Зерделіой
Қадыр Мырза Әлі - ұлт ақыны. Қазақ деген тегі мықты, тарихы бай, тағдыры күрделі, түйсігі мың қатпар, қалтарысты, астарлы, тысты, алапат тілді, қабілетті қаһарман, қайсар халықтың тұңғиығына бойлап, кеңдігіне кепіл боп, бітімімен біте қайнасып, ұлылығын, рухын, ар-ұятын, үмітін барынша әспеттей отырып, кемшіннің мінін, қайғысын, сорын азаматтық тұрғыда қазып айта алған, сыншыл да ойшыл ақын.
Күләш Ахметова
«Қызыл кітап» поэмасы
Неге ауылдың лайладым бұлағын?
Неге аттым тауешкінің лағын?
Қадыр Мырзалиев
Қадыр Мырзалиевтің тақырыптарының бірі — табиғатты жырға қосу. Ақын табиғат сұлулығын «Нұр», «Түн кірпігін ілмеді», «Шалкөде жайлауы» атты өлеңдерінде ерекше бір сыршылдықпен жырлайды. Ал «Мүйізтұмсық немесе миллионның тағдыры» немесе «Қызыл кітап» мәселесін көтерді. «Адам өрісі кеңіген сайын аң-құстың өрісі тарыла түседі» деп ақынның өзі айтқандай, адам баласы өзінің де табиғаттың бір бөлшегі екенін ұмытып, оған қол салғанын күйіне баяндады.
Поэмадағы лирикалық кейіпкер табиғатты жойып алудан қорқады:
Шынтақтаған жастықты
Көрінеді
Аққу-қазды жаныштап жатқан дайын.
Өкпелетпеу керек қой қожайынды.
Айта алмайсың халыңды,
Не жайыңды.
Ұстай беріп айырды
Шошып кетем
Шаншығалы жатқандай дәу жайынды!
Ақын өзінің азаматтық үнін, көкейкесті ойын былай білдіреді:
...Аяймын мен анасыз,
Атасызды,
Аяймын мен құлынсыз,
Ботасызды.
Хайуанатқа жасаған қиянатың -
Бауырыңа жасаған опасыздық!
- деп, күйіне отырып, кешірім сұрайды:
Кешіре гөр біздерді,
Әулие көл!
Кешіре гөр біздерді, Қыр киелі!
Автор табиғатты қорғауды тек ел аумағында ғана емес, бүкіл ғаламшар-аралық мәселе ретінде қарастырып, оқырманды Америкаға да, Африкаға да, Еуропаға да апарады, бір кездерде мұнда адам саудасы болғанын да айтады. Кейбір халықтың жойылып кеткенінен шошынады. Қандай да болсын, зорлық-зомбылықтан бас тарту қажеттігін түсіндіреді.
Бір кезде елімізде мекендеген аңдарды түгендейді, соларды жоқтайды. Поэманы не себепті «Қызыл кітап» деп атағанын аңғартады:
Қызыл кітап -
Мезгілсіз кеткендердің
Бастарына қойылған қызыл шырақ!
Қызыл кітап -
Опат боп кеткен аңның,
Бастарына қойылған қызыл күмбез.
Ақын саналы адам болғандықтан, табиғатты қорғау парызымыз екенін айтакеле:
Орнындама санамыз?
Күшіміз де?!
Мамонт құсап
Жігіттік,
Азаматтық
Қалған жоқ па көміліп ішімізде?!
- деп ойлануға шақырады. Ата-баба салтын ұмытпау керектігін есімізге салады:
Жақсылықтың алдында бас иетін
Бабалардың не істейміз өсиетін?!
Жер жоғалтса, не болмақ перзенттерін?
Ер жоғалтса, не болмақ қасиетін?!
Табиғат пен адам арасындағы үндестік, қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын поэмада былайша түйіндейді:
Одан көріп,
Ақыры бұдан көріп,
Таласқаннан не таппақ құлан, керік?!
Жоғалтқанды жоқтаған жөн болғанмен,
Жоғалтпаған жақсырақ одан гөрі!
Үзінді
(ыкшамдалып алынган)
II
Бiздiң сайда болатын мия қалың.
Ауылдастар ойлайтын ұя қамын.
Мия сиреп,
Ұядан құстар безіп,
Біреу үшін ендi мен ұяламын.
Ұяламын қарауға қарлығашка.
Шиқылдайсың, балапан, қарның аш па?!
Жалтаңдайсың әр Болат,
Әр қайратқа,
Жаутаңдайсың әр Баян,
Әр Күләшқа.
Тәрбиең де жақсы едi,
Тәлiмiң де...
Аян бiрақ өмiрдiң мәнi кiмге?!
Торғай аттың бiр кезде,
Соның үшін
Ұяламын, бауырым, әлі күнге.
Ұяламын қарауға қоңыр қазға.
Толып-ақ тұр бүгінде өмiр назға.
Балапаның шұбыртқан қасқалдақтың
Оқтан көрген қорлығы,
Зәбiрi аз ба?!
Ұяламын қарауға шүрегейге.
Құстың бiрi туған да, Бiрi егей ме?!
Бүгін кептер атқандар
Ертең ердің
Кеудесіне тапанша тіремей ме?!
Ұяламын қарауға егiз құрға.
Қыра берсек қалады немiз қырда?!
Жата берсiн шуылдап орман-тогай,
Жата берсiн малынып теңіз нұрга!
Ұяламын қарауға қырғауылға.
Аңшы деген ат бердiк бiр қауымға.
Кейбiр көлдiң орнында шалшық қалды.
Кейбiр талдар айналды сырғауылға.
Ұяламын қарауға шағалаға.
Мылтық ұстап шалқарды жағалама.
Құстың зарын естісе
Не демекшi
Саған ана мына жер -
Маған ана?!
Ұяламын аң аулап бел асқанға.
Түсінбеймін сол үшін таласқанға.
Ұшып бара жатпаса аққу-қаздар,
Ұяламын қарауға көк аспанға!
ІІІ
Арқар атып,
Қалайша тойламақпын?!
Хабар оқып әртүрлі ойға баттым:
Тегi құрып,
Тігерге тұяқ қалмай,
Төзiмдерi бiткен бе хайуанаттың?!
Көрем десен көлге бар,
Далаға бар.
Жердiң де бір уәжі бағаланар.
Аңшы көрсе
Жиналып,
Төбесіне
Шығарыпты саңғуды шағалалар.
Бітсе керек ойланыс,
Толғаныстар.
Қауiп қазiр ормандар,
Ну қамыстар.
Қандары әбден қарайып,
Ашу қысып,
Адам жеуге көшiптi жолбарыстар.
Әшкерелеп сұмдықты жарык түндер,
Жасырады қабағы жабык күндер.
Содан бүлік шығарып,
Кей қонысты
Тып-типыл ғып кетiп жүр алып пiлдер.
Бауырлар-ау!
Кесесiн неңдi қырқып?
Кей орманның орнында қалды бiр түп.
Қонатын жер,
Ұшатын аспан аздай,
Самолетке шабатын болды бүркiт.
Болса болар шаруасы бұрыс кейде,
Түзетуге оны адам кiрiспей ме?!
Туысканның қолынан өлгеніңше
Өзіңді-өзің өлтірген дұрыс дей ме?!
Амалсыздан...
Көрсетiп батыр қылық,
Киттерiң де шығарды ақыр бүлiк:
Өзiн-өзi лақтырып ақ қайраңға,
Өз еркімен өздерiн жатыр қырып.
Алсақ солай барлығын майып етiп,
Тағар бізге Болашақ айып етіп...
Оны ойлайтын ақымақ па?
Той-думанда
Былшылдатып жеп отыр аю етiн!..
IV
Азапты адам бiр кезде желден көрдi.
Аязыннан,
Аптаптан,
Шөлден көрді.
Тiрiлердiн бағасын білу үшін
Еске алған жөн бiр мезет өлгендерді.
Өлгеннен соң күн де жоқ
шуақ та жоқ.
Өлтіргенде ар да жоқ,
Ұят та жоқ.
Оңбағанның артында ұрпағы бар,
Ал мамонттың артында тұяқ та жоқ.
Бәрі-бәрі олардың қырылыпты,
Бiздер мына - бүгінде тірі мықты.
Мамонттарды жоқтауға тиісті адам,
жоқтар болса түбiнде iрiлiктi.
Қаншама аңды өлтiрдiк қамап түзде?!
Сағынады алап күзде.
Қай кезде де
Болуға тиiс ендi
Мамонттардың апаты сабақ бiзге!
Бар тағдырдың тағы да,
Тағы алары.
Өсті мамық,
Терiнiң бағалары.
Мамонттардан дегенмен сүйек қалды,
Басқалардан белгiсiз не алары?!
Бұдан былай адамдар болмақ па абай?!
Безген бақыт оралып қонбақ па оңай?!
Тола жатар орны топастардың,
Мамонттардың орны толмақ қалай?!
Осындайда ақында тiл қышыған.
Жатыр талай бүгiнде жер құшып аң.
Ал ғаламшар жоқтайды мамонттарын
Айырылған анадай тұңғышынан.
Қырдан безбе, бауырым,
Нұрдан безбе!
Жылататын жайттар бар жырдан да өзге.
Жиһан қамын жамылып жоқтау керек
Жердiң өзi жоғалмай тұрған кезде!
Ойлаймыз деп бiр кезде қамын бастың,
Ей, адамдар, достастың,
Қауымдастың.
Асын беру мамонттың керек ендi
Жылын берген сиякты ауылдастың.
Жылататын жайттар бар жырдан да өзге
Қырдан безбе, бауырым,
Нұрдан безбе!
Мамонттарды ел болып жоқтау керек
Мамонттарша жоғалмай тұрған кезде.
V
Ойран салған сайғақтың өрiсiне
Қауіптірек сiбiрдiң бөрiсiнен
Кейбіреулер
Сыйлайды саудагерге
Папка жасап ақбөкен терісінен.
Ми дарымай,
Біреуге пұл дарыған,
Аямайды пұлын ол ұлдарынан.
Былғарыға құмар-ақ сол ұлдардың
Қымбат емес кейбiрi былғарыдан!
Қариды деп ұяттың өртi бiздi,
Біз, әрине, бұзбаймыз сертiмiздi.
Аямайды
Аң түгіл өзіңізді
Алу үшін ондатр бөркiңiздi!
Аңдар бастан кешкенді
Дала кешпек.
Тарих мұңын ертеңге
ала кешпек.
Елiне де,
Ерге де пайдасы жоқ
Ешкi қыздың үстiнде лама бешпент.
Көкпеңбек боп көктемде қыр жайқалды
Бiрақ анау мөлдiрде кір шайкалды.
Крокодилдiң терiсi
Кейбір елде
Сөмке боп жүр қолында бiр сайқалдың.
Жөні бөлек, әрине, жүйелі істің.
Кейбiр завод бiрақ та күйе құсты...
Желкілдеген үкi үшiн
қалды адамдар
Жете жаздап түбіне түйеқұстың.
Қиын болған тағдыры бұл құсыңның.
Қоя алады жасырып қылмысын кiм?!
Аяғында жатады ақсүйектің
Терiлерi барыстың
Ілбiсiңнiң.
Азаматтан,
Ақылды дос ағадан
Не тыңдайды құлағы тосаң адам.
Оған салсаң,
Кәдімгі аң патшасын
Бөстек күйде көресін босағадан.
Кейбіреулер сұмдықты кәсiп көріп.
Жүр бүгiнде базарға тасып тері.
Біздер үшін бұгылар
Сырқыратып
Мүйiздерiн келеді кесiп беріп.
Кiнәлiмiз жасымыз,
Кәрiмiз де.
Зауал болар аңдардың зары бiзге
Әжеміз де кетеді әйел десек,
Адам десек кетеміз бәріміз де!
Әй, адамдар-ай!
VII
Мына қыры қазақтың,
Ана қыры
Қызыл қырман бүгiнде,
Қала бiрi.
Қайда кетті,
Кім маған айтады ендi
Атыраудың құланы -
Онагры?!
Жер айтады осылай,
Күн айтады,
Күн айтады,
Көңiлдi мұңайтады.
Ақтөбеде бір кезде пiл болғанын
Кiм бiледi бүгінде?
Кім айтады?!
Айла көп-ті адамда
Айла көп-ті.
Айласына талайды айғақ етті.
Қылыш тісті жолбарыс -
Жерлес бiздiң
Айтындаршы, ағайын,
Қайда кетті?!
Жатыр дейсің жаратқан кiмдi ескеріп.
Кұртты ма, әлде өзара күндес бөрi?!
Ажары еді Даланың,
Қайда кетті,
Қайда кеттi қазақы жүндес керік?!
Іздеймiн мен әр бұта,
Әр талымды.
Момынымды,
Тентегім,
Арқалымды.
Кiм қайырып бередi кваганы?
Кiм қайырып бередi тарпаңымды?!
Нысанаға мыктап бiр iлiнгенге
Тiршiлiк жок...
Дүние бүлінген бе?!
Құмырсқалар құрыса,
Оның орнын
Толтыруға болмайды пiлiңмен де!
Қуанышын,
Қайғысын,
Мұңын көріп,
Жылжып жатыр осылай күн ілгері.
Мамонт қана емес кой
Опат болған
Жетiп жатыр мамонттың iнiлерi!
Жарқырап-ақ турганда көктем нұры,
Қасірет пен қайгының жеткен бiрi.
Хайуанаттар ғана ма зәбір көрген,
Хайуанаттар ғана ма кеткен құрып?!
VIII
Жер астынан аң табар,
Балық табар.
Сонда қанша сыр жатыр анықталар?!
Дронт құсап кәдiмгi
Ізiм-қайым
Жоқ боп кеткен ел де бар,
Халық та бар!
Кімде кінә, бауырым,
Кімдерде айып?!
Кімдер одан сорлады,
Кімдер байып?!
Хайуанаттар түгiлi
Дүниеде
Ұлттар ғайып болыпты,
Тiлдер ғайып!
Құлпытастың ежелеп оқыр үстін
Ғұламалар басында отыр iстiң.
Таңба ғана,
Тас қана!
Тiлi де жоқ,
Өзі де жоқ бүгiнде этрустың!
Бiр кездерде шаңдатып айна көкті,
Төңірегін түгелдей майдан етті.
Жер жұтты ма?
Немесе
Көк жұтты ма?
Сол хазарлар бүгiнде қайда кетті?!
Бiлiмпаздар сенiммен қағып төсiн.
Ұлы десiн,
Кемеңгер халық десiн,
Латындардың өзі де ғайып болған
Қалдырып тек тiлi мен әліппесін!
Кейбір халық одан да құр қалыпты.
Мойынға iлiп әлi де жүр қамытты.
Бір балықты бiр балық қылғыткандай
Қылғытыпты бiр халық бiр халықты!
Жауыздықтың қадалып сүңгілері,
Желкеде ойнап мылтықтыі дүмбiлерi,
Жақын қалды құруға,
Жоғалуға
Американың үндіні-үнділері!
Жылдар, жылдар...
Бiр мезет тоқтамастан,
Халық қанша шоқ баскан,
От та басқан?!
Шіркей үшін зар қаққан, ағайын-ау,
Неге?
Неге?
Соларды жоқтамасқа?!
Неге? Неге сол үшiн зарламасқа!
Басқыншыны сөкпеске,
Қарғамасқа!
Әлде мына өмiрде халықтардан,
Ұлттардан да қымбатты бар ма басқа?!
Достарыңызбен бөлісу: |