жүрегін қинаған сәттер көп. Перзенттің қазасы, достың азасы, тіршілік назасы...
Қарақалпақстанда шығармашылық сапармен жүрген тағы бір аса дарынды ақын Төлеген Айбергенов қайтыс болғанда, Алматыдан арнайы барады.
Тұңғыш көрдім өлгенін шын ақынның,
Қызарып батты ертеңгі шығатын күн.
Торғай-өлең шырылдап бара жатты,
Аузында ажал деген сұрапылдың,
- деп аңырап қайтады. Жаны нәзік, рухы мөлдір ақынның жүрегін азаптаған мұндай сәттер өмірдің қатал, мейірімсіз сынағы еді... Қыран пішінді, батыр тұлғалы ақынның сезімталдығы мен нәзіктігі өлеңдерінің естен кетпес ерекшелігіне айналды.
Достарыңызбен бөлісу: |