Фатима. Сен білсең етті, адамға баладан асқан бақыт жоқ!
Қайрат. Онда ту.
Фатима. Арағыңды қой, адам қатарына қосыл, туамын.
Сәлима. Бәсе десеңші.
Қайрат. Тапқан екенсіңдер ақымақты. Ел арақтың өзіне ақшаны өлдім-талдым деп әзер тауып жүрсе, бала-бала деп тақылдайды ғой-ей бұл екеуі. Жоқ, тапқан-таянғанын улап-шулаған баласының аузына тосатын ақымақтарың мен емес. Бала – артық ауыз, аяққа оралғы, масыл.
Сәлима. Шаруаң біткен екен. Арақ жеп қойған екен мұның миын!
Фатима. Айтпаңыз тегі.
Сәлима. Сенің де сөзің ұнап тұрған жоқ маған. Бала туу, тумауды талас қылу – қызыл империядан қалған кесел. Орталықтың мақсаты – бұратана халықтың санын өсірмеу болатын. Ол саясат Одақпен бірге опат болмап па еді, сендер оны несіне ұстанып жүрсіңдер әлі күнге?
Қайрат. Жаман әдет – итжанды.
Сәлима. Фатима, өтінемін, бала көтер! Бала туу, ұрпақты жалғастыру – әйелдің адамзат алдындағы бірден-бір қасиетті борышы.