Сәлім. Соны білсемші, қап!
Владимир. Өкінбеңіз. Мамам мені өз ұлтына қаншама тартса, мен соншама қазақ бола түстім. Міне, енді ақырында Ресей әскерінде қызмет еткім келмей келіп тұрмын мен сізге.
Сәлім. Жаса, балам!
Владимир. Мен қазақ болмас бұрын қазақ елі, жері туралы біраз оқыдым. Қазақ: «Патшалық самодержавие бізді бұратана деп кемсітті, езді, ал, Кеңес өкіметі теңдікке жеткізді, жарылқады» – деп даусы қарлыққанша айқайлаумен болған халық екен. Ал, шын мәнінде, ол орыс та, бұл орыс та еш халықты өзіне тең тұтып көрген емес. Тіптен жарты қаным, жарым түрім, түгел тілім орыс мені де түртпектейді.
Сәлім. Расында да, әбден сорлаған халықпыз – біз. «Аврораның» қуатты үні, қазан төңкерісінің нұрлы шапағы арқасында феодализмнен капитализмге аттап өтіп, социализмге бір-ақ топ ете қалдық» – деп соқтық. «Ұлы орыс халқы, оның озық ойы болмаса, тағы болып, босып, көшіп жүрер едік. Орыс ағамыздың тікелей қамқорлығы және көмегімен отырықшылыққа жеттік, жерімізге зауыт, фабрика орнады, пойыз жүріп, ұшақ самғады. Тың көтеріліп, ғарышқа жол тартылды» – деп сарнаумен өмір өткіздік. Ойлап қарасаң, мұның бәрі – өмірдің өз өсу заңы. Өмірдің тас дәуірде тұрақтамағаны, мұжықтың шәркей киген қалпы қалмағаны сияқты, біз де киіз үйде тұра бермейтін едік. Осы күйімізге орыссыз да жететін едік.
Владимир. Әрине, солай. Қайта коммунистік, шын мәнінде, орыстық идеямен уланбаған елдер ерен дамыған.
Сәлім.Амал қанша, коммунистік тоталитарлық империя, оның саясатын сарнап санаға құйған мәскеулік басшылар іліп алар атаулының бәрі – біздің жақсылығымыз деп түсіндіріпті. Аңқаулық па, қорқақтық па, әйтеуір біз, қазақтар, бәріне мақұл болып, бас шұлғи беріппіз.
Владимир. Жалғыз қазақ емес, орыстан басқа халықтың бәрі сөйткен: орысты мақтап, өздерін даттап күнелткен.
Сәлім. Мен қуаныштымын! Көп нәсені түсініп қалыпсың, ұлым!