Рауза. Оны сіз білесіз?
Жамал. Қайтіп?
Рауза. Сіз – бұрынғы идеологсыз.
Жамал. Бұрынғы иделогия мұндай қорқауды директордың орындығында бір күн де отырғызбайтын, басын қағып алатын.
Кейуана. Қазір – осы, тайрандатып қойған. Шотай, жүр, кеттік.
Шотай. Жүріңіз.
Кейуана мен Шотай кетеді.
Рауза. Рас болды ма екен мына екеуінің айтқандары?
Жамал. Қазақты құдай ұрған екен!
Рауза. Қойыңыз, түңілмеңіз сонша!
Жамал (ашуланып). Рауза Оразғалиевна, мен қарттар үйі десе, аза бойы қаза болатын әлде кім емеспін. Жоқ, қарттар үйі керек, бұл – біздің мемлекетіміздің гуманизмінің әйбат көрінісі, асырап-сақтаушысынан айырылған, барар жері, басар тауы жоқ кәрі адамға қарттар үйі – жұмақ мекен. Елбасы мұны жақсы біледі, үкімет жеткілікті қаржы бөліп отыр. Бүлдіретін жергілікті жер. Қарашы енді, мемлекеттің қайырымдылығы арқасында қалт-құлт етіп жүрген қарттарды қанап жатқанын!
Рауза. Қайтесіз оған жаныңызды қинап, қазір үлкеннің де, кішінің де ойлайтыны: алсам, жесем, байысам.
Жамал. Тамағыма қылқаны кетер деген біреуі жоқ. Адамның жаппай араны ашылған заман.
Рауза. Параға да, сыбайлас жемқорлыққа да апаратын пәле, - аран. Араны ашылған адам – айдаһар.
Жамал. Жоқ, сүлік. Айдаһар көрсетіп қылғытады, сүлік білдірмей – бүлкілдетіп сорады.
Рауза. Сүлік деген айналайын ғой, томпайып тойса, топ етіп түседі де қалады. Парақорда тойым жоқ. Оған басқа теңеу іздеп көрсеңіз қайтеді?
Жамал. Немене, мені бір мылжың жазушы деп пе едің, бір нәрсені, келсін-келмесін, екінші бір нәрсеге теңеп жататын. Абай атам : «Сұр бұлт, түсі суық қаптайды аспан» деп керемет сурет салған, Көзіңе өмірдегідей елестейді. Ал, осыны қазіргі жазушылар: «Сұр бояуға матырылған түйенің шудасындай сұр бұлт, аязды күні өлердей тоңған адамдай түсі суық бұлттар аспанға тұтаса қаптап жиналып жатыр» – деп суреттейді. Көрдің бе, артық әсірелеу сөздің құтын қашырады. Парақорды ешкіммен теңеудің қажеті жоқ, парақор десе, жетіп жатыр, ел оның кім екенін біле қояды.
Рауза (айтқанға тоқтағысы келмей). Білуін біледі ғой, бірақ оның адамға, қоғамға келтірер зиянын зерделей алар ма екен? Меніңше, параны да, парақорды да не бір құбыжыққа теңеп айта беру керек – айта беру керек.
Жамал (ашуланып). Зерделейтін, теңейтін не бар, қоғамның өзегіне түскен жегі құрт – бұл пара. Оны алатын адам – парақор, одан туындаған індет парақорлық. Жұрт сияқты пара да жеті ағайынды, олар – сыбайлас жемқорлық; рушылдық; арсыздық; намыссыздық; мейірімсіздік; имансыздық; тойымсыздық. Осының – бәрі халықты аздыратын ауру.
Достарыңызбен бөлісу: |