Жамал. Ой, алла – ай, мына шіркін қалай қайырады – ей.
Рауза. Адамды кекетіп – мұқатпай-ақ сөйлесеңіз қайтеді? «Шіркін» деп шірік қылғанша, құдағи десеңіз болмай ма.
Жамал (кергіп). О, шіркін, біз сенен қашан қыз алып, сен бізге қашан қыз беріп, құдағи болып жүрсің?
Рауза (өзіне-өзі разы кейіппен). Сіз әлі білмейді екенсіз, ендеше, құлағыңызға құйып алыңыз, қазақтың руы бөлек еркектерінің бәрі – бір-біріне құда, әйелдері-құдағи.
Жамал (таңданып). Мұнысы несі тағы?! О заман да, бұ заман қыз алып, қыз берген адамдар ғана құда – құдағи болмайтын ба еді бір-біріне.
Рауза. Білсеңіз, қазақта бір-біріне қыз беріп, бір-бірінен қыз алмаған ру жоқ. Сіздің балаңызға мен қыз бермегеніммен, біздің таманың жігіттері арғынның талай аруын қатын қылып отыр.
Жамал. Арғынның балалары тізесін құшақтап жатыр деп кім айтып жүр саған, біздің елдің келіндерінің көбі – таманың қызы.