Сәлима. Құрысын бүйткен әні мен сөзі. Еркіннен аулақ!
Қайрат. Еркін. Әке! Өзіңмен бір рет соғыстырып ішер ме еді! Әкесімен бірге бір дастарханда отырып, арақты бірге сыңғытып жүргендерде арман бар ма екен, шіркін!
Сәлима. Арманының түрін! Не құрыса, арақ құрысын! Әкең енді қайтіп тірілмейді, онымен соғыстырып іше алмайсың. Дастарханда балаңмен бірге отыр. Ол үшін Фатима екеуің өмірге перзент әкеліңдер. Еркіннің оты өшпесін!
Қайрат. Фатимаға кім бала тума депті?! Өзі білсін. Маған бәрібір. Өмірге келген адам өмір сүрсін, келмегенді аңсаудың, армандаудың қажеті қанша?
Сәлима. Ойбай-ау, елдің бәрі перзентке сен құсап немқұрайды қараса, қара жер қаңырап бос қалмай ма?!
Қайрат. Бос қалмайды. Бақытты тек бала деп білетін ақымақтар таусылған жоқ әлі. Солардың бірі сен екенсің, неге тумадың өзің?