Сәлім. Володя, қояйықшы осы әңгімені.
Владимир. Қоймаймыз. Мен сізге біраз нәрсенің басын ашып алғалы әдейі келдім. Сөйтсем, мынандай шатаққа ұрыныпсыз. Сіз айтыңызшы, әкем қазақ бола тұрып, неге менің есімім қазақ емес.
Сәлім. Ол – менің қайғым, қасіретім. Есіміңді қазақша қоймаймын деді дейсің бе, жоқ, шешең қойғызбады. Менің саған қойған атым – Бақыт! Оны ести салысымен шешең жатып тулады. «Менің әкемнің есімін береміз, Сергей қоямыз атын» – деп қасарысты. Екеуміз алғаш рет жүз шайқастық. «Онда бұл Владимир болады. Владимир – ұлы көсеміміздің есімі. Сен не, Владимир Ильич Ленинге қарсысың ба?» – деп жабыса кетті шешең. Есі дұрыс адам Ленинге қарсы болған ба ол кезде, жым болдым. Сен Владимир атандың.
Владимир. Жарайды. Орынды себеп екен. Енді, ең болмаса, қызыңызға қазақ есімін бермедіңіз бе?