Л. Н. Нұрланова Қазақ Әдебиеті



бет30/67
Дата04.05.2023
өлшемі1,59 Mb.
#176067
түріОқулық
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   67
Байланысты:
қә 11 1-1

Өрде
1

...Ендi Абайдың сескенгенiн әбден түсiнген Жұмагұл тағы бiр уақыт:


- «Құрсаулы жаудан қорықпаған жүрегім, қайынға барғанда жеңгелерден қорықты» деп Барақ айтқаны қайда? Қорқарын қорқарсың! Бiрақ, әйтеуір, түбі қайыр. Менiң бiлетiнiм сол-ақ, - деп, Абайларды күлдiрiп алды.
Ербол бұған бұрын айтқан тiлегiн қайта айтып:
- Әйтеуiр, қай жерде тәжім ету керек, қай уақытта тұру керек, қай уақытта тымақты кезден алып, кең отыруға болады - бәрiн өзiн айтып отыр! - деп өтiнiп тұр.
Абай Ерболдың ендi басқаша мiндетке ауысқанына қарап, ойланып қалды. Бүгін Абаймен бірге күйеу өтетін тар есiк, тас босағаның бәрiн бұл да өткелі тұр. Соған бар ынтасымен кеткен. Тіпті Абай ойламаган жайдың бәрiн де Абай үшiн бұл ойлайды. Мұнысы да достығы. Абайға бар ынтамен берiлгенi. Бiрақ мынау Ербол мен анадағы Ербол қайда? Бұл қазiр екi кiсi сияқтанып барады. Сонда қайсысы ыстық? Қайсысы қымбат?
Дәл осы кешке шейін Абайға таңдатса, анау Ербол, қызыл өгiзiне мiнiп, тасқын судан Абай үшiн өтіп келген Ербол аспанда тұрғандай жоғары.
Осы жолға ере шыққан күнi Ербол Абайға аса бір өзгеше сәлем әкелді.
Тоғжан мұның Абай қайнына бiрге баратынын есiтiп отырып:
- Ай батқандай қылды да, адастырып кетті ғой! Бiрақ сонда да жолы болсын! Жақсы қызық көрсін, сәлем айт! - депті де, Ербол кете бергенде орамалымен көзiн басып, жылап қапты.
Осыны есіткелі Абай жол бойында бiр сейіле алмады. Өзiн бiр бұйрық қуып, ерiксiздiк әкеле жатқандай көретін. Осындай күйлерде күйеулер тосып тұрғанда бiр шақта сам жақтан күлкi естiлдi. Әйелдер күлкiсi. Келесі секундта көп шолпының шылдыры да жетті. Күйеу алдынан шыққан қыз-келіншек екен. Қалың топ. Ақ жаулықты келiншектер. үкiлi кәмшат бөрiктi қыздар көрінді. Айнала жүгiрген балалар да көп. Абайлар топталып тұр. Жақындай бергенде келiншектердiң алдыңгы қатарында, орта тұсында келе жатқан біреулері:
- Абай қайсы?
- Күйеу қайсы бұл!
- Бәрінің киімі бірдейі несі! Күйеуше неге киінбеген? - десiп, жақындап кеп амандаса бастады.
Абай жаңағы үндердi естігенде сескенiп, қысылып қалды. Енді біраз бойын жинап, күліп:
- Қайсымызды ұйғарасыз, сонымыз Абай болсын! - дедi. Келіншектер күлді де, Абайдың өзiн дәл таныды. Бiрақ тани сала бiр келіншек:
- Қой, шырағым! Тобықты тымағын ауылында киерсің. Біздің ауылымызда күйеу тымағымен жүр! - деп бұйрық бердi.
Осы жайды күлкi етiп, қалжындай бастаған келіншек күйеу киiмiн iздеп, сұрау салды. Жұмагұл шыдамады. Атының қанжығасынан қоржынын шешіп алып:
- Бәсе, ки десем бiр көнбейді. Ал, мiне, үйретіп алыңдар! Бар киiмi мына менiң қанжығамда, - деп, келіншектерге бердi.
Осы кезде келіншектерге ерiп келген балалар күйеу жігіттердің аттарына екіден, үштен мiнгесiп-ап шаба-шаба жөнелісті. Абайдың мiнгенi - ақ жал, сары жорға ат. «Күйеу атымен күл тасы» дейтін әдет бойынша ендi ақ жал аттың көзi ашылмайтыны мәлім.
- Өзі жорға ғой!
- Ойбай, рақат екен! - деп, мінгесіп алған үш бала соқтырып, тайпалта жөнелген. Алшынбай ауылына күйеулер мен барлық қыз-келiншек жаяулап келдi.
Күйеуге арналған үй өзге үйлерден де ерекше, шатырдай аппақ екен. Ішінде жүк, сандық көп емес. Кең болсын деп бос қойыпты. Бірақ үйдің керегелері көрінбейді. Уықтың қарына шейiн жаралай тұтылған ылғи су жаңа жiбек кiлем. Ашық түсті бояулары да, ұсақ шебер өрнектері де үйдің ішіне қызыл-жасыл көрiк берiп тұр. Есіктен төрге шейін жайылған тақыр алаша, манат, мақпалмен оюлап сырған үлкен-үлкен сырмақтар. Соның үстінде қабат-қабат жаңа көрпе, кестелi жастықтар. Үлкен бұйымынан - оң жақта әдемі сүйек төсек тұр. Он бес қатардай жібек көмкерудің үстіне құстөсек, үлкен ақ жастықтар, шағи көрпелер жиналыпты. Көкшiл қызғылт өңi бар шiлтерi шымылдық биiк төсектің жоғарғы жағын перделеп тұр.
Абай осы төсектің алдына кеп отырғанда, екi жағынан Ерболдар отырған жоқ. Балдыздар, құрбы қыздар, қайың бикелер отырды. Солардан жоғары таман Ербол, Жұмагұлдар орналасты. Олар да бiрыңғай екшелеп қалмаған. Орталарына үлкен сырғалы, кәмшат бөрiктi кекселеу қыздар араласып отырысқан екен.
Күйеулер осылайша орналаса бергенде, жаңағы бірге келген келiншектің үшеуi кiрiп кеп:
- Шымылдық, шымылдық түсiр! - десті.
Абай қасындағы ақ құба қыз атып тұрып, атлас шымылдықты сусылдатып түсiрiп жiбердi. Сөйткенше, әлгi келіншектер есiктi шалқасынан ашып:
- Кіріңіз, кіріңiздер! - деп, тысқа дауыс бердi де, күйеулер жаққа қарап: - Ал, балалар! Үлкендер! Енелерiң келеді! деді.
Абай, Ербол, Жұмагұл және қастарындағы бар қыздар орындарынан лезде тұрысты.
Шымылдық түсірулі. Үй ішіне үш үлкен әйел кірді. Ортадағысы Абайдың үлкен енесі - Алшынбайдың әйелi, семiз, қара бәйбіше. Қасындағы орта жаста, ақ сары әйел - Абайдың өз енесі. Түсiптiң қатыны.
- Ал, шешелер, көрiмдiк!
- Көрiмдiк, қане!
- Болмаса, балаларыңды көрсетпеймiз, бетi ұялады! - деп, алғашқы келген келіншектер күлген бойларында, шымылдықтың шетiн ұстады.
- Алыңдар! Көрімдік сендердiкi! Бiрақ бiзге баламыздың жүзiн көрсетiңдер, алыңдар! - деп, үлкен бәйбіше қолына шашуын алды. Сол сәтте атлас шымылдық шалқия ашылды. Күйеулер бұл кезде төмен иiлiп, тәжiм қып тұр екен. Үлкен бәйбіше:
- Өмір жасын ұзак болсын! Алдыңнан жарылқасын, қарағым! – деп шашуын шашты. Лақтырғаны бiр табақ өрік, мейiз, кәмпит.
Өздері осы ауылдың балалары болғандықтан иiлмей, Абайларға күле қарап тұрған қыздар шашуды теруге тап берісті. Күлiсiп, таласып алып жатыр.
- Қадамың құтты болсын! Қызығын ұзақ болсын, қарағым Абай! - деп, Абайдың өз енесі де тiлеуiн айтты. Күйеулердiң жауап айтуы шарт емес. Олар үндемей, сызылып қана тұр.
Сол кезде екi ене жақындап кеп Абайдың бетiнен сүйдi де, көп бөгелмей шығып кетті.
Абай бұл кеште өзінің өзгеше халіне үйрене алмай, қатты қысылумен болды. Ұзын тымақ та көзіне түсіп, терлетіп, мазасын кетiрiп отыр.
Әсіресе қиыны: келген мен кеткен де, есіктен қарағандар да, жабықтан сығалағандар да, мынау жағалай отырған қыз-келіншек те қайта-қайта Абайға қарасып, көздерiн алмайды.
- Күйеу көрікті ме екен?
- Баламызға сай ма екен?
- Қайтiп отыр екен? - деген ылғи бiр бөтен, қадалғыш кездер.
Жiгiттi жiгiт емес, келiн еткендей, елден алабөтен киiм киiндiрiп қойып, көлденең тартып, «Мiне, мынаны көрiндер!» деген сиякты.
Күйеулер үйi аз отырып шай ішкенше оншалык жазылып, жадыраса алмады. Жұмагұл, Ерболдар үй iшiне түгел жететiн қалжын, әзiл айтпай, тек өзді-өз қасындагы қыздармен ғана ақырын, сыпайы түрде тiл қатысып отыр.
Абай бағана үйге кіргеннен бері, өзінің жоғарғы жағында отырған екі-үш сәнді, сұлу қыздардың пішініне көз салып, бір нәрсеге қайран болды. Бұл қыздардың пішіні соншалық аппақ, беттерінің ұшы да дымырақ ашық қызыл реңденіп тұр.
Абай бұл жақтың әдетін білмеушi едi. Қарқаралы маңындағы Бошанның ержеткен қыздары беттеріне опа-далап жататын.
Шайдан кейін күйеулер үйіне Тәкежан, Мырзахан сияқты, бағана бөлiнiп кеткен үлкенірек жігіттер келді. Солармен бірге әншілер, сауықшы жолдастар және осы ауылдың өз жастары да қоршалай кеп қалды. Үй iшi бұл топтар келiсiмен күле жайнап, даурыға көбейіп, әзiлi, күлкiсi молайып, жанданып кеттi.
Күйеуді қоршаған қыз-келіншекте сан жоқ. Бiрақ осындай шат-шадымен думанның тап ортасында боларлық кiсi - қалыңдық болса, Ділдә болса, ол әлi көрiнбеді.
Абайдың бұл келiсi ұрын келу деп, жыртыс сала келу деп, кейде есiк кере келу, қол ұстау деп те аталады. Ең алғашқы келiс осы. Өзге келiстердей емес, күйеу бұл жолы алғашқы күндерде талай нәрсеге көндіге білу керек. Сол өзгешеліктің үлкенi - қалыңдықты оңай көрсетпеу.
Екi жақтан табысқан ата-ана әуелі осы келудiң үлкен тойын жасау керек. Той оңай емес. Көп қиын қаммен, асықпай iстеледі. Сол тойдың артынан барып қана қол ұстау кешi болады.
Сөйтiп, Абай алғашқы күн ғана емес, тағы екі күн өткенше де өз қалыңдығы қандай екенiн, кім екенін көре алған жоқ, бiлген жоқ.
Бұлар келген күннің ертенінде Ербол ғана барып, Ділдәға амандасып, жүз көрiсiп қайтты. Қалыңдықтың түсiн, отырысын Ербол айтқысы кеп едi. Ол өзі Ділдәның ажарына қатты ырза боп, сүйсiнiп келген. Бiрақ Абай айтқызбады. Сөздi басқа жаққа бұрып кетті.
Жастарды күттірген той Абайлар келген соң үшінші күнде болады. Бұл күні Абай отырған үйге келiп кеткен қатындардың саны айтып болғысыз мол еді. Таңертеннен берi әлденеше топ бәйбiшелер, қыз-келіншектер, ұрысқақ, тентек жеңгелер өтті. Бәріне сызылып сәлем етуге Жұмагұл мен Ербол жалыққан жоқ. Абайды үнемi қайта-қайта:
- Ал тұр!
- Ал келiп қалды!
- Ойбай, ана кiсiлердi қара! - деп, ылғи үркітіп тұрғызып, тәжiм еткiзумен болды.
Күйеу үйi бұл күнi үздiксiз шырқаған ән, мәз-мейрам күлкі. дамылсыз шашу. Тоқтамай әкелiнiп жатқан қымыз, шай, жиюсыз дастарқан болатын.
Мезгіл түске тақай берiп, жастар еттерін жеп болған кезде, тыстан:
- Той! Той басталды!
- Атқа, атқа қоныңдар! - дескен үндер келдi.
Абай мен барлық осы үйдегі еркектер тысқа шығысты. Күйеулердің аттары тегiс ерттеулi, кермеде екен. Атүсті ойын-сауықты көп жұртпен бірге көру үшін күйеуге де рұқсат етілетін. Қыз-келіншектер ауылда қалып, Абай өз жолдастарымен он-он бес кiсi боп белек аттанып, әрлi-берлi жүрген қалың топтан оқшауырақ шығысты.
Күйеулер мен құдалар жағы ерте сайланып, ерте аттанған екен. Абай Алшынбай ауылынан сыртқарырақ шыға берiп, Ерболмен бірге оңашарақ тоқтап, мынау кең жазықтағы ауылдардың қонақ күткен көрiнiсiн тамаша қылды.
Бұл той Алшынбайдың үлкен той етем деген бір мерекесi екен. Жиылған қонақтардың аттары топ-топ. Үйiрiм-үйiрiм қара нөпiр боп көрінеді. Жалғыз сол аттардың өзі де бiр қос жылқыдай. Әсіресе үлкен белгi тойға тiгiлген үйлер. Солар саны елу-алпыс. Алшынбай ауылынан бір шақырымдай жоғары, қалың көк шалғынның ортасына ұзыннан-ұзак екi қатар боп тігіліпті. Ас пісірген жер ол үйлердiң маңында емес, жаңа Абайлар шыққан ауылдың шетiнде. Қазiр сол ас басынан анау алыстағы қонақүйлерге қарай күтушілер жосылып жатыр. Күтушiнiң бәрi де ат үстiнде. Бастарын ақ шытпен керте байлап алған аспазшылар - жиырма шақты жiгiт.
Бір өзгеше салтанаты осы жігіттердің бәрi де жорға мiнiптi. Аттары қан сорпа болған, өңшең желқайықтай жылмаңдаған жараулар. Сол жиырма кiсi күтуші қонақүйлерге қарай Алшынбай ауылынан ағыза жөнелiседi. Қолдарына қос табақ алған жігіттер, тiзгiндерiн ауыздарына тістеп алыпты. Арттарында егде тартқан жай шапқыншы сияқты үлкен күтушілер бар.
Олар табақшылардың атын қамшылап айдап, қуып отырады. Ыңғайлы, шапшаң табақшылар ат үстінен көсiлтiп кеп, табақтарының сорпа-тұздығын төкпестен ұсынып, қонақүйлердiң алды-алдына тұра-тұра қалысады. Үй алдында тұрған нағыз күтуші ақсақал, қарасақалдар сол табақтарды шапшаң алып, үй iшiне сүңгiтiп жатыр.
Сөйтіп, қазаннан жаңа түскен ет, бiр қолдан бiр қолга лып-лып етіп, салқындамай, тоңазымай лезде жетiп тұр.
Қонақүйлер дағды бойынша көп жеді. Сол үйлер мен асүй арасында жиырма табақшы бiр емес, екi емес, талай рет жорғаларын асыға тайпалтқан еді. Бұл сыйдың басы Абайлар тысқа шықпай тұрып басталса, ендi бұлар тыста көп уакыт тосып тұрган кезде де аяқталмай, бітпей жатты.
Қонақүйлердiң iшiнде әр жерге орнатылған емiзiктеген сабаларды бұрап болып, жаңағы табақтарды құрғатқан кезде ғана тойшы халық аттарына мiне бастады.
Тыстағы ойын: атшабыс, көкпар, серке тарту, теңге алу, балуан күрестіру - баршасы да осы күні болды. Ойын бiтiп, күн бата тарқар кезде, Алшынбайдың тойынан қайтқан көрілер:
- Тойы той-ак болды!
- Әкелген қалыңмалына сай Алшынбай да көл-көсiр кылды!
- Күйеу келген той дәл бiр астай болды, не кыл дейсiн? десіп, мактасып қайтқан.
Осы күні кешке Абай ең алғаш рет қалыңдығын көрді.
Күйеудің үйіне бұл кеште халық сыймай, кернеп кеткен. Қазір мұнда Алшынбай, Ұлжан, Ызғұтты бастаған екi жақтың үлкендерi, бас құдалары лық толы. Абайлардың алдына шымылдық түсiрiлiп, үлкендерден жастар жағын бөліп тұр.
Үй iшiнде сөйлесе де, күлсе де, ашық үн қататын сол - төрдегi үлкендер. Шымылдық iшiнде тек сыбыр мен ақырын күлкi ғана бар. Онда да өз ауылына еркiн қыздар күледi.
Осы жаймен бiраз отырған соң, есiк жақта үлкен қозғалыс басталды. Босағаға жақын отырған келіншектер түрегеліп, шымылдықты есікке қарай созып тұрған уақытта, тыстан бiр топ қыз кiрдi. Солардың ортасында басына қызыл жiбек шапан жамылған, бетiн түгел бүркеп алған қалыңдық бар.
Абайлар Ділдәның бойын ғана көрді. Ол кебiсiн шешiп жатканда сырт сымбаты талдырмаш, бiрақ аса сұңғак бойлы, биік көрінді.
Абайдың төменгі жағынан орын босатылған-ды. Қалыңдық осы араға келіп, шапаның басынан алмай, күйеуге азырақ сырт берiңкiреп, қырындау отырды.
Абай амандасармыз деп ойлап еді. Қалыңдық бетін бұрған жоқ. Сондықтан екеуі амандаса да алмады.
Ділдә келiсiмен ас жасалып, тер де, шымылдық iшi де ас жедi. Бiрақ күйеу мен қалыңдық көп дәм татқан жоқ. Сол астың артынан төрде отырған, түсі Абайға көрінбейтiн бiр молда неке оқыды. Суық су құйған бiр кесе төрдегi жұртты жағалап кеп, Абайға ұсынылды. Абай ұрттады да, Ділдәға бердi.
Осының артынан екi жеңге ақырын күлiсiп кеп, Абай мен Дiлданың алдына қарсы отырып, екеуiнiң де оң колдарын алып, біріне-бірін ұстаттырды.
Екi қолдың арасында бiр қабат сусылдаған жiбек жүр. Сол арқылы ұстатады екен. Абай Дiлданың жіңішке саусақтарын көбірек ұстап кап еді. Алдында отырған бiр жеңге ақырын мысқылдап, Абайдың қолын тарта берiп:
- Тоқта, жабысып қапсын ғой! Берi кел! Шаш сипа! - дедi. Жақын отырған қыздар күлiп жiбердi. Жеңге Абайдың қолын өзi көтеріп апарып, Дiлданың арқасындағы қос бұрымына тигізді. Әлі де Абай қолының астында жаңағы жiбек жүр. Сол жiбекпен Абай бiр-екi рет сипап өттi.
Қол ұстату, шаш сипату деген атақты ырымдар - осы. Шашсипардың алдында күйеу жақтан берілетін үлкен сыйы болады. Жаңағы Абайды мысқылдаған ашық жеңге сол шашсипарды Ұлжаннан бір сыбаға қып алған екен.
Некекияр мен той салтының бәрi өткен соң, үлкендер тегiс дауыстап бата қылысты да, жалпыға айткандай боп:
- Қайырлы болсын!
- Ұзақ қызық болсын!
- Құтты, құтты болсын! - десті. Шымылдық арқылы Абай мен Ділдәға айтқан ата-ананың тілектерi едi. Осыдан соң барлық үлкендер қауырт көтерiлiп, шығып кетті.
Олардың артында iркiлiп қалған жастар да, бұл кеште көп отырмай, ерте тарасты. Күйеу, қалыңдықты оңаша қалдырудың қамы сияқты.
Абай әлі күнге Дiлдәмен тiл қатысқан жоқ. Бiр-бiрiнiң жүздерiн де жақсылап көрiскен жоқ. Жалғыз-ақ, есіктен келiп, шымылдық iшiне кiрiп, Абай қасына отыра берерде ғана Ділдә өз бетін ашпай, Абайды сығалап көрiп қалған. Онда да бiр-ак сәтке көрген.
Үй iшi сейіле бере, жаңағы шашсипарды алған жеңге Абайға:
- Жә, ендi бiз төсек жайлаймыз. Сен біраз тысқа шығып сейiлiп кел! - дедi.
Абайға бұл сөз біртүрлі түрпідей тиген қатты тұрпайылық сияқты көрiндi. Бiрақ бөгелген жоқ, атып тұрып, тысқа шығып кетті. Үй маңынан барлық жұрт арылыпты. Күйеужолдасы Ерболдар да кетіп қапты. Абай жалғыз. Түн жарық емес, бұлты бар ма, тастай қараңғы екен. Күйеу жiгiт жапа-жалғыз аяндап, ұзаңқырап бара жатты.
Ділдә да жолдас қыздарынан арылған. Жаңағы екі жеңгемен бiрге қалған еді. Оны бiр жеңгесі ертіп, бөлек шығып кеттi де, екiншi жеңге үлкен төсекті бұзып, шымылдықты түсіріп, орын сайлай бастады. Дiлдәны ертiп шыққан ең жақын жеңгесiнiң бiрi болатын. Ол қалыңдықты құшақтап ап:
- Ал, еркем, күйеу қалай екен? Ұнаттың ба? - деп сұрады.
Ділдә қымсынған жоқ:
- Қайдан білейін? Бір жуан қара ғой! - деп, ап-ашық қомсынғандай сөйледі.
- Қой, байқамағансың ғой. Қара торының әдемiсi ғой! - деп, жеңгесi жұбаныш айтты.
Жалғыз кеткен Абайдың көңілі қазiрде біртүрлi енжар. Жүрегiн әлдеқандай реніш, өкiнiш басқандай. Өзінен-өзі суық тартып, суық түсiп, жүдеңдеп барады.
Барлық осы күйеулiк жайын лезде қайта шолып өттi. Мол дүниемен, салтанат, нөкермен құда, күйеу боп келісті. Мұнда да қонақасы, күтiм, той-жиын, сән-салтанат олқы емес. Өңшең ынтымақ. Мол тілек, жағалай бата. Бәрі де кім үшін? Екі жастың бары, қызығы үшін дейдi. Бiрақ ендi бағып қараса, олар үшін емес. Сол үлкендердің өз ойларындағы сыпайылық, сыйластық дәстүр үшін...
Абайдың оқыған кiтабы көп. Ғашық дос, асыл жар дегендер бұның әлі күнге дақсыз келген жүрегiне соншалық бiр биiк, пәк заттай көрiнетiн. Шұғыласына тал бойын ұйытқан, ой-қиялын сондайлық мүшкiл еткен Тоғжан өзі қаншалық алыста. Бұлт құшқандай шарықтап елестемеушi ме еді?
Ендiгi бұның жары осыншалық сөлекет ырымдар, үйреншiктi дәстүрлер ішінде бұған соншалық арзанға келгені несі? Екеуiн малша табыстырып тұрған қолдар не деген сөлекет?
Неткен сезiмсiз, тұрпайы? Абай осы ойларға жеткенде көңілі қатты жабығып, іштегі қиял мекенi ойран-асыр боп құлағандай көрінді. Жүректе де әлдебір нәзік сұлу шырақтар күрсініп өшкендей болды. Аяғы қайда басқанын байқамағандай екен. Сыбдыр есітті. Қараса, бағанағы жеңгенiң бiрi iздеп кепті...
Осы күннен соң Абайлар Алшынбай ауылында он бес күн жатты. Ұлжан он күн өткен сон қайтып кетті де, күйеулер бес күндей кейiндеп барып аттанған.
Айырылысар кезде Абай мен Ділдә бiр-бiрiне үйреніскен болатын, оқта-текте қалжыңдап та отырысады. Ділдә Абайға сүйкімді, сұлу көрінді. Абайдың пiшiнiне Ділдә да үйренді. Бірақ іштей екеуі де бір-бiрiне қабыспайды, салқын күйде қалысты.
Үлкендер зор меженiң бiрi деп бiлетiн өмір белі ұрын бару болса, Абай содан асты. Бірақ жас жүрегіне жалынды от қосып қайтқан жоқ. Қайта бірқатар жарықшақ, ақау салып, көңілмен әлдеқандай мосқал тартқандай боп қайтты.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   67




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет