Сағымкүл. Апа-а...
Рауза. Дұрыс, қарағым, апаңа қабағыңды шытқаның. Апаң облыстың әкімін басқа жаққа ауысатын болыпты деп айтып алып, енді соны жуып-шайып, құдайға пұшайман болып отыр.
Сағымкүл. Оған асып-сасатын түк те жоқ, әкім кеше кетіп қалған.
Жамал. Оны неғып айтпай жүргенсіңдер апаларыңа?
Сағымкүл. Елдің солығы басылсын дедік.
Рауза. Қайда кетті енді?
Сағымкүл. Келген жағына, өз облысына.
Жамал. Барсын. Қаптатып ертіп келген мүриттері қайтер екен, шіркіндер?
Сағымкүл. Қайтеді, кетеді. Алды күні бұрын кетіп те қалған.
Ұлтуған. Кетпесе, одан әрі, өзіміздің балалар да жетеді. Жоқ, ә, деймін, сол облыстың отары болып біттік қой тіптен. Әкетсін адамдарын, босатсын облысымызды.
Жамал. Рауза Оразғалиевна-ау, мына кісі не дейді? Бізге де кетіңдер, дер, мүмкін?
Рауза. Жоқ, демейді. Біздің біріміз бай деп, екіншіміз қызмет деп келгенбіз. Ал, олар жесек деп келген. Жеді, тойды, барсын енді.
Сағымкүл. Оқыған апалар осы екен ғой, сөздерініңіздің бәрі рас. Ғажап.
Жамал. Сағымкүл-ау, жарысып сөйлейміз деп сұрауды ұмытып барамыз, әкім қайдан келді?
Сағымкүл. Ешқайдан. Жолбарыс Ақылбаевич болды жаңа әкіміміз.
Жамал. Қайтіп болды, ол осы облыстың баласы сияқты еді ғой.
Рауза. Онда тұрған не бар? Елді жөндеп басқарса болды да.
Ұлтуған. Басқарады. Атасы ел басқарған, қол басқарған жігіт – ол.
Рауза. Қайдам, рушыл біреу болып шықпаса бопты да әйтеуір.
Жамал. Әкімді құртатын сол – рушылдық. Қарапайым халыққа рудың түкке қажеті жоқ. Ол – биліктің көзірі, сыбайластықтың көзі, ешқандай қоғамдық құрылыс індете алмай келе жатқан індет. Ең пәлесі – адамдарды руына қарап өсіру, өшіру.
Ұлтуған (Сағымкүлге). Сен айналайын, жұмысыңа бара бер. Мұндай қу сөзді бізге қалдыр.
Сағымкүл. Әй, қайдам, қу сөз емес, шын сөз бе деймін бәрі.
Жамал (Ұлтуған мен Раузаға бір-бір қарап). Біз – орынтақтан түсіп, орындықта отырған адамбыз, бірақ бізді есептен шығарып тастау – ерте. Біз – қоғамдық пікірдің көрінісіміз. Ана кеткен әкімнің қарттарды әңгімеге тарта беретінінің сыры осында. Біздің өміріміз – адамның кәдімгі табиғи өмірі.
Достарыңызбен бөлісу: |