Л. Н. Нұрланова Қазақ Әдебиеті


«Райымбек! Райымбек!» поэмасы



бет50/67
Дата04.05.2023
өлшемі1,59 Mb.
#176067
түріОқулық
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   ...   67
Байланысты:
қә 11 1-1

«Райымбек! Райымбек!» поэмасы

I
«Қара таудың басынан көш келеді».


Қара жорға шайқалып, бос келеді.
Қара күнді жамылып, қара қазақ
Қара түнді басынан кешкен еді.
Қара қайғы көрсетпей ештеңені,
Қара жауы қанатын кескен еді.
Шұлғау болып қыздардың кестелері,
Талай қара шаңырақ өшкен еді.
«Қара таудың басынан көш келеді!!!»
Қара жұртта бықсыған шала қалған,
Аналардан ес кеткен, балалардан.
Тал да таппай қармауға жағалаудан,
Ақыл қашқан адыра бабалардан.
Қандай қарғыс атты екен қайран елді?!
Қайда барып тығылар паналауға?!
Қайда барып, қалжырап жатыр екен?!
Қандай сорды сортаңын татар екен?!
Көр болса да болса екен қазақ жері,
Қазақ жері болғасын - Атамекен.
...Көш келеді, боздатып боз даланы,
Көз ұшында боз сағым қозғалады.
Әлдекімнің естілсе созған әні,
Әлдекімдер аңырап жоқтау айтса,
Әр кеудеде бір шемен қозданады
Әр қазақтың естіліп боздағаны.
«Қауқары жоқ қайран жұрт, қайран халық,
Сайран салып жатушы ең, жайлау барып.
Опат болып, ақ ордаң ойраңданып,
Қара жауың әкеліп қара қайғы,
Тас уатты-ау тебеңе тайраң қағып.
Аңырауды доғарып, аттан қазақ!
Алты жасар ұлыңды майданға алып».
Шұбатылған шаң көріп алыстағы,
Қабай-жырау жар сала дауыстады:
- Жау келеді, жұртым-ау, жау келеді!
Жаудан қалған жемтікке жабысқалы,
Тағдырыңды біржола тауысқалы...
Caп түзеді қажыған нар боздақтар,
Қара жаумен қайтадан алысқалы,
Қайта қозып қазақтың намыстары.
Қайта шулап, жамырап қатын, бала,
Қанға шөлдеп, қаңырсып жатыр дала.
Қайта жауып, жай оты шатырлаған,
Қайта төнген тамұқтың сотын қара.
Қара жауы қайтадан лап қойды,
Кезек бермей пақырға, батырға да.
Қазақ қанын сылқытып жатыр дала...
Қиқулаған қалың қол, құйын дерсің,
Қайтып оған шағын жұрт тыйым берсін,
Тозған жұртты топырлап, тапап кетті,
Қатыгез жау қайсыбір бұйым көрсін.
Боздақтардың желкесін шайнап кетті,
Қалған малды қайтадан айдап кетті,
Қанжығаға байланған қыз-келіншек,
Бозторғайы шырылдап, сайрап кетті.
Хас батырдың көзі еді қара жорға,
Қара жаудың астында ойнап кетті.
(Кім айдаса, соныкі түздің малы.)
Қара жауға қатын боп қыздың бәрі,
Әр өлікке жалп беріп, қонып жатыр,
Даланың түндік қанат құзғындары.
Тұяқ та жоқ тігерге дым қалмаған,
Жау жалмаған, жабысып, құм жалмаған,
Сырлар бар-ау қойныңда, туған далам,
Ақтарылған қанынан қазағыңның,
Құзғыны да құдайдың құр қалмаған.
Сенде ме?..
Сенде сұмдық сыр бар, далам...
Қан сасыған далаға қарайды да,
Қуған боп жүр құзғынды Қабай жырау:
- Пәруәрдігер, неғылған сұмдық еді!
Өңім бе, әлде түсім бе, қалай мынау?!
Боздақтардың даланы бояп қаны,
Құзғындар да әнеки тояттады...
Өңім болса, тәңірім, тарт жанымды,
Түсім болса, ұйқыңнан оятпағын?
Оятпағын, мәңгілік оятпағын?!
О, тәңірім!
Неғылған шаққа айналды?!
Бір өзіңе жалынып, жақ байланды,
Түнің тұтып, ақ таңың атпай қалды,
He қылығы жұртымның жақпай қалды
Көлім кеуіп, өзенім ақпай қалды,
О, тәңірім!
Неғылған шаққа айналды?!
Қаусаттың-ау іргемді қара жауым,
Қан боп ақсын басыңа қара жауын!
Қатын, қызың күң болып әр есікте,
Құл боп өтсін мәңгілік балаларың!
Ордаң опат, айырыл елдігіңнен,
Босамасын басың бір шерлі күннен,
Тоз-тоз болып ұрпағың әр қияңда,
Билігіңнен айырыл, теңдігіңнен!
...Байқап еді өліктің қозғап бәрін,
Бәрі де өлік, бірі де сөз қатпады.
Қабай-жырау басы ауған жаққа кетті,
Құзғындарға қалдырып боздақтарын!..
Кете барған, артына бұрылмаған,
Аят оқып, ішінен сыбырлаған.
Қозыкөш жер қырғыннан ұзағанда,
Құлын-дауыс естілді шырылдаған.
Аппақ нұрын жинап ап, тауға келіп,
Күн де батып барады қанға бөгіп,
- О, жасаған, кімдікі әлгі дауыс.
Тірілді ме артымда қалған өлік!?
Жетім қалған құлындай құлдыраған,
Көз ұшында бір қара бұлдыраған.
Тағат етіп тұруға дәрмен қайда,
Аттың басын сол жаққа бұрды баба.
...Есі кеткен алдында тұрды бала.
Ат үстінен баланы алдына алып,
Бір алданыш тапқандай шал жұбанып.
Қырғын көрген қызыл Күн қырдан асты,
Қызыл-күрең қанына тауды малып.
- Сен ғанасың, құлыным, сен ғанасың,
Мен де көпке бармаспын, сен қаласың.
Ойран болған ордаңның орнына кеп,
Отау тігіп, оттарын сен жағасың!

II
Дала жатыр.


Сағымы ширатыла,
Бара жатыр қырына, бұйратына.
Екі жетім, бұлақтың басындағы
Әулиенің бұрылды зиратына.
Бастарына іс түскен шақты ойлаған,
Ағашыңа пәнделер ақ байлаған.
Құлан жортса құтылмас құла-дала
Құлазыған, иесіз жатты айнала.
Керуен жол қасынан кесіп өткен,
Осы жерді әулие бесік еткен.
Мұсылмандар ғибрат етуші еді,
Мұндар-тірлік мұқалтып, ескі кеткен.
Әулиенің бас иіп мекеніне,
Мұсылмандық парызын өтеді де,
Қабай жырау қайтадан еріп кетті,
Қажап тұрған ойының жетегіне.
«Жайлауымды жау алып,
Өрісімді өрт алып,
Өзегімді дерт алып,
Келдім саған, әулие!
Боздақтарым жоғалып,
Боз кебінге оранып,
Маңдайымнан cop ағып,
Келіп тұрмын, әулие.
Қыздарымды қатын ғып,
Шаңырағымды отын ғып.
Отауымды топыр ғып,
Отанымды қоқыр ғып,
Ойран етті, әулие!
Қан сасыған даламның,
Қатын менен баламның,
Кегін қайтіп алармын?
Жебеп жібер, әулие?!
Елінің есін кіргізер,
Жерінен малын ергізер,
Жауына зауал төнгізер,
Қырықпышақ хандарды,
Қылығына көнгізер,
Дегеніне сенгізер,
Соңынан жұртын ергізер,
Бар қазақтан - бір қазақ
Тумас па екен, әулие?!
Көкірегім күркілдеп,
Көзімнің асты көлкілдеп,
Ақ сақалым желпілдеп,
Кәрі басым селкілдеп,
Бас ауған жаққа барамын.
Іздесем кімді табамын?
Бағыт сілте, әулие?!
Айтса тілін алдырған.
Алмастан оғын жондырған.
Ата-қазақ баласын
Алақанға қондырған.
Бар қазақтан - бір қазақ,
Табар ма екем, әулие?»
- Армысың, Ата!
- Бар бол, балам, аман ба?
- Жолыңыз болсын?
- Жолдың несін сұрайсың, мына соқыр заманда.
Қайда барса, Қорқыт көрі қазулы тұр адамға.
Елде жүрген ескі аңызды,
Естіп пе едің, қарағым?
Мына біздің ғаріп жағдай еске соны салады.
Сыңар қанат екі құс жаралыпты жалғанда,
Бір-біріне жабысып алады екен самғарда.
Құдірет деп екеуі зарлайды екен толассыз,
Бірінің - оң, бірінің - сол қанаты болғанда.
Құдіреттің құсы деп аталыпты екеуі,
Қайда екені белгісіз жері, суы - мекені.
Сыңар қанат құстардың сайымыз, қарағым,
Тағдырымыз, білмейміз, қайда бастап кетеді...
Жерімізді жау алып, елімізді қырды ғой,
Қанатымыз қайрылып, топшысынан сынды ғой.
Ата-қазақ бір-бірін арашалай алмай-ақ,
Алауыз боп өзді-өзі құдай бізді ұрды ғой.
Қара жаумен іргелес ел едіңдер, қарағым,
Ойран болып сендер де, бұзылды ма қамалың?
Мынау азған заманда, амал нешік, бұл қазақ,
Білуден де қалды ғой бір-бірінің хабарын.
Суырдайын күн кешіп әркім ойлап өз басын,
Тұлпарларды тұқыртып, тұғырлары озғасын,
Бүйрегіндей сиырдың бөлшектенген бұл қазақ,
Құмалақтай бытырап, қалай ғана тозбасын.
- Ата, біздің өлкені қара жаулар шаппады,
Жауларына біздің ел сәйгүлігін баптады.
Қойын сойып, қолдарын қусырды да, сорлылар,
Аяғына бас ұрды, бірі садақ тартпады.
Тартпаған соң олар да әуреленіп жатпады,
Алдындағы аларын, белімізден аттады.
Батыр емес, қария, қатындар бар бұл елде,
Беруге әзір барлығын билігі асқан біреуге.
Батырлар жоқ бұл елде, қатындар бар бұл елде,
Әркім қара басының амандығын тілеуде.
- Жамандама жұртыңды, жамандасаң, болмассың?
- Қатындардың ішінде өзім-дағы оңбаспын.
«Үні шықпас жалғыздың, шаңы шықпас жаяудың»
Мен де қатын болармын, сірә, батыр болмаспын
- Нешедесің?Кімнің сен тұқымысың, құлыным?
- Хангелдіден тараған бір тұғырдың ұлымын,
Мал соңына caп қойды, ұстатты да құрығын,
Жылкы жады әкеме жақпай қалып қылығым.
Жылым барыс, мінеки, асып барам он үштен,
Қатын алып берем деп, әке-шешем келіскен.
Адамынан айттырған ат-тонымды ап қашып,
Қатынды өзім табам деп, әкемменен керіскем.
Осыншама ақылды кімнен, балам, үйрендің?
- Ішіңдегі шалдардан, анау қараша үйлердің.
Бірін төре, бірін би етсем деген ойым бар,
Бабам қолдап, бір кезде маған билік тиген күн.
- Қара жауың қайтадан шапса еліңді не етер ең?
- Хас батырын бауыздап, қанын судай етер ем.
Қатын болып күн кешіп жүргеннен де, қырқысып,
Қылша мойным талша боп, қанжығада кетер ем!
- Өзің бала болсаң да, сөзің дана отты екен,
Ақ күн тусын алдыңнан, басқа айтарым жоқ бөтен
Қалдым сенің ығыңда, мынау екі ғаріпке,
Барар жер мен басар тау, басқа пана жоқ мекен..


III
- Қарадай жерге қаратып кетті-ау, қағынды,
Уатып кетті-ау, уатып кетті-ау тауымды!
- Қарадай неге түңіле қалдың, байғұс-ау,
Басыңда үйің, баурыңда қазан, нағылды?
- Неғылушы еді!Күшігің жерге қаратты!
Күлкі етіп мені күйінгендерге талатты.
-Түңіле бермей, туралап айтшы мән-жайын,
Білейін мен де, естиін мен де, аңдайын?..
Білесің әлі, атаңның басын аңдайсың?
Ұл емес, маған, жын таптың десем нанбайсың.
Ер орнына екесті ұлды туғанша,
Белгілі неге бедеу боп, қубас қалмайсың?
Шағылып тауы, құлазып көңіл мекені,
Үкенің астан оралған осы беті еді.
Бәйгеде болған ұлының әбес қылығын
Иланса болды, өрт қарып ішін өтеді.
Намыстан өліп кетердей, міне, үзіліп,
Өкпесі кеуіп, қуарып, өңі бұзылып.
Малдасын құрып жұдырығымен жер тіреп,
Бейкүнә, момын бәйбішені отыр қыжырып.
...Жатаған келген
Түкенің жалдас күреңі,
Дүйім ел білген дүлдүлдің нағыз бірі еді.
Кешегі аста бәйгеге қосып жүйрігін,
Келерін біліп, қауіпсіз, бейқам тұр еді.
Көз ұшындағы көлденең жатқан қырқадан,
Көрінген кенет бәйгенің шаңы бұрқаған.
Ию да қию ұрандап тұрған рулы ел,
Жамырай тілеп, жақындай түсіп бір табан.
Тұяқпен турап, көлденең жатқан көк белді,
Кермені үзіп, сәйгүліктер де жеткен-ді.
Көре алмай Түке баласы менен күреңін,
Көзінің алды көлеңке тартып кеткен-ді.
Озғанды қауым қаумалап-киіп жатқан-ды,
Қалғандар кейін, озғандар гулеп, мақтанды.
Шорт сынған сағы, шошайып жалғыз Түке тұр,
Күңірентіп жүрген күрең ат қайда мақтаулы?!
Желпіне барып, желігін жұрт та басқан-ды;
Оқыс бір ғажап оқиға сонда басталды.
Жалғыз бір қара жүлдыздай ағып келеді,
Қараңғы түнде қақ жарып тілген аспанды.
Қу даладағы құйын ба дерсің, ойнаған,
Қыран ба дерсің, қылт еткен құсты қоймаған.
Өз атын өзі ұрандап бала келеді,
Қамшы сабына жейдесін ту ғып байлаған.
Жайына қалып, өлі аруақ пенен тірі аруақ,
Келеді бала, есімін өзі ұрандап.
Тірілер шошып, жағасын ұстап, тұр аулақ,
Өлгендер көрде, түскен де болар бір аунап
Келеді қыршын есімін өзі ұрандап.
Доғара қойып, ойын мен дырду, сауықты,
Бір сәтке қауым ішінен тына қалыпты.
Он үшке толған Түкенің ұлы Райымбек,
Албанға алғаш өсітіп өзін танытты.
Күрең ат тарпып, қара темірді шайнаған,
Қыбыр да жыбыр, күбір де сыбыр айнала.
...Асасын ұстап, Әлмерек дейтін би келді.
- Жеті бабасын жерге қаратқан қай бала?!
Е-е-е, Түкенің ұлы - түлейдің ұлы сен бе едің
Осы болған ғой түлей әкеңнен көргенің.
Саскөкектей. Өз атыңды өзің ұрандап...
Сырымбет пенен Хангелді сенен кем бе еді?!
Жетесіз туған, ант ұрып кеткір зәнталақ! -
Булығып тұрды, баланың көзі қанталап.
Қоқилана көлігі, басына қамшы үйірді,
Ақсақалдар да, көксақалдар да анталап.
- Оу, ағайындар!Жәбірлемеңдер баланы,
Жәбірлейтіндей қайсыңа тиді залалы?!
Бұл да бір асау, құрық көрмеген құлын ғой,
Желісін үзіп, сендерден қайда барады.
Бара да қоймас, ұзай да қоймас сендерден,
Сендермен бірге тағдырын тәңір тең бөлген.
Өз атын өзі ұрандағанның несі айып?
Аузына салып, періште шығар дем берген.
Жауына шапса өз атын өзі ұрандап,
Қолдамас па еді өлі аруақ түгіл тірі аруақ.
Есі бар тентек есейе келе ер болар,
Ерік беріңдер, неғыласыңдар бұғаулап...
Қарсы алдындағы қалқан боп тұрған Қабайды,
Қаршадай бала сүйеніш бәлкім санайды.
Санайды-дағы қауымға тіке қарайды.
Жүрегін жеген сөзін айтпақ боп талайғы.
Күреңіменен атылып шетке шықты да,
Айғайлап тұрып, анықтап, нақ-нақ, ұқтыра:
- Дәрменсіз сорлы кедей-кепшікті бұқтыра,
Күшік тазыдай жылмаңдайсыңдар мықтыға!
Ата жауларың арқаңа бәлем, шықты ма,
Әкелеріңнің көріне, бәлем, тықты ма!
Қызыңды сатып, қымызға мас боп жатыңдар,
Xалықпысыңдар?!
Қазан аңдыған қатындар!
Қорқау қасқырдай бірісін-бірі талаған,
Бірісін-бірі тонаған, тозған пақырлар! -
Деді де, бала күреңіменен самғады,
Өз атын өзі ұрандауынан танбады.
Тетір де болса, тентек баланың аруағы
Шашылып жатқан ауылды тегіс шарлады.
...Кешегі аста Әлмерек бидің секкені,
Түкенің мүлде есінен бір сәт кетпеді.
Теріс айналып, шөкті де қалды шал байғұс,
Талақ етті де бүгіні менен өткенін...
Түке өлген.Он сегізде Райымбек,
Жүрген жоқ әке өлді деп, уайым жеп.
Тіріге тізе бүгіп, бас имеген,
Тізесін бүктірмесе құдайы кеп.
Білігі, бітімі де бөтен екен,
Бар күні мал соңында өтеді екен.
Ерін - жастық, тоқымын төсеніш етіп,
Белін шешпей, қисая кетеді екен.
Ел арасы дау-шарға араласпай,
Лоқ беріп, ағайынмен жағаласпай,
Қайсар болып, қатты боп өсті жігіт,
Қатыгез құмға біткен қарағаштай.
Қанағат қып әкеден қалған малды,
Бәленнен ассам деп те қамданбады.
Бозбасы сауыққа да алданбады,
Бойында болсам деген қалды арманы.
Қалқалап, қадір тұтып естілерді,
Талайды түйді жігіт, өсті, көрді.
Қазақтарды жау шауып жатыр деген,
Үзік-үзік хабарды естіген-ді.
Ойлап тұрса, сол жауы іргесіиде,
Ойлап тұрса, сол жаудың түрмесінде
«Айламен алдарқатып кеткен дұшпан,
Кім кепіл қайта шауып кірмесіне?!»
Қиын екен өмірдің сұраулары,
Ойланды балаң-жігіт, біле алмады.
«Белінен дұшпан аттап баратқанда,
Біздід ел неге қарсы тұра алмады?!
Қайда жүр баяғыңның батырлары?
Бас қойып, неге ұранын шақырмады?!
Жігер тайып жігіттің жетесінен,
Сарқылды ма қарттардың ақылдары?!
Heгe бірі садақ боп атылмады?!
Қойын сойып, қолдарын қусырды да,
Дұшпандарын жіберді ту сыртына.
Қақпа бола алмаған қайран елге,
Қауқары жоқ күндерің құрсын мына!
Әзірге аман тұрғанға малы-басын,
Сауық пенен сайранға салынасың.
Қазақ жылап жатыр ғой, қазақ жылап,
Неменеңе жетісіп, қағынасың?!
Қайта шапқан жауының тапығасын,
Құдайыңа шынымен табынасың,
Атамекен, жұртыңды сағынасың.
Бұралқы боп, жат жерде зарығасың.
Құланыңды бауыздар желіге айдап.
Құраныңның өртенер соры қайнап,
Қайда барсаң Қорқыттың көрі болып,
Қонысыңнан ауарсың «Елімайлап».
Қайтсем екен?
Аттан! деп ағайынға,
Құрбандыққа басымды шалайын ба?!
Қабай-жырау қайда екен, не дер екен?
Ақыл сұрап көрейін барайын да».
- Ар ма, ата!
Арнай келдім, батаңды бер?
Қасыма балаңды қос, қатар жүрер?
Жол сілте, ақылыңды айт, қысылғанда
Аятым болсын менің атап жүрер.
Сырымбет әулетінен таралғамын,
Хангелді қасиетінең нұр алғанмын.
Әкемдей малжанды боп, өріс күйттеп,
Жарамас жабағы үйде қамалғаным,
Жанымды тұншықтырған бар арманым.
- Айт, балам
Арманыңды айт, жасқанбағыш,
Көріп тұрмын, көзіңнен шашқан жалын.
He айтам саған, көл едім, келшік болдым,
Көзі бітіп, суалған бастауларым.
Тыңдайын, арманыңды айт, жасқанбағын,-
- Кенедейден көзімді ашқан жауым,
Еске түсіп, бойымды басқанға мұң,
Деген ой «жастығымды ала жатсам»,-
Жоқтұғын менің мүлде басқа арманым,-
«Арманда, балам, арманда,
Арманға толы жалғанда,
Армансыз, сірә, жан бар ма?
Армансыз жүрген жандарға
Алданбас, балам, алданба!
Арманда, балам, арманда,
Қапелімде, жауларда,
Ақырғы демің қалғанда,
Айрылып естен танғанда,
Ақырғы рет қарман да,
Арманда, балам, арманда!
Ақылымнан танғанда,
Азуымнан шалғанда,
Кәрі қойдың жасындай,
Аз ғұмырым қалғанда,
Нендей ақыл айтармын?!
Аға жауың қалмақ-ты,
Ел-жұртыңды зарлатты.
Ата-қазақ ұрпағын
Аяқ асты қорлапты,
Аспаныңды торлапты,
Жазираңды шаңдапты,
Жазықсыз елді қандапты.
Жалғыз қайда барарсың?
Жауыңды қалай табарсың?
Ауызданбаған арланым,
Абайсызда шабарсың,
Айлалы жаудың алдында
Тұзаққа түсіп қаларсың!
Соңыңнан жұртың ермесе,
Қолының ұшын бермесе,
Дегеніңе көнбесе,
Ауызданбаған арланым,
Жауыңа жалғыз бармағын,
Қиылып қалар арманың!
Халқыңа хабар арнағын,
Аужалын түйіп, аңдаған,
Кекке соққан қанжарым,
Кемтіліп жүзің қалмағын,
Жауыңа жалғыз бармағын!
Беліңнен бір-ақ аттаған,
Берекеңді таптаған,
Қулығын ішке сақтаған,
Құмырсқадай қаптаған,
Жауыңа жөнсіз ұрынбай,
Ұрымтал жерден шап, балам!
Жауыңның күшін аңдамай,
Бетпе-бет ұрыс салмағай!
Ол көп-тағы, сен азсың,
Опық жеп, балам, қалмағай,
Алды-артыңды барламай,
Орынсыз іске бармағай!
Тұтқиылдан лап беріп,
Томаға-тұйық шап келіп.
Жауыңның есі кіргенше,
Қара түнді қақ бөліп,
Ізіңді жасыр жалт беріп.
Алды-артыңды аңғармай,
Айқаспай тұрып қорғанбай,
Қолайлы жерде қамданбай,
Ашкөзденіп, мерт болма,
Қораға түскен арландай!
Шабарыңды білдірме,
Шаужайыңнан ілдірме!
Жекпе-жек күтіп, ділгірме!
Жер қайысқан жауыңды
Жеңемін деме бір күнде!
Көзсіздік іске татыр ма?
Айласыз батыр батыр ма?!
Отырып қалар тақырға.
Күндіз ұйықтап, түнде жорт.
Қарасын Күннің батыр да,-
Кегіңді қайра ақылға,
Жалғыз жортып, шатылма
Аттанып жар сал, ер ұлым,
Ел-жұртыңды шақыр да.
Дүние - қоңыз, енші бер,
Соныңнан ерген пақырға».
Бидің үйі,
Іленің жағасында.
Жақсы менен жайсаңның бәрі осында
Қарасақал, ақсақал - алқалы топ,
Алдына алып бір істі қарасуда,
Бірі көнсе, біреуі таласуда.
Бірі олай тартады, бірі былай,
Бірі өзінше патша, бірі құдай,
Бір сәтте ұйып, бір сәтте іруін-ай,
Қазекемнің осы бір ырымын-ай.
Бірі әріден, білгенсіп, мысалдайды,
Бірі езінше түңіліп, құшар қайғы.
Жүз лоқсып, жүректе запыранын,
Бірі іштен тынады, құса алмайды.
Бидің бағып біреуі қас-ңабағын,
Бүлк етуден бишара жасқанады.
Бірде бәрі жабылып біреуіне,
Жемтік көрген бөрідей бас салады.
Екі ортаны біреулер аңдасады,
Жең ұшынан жеңгенмен жалғасады.
Бидің ығын қалайша табамыз деп,
Бір-бірімен жылаиша арбасады.
Ұйқылы-ояу би отыр данасынып,
Қақ төріне қауымның дара шығып.
...Би билігін күтуде Райымбек,
Алып ұшып, жүрегі аласұрып.
Би дауысын бір сәтте кенеді де,
(Жұрт назарын аударсын дегені ме?!)
Қарт жырауға қаһарын атты келіп:
«ЬІлаң, дүбір саласың неге еліме?!
Атыспай да шабыспай тірлік құрып,
Тыныш жатқан жұртымды дүрліктіріп,
Арандатпай, жәйіңе жүрсең еді,
Иман сұрай алладан, құлдық қылып.
Тіршілікке тірек қып дін-арманын,
Жақсылығын күтуші ек бір алланың.
Кедей менен кепшікті айдап салып,
Келдің-дағы сен, бейбақ, ылаңдадың!
Бас білмейтін байғұсты еліктіріп,
Қолтығына су бүркіп, желіктіріп...
Амал қанша, ұялам сақалыңнан,
Таспа алар ем жоныңнан керіп тұрып!
Бет алыпсың, халайық, бұрылмасқа,
Қалауыңды қақым жоқ ұғынбасқа.
Бір шартым бар «батырға» қоятұғын,
Жамыраспа, беталды шуылдаспа.
Басын тартпас, «батыр» ғой несі кетсін,
Басын тартса, сөз басқа, есі кетсін.
Toң ішейін таңдаған атын мініп,
Мына жатқан Ілені кесіп өтсін!
Кесіп өтсін, қайтадан оралсын да,
Дуылдасқан дау-шарды доғарсын да,
Ақ күн тусын алдынан, тарта берсін,
Таңдап-таңдап елінен қол алсын да.
Шартым - осы!
Осыған шыдайсың ба?
Шыдамасаң тынасың, құлайсың да.
Болсаң сосын боларсың, қол бастарсың.
Алдыменен бағыңды сынайсың да.
Шыдайсың ба?
Бағыңды сынайсың ба?..
Оны да біл, құның жоқ суға кетсең,
Күнәлі едің, жаныңды құрбан етсең!
Қайда жүрсең аманат бір құдайға,
Аман-есен осынау сыннан өтсең».
«Болса болсын, тәуекел, шыдап бағам,
Болашағым белгісіз сұрақ маған.
Өлсем өлдім, өзіме өз обалым,
Ахиреттен орнымды бір-ақ табам.
Қайда барсаң, бәрібір, кірерің көр,
Қабылдайды қойнына түнеріп жер.
Қапталына түсіріп күреңімнің,
Қамыс артып, жігіттер, жіберіңдер?»
Жарлы менен жақыбай намысты ойлап,
Артып берді екі тең қамыс байлап.
Тілсіз жауға тірексіз тура тартса,
Жылым жұтып, жігіттің бағы ұшпай ма?
Райымбек мінді де күреңіне,
Келді өзенге, жетпек боп тілегіне,
Шым-шым қайнап, ширыға шұбатылған,
Тылсым дүлей алдында - Іле міне.
Оңтайлау жер осы-ау деп өтпек еді,
Осқырынып күреңі беттемеді.
Жағада жұрт, жаны ашып, жамырасып,
- Қайтсаңшы, өлесің ғой текке,- деді.
Тұрғанда ашу, намыс, сезім арбап,
Тоқтасын ба, қауымнын сөзін аңдап,
Қамшы басып күреңге суға атылды,
Өз есімін айқайлап, өзі ұрандап.
Кәрі мен жас ұстасып жағаларын,
Жамырайды, білмейді не боларын.
- Кеш, аруақ,- деп,- тентекті.- жалынады.
Жаудырады иманын, тобаларын.
Артқан қамыс тірліктің белгісі боп,
Демеу жасап, жылымға бергісі жоң.
Ақ айдыннан екі бас көрінеді,
Адамның да, аттың да өлгісі жоқ.
Күрең жүзіп барады өлгісі жоқ.
Жұрт назары - осынау ақ айдында,
Екі басқа еміне қарайды да,
Аруақтарды көрінен шақырады,
Талай аят оқылып, талай дұға.
Күрен, менен жігіттің бағын ойлап,
Жалынады жағалау «а, кұдайлап».
Екі басты қақпақыл қағып алып,
Әлдеқайда барады ағын айдап.
Ағынменен күрең ат жалдап кетті.
- Кетті!
- Өлді! - жағалау зарлап кетті.
Бір кісінеп жануар жіберді де,
Ағын айдап, есен-сау ар жаққа өтті.
- Дауасы жоқ жан екен, оты жанған,
Ілесіңдер осыған оты барлар!
Су жол берген батырға мен жол бермей,
Қамауда ұстап қыранды отыра алман.
Барыңдар, әкеліңдер салға салып,
Сынайын сырттанынды жауға салып.
Қияннан құйылып кеп, қиратсын бір,
Қатарын бөрілердің қанжоса ғып.
Дауасы жоқ жан екен жаратылған,
Тұлпар екен тұғырдан дара туған.
Қамауда ұстап қыранды отыра алман,
Ұшсын, кетсін жай атып қанатынан.
Хангелдінің сауытын кигізіңдер,
Қыннан алып, қылышын сүйгізіңдер.
Сырымбеттің туының алдына әкеп,
Тәубе еткізіп, басын да игізіңдер.
Шауламаған шабыты бала қыран,
Балалықпен қапыда қалары бар.
Баптап езің, батырды қалауыңа ал,
Бас болғайсың балаға, дана-жырау.
Қашаннан би кесімі бір кесулі,
Кенсең де, көнбесең де үйлесімді.
Білгеніңнен жаңылтып бидің десі,
Білдіретін кезі ғой білмесіңді.
Би кесті.
Қара халық қабылдады,
Кару алып, қол жимақ қабырғалы.
Жорыққа әзірленіл жатты қауым,
Қасынан Райымбек табылғалы.
Ақтабан шұбырынды.
Ақтабан шұбырынды...
Қадарсың қайда барып тұғырыңды?!
Қазақ жері- алып бір қара қазан,
Қазанда қайран жұртым қуырылды.
Ақтабан шұбырынды.
Қарғаған кім болды екен ғұмырынды?
Жортпай тұрып, үйрендің жығылуды,
Шаппай тұрып, үйрендің тығылуды.
Ақтабан шұбырынды,
Ақ туың жығылулы.
Олақ қатын тоқыған алашадай,
Өрмегіңнің арқауы суырылды.
Жәннатыңды жамсатып жау орнады,
Жатқаны анау өртеніп қара орманың.
Туырлығы туралып, тоқым болып,
Қаңқасы тұр қалқиып қара Орданың.
Ақтық байлап, табынып тал-қайыңға,
Өтті күнің, cop қатып маңдайыңда.
Кетті қымыз жауыңның тандайында,
Кетті қызың жауыңның борбайында.
Ақыныңа, серіңе, батырыңа,
Туысыңа қимаған, жақыныңа,
Тұяғымен ор қазған тұлпарларың,
Тулап кетті жауыңның тақымында.
Нәлет айтып, кеш кірген ақылыңа,
Ана сүтің аузыңа татыды ма?!
Ертіс, Есіл, Жайық, Жем, Сағызға бар,
Бәрібір, пана болмас ауызға алар.
Бәрібір, моңғол шапсын, жоңғар шапсын,
Әйтеуір, қазақ алдымен бауыздалар.
Тобыл, Шу, Сыр мен Іле, Нұраға бар,
Арнасында наласы жылап ағар.
Қандай жаудың болса да қарауылы -
Қазақ байғұс.
Қалқайып тұра қалар.
Өзіңнің тұрмағасын уысыңда,
Өз жерің өзіңе жат, құрысын да!..
Жер шегімен шекараң шектелсе ғой.
Жатса ғой алып мұхит шығысыңда.
...Жалғанның жартысындай мынау өлкең
Кім білсін, сорың ба, әлде ырысың ба?!
Пайдаланып былығың-шылығыңды,
Жауың кен, шырылдатты шыбыныңды.
Жау да, өзің де ластап тұнығыңды,
Жаяу ұстап қолыңа құрығыңды,
Қайда босып барасың, қайда, қайда?
Ақтабан шұбырынды!
Ақтабан шұбырынды!!!
Ақтабан шұбырынды!!!
...Боса берген.
Артына қарамаған.
Өзіне жат өз жерін аралаған,
Тау қуысы, өзенді сағалаған.
Бірі барып құл болып Хиуаға,
Екіншісі орысты паналаған.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   ...   67




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет