Тантай (безеріп). Бар! Байғұс!
Шымылдық.
Әрқилы ойлар
Адам ойсыз күн өткізбейді. Көңіл қалықтап, небір ойға бөлейді. Бір ой бар, келді, кетті, із-түссіз жоғалады, бір ой бар, қайта-қайта орала береді, көкейіңнен кетпейді. Аяқ астынан болмашы нәрседен тұтанып, кең өріс алып кететін ойлар да бар.
Мен солардың кәдеге жарар-ау дегендерін тәлімді тәмсіл етіп жаздым. Мұндағы мақсат - мен білгенді ел білсін, білетіндері есіне түсірсін, жастар ғибрат алсын.
Неге екенін білмеймін, маған киноларда жылқының кісінегені, дұрысы жылқыны кісінеткені түрлі ой салады. Бала күнімді ат үстінде өткізген маған жылқы жарықтықтың тегін кісінемейтіні жақсы мәлім.
Жан-жануарлардың бәрінің тілі болады, деседі. Әлбетте, біз оған сенбейміз. Дегенде, олардың өз қуаныш-қайғысын, жақсы көру-жек көруін, көңіл-күйін, сезім-түйсігін білдіретін «тілі» бар. Бұл ретте жылқының жөні бөлек, ол - «тілге» бай.
Жылқы «тілін» білген адам жоқ. Сонда да жылқы үнінен көп нәрсені аңғаруға болады. Жылқы ештеңе айтпағанымен, адам бәрін ұғуы керек. Жылқының тілі — кісінеу, оқырану, пырылдау, шұрқыру.
Менің айтпағым - өнер туындыларындағы жылқы «тілі». Бірден айтайын: киноларда жылқыны кісінету кісінің жынын келтіреді. Заты, асау жылқы болмаса, жуас жылқы сирек кісінейді. Ал, аттың кісінегенін өз басым естіген де, көрген де емеспін. Ат деген сөздің бір синонимі жуас болса керек. Өгіз де, атан да сол. Өгіз өкірмейді, атан ашуланбайды.
Осыны өнер адамдарының, әсіресе, режиссерлардың неге білмейтіні таңдандырады. Аттың қарасы көрінген екен, жылқының кісінегені жазылған пленканы қосады. Жылқы тектен-текке үн шығармайды. Жылқының кісінеуі - сағынышы, қуанышы, аңсауы, іздеуі. Кісінеуге жас жылқы бейім. Мініс аты, мама бие көп нәрсені елең қылмайтын, желікпейтін егде адам тәрізді. Жылқының қандай жағдайда қалай кісінейтінін малсақ қазақ жақсы білген. Айғырдың үйірін аңсап, арқырап, құлынның енесін іздеп шырқырап, асаудың аталастарынан айырылып бара жатқандағы аянышты кісінегені адамға тілсіз-ақ түсінікті. Биенің құлынын еміренгені, аттың иесінен жем-шөп сұрап оқыранғаны тіл қату емей немене. Осы үннің бәрін жылқының кадрлардағы қимыл-әрекетіне, көңіл-күйіне қарай үйлестіріп салу керек. Өнер туындысы сонда өміршең болады.
Бір ғажабы, шетел фильмдерінде бұл жағы жақсы ескеріледі, ал бізде жылкының қарасы көрінді екен, аты-жөні жоқ, кісінете береді.
Жылқыны тағы бір қорлау да осы кинода. Қазақ - аттың құлағында ойнайтын халық.
«Ат - ер қанаты».
Біздің кинолардағы аттың сыйқы құрысын. Киношылар бір ауылдың тұсына келіп, шатырын тігіп, жылқы бар кадрларға қойшылардың атын тегін мініп түседі. Масқара! Ағып келе жатқан аттың астына түсіп, үстіне шығатын әбжіл жігіттеріміз қой торы мініп қопаңдайды. Ұяттың ұяты!
Ал, Голливудтың немесе Еуропаның фильмдеріндегі жігіттердің сүліктей жарау аттарымен ойпаң жерде орғытып, қырлау жерде қарғытып шапқанын көргеніңде ішің удай ашиды.
Қазақтың қазанаттары неге түспейді біздің жігіттердің тақымына?!
Көңілге медеу етсек, Бекежанның қара атын, Бақтығұлдың сүлік қарасын атармыз. Ал, қазақтың әр жігітінің маңдайына басқан бір аты болған. Қазақ экранға атпен шыққан екен, қазақ болып шықсын!
Қазақтай атқа соншама жарасымды, қонымды бола кететін адамды өз басым білмеймін. Қазаққа бір маңайласа, қырғыз маңайлар.
Ат та, оны ойнақтатып мінер жігіт те бар бізде. Бар пәле барымызды ұқсата алмай жүрген киношыларда. Оған көз жеткізгіңіз келсе, «Батыр Баян» фильмін көріңіз.
Міне, бұл нағыз қазақтың фильмі!
Айналайын Жұмахан - Баян келіскен торы атпен бір-бірінен айнымайтын екі көк ат мініп қашқан інісі Ноян мен қалмақ қызын қуады. Әсем Көкше етегінде, байтақ Баянауыл баурайында торы аттың сыпыра шапқаны, қос көктің құсша қалқығаны адамның айызын қандырады!
Жұмахан Әбдіқадыров - нағыз жігіт, атқа отырысы-ай, қандай жарасымды, нық, торы мен қос көк шын тұлпарлар ғой, сілтестері-ай, шіркін.
- Көп жаса, айналайын Жұмахан!
* * *
- Көп жаса!
Бұл - бір жақсы бата.
Біз енді бата беретін жасқа жеттік.
Тәубе!
Адамның жасына жетпей бата бергені келіспейді-ақ екен.
Сонау бала кезде сондай бір ыңғайсыз жағдайға тап болғаным бар. Есіме түссе, әлі ұяламын.
Әдебиет сүйер қауым жақсы біледі, талантты жазушы Қарауылбек Қазиев екеуміз түйдей құрдаспыз, бір ауылда, бір көшеде өскенбіз.
Сегізінші сынып оқып жүрген кезіміз.
Бір күні Қарауылбектің үйіне барсам, шешесі екеуі ет жеп отыр екен.
Ерекең (әкесін соғыс жұтқан Қарауылбек, шешесі Ермекті «Ереке» дейтін, біз де солай деп кеткенбіз) мені асқа шақырды.
Ет желініп болды.
Ерекең жанында тұрған шәугімді қолына алып, кірленді өзіне жақындатып:
- Ал, келіңдер, қолдарыңды жуыңдар,- деді.
Мен қолымды жуып болып:
- Жасыңыз ұзақ болсын!- деп бата бердім.
Қарауылбек күліп кеп жіберді.
Ерекең де мырс етті. Сөйтті де мені аяды білем, Қарауылбекті зекіп тастады:
- Қой, әрі! Әлдихандікі дұрыс, су құйған адамға бата беру керек.
Қарауылбектің күлкісі сап тиылды.
Зіңгіттей-зіңгіттей екі бала тұрып, қолымызға үлкенге су құйғызғанымызға екеуміз де ыңғайсызданып қалып едік.
Батаны үлкен берсін жас қуансын. Бата сонда жұғысты болады.
* * *
Киношылар мен театршылардың қазақты оңдырмаған тағы бір қылығы әлсін-әлсін ойыма орала береді.
Ертеде қазақтың ер азаматтары шаш қоймаған. Мұны өнердің маңайында жүргендер жақсы білген. Оларды сахнаға шашсыз шығару керек. Ал, әртістердің шаш қоймайтыны жоқ. Міне, осы жерде өнер иелері бұрынғының адамдарын «тақыр бас» қылудың амалын оп-оңай ойлап таба қойған. Оларша тақыр бас пен шашты адамның арасы - жарты-ақ кез ақ мата. Ақ матамен шаш басып тұрған басты мықтап бір таңып, сыртынан тымақ, қалпақ, тақияны баса киіп ал да тарта бер - қазақсың.
«Көркемөнер құрбандықты талап етеді», деген бір аталы сөз бар. Мұны ұстанатын біз емес, тағы да шетелдіктер. Олар тақыр бастың рөлін ойнайтын болса, шашын қырғызып тастайды, бұйра басты сомдайды екен, жасанды шаш киеді. Біздің тірлігіміз - ауырдың үсті, жеңілдің асты. Қандай да өнердің нендей де шыншыл, шынайы туындысы жан аяудан емес, жанпидадан туады.
Осыны білсек, қане!
* * *
Өнер туындысының бір де біреуіне немқұрайды қарауға болмайды. Өнер өмірмен біте қайнасқанда ғана шыншыл. Өкінішке карай, өнерде өрен туындыдан өлер туынды көп. Өкініштің көкесі - сол сұрқай шығармаларға көз үйреніп кететіндігі. Ал, мұның өзі ұлтымызға немқұрайдылыққа ұласса, мәнтүрттік, әне, сол.
Менің бұлай ашына сөйлеуіме себеп - ТарМУ-дің акт залына ілінген Абай мен Жамбылдың портреттері.
Осы залда профессор Мекемтас Мырзахметұлының туғанына 75 жыл толуына арналған ғылыми-теориялық конференция өтіп жатты. Залда отырғандар ішінде басқа облыстардан, көрші республикалардан келген қонақтар да бар еді. Солардың бірі - ташкенттік қазақ ғалым Қалдыбек Сейданов Жамбылдың портретіне қарап тұрып, қасындағы адамнан:
- Анау кім?- деп сұрады.
Көзі үйреніп кеткен жамбылдық ғалым:
- Жамбыл,- деді.
- Қазақ емес, сарт Жамбыл ғой! - деді ташкенттік қандасымыз.
- Иә, солай.
- Алып тастамайсыңдар ма?
- Айтылады, неге екенін, алып тасталынбайды.
- Қызық екен.
- Қызық.
Әңгіме осымен тәмам болды.
Қызық! Абай мен Жамбыл портреттеріне бір қарап қойып, ойымызды да, сөзімізді де тәмам етіп жүргенімізге онға жуық жылдың жүзі болды.
Әне бір жылы өзбекстандық бір суретші біздің өң ұлыларымыздың суретін салып әкеліп, облыстық көрме залында көрмесін өткізді. Суретшінің өзі - қазақ, өнері - өзбек екен. Мүмкін, ол ұлтын сүйген патриот та болар, ұлыларымыздың портреттерін сондықтан да салған шығар, бірақ тағдыр айдап барып өзбек болып кеткен қазақ қазақты бейнелей алмаған.
Ал, біз болсақ, ұлыларымызды қорлатып қойып, қарап отырмыз. Көнбіс деген осындай-ақ болар.
Жалпы, бір ғана Евгений Сидоркинен басқа ешкімге мұндай бақыт бұйырмаған. Кім білсін, оның қазақ кескінін соншама келістіріп салуына жары, қазақтың талантты суретші қызы Айша Ғаламбаеваның әсері болған шығар. Не десек те әлі күнге дейін қазақ батырлары жырларын Евгений күйеу баламыздан асырып безендірген суретші болған емес.
* * *
Бір ұлттың кескін-келбетін екінші ұлттың өкілі де, өзге ұлттың арасында өскен қандасымыз да ұқсатып сала алмайтынын мен көптен білемін. Тіптен, мынандай әңгіме де болған.
Менің жарым Бану - қаланың қызы. Екеуміз 60-жылдардың дәл ортасында қосылғанбыз. Ол кезде мен - жас жазушымын, ол - жас суретші. Ауыл балаларының өмірінен «Автобус аялдамасы» деген әңгіме жаздым. «Балдырған» журналының екі нөмірінің бірінде әңгімем жарияланып тұратын кез еді. Ол әңгімелерімді В.Безелюк, Б.Табылдиев тәрізді балалар суретшілері безендіретін.
«Автобус аялдамасының» суретін Бану салып, суретті-кітапша шығармақ болдық. Мен Бануға ауыл өмірі, кемпір-шал, балалар туралы айтып, түсіндірдім.
Бану кітапшаның суреттерін салуға кірісіп кетті.
Міне, енді екеуміз әңгімені де, оның желісі бойынша салынған суреттерді де алдымызға алып қарай бастадық.
Лепірген көңілім су сепкендей басылды. Кемпір де, балалар да - орыс. Әлбетте, Бану қазақ кемпірін салуға тырысып-ақ баққан, бірақ онысынан ештеңе шықпаған.
- Мыналарың орыс қой, Бану!- дедім.
- Неге? Қазақ!
- Жоқ, орыс.
- Мен қазақ кемпірін сала алмаймын.
- Орыс кемпірін ше?
- Саламын.
Бану - қаланың қызы. Орысша оқыған. Орыс қыздарымен дос, солардың әжелерімен, шешелерімен көп араласқан.
Бану екеуміздің шығармашылық одағымыз жалғасын таппады.
* * *
«Әр қилы ойлардың» алғашқылары жарияланысымен пікір айтыла бастады.
Әу дегенде лебізді қызым Раушаннан естідім.
- Бәрі дұрыс. Өткір пікірлеріңіз бар екен, өзіңізге зияны тиіп кетіп жүрмесе бопты, әйтеуір,- деп кауіп қылды қызым.
Ештеңе етпейді. Мен шындықты жазамын. Шындық ешуақыт ешкімді орға жықпаған.
- Сонда да.
- Сонда мен қорқуды, жасқаншақтауды қашан қоямын? Алпыстан асқанда аталы сөзін айта алмаған жазушы – аяншақ, аяр.
- Мен қойдым.
Қызымыз екеуміздің әңгімеміз үзілгенімен, ойым үзілген жоқ, қайта шартарапқа алып ұшты.
- Біз - қорқыныштан қорғанып жүріп өмір кешкен ұрпақпыз.
- Қорқыныш бізді тұқыртып тастағаны былай тұрсын, балаларымызды да шарпыған екен.
Кешегі тоталитарлық жүйе кезінде адамды қорқытуды айтасыз, зәресін зәр түбіне кетіретін жайлар көп болушы еді. Пионердің ережелері, комсомол мен партияның, әскердің жарғылары, коммунизм құрылысшыларының моральдық кодексі адамды ашса, алақанында, жұмса, жұдырығында ұстаудың заһарлы құралдары болатын. Қандай да бір іс-әрекетіміз олардың нормаларына сай келмеген екен, ағаш атқа отырғызатын, бейшара қылатын.
Біз партиядан, бастықтан, қатыннан қорықтық, зәразап болдық. Біз Құдайдан қорықпадық.
Тәуба, тәуелсіздік алдық, егемен ел болдық. Өз халкымыздың салт-дәстүрімен, демократия үрдісімен өмір сүріп жатырмыз.
Сөз бостандығы социализм кезіндегідей бос сөз емес, шындыққа айналды. Бұқаралық ақпарат құралдарын күндіз-түні аңдып отыратын цензура таратылды.
Енді қорқатын не бар?
Енді тек Құдайдан қорқамыз.
Құдай - адамның ары.
Құдайдан қорқу және Абайша айтқанда, ар ұялар іс қылмау - бүгінгі ұстанарымыз, міне, осылар.
Мен - қорқыныш тұмшалаған тұста сақтық жасап, шындықты жеріне жеткізіп айта алмаған көп жазушының бірімін. Енді еркін сілтермін деп дәмеленіп отырған жайым бар.
* * *
Халыққа керегі - шындық.
Дәл қазір шындықты айтудан қашқақтау - бейшаралық.
Кеңестер одағы кезінде басшы кадрларды Алматы жоғары партия мектебі жанындағы бір айлық курста оқытып, қайта даярлықтан өткізетін, сол курсқа барғанмын. Курстың оқу бағдарламасымен қоса мәдени - көпшілік жұмыстар бағдарламасы да бар.
Бір күні сабақтан соң Әбілхан Қастеев атындағы көркемсурет галереясына апарды. Галерея қызметкері курс тыңдаушыларын бастап жүріп, әр суреттің қасына аялдатып, әңгіме соғады, біз түкті көрмегендей, түк білмейтіндей, аузымызды ашып, көзімізді жұмып тыңдаймыз.
Өстіп жылжып, Қанапия Телжановтың «Ата-баба жерінде» атты полотносының алдына келіп тоқтадық.
Бізді бастап жүрген келіншек ой бір көсілді дейсің:
- Қанапия Телжановтың бұл полотносында Коммунистік партияның дана басшылығымен Қазақстандағы тың игеру керемет шынайы көрініс алған. Қараңыздаршы, әріде пойыз заулап барады, беріде алып тракторлардың өткір соқаларымен аударылған жер жатыр. Күні ертең бұл жерде қалың бидай жайқалады. Қазақ даласы Отан қоймасына миллиардтаған пұт астық құяды. «Ата-баба жерінде» - теңдесі жоқ туынды.
Мен ойланып тұрмын. Мына келіншектің, айтқанының нобайы дұрыс.
Әрідегі пойыз да, мына жыртылып тасталған жер де бір қарағанда қазақ даласын тірілтетін тірлік.
Бірақ, иә, бірақ ата-баба жерін бір көріп, мүмкін соңғы рет көріп қайтуға беттеп келе жатқан қария есік пен төрдей кер биенің үстінде асығы алшысынан тұрып емес, тұнжырап келеді. Желігіп, ойнақтап келе жатқан құлын кенет қалың шөптің тасасынан шыға келіп, арса-арса болып сойылып жатқан қара жерді көріп, екі көзі шарасынан шыға шошып, шапшып барып дірілдеп тұра қалады.
Қанапия Телжанов ғажап суретші екен. Күнәсіз құлынның осы жаншошырлық қарасымен аяусыз жыртылып, ту талақай болып жатқан қазақ даласының халін қалай керемет бейнелеген.
Мен осы ойларымды айтып сөйлеп кеттім.
Жанымдағы жамбылдық жігіттердің бірі жеңімнен тартып, сыбырлады.
- Абайла! Үш әріп адамдары естіп қоймасын.
Шынында, ондай қауіп бар еді ғой ол кезде, мен сөзімді шорт үздім.
Осы жай анда-санда ойыма түсіп кетіп жүретінмін.
Жуырда «Егемен Қазақстан» газетінде орыстың ұлы жазушысы «М.ІІІолоховтың билікке күйінген бір сәттерінде отқа жағып жіберген қол жазбаларын айта келіп, «Такая же участь постигла и рукопись, повествующая о зверьских методах освоения Казахстанской целины»- деген сөзі жарияланды.
Михаил Шолохов білгенді Канапия Телжанов та білген екен:
М.Шолохов - ұлы жазушы.
Қ.Телжанов - ұлы суретші.
Тың көтерудің қазақ даласының ту-талақайын шығарғанын қазір екінің бірі біледі.
Ал ұлылар мұны дер кезінде ұққан, ұлының ұлылығы да осында ғой.
* * *
Сондай ұлының бірі - Асанбай Асқаров.
Қазақ жерінің қиқы-жиқысын шығару тоқтамаған жылдары Асекең Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы екен. Бірінші хатшының жолы қыздың жолынан да жіңішке, Партияның Орталық Комитеті не айтты, соған бас шұлғуы керек.
Адамнан амал артылған ба, Асекең өз наразылығын білдірудің жолын тауыпты.
Жетпісінші жылдардың аяғында облыстық аурухананың «Партактив» деп аталатын, негізінде екінші терапия бөлімінде емделгенім бар. Бір бөлмеде «Талас» асыл тұқымды қаракөл қой кеңшарының бір кездердегі атақты директоры, Социалистік Еңбек Ері Әбдір Сағынтаевпен бірге жаттым.
Қой шаруашылығының атақты білгірінің жеткілікті бедел мен құрметке ие болғанын аға буын адамдары біледі. Құдай ақыл мен көрікті де аямай берген адам тамаша әңгімеші де екен. Ертелі-кеш әңгімелесіп жүрдік. Әрине, сөйлейтін - Әбекең, тыңдайтын – мен.
- Бір күні маған Асанбай Асқаров шақырып жатыр деген хабар жетті,- деп бастады бір әңгімесін Әбекең. - Келдім. Кабинетіне кірдім.
Асекең кабинетінде әрі-бері теңселіп жүр екен. Сәлемдестік. Жайғасып отырдық.
Асекең біраз ойланып отырып барып, сөз бастады:
- Әбеке, сіз – шаруаның жайын жақсы білетін адамсыз. Әрине, жер тағдыры сізді алаңдатпай қоймайды. Тың көтеру деген желеумен жерді бүйтіп жыртқыза берсе, малды қайда жаямыз? Жоқ, біз партияның саясатына қарсы келе алмаймыз, бірақ қазіргідей жаппай емес, егін шығатын жерді ғана аударалық. Жер-ананы абайлап, біліп пайдаланбаса болмайды. Жер жайылымдық, егіндік, ормандық, жазық, құм, тау болып келеді. Жердің қасиетіне жетпесек, бүлдіреміз. Біздің қазіргі тірлігіміз – сол, бүлдіру. Сіз осыны Орталық Комитеттің пленумында айтып, мәселе көтеріңіз. Сөзіңізді дайындауға біз көмектесеміз,- деді.
Менің СОКП Орталық Комитеті тексеру комиссиясының мүшесі кезім, Асекеңнің айтқанын орындадым. Алайда, еш нәтиже шыққан жоқ. Қайта алып тракторлар мен өткір соқалар Қаратаудың үстіне де шығып кетті, егін өспейтін, мал жайылатын тастақты да аударды-ау!
Әбекең күрсінді. Енді қайтеді? Шарасыздық шарадан асқан заман еді ғой ол.
Мен сол сәтте Асанбай ағаның ұлылығына іштей таңдандым. Жүрегі халық деп соғады екен ғой!
Асекеңді ақыры қапасқа қаматқан осындай ұлтжандылығы шығар.
СОКП Орталық Комитетінің хатшыларын айтпағанда, қатардағы қызметкерлеріне дейін Асанбай Асқаров сияқты ұлы тұлғалардың башпайының қимылдағанына дейін аңдып отырған.
* * *
Беделді адамдар - алтын қор. Мұны Асекең сынды ақылды басшылар жақсы білген.
Айтбай Назарбеков сондай басшы болған.
Мойынқұм ауданын ұзақ жылдар табысты басқарған бұл адам жөнінде айтылар әңгіме көп.
Айтбай Назарбеков мыжырайған жатаған үйлі Фурманов ауылын осы заманғы әсем кентке айналдырған. Айтекеңе бұл істе дала академигі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев өлшеусіз көмек көрсеткен.
Құрылыс, жол салатын болсын, басқа да тұрлаулы тірлік бастамақ болсын, Айтекең Жазекеңді машинасына отырғызып алып, Алматыға тартады екен. Содан ағызып отырып, Жаз-ағасын Димаш інісінің қабылдау бөлмесіне алып келіп, айтады екен:
- Ал, Жазеке, Димаш ініңізден аурухана сұраңыз.
Жазекең Д.А.Қонаевтың кабинетіне кіреді. Димекең Жазекеңді Құдайындай қарсы алады, бұйым-тайымын сұрайды.
- Әй, Қонай,- дейді Жазекең жарықтық,- Порманопкаға аурухана керек, бер.
Димаш Ахметұлы береді.
Фурмановкада қандай да бір күрделі құрылыс салуды ойға алған екен, Айтекең Жазекеңді алға тартады.
Соның бір де біреуінде Димаш Ахметұлы қабақ шытып көрмепті: «Ұлық болсаң, кішік бол»,- деген осындай-ақ болар!
* * *
Қалихан Ысқақовтың «Қоңыр күз еді» атты әдемі хикаяты бар. 60 жылдардың басында кітап атына ие болған «қоңыр күз» сөзі содан бері қазақ бұқаралық акпарат құралдарының бетін бермейтін болды. Журналистер күз жөнінде мақала жазған екен, «қоңыр күз еді» тақырып болады.
- Шындығында, сары күз және қоңыр күз бар. Атынан да көрініп тұрғандай, шөп атаулы сарғайған шақ-сары күз, «сұрғылт тұман жерді басқан» тұс – қоңыр күз. Жазушы Кәмел Жүністегі мұның екеуін екі ай дейді.
Қ.Ысқақов осы қоңыр күзді жазып отыр. Жазушы өзінің балалық шағының қоңыр күздей қоңыр, ауыр болғанын хикаятына арқау еткен. Табиғат пен адам тағдырын астастырып тамаша шығарма тудырған.
Ал, біздің түк білмес, ессіз еліктегіш жазғыштарымыз жиын-терін жүріп жатқан берекелі сары күзді де, сұрғылт күзді де қоңыр күз еді деп жаза береді.
Қолға қалам ұстадың екен, нені болса да біліп, байыбына барып жаз, қаламгер ағайын.
* * *
Білместіктің екі түрлі сорақылығын осы жуырда көрдім.
Мен - қазір екі көзім теледидардағы, екі құлағым радиодағы, бар зейінім баспасөздегі зейнеткермін. Хабарлардың, жарияланымдардың бәрін дерлік көріп, тыңдап, оқып отырамын.
Көп уақыт өте қойған жоқ, мені алғаш теледидардан беріліп, кейін «Ақ жолда» жарияланған бір хабар мазаландырды.
Осы Тараздағы бір мектеп-интернатта өзінше бір әдемі шара өтіпті. Оның мәнісі мынау: әке-шешелерінен алыста жүрген, аз қамтамасыз етілген балаларға өкіл әке, өкіл шеше керек екен. Мектеп-интернат басшылығы балаларға сол өкіл әкелер мен өкіл шешелерді тауып, таныстырып игілікті іс атқарған.
Бір қызығы - теледидардың да, «Ақ жолдың» да басшыларының өскен өлкесінде өкіл әке, өкіл шеше дегендер жоқ, аяқ астынан шыға келген жақсы дәстүр жөніндегі хабарларды ойланып жатпай жариялап жіберген.
Менің білуімде өкіл әке, өкіл шеше - жаңа отау құрған екі жастың «еншісі». Әке-шеше баласы үйленерден бұрын өкіл әке мен өкіл шешені таңдайды. Әдетте, олар баласы үйленетін әке-шешенің ағайын-туғаны, дос-жараны болып келеді. Өкіл әке мен өкіл шеше үйлену тойына қатысып, сол жерде олардың ендігі жерде кім екендігі жария болады.
Олар жас жұбайлардың өкіл әкесі, өкіл шешесі ретіндегі жөн-жоралғысын жасайды. Шын әке-шеше баласы мен келініне өкіл әке мен өкіл шешесін өздерінен бір мысқал кем көрмеу, сыйлау жөнінде аманат тапсырады. Бұл - бір екі жасты да, ата-ананы да, өкіл әке мен өкіл шешені де, тойға жиналғандарды да қуанышқа бөлейтін әдемі үрдіс.
Сонда өкіл әке мен өкіл шеше кімнің өкілі, міндеті қайсы?
Мына мектептің іс-шарасьшда ол - демеуші (спонсор), ал біздің жақтың, яғни Шу жағының салтында ол - өкіл. Некелескен екі жастың әке-шешесінің, тілеулес ел-жұртының өкілі. Өкіл әке мен өкіл шеше - ендігі жерде екі жастың ең жақын адамдары.
Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар.
Өкіл әке мен өкіл шеше тағайындау, біздіңше, соның озығы. Бүйректен сирақ шығарып керегі не?! Орыста «Дурной пример заразителен» деген сөз бар. Бесіктен белі шықпай жатқан балаға өкіл әке мен өкіл шеше телімек болған мына сорақы қылық басқаға жұқпаса екен.
* * *
Жуырда облыстық мәслихаттың сессиясы өтті.
Әрине, сессияда бірнеше мәселе қаралды.
«Қазақстан-Тараз» телеарнасының акпарат арнасын жүргізуші «мәселені» «сұрақ» деп соқты. Бір емес, бірнеше рет айтты.
Шенеуніктерге «сұрақты» «мәселе» деп айтқыза алмай жүргенде, қаламгерлерге не жорық?!
Қазақтың қазіргі ұлы ойшылы, классик жазушы Әбіш Кекілбаевтын кезінде бұл туралы қынжылыс білдіргені бар. Сонда да қоя алмағанымыз ұят-ақ!
Иә, «вопрос» сөзі орыс тілінен сұрақ, сұрау, сауал; мәселе; міндет; іс, жағдай болып аударылады. Біздің тілге жұтаң технократтарымыз осылардың ең алғашқысынан әрі оңайынан жабысып айырылмай-ақ келеді.
Зиялыларымыз қазақ тілін жандандырамыз деп жанын салып жүргенде, ең болмаса, «вопростың» ресми тілде баяғыдан айтылып келе жатқан «мәселе» мәніне мән бергеніміз жөн. Ең өкініштісі - біз мансұқтап жүрген коммунистік замандағы толып жататын жиналыстардың бірде біреуінің күн тәртібіне сұрақ қойылмайтын, мәселе қойылатын.
Еркіндік алып, өз қолымыз өз аузымызға жеткендегі жеткен жеріміз осы – тілімізді көпе-көрнеу шұбарлау ма сонда?
* * *
Сыйластықтың бісмілләсі де, аллаһу әкбары да -«Сіз».
Мұны жақсы біліп, қатаң ұстанған біздің қазақ үлкенді, әйел ерін өмірі «сен» деп көрмеген.
«Сіз»- деп сөйлегенді «әдепті», «сен»- деп сөйлегенді «дөрекі» адам деп білген атам қазақ.
Ресей мен қызыл империялардың тұсында жоғалтып алған «алтынымыздың» бірі осы - «Сіз».
Оған кінәлі үстемдік құрған ел адамдарына біздің өзіміздің ессіз еліктегеніміз. Ойпыр-ай, десеңізші, орыс халқының ең әдемі, адамды бір-біріне жақын тарттыратын сөзі - Сен. Жігіт қызбен жаңа танысқан, жақындық лебі енді ескен екен, «Давайте, перейдем на ты»,- дейді. Енді екеуі «сенге» көшеді. Бітті, махаббат оты маздады дей беріңіз.
Бұған қарапайым халық тұрмақ ақынымыздың еліткені - өкініштің көкесі.
Қазақ сөзінің мәйегіне қанық, өзі де мақал-мәтел шығаратын даңғайыр ақынымыз Мұзафар Әлімбаев:
«Сіз» деген салқын сөзден шошып қалсам,
«Сен» десең, көңіл қайта шалқыр еді,- деп жыр жазды.
Қазақтың аяулы қызы Роза Бағланова ардақты ұлы Шәмші Қалдаяқовтың осы сөздер басты мәніне айналған «Ақмаңдайлым» әнін тамылжыта шырқады.
Сонда осы қазақтың қаймақтарының «Сіз» сөзінің қасиетіне жетпегені ме? Қайран қалмасқа лажың жоқ.
Қазақтың жігіті мен қызы таныстықты «Сіз» деп бастап, өмір бойы «Сіз» деп өткен.
Оны мен өзімнің әкем Қалдыбай мен шешем Әміржанның өмір бойғы қарым-қатынасынан көріп, көңілге түйгенмін. Әкемді шешем: «Әлгі кісі», «Біздің үйдегі кісі», «Шәкеннің (балалардың үлкені) әкесі» дейтін, тіптен бұл сөздерді айтпай-ақ әкеміз туралы, әкеміздің атқарған ісі, сөйлеген сөзі, т.б. жайлы әдеп айта беретін. Біз әңгіме әкеміз туралы екенін түсіне қоятынбыз.
Шешеміз, әкемізге «Сізін» үзген емес. Еріне «сенді» аузына алмау, қандай жағдайда да «Сіз» деп сөйлеу - қазақ әйелінің асыл қасиеті. Ал, әкеміздің шешемізге «Сізі» - өмір бойы Әміржан деп атын атау болатын. «Әміржан, шай дайын ба?», «Әміржан, Шуға, базарға барып келейін»- дер еді. Қазір ойлап отырсам, әкеміз шешемізге деген сыйластығын оның есіміне сыйғызған екен ғой.
«Сіз» деу әдептің үлкені ретіндегі әдетіміз еді, айырылып қалдық. Әдепті, ибалы, қырмызы қызымызды қыңыр, үлкенді ағалап тұратын оғланымызды ожар еткен «Сен» деген сөз. Қазақ «Сен-сен» дей бергенді «Семіп қалғыр»,- деп қарғаған. Күйініп кеткеннен айтқан.
Қарғау - қорқыту.
«Сенді» таста деп қорқытқан ғой үлкендер жасты.
Біз қайтеміз? Қазақтың «Үйрен жақсы әдептен, жирен жаман әдеттен» деген аталы сөзін айтамыз.
* * *
Еркек - әйелдің пірі.
Әйел - ерін шексіз сыйлаған, беттен алу, қарсы тұру атымен болмаған. Әйел өзін еркектен аласа ұстаған, алдынан кесіп өтпеген. Осысымен әйел еркектің сыйластығын туғызған.
Ауыл көшесінің басынан түскен ақсақалды алдын кеспей, күтіп тұрып, сәлем жасап, ілгері оздырып жіберетін әйелді өзіміздің көзіміз көрді.
Қария: «Көп жаса, қарағым!»- деп бата беріп өтетін. Қарияның көңілі көркейіп, келіннің мерейі өсіп калатын.
Қазір өзіміз қария болдық. Келіндер, көшені айтамыз, есіктен бұрын өтуімізге мұрсат бермей, тайраңдап алдымызды орайды. Оларға бірдеңе деп ренжімек түгілі, ала көзіңізбен қарасаңыз, пәлеге қаласыз. «Тәрбиесіз»,- деп өзіңізді күстаналайды. Онысы - еуропа халықтарынан үйренген үлгісі. Оларда еркек әйелге жол береді, бізде - әйел еркектің алдын кесіп өтпейді.
Әйелді біздің қазақтай қастерлейтін халық кемде-кем. Ерлі-байлы адам, яки қыз бен жігіт атқа мінгесуге мәжбүр болса, ұрғашы алға, ерге, еркек артқа, бөктергіге отырады. Осында, аңдап қарағанға, әйел затын сыйлаудың теңдессіз тәлімі бар.
Ал, енді жаңағы әйелге есіктен бұрын өтуге жол беретін халықтардың еркектері әйелдерін аттың артына екі аяғын салақтатып мінгестіріп алады. Әйелді қорлаудың, зәбір көрсетудің бұдан артық көрінісі бола қоймас.
Қазақ ат көтіне отырғызуды жарына емес, жауына жасаған.
Меніңше, біздің атқа мінетін ер жігіттеріміз жарын, жалпы әйел затын алдына отырғызудан танған емес. Ал, әйелдеріміздің еркектің алдын орап тайраңдауын үдетпесе, кемітетін түрі жоқ.
Осыдан бірнеше жыл бұрын мен облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы кезімде кабинетіме қадірменді ақсақал Жапар аға Түйебеков келді.
- Әлдихан, осы қазір кіріп келе жатсам, бірінші қабатта бір әйел күтіп тұрып жол беріп, сәлем жасап өткізіп жіберді. Ол кім?- деп сұрады.
Көпті көрген ағаның үнінде ризалықпен қоса танданыс бар еді.
Қазақы дәстүрді ұстанған әйел таңдандырған ағамызды.
Ойланып қалдым: Кім болды екен? «Ақ жолда» ондай әйел жоқ, бәрі - осы заман мәуесі. Бірінші қабаттағы облрадиода ондай екі әйел бар: Нұржамал мен Несіпкүл. Екеуі әрі өткен - бері өткенде маған да жол беретін.
- Ол - Нұржамал деген әйел. Өзіңіз Шуда аупарткомның бірінші хатшысы болғанда Ленин атындағы ұжымшардың төрағасы болған Жұмағұловтың келіні.
Қара жер қозғалса, қозғалмайтын Жапар аға:
- Апырай-а,- деді де қойды.
Ағаның «Апыр-айында» үлкен астар бар еді. Жұмағұлов қоғам мүлкіне қол салып, сотталып кеткен. Пәленің бір ұштығы оның әйеліне барып тірелген тәрізді болатын. Сондай отбасынан, енеден тәлім алған Нұржамал қалайша инабатты бола қалды? Жапар ағаны таңдандырғаны – осы.
- Аға, бұл - бізге емшектен біткен қасиет, сүйекпен кетеді. Жастар жағы ұстанбаса, ол - заманның зауалы. Көрдіңіз бе, түйсігі бар әйелдер орала бастады инабаттылығымызға. Көн тартса,- қалыбына, қалпына келеді.
- Көп уақыт керек.
Қысқа да нұсқа сөйлейтін Жапар ағаның сөзі рас еді.
Көп уақыт керек.
Мың өліп, мың тірілген менің халқым небір жоғалды деген ата салтымыз бен дәстүрімізге қайта оралып жатыр емес пе. Әйелдің күйеуін, жалпы ер адамды өзінен жолы үлкен деп сыйлайтын жақсы дәстүріміз сөйтер, жалғасын табар. Сенгің келеді.
* * *
Дана халық еш нәрсесін шашау шығармайды, ұмытпайды.
Үндемегеннен үйдей пәле шығады.
Үндемейтін - ішмерез.
Аузын буған өгіздей, үн шығармастың өзі.
Біздің қазақ кісіні сүмірейтуге келгенде алдына қара салмайды-ау, шіркін!
Өстіп жер қылып отырған адамын «Көп сөйлемейтін бір тоға»,- деп демнің арасында ақтап ала қоятынын қайтерсің. Түсініп көр.
Көп сөйлейтінді мылжың, ішіне сыр сақтамай, айтып қоятын адамды ашық ауыз дейді.
Өстіп ағаш атқа мінгізіп отырған адамын, ізінше «Аузын ашса, көмекейі көрінеді»,- деп аспандата мақтайды. Бұл қалай?!
Мінезі ауыр, қабағы түксиіп немесе томсырайып жүретін адамды «Қабағынан қар жауған біреу екен»,-деп жақтырмайды.
Сөйтіп алып, көп ұзамай, әлгі адамға «Жер қозғалса, қозғалмайтынның нағыз өзі екен»,- деп таңданыс білдіреді. Қайран қаласың.
Таңданатын ештеңе жоқ. Үндемеу де, ойына келгенді ірікпей айту да, салмақты болу да - мінез.
Мінез сүтпен бітеді. Оны өзгертем деу - бос әурешілік.
Менің әкем сөздің емес, істің адамы, Шу ауданындағы «Кербұлақ» ұжымшарының темір ұстасы болатын. Қазір ойлап отырсам, жоғарыда мен атап отырған үш түрлі мінездің үшеуі де бар еді әкемде. Отызыншы жылдардың соңы, қырқыншы жылдар түгел бір ұжымшардың темір құрал-саймандарының түзіктігі бір өзінің қолына қараған адам бос әңгімені қайтсін.
Әкем - ешқандай арамдығы жоқ, жақсы өмір кешкен адам. Кейін, елуінші жылдары ұсталықты тастаған соң әкем үйге келген кісілермен әңгімелесіп отырар еді. Сонда байқадым, менің әкем керемет әңгімешіл екен. Арғы-бергі әңгімелерді майын тамызып айтатын, ара-арасында өзінің өмірі жөнінде айтқандары менің жадыма ұмытылмас болып ұялап қалды. Мен әкемнің сол әдемі әңгімелерін «Шаншар атай» хикаятыма, «Мен - апамның баласымын» романыма пайдаландым. Соларды жазып отырғанда әкем тұрды көз алдымда.
Көп-көп әңгіме айтып, тындаушысы кеткен соң әкем:
- Уһ, ішім босап, рахаттанып қалдым ғой,- дейтін.
Әкемнің осы мінезі менде де бар. Не болса, соны ішке бүкпей, емін-еркін айтып отырамын. Әкемнің айтқаны рас, сөз ұғарлық адамға не болса, соны сыр қылмай, ақтара айтсам, ішім босап, кеудем кеңіп қалады.
Менің бұл «мінім» мен деген адамдарымның біреуіне ұнайды, біреуіне ұнамайды. Тіптен, бір ағамыздың ескерту жасап, ақыл үйреткені де бар.
- Әлдихан, сен - шыли ақкөңілсің, іштегі сырыңды аңқылдап, кім болса, соған айта бересің. Бұл жақсы емес,- деп кісімсіді ағамыз.
Сондағы менің оған бар айтқаным:
- Аға, «Жалын» баспасынан кітабым шығатын болды.
Мұнда тұрған не құпия бар?!
Түк те жоқ.
Кітабым шықты.
Мені зымияндыққа баулымақ болған ағаның әрекетінен ештеңе шықпады.
«Ақылшы» ағамыз қулық-сұмдықтарын өзімен бірге о дүниеге алып кетті.
Мен сол ашық-жарқын мінезімнен айныған емеспін.
«Аккөңілдің аты азып, тоны тозбас»- деген рас екен-ау,- деп қоям кейде өзімді «көріп».
* * *
Әлмұхан Исақтың алпыс жылдық тойына әдеттегідей, яғни қазақи қалпымызбен сәл кешігіп барып едік, басталып кетіпті, әрі ыңғайсыздандым, әрі таңдандым. Әлмұхан - жақсы көретін, ұятты адам, кешіккенім ұят болды. Сонша неге ерте бастаған тойды!
Той қызығымен арқа-жарқа болып отырғанбыз, бәрін аңдағыш, әр нәрсенің астарына үңілгіш досымыз Қыстаубай Байтуов:
- Облыстық әкімияттан бір де бір адам жоқ, шақырмаған ба?- деп қалды.
Таңданыстың көкесі енді болды.
- Бұл қалай?
- Мұнысы несі?
Осындай таңданыс, сұрақ көкейімде кілкілдеп тұрып алды.
Бұл қалай? Мұнысы несі?
Әлмұхан Исақ - биліктің ұшар басында бір адамдай-ақ істеген кісі. Облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, облыстық Кеңестің төрағасы, облыс әкімінің бірінші орынбасары болған. Елге де, билікке де беделді. Талай тойдың құрметті қонағы болып, той иесінің иығына облыс әкімінің шапанын жауып, қолына құттықтау хатын тапсырған.
Бұл адам билікті, билік бұл адамды сыйласа керек.
Тойдан кейін біраз күн өткен соң Әлмұханнан тойға облыстық әкімият басшыларын неге шақырмағанын сұрадым.
- Оларды шақырсаң, кешігіп келіп, елді күттіріп қояды,- деді Әлекең.
Кім білсін, солай ма екен?
Әлмұхан - терең жігіт, шын сөзі ме, әшейін айта салды ма, маған әлі белгісіз.
Мен Әлмұхан Исақтың сол әрекетінің астарын енді тауып отырғандаймын.
Айналайын біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ақылды ғой, ақылды, елімізде не болып, не қойып жатқанын жіті қадағалап, біліп отырады.
Жуырда өткен облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдерімен Кеңесте сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы былай деді: «Соңғы кезде азаматтардың хаттары мен Қазақстанның бірқатар басылымдарында мемлекеттік қызметшілер мен жоғары әскери шен иелерінің мерейтойлары мен той салтанаттарына және мемлекеттік наградалар мен әскери шендер алуына байланысты шектен шыққан, ас та төк жиындар өткізу тәжірибесі жағымсыз жағынан атап көрсетілуде. Әдетте, ондай мерекелік банкеттерге тек туған-туыстары, дос-жарандары мен әріптестері ғана емес, сонымен бірге түрлі деңгейдегі және дәрежедегі лауазым иелері, араларында еліміздің өңір басшылары да бар, аса көп қонақтар шақырылатын болып жүр. Қайсыбір шенеуніктердің бүгінде ресми іс-шараларға қарағанда түрлі жиын-тойларда көбірек бой көрсететін «той көркіне» айнала бастағанын да айта кеткен жөн. Ауқымды «банкеттік отшашулар» қазірдің өзінде мерекелік отшашулармен бәсекелесе бастады, ол рәсімдердің сән-салтанаты мен қонақтардың, әсіресе, жоғары лауазымды қызмет иелерінің саны көбіне-көп салтанат иесінің абырой-беделінің өзіндік бір өлшеміне де айналып барады.
Қоғамымызда әлеуметтік мәні бар осы мәселенің асқынғаны соншалықты, мемлекеттік қызметшілер арасында қайтыс болған жақындарын ақтық сапарға шығарып салудың өзі де жарамсыз бәсекеге айналғандай. Діни әдебиеттерде бұл жөнінде ештеңе айтылмағанына қарамастан, қайтыс болған кісінің қырқы мен жылына арнап бір емес, бірнеше мал сойылып, жүздеген адамдарға лайықталған дастархандар жайылуда. Мәселен, Астанадағы «Меруерт», «Аққу» мейрамханалары күн сайын түс мезгілінде осындай жиындардан босамайды. Онда да негізінен жұмыстарынан кешігіп, қайтыс болған кісіге бәлендей қатысы жоқ жоғары лауазымды қызмет иелері жүргенін көресің. Бұл жиындарға ұлттық салт-дәстүріміз деп қарағанның өзінде де, олар қайтыс болған азаматтың жақын туған-туыстары мен дос-жарандары арасында ғана өткізілгені орынды болар ма еді?».
Біздің Президентіміз білгір-ақ қой, шіркін қалай дәл тауып, бүгінгі өмірдің тамырын қалай дөп басып айтқан!
Президенттің бұл айтқандары біздің облысымызда орныққалы қашан.
Үлкен бастық кезінде Әлмұханның өзі де мұндайды басынан аз өткермеген. Той иесі бүкіл елді былай жиып тастап, жоғары лауазымды шенеуніктерге (ішінде өзі де бар) жалпаң қаққанынан жиіркенген де болар. Енді рөлді ауыстырып ойнағысы келмеген шығар.
Оның бәрін айтып жату - Әлмұхан сияқты сарабдал саясаткерге артық. Ал, біз бастықтардың кешігіп келіп, тойдың берекесін кетіргенін талай көрдік. Тіптен бір жақсы ағамыздың тойына екі сағат күттіртіп, келмей қойғанын қайтерсің. Сондағы ағамыздың көңіл-күйін Құдай басқа салмасын. Тойға келгендердің де зығырданы қайнады. Сол ағамыз басшыларды шақырмаса ғой, ештеңе жоқ, тойды Әлмұханша уақытылы бастап, дүркіретіп өткізер еді.
Президент - ең тұғырлы тұлға. Ол кісі түйедейді түймедей етіп түйіп айтады. Елбасының ауызы-уәлі.
Президенттің мына тұжырымдарының да түбінде өмірдің өрескелдіктері тұнып тұр. Соларды көргенде біз түйген ойлар былай болып келеді.
Той лауазым иелерін қалың бұқарамен жақындастырмайды, алыстатады. Оның басты себепшісі - той иесі, қалайда бір мақтап қалуға қолы еркін жетпей жүрген жағымпаздар, асаба жаңа шаңырақ көтеріп жатқан екі жасты жайына қалдырып, әруағына ас беріліп отырған о дүниеліктен бастықтың әруағын асырып мақтау, мадақтау асып-төгіліп бара жатыр еді біздің тойларымызда, енді тоқтау болар.
Қошамет - алтын іспетті.
Алтынды көріп періште жолдан таяды.
Қошаметті көріп бастық ісініп-кебінеді.
Қошаметшіл жұртқа жауап қату керек.
Ұстанар үрдіс - «Сыйға - сый, сыраға - бал».
Әсем сөйлеп, көсем ой айту керек.
Көріп жүрміз, сөйтемін деп кей басшылар аузына келгенді айтатын асабадан да асып түсетін болды, тіптен, асабаның тізгінін қолына алғанды да көрдік.
Той - Құдайдың қазынасы.
Өлік бардың малын шашады, жоқтың көтін ашады.
Той бардың да, мемлекеттің де малын шашады.
Қызықты қараңыз, кейінгі кезде өздері тұрған жер аз болғандай аудан әкімдері Тараздағы «Мөлдір» мейрамханасында той өткізуді әдетке айналдыра бастады.
Той шығыны, әрине, әкімдердікі. Ал, сол тойға ат сабылтқан, қазіргі тілмен айтқанда, машина зулатқан адамдардың, әлбетте, олардың бәрі аудандық деңгейдегі бастықтар және облыстың барлық аудандарының әкімдері, бір де біреуі көліктеріне қалталарынан ақша шығарып, бензин құймайды. Шалғай аудандардан Таразға керуен тартқан машиналар мемлекеттің қанша қаржысын желге ұшырғаны еш уақыт есепке алынбайды. Өйткені, бастық мемлекетке, мемлекет бастыққа қызмет етеді.
Осы жерде ойға облыс әкімі болған кезінде, Амалбек Тшановтың селекторлық Кеңес дегенді шығарып, бүкіл аудандар активін аудандық әкімиятқа, облыс активін облыстық әкімиятқа апта сайын жинап алып, селектормен ақыл айтқаны еске түседі.
Облысқа одан кейін әкім болып келген Сарыбай Қалмырзаев: «Бұл экономикалық жағынан тиімсіз екен»,- деп мұндай кеңес өткізуді тоқтатып тастаған болатын. Өте дұрыс істеді. Сонда Сарыбай жанар-жағар май ысырабын есептепті деп естігенбіз.
Қазіргі той жорықтарының шығынын кім есептейді?
Басшылар той иелерінің иығына шапан жабатын еді, енді алдына автокөлік тартатын болды. Сонда мырза кім, басшы ма, мемлекет пе? Бұл - «жаны ашымастың жанында белі ауырмастың» кебі. Басшының қалтасынан шығып жатпаған соң, бәрібір.
Бұл - тереңдеп айтсақ, Сұлтанмахмұт іздеген «нақақ көзден жас». Себебі шапан да, машина да басшының қалтасынан шыққан жок, басқа біреудің, бизнесменнің табан ақы, маңдай тері. Бастықтың өзі емес, жандайшаптары алдап-сулап, көнбесе, тізеге басып алады. Әрине, бизнесмендер еш уақытта ондай шиеленіске бармайды. Олар сол шапан мен автокөлікті беру арқылы билік басындағылармен сыбайлас болады. Әуелім, қаттырақ айтсақ, ілкімділердің әлгі жөн-жоралғыларға берген дүниелері пара болып шықпай ма?!
Ешкім де бұлай жақсы кісі болмасын.
Басшының өзін көрсететін жері той-томалақ емес, халыққа қызмет ету, елдің ертеңін еңселі ету қамын ойлау.
* * *
Қайта құру - мылжың заман.
Қоян арыстанның сөзін айтқан, кәнден пілдің тірсегіне жабысқан заман еді ол.
Бір күні кабинетіме корректор бала Бақытжан Әліқұлов кірді, алдыма отырды. Бірдеңе айтқысы келіп, қипақтай бастады.
- Сөйле, Бақытжан,- дедім.
- Аға, мына алаңдағы Ленин ескерткішін алып тастау керек деп жазсам,
басасыз ба?- деп қарап отыр бала.
Не айтарсың? Сөздің құны осыншама кеткеніне ішім удай ашыды.
Ленин ескерткішін жаппай алып жатқан кез.
Бақытжанның айтып отырғаны - дұрыс.
Бірақ Бақытжанның сөзі - пытыра.
Лениннің ескерткішін алып тастауға бағытталған сөз - зеңбіректің снаряды яки бомба болуға керек. Бұл, әлбетте, бейнелеп айтып отырғаным, дегенде мұндай ірі тірліктің сөзін белгілі тұлға айтуға керек.
- Қой, бала!- дедім Бақытжанға.
Бақытты болғыр Бақытжан түсіне қойды, қызарып кетті.
- Бара ғой, Бақытжан! Аталы сөз айтатын жасқа кел. Аузыңнан соқталы
сөз шығатын сокпақтан өт!
Бақытжан ойға батып бара жатты.
Мен де ойланып қалдым.
«Мына бала шынымен-ақ осыны білмей ме? Газет жұмысына араласқанына біраз болғанына қарамай, мұнысы несі, шикілік пе, аңғалдық па? Жастығы шығар».
Сабақты ине сәтімен.
Кейін Лениннің ескерткішін алып тастау жөнінде атақты адамдардың сөздерін ұйымдастырдық. Ленин ескерткіші мұражай еншісіне айналды, үлкеннің де, кішінің де қабырғасына батпайтын болды.
Орнына Бәйдібек бабамыздың ескерткіші орнатылды.
* * *
Облыстық «Ақ жол» газетінің «Еңбек туы» кезінде Әкпарбек Доспамбетов деген майдангер тілші болып қызмет етті. Өмірі тілшілікпен өтті. Білімі газеттің қандай жұмысына да болса, жарарлық еді. Ол осы қиямет-қайым ауыр жұмыстың барлық қыр-сырына жетік болатын, журналистиканың барлық жанырында қиналмай жаза беретін. Ол жылдары журналист ілкімділігінің, икемділігінің бір өлшемі - аудармашылық қабілет-тін. Әбекең бұған да жүйрік тұғын.
Әбекең мінезді адам еді.
Қазақтың өлгенінің жаманы жоқ. Дегенде, Әбекеңнің қырсық-қыңырлығы жеткілікті еді. Ештеңе, ешнәрсе ұнамайтын кер, ғылыми тілмен айтқанда нигилист болатын. Әдетте, өзі көп білетін, білімдар адам сөйтсе керек. Әбекең көп оқып, көп тоқыған кісі еді. Бір беткейлігі, принциптілігі бір басына жетіп артылатын.
Жоғары партия мектебінің екіжылдық курсын бітірген Әкпарбек Доспамбетовті партия жауапты қызметтерге жұмсаған, екі рет аудандық газет редакторлығына бекіткен. Алайда, екеуінде де аудандық партия комитетінің бірінші хатшыларына қарсы жазылған материалдарды жариялап, қызметінен босап қалған. Ол кезде редактор тарапынан бұдан артық жауыздық жоқ. Бұл - қазіргі тәуелсіз газеттердің редакторына үйреншікті іс болды.
Сонда деймін-ау, Әбекең мезгілінен бұрын туған адам.
Қазір ойлап отырсам, солай ма деп те қаламын. Әбекеңнің жақтырмайтындары қазіргі оппозиционерлердің айтатындарына астар болуға жарамайды.
Сонда деймін-ау, Әбекең нигилист емес, шындық жағында болған адам. Оның жақтырмағандары - қоғамның шіріктері.
Әбекең философ еді.
Мен бұл жерде оны философия ғылымының не екенін білмейтін философқа теліп отырғаным жоқ, ақылды, ойшыл адамға балап отырмын.
Көрген-білгені, көңілге түйгені көп Әбекең әңгіме үстінде небір соқталы ойлар айтатын. Оны философ атандырған осы ойлары.
Солардың ішінен Әбекеңнің: «Бір шаригі кем адамнан бір шаригі артық адам жаман»- деген сөзі, неге екенін, менің көкейіме қона кеткені. Әлі күнге мұны рас сөз деп білемін.
Шынында, бір шаригі кем адам да, бір шаригі артық адам да - бүлдіргіш.
Бір шаригі кем адам - аңғал, жуас, көп бүлдірмейді.
Бір шаригі артық адам - ардың-күрдің, алаңғасар, көп бүлдіреді.
Кемшілікті түзеу оңай, асқынғанды ауыздықтау қиын.
Әбекең бір журналист апайымызды бір шаригі кем адамға мысал ететін. Қалжыңға жүйрік (қазіргі тілмен юморшы) Әбекең бірде сол апайымызға:
- Жазушылар Одағының мүшесіне өлгенде он шаршы метр жер артық беріледі, соған өтпейсің бе?- деп жел беріпті.
Сөйтсе, апамыз кәдімгідей сеніп қалып, әрекетке кірісіпті.
- Өлген адамға жер неме керек екен?- деп күлкі қылды артынан әлгі апамызды Әбекең.
Ал, шындығында, Қазақстан Республикасы Министрлер Кеңесінің жазушыға кабинет жасау үшін басы артық бөлме бөлу жөнінде қаулысы бар болатын. Меніңше, үкіметтің ондай мырзалығының пайдасын көрген біздің облыста бір де бір қаламгер болған емес.
Соған қарап ой келеді: мәселе үкіметтің қаулысында емес, облыс басшысының пейілінде. Қараңыз, Атырауда әкім болғанда Иманғали Тасмағамбетов сыртта жүрген аталас ақын-жазушыларын, өнер адамдарын академик Зейнолла Қабдоловты басы етіп, коттедж салып беріп, Атырауда тұрақтатты. Тіптен ол қатарға біздің сарысулық ағайындары Ілия Жақанов пен Сәуле Жанпейісованың да еніп кеткенін қайтерсің!
Ал, біздің облыс басшыларының тіптен Ұлы Отан соғысының Ұлы Батыры Бауыржан Момышұлына коммуналдық үйден сұраған үш бөлмелі пәтерді бермегенін өзек өртер өкінішпен айтып отырудан басқа қолымыздан не келеді?!
Қазір мәлім болып отырғанындай, ерімізді жер еткен облыстың сол кездегі бірінші басшысы Хасан Бектұрғанов екен. Сөйтсек, Баукең соғыс кезінде барлауға барып, командирін жауға алдырып қайтқан Хасанды шапалақпен бір салыпты. Сол ішіне қан болып қатқан ғой Хасанның. Кекшіл екен, ұмытпаған, өш алған.
Біз неткен намыссызбыз! Айбатты арыстанымыздың өмірлік өтінішін аяқ асты еткен адамдарды аузымыздың суы құрып мақтаудан әлі күнге айныған емеспіз. Кішкене бір мәселенің бас-аяғына қарап, байыбына баруға қашан ден қоямыз?
Жә, Әбекеңнің бір шаригі артық деп санайтын адамы Алаңғасар алып еді.
Алаңғасар алып Түйме қызға ғашық болыпты.
Түйме қыз көңілін білдірген Алаңғасарға тірі жанның қолынан келмейтін шарт қойыпты:
- Бір өзің тастан сарай сал! Сонда жар боламын саған,- депті.
- Мақұл,- депті Алаңғасар.
Содан Алаңғасар алып Ботамойнақ тауының етегіне келіп, сандықтай-сандықтай тасты Ақыртөбеден асырып, жазыққа қарай лақтыра бастапты.
Ақырында Алаңғасар алып зорығып, бір орасан дәу тасты лақтырамын деп белі үзіліп, мерт болыпты.
Түйме қыз келесі ғашығына қала салдырыпты. Ол -Түймекент қаласы.
Алаңғасар лақтырған сандық тастар содан бері топ-топ етіп түскен жерінде пырдай болып жатыр. Бір адам емес, бірнеше ондаған адам көтере алмайтын тастар көргенді таңдандырумен келеді.
Міне, енді Ақыртас атанған сол тастар, сол маңай «Мәдени мұра» бағдарламасына еніп, қазба жұмыстары жүргізіліп, зерттелініп жатыр.
Мүмкін, алып ағамыздың алаңғасарлығы жөнінде бір нәрсе қылаң берер-бермес, мәселе онда емес.
Мәселе, бір шаригі кем - аңғалдар мен бір шаригі артық - алаңғасарлар болмаса, адамдар зерігіп кетер еді.
* * *
Коммунистік партия қала мен ауылдың айырмашылығын жоямыз деп қаншама зарлады, бәрін істеді, бірақ ештеңе шығара алмай кетті.
Енді де ондай ұран көтергендер табыла қалса, мұныңыз ақымақтық дегеннен басқа айтарымыз болмаса керек.
Оған тегі бір үлкен де түбегейлі мәселелерді алға тартпай-ақ, өмірдің өзінен кішкентай мысал келтірсем де жеткілікті.
Қазір - көктемнің күні. Аракідік жаңбыр жауып тұр. Күн көзін кішкентай бұлт басқанға қалалық бір әйелдің:
- Тағы да!- деп қиналғанын естіп қалдым.
Сондағысы, жаңбыр жауса, жақсы киімін кие алмайды екен.
Сонда сонау бала кезімде әкем айтқан бір сөз есіме түсті.
Мен онда Шоқпар станциясында алтыншы сыныпта оқитынмын. Әкем 1 мамыр мерекесі қарсаңында атқа мінгестіріп, Кербұлақтағы ауылымызға алып келді. 1-2 мамыр күндері аспаннан шелектеп жаңбыр құйып тұрды.
Әкем онда қорықшы еді.
Жаңбыр басылған күннің ертеңіне әкем Кербұлақтың басын аралап қайтты.
Шай үстінде әкем:
- Құдайдың нұры-ай! Кешегі жаңбырдан шөп, егін бір қарыс өсіпті!- деп таңданып, рахат күй кешіп отырды.
Міне, осы екі мысал-ақ қала мен даланың айырмашылығының ешуақыт жойылмайтынын көрсетеді.
Қаланың тік өкшелеріне, береке - жаңбыр жауғанынан жақсы киімдерін кигені артық.
Ауыл адамына Құдайдың нұры - жаңбыр жауып, шөп, егін бір қарыс өссе, қуаныш.
* * *
Мойынқұмда Болатхан Әліқұлов деген ақын бар еді, марқұм болды.
Жақсы ақын, жуас жігіт еді.
Қу арақ кімді шешен, кімді көсем етпеген.
Артық ауыз сөзі жоқ Болатханды да сайратқаны бар бірде бұл арақтың.
Ертеректе журналистік тірлікпен Мойынқұмның «Көктерек» кеңшарына барғаным бар.
Жанымда «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің біздің облыстағы меншікті тілшісі, ақын Жақсылық Сәтібеков бар, аудан орталығынан Болатхан қосылды.
Мақсат - сол кезде дүркіреп тұрған шопан Шоман Шәріпбаев жайлы очерк жазу.
Кеншар директоры Дәрмен Құндызбеков-мен туып, өскен Кербұлақтың баласы.
Шоманның Хантаудағы қыстауына Дәрмен өзі бастап барды.
Шоманның үйіне қонып, көл-көсір дастарханынан дәмге де, араққа да мейпілдеп тойдық.
Қойын кітапшаны Шоманның, Дәрменнің айтқандарына толтырдық.
Бәріміз кеңшар автобусымен көңілді қайтып келеміз.
- Аға,- деді бір кезде Болатхан,- мына директордан сіз мықтысыз. Бұл кім, ішкен-жегені өзімен бірге кетеді. Сіз - жазушысыз, сіздің кітаптарыңыз қалады артыңызда. Директорды орнынан түскенше осы кеңшар адамдары сыйлайды, сізді барша қазақ құрметтейді, келер ұрпақ та атыңызды ардақтап атайтын болады.
Сіз - Шаншар атайсыз. Шаншар атай - ғажап қарт.
Мақтағанды кім жек көрсін, кәдімгідей-ақ желпініп қалдым. Жалпы, мені былай қойғанда, Болатханның айтып отырғаны дұрыс. Халық қашан да ақын-жазушысын қадірлеген.
Дәрменнің менен жасы үлкен, кішкентайдан бірге өскен ағай. Болатханды қоштасам, Дәрменнің көңілі қалады.
- Болатхан, қой. Қай-қайдағыны айтқаның, жолың болғыр.
Енді Болатханның көңілі қалды:
- Ой, сіз білмейді екенсіз ғой. Сіз босқа жазушы болғансыз.
- Жарайды, Болатхан. Бүгін сенің айтқаныңның бәрі дұрыс.
Мұным саған бұл сөздерді айтқызып отырған арақ дегенім еді.
Болатхан түсінді, үндемей қалды.
Дәрмен де түсінді, ренжіген жоқ.
Болатхан тірі болып, ақын-жазушының бүгінгі хал-ахуалын көрсе, не дер еді?
Оның орнына мен айтайын: бүгінде ақын-жазушыны ерекше жаратылған жан деп ойлайтын Болатхандай адам азайған.
Міне, мысал, жуырда бір атаның балалары жиналып біраз мәселеге бәтуаласты. Сонда бір ағайындар қайтыс болған ілкімдінің атын көшеге беру туралы мәселені әжептеуір ежіктеді, сол атаның марқұм болған Кәрім Баялиев, Мейірхан Қуанышбаев сияқты белгілі қаламгерлері ауызға да алынбады. Бір бұл емес, жалпы, қазір қайтыс болған шенеуніктің, ілкімдінің мүрдесінің топырағы кеппей жатып есімін мәңгі есте қалдыру жұмыстары қызу жүріп беретін болды. Ал, ақын-жазушыға келгенде бұлар тырысып қалады. Сонда бұл ел өз қалтасына жұмыс істеген адам мен халыққа жұмыс істеген адамның айырмасын білмейтін болғаны ма?
Қазақстан Жазушылар одағы облыстық ұйымының төрағасы болып тұрған кезімде Тараз қалалық әкімдігіне жазушы-публицист Мейірхан Қуанышбаевтың есімін бір көшеге беру жөнінде екі рет ұсыныс жасадым, екеуінде де шығарып салма жауап алдым.
Кәрім Баялиев марқұм жөнінде алдымен белгілі театр сыншысы Яхия Шынәсілұлы, содан соң ақын Жақсылық Сәтібеков екеуміз мақала жазып, Тараз қаласының әкімінен ардақты ағаның атын елеусіз қалдырмауын құлаққағыс еттік.
Бұл қаламгерлердің екеуі де қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қомақты үлес қосқан тұлғалар еді. Шерағаң «Тараз жазушыларының тарланы» атаған
Кәрекеңнен атының басын оздырған қаламгер бар ма екен бізде. Оның үстіне бұл ағамыз Одақка белгілі радиожурналист еді. Таңның атысынан ел жатқанша радиодан Кәрекеңнің саңқылдаған дауысы естіліп жататын ол кезде. Облыстың қоғамдық-саяси, экономикалық өмірінің барша қырын жіті бақылап, сергек үн қататын Кәрекеңнің назарынан титтей де өзгеріс қаға беріс қалмайтын.
Гитлер соғыс жылдары Мәскеуді алған жағдайда ең алдымен Левитанның үнін өшіруге тапсырма берген. Левитанның «Говорит Москва. Передаем сообщения ТАСС» деген сөзі басқыншы жауға бомбадан бетер әсер еткен.
Егер Кәрекең қызмет істеген жылдары Жамбыл облысының жауы болса, ең алдымен Баялиевтің үнін өшіру керек деген болар еді. Бұқаралық ақпарат құралдары, оның ішінде радио да бар, үгітшілік, насихатшылық қызмет атқарып қана қоймайды, жұмылдырушы, ұйымдастырушы да болады. Осы өлшеммен келгенде Кәрекең - жазушы, жаршы ғана емес, облысымыздың өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан адам.
Билік басындағылар Кәрекең тәрізді кісілер атқарған іргелі істің байыбына қашан жетер екен?!
Кәрім Баялиев пен Мейірхан Қуанышбаевты аталастары елемеген жоғарыда айтқан жиында ілкімдінің баласы мұртынан күліп отырды.
Содан бірнеше күн өткен соң Мейірхан Қуанышбаевтың баласы Нұрлан жолығып қалып, «Әкем елеусіз қалды. Аға, айтшы, менің әкем ұмытылуға лайық па еді?»-деп екі көзінен тарам-тарам жас ағып жылады.
Кәрім Баялиевтің балалары Яқаңның, біздің жазғаңдарымызды алға тартып, лауазым иелерінің алдын тоздырып жүр. Әзірге ешнәрсе шыққан жоқ.
Ілкімдінің ілкімді баласы ойына алғанын орындайды.
Қайтіп? Қалтасы қалың.
Ана екі ағамыздың балалары жылап-сықтап, табанынан таусылады, бірдеңе шығаруы неғайбыл.
Неге? Қалталарының түбі тесік.
Қалталарын қампайтқандар ұятты қойғалы қашан!
Ана бір жылы, «Ақ жолдың» бас редакторы кезімде Жамбыл аудандық «Шұғыла» газетінің бас редакторы Болат Жаппарұлы бір материал әкеліпті, мазмұны - бір кісінің есімін бір бастауыш мектепке беру.
- Болатжан, бұл кісі кім? Қандай еңбегі бар?
- Мұғалім. Осы бастауыш мектепте мұғалім болған.
- Мектеп меңгерушісі болып па еді?
- Жоқ.
- Онда болмайды ғой.
- Ағатай, басыңызшы. Баласы - үлкен бизнесмен. Сол сұрап, қоймай, мазамды алды.
Болат - жақсы көретін інім.
Маған «Ақ жол» бәрінен қымбат.
Екі оттың арасында қалдым.
- Болат, бас редактор буынсыз жерге пышақ ұра алмайды.
Болат түсінді.
Өздері әкелерінен зор шығып, құлатөбел өмір кешіп, о дүниелік болған әкелерін зорайтпақ болып жүрген нысапсыздарға қайткенде тыйым болар екен?!
Өмірден қазанат пен жабының айырмасын, жақсы мен жаманның парқын біліп, әдебиеттен басқаның бәрі әшейін деп өткен Болатхан бақытты екен. Артында көзі тірісінде шығарып үлгерген кітаптары, буда-буда қолжазбалары қалды.
Ақын-жазушы өз ескерткішін көзі тірісінде өзі орнатады.
Ол - оның сөзі.
Ақын-жазушының өлгеніне де, тірісіне де құрмет көрсету - ізгінің ісі.
* * *
Мақал - сөздің мәйегі.
Барлық ұлы, ұсақ, үлкен-кіші нәрсе сияқты, мақалды да адам шығарған. Қазақта мақалды көп шығарған адам, меніңше, Бауыржан Момышұлы.
«Ақиқат пен аңыз» романының авторы Әзілхан Нұршайықов Бәукеңе осынысының сырын білмек болып сұрак та қойған. Батыр мақалды шығарайын деп шығармағанын, өмірде болған жағдайларға байланысты аузынан оқыс та, ойланып та шыққан сөздері екенін айтқан. Рас-ақ қой. «Опасызда отан жоқ», «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген тәрізді қанатты сөздерді Батырдың Батыры Бауыржан ғана айта алған. Бауыржан Момышұлының мақалдары зерделеген адамға үлкен әңгіменің арқауы боларлық. Шынында, Бауыржандай ақылды адам шанда біреу.
Жанынан мақал-мәтел шығара алмайтындар ең болмаса, халықта бар даналықты орынды, ұтқыр пайдалана алса да аз болмас еді. Жоқ, «Жібекті түте алмаған жүн етедінің» керін келтіреді.
Мақал-мәтелді біреудің басын жарып, көзін шығарып айтқанын естігенде зығырданың қайнайды. Ондайлар - рухани мүгедектер. Оларға мақал-мәтел, жалпы ана тіліміз ана сүтімен, ата сөзімен дарымаған. Обал!
Мақал-мәтелді кейін оқып біліп, жаттап алуға да болар, бірақ ондай уызынан жарымағандар оңдыртып қолданса ғана нысанаға дөп тиеді.
Ұлы Бауыржан Момышұлы бесік жырын, ана әлдиін, ата мен әженің ертегілерін тыңдап өспеген баланың жарымжан болатынын қадап айтқан. Бәукеңнің бұл сөзінің байыбына жете алмайтын орашолақтар - осал тәрбиенің жемісі. Бұл - айналып келгенде ата-анаға, қарияларға мін.
* * *
«Ауырып ем ізде,
Ауырмайтын жол ізде!»
«Фарабиз» деген дәрінің қорабына осылай жазылыпты.
Бұл дәрінің иесі «ФитоГауһар» ЖШС таңдану белгісін (!) қоймаса да таңданасыз.
О заманда бұ заман «Ауыр» деп бұйырғанды кездестіріп отырғаным осы.
Енді осы шіркіндердің дәріні жарнамалаған мәтініне көз жіберейік.
«Жүрек қантамырларына қолайлы әсер етеді: оның қабынуына, ауырған тұсын тыныштандыруға және өт қалтасына. Бұл асқазан жарасын жіңішке ішек ауруларын өт қалтасы мен өт жолын, бауырды және ішектің қабынуын емдеуге арналған қосымша дәрі-дәрмек ретінде, сондай-ақ, олардың алдын-алу үшін кеңінен ұсынылады».
Ал, енді осының орыс тілдегі мәтінін келтірейік:
«Оказывает благоприятное действие на желудочнокишечный тракт: противовоспалительное, обезболивающее, желчогонное. Рекомендован для профилактики и в качестве вспомогательного средства для лечения при гастрите, язвенной болезни желудка, двенадцатиперстной кишки, острых и хронических заболеваниях желчного пузыря, желчных путей и печени, воспалительных процессах кишечника».
Масқара! Қазақша мәтін - орысшаға алыстан маңайлайтын былдыр-батпақ. Ең сорақысы бұл дәрі қазақшадағыдай, жүрек қан тамырларына әсер етпейді, орысшадағыдай, оказывает благоприятное действие на желудочнокишечный тракт. Бұл біздің қазақшалауымызда, ішек-қарын жолына қолайлы әсер етеді.
Сонда бұл дәріні «ФитоГауһар» ЖШС-нің жазуы бойынша ішкен адам ауру таба ма, айыға ма, белгісіз. Жоқ, белгілі, өздері жазып отырғанындай, ауырып, ем іздейтін болады.
Шақыру - айдарын қазақшаласақ, біздіңше былай:
Ауырып, ем іздегенше,
Ауырмайтын жол ізде.
Бұл енді құлаққа кірер еді.
Құрметті оқырман, бұл жазушының сонша ұсақтағаны несі,- деп сөгіп отырған боларсың.
Мен бұл жерде аударманың да үлкен өнер екенін ескерткім келіп отыр. Абай, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов тәрізді ұлы аудармашыларды былай қойып, кәдімгі еңбек торылардың өзі де аудармаға мықтап мән беруі керектігін, ешкімнің де ауа жайылуына болмайтынын қолыма түсіп қалған дәрі қорабындағы жазудан шошып отырып айттым. Шынында да, дүниедегі ең қымбат - адам өміріне қатысты айтатынын осылай аударған сабаздарға не айтарсың?
Осы жерде қазақ тілінің үлкен проблемасы жатыр.
Қазақ тілін ғылым, өндіріс, қаржы салаларына енгізуді, ресми тіл етуді мықтап жөнге қоймай, көсегеміз көгеріп, көрпе-жастығымыз ұзармайды.
Бұл ретте бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөлі айтып тауысқысыз. Бірақ қазіргі бұқаралық ақпарат құралдары қазақ тілінің хал-ахуалын оңалту емес, сорлатуға жұмыс істеп жатқандай. Оның басты себебі өмірдің барлық саласы тәрізді БАҚ-та да ұрпақ алмасуы жүріп жатыр. Қазақ тіліне уызынан жарыған аға ұрпақтың орнына асфальтта өскен жастар шықты басылым беті мен эфирге. Осы өзгерістің оңды жағы көп дегенімізбен, ойласатын тұстары да аз емес екен.
Соның бірі, тіптен ең бастысы, орыс тілінен аударма.
Иә, аударма қашаннан тілді байытудың тиімді көзі болып келген, бола береді. Егер жөнді аударма жасай алмасақ, тіліміз шұбарланады, адам түсінбес ми батпаққа батамыз. Мен өмір тәжірибемнен білемін, орыс тілінен ат-тонын ала қашатын журналистер - аудара алмайтындар.
Олардың уәжін көп естігенмін, сондағылары - қазақ тілін дамытуға қамқорсыну. Шын мәнінде бұл - әлсіздігіне сылтау. Ал, орыс тілінің «тіл ұстартып, өнер шашудағы» рөлі әлі кеміген жоқ.
Сондықтан да мен ойлаймын: журналист, жалпы қаламгер аударма жасауға жүйрік, сауатты болуы керек. Ондай шеберлікке жетудің көп құпиясы жоқ, ең алдымен, филология, журналистика факультеттеріне әдебиетті жан-тәнімен сүйетін, қаламының желі бар жас түсуі тиіс; екіншіден, ол жақсы оқуы керек; үшіншіден, ол екі-үш сөздің басын кұрастыра салып, редакцияға тұра жүгірмей, өзіндік шыңдалу мектебінен өтуі қажет; төртіншіден, БАҚ-қа көп үңілгені мақұл; бесіншіден, «оқығанды көңілге тоқығаны»; алтыншыдан, кейбіреудің көңіліне келсе де айтайық, қолынан жазу келмейтін адамның редакция маңынан нан табудан күдер үзгені жөн; ақырында, адамда Құдай берген талант болмай, бәрі бос.
Қазіргі БАҚ қызметкерлерінің соншама жүдеп кеткені туралы бір-ақ мысал келтірейін, Наурыз мейрамын барша халқымызбен бірге республикамыздың телевидение қызметкерлері де қуана қарсы алып, небір тамаша хабарларын көрсетті. Олардың бәрі дерлік өз қуаныш-тілегін: «Ар ма, әз Наурыз!»- деп білдірді.
Құдайым-ау, сонда бас мейрамымызға жөндеп құрмет көрсете алмағанымыз ба? Мұның дұрысы - «Арма, әз Наурыз!»
Арма - аман-есен бе, есен-сау ма деп сәлемдесу.
«Қазақ тілінің сөздігінде» (Алматы-1999) бұған мынандай бір әдемі мысал келтірілген:
Жасық пышақ өтпейді жаныса да,
Жаман арма демейді таныса да.
Қазақстандағы бүкіл тележурналистердің бір де біреуі арманың - амандасу екенін білмей жатқаны көңілге қорқыныш ұялатады. Арма-архаизм емес, екінің бірі дерлік кездескенде айтып жүрген сөз.
Қолыңа қалам алған екенсін, біліп жаз. Ол үшін оқы, ізден, үйрен.
Журналист - ат, жұмыс аты.
Ат бір сүрінген жерінде қайта сүрінбейді.
Журналист те бір жазғанында қателескен екен, қайталамауы керек.
Мен «Еңбек туында» (қазіргі «Ақ жол») екі рет қателестім, екі қатемді де қайтып қайталаған емеспін. Бір материалымда «Кафэ» деп жазып жіберіппін. Редактор Баттал Жаңабаев шақырды. Бардым. Қатемді көрсетті. Мойындамадым. «Кафэ» деп жазылады»,- деп қасарыстым. «Ана «Шолпан» кафесіне барып, оқып кел»,- деді Бәкең. Бардым. Редактордікі дұрыс болып шықты - «Кафэ» емес, кафе екен.
Ендігі бір материалымда «экскаваторды» «эксковатор» деп жазып, қате жібердім. Бәкең шақырып алып, қатемді бетіме басты.
Бәкеңнің де, орынбасары Төленді Оңғарбаевтың да тәрбиелеу тәсілі жазғанымыздың әріп қатесі тұрмақ, үтір қоя алмасақ, алдына шақырып, кемшілігімізді бетімізге басатын.
Мен - филологпын, жазушымын. Сонда да қате жібердім, редактор қателеспеді. Сөйтсем, мұнда бір заңдылық бар екен, редактор қаламынан шыққан өз сөзіне ғана емес, тілшілердің жазғанына да мейлінше жауапкершілікпен қарайды екен.
Кейін мен редактордың орынбасары, бас редактор болған 28 жыл ішінде бұл тірлікті армансыз атқардым. Бірақ мен ешкімді де қолжазбасындағы қатесі үшін алдыма шақырып, қабақ шытып көрген емеспін. Есесіне, тілшілер мен қараған материалдарды оқып шығып, өздері ойға қалар еді.
Сондағы менің ұстанғаным орыстың ұлы жазушысы Г.Короленконың үлгісі болды.
Бірде Короленкоға бір жас жазушы шағын әңгімесін әкеліпті.
- Ертең келіңіз,- депті Короленко әлгіге.
Жас жігіт ертеңіне келіп, әңгімесін көрсе, Короленко бір сөзін де өзгертпепті, тек тыныс белгілерін қойып шығыпты. Сонда ұлы жазушы жас жазушыға бір де сөз айтпапты.
Автор әңгімесін оқып шығып, танымай қалыпты, құлпырып кеткен.
Бұл жас жігіт Антон Чехов екен.
Болашақ ұлы жазушы үшін бұл үлкен сабақ болған.
«Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз»,- деп Абай айтпақшы, редактор ағаларымнан үйрендім, классик жазушыларға ұқсадым, онымнан не шықты, оны мен емес, басқалар, тәлім-тәрбиемді көргендер айтар.
Менің айтарым: ауызекі айтқан сөзің-өзіңдікі, маған десең, оттай бер, баспа бетін көрген сөзің-халықтікі, жанып тұрған оттай көр.
* * *
Мамырдың бірі облысымызда Қазақстан халықтарының бірлігі күні ретінде ерекше салтанатпен мерекеленді.
Тараздың «Достық» алаңына жиналған жұртшылық алдында облыс әкімі Б.Б.Жексембин жарқын сөз сөйледі.
- Елбасымыз осыдан он жыл бұрын өз жарлығымен 1 мамырды Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесі деп жариялағаны белгілі,- деді облыс әкімі - Бұл күн бір өзінде 130 халықтың топтары мен өкілдері тұратын тәуелсіз еліміздің тарихына орны бөлек атаулы күн болып енді. Елбасымыздың биылғы жылғы халыққа жолдауынан туындайтын міндеттерге сай бәсекеге барынша қабілетті әлемдегі дамушы 50 елдің қатарынан орын аламыз десек, бізге ұлтаралық түсіністік, қоғамдық келісім ауадай қажет. Тәуелсіздікке қолымыз жеткен күннен бастап Президентіміз ел бірлігіне ерекше ден қоюмен келеді. Бұл бағытта бірқатар батыл қадамдар жасалғанын да жақсы білесіздер. Соның бірі - Қазақстан халықтары Ассамблеясының құрылуы дер едім. 1995 жылғы наурыз айында алғашқы сессиясы өткен Ассамблеяның содан бергі уақыт аралығында халықтар достығын нығайтуға, жас мемлекетіміздің аяғынан нық тұруына қосқан үлесін ешкім жоққа шығара алмайды. Президентіміз үстіміздегі жылғы халыққа Жолдауында: «Біз қазақ халқының сан ғасырлық дәстүрін, тілі мен әдебиетін арттырып, дамыта береміз. Сонымен қатар ұлтаралық және мәдениетаралық келісімді, біртұтас Қазақстан халқының ілгері дамуын қамтамасыз етеміз»- деп атап көрсетті.
Мерекелік шеруде мәлім болғанындай, біздің облысымызда 21 ұлттық-мәдени орталығы бар екен. Соның бірі - қазақ ұлттық-мәдени орталық-диаспоралық қауымдастық.
Ал, диаспора өздерінің тарихи отанынан өзге жерді қоныстанған адамдар.
Біз, қазақтар, тарихи отанымызда тұрып жатқан халықпыз. Ендеше, диаспоралар құсап ұлттық-мәдени орталық ашқанымызға не жорық.
Ұлттық-мәдени орталық белгілі бір диаспораның - тағдыр айдап Қазақстанға келіп қалған белгілі халықтың аз тобының жоғын жоқтап, мұңын мұңдайды. Орталықтар атқарып отырған жұмыс мазмұны шын мәнінде де осылай болып отыр. Олар өздері өкілі болып табылатын диаспораның тілі, діні, ділі, мәдениеті тәрізді мәселелермен айналысады. Түбегейлі мақсат айқын - Қазақстан халықтарының достығын нығайту, республикамыздың дамуына үлес қосу.
Ұлттық-мәдени орталықтардың құрылғалы бергі он бір жылғы тыныс-тіршілігі мұны әбден әдемі дәлелдеп отыр. Облыс көлемінде бұл орталықтар кіші ассамблеяға топтасқан, республика көлемінде Қазақстан халықтары Ассамблеясы деп аталынады.
Хош, бәрі дұрыс. Дұрыс емесі - біздің облыста қазақ ұлттық-мәдени орталығы құрылып, өзімізді диаспоралар қатарына қосқанымыз.
Ұлттық-мәдени орталықтар құрылып жатқан 1995 жылы облыстық әкімдікке қазақ зиялыларын жинап, қазақ ұлттық-мәдени орталығын құру жөнінде құрылтай сияқты бір жиын өткені есімде. Қайран біздің қойдан жуас зиялыларымыз кіші ассамблея хатшылығының меңгерушісі Күләш Әбдікешова қазақ ұлттық-мәдени орталығын құру керектігін айтқанда үндемей ғана отырды.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Көкіш Рыспаев екеуміз қарсы шықтық. Көкіш ағай да, мен де тыңдар құлаққа әжептәуір сөздер айттық, ұзын-ырғасы мынау:
- Қазақстанның иесі - қазақ халқы. Біздің жаны жомарт, құшағы кең, досқа адал халқымыз Қазақстанды мекендейтін бір де бір халықты өгейсітіп көрген емес. Кәдімгі өзіміз айтатын «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» өмір сүріп, еңбек етіп жатырмыз. Мейлі, аз ұлттар мәдени орталықтар құрсын, оған таңдаулы ұл-қыздары шоғырланып, берекелі іс атқарсын.
Ұлттық-мәдени орталықтар қандай да бір мәселенің оң шешімін мемлекеттік мекемелерден дәметеді. Аз ұлттың мейлі балаларының өз ана тілінде білім алуы, мейлі мәдениетін дамытуы, мейлі салт-дәстүрлеріне өріс беруі -бәр-бәрі - мемлекеттің қамқорлығы арқасында жүзеге асырылады.
Бұл жомарт мемлекет- қазақтың мемлекеті, тарихи отаны.
Бұл адамгершілігі мол, иманды мемлекет - өзін паналаған өзге ұлттардың екінші отаны.
Бұл мемлекеттің байырғы халқы ешуақыт диаспора бола алмайды. Қазақ халқы мемлекет қамқорлығына ешуақыт зәру болып, қол жаймайды. Мемлекеттің өзі-өзінің негізі болып табылатын халқының қамқоры, қызметшісі. Ендеше қазақ ұлттық-мәдени орталығын құру - саяси соқырлық.
Біздің осы іспетті жайлап та, қызынып та айтқан сөзіміз Күләшқа әсер етпеді. Ол кісіні қостайтын адамдар да табылды. Сөйтіп осындай оғаш орталық құрылды.
Жиын тарап, есікке беттегенімізде Күләш мені тоқтатты.
- Әлдеке, сонша қатты кеттіңіз. Дұрыс айттыңыздар. Амал жоқ, бұл - Тшановтың нұсқауы,-деп жымиды Күләш Әмедиқызы.
- Керегі жоқ құрылым. Не істейді енді? Мен әкімге айтайын, «қойыңыз»,- дейін,- дедім мен.
Күлекең екі ойлы қалыпта қалды.
Мен облыстың сол кездегі әкімі Амалбек Тшановқа да, кейін Серік Үмбетовке де айттым бұл келеңсіздікті. Екеуі де үнсіз тыңдады да қойды.
Ал, түкке де қажеті жоқ, түкті де бітірмейтін қазақ ұлттық-мәдени орталығы санда ғана барға есептеліп жүр.
Қазақ балаларын оқыту, мәдениетті, ұлттық салт-дәстүрімізді өркендету, тілімізді, ділімізді, дінімізді қалпына келтіру мәселелерінің бәрімен облыс әкімінің департаменттері, басқармалары, бөлімдері айналысады. Бұл - олардың тікелей мемлекеттік міндеті. Сонда мәдени орталығымызға не қалады, түк те қалмайды. Ақыры құрылған екен, ең болмаса, бірдеңелерге мұрындық болғансып, түртпектеп жүрсе ғой, жоқ, түк жоқ. Басқаны қайдам, өз басым осы мәдени орталықтың бір мәдени шара өткізгенін көрген емеспін. Себебі, оның басшылары әдебиет пен мәдениетке үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын технократтар.
Тұра тұрыңыз, қазақ ұлттық-мәдени орталығының да, әдетте, оның басшыларының да атқаратын бір ісі бар, ол - Наурыз мерекесінде ТарМУ-дың әдемі қазақ үйлерін жайнатып тігу. 1 мамыр мерекесінде ТарМУ-дың колоннасын бастап жүру. Басқа ұлттық-мәдени орталықтарының бір-бірден өз үйлері, бір-бірден өз колонналары бар. Өйткені олардың өздері де бар. Біздің мәдени орталығымыздың түкке қажеті жоқ екенін наурызда мекемелер мен ұйымдар тіккен үйлер мен 1 мамырда мәдени орталық атын жамылмай-ақ ағылып өткен қазақ колонналары да дәлелдесе керек.
Бір қуанарлығы, мұндай сүйекке таңба боларлық орталық өзге бірде-бір облыста жоқ.
Елбасымыз бір сөзінде Ассамблеяның атқарған жұмысына разылық білдіре келе, оның қызметіне жаңа серпін беріп, құрылымдық түріне өзгеріс енгізсе артық болмас еді дегенді айтып қалды. Амандық болса, көрерміз, ондай өзгерістер де болар. Бірақ бір нәрсе айқын бұл бағыттағы қандай да құрылым нендей де өзгеріске ұшырамасын, қызметінің мәні өзгеріссіз қалады, ол -ұлтаралық және мәдениетаралық келісімді, Қазақстан халықтарының дамуын қамтамасыз ету.
Бұл істе республика атына ие қазақ халқы көшбасшылық дәрежесінде болуы керек. Ендеше, ол халықтың - қазақ халқының біздің облыста тұратын өкілдерін - қазақтарды диаспораға теңеп, ұлттық-мәдени орталыққа біріктіру, сыпайылап айтқанда, әбестік.
Біз, қазақ халқы, көнбіспіз, мойнымызға қарғыбау іліп қойсын, кеудемізге орден тағып берсін, көне береміз.
* * *
Қазақ балалар әдебиетінің теңдесі жоқ классигі Бердібек Соқпақбаев тұла бойы тұнып тұрған әзіл-қалжың, күлкі-келемеж кісі еді.
Торсықтай маңдайын астынан атқылаған ақыл тырсылдатып тұратын тәрізді көрінетін Бекең қазақ «Айтқыш»- деп атайтын адамның да дәл өзі еді.
Қазақ балаларын тәрбиелеуге теңдессіз үлес қосқан жазушының осы бағыттағы ойлары ұшан-теңіз болатын.
Студент кезімде, кейін Алматыға жолым түскенде ұстазым іспетті болып кеткен ағаға әдейілеп жолығып, әңгіме-дүкен құрған сәттерім аз болған жоқ.
Сондай бір кездесуде Бекең:
- Балаларды «өйт-бүйт»- деп түртпектеу жақсы емес. Оныншы класты бітірген қазақ балаларын қолына Абайдың кітабын беріп, оңаша үйге қамап қойып, «Осындағы өлеңдерді түгел жаттап алған күні шығасың жарық дүниеге»- деу керек. Абайды жаттаған, түсінген бала өмірден таяқ жемейді,- деді.
Мен аға сөзінің астарын сол сәтте де түсінгенмін, тәнті болғанмын, қазір де солаймын.
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.
Байқайсыз ба, өлеңдерінің кімге, не үшін керек екенін Абайдың өзі айтқан.
Жұмбақ адамның жүрегінің түбіне терең бойлау үшін, әрине, оның өлеңдерін жаттап алу керек. Қазіргі еліктегіш, солықтағыш жасқа зорлап жаттатқаннан басқа амал жоқ.
Бердібек ағаның жоғарыдағы сөзіне Абай талантына табынумен бірге жастарға жаны ашу да арқау болған ғой.
Ешкім де баласын қамап қойып, Абайды жаттатпас, бірақ жазушыны осы сөзді айтуға мәжбүр еткен проблема - балаларымыздың өмірге еш дайындықсыз, білімсіз араласып, таяқ жеп жүргендігі.
Бекең өмір сүрген кезде, яғни жиырмасыншы ғасырда қазіргідей ешкім қыстамай-ақ, балалардың өздері барып топырлайтын компьютер залдары жоқ болатын.
Жазушы ағамыз балалардың көзін көгертіп, өңін бозартқан осы компьютер залдарын көрсе, «Бұларың дұрыс екен, Абайды жаттап керегі не, өстіп ойнай беріңдер»- демес еді, әрине. Өйткені Бекең - өмірден жүрегі қазақ деп соғып өткен жазушы. Халықтың болашағы - бала. «Баланы - жастан» деген де тәрбие айтылған Тәрбие ұлттық реңк алмай, бала ойлағандай болып өспейді. Ұлттық тәрбие берудің ең құнарлы қайнарларының бірі - ұлылар өнегесі. Ол ұлыларымыз: өлеңде - Абай, жырда – Жамбыл, ғылымда - Қаныш, жазушылықта - Мұхтар, батырлықта – Бауыржан, әнде - Бибігүл. Осы алыптарды асқар тұтып, өнегесімен өсірсек, жастардың көсегесін көгертеміз.
«Атаға қарап ұл,
Анаға қарап қыз өседі».
* * *
Парық пен нарық дыбысталуы жағынан ғана ұқсас сөздер еді, мағыналық та ұқсастық тапқан сыңайлы.
Бір нәрсенің парқын білу оның бағасын бағамдауға саяды, ал бағаңыз - нарық. Қазақ қазіргідей «Бағасы қанша?»- дегеннен бұрын «Нарқы қанша?»- деп сөйлеген.
Нарық - сауда бағасы.
Парық - адамгершілік бағасы.
Сауданың бағасы қалай да белгілі болады. Белгілі дәрежеде нарықтың өлшемі бар. «Үйдегі нарықты базардағы сауда бұзады». «Аларманға алтау - аз, берерменге бесеу - көп». Дегенде, сауданың нарқы шығып, тоқтам жасалысады. Бітті, баға анықталынды.
Парық - жақсы мен жаманның, арзан мен қымбаттың, асыл мен жасықтың, күшті мен әлсіздің, озық пен тозықтың, т.т. мән-жайы, жай-жапсары, өлшемі, бағасы. Осылардың әрқайсысының жеке-жеке алғандағы айырмашылығын ажырату, ерекшелігін білу - парық, әне, сол, ал олай ете алмау - парықсыздық. Өмірдің өңін кетіретін келеңсіздік, жорықсыздық, жөнсіздік - парықсыздық көздері.
Парықтылық таныту - біліктілік.
Парықсыздық түбі - наразылық, реніш.
Жігіттер, әсіресе, билік тұтқасын ұстағандар осыны білсе, іс оңға басты дей бергін. Мұндай жерде, ең бастысы, әділдік орнайды.
Әр нәрсенің парқын білген құлға разы болғаннан басқа не айтпақсың.
Парықсыз билік құрған жерде реніш, өкпе орын алады. Ол шіркінге наразы болғаннан басқа не істемексің.
Разыдан наразының жүгі ауыр жүрекке,
Парықты бол, парықсыз боп күнелтпе.
Біз өстіп бір қоялық.
Ендігісін өзің біл, оқырман.
Дегенмен, өмірде парықтылықтан парықсыздықтың мысалы көп екеніне өкінбеске лажың жоқ.
Қандай да бір нәрсеге пікір айту, қиын, біреудің құйрығын басып кетесің.
«Ауызға келген түкірік - қайта жұтсаң, мәкүрік».
Басқа келген ой - айта алмасаң, қой.
Олай болса, бізге не жорық, «Сөйле, Көбей»-дейік.
Дәл осы парықсыздың салдарынан қазақ қалыптасқан бір ұғымнан шатасып отыр.
Мәдени өмірізде өнер шеберлері және көркем өнерпаздар дегендер бар еді. Өнер шеберлері Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова сияқты алыптар мен олардың ізін басқан Халық әртістері болатын. Өнер шеберлері деген ұғымға биік талғаммен қарайтындығымыз сонша еңбек сіңірген әртістің өзін олардың санатына қоса бермейтінбіз.
Қазір енді «әу»-дегеннің бәрі өнер шеберлері болып шыға келді. Облыс, аудан сахнасына енді шыққан көркемөнерпаздар өнер шеберлері деп хабарланатын болды.
Жастардың алдына кім шығыпты, бүгінгі көркемөнерпаздар өнер шеберлері шыңына шығуы үшін от пен судан өтуі керек. Ең алдымен, кәсіптік білім алуы, одан соң, халық туындыларынан классикалық шығармаларға дейін орындауы, кіші сахнадан академиялық сахнаға дейін көтерілуі қажет.
Осылардың бірі жоқ, алдында ауыр асу, сансыз тасу, өрлеп өсу жатқан жасты «өнер шебері»- деп дабырайту - парықсыздық.
Орыс халқында бір әдемі сөз бар, ол - «Вещи надо называть своими именами». Түсінгенге өте терең сөз бұл.
Парықсыздық әдебиетте де бар.
Ол мынау - ақындар айтысының жеңімпазы тіліміздің, дініміздің, діліміздің әлі оңала алмай келе жатқанын айтып бір желпінеді, автокөлік мінеді. Жазба ақын өмірі көз майын тауысып, белінен шойырылып, ел мен жер туралы небір соқталы дүниелер сомдайды, велосипед те мінбейді. Қасымға пәтер, «қазақтың қара өлеңін шекпен жауып өзіне қайтарған» Мұқағалиға медаль бұйырмайды. Мұны парықсыздық демей, не дейсің енді?!
Бұл күнде қоғамдағы ең құрметті адам - соғыс солдаты. Еңбектеген баладан Елбасымызға дейін құрмет көрсетуге лайық, әрине, Отан үшін от кешкендер. Біз ол кісілердің алдында өмір бақи бас киімімізді алып жүруге тиіспіз. Біздің Президентіміздің соғыс ардагерлеріне көрсетіп келе жатқан қамқорлығында шек жоқ. Егер адамда тойым болса, ардагерлердің әлдеқашан ықылық ататын кезі болды.
Айтар ауызға да, естір құлаққа да ауыр, алайда айтуға тура келеді. Ардагерлер арасында иман жинаудың орнына дүние-мал деп емініп тұрғандары көп. Сол дүние-малды еңбегімен тапса, жөн ғой, жоқ, қалай да қарпып қалу жағын қарастыратынын қайтерсің?
Жеңілдіктер деп аталатын жарылқауларды былай қойғанда, артықшылықтар, тегін берілетін автокөлік, тұрғын үй кейбір ардагерлерді тойымнан тайдырып, парықсыздыққа ұрындырды. Күйі бола тұра машина, үйі бола тұра пәтер сұрап әкімнің алдын тоздырып, өзін адам аярлық мүсәпір етіп көрсетіп, ойға алғанының орайын келтірген біраз ардагерді көріп те, біліп те жүрміз.
Мен – облыстық мәслихаттың бірінші шақырылуының депутатымын. Сол кезде Ұлы Жеңістің 50 жылдығына әзірлік шаралары жүріп жатты. Облыстық мәслихаттың сессиясында соғыс ардагерлеріне әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасау мәселесі қаралды. Көп қарияға тізіммен автокөлік берілетін болды, пәтер жайы алға тартылғанда мен сөйлеуге мәжбүр болдым.
- Ардагерлер - біздің алтын қазынамыз,- дедім мен. - Оларға әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасауға мемлекетіміз мықтап көңіл бөлуі керек. Солай болып та жатыр. Соның жарқын көрінісі - тегін берілейін деп отырған автокөліктер. Мұны дұрыс дейік, ал, пәтерге келгенде сөз басқа.
Сіздер ойлаңыздаршы, үй сұрап отырған ардагерлердің ең кішісінің жасы жетпістен асқан. Осынша жасқа келгенше солар баспанасыз жүрді дегенге кім сенеді. Тіптен солай бола қалған күнде ондай берекесіз адамға пәтер берудің ешқандай қажеті жоқ. Ол ағаларымыздікі - қулық. Олардың сұрап алған өздерінің де, балаларының да үйлері немесе пәтерлері бар, олар енді немерелеріне сұрап жүр.
Содан бері он жыл өтті, ардагерлер әлі күнге пәтер сұрауын қоймайды. Кімге сұрайтыны белгілі, шеберелеріне сұрайды. Ондай ардагерлер бұрын алған үйлерін зым-зия жоқ қылып, тып-типыл бола қалатын құжат жасатып алудың шебері болып алған.
Осы айтқаныма түрлі айдар тағуға болар, бірақ өзіме парықсыздық деу ұнап тұр.
Жуырда еңбек ардагері Халел Бейсеевпен әңгімелесіп қалдым.
- Ешкімнен ештеңе сұрамаймын, барға қанағат қылып отырған жай бар. Кезінде бір кісідей-ақ еңбек еттік, өтемін алдық, сол жетеді. Бірдеңе сұрап, қол жаю - парықсыздық. Адам бір мезгіл тәуба деуі керек. Артық бірдеңе істесем, кесірім балаларыма тиіп кете ме, деп Құдайдан қорқамын- деді Халекең.
Менің де айтарым-осы: Құдайдан қорқу керек!
Құдай деген құры қалмайды.
Құдай өзі жеткереді.
Жердің жарығын жамаған ешкім жоқ.
Нысап сайын береке.
Болсаң егер парықсыз,
Болғаның көр жарықсыз.
* * *
«Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін».
Қазақ, шанда бір болмаса, бүйтіп таусылып сөйлемеген.
Мына сөзді де әбден запыс болған соң айтқан ғой Төле би бабам.
Өстіп зықы шыққан казақ енді іле: «У ішсең, руыңмен», «Қанына тартпағанның қары сынсын»- дейді. «Жеті атасын білмеген - жетесіздік»- деп зерделілікке жетелейді.
Ру, жүз - қазақтың аузынан түспейтін сөз.
Несі бар, әркімнің руын, жүзін білгені жарасымды.
Жеті атасын білудің маңызы зор. Бұл жас ұрпақты ата дәстүрді сыйлауға, елдік, ерлік қалыпты сақтауға бастайды. Қазақ жеті атаға толмай, қыз беріп, қыз алыспаған, ал мұның халықтың халықтық кейпін сақтауға теңдессіз игі әсер ететіні ғылыми дәлелденіп отыр.
Сөз жоқ, жүзіңді, руыңды білген жақсы.
Өзін қойып, итінің түп-тұқиянын жылнамалайтын халыққа мұны білудің қажеті болмас, бізге керек. Қазақтың әр баласы өз әкесінен бастап, қазаққа дейін тақылдап айтуы тиіс. Ата тегін білуі арқылы адам халқының өткенін, тарихын біледі.
Атам қазақтың шежіре шерткендегі мақсаты - ұрпақтың лұғатты болып өсуіне жету.
Өмірде барша істің, түстің, құбылыстың, заттың оңы-терісі, турасы-керісі бар. Жүз бен руды білудің де игі жағына қоса күйкі жағы бар. Күйкі жағы - жүзге, руға бөліну. Өзіміз өбектеп жүріп, ата-тегін үйреткен ұрпағымыз өз руының, жүзінің ғана намысын жыртатын кеселді болып шықса, әне, сол - қайғы. Мұны енді қалай атаса болады, орыстар оп-оңай «трайболизм»- дейтін болыпты. Біз, амал жоқ, рушылдық дейміз.
Рушылдық - қазақтың өзегіне түскен жегі құрт. Бұлай дейтінім, ешкім өзін рушылмын деп санамайды, бірақ көкейінде рушылдық жегі құртша жыбырлап жатады. Қысқасы, бүгінгі қазақтың бәрі – рушыл.
Рушылдық, әсіресе, қазақ зиялыларына тән, әсіресе, әдебиет пен мәдениеттің айналысында айырықша асқынған. Аузына ата сақалы шықкан ағаларымыздың ауызға алғысыз руластарын тізгінінен, тартпасынан, құйысқанынан тартып, сүйреп жүргенін талай көрдік. Қазір де жазушылар, яки әртістер ортасына кішкентай бар майлы жілік тастай салшы, әрқайсысы соған лайықтыны өз аталастарының арасынан іздейді. Айтқаны болмаған екен, арыз тоғытады. Дәл осы өресіздігімізден Ғабит Мүсірепов, Ілияс Есенберлин сияқты арыстарымыз алайын деп тұрған Одақтық сыйлықтардан қағылды.
Осы жайды біле тұра, осы дертке өзімді ұрындырып алғаныма бармағымды тістеп қалған жайым бар. Алдыңғы жылы менің «Мен - апамның баласымын» атты романым Қазақстан Республикасы мемлекетгік сыйлығына ұсынылды. Қазақстан Жазушылар одағының балалар әдебиеті кеңесі алғаш өзіммен кеңесті. Мен келісімімді бермей, біраз екі ұдай ойда жүрдім. Романға өң бір әдемі пікірлер жазылды. Оларды жазғандар әдебиеттің білгірлері, балалар әдебиетінің талантты өкілдері еді. Мен кәдімгідей елтіп қалдым. Оның үстіне балалар әдебиеті шығармаларына мемлекеттік сыйлық бұйырмағалы ширек ғасыр өтіпті. Бұл да көңіліме есек дәме ұялатты, тәуекел еттім. Алайда, романым келісті болса да биографиям мен географиям келіспей, ысырылып шығып қалдым.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, атақты абайтанушы, романыма пікір жазған Мекемтас Мырзахметов аға:
- Өкінбе. Сыйлық өтті, кетті, жақсы роман қалды,- деп көңіл айтты.
Солай да шығар.
Бұл тұста қадап тұрып айтқан мақұл, билік тұтқасын ұстаған шенеуніктерге рушыл болу мүлде жараспайды, әсіресе, билік маңайын жағалағандар үшін ру - өзін де, елді де бұзатын у. Барлық деңгейдегі бастықтардың аталастарына бүйрегі бұрып тұратыны бесенеден белгілі. Бұрын олар онысын аса жасырын жүргізетін, енді еркіндік орнады. Бизнесмен атаулы қызметке өң өз адамдарын қабылдайды, мемлекеттік жүйедегі басшылар өз ағайын-туғанын ғана өрге сүйрейді. Мұның өзі әлеуметтік әділетсіздікке жол ашады, талай таланттылар қағаберіс қалып, жабы озады. Рушылдықтың елімізді өркендетуге, елдігімізді нығайтуға тигізетін кері әсерін таратып айтсақ, қап-қалың кітап болар еді. Білген құлға әзірге осы да жетер.
Қарапайым халыққа рушылдықтың түкке де қажеті жоқ. Көріп жүрміз, олар үшін ру - өзінің тегі.
* * *
Біздің облыста рушылдықтың керемет өріс алған тұсы өткен ғасырдың екінші жартысы ғой деп шамалаймын. Бұл тұста біздің облыстық партия комитетін әуелі кіші жүзден, содан соң орта жүзден шыққан азаматтар басқарды. Олар осында қызмет бабымен өзінен бұрын, кейін өзін сағалап келген ағайындарымен ауыз жаласып, небір зымиян әрекеттер жасайтын.
Жетпісінші жылдардың басында менің де партиялық жұмыста болғаным бар. Сондағы көргендерімді ойласам, жаным түршігеді.
Мен бір кабинетте кіші жүз ағаймен бірге отыратынмын. Өзін партиялық жұмыстың қыр-сырына өте қанықпен деп санайтын бұл ағай кабинеттің қожасы еді, мені қыбыр еткізбейтін. Жас кезім, айтқанына көніп, айдауына жүремін:
Заты мен - момынмын, бірақ өзімді ешкімге басындырып көрген емеспін, айтатынымды айтып тастаймын. Мына ағайды да өз орнына қоюға тура келді.
Өзінің әмпейлері кабинетке кірсе, ағай:
- Әлдихан, шыға тұршы,- дейтін.
Бұл қорлыққа біраз шыдап жүрдім.
Ағайым үдетіп барады. Өзім құралпы жігіттер менің бұл бейшара халімді бетіме басатын болды.
Үлкенді сыйлау дейтін қаныма біткен қасиет қарсылық білдіруге жібермейді. Ағай әбден асқынды, мен көбіне коридорда жүретін болдым.
Ақыры шарт кеттім:
- Ағай, сіз мен үндемегенге басынып бара жатырсыз. Бұл болмайды.
- Әй, бала, бұл қай сөзің?
- Сізді сыйлау керек пе, сыйлаймын, сіз де сыйлаңыз мені.
- Бұл кабинеттің иесі менмін, сен кірмейсің. Мен не айтсам, сол болады.
Мен күліп жібердім.
- Әй, неменеңе жетісіп күлесін?
- Көкек өз атын өзі шақырыпты, деген, соған күлемін.
- Қалайша?
- Кабинетті қойшы, мен – осы облыстың бел баласымын, сіз кірмесіз. Кабинеттен мені шығарып жіберіп, не айтатындарыңыз маған жақсы белгілі, осы елдің атқа мінген азаматтарын ағаш атқа мінгізесіздер де отырасыздар.
Жоқ, енді оларды кабинетте отырып емес, коридорда жүріп жамандайсыздар, маған шық деуші болмайсыз.
- Сен құртатын бала екенсің.
- Қолдарыңыздан келгенді істедіңіздер.
Ендігі жерде ағай да, мен де үндемей томсырайып отыратын болдық.
Тегі, «Ер шекіспей, бітіспейді» - деген рас.
Кейін ағай екеуміз сыйласатын адамдар болып кеттік.
«Ауру қалса да әдет қалмайды».
Ағай рушылдығынан танған жоқ.
Сырластары келеді, маған ешқайсысы ештеңе демейді. Өйткені, мен - бөтенмін.
Енді олар ыммен сөйлесетін болды.
Ақырын көзімнің астымен көріп отырамын. Бет-аузын сан құбылтқан адамды әртіс дейміз ғой, мыналар халық әртісінен де асқан қимылдар жасайтын еді, адам шошиды.
Апырай, шебер-ақ, беттерінің бұлшық еттерін ішкі сезімдеріне қарай өзгертулері ерен, бір-бірін түсінулері сұмдық. Әрі-беріден соң мен де түсінетін болдым, өң менің аталастарымды сорлатады да жатады.
Бөлім бастығына:
- Мені басқа адамның жанына отырғызыңызшы,- деген тілек айттым.
Бай болғыр, келісе кеткені, мен айдың-күннің аманында азғындап бара жатқан жағдайымнан құтылдым.
* * *
Иә, рушылдық адамды азғындатады.
Сол жылдары облыстық аурухананың партактив деп аталатын, шын мәнінде №2 терапия бөлімінде бірнеше рет жатып емделгенім бар.
Өйткені мен де активпін, облыстық газет редакторының орынбасарымын.
Кешке қарай хал-ахуалы дұрыстардың аурухана фойесінде әңгіме-дүкен құрып отыратыны бар.
* * *
Осы кезде осы ауруханада Социалистік Еңбек Ері Нағашыбек Арапов қария да жататын.
Ертелі-кеш аурухана ауласында Нағашыбек ағаймен әңгімелесіп жүремін.
Пәкене ғана бойы бар, әп-әдемі ойы бар, қулық-сұмдықтан ада, тым қарапайым бұл адаммен сөйлесу - күнәңнан арылтатындай еді. Мені осыншама жұпыны, баладай пәк, аузын ашса, көмейі көрінетін ақ көңіл адамның қайтіп соншама биік атаққа ие болғаны таңдандыратын. Ақыры оның сырын өзінен сұрап тындым.
Сөйтсем, көзге қораш көрінетін қарияның өмір жолы өте бай екен. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы, Талас аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас зоотехнигі сияқты жауапты қызметтер атқарыпты. Қаракөл қойынан аудан төлді көп алғанда Нағашыбек Арапов та көп шопандармен бірге Еңбек Ері атаныпты.
Бір күні палатымызға облыстық аурухананың хирургі Сағындық Ордабеков кірді. Нағашыбек ағай жерлесі екен, көңілін сұрай келіпті.
Сағыңдық - сыпайы, иман жүзді, сөзі орнықты, ісіне мықты жігіт. Өзінің қаламының желі бар, ойлы мақалалары, бір қақпай әдемі әңгімелерімен көрініп қалған.
Сағындық бір Нағашыбек ағай емес, бәріміздің тезірек айығып кетуімізге арнап жақсы сөз айтып шығып кетті.
- Әзірге бұл баланың костюмі көнетоз. Көресіздер, әлі-ақ мұның костюмі көк болады, атақ-даңқы көп болады,- деп сөзінің аяғын тақпақтатты Нағашыбек аға.
Балаға әке ғана емес, аға да сыншы екен, Нағашыбек ағаның айтқаны айдай келді: Сағындық Ордабеков - қазір атақты хирург, медицина ғылымдарының докторы, өзімізді қойып, Америка университетінің құрметті профессоры.
Мұның бәрі Сағындықтың білімділігінің, біліктілігінің өз бағасын алуы, өте жақсы.
Ал, құрмет ше, ол жағы кемшін. Бәрін айтпағанда, бұл әлемге белгілі адамның әлі күнге не қаланың, не облыстың құрметті азаматы атанбай жүргенін немен түсіндіруге болады?
Құзырлы органдар бұл атақтарды да, тағы басқа наградаларды да сұраншақтарға береді, өздері біліп, бағалап жатқаны шамалы. Мұндайда, әрине, марапатқа лайықтылардың емес, жылпостардың жолы болады.
Қызметте де де жетектеп қосқан жабылар озып жүр.
Сағындық, ештеңе етпейді, сен осы қалпыңнан айнымасаң, жолыңнан таймасаң, бәрі болады.
Ақылды басың, алтын қолың адамдарды сауықтыруға арналсын.
Менің саған айтарым Абай сөзі: еңбегің кетпес далаға.
Нағашыбек ағаның айтқанын дәл келтіріп едің, біздің айтқанымызды да ойыңа ала жүр, інім!
* * *
Ата, апа, әке, шеше, аға, әкпе, жеңге, көке, тәте - бұлар туыстық дәреже-деңгейді білдіретін атаулар. Әдепті қазақ туыстығы жоқ жасы үлкен адамдардың да бәрін осылай атайтын болған.
Енді келіп «Сәрсенбек аға, Бәтен әкпе» дейтін бір қызық атау пайда болды. Сөйтті де адамның атын атамай, ізет сақтау үшін айтылатын әдемі сөздердің алдына аты қосақталатын болды.
Бұл о баста аға, әкпе адамның жанында жоқ кезде әңгіме қай аға, қай әкпе жөнінде екенін білдіру үшін айтылған ғой, енді келіп іні-қарындасты былай қойып, келіндерімізге дейін алдымен атын атап, содан соң барып «аға, әкпе» дейтінді шығарды.
Қайран еліктегіш қазекеңнің тірлігі – бұл. Орыстың «Дядя Ваня», «Тетя Валясын» аударып алған сиқымыз. Олар үшін әкесінің атын атау да оғаш емес, біз үшін өлім. Олар үшін «дядясы» мен «тетясының» атын атау түкке тұрмайды, біз үшін ерсі.
Біздің қазақ үлкеннің атын қалай да атамау үшін «Сәке, Бәке»- деп қолпаштаған. Әйтеуір қайтсе де, әсіресе, келін үлкеннің атын атамаған. Сөйтемін деп небір тапқырлық танытқан келіндер болған. Ел аузында осындай әдепті, жақсы келіннің мына бір қылығы елдің күлкісі мен ризашылығын қатар туындатады.
Келін ауыл алдындағы өзеннен су алуға барады. Жалғыз аяқ жол қамыстың арасынан өтеді екен. Сол жолмен жүріп, қамыстан шыға келсе, өзен жағасында бір қойды қасқыр жеп жатыр екен. Келін дереу кері қайтады. Үйге кірер-кірместен төрде отырған үлкендерге қарап тұрып айтты дейді:
- Аталар мен апалар, сылдыраманың ар жағында, сарқыраманың бер жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр.
Ауыл қарияларының ішінде Қамысбай, Өзенбай, Қойбай, Қасқырбай есімділері бар екен, бәрі қамыстың ар жағында, өзеннің бер жағында қойды қасқыр жеп жатқанын түсіне қойыпты.
Неткен тапқырлық!
Біздің жастарымыз да өзге ұлттың үрдісімен үлкеннің атын көзін бақырайтып (өкініштісі, үлкендеріміз бұған үйреніп кеткен, қабақ шытуды қойған) атын атағанша, ана келін құсап сарабдалдық танытпағанымен, «аға, әкпелерімізді» айтса да жетіп жатыр ғой.
Бір ескеретіні: мен мүнда қазіргі БАҚ-та жазылып жүргендей, «әпке» деп емес, «әкпе» деп жазып отырмын. Нағашы апам емшектен шығысымен бауырына салған шешемді «әкпе» деп тілім шыққан, ол тоқсанға келіп, дүние салғанша «әкпе» деп сөйлеген мен туысқан үлкен қызды, жалпы өзімнен үлкен рулас әйелдерді «әкпе» деймін.
Кезінде осы сөз жөнінде қазақтың ақтаңгер жазушысы Сейдахмет Бердіқұловпен пікірлескенім бар. «Қазақ қыздың үлкенін әкпе дейді»,- деген Сейде-ағаң.
Менің 1970 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Шаншар атай» хикаятымда шешем, өзім айтатындай, «әкпе» деп жазылған. Кейін енді редакторлар мені «әпке» деп түзейтін болды.
Осы екі арада Дулат Исабеков «Әпке» деген пьеса жазды. Қолына қалам ұстағанның бәрінің ықыласы Дулатқа ауды. Дулаттың «Әпкесі» жүр енді ел аузында.
Өздерін әдеби тілдің иесіміз деп санайтын солтүстік қазақтары қыздың үлкенін «әпке» де, «әкпе» де демейді, «апа» дейді.
Сонда Дулат екеуміздің «әпке» мен «әкпеміз» диалект болғаны ма, жоқ, әдеби сөз бе? Не болса, о босын, жылы сөз.
Қазақтың құлағына жылы сөз жаққан.
«Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады»,- деген рас сөз.
* * *
Қазақта Сексенбай, Тоқсанбай, Жүзбай есімді адамдар бар.
Бүгінде осы есімдерді ести сала жұрт ішегін тартып таңданатын болды. Сондағы айтатындары: «Ойба-а-ай, әкесі сексенге, тоқсанға, жүзге келгенде қалай туғызған мұны?! Осынша жасқа келгенде перзент сүю сұмдық қой, сұмдық!»
Мен де таңданамын, бірақ Сексенбай, Тоқсанбай, Жүзбайдың әкелеріне емес, қазіргі адамдардың сонша аңғалдығына, қаттырақ айтсам, дымбілместігіне таңданамын. Әкелер-ау, бұл есімдер балаларға әкелері сексен, тоқсан, жүзге келгенде туған соң емес, «есіктен еңкейіп енген ұл шалқайып шыққанша» сексен, тоқсан, жүз жыл өтсін деп ізгі ниет етуінен қойылған.
Мысалы, бізден ілгерілер мен кейінгілер жақсы біледі, әне бір жылдары облыстық баспасөз құралдарында Тоқсанбай Жабайылдаев деген жігіт еңбек етті.
Екеуміз бір ауылдың төлі едік, менен үш-төрт жас кіші болатын. Керемет жақсы жігіт, қаламы жүрдек журналист болып қалыптасты. Еңбек жолын өзі туған Шу аудандық газетінде корректор болып бастаған Тоқсанбай әдемі өсу жолынан өтті. Жоғары партия мектебін бітірді, облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетінің Шу, Мойынқұм аудандардағы меншікті тілшісі, Жамбыл аудандық «Шұғыла» - «Радуга» газетінің бас редакторы болды.
Мен Тоқсанбайдың әкесі Асқар қарияны да, шешесі Қамиымжамал апайды да жақсы білетінмін, әкпесі Раиламен мектеп есігін бірге ашқанмын. Тоқсанбайдың әкесі мен шешесі - момын, Құдай деген жандар еді.
Раиладан кейін қара шаңыраққа ие болар ұл туғанда Асқар атай тоқсанда емес, ердің жасы - елуге де жетпеген-ді. Баласының кенжелері екенін жақсы білген Асқар қария оған Тоқсанбай деген есім береді, сондағы Құдайдан сұрағаны - балам көп жасасын, тоқсанға келсін!
Барлық Сексенбай, Тоқсанбай, Жүзбайлар - бір ғана осы тілектің жемісі.
Тоқсанбай әкесі мен шешесіндей кіршіксіз таза, аузын ашса, көмекейі көрінетін ақкөңіл жігіт болды, бірақ көп жасамады, қаскүнемдердің қолынан ажал тапты. Өкінішті-ақ! Ең өкініштісі, Тоқсанбайдың тоқсанға келген шешесі баласының өлігіне отырды!
Аруана аңырап отырып, Тоқсанбайдың аузынан түсіп қалғандай ұқсас немересі Серікті дертке қуат етгі.
Сексенге, тоқсанға, жүзге келіп, қаусап отырған ешкім де өмірге перзент әкеле алмайды, есімін көп жасасын деп қойған балаларының тілеуін тілеп отырады.
Үлкеннің балаға тілеуінің үлкені - Көп жаса!
Жалбарынып сұрайтыны - Атамды атсаң, ат, Құдай, ботамды атпа!
Айналайын, Құдай, тілеуін бере көр құлыңның!
* * *
«Жиен ел болмайды, желке ас болмайды».
Әй, айналайын көңілжықпас қазекем-ай, өстіп шындықты шыжғырып айтып тастайды да ізінше «Жиен ел болады, малды болса, желке ас болады, жалды болса»,- деп алғашқы райынан қайта салады.
«Ел болмайдының» екі түрлі мәні бар. Біріншісі - тікелей мәні, яғни жиен нағашы жұртына сіңбейді, сол елдің санатына қосылмайды. Екіншісі - жиен де күйеу сияқты дұшпан, қыздың баласы деп қанша жақсы көрсең де әйтеуір бір жері қисайып тұрады.
Жиеннің ел болмайтыны жөнінде халық әбден көзі жеткен соң айтқан, әрине, бұл мақалды.
Ал, мақал-мәтел - өмір шындығының қысқа да нұсқа тұжырымы.
Облысқа белгілі, атпал азамат Смағұл Әбілеков айтыпты деген мынандай сөз бар: «Түске дейін шымыр, түстен кейін сыйқым болдым». Мәнісі Смекең нағашы жұртында атақты Керімбай болыстың үрім-бұтағы саналып өскен, есі кірген соң елін тапқан.
Мен түске дейін сыйқым, түстен кейін шымыр болдым. Таратып айтсам, мен нағашы апамның бауырында өскенмін. Нағашы атам Ыдырысты көрген емеспін, ол кісі ерте қаза тапқан. Апам өле-өлгенше мені жиені емес, өз баласы санап кетті. Мен де апам барда өзімді оның баласы санаудан танған емеспін.
Апам жоқта да «Мен - апамның баласымын» атты роман жазып, апамнан айнымағанымды айттым.
Алайда, «Жиен ел болмайды» екен, міне, енді күнту болып жүрмін.
Мен апама опасыздық жасаған жоқпын, ол - шешемнің шешесі, менің апам. Ол қызын қалай жақсы көрсе, мені де солай жақсы көрді. Ал, мен болсам, апам мен шешемді таразының екі басына салып көрген емеспін, екеуі маған бүтін біртұтас ұғым.
Сүйегім күнту болған соң, қайтейін, сыйқымға жиенмін.
Жігіттің үш жұрты бар: өз жұрты, қайын жұрты, нағашы жұрты.
Өз жұртың - күншіл, бар болсаң, көре алмайды, жоқ болсаң, бере алмайды.
Қайын жұртың – сыншыл, басқан-тұрғаныңды аңдып отырады.
Нағашы жұртың - жанашырың, еркелігіңді көтереді, есерлігіңді кешіреді.
Мейлі, қанша айтқанмен, жиен, қанша малды, қанша жағымды болғанымен жиен күйінде қалады, аталасың бола алмайды.
«Күйеу - дұшпан».
Қазақ бұл жерде күйеуді жау деп отырған жоқ. Бұл - «сүйгенін шұнағым дейдінің» кері. Баласын «күшігім», құрдасын «ит-ай»- деп еркелеткені сияқты десе де болады, тіптен.
«Күйеу атымен күл тасы»,- деп күйеуге аяусыздық та білдіреді.
«Жиеннің ел болмайтынының», «күйеудің дұшпан болатынының» бір ұштығы қалжыңға барып тіреледі. Қалжыңға қазақтай жүйрік халық некен-саяқ. Қазақ - майдан қыл суырғандай шебер, сыпайы, мәдениетті, сонымен бірге керемет усойқы етіп қалжыңдауға ғажап ұста.
Қазақта бір-бірімен қалжындаспайтын адам жоқ. Сыпайылықтың ұшар шыңы - ата мен келін. Бұл екеуінің сыйластығының жазылмаған, бірақ керемет қатал калыптасып, орныққан өлшемдері бар. Қалжыңбас халық: «Әзілің жарасса, атаңмен ойна»,- деп соның өзін де бұзуға итермелейді. Әрине, ата мен келіннің қалжыңы әдептен озбайтын жақсы жарастық табады.
Қазақта қалжыңға құмарлық танытпайтындар - бөлелер.
Бөлелер - апалы-сіңлілердің балалары. Неге екенін, осы бөлелер сыйластығы ерен болады.
«Екі аяқтыда бөле тату, төрт аяқтыда бота тату».
Қандай әдемі, дәл айтылған, шіркін!
Тек білгін, сөйт-дағы ой түй, байлам жаса.
Қазақ айналайын туысқандық, жекжат-жұраттық, тамыр-таныстық атауларға сұмдық бай. Оның бәрін білу - зерделілік, әрқайсысының алыс-жақындығына қарай жолын ұстау - ұсынықтылық. Бұлардың жөн-жосығын білмей, өзімді қазақпын деу - бекер.
Біз - тілімізге ғана емес, осы бай жөн-жосығымызға да қауіп төнген халықпыз. Дегенмен, ауылда жұрнағы бар, әлі де «қайным-ау»- деп қылымситын «жеңге», «жиен»- деп желпінетін нағашы, «жезде»- деп күлімдейтін балдыз кездеседі.
Салт-дәстүр, жөн-жосық, адамға ерте жұғысты болған, тіптен сүтпен біткен десе болады.
«Сүтпен біткен мінез сүйекпен кетеді».
Егер халық нағашы-жиен, күйеу-балдыз болып қалжыңдаспаса, жарылып өлер, ағайын-туыс, жекжат-жұрат болып сыйласпаса, айуанға айналар. Тек осыларды біліп, ұстанар ұрпақ өскей!
* * *
- Біз не көрмедік, Аққайнарды да көрдік,- депті бір ағамыз.
Сондағы Аққайнары ауылынан алты шақырым жердегі аудан орталығы екен.
Әпендінің сөзі дерсің, бірақ осыны айтқан ағамыз бақытты.
Неге? Себебі ол аз көрген, аз былғанған. Қулық-сұмдықтан ада, төрт құбыласы түгел.
Көпті көргеннің көсем болатыны рас.
Көсем – көшелі адам, сұңғыла, жеті қабат жердің асты мен жеті қат көктегінің бәрін біледі, бірақ ана аңғал ағамыздай бақытты емес. Себебі ол қызметте өсе түссем, тұрмыста байи түссем дейді, көксейтіні – түйені жүгімен, биені түгімен жұту. Өзі сияқты оның отбасының барлық мүшесі – қорқау, тойымсыз. Ал, тойымсыз адам – бақытсыз.
Аңқау ағамыз Абай айтқан адам баласы асық болатын бес нәрсенің үшеуінің - еңбек, қанағат, рақымның жолымен жүреді. Оған осы үшеуін ұстану жетіп жатыр.
Ал, көсем бес нәрсені де - талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым - барлығын да ұстанады.
Аңқау ағамыз. Абай айтқан адам баласы қашық болатын бес нәрсенің - өсек, өтірік, мақтаншак, еріншек, бекер мал шашпақтың бір де біреуін қасиеті етпеген. Ол - бір құдайға қараған, қой аузынан шөп алмас адам.
Көсемге бұл бес қасиеттің бәрі тән. Ол - мұның бәрінің ұшығына шыққан, аспандағыны алмап, жердегіні жалмап отырған адам.
Дана Абай адам асық және қашық болатын қасиеттің бәрін сарқып айтпаған. Барлық адам сияқты Абай да өз заманының перзенті. Дана қанша жерден уақыттан озық болады дегенімізбен, өмірде атымен жоқ қасиеттер жөнінде пікір айта алмайды. Абай да сөйткен, өз кезінде асқынып тұрған, адамды бұзатын және түзейтін қасиеттер жөнінде айтқан. Абай дүниеден озғалы бергі жерде өткен бір ғасырдан астам уақытта адамды асқан және азған жолға түсіретін, қаншама қасиет-қылық қалыптаспады десеңізші! Абай ескертіп, ұрпақ ұрынбасын деген жаман әдеттер шегінен асып асқыңды.
Қазір Абай ескерткен өтірік ерекше ерен өріс алды. Сөздің бісмілләсі, өкінішке орай, өтірік болды. Өтірік айтпайтын адамды күндіз қолыңа шам алып жүріп іздесең де таппайсың. Өтірік - жазасы жоқ қылмыс. Тілі енді шыққан баладан еңкейген кәріге дейін өтірікті судай сапырады, алданған адамның көзін бір алартқаннан басқа айласы жоқ.
Біз - құқықтық қоғам орнатып жатқан елміз, небір әдемі заң шығып, өмір сүрудің ұңғыл-шұңғылына қанығып келеміз. Заң білмеген адам -жарымжан. Ол көп сүрініп, көп жығылады. Заң білген адам - алымды. Ол алып та жығады, шалып та жығады. Заң алдында еңбектеген баладан Елбасына дейін теңбіз. Біздің бәріміз заңды сыйлауымыз керек. Заң ешкімді алалап-құлаламайды, бәрімізді тең дәрежеде қорғайды.
Бүгінде өшпейтін өртке айналған өтірікті бір тоқтатса, заң тоқтатады. Ол үшін біздің елімізде де кейбір қатал мемлекеттер тәрізді қатаң заң қабылдануы керек. Біздің заңгерлеріміздің өтірік айтқан адамды жазаға тартатын заңды, оның түрлі баптары мен тармақтарын тұжырымдай алатыны ешқандай күмән туғызбасқа керек. Олай болса, осы жағын заң шығарушы органдар мықтап қолға алатын кез әлдеқашан келген. Әйтпесе, соттардың куәлерге жалған мағлұмат бергені үшін жазаға тартылатынын ескертіп қойғаны мүлдем аз. Бұл, айта берсеңіздер, адамдарға сот процесі кезінде ғана шын сөзіңді айт, қалған уақытта өзің біл деген емеурін білдіргенмен пара-пар емес пе. Жоқ, заң адамдардан барлық уақытта, өмірдің барша иірімдерінде өтірікке жоламауын талап етуге тиіс. Өтірік айтқан адамға өтірігі келтірген моральдық нұқсан және материалдық шығынның деңгейіне қарай жаза белгіленуі керек.
Менің бұл айтқандарым кейбіреудің құлағына кірмес, бірақ өтіріктің осыншама өрістеп отырғанына жөндеп зер салған адамның менімен келісетіні ешқандай шүбә келтірмейді.
Тегі, өтірік өрбіп, өріп жүрген елдің келешегі кемел болады деп айту қиын. Өтірік - қоғамның басты байлығы - адамның берекесін алып, құтын қашыратын құрт. Қазіргі кейбіреулер әуес әуенге салып, өтіріктің тегін өткен қоғамдық құрылысқа телудің қажеті жоқ. Өтірік те біз түсін түстеп жүрген адамға тән басқа да қасиеттердің бәрі тәрізді қанымызда болады. Ол - адамның бәріне тән қасиет. Өтірік айтпайтын адам о заман да бұ заман болған емес, келешекте де болмайды. Алайда, адамның бәрі өтірікші емес. Өтірік айтуды өмір нормасына айналдырып алған адам, әне, сол біз күрес ашатын адам.
«Өтірік өрге баспайды». Бұл - ел өтірікке онша үйір емес кезде айтылған ұзын арқау, кең тұсау мәтел. Өмір сүру өте қарапайым бұрынғы кезде өтіріктің өрісі тар, біреуді біреу алдау ғана болатын. Қазір енді өтіріктің бүлдіргіш күші адам айтқысыз артқан. Өтірікпен адамды өлтіріп қана қоймай, қоғамдық сілкініс жасауға да болады. Міне, сондықтан ғой біздің өтірікті өгейсітетін заң қабылдау қажеттігін айтып отырғанымыз.
Қайткенде де өтірікшіні ағаш атқа теріс қаратып отырғызатын кез келді.
«Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ»,- деп қайсар ұл айтқан.
Өтірікші, ездің аузынан мұндай сөз шықпайды, шынымен өстер деп қорқады.
Өтірікшінің тілін, ұрының қолын кесетін, тіптен оларды өлім жазасына кесетін елдер бар.
Мұндай шаралардың қаталдығы мен босандығын заң анықтағаны жөн, әрине.
Сонда да өтірікшінің тілін кессе, сауап!
Әй, бірақ қазіргі адамды тілсіз сайрататын ғылыми-техникалық құралдар тұрғанда өтірікші тілсіз-ақ талай нәрсені бүлдірер.
Оны айтамыз, екі қол, қас-қабақ тұрғанда адамға тіл білмей-ақ түсінісу анау айтқан қиындық туғызбайды.
Ана бір жылы, нақтылап айтқанда, 1996 жылы Атлантада өткен олимпиадалық ойындарға барудың сәті түсті. Облысқа белгілі азамат Смағұл Әбілековпен сапарлас болдым.
Біздің туристік бұл сапарымыз Американың ең түстік, ең ыстық қаласы Майамиден басталды. Қонақүйге тоқтап, ес жиған соң Смекең екеуміз көшеге шықтық. Айналаның бәрі дүкен, кафе, бар. Дүкендерге кіріп, әр нәрсені бір көріп, бағасын сұрап дегендей, ерігіп жүрміз. Бір дүкенде екі жігіт сауда жасап тұр екен, Смекең шалбардың бағасын сұрады.
Сатушы еркектің жыныстық мүшесін былш дегізіп, қарап тұр.
Смекең, заты, қызба кісі, ауызға келгенді қайта тартпай, батыл айтатын адам.
- Мыналарды қайтсем екен ә, ауыздарын артына қаратып жіберсе, болар еді, қап!-деп сілкінді.
Білемін, бұл Смағұл Әбілековтің қолынан келеді. Смағұл аға - жас кезінде атақты Әбілсейіт Айхановпен белдескен палуан. Қазақстанда Әбілсейттен басқа адамның бәрін жыққан Смекең әлі де қарулы. «Қап!»- дейтіні - бөтен елдің азаматына қол тигізуге болмайды, пәлеге қаласыз.
Мен жейденің бағасын сұрадым.
Екінші сатушы шімірікпестен әйелдің жыныстық мүшесін сарт дегізді.
Смекең де, мен де, түсіндік.
Бұл – орыс туристерінің оңбағандығының жемісі. Оспадарсыздар мына әңгүдіктерді алдаған, осылай үйреткен. Қарашы енді, өтіріктің мына екі жігітті қандай күйге түсіргенін. Әлбетте, ойланбай соғып тұрған сөздерінің шын мағынасын білген есі дұрыс адам соншама ерсі сөйлемес еді.
Біз енді мына екі жігітті кінәлай алмадық.
* * *
Өтіріктің түрі көп.
Қалжың үшін айтылатын өтірік бар.
Оны ел көбінесе біздің халқымызға жат, өзге жұрттан енген «Күлкі күні» деп аталатын 1 сәуірде гулететін болды. Күлкі - дәру. Күлкі үшін айтылатын өтірік зиянсыз. Алайда, біздің кейбір жосықсыздар қалжыңның жөні осы екен деп, шектен шығып кетеді.
Биылғы күлкі күні, яғни 1 сәуір сенбіге тұспа-тұс келді. Төсектен енді тұрып жатқанбыз, телефон шылдырлады.
Трубканы алып сөйлескен Бану бәйек болды да қалды. Себебі, білім және ғылым министрлігінен комиссия келеді деп күтіп жүрген, сол келіпті.
Қазақ-түрік дарынды ұлдар интернаты директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып істейтін Бануға жұмысқа тез жетуі керек екен. Апыл-ғұпыл киініп, интернатқа қарай ұшты. Барса, комиссия жоқ. Хатшы қыз:
- Әкпей, бүгін күлкі күні ғой. Соны да білмейсіз бе?- деп Банудың өзін жазғырады.
Бану не дерін білмей, басын бір шайқап үйге қайтады.
Құдайым-ау, осындай да өтірік бола ма? Мұның төркіні - қалжың, әзіл, ал бірақ мына жағдайда шектен шығу. Мұндайда қазақ «Жаманның ойыны жаман, бұқаның мойыны жаман»- деген. Мынадай оңдырмай ойнаған қызға не дерсің, «Ойнап сөйлесең де ойлап сөйле» деген жөн шығар.
Өткен аптаның сенбісінде теледидардан «Алдар көсе» фильмі көрсетілді. Қанша көрсең де көре бергің келетін фильм ғой бұл. Шәкен Аймановтың ғажап сомдауындағы Алдар ағамыздың бірде шат, бірде қайғылы, бірде аңғал бірде дана кейпі әрі таңдандырып, әрі ойландырып, әрі толқытып, үлкен әсерге бөледі. Классикалық шьғармаларды қайталап көрген сайын жаңа ой түйіп, жаңа әсер аласың. «Алдар көсені» көргенде де сөйттім. Атының өзі алдайтын адам екенін білдіретін Алдекең адамдарды тектен-тек алдамайды. Зорлық-зомбылық, жоқшылық, кедейшілік, т.б. қорлық атаулыдан құтылу үшін жанын жалдайды. Алдекең алдаса екен, иландырса екен, пәледен құтылса екен деп тілеулес боласың. Теңдесі жоқ өтірік. Өрелі өтірік. Мұндай өтірікті халық жек көрмеген, күліп, мәз болған.
Біздің Алдекеңе әлемде бір астар бола алса, тек суайт Мюнхаузен ғана болар. Ал қырық өтірікті өлеңмен түйдектетіп төгетін тазша балаға теңдес жоқ.
Олардың өтірігіне риза боласың.
Ал, Остап Бендердің өтірігі - қауіпті, зиянкес өтірік. Бұл кәззәп небір
иман жүзді адамдарды тақырға отырғызып кете береді. Алаяқтығында шек жоқ.
Шошып, сақтанатын өтірік, міне, осы Остаптікі. Остаптың қылығы құқық қорғаушылардың құрығына өз-өзінен сұранып тұр. Остаптың өмірі - үрей.
Біздің шошып, әңгімелеп отырған өтірігіміздің жөні бөлек, ол - қазіргі адамдардың шын сөзді ұмытып, бір-бірін болар-болмасқа алдап, құрдымға жіберіп жатқандығына күйзелу.
Осы ойды өрбітерде, яғни сөзіміздің басында айттық, қазір қоғамды өтірік жайлап алды. Оны ешқандай иманды сөзбен тоқтата алмайтын дәрежеге жеттік.
Қайталап айтуға тура келеді, бізге өтірікті тоқтататын заң керек. Егер тереңірек бойлап қарасақ, ондай заң бар, бірақ түрлі заңдардың ішінде жүр. Айталық, бопсалау, өтірік үрейлі хабар тарату, т.б. қылықтар заңмен жазаланады. Бұлардың бәрінің төркіні - өтірік. Өтіріктің үлкен-кішісі болмауы керек, барлығы заңмен жазалануы тиіс. Сонда ғана адамдар аяғын аңдап басып, тілін тарта сөйлейтін болады.
* * *
Замана екпінімен тұрмысымызға ендеп те, бойлап та енген жаман әдеттің көбейіп бара жатқаны, халық қамын ойлайтын азаматтарды сарсаң ойға салып жүргені бір бүгін емес, көп болды.
Қазақ - етек-жеңі кең халық. Қазақтың барлық тірлігі - иманды.
Ана бір жылдары «Коммунизм құрылысшыларының моральдық кодексі» деген бір әдемі тұжырымдар жиынтығы болды. Соның әрбір тұжырымы қазақтың тұрмыс-салтына айны-қатесіз сай келетін. Біздің қазақ - ешқандай кодексіз-ақ қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды аңсаған халық. Асан қайғы атамыздың желмаяға мініп, Жерұйықты іздеуінде үлкен сыр бар. Жақсы адамдар жақсы жерде тұрған. Асанқайғы атамыздың өз халқының жер жәннатында өмір сүруге лайықты екеніне көзі жеткен.
Жерімізге жат жұрттықтардың аяғы тигелі бергі өткен жылдар ішінде қазақ ділінде адам айтып тауысқысыз өзгерістер болды. Ғылыми-техникалық революция жемістерін ешкімнің жекеменшіктеуге құқы жоқ. Ол «Біз сендерді оқыттық, сауаттарыңды аштық, жеріңде поезд жүргіздік, көгіңде ұшақ қалықтаттық» деп отырған халықтың өзін де екпініне біздің ар жақ-бер жағымызда қосқан. Демек, өркениет жолына түсу - заңдылық. Бір елді бір ел жетектеп қосты деу - бекер сөз.
Осы өскелең өркениеттің сөзсіз игіліктерімен қатар көзсіз тірліктері де бар. Солардың кейбереуі асқынып, халқымызда жоқ әдет-ғұрыпты зорлап таңып, еліктегіш жастарымызды есінен тандырып отыр. Нәтижесінде әрқайсысы бір-бір ауыз толтырып айтарлық әңгімеге татитын жөн-жосықсыз қылықтар пайда болды. Соның бірі - мирасқорлық, яғни мұрагерлік.
Біздің халықта бұл мирасқорлық дегеніңіз ешқандай проблема туғызып көрген емес-тін. Әке баласы ер жеткен соң келін әперіп, еншісін бөліп беріп, «ноқтасын сыпырып» қоя беретін. Әкенің ауылы - үлкен ауыл, үйі - үлкен үй, баланікі - пәлен мырзаның ауылы, отау үй аталатын. Әке үйіне яғни қара шаңыраққа кенже ұл ие болатын. Осымен бітті, жас өсіп, жарлы байып жататын.
Әкеден қалған мал-мүлікке таласу деген атымен болмайтын. Содан да мирасқор, мұрагер деген сөздер адам өмірін жалғастыратын жастың барын ғана білдіретін. Ал, қазір әкенің тірісінде мал-мүлкіне көзін сүзетіндер, өлгенде таласатындар көбейіп барады.
«Атадан мал қалғанша тал қалсын»- дегенді үлгі етіп айтар еді үлкендер. Осы тұрақты сөз тіркестерінде қазақтың тым жомарттығы, ерен мәрттігі жатыр. Қазақ отаулары қазан түбінде жуынды қалды демей, өз шаруасын шалқытуға жан-тәнін салып кіріскен. Сондағы ойлайтындары «қара қазан, сары баланың қамы» болған.
Қазіргі жастар сырттан келген өмір салтының салқынына ұрынып, өзі шыққан орданы ойран етіп тонаудан тайынбайтын дәрежеге жетті.
Мұның аяғы жақсылыққа апармайды.
Теледидардан мен қазір екі шетелдік сериал көріп жүрмін. Аттары -«Күнәнің жүзі» («Цвет греха»), «Тәтті ұрық» («Сладкий плод»), Құдайым-ау, адамдар мұрагерлік үшін қандай зұлымдыққа, алдау-арбауға бармайды десеңізші! Небір пәлелер көз алдыңда өтіп жатады, жағаңды ұстап, таңданбасқа лажың қалмайды. Мынандай азғындықтан аулақ болсақ екен, дейсің.
Бірақ «Жақсыдан - үйрен, жаманнан жирен»,- деп қанша айтқанымызбен, жастарымыз жамандыққа ентелеп тұрады. Міне, енді жоғарыдағыдай сериалдардың, дүниеқоңыз, кесепаты көп халықтардың қылығынан үлгі алып, азғындағандар әке-шешесінің байлығына жасырын да, ашық та таласатынды шығарды.
Әкем айтар еді: «Біздің атаның балалары енші бөліскен емес». Жас күнімде естіген сәтте-ақ бұл сөздің терең мағынасын әжептеуір ұққандай болғанмын, есейе келе, тегімнің қасиетті екеніне әбден көзім жетті. Әкеміз бізге ғибрат аларлық қандай, қаншама сөз айтпады, соның ішіндегі ең бір асылы осы ғой деп ойлаймын. Балаларына «тату бол»- деп тақылдап жататындардікінен әкемнің мына сөзі мың есе салмақты еді.
Жуырда мынадай бір әңгіме естідім, қора-қора қойы, үйір-үйір жылқысы, келі-келі түйесі бар бір кісінің он екі баласы бар екен. Балалары жас кезінде сүттей ұйыған отбасы екен. Қазір балалары өскен, үйлі-баранды болған. Енді сол балалар әкесінің малына таласып, мазасын алатын көрінеді. Қария қазір малдан да, баладан да безіп отыр дейді. Он екі баласын да шақырып алып, барлық малды тең бөліп беріп, басына азаттық, жанына тыныштық алғысы келеді екен.
Осыған орай, әкемнің бұрынғылар айтқан дейтін «Артық дәулет - бас қайғы» деген аталы сөздің шындығына таңданғаннан басқа не демексің.
«Ағайын тату болса, ат көп,
Абысын тату болса, ас көп»,- дегенді білмей өскен ұлдары мен келіндері қайран қарияның арқа еті арша, борбай еті борша болып жүріп жинаған малының ту-талақайын шығарайын деп отыр. Өкінішті-ақ. Ағайын араз болса, ауыздағы кетедінің кері - бұл.
Кердең ұл мен кер келіннің ата жолынан айнығаны осындай-ақ болар. Дүние - боқтың бірлігімізге атылған оқ болғаны-ай, қап!
Бұл - өте жаман кесел, бақ талас. Бақ талас деп әдейі бөлек жазып отырмын. Жетесіздер әкенің бағына, малына таласып жатса, басқаша қалай жазбақсың. Ал, мұның түп-төркіні - бақталастық, содан туындаған көре алмаушылық, қызғаншақтық, қорқаулық. Тізе берсе, бұл тараптағы сөз өте көп.
Оларды қойып, дана қазақтың баласына еншісін бөліп беріп тұрып, «Ал, ұлым, келінім, енді өз қотырларыңды өздерің қасыңдар»- деген сөзінің қарапайым да терең мағынасының ұшығына шықсақ, қане.
* * *
1994 жылы мен Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетіне бас редактор болып тағайындалғанымда редакцияны қаржы тапшылығы қажытып-ақ тұр еді.
Облыстың сол кездегі басшысы Өмірбек Байгелдиевке бір кіргенімде демеушілік жөнінде сөз айтып қалдым.
Өмекең:
- Қажеті жоқ. Демеуші іздеу - мәдени қайыршылық. Қаржы тауып береміз,
газет шығады,- деді.
Мен Өмекеңнің осы сөзін он жылдан астам уақыт бас редактор болған кезімде берік ұстандым. Ешкімге қол жайғаным жоқ. «Ақ жол» жазылымнан, жарнамадан түскен және бюджеттен бөлінген қаржыға уақтылы шығып тұрды.
«Бас білетін өгізге «өк» деген - өлім». Шіркін-ай, қалай тауып айтқан атам қазақ. «Түйелі байдың қызы болмасақ та, ешкілі байдың қызы едік»- демекші, өмірдің ұңғыл-шұңғылына түгел қанық болмасақ та, анау-мынауды түсінеміз ғой, Өмекеңнің бұл айтқаны газетті ешкімге тәуелді етпеу, беделін түсірмеу болатын.
Сөз реті келіп қалған соң айтайын, Өмекеңнің адамгершілікті тағы бір сөзі бар.
Газетте сын жазылып, проблема көтерілмесе, сүренсіздік жайлайды. Осы тұрғыда біз орынды сын, толғақты проблема жариялап жүрдік. Газет журналистерінің көбі - кешегі коммунистік баспасөздің сардарлары мен сарбаздары еді. Ол кезде газет сынына сергек қарайтын. Газет сыны облыстық партия комитетінің бюросының күн тәртібіне қойылған кез де болған. Облыстық атқару комитетінің отырыстарында газет сыны үнемі сөз болатын. Бір сөзбен айтқанда, баспасөздің ықпалдылығы бірінші кезекке қойылатын.
Біз сын, проблема жазу екпінімізді бәсеңдеткен жоқпыз. Алайда, жазғанымызға ешкім тырс демейді, атқан оғымыз айдалаға кетіп жатқандай болдық.
Менің осы жайға облыстың бірінші басшысының назарын аударуыма тура келді.
Өмекең әдеттегісінше салмақты, ақылды сөз айтты:
- Қазір меншік түрі өзгерген. Кімді сынайсыңдар, бизнесменге, ілкімдіге
ешкімнің ақылының керегі жоқ. Олар өз шаруасын өздері біледі. Оларды
сынасаңдар, өз қызметтестерінен, қатын-баласынан, ағайын-туғанынан ұялады.
Оларға сол да жетеді. Мемлекеттік мекеме, ұйымдар туралы сынды, облыс
экономикасын көтеру тұрғысындағы проблемаларды біз ешуақыт аяқсыз
қалдырмаймыз.
Мен бүгінгі күнге дейін облыстың маңдайына біткен бес әкімнің де тұсында бас редактор болдым. Өмекеңнің өзі ғана емес, кейінгі төртеуі де газетке осылай қарайтын, мен болсам, газетті солардың көңілінен шығарлық етіп шығаруға тырысатынмын, әлбетте, оқырмандардың талап-тілегі де тасада қалмайтын.
Жә, ойлардың осы тұсын ойға келіп қалған соң ірке алмай айтып отырмын. Негізгі әңгіме демеушілік - қайыршылық туралы еді ғой, енді соған оралайын.
Жұрттың демеушілікке ден қойып бара жатқаны ойға қалдырады. Қолы қысқа адам бақуаттыдан бір тірлігіне көмек көрсет деп сұраса, қайыр сұрау емей, немене. Соны енді ұялмай алып, жомартты мақтап отыратындар көбейіп барады. Мейлі, мұны жеке адамның бір болмаған тірлігі делік, ал, аудан әкімдері өстіп жүрсе, не демекпіз?!
Бір әкімдер бар, өзі басқарып отырған ауданнан шыққан қалталы азаматты майлы ішекше айналдырады. Қалталы азамат ешуақыт ештеңе істемейді. Бір айтқанын орындап, қолын байлап қою үш әкімнің сұрағанына келісе кетеді, мектеп, балабақша, кітапхана салып береді. Әкім де, қалталы да екі асап, биге шығады, алдымен, екеуі достасады, содан соң, халыққа қажетті игі іс атқарылады. Кешіріңіздер, олар үш асайды екен. Біткен нысанның алқызыл лентасын қадірлі қонақтарға қиғызып, айдарларынан жел еседі. Жиналған жұрт алдында аруағы асады. Аңғал адамдар мұндай әкімді іскер деп бағалайды.
Пайымдап қарағанға әкімдікі - мәдени қайыршылық. Алысқа бармай-ақ, барлық аудандардың әкімдері өздері қақ ортасында шіреп отырған ақшаңқан ғимараттардың партиялық жарнаға немесе мемлекеттің қаржысына салынғанын білсе қайтеді. Қазіргі ел игілігіндегі нысандардың барлығын да, жекешеленіп кеткенін де, қайтарылып алынып жатқанын да мемлекет салған.
Меншік түрі өзгерді, қоғамдық құрылыс басқаша болды деп сылтауратудың еш қисыны жоқ, барлық жерде билік бар. Халық қамын ойлау соларға жүктелген. Бір тиын деп әсірелемей-ак қояйық, әйтеуір өнім өндіргеннің бәрі салық төлейді, қазынаның қалтасын қампайтады. Әкімдердің барлық білім, білігі, міне, осыған, яғни аудандарында өнім өндірушіге жақсы жағдай жасауға бағытталуы керек. Сонда аудан табысты болады, ілкімділерге кіріптар болмай-ақ халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарады мәдени-тұрмыстық құрылыстар етегін кеңге жаяды. Оның бер жағында облыстық бюджеттен бөлінетін қаржы қаншама, тек ұқсату керек.
Менің мақсатым әкімдерге ақыл айту емес, олардың бәрі өздерінің функционалдық міндеттерін жақсы білсе керек.
Дегенде, мен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресуге тиісті, бірақ өздері тәртіп бұзатын лауазым иелерімен күресті күшейту, мемлекеттік қызметшілердің ас та төк той жасап, онымен қоймай, жиын-тойдың төрін бермейтін жаман әдетін тыю жөніндегі батыл қадамдары барша халықпен бірге мені де қуантты. Шынында, бұл шара бір-бірімен тығыз байланысты. Сыбайластық жемқорлыққа белшесінен батқан, параға бөккен шенеуніктер сауық-сайран құрмағанда не істемек.
Адамның өз сөзінен өзі мысал келтіргенін қалай десе болады, мақтанды дерсіздер, мейлі. Коммунистік биліктің қыз-қыз қайнап тұрған кезінде облыстық сот коллегиясының бір мүшесіне, атап айтқанда Құдайберген Көшековке қызды-қызды әңгіме кезінде былай дегенім бар:
- Ұсталмайтын екі түрлі парақор бар, бірі - аудандық буыннан жоғары қарайғы партия комитеттерінің хатшылары, екіншісі - барлық деңгейдегі құқық қорғау қызметкерлері.
Осы айтқаным айтқан, қазір де сол, тек формасы өзгерді, мазмұны қалды. Хатшылардың орнын әкім басты, ал, құқық қорғау органдары сол күйінде, өзгерген жоқ.
«Еңбексіз табылған мал есепсіз кетеді» деген лұғаттың шындығы - әкімдердің ел жағасын ұстаған тойлары, құкық қорғаушылардың желден жүйрік машиналары, зәулім сарайлары.
Әуелім, той - әкім-қаралар үшін қалтасын қампайтудың қайнар көзі. Әкімнің тойына шақырылғандардың тойханасын есептеп көрген адам жоқ, әй, көп қой, көп! Тырақы, дараң, ұпай алғысы келген алаяқ, өскісі келіп жүрген өлермен - бәр-бәрі төгеді. Бұл - өз тойы, өзгенің тойы да әкімге кіріс көрінеді.
Ана бір жылы іс сапармен бір ауданға бардым. Әкімдікте топ-топ адам жүр. Бәрі - Ауданның түрлі құрылымдарының басшылары.
- Бұл не, жиналыс бар ма?- дедім бір таныс жігітке.
- Ой, аға бұл - топжияр. Әкім көрші ауданның алпыс жылдық мерейтойына барады екен, соған бәрімізді жинап алып, салық салып жатыр. Сондағы апаратыны - құттықтау хат, шапан. Жинайтыны - мың-мыңдап доллар.
Таңданғаннан басқа қолыңнан не келеді. Күресерге дәрмен де, пәрмен де жоқ. Пәрмені жоқ адамға әкімдер пысқырып та қарамайды.
Осындай әңгімелер облыс әкімінің құлағына жете ме, жетсе, желкесін неге үзбейді бетімен кеткендердің? Мұндай сұрақ көп, жауап жоқ.
Нұрекең елдің берекесін қашырып жүрген келеңсіздіктердің кесірін дереу сылып тастайтын мерездің тамырын дәл басып отыр. Осы кезде қимылдамағанда қашан қимылдамақ бұл жұрт?
* * *
Басшы іске терең, сөзге шешен болуы керек, ақылға зерек, хатқа жүйрік, яғни жазуға ерен болса, өте жақсы.
Қағаз жаза білген қашан да ақылдыға баланған.
Өзімнің өмір тәжірибемде бұған менің көзім әбден жеткен.
Коммунистік партия билік құрған тұста оның аудандық, облыстық, Орталық комитеттері болатын. Сол комитеттердің біріншіден бастап хатшылары, бөлім меңгерушілері, нұсқаушылары, одан да төмен қызметкерлері болатын. Хатшы-хан, бөлім меңгерушісі – уәзір, нұсқаушы - құл іспетті еді. Хатшы-ханды «піскен асқа тік қасық» шіреншек, уәзірлерді әлекедей жаланған сайыпқырандар, құлдарды барлық ауыр жұмыс мойнына артылған тесік өкпелер десе болар-ды.
Әлбетте, хатшы-ханның да көсіліп сөйлейтін көсемдері, құлақ құрышын қандыратын шешендері болады. Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ, өзіміздің облыстың басшысы болған Асанбай Асқаровты-ақ алайық. Асекеңнің ақылдың кені, шешендіктің шегі екенін қазақ елі ғана емес, бүкіл Одақ білген. Ұлттың ұлылары мен асылдарының мойнына қылтұзақ салуға әбден кәніккен орталықтың Асанбай ағамызды орға жығуының басты бір себебі де ол кісінің асқан ақылдылығы, зор беделі болатын. Алайда, «Асыл кездік қап түбінде жатпайдының» кері келіп, Асекең зорлап қамаған қапастан абыройы асып, Мұса Жәлел тәрізденіп, жан тебірентерлік өлеңдер жазып шықты. Кейін үлкен-үлкен кітаптар жазды.
Бұл күнде арамызда жоқ ағалар Әзімбек Смайылов, Жапар Түйебеков, Айтбай Назарбековтер осындай еді. Олар тиісінше Меркі, Шу, Мойынқұм аудандарын ұшпаққа шығарып қана қойған жоқ, «Әзекең, Жапекең, Айтекең айтты» деген тәлімді сөздер қалдырды артында.
Өкінерлігі, құлдар жазып, уәзірлер өңдеген сөзді, баяндаманы бас алмай оқитындар да аз болған жоқ. Олар кәдімгі бір диктор іспетті болушы еді. Шынында, бірде сондай оқиға болып, бүкіл Одаққа әйгіленгені бар. СОКП Орталық Комитетінің бас хатшысы Л.И.Брежневтің жағы түсіп қартайғаны әмбеге аян. СОКП Орталық Комитетінің бір пленумында оның ұзақ сөйлеуге, яғни қағаз оқуға иегі икемге келмей, жағы қарысып, баяндама мәтінін диктор оқығаны бар. Кеңестер Одағының коммунистеріне Брежнев - диктор оқыды не, кәдімгі диктор оқыды не бәрібір екен, тебірене тыңдады. Ертеңіне бүкіл бұқаралық ақпарат құралдары «СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы Леонид Ильич Брежневтің баяндамасы» - деп дүркіретіп ала жөнелді. Баяндаманы дәл бір Брежневтің өзі жасағандай болды да шықты. Компартияның «Ақ дегені - алғыс, қара дегені - қарғыс» дегенге бұдан артық қандай мысал айтарсың!
Дегенмен, дана халық мұндай өресіз басшыларды сынап-мінеп отыруды естен шығармаған. Оның өз жанры бар, ол - анекдот. Түсіндірме сөздікте анекдотқа мынадай анықтама берілген: белгілі бір адамның өміріне байланысты, көбіне ойдан шығарылған, м ы с қ ы л ғ а құрылған қысқа әңгіме.
Өте әдемі айтылған, ал, мен анекдот - бұралқы сөз, дер едім. Бұралқы сөз айтып әжуалау, күлдірудің тіптен сарказмге ұласып кететін кезі де бар.
Қазақстанда қой көп, олардың тегін, тағы басқа жарарын одақтық қорға алып кетіп, өзімізге басын ғана қалдыратын Б р е ж н е в заманында мынандай бір анекдот айтылып жүрді.
Бір кісі дүкенге бас алуға келеді. Қарап тұрса, бір бас 50 тиын, екіншісі 40 тиын, үшіншісі 30 тиын екен.
- Бұл қалай, бастың бағасы неге әртүрлі?- дейді әлгі кісі сатушыға.
- Бұл солай. 50 тиындық - Сталиннің басы, (Сталин заманындағы қойдың басын мегзегені де) онда ми да бар, тіл де бар. 40 тиындық - Хрущевтің басы, онда ми жоқ, тіл бар. 30 тиындық - Брежневтің басы, онда ми да жоқ, тіл де жоқ, - дейді сатушы шімірікпей.
Қолында бұйрығы мен жарлығы бар басшылар осы анеқдоттың айтарын білсе екен. Әйтпесе, шөжіп бара жатқан сыңай байқалады.
* * *
Біраздан бері Таразда бір талас жүріп келеді. Ол - аруаққа сыйыну керек пе, жоқ па?
Діндарлар айтады: жоқ.
Дүбәралар айтады: сыйыну керек.
Облыста аруақты асқақтатып жүрген бір адам бар, ол - Айдархан Сихаев. Айдархан - білімді жігіт, тамаша сәулетші, бірбеткей. Мен оған бұдан әрі мінездеме бермей-ақ қояйын, белгілі азамат. Қоғамдар, қорлар саңырауқұлақтай қаптап құрылған тұста Айдархан да «Аруақтар» қауымдастығы тәрізді бірдеңе құрып, аруақты насихаттауға кіріскен.
Ол кезде мен облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы едім, бірлі-жарым мақалаларын жарияладым. Аруақ туралы түрлі түсінік бар екен, әңгімені дауға айналдырмай, тоқтатуға тура келді. Менің ақылдастарым: «Мұсылман баласы, адам бір ғана Құдайға сыйынады, қалғанының бәрі дұрыс емес» - десті. Олардың айтқандарын теріс деуге тіл бармайды.
Құранның сөзінде: «Ла ілаһә іллаллаһу Мұхаммадүн расулулаллаһ» - делінген.
Тәржімасы - Алладан басқа ешбір тәңір жоқ, Мұхаммед (ғ.с.) - Алланың елшісі.
Мұсылман баласының Тәңірден басқаға табынуы -күнә.
Аруақтың өзі - Құдайдың құлы, Мұхаммедтің үмбеті.
Сонда қалай, аруақка сыйынбауымыз, аруақты сыйламауымыз керек пе? Иә, аруаққа сыйынбауымыз керек, сыйлауымыз қажет.
Мен теолог ғалым емеспін, кезінде атеист болғанмын, қазір мұсылманмын.
Мен аруақты атеист болып жүргенде де сыйлағанмын, қазір де сыйлаймын. Ол кезде де, қазір де мен аруақ өмірден бұрын және кейінгі өткен ата-бабаларым деп білдім, алдағы уақытта да сөйтемін. Күні кеше өмірден өткен әкем де бүгін маған аруақ.
Құдай, оңда, аруақ, қолда!
Ата-бабамыз осылай деген, мен де осылай деймін.
Бейсенбі, жұма күндері аруаққа арнап бауырсақ пісіріп, құран оқып шай ішпейтін қазақ отбасы мүлдем аз бұл күнде. Құран сүрелерін оқып болып, бата беретін тұсқа назар аударыңызшы, қолын жайған әр мұсылман, алдымен Құдайға жалынып-жалбарынады, тілеуін айтады, содан соң барып, аруаққа ауысады, Құдайдан олардың біліп, білмей жасаған күнәсін кешіруді, алды пейіш, арты кеніш, жатқан жерлерін жайлы, топырақтарын торқа етуді сұрайды, содан кейін барып, аруақтардың артында қалған ұрпақтарын желеп-жебеуін тілек етеді.
Дін мұсылман Құдайға ешкімді теңгермейді.
Алайда, аруақтан жәрдем, демеу сұрау - Құдайға күнәһар болу емес.
Біздің қазақ, айта берсеңіз, өзін аруаққа қарыздар санаған.
Әкем айтар еді, бейсенбі және жұма күндері аруақтар, яғни о дүниелік болған ата-бабаларымыз көрден шығып, қара шанырағына, кейінгі үрім-бұтағының үйіне келеді. Сонда келген үйі оған арнап дастархан жайып, құран оқып, ас жесе, аруақ тойып, разы болып қайтады, егер келген үйі оны есіне де алмай, өз тірлігімен болса, аруақ салы суға кетіп, аштықтан бұралып мәңгілік мекеніне әзер жетеді. Балаларым, кейін өсіп, өздерінше түтін түтеткенде бейсенбі, жұма күндері аруақтарды далаға келгендей қылмаңдар, бір жапырақ нан, бір кесе шай болса да соларға арнап, құран оқып ішіңдер.
Бала кезде естіген бұл әңгіме маған ұрпағы сыйламаған аруаққа керемет аяныш сезімін ұялатып еді, әлі сол, аруақтарға бағыштап құран оқып отыруды парызым санаймын. Жарықтықтар жабырқамасын!
Құдайға қараған адам аруақты сыйлайды.
Аруақты сыйлаған адам азбайды.
* * *
Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап.
Біз - етек-жеңі кең халықпыз. Екінің бірі, жоқ, үштің екісі - сенгішпіз, аңқаумыз, әй-шәйсіз илана кетеміз. Тәуір адам болам десеңіз, бұлардан арылу керек.
Абай өстіп дүрс дегізсе, түлей болар еді, соны біліп, өлеңмен әдемі өрнектеген ғой ақын. Адамды алданудан сақтандыру, жігерлілікке үндеуді тәтті тілмен сәтті жырға айналдырған Абай талантына таңданбасқа әддің жоқ.
Осындағы Абайдың өзі шошып, сөз ұғарлық адамды шошындырып отырған пәле - қулық.
Біздің бір ағамыз біреуден түңіліп кеткенде кейіп:
«Әй, бір қу екенсің-ау!»- деуші еді.
Қулық - қу адамның өмір сүру нормасы.
Ойлаймын күндіз-түні ақыл-айла,
Ойлаған ақыл-айла жанға пайда.
Төлегенді мерт қылған Бекежан өстіп өзіне-өзі разы болып, қарқ-қарқ күлмей ме. Өзінің айлакер, яғни қу екенін мақтан қылады.
Айла мен қулық - ағайынды, екеуінің де бітіретіні -алдау, амалы - өтірік айту.
Құстың қуы сауысқан да, аңның қуы түлкі де, адамның қуы Алдар да қулықтарын алдау арқылы жүзеге асырған.
«Өтірікшінің құйрығы - бір-ақ тұтам»- деген сөз бар. Өте дәл айтылған. Қулық-сұмдық - бір сәттік. Ол ешуақыт әшкереленбей қалмайды. Сөйте тұра ол қолданыстан шығып көрген емес. Өйткені қулық жасаған адам аз уақытқа болса да ойлағанын жүзеге асырады. Қуға осы да жетіп жатыр. Тайқы маңдай, шақшақ бас қу - «іс бітті, қу кеттінің» адамы. Жоқ, ештеңе, ешқашан із-түзсіз қалмайды. Қулық та сол, әшкереленеді. Сол кезде бетіне бір көн жамап алған адам болмаса, жер басып жүруі мұң болады. Сондықтан ғой атам қазақтың: «Біреудің ала жібін аттама»- дейтіні. Ал, Абай ақын: «Ақырын жүріп, анық бас,»- деген.
Бірақ, амал қанша, бүгінде қулықтың жүрмейтін жері қалмады. Қоғамдық құрылыс қарапайым, адамдар аңқау кезде бір-бірінен ғана қулығын асыратын. Қазір билік басындағылардың қулығы құзыры жүретін жердің бәрін, мемлекет басшыларының қулығы әлемді қамтитын болды. Сөйтіп қулық түбі - қауіп, дегеннен басқаға амал қалмады.
Айталық, КСРО кезіндегі конституцияда одақтас республикалардың одақтан бөлініп шыға алатындығы жазылған болатын. Шын мәнінде, ешқандай республиканың мұндай еркі жоқ-ты, сөйте тұра бізге «Ерікті елдердің мызғымас одағы»-дегізіп ән шырқатып қойған. Одақ тараған соң мұның әшейін қулық екеніне көзіміз анық жетті. Сол кезде де мұның бос сөз, қулық екенін білгендер аз болмаған, бірақ айта алмаған, қорыққан.
Қазіргі күндері де мемлекет деңгейіндегі қулық аз емес. Мәселен, Ресейдің Чешенстанға, АҚШ-тың Иракқа зорлық көрсетіп жатқанын әлем көріп, біліп отыр. Бірақ, Ресей өз федерациясының біртұтастығын, АҚШ Ирактың әлемге қауіп төндіретін ядролық қаруы барлығын сылтау етіп, қулықтарын бүркемелеп бағуда. Қулыктың қаңқасы - өтірік, ол өрге баспайды, шындық - өткір кездік, ол қап түбінде жатпайды. Қазірдің өзінде бұл екі ұлы мемлекеттің де қулығы белгілі бола бастады, әлі-ақ шындық салтанат құрар.
Жарайды, бұл - әлемдік қауымдастық шаруасы.
Біз жерге түсейік, өз қотырымызды қасиық. Жеке адамның қулығы - оның өз басына қорлық, әкім-қараның кулығы - халқына зорлық. Алаяқ біреуді алдаған екен, әшкереленіп, жазасын тартады. Ал әкім-қара біреуді емес, мыңды алдайды, құйрығын да ұстатпайды. Оның классикалық үлгісі - оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктестерін өлтіргендерді алдымен тергеу, енді жүріп жатқан сот процесі кезіндегі қулык-сұмдық. Жапа шеккен жақтың соттың әділ өтетініне үміті қазірдің өзінде үзіліп отыр. Өйткені қолында билігі бардың қулығына найза бойламайды.
Әлімсақтан жәбірленуші - аш бала, жәбірлеуші - тоқ бала. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды».
Қулық түбі - қиянат,
Жақсылықты қия алад.
Адал жүрген әз адам,
Жамандықты тия алад.
Жақсылардың кеудесі - алтын сандық
Еш қулық жоқ, келіскен салқынқандық.
Жамандардың кеудесі - қуыс құбыр,
Желдей ескен өң қулық, сыбыр-жыбыр.
Қулық түбі - зауал
Боларсың сенсең, жау ал.
* * *
Еліміз еркіндік алып, тәуелсіз тірлік кешкелі бергі он бес жыл ішінде көп нәрсеге қолымыз жетті, тарихымызды қайта танып, тіліміз, дініміз өз сабасына түсе бастады.
Осыларды орнықтыруда, әрине, қоғамдық пікірдің атқарар рөлі ерекше. Бұл ретте, әсіресе, тіл жөнінде айтылып келген, қазір де айтылып жатқан пікірлердің ұшан-теңіз көп әрі қуатты екенін атап өту ләзім. Ауызша үгіт-насихат жұмысы азайған бұл шақта қоғамдық пікірді жариялауға және қалыптастыруға бұқаралық ақпарат құралдарының өлшеусіз үлес қосып отырғаны әмбеге аян.
Мен бас редактор болған жылдары облыстық «Ақ жол» газеті де бұл тақырыпты аз қаузаған жоқ. Оқырмандар байқады ма, жоқ па, білмеймін, кейін мен екпінімізді саябырсыттым. Неге? Себебі бір сөзді езгілеп айта беру құтын қашырады.
Шынында, қазақ тілін қайта түлетіп, оған қоғамдық-саяси, экономикалық өмірімізде кең өріс беру жөнінде айтылмаған сөз қалды ма, меніңше, қалған жоқ. Бірақ іс алға баспайды. Себебі профессор Мекемтас Мырзахметұлы анықтап берген шала қазақ пен ада қазақ қанша айт, жалын, қазақша сөйлемейді, орысқа қазақ тілін үйретем деу қазіргі мемлекеттік саясат тұсында құры қиял. Мұны таратып айтсам, талайдың бетін жыртам, қоя-ақ қояйын.
Ұлтқа айтар бір-ақ сөз бар, ол - балаңды қазақша оқыт. Бітті. Әйтпесе, уәлі сөзінің – баяндамасының беташары мен шымылдық жабарын ғана қазақша айтып, ең сүбелі орта тұсын орысша көсілтетін басшылардың қазақ тілін оңдырары дүдәмал болып барады. Соның салдарынан қазақ тілі деп зарлап жүргендерден басқалар қазақ тілін қажетсінуді қойды. Осы жерде Қазақстанды дүрліктірген Геннадий Колбиннің қазақ тілін үйренбек болғаны, оның да баяндамасының басында «Қазақша» бірдеңелерді шүлдірлегені көзден бұлбұл ұшты. Қазір Қазақстанда Колбиннің жолын қуған жалғыз орыс бар, ол - қазақтың күйеу баласы Виктор Храпунов. Басқа бір басшы орыс қазақ тіліне пысқырып та қарамайды. Мысалы, біздің облыста В.Храпуновқа жетеқабыл жұмыс істеп жүрген орыстар бар. Бірақ олар өмірінде бір де бір казақ сөзін айтып көрмеген. Қазақ тілінің оларға керегі де жоқ, жиналыс, кеңес атаулының барлығы ресми тілде - орыс тілінде өтеді, алдарына орыс тілін білмейтін адам келмей-ақ қойсын, оған олардың қылы да қисаймайды. Қысқасы, осы кісілер қазақша сөйлемей, біздің облыс қазақша сөйлемейді. Мұндай кежегемізден кейін тартып отырған орыс ағайындар басқа әкімшілік құрылымдарында да бар. Олар өздері отын оттап, суын ішіп отырған елдің ең асылы - тілін өзі біліп сыйламайды екен, бетіне, айтатын кез әлдеқашан келген, қазақ тілін білмеген адамды басшылық қызметке жолатпау керек. Бұл - бір менің ғана емес, көптің пікірі. Алайда, бұлай етуге біздің жалтақ мінезіміз, асқан интернационалдық сезіміміз жібермейді. Біз - барлық мәселені дау-дамайсыз, бейбіт жолмен шешуге құмбыл халықпыз. «Былай тартсаң, өгіз өледі, былай тартсаң, арба сынады,»- деп қол жайып қарап отырғанды жөн көреміз. Тіл мәселесінде де солай болып отырмыз. Ендеше, жоғарыда айтқанымдай, қазақ атаулы баласын қазақша оқытсын. Сонда ешкімнің бетін жыртпай, аяғынан шалмай, арманымызға жетеміз.
Менің негізгі айтпағым ұлттық киім туралы еді, сөз екпінімен талай жерге кетіп қалғанымды қарашы. Жә, белгілі бір ұлттың өзіне ғана тән нәрсені ұлттық десек керек. Осы ретте ұлттық киім жетекші рөл атқарады. Көзі қарақты адам үстіндегі киімін көрген бойда кісінің қай ұлттың өкілі екенін айнытпай ажыратады.
Кешегі кеңестік кезеңдегі мерекелерде одақтас он алты республикалар ұлттарының киімдерін киіп сахнаға шыға келген әртістер мен көркемөнерпаздардың қай ұлттың өкілі болып өнер көрсететінін бірден білетінбіз. Қазір де Қазақстан халықтары кіші ассамблеясы жасақтап, киіндіріп сахнаға немесе алаңға алып шыққандардың қай диаспора екенін ешкім айтпай-ақ танимыз.
Бір айтарлығы, ұлттық киімдерді күнделікті киіп жүрген ешқандай ұлт жоқ. Ұлттық киімдер тек декорациялық қызмет атқарып келеді. Меніңше, бұл - заңды. Ұлттық киімге қайта оралу - өркениеттің жеткен жерінен кері шегіну. Менің бұл сөзіме кейбіреулердің тыз ете қалуы мүмкін. Сол қызбалық жасаған адамның үстінде бір де бір ұлттық киім жоқ екеніне мен шәк келтірмеймін. Ұлттық киім - архаизм, оны адамдар өсіп-өркендеуіміздің белгілі бір кезеңінде киген. Бір кезде адамдар ұятын жабар лыпа ғана киетін болған, одан кеп шәркейге, тері шалбарға, ақ қалпақ пен түйе жүн шекпенге ауысты. Кезінде олардың бәрі де ұлттық киім болған, қоғамдық құрылыстың, өркениеттің дамуымен бірге киім де жетіліп отырған, сөйтіп бүгінгі жарастығын тапқан. Мыналар ұлттық киім болатын деп адамдарға қайтадан лыпа, шәркей, қалпақ, шекпен кигізу оларды машинадан түсіріп, арбаға отырғызумен бірдей болар еді.
Рас, кейбір модельерлер ұлттық киімдерді жетілдірген болып жүр, бірақ олары көпшілік сұранысқа ие болған емес.
«Ағаш көркі - жапырақ,
Адам көркі - шүберек».
«Бала иығына қарап өседі».
Мына екі мақалдың да айтары - киімнің адам өміріндегі зор маңызға ие екендігі. Алғашқы мақалдағы «шүберек» те, екіншісіндегі «иық» та - киім.
Шіркін-ай, қалай шендестірген атам қазақ, неткен тапқырлық.
Киімге қатысты бұдан асырып сөз айту мүмкін емес.
Біздің қарабайыр тілімізбен айтқанда, әркім өзіне жарасқан киімді киюі керек. Ол ұлттық бола ма, басқа бола ма, бәрі бір, жұрт көзіне ұялмайтындай болып көрінсең, жетіп жатыр.
* * *
Журналистік қызметке адам үш түрлі жолмен келеді. Атап айтар болсақ, алғашқысы - арнаулы оқу орнын бітірген мамандар, екіншілері - қаламгер болуды жасынан армандағандар, алайда, оқуға бірден түсе алмай, редакцияларды жағалағандар, үшіншілері жолдан қосылған басқа мамандық иелері, онда да көбіне қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері.
Осылардың ішінде журналистиканың ең ауыр жүгін көтеретіндер - екіншілері. Олар міндетті түрде еңбек жолын газеттің зіл батпан қызметі - корректорлықтан бастайды. Корректор дегеніңіз аты дардай, қауқары жоқтан бар жұмыс. Бұл - болашақ журналистің жаттығу алаңы. Осында келешегін, қаламын ақ қағаздың үстінде өмір бойы сырғытуға бекінген жас үйрену, шыңдалу жолынан өтеді. Апыл-ғұпыл жазған кішкентай хабарының баспасөз бетінен көріну бақытын сезінеді. Біртін-біртін күрделі дүниелер жазуға кәнігеді.
Бұл айтқаныма мысал көп. Облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек еткен қырық жылға жуық мерзім ішінде мен журналистердің барлық буыны өкілімен, барлық тегі ұрпағымен қызметтес болдым. Сондағы көзім анық жеткені журналистиканың ең төменгі яғни «қара жұмысынан» шыққандары «тесік өкпе» яғни іскер болады екен.
Жалындаған жастық шағымыз бірге өткен Жанайдар Бұралқиев, Жақан Сатаев - облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетінің редакциясына аудандық газеттің отымен кіріп, күлімен шығып, шынығып келген жігіттер еді. Екеуі де аудандық газетте корректор, әдеби қызметкер, жауапты хатшы болған. Екеуі де газет жұмысының ұңғыл-шұңғылына қанық, әсіресе, газет жанрына жетік-тін.
Шіркін, өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші жылдарындағы «Еңбек туының» тігіндісін қарар ма еді, оларда біздің небір материалдарымыз шүпірлеп жатыр. Ерте шапса, кешке озған, ылди салса, төске озған Жанайдар мен Жақанның жазғандары көп шығар. Бұл екеуі кішкентай хабардың өзін зіл қара тас салмақ беріп жазатын, сол кездегі сансыз жиындардан есеп жазуға шебер болатын, айына екі-үш очеркті сүйкеп тастайтын.
Сол жылдары аудандарда осы екеуінің жолымен жүрген бір қанша жігіттер өсіп келе жатты.
Солар - бүгінде журналистиканың серкелері. Облыстық «Ақ жол» газетінің қазіргі жетекші журналистері - Тұрсынхан Толқынбаев, Ақылжан Мамыт, облыстағы басқа да басылымдарды дөңгелетіп жүрген Жаңабай Миллионов, Ахметжан Қосақов, Рахан Мөмей, міне, осындай жігіттер. Олар өндірістен, яғни газеттен қол үзбей жүріп оқып білім алған, қолдарына диплом тимей тұрып-ақ әбден ысылған журналистер болып қалыптасқан.
Қазақ әдебиетінің классигі Тәкен Әлімқұлов Мәскеуде М.Горький атындағы әдебиет институтында екі жыл оқыған. Сонысы жөнінде Тәкең: «Қайран босқа кеткен екі жыл өмірім-ай!»- деп өкініпті. Бұл сөзді Тәкең аудиториядан гөрі өз бетінше оқып, білім алғанды жақсы көргендіктен айтқан. Ал Тәкеңнің білімі -ұшан-теңіз. Қазақтың білімдарлығы Абайды танумен өлшенетіні бар, бұл өте орынды. Абайтанудың көшбасшысы Мұхтар Әуезов ғұламалылығымен әлемге мәшһүр. Одан кейінгі Қайым Мұхаметханов, қазіргі Мекемтас Мырзахметұлы өздері құралпы ғылымдардан оқ бойы озық. Тәкен ағамыздың Абай поэзиясы жайындағы «Жұмбақ жан» деген кітабы - қазақ көркемойының інжу-маржаны.
Мына мен әңгіме етіп отырған жігіттер Тәкендей білімді болмас, бірақ қызметті оқумен ұштастыра жүріп, журналистиканың қыр-сырына әбден қаныққан. Бұлардың Раханнан басқасының бәрі облыстағы қазақ баспасөзінің қара шаңырағы - «Ақ жол» газетінде шыңдалудан өтті. Шындығында, Раханды да осы санатқа қосса болады. Себебі ол - облыстық газеттің ең өндіртіп, ең сапалы, ең тақырыптың тамырын дәл басып жазатын штаттан тыс тілшісі.
Жаңабай мен Ахметжан - аудандық газеттердің бас редакторлары, жұмыстары бір бастарынан артылып жатады. Сөйте тұра Ахметжан соңғы екі жылда екі прозалық кітап жазып шығарды.
Осы жоғарыда аталған жігіттердің бәріне белгілі бір дәрежеде ықпал еткенімді ойлап қоятын кезім болады, сонда «Ағаға қарап іні өсер»- деген мақал ойға оралады. «Біз іні еліктейтін аға бола алдық па екен?»- деп сәл тоқталып қалып, бәрінің «Ағалап тұратынын, әлі күнге бір де біреуінің: «Аға - бордан, іні – зордан»- демегенін медеу етемін.
Жақсылық көрсем, өзімнен,
Жамандық көрсем өзімнен,- деп ақын бекер айтпаған. Орыс «Адам - өз бақытының ұстасы»,- дейді.
Біз «Асарымызды асадық, жасарымызды жасадық»- дейтін жасқа жақындап келеміз, жастардың келешегі - алда. Жастарға айтарым: журналист болу тек жазу емес, көп-көп білу де. Журналист жер өңдеуді агрономдай, мал өсіруді зоотехниктей, оқу-тәрбие жұмысын мұғалімдей білмесе де соларға жете қабыл болуы керек. Бизнестің, нарықтық тілін де анық әрі қанық білсін.
Әрине, шындықты жазу - басты талап.
Жақсыны, шыңдықты жазу жағында жүріңдер, інілерім!
Бұл жай бір айта салған сөз емес, журналист ағайындардың наны мен арына жабысатындар көбеймесе, азаятын түрі жоқ. Баспасөз туралы заңға енгізілген өзгерістер талабына сай жұмыс істеу де талай проблеманы алға тартатын сыңайлы, өзіңе сен, журналист інілерім.
* * *
Қазақта мағынасын біреу біліп, біреу білмейтін сөз аз емес. Соның бірі - шата.
Мен бұл сөзді алғаш рет қазақ мемлекеттік университетіне түскен 1958 жылы естідім. Сол жылы филология факультетіне қабылданған студенттер Калинин көшесіне орналасқан жатақханаға жаттық.
Менің оқуға бірге түскен ауылдас досым Қарауылбек Қазиев ересектеу жігіттермен бірге жатқан.
Бір күні Қарауылбек:
- Әлдихан, сен шата деген сөздің мағынасын білесің бе?- деді.
- Жоқ, білмеймін.
- Шымкенттік жігіттер айтты, шата - қырық сідік деген сөз екен.
- Құрысын, білмегеніміз жақсы екен!
- Сен филолог боласың, білмейтін сөзің болмауға керек.
- Сен журналист боласың, саған да білу керек.
Білдік, шата, сыпайылап айтқанда, ойнастан, одан да мәдениеттендірсек, жүгірмеден туған бала екен. Қазір қарасам, «Қазақ тілінің сездігінде» «Шата - некесіз туған бала»,- деп дәл ғылыми әрі сыпайы түсінік беріліпті.
Шата деген сөзді мен адам баласына айтып көрген емеспін. Меніңше, бұл адамды қорлаудың барып тұрған шегі. Айта берсеңіз, бұл адамды емес, оның ең асылы - анасын қорлау. Анасының күнәсін өзгенің аузынан есту, соның азабын шегуден асқан жаза бар ма екен адамға?!
Шата бала - кешегі сұм соғыстың ең бір зұлмат ескерткіші. Жаңа қосылған жарлары майданға кеткен келіншектің бәрі бірдей қу тізесін ұзақ құшақтауға төзе алмаған, Мұхтар Әуезовтің қаралы сұлуының кейпін киген. Нәтижесі - шата бала.
Майданнан келген солдаттардың да бәрі бірдей жар құшағына бірден кіріп кете қойған жоқ, шата балаға әке болды. Шаталарды шешелері Олжабай, Оңкелді, Аманкелді деп атады. Бұлардың әкелері оң да, аман да келген жоқ, олжабайларға қол созым жерде жүрді. Бірақ «Әкең -осы»- деуге анасының ары, «Сен - менің баламсың»-деуге әкесінің батылы жетпеді. Өсе-келе шата өзі иемденіп жүрген тектің бөтені екенін білді, бірақ намыс аузын буды, өмір бақи өтірік әкесін иемденіп, жалтақ, жасқаншақ күй кешті.
Өмір бір орнында тұрмайды, жас өседі, жарлы байиды. Шаталар да сөйтті, өсті, өздері әке болды. Шатаның құпиясын білетін бірен-саран көрі көз болмаса, бәрі ұмыт болды. Шата сүйекке таңба болған қорлықтан құтылды.
Әй, қайдам, шата қанша өссін, деміне нан піссін, бәрібір некесіз туғандығын ұмыта алмас. Шатаның шаталығы - өзімен бірге керге баратын қайғысы. Құдай жаратпай жатып күнәкар еткен шата өсе келе талай күнә жасайтын қиямұрыс, қутұяқ болады. Бұл сезді мен білген соң айтып отырмын. Кісімсіп жүрген екі шатаны білемін, екеуі де біреуге жамандық жасауға жүйрік.
Біздің халқымыз - кең. Өз ағайындарынан туған шата баланы ғана емес, жаугершілікте қолға түскен балаларды да асырап, өсіріп, өздеріне сіңіріп жіберген. Қазірде қазақтың руларының ішінде қалмақ дейтін ата балалары бар. Бұл қалмақтар - кешегі жоңғарлардың балалары. О баста тұтқын болған жетім баланы бір қазақ асыраған. Үйлендіріп, үй еткен, оны бүкіл ауыл бөтенсінбейтін болған. Алайда, жаны қиналғанда Құдайды да қарғайтын қазақ ашуланғанда сіңбені «Қалмақ»- деп айтып қалатын болған. Қазір енді қайда, «Қалмақ» деген қамыт әлдеқашан сыпырылып тасталған, бәрі қазақ болып кеткен. Өйткені өз аталарын түп-тұқиянынан бүгінгі бесіктегі балаға дейін таратып айтатын шежіреші қарттар азайған. Қалмақтар тәрізді шаталар да өз ағайындарының арасында шат-шадыман өмір сүріп жатыр. «Ағайындары» дейтінім қазақ әйелдері соғысқа кетіп оралмаған немесе өз ажалынан өлген күйеулерінің жақындарымен ғана көңілдес болған.
Адамзат гуманизмнің биік шыңы - тең құқылық.
Өмірге келген адал ұл да, шата да, сіңбе қалмақ та тең құқылы. Бәрінің құқы тең дәрежеде заңмен қорғалған.
Дей тұрғанмен, адамгершілік өлшеммен қарар болсақ, бұлардың айырмашылығы бар. Оны өлеңмен былай өрнектесе болар:
Болса егер өз бел балаң,
Болмассың сен ешбір алаң.
Шата бала - тексіз неме,
Тудың екен, бетсіз, неге?!
* * *
Құдайым-ау, не боп барамыз, бұл казақ күнгей мен теріскейді ажырата алмайтын халге жетіпті!
Мұны әр кезде әртүрлі адамдармен қарым-қатынас жасағанда көріп жүрміз.
Мен - тау баласымын. Алатаудың Қордай асуынан төмен қарай құлдаған бір сілемі Кербұлақ тауы деп аталады. Бұл - атақты Жайсаң жотасының солтүстік бүйіріндегі шығыстан батысқа қарап ағатын Кербұлақ өзенінің екі қапталындағы қаптаған қалың төбелі тау. Мен сол тауда туғанмын.
Бала жастан білемін, күн жолы Кербұлақ өзенінің оңтүстік жағы. Күн сәулесі Кербұлақ тауының оңтүстікке қараған бетіндегі тастарды қарып, қақтап қап-қара кылып жіберген. Қара беттерде жатаған шие, тобылғы, ақтаспа болмаса, шөп өспейді. Өседі, көктемде желкілдеп тұрады, жазда түк қалмай қурап кетеді. Міне, күнгей дегеніміз - осы, таудың күн жақ беті, сол өңір.
Кербұлақ өзенінің оңтүстік қапталындағы таулардың солтүстік беті тұнған алуан түрлі шөп. Жаздай көкпеңбек болып жататын жерлері де бар. Міне, бұл - теріскей, яғни таудың күн жемейтін салқын солтүстік беті.
Шәмші Қалдаяқовтың сөзін Сабырхан Асанов жазған «Теріскей» атты тамаша әні бар. Халық әні іспетті бұл әнді, өзгені қайдам, өз басым тыңдай бергім келеді. Сазгер мен ақын Қаратаудың теріскейіндегі шұрайлы жерді, берекелі елді ғажап етіп әнге, жырға қосқан. Қазаққа осы ән-ақ қай жағымыздың теріскей, қай жағымыздың күнгей екенін соқырға таяқ ұстатқандай етіп әдемілеп айтады. Айталық, сіз Алматы-Ташкент автотрассасымен Шымкентті бетке алып бара жатырсыз делік, сонда оң жағыңыз яғни Қаратаудың бергі беті - күнгей, тағы да оң жағыңыз, бірақ Каратаудың арғы беті - теріскей, күнгей де, теріскей де бір жақта, жаңа қазақты шатастыратыны - осы.
Сонымен, шегелеп айтқанда, таудың күн түсетін беті - күнгей, бұл - солтүстік жақ, яғни терістік. Иә, теріскей емес, терістік. Таудың күн түспейтін көлеңке беті -теріскей, бұл - оңтүстік жақ, яғни түстік.
Адамдарды шатастыруға екінші бір себеп - осы. Адамдар солтүстік жақты күнгей, көлеңке бетті түстік деп біле алмайды, бірақ шындығы - солай.
Біз жер атты алып планетада тұрамыз. Әрқайсымыздың туған жеріміз, мекеніміз — соның кішкентай ғана бір пұшпағы. Менің туған жерім - ол үлкен өңір, өле-өлгенше естен кетпейтін балалық өмір. Өмір сүруіме қажетті түсінік-түйсіктің бәрін менің бойыма Кербұлақ ұялатқан және ұмытпайтын етіп сіңірген.
Жер - Ананың кішкентай ғана бір жапырағы - айналайын Кербұлақ, сен екенсің маған оңым мен солымды танытқан! Әлемнің қай түпкіріне барған екенмін, жер бедеріне назар салған екенмін, сен келесің көз алдыма, туған жер. Жаңа аяқ басқан жердің батысын-шығысын, күнгейін-теріскейін, терістігін-түстігін сенімен салыстырамын. Кербұлақ, бәрі түсінікті бола қалады. Кербұлақ - бала кезде оқыған қызық кітап, көп жайды қабақ шытпай үйреткен ұлы ұстаз.
* * *
Мақал-мәтелді білу бар да қолдана білу бар. Олар орнымен қолдансаң ғана айтпақ ойыңды айшықтандырып, сөзіңді жандырып жібереді.
Мен бір мақалқұмар басшыны білемін. Ол мақал-мәтелдер кітабын көп оқиды, жаттауға әрекет етеді. Мақал-мәтелдерді қолдануға құмар, бірақ орнын тауып жымдастыра алмайды. Содан барып ол кісінің айтпағы бір жаққа, мақал-мәтел екінші жаққа тартып, сөзінің берекесі кетеді. Алайда, жағымпаздар ол басшыны сөзге шешен санайды және соларын өзіне жарыса айтқан кездері де болған. Басшы бұған сеніп қалған болуы керек, білетін аз ғана мақал-мәтелін сөзінің арасына көп тықпалайды.
Басшының бір мақалы мынау:
Ақшаң болса қалтаңда,
Алай-бұлай талтаңда.
Жағымпаздар жапырылып тыңдайды, басшының өте дәл һәм тапқыр айтқанына таңырқап отырады.
Мақалдың дұрыс нұсқасын білетіндеріміз де таңырқаймыз.
Дұрысы:
Ақшаң болса, қалтаңда,
Талтаңдасаң, талтаңда.
Қандай өткір, ақшалы ақымақты арқадан қағып отырып, жер-жебіріне жетпей ме?!
Халықтың алтын қорытпасы ғой - бүл, бір сөзіне тиюге болмайды. Кішкентай тидің екен, бүлдіресің. Қараңызшы, басшы: «Алай-бұлай»- деп еді, калталыға айтарымыз болбырап шыға келді. Халық: «талдасаң»- дегг еді, қалталы таба болды да қалды. Ендеше, мақал-мәтел мәтінін бір мысқал да айнытпай айтып, қажет жерінде дәл тауып қолданғанда ғана жанады.
Мақал-мәтелдерді шығарушылардың шеберлігінде шек жоқ.
Мынандай бір ғажап мақал бар:
Аузында әзілі жоқтың,
Қойнында айбалтасы жүреді.
Неткен керемет!
Сөз түсінбейтін ноқайды жер ету осындай-ақ болар.
Сөз түсінген адамға мұнда біздің халыктық дәстүріміздің үлкен қайнары бар.
Қазақ кімнің кім екенін қалжыңмен сынаған.
Дана қарттарымыз өзінен кейінгілердің өресін байқау үшін қалжыңдап көрген, жауабын естіп, бағасын берген. Тіптен балаларды да әзілдеп байқаған.
Ұлы Бауыржанның ұлы Дінмұхамедті өстіп қалжыңдап сынағаны бар. Баукең ауырып Мәскеуде ауруханада жатады. Ойда жоқ жерде бір топ қазақстандық ауруханаға сау етіп келе қалады. Сөйтсе, Димекең Баукеңнің ауырып жатқанын естіп, көңілін сұрап келіпті ғой. Батыр іштей қатты разы болыпты.
Баукең енді сол кездегі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Б.Әшімовты сынамақ болып:
- Димеке, мына тапалтақ сарың кім?- депті.
Б.Әшімов кәдімгідей ашуланып, томсырайып қалыпты.
Баукең Б.Әшімовтің тауанын байқап, онымен сөйлеспей қойыпты.
Баукеңе Әшімовтер қойнына айбалта тықсын, мойнына автомат асынсын, бәрібір, айтатынын айтқан.
Сөйте тұра батыр Баукең әзілді түсінген адамды әспеттеген, бүкіл қазақ сөйткен. Ал, Баукең – нағыз қазақ.
Нағыз қазақ әзілге алдырмаған, мақал-мәтелді қажетіне қапысыз жаратқан.
* * *
Сабақтастық деген бір жақсы сөз бар. Бұл өмірдің барлық саласында қолданылады. Соның ішіндегі ең маңыздысы, меніңше, кадрлар сабақтастығы.
Коммунистік қоғамнан қалған бір әдемі қағида – іс тетігін кадр шешеді. Бұл - қандай қоғамда өмір сүрмейік, мағынасын, актуальдылығын жоймайтын ұғым. Сол коммунистік қоғам кадр іріктегенде сабақтастыққа ерекше мән беретін. Басшы кадр қазіргідей аспаннан түскендей болып ғайыптан пайда болмайтын. Рас, облыс басшысын жоғарғы жақ іріктейтін, тағайындайтын, бірақ ол басшы қолына папкасын ұстап, соқа басы ғана келетін. Сөйтіп жергілікті кадрлармен түсінісіп жұмыс істейтін.
Әкімдік институты өмірге енген алғашқы кезде бізде команда деген бір сұмдық шықты. Мен сұмдық деп әдейі жазып отырмын. Туған жерінен табан аудармай, қызметтің барлық сатысынан өтіп шыныққан кадрлар тасада қалып, басшыға еріп келген командасының мүшелерінің тасы өрге домалағаны талайдың жігерін құм еткені сұмдық емей, немене. Басшының небір дүбәраларды жетектеп әкеліп, тұмсығын майға тығып жібергені - сұмдықтың көкесі. Ешкімнің әкесінің жұмысы жоқ, мемлекеттің қызметін ешкім меншіктей алмайды. Бірақ белгілі бір салада жанын салып қызмет істеп жүргендердің «Құдайдан үміті болады», өссем-ау, дейді. Сөйтіп жүргенде «жерден жік шықты, екі құлағы тік шықтының» кері келіп, бұл саланың проблемаларын білмейтін, ұжымның хал-ахуалынан мақұрым біреу дайын орынтаққа қонжия кетеді. Бұл - сұмдықтың дәдесі.
Сонымен, өзімізде жұмыссыздық белең алып, кадрдың қаншама алтын қоры бақадай аузын ашып қалғанда басшымен үйір-үйір болып ілесіп келгендер піскен егінге еніп, білем-білем құйрықты сорып жатты. Жергілікті жұрт олардың санын жүздеп санаумен шектеліп қана отырды. Өйткені күресерге дәрмен жоқ, әлгілердің бәрінің сыйынғанынан сүйенгені күшті еді, яғни олардың қолдаушылары басшының өзі.
Осы өресіз үрдіс өркендей берер ме еді, қайтер еді, Елбасымыз тыйым тастамағанда. Елбасының халыққа жасап жатқан жақсылығында шек жоқ, соның бір бірегейі осы болды. Бастап келген серкесі кеткен соң жетімсірей бастаған келімсектердің жылыстап кете бастайтынын өмірдің өзі көрсетіп жүр. Әлбетте, зардабы бірталайға дейін сақталады. Бұзылған сабақтастық қайта қалпына келгенше талай уақыт өтеді. Мейлі, өз өскініміздің кештетіп болса да жетілгеніне не жетсін!
Сабақтастықтың үзілгені өмірдің көп саласына зиянын тигізетінін көріп те, біліп те жүрміз.
Әкімдердің өзгергені - заңды. Оның жақсы жағы да, жаман жағы да бар. Жақсы қайда қашады, айтпай-ақ қояйық. Жаман жағы – сабақтастық бұзылады. Оның бізге мәлімі де, беймәлімі де бар. Ендеше біз көзіміз көрген жайды айтайық.
Тараздықтар жақсы біледі, қаланың қақ ортасында Атшабар атты алаңқай бар. Мұнда бір кездері қала тіршілігі қайнап жатады екен. Ұн базары, мал базары болып, халық көп жиналатын берекелі жер екен. Түрлі ойын-сауық ортасы көрінеді.
Сол алаңқай көп жыл бос жатты. Сол жерде қала сәнін келтіретін бір зәулім құрылыс салу керектігі көп сөз болды, қалай да әйтеуір реті келмеді.
Облысқа командасымен А.Қ.Тшанов келді. Ол қалаға әкім етіп Б.Ә.Жылқышиевті әкелді. Іскер жігіт Болат Әбжапарұлы қаланы жақсы басқарды. Болаттың назарын Атшабар алаңқайы да аударды. Төле би көшесінің түстігінде Қ.Рысқұлбеков атындағы саябағы гүлдеп, терістігінде Атшабар алаңқайының қаңсып жатқаны жараспайтын еді. Ол Атшабар алаңқайын Қ.Рысқұлбеков атындағы саябағына ұштастыруды ұйғарды да қарбалас жұмыс басталды. Алаңқайдың әр тұтам жеріне дейін жоспарланып, қ ұ н а р л ы топырақ тасып жеткізіліп төгіліп, алуан түрлі сәндік ағаш көшеттері отырғызылды, орындықтар орнатылды.
Сөйткенде облысқа да, қалаға да басқа әкімдер келді. Басталған жұмыс тасталды. Ол аз болғандай ендігі бір әкім тұсында біреулер қаншама жыл көздің қарашығындай сақталып келген алаңқайдың күн батыс жағын кертіп не екенін ешкім білмейтін күмәнді құрылыстар сала бастады.
Бұл қаланың ортасында жапырақтай жер қалдырмай сатып кеткендердің тірлігі еді. Апырай десеңізші, халық талай әңгіме қылып, ел игілігіне айналар ерекше бір нысан салудан үміткер болған алаңқайдың тоз-тозы шықты.
Қазір енді осы алаңқайдың қалған жеріне элиталы деп айдар тағылған тұрғын үйлер салынып жатыр. Иесі алматылық көрінеді. Жерді, әрине, сатып алған. Тараздықтарда таласатын дірмән болмаған, алматылықтардың қолы жүрген кез еді ол. Алматылықтар енді өз жерімізде қымбат үй салып, өзімізді сорады.
Көрдіңіздер ме, жұмыста, тірлікте сабақтастық болмаса, елдің де, жердің де берекесі кетеді.
Қандай да команда мүшелері көбірек қарпысам, қалтамды қампайтсам деп келеді. Тойғанынша ішіп-жеп кетеді.
Өз ортаңнан өскен ұл туған жерге туын тіксем дейді. Бұларда команда жоқ, ел азаматына сенеді. Барлық тірлігі өткенмен сабақтас, сондықтан бас жарылып, көз шықпайды, бәрі ретімен, жөнімен өрбиді.
Мүшелері өңшең жемір команда деген сұмдықтың қанын сұйылтқан Президентке алғыс айтқың келеді.
* * *
Қазақ тілін өрге сүйреу тікелей оқу-тәрбие жұмысына байланысты. Бұл жөнінде мен түйінді пікірімді осы «Әр қилы ойларымды» айтқанмын, ол – баланы қазақша оқыту. Қанша асығайық-асықпайық, бір кезде «Халықтың әл-ауқатын жақсарту шахтердің қайласы мен қойшының таяғына келіп тіреледі»- деп айтылғанындай, қазақ тілінің оңалуы балалардың қазақша оқуына яғни тіл ұстартуына келіп тіркеледі.
Ендігі жерде қазақ баласын жаппай қазақша оқуға бермесе, өстіп өкінгеніміз өкінген, өкінгеніміз өксіген.
Қазір балаларымызды жаппай қазақша оқуға берсек, алдағы бір он жылда қазақша сөйлей де, оқи да, жаза да алатын жеткіншектер өсіп жетіледі.
Қазақ тілін игеруге жаппай жұмылған кез болды. Сонда елдің көңілін қалдырып, бетін қайтарған бір жай кездесті. Ол - қазақ мектептеріндегі білім берудің нашарлығы. Бұл жөнінде осыдан он жыл бұрын облысқа белгілі ардагер Р. Келесовтың айтқан сөзі сүйектен өткен.
- Мен немерелерімді казақ мектебінен алып, орыс мектебіне бердім. Қазақтар бала оқыта алмайды. Өңшең әйел мұғалімдер саналы білім бергеннен гөрі құбылтып өсек айтқанды жақсы көреді,- деген еді қария.
Әлгі кісімен әжептәуір әңгімеге барғанбыз.
Қазір мен басқаша ойлаймын, шынында да, қазақ мектептерінде оқыту сапасы орыс мектептеріндегілерден әлдеқайда төмен.
Біздің үкіметіміз ешкімді алалап-құлалап отырған жоқ. Мектептердің материалдық-техникалық, оқу-бағдарламалық жағынан жарақтандырылуы қазақ, орыс болып жіктелмейді, бірдей. Ал, оқыту сапасы қазақ мектептерінде орыс мектептерінен қалып қойған. Мұның басты себебі мұғалімдерге келіп тіреледі. Жасыратын не бар, қазақ мұғалімдері орыс әріптестеріне ілесе алмайды. Әлбетте, қазақ мұғалімдерінің бәрін қаралай алмаймыз, бірақ қазақ мектептеріндегі білім берудің сапасының солғын екенін сол кісілерге тірейміз.
Біздіңше, мұғалімдердің Құдайына болмаса, үкіметке қоятын кінәсі жоқ. Тіптен нарық өз қыспағына қаншама алды деген кездің өзінде мұғалімдер мен зейнеткерлердің жалы қисайған жоқ.
Мен ертеректе намысын жыртып, ардагер ағамен тәтті ауыздың дәмін кетіргеніме қазір өкінемін, бүгінгі күні мұғалімдердің намысын жырта алмаймын. Қазақ мектептерінде оқыған жастардың білім сапасының төмен болатыны сынақтар мен байқауларда, тестілеуде жақсы мәлім болды. Сөйте тұра біз қазақ мұғалімдерінің жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беру ісінде ұшан теңіз жұмыс атқарып отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Осыдан жиырма шақты жыл бұрынғы бір зерттеу республиканың белгілі шенеуніктерінің, атақты ғалымдарының, әдебиет пен өнер қайраткерлерінің дені қазак мектептерінің түлектері екенін көрсеткен болатын, меніңше, қазір де олардың үлес салмағы көп. Бұл, әрине, қазақ ұстаздарының еңбегінің жемісі.
Елбасымыздан бастап есті азаматтардың бәрі қазақ тілін қайтсек көгертеміз деп жүргенде бұл мәселенің шешуі тікелей мұғалімдерге келіп тірелетінін еске салып, түрткі болғымыз келді біздің. Бұл жөнінде үлкенді-кішілі алқалы жиында аз айтылып жүрген жоқ, әдемі шешімдер де бар, бірақ атқарылғаны аз.
Біз - «Итің ұры десе, намыс қылатын» халықпыз. Мұғалімің басқа ұлттың мұғалімінен осал десе, өліп кетуге бармыз.
Ұрпақ келешегі жүктелген ұстаздар қауымының өзі де көтере алмас мұндай кінәні.
Ұлт болашағы сенің қолыңда, ұстаз!
Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың өзі: «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде»- деп атап көрсетіп отырғаны бәрімізге жақсы мәлім.
«Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде сөйлейтін азаматтар»,- дейміз біз.
* * *
Халқымыздың қасиет тұтар нәрселерінің бірі - қара қазан. Қазақ өз өмірінің мәнін - «қара қазан, сары баланың қамы»- деп білген.
Бұл екі ұғымның екеуі де ұлы. Мұндағы қара қазан бір үйлі жан ас ішетін қасиетті ыдыс. Ал сол қазанға салатын азық табу- ер адамның азаматтық парызы. Қазанға түскенді тіл үйіретін етіп пісіріп, дастарханға әкеліп қою - әйелдің басты міндеті.
Сонда ердің де, әйелдің де ойлайтыны - сары баланың қарны ашпасын, қадірі қашпасын деу, ұрпақтың қамын жеу. Біз, қазақ, қара торымыз, ендеше сары балаға жол болсын. Есті тарих айтады: ескі кезде қазақ сары болған,- деп. Алтайдан құлдаған ата-бабаларымыз небір аумалы-төкпелі замандарды бастан кешірген, өмір сүру салты ғана емес, түрі де өзгерген. Кішкентай сөз тіркесі үлкен ойға, талайды тарихқа жетелейді. Ол - тарихшы ғалымдардың үлесі, біздің әңгімеміз қасиетті қара казан хақында.
Қазақтай сөздің мағынасын мың құбылтатын халық бар ма екен?! Қараңызшы, қазан ауыз жоғары деген сөздердің мағынасын. Бұл - тігерге тұяғы, ішерге асы жоқ адамның оптимистігі, Құдайдан үміті. Қазан сөзін қатыстырып алуан түрлі мағынаға ие болған сөз тізбегін тізіп көрейік: қазан асты - тамақ жасауды бастады; қазанға ет салды; қазан бас - басы қазандай үлкен кісі; қазан көтерді - тамақ әзірлеуге кірісті, қазан асты; қазан құйрық - құйрығы қазандай қой; қазаны басқа - өз алдына бөлек үй, жеке отбасы; қазаны майланды - қазанына семіз ет асты; қазаны оттан түспейді - бір тамақтан кейін бір тамақ пісіріп, үнемі ас әзірлейді, берекелі үй; қазан аузынан бөлісті - бар тапқанын ортаға салды; қазан бұзарлық - содырлық, сотқарлық, тентектік; қазан құлағын ұстады - билікке қолы жетті; қазанның түп күйесіндей - қап-қара, тіптен қара; қазан үстінен күн көрді - біреудің еңбегі есебінен күнелтті; қара қазан - сараң.
Дүниедегі ең жақсы сөз - алғыс, ең жаман сөз -қарғыс. Қазақ оларды да қазанмен қабыстырып түйіндеген. «Қазаның оттан түспесін» - берекелі,
молшылық болсын деу. «Қазаның қирасын» - барып тұрған жаман тілеу.
Жақсылық тілеп лайым,
Аман-сау жүрейік, ағайын.
* * *
Біздің дана халқымыз ұшқыр ойын жан адам бір сөзін ауыстырып, басқаша айта алмайтындай жұп-жұмыр, әр сөзін зіл қара тас салмақты етіп бедерлеген. Оның озық үлгісі – мақал-мәтел. Кез-келген мақалды, яки мәтелді алыңыз, олардың айтар ойын басқаша сөйлем құрып айта алмайсыз, айтқан екенсіз қожырап, берекелі кетеді. Мәселен, «Балалы үй – базар» деген үш-ақ сөзден тұратын мақалдың айтарын бұдан сәтті сөйлем етіп білдіру, біздіңше, еш мүмкін емес.
Мақал-мәтелді көп біліп, ойына орайластырып, сөзіне жымдастырып пайдалану-ұғынықтылық, ұсынақтылық, ал, оларды жетесіздік. Ұлы Абай: «Ескі бише отырмын ба мақалдап»,- деп бекер айтпаған. Адамның өз сөзімен жымдаспаған мақал босқа атылған оқпен тең, ал, мақал арқылы білдіретін түйіп тастау – мергендікке пара-пар.
Мақал-мәтел – тұсрақты сөз тіркесі. Оның бір сөзінің орнын да, өзін де ауыстыра алмайсыз, мұртын бұзуға болмайды.
Бір қарағанға, «Тыйым сөздер» де мақал-мәтел іспетті, алайда, сәл-пәл өзгешелеу. Олай дейтініміз, тыйымдардың тұрақты сөз тіркестеріне айналғандары да, айналмағандары да бар. Бұған мысалды, көп созсбаламай, бәрімізге ыстық ұғым – бесік жөніндегі тыйым сөздерді алайық. «Бесікті сатпа» - бұл тұрақты сөз тіркесі, өйткені басқаша айтсаңыз, қадірі қашады. Ал, «Бесікті көрінгенге берме» дегендегі ойды әрқалай құбылтып жеткізуге болады. Мінеки, «Бесікті өзгеге берме» десеңіз, тіптен жақсы. Себебі, «көрінгенге» дегеннен гөрі «өзгеге» деген дәл әрі салмақты.
Тыйым сөздер – мақал-мәтелдер тәрізді халық даналығының жемісі. Олар – тәрбиелік мәні зор, өмірдің өзінен ойып алынған өң бір ақылды тұжырымдар. Тыйымдардағы соқталы ойға жақсылап көз жүгірткен адам олардың нақты оқиғалардан қорытылғанын оңғарары анық.
Атам қазақ: «Үйрен жақсы әдептен, жирен жаман әдеттен» демей ме, тыйым сөздерде әдеп те, әдет те бар. Оларды біліп, ұстанған жан ибалы, инабатты, иманды бола түспек.
Түйіп айтарымыз: Тыйым сөздер – тәрбиенің тәлімді бір өзекті тамыры, өрімталдай болып өсем дейтін жас үшін қағида болып табылатын мінез-құлық, тәртіп үрдістері. Оны көп біліп, ұсынғандарын ұстанған адам азбайды.
* * *
Атам қазақ өмірдің барлық жағдайына байланысты айтатынын басқаша айтуға да, ойлауға да мүмкін еместей етіп айтып қойған. Тек оларды білу керек, ата тілеген ақ жолмен жүру керек.
«Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыз жалғыз атын сойғызар». Жетімсіз кезде қомағай болмауымыз үшін шешеміз талай айтқан сөз – бұл. Мағынасы өте терең.
Адамға қашан да қанағат керек. Адамнан қанағат кеткен мына заманның келетінін бұрынғылар күні бұрын сезген тегі, сөйткен де келер ұрпағын ақылға шақырар небір тоқтам сөз қалдырған артына.
«Нысап сайын - береке», «Мешкейдің өзі тойса да көзі тоймайды», «Тарта жесең, тай қалады, қоя жесең, қой қалады», «Ашыққаннан құныққан жаман». Бұлардың бәрін халық әдейі шығарған. Бәрі адамдарды шақтаулы өмір кешуге шақырады.
Халық қорқаулар мен жемірлерді ала бөтен жек көрген.
Олардың ашқарақ аранын, тоймайтын көзін тек топырақ толтыратынын дігерлеп тұрып айтқан. Олар да халықтың нақылын ақыл көруі тиіс. Алайда, олардың бүгінгі баю жолына түскені сонша, ештеңені елемейтін болды. Ойлайтындары тек мол қарпу, аямай асау. Ақ, адал тапқаны болса, аузын жағы айырылғанша ашсын, мейлі. Мәселе, басқада, оңай мал табуда, қанағатты ойламауда.
Жақында бір ағамыз қазіргі ықылык атқан, сонда да байыған үстіне байи түсу әрекетін үдеткен үстіне үдетумен әлек болып жүргендер жөнінде қатты қамығып, ауыр сөз айтты.
- Апыр-ау, бұларға сонша байлық неге керек екен? Дүние – боқ. Соны да білмей ме? Қанша байлық жинағанымен, адам кетеді ақ мата жамылып, тапқан-таянғаны қалады. Миллиард-миллиард ақшасынан, зәулім-зәулім сарайынан адамға бұйыратыны - бар болғаны алты-жеті кез ақ мата, арам байлық қалады.
- Қайран ақ көңіл ағам өстіп күйінді.
Әлімсақтан осы, бұл фәнидегі кедейдің күні кіжінумен өтеді, бай көл-көсір өмір сүреді. Адамдарды теңестіретін тек бақи дүние.
Адамда қанағат болмаса, қиын.
Өмірде де, өнерде де қанағатсыздық зияны аз айтылмаған. Солардың ішіндегі ғажабы - Лев Толстойдың «Адамға қанша жер керек?» әңгімесі. Ұлы гуманист Толстой осы шап-шағын әңгімесінде романға жүк боларлық ой айтқан. Орыстар Орал тауына тұмсығын енді тіреген тұста, яғни беріде бір орыс башқұрттардан жер сұрайды. Башқұрт айтады:
- Мен ана төбенің үстіне шығып отырамын, сен кешке дейін айналып өткен жеріңді ал, бірақ күн ұясына кірмей тұрып төбенің үстінде отырған маған жетуің керек, жете алмасаң жер жоқ.
Содан әлгі орыс біраз жүрген соң қанағатты ұмытады, көбірек қамтымақ болып, шығандап шығып кетеді. Бір уақытта қараса, күн көкжиекке барып қалыпты. Орысың екі өкпесін қолына алып, төбеге қарай құстай ұшады. Қайда, тым ұзап кетіпті, төбеге күн батпай жетемін де қанша ұмтылғанымен, болмайды. Башқұрттар келеке-мазақ етіп шулап тұр төбе басында, орыстың өкпесі өшіп, әл-дірмәні құрып, талып жығылады да жан тәсілім етеді.
Қанағатсыз ақымақты ұзындығы 3 метр, ені 2 метр жерге көмеді. Жазушы: «Адамға қанша жер керек?»- деп ащы мысқыл айтады. Тойымсызды қорлау осындай-ақ болар! Бұл - барлық қанағатсызға айтылған қарғыс!
Қанағат жөніндегі айтарымызды сәл іркіп, орыс отаршыларының мынандай тойымсыз, ақымақ өкілі емес, зымияны жайлы бір әңгімені айта кетуді жөн көрдік.
Орал тауынан бері асқан орыстың қазақтың кең даласына ендеп те, бойлап та ену әрекеттері том-том әңгіме болар. Соның бір кішкентайы мынау:
Орыстың бір мұжығы қазақ байынан жер сұрапты.
Қазақ байы көнбепті.
Сөйтсе мұжық:
- Бар болғаны өгіздің терісінің көлеміндей жер бер, - депті.
Қазақ келісе кетіпті. Онымен қоймай, орысты «Ақымақ»,- деп ойлапты.
Сөйтсе, орыс бір өгізді сойып, оның терісін жіп-жіңішке таспа етіп тіліпті. Таспа құлаш-құлаш болып, кергенде ауданы кәдімгідей жерді алыпты.
Қазақ алданып қалғанын біліп, бармағын шайнапты, орыс миығынан күліп, мәз болыпты.
Орыс отаршылары жергілікті халықтардың жерін тағы басқа да талай жолдармен: күшпен де, алдап та алған ғой, тойғанша да, тойған соң да тоқтамаған.
Ал, қазіргі алпауыттардың араны одан да орасан ашылған, мұнай мұнарасымен, газ құбырымен сиып кетіп жатыр.
Қанағаттың ауылы алыстаған қай заман бұл?!
* * *
Жамбыл облыстық телевизиясы - облыс өмірінің айнасы. Облыста не болып, не қойып жатқаны туралы халық алдымен телевизия хабарларын көріп, тыңдап біледі. Телевизияның хабарларын талдап саралау біздің шаруамыз емес. Сонда да, бір сөзбен айтсақ, қазіргі ақпараттар ағыны ерекше екпін алған тұста облыстық телевизия бағдарламаларынан көп жайдан хабардар болып отырғанымыз бізді қуантады.
Біз енді шөпті де, шөңгені де өлең деп білетіндердің санатынан емеспіз, баспасөздің әр жарияланымына, радио мен телевизияның әрбір хабарына өз түсінік-түйсігімізбен қарап, ой түйеміз, жақсысына сүйсінеміз, жаманына сан соғамыз.
Телевизия бағдарламаларының бір айшықтысы - «Ақ тілек». Атының өзі айтып тұрғанындай, бұл бір адамдарға ұзақ, бақытты өмір, шат тұрмыс, махаббат, мейірім, достық, сыйластық тілейтін, әсем ән төгілген әдемі бағдарлама. Жүргізушісі Эльвира Әмзеева да көркіне үні сай әйбат қыз. «Ақ тілекті» көрген адам ажарланып қалады.
Бірақ, ия, барлық нәрседе бірақ болады. «Ақ тілектің» бірағы көңілге әр түрлі ой салады. Қаттырақ та болса, айтуға тура келеді, осында көңілге мүлдем қонбайтын сорақылық бар. Ол - емшектегі баланы құттықтап, «жақсы бір ән беруін» сұрау.
Аллам-ау, емшектегі, мейлі бірдегі, екідегі бала не біледі, оған құттықтап жатырсың ба, ғайбаттап жатырсың ба, бәрібір, түсінбейді. Одан да сорақысы сәбиге арналып махаббат әндері шырқалады.
Бұл келеңсіз жайды мен көптен білемін. Бір кезде телевизия қызметкерлеріне айтқым да келген, оған жөні болмады. Өйткені мен «Ақ жолдың» бас редакторы едім, адамдарға «Телевизияны қойып, балаларыңды, жалпы бір-біріңді «Ақ жол» арқылы құттықтаңдар» - деу бәсекелестік заңына қайшы келетін еді. Қазір бейтарап адам ретінде: «Нәрестелерді, жас балаларды мейлі «Ақ жол» болсын, мейлі «Ар-Ай» болсын, газет арқылы құттықтаған жөн,» - деймін. Бүгінгі сәбиді - құттықтау шыққан газетті сақтап қойып, оған кейін есі кіргенде көрсетсе, қандай ғанибет болар еді.
Содан кейін, біз, қазақ, өлең сөзді жақсы көреміз. Өлеңмен сөйлесек, сөзіміз әсерлі шығады, деп білеміз. Солайы солай, алайда, ол өлең болуы керек. Біздің құттықтау өлеңдеріміз - былдыр-батпақ. Бұл - жалғыз телевизияға ғана емес, барлық бұқаралық ақпарат құралдарына тән кемшілік.
Біз - ақын халықпыз. Бір шумақ өлең шығармайтын, бір ауыз ән айта алмайтын қазақ жоқ. Құттықтауларда мейлі өлеңмен, мейлі қара сөзбен, әйтеуір әркімнің жүрегін жарып шыққан сөз айтылуы тиіс. Тәжірибеден білеміз, адамдар құттықтау мәтінін өзінен гөрі БАҚ қызметкерлерінің жазғанын жақсы көреді. Біреудің шаруасын біреу істеу - «Жаны ауырмастың қасында белі ауырмастың» кебі. Күнде-күнде құттықтау жазып, ерқашты болған журналист дайын сүрлеуге салады, қан-сөлсіз бірдеңе жазған болады. Тіптен ол қаншама ұқсатып жазғанымен, айтылған ақ тілек құттықтаушының өзінікі емес, өзгенікі. Атам қазақ мұндайларға «Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмас» - деген. Сол айтпақшы, тілі шыққан кісіге жазып берген сөз болмас.
«Ақ тілек» суреттерін жариялаудың да өз үлгісі болуы керек. Біздің жағасы жайлауда ағайындарымыз қолына түскен суретті алып келеді. Ақ тілек арналған адам кейде жалғыз, кейде бір топ кісілердің ортасында тұрады. Әрине, соңғы нұсқа ыңғайсыздық туғызады, ақ тілек арналған адамды бөліп алу керек болады. Бұл бұрын қиын еді, қазір компьютерге түкке де тұрмайды. «Ақ тілек» сонда да қолға түскен көп адам бейнеленген суретті сол күйінде көрсетеді, ал «Ақ жолдың» қалыптасқан сара жолы бар - ақ тілек арналған адамның жан-жағындағыларын алып тастап, жалғыз өзін қалдырады.
Адамға арналған шаруаның ұсақ-түйегі жоқ.
Осыны бір ойлап қойған жөн болар.
* * *
Студенттік күнді бірге өткізген дос, бұл күндегі академик Рымғали Нұрғалиев:
- Жапондар баласын он үшке келгенше бетінен қақпайды, шекесінен шертпейді. Бала басын жарып, көзін шығарып жатыр ма, ұрыспайды, «қой» демейді. Тәрбие жұмысын бала он үшке толған соң бастайды,- дейді.
Қызық!
Қазақтың қағидасы - «Баланы - жастан».
Қазақ баласын он үшке келгенше тәрбиелеп бітеді. Он үште ұл - отау иесі.
Жапондікі дұрыс па, қазақтікі дұрыс па?
Екеуі де дұрыс, жапонның тәрбиесінен жапон, қазақтың тәрбиесінен қазақ шығады.
Рас, қазақ та баланы аты-жөні жоқ жәбірлемеген, жақсысын асырып, жаманын жасырып тәрбиелеген. Заты жуас қазақ баласы көніп, айдауға жүрген. Біздің ақылды ата-бабамыз баланы жасытпай, жабырқатпай еккен тәрбиені.
* * *
Ас - адамның арқауы. Осы ас төңірегінде-ақ ақырын ғана талай ғибрат аларлық ақыл айтылған. «Асық ойнаған азады, доп ойнаған тозады, бәрінен де қой бағып, көтен-мойын жеген озады» - дегенді естіп өскен бала малсақ, еңбекшіл болып ержетеді, кейін шаруақор адам болады. «Мешкей деген жақсы ат еместі» естіген бала қайтіп қана қомағай бола қойсын. «Жаманнан жарты қасық ас қалады» деу - ысырапқа жол бермеу. «Ас тұрған жерде ауру тұрмайды», «Ас ішсең, атауыңдай іш» деп айтпаса, ойын қуған балалар қайтпас еді.
Наннан үлкен ас жоқ.
Шешем айтатын:
- Басқа тамақтың бәрінен шығасың, мысалы етті бір же, екі же, үшіншіде беттемей қаласың, нанды қанша жесең де шықпайсың. Нан жарықтықты ерте де, кешке де же, жей бергің келеді.
Әкем айтатын:
- Наннан қасиетті ештеңе жоқ. Нан құраннан да үлкен. Жоғарыда тұрған құранды нанға шығып алуға болмайды, жоғарыда тұрған нанды құранға шығып алуға болады.
Мен айтамын:
- Дастархандағы асты да, басыңдағы ойды да, тілі ұшындағы сөзді де бастықтардың алдына тосып үйренген жағымпаздарымыз ұлттық даналығымыздың осы ғажайып үрдісін СОКП Орталық Комитетінің бас хатшысы Л.И.Брежневтің жағы түскен, тілі келмейтін аузына салып қор қылды. Қап! Бассектің құраны басқа, коммунистік партияның манифесі, жарғысы болатын.
Осы жуырда немерем:
- Ата, бала ми жесе, не болады?- деп сұрады.
Ойланып қалып барып:
- Бала ми жесе, миы көп, ақылды болады,- дедім.
- О-о, ми жеймін!- деп қуанды немерем.
Мен қойдың басының миын алдым да жартысынан астамын немереме бердім, қалғанын өзім жедім.
Немеремнің баланың ми жеуі, жемеуі жөнінде сұрауы тегін емес еді, үлкендердің: «Балаларға ми жеуге болмайды, жесе миы ылжырап кетеді»- дегенін естіген ғой. Қазақтың мұнысы - дәмдіні үлкен жесін дегенді кішінің көңілін қалдырмай айту. Сүйектің майы шырын болатынын білмейтін қазақ жоқ. Үлкендер оны өзі жеу үшін балаларға: «Сүйектің майын жесең, мұрынбоғың көп болады»,- деп алдаусыртқан. Жас баланың тісі пышақтай өткір, оларға сирақ, құлақ берген, «Шашың жібекше таралып өседі»,- деп қыздарға желке жегізген. Өзінен өзі түсінікті, ондағы ой - жылы-жұмсақты қарт жесін, жастардың еншісі - сирақ, сіңір, желке. Осыны дігерлемей, сыпайылап қалай жеткізген, шіркін, біздің үлкендеріміз!
Осының өзінен-ақ үлкенді сыйлау дейтін ең ізгі тәрбие орнығатын. Алдыға ас келген екен үлкен бастамай, кіші қол салмайтын.
Қазір оның бәрі үзілген. Кіші үлкеннен бұрын табаққа қол салғанды айтасыз, қолындағысын тартып жейді. Балаларды алдаусырата алмайсың, өзіңді алдайды.
Бұл - келімсектердің өмір салты. Балаларымыз солардың балаларынан үйренген. Біз де солардың ересектерінен үйреніп, балаларымызды жер-жебіріне жетіп ұрсып тәрбиелейтін болдық.
Тілімізге оралу қиын ба, ділімізге оралу қиын ба, белгісіз, белгілісі - қиынның қиыны.
Қазақ тілінің көсегесін қайтсек көгертеміз деген ой, тірлік күн тәртібінен түспей жүргелі қашан, ал ділімізге оралу жөнінде жөнді әңгіме өрбіп көрген емес.
Тілге де, ділге де оралудың, оңалтудың кілті - сөз. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады»,- дегеннен асқан құрмет бола ма сөзге.
Сұр жыланды жібіткен сөздің сотанақ баланы да балқытары анық.
Көңіл жықпау - діліміз,
Мұны бәрің біліңіз.
* * *
Бұл киногер дегеніңіз өмірде өте жақсы білуі керек. Өмір экранға өзіндей болып шығуы тиіс. Өйтпейді екен, көрерменнің көңілі қалады. Өкінішке орай, осындай жағдай көп кездеседі.
Біз ат-тонымызды қанша алып қашқанымызбен, шетелдік кинолар телеэкранды билеп алды, меніңше, солай бола береді. Теледидар деген бір жалмауыз, оның көмейін, бүкіл әлем өркениетінің туындыларын бұралап тықсаңыз да толтыра алмаймыз. Бұл ретте сериалдар телевизияшылардың «Жанын тындырып, жамбасын сындыратын» көмекшіге айналған. Халық «Сабынды опера» деп атап кеткен сериалдардың санының алды жүздеп, соңы оңдап саналатын бұл туындылар жөнінде пікір әр алуан.
Мен өз басым мүмкіндігіме қарай олардың біреуін үзбей көруге тырысамын. Қайсысын көрмейін, өкінген күнім болған емес. Елдің олардан ат-тонын ала қашатыны жеңіл жүріс, ашық-шашық дене, кісі өлтіру, т.б. толып жатқан жат қылықтар. Әрине, оларын мен де жек көремін, алайда шығармашыл адамға үйренерлік жай өте көп.
Адамды отқа да, суға да аямай салмай, толыққанды образ шықпайды. Сериал жасаушылар мұны жақсы біледі, геройларын мың өлтіріп, мың тірілтеді. Содан барып сериалдардағы әр бейне ішек-қарындарына дейін ашылып бедерленеді. Адамның сезім иірімдері түк қалмай табиғи болып ашылады.
Соншама сұңғыла сол киношылардың өзі де қате жібереді екен. Атам қазақ: «Аяғы бүтін тұлпар, қанаты бүтін сұңқар жоқ»,-деген ғой. Соның кері осы сериалдарда да кездеседі. Көргенді айтқанның әбестігі жоқ, ал сериалдарда көретін жай аз емес. Солардың аса бір қызығушылық туғызатыны төсек ойыны. Біреулер бетін басып, біреулер емініп қарайтын бұл көріністер -өмірдің өзі. Орыс халқында бір мәтел бар – «Что естественно, то не безабразно». Осы тұрғыдан келгенде бәрі дұрыс. Мүләйімсісек, мұны көрсету-қате, ұят.
Адам сезімінің ішіндегі ең нәзігі-ұят. Қараңыз, жаңа ғана сүйгенімен өліп-өшіп өбіскен бикештің есін жиған сәттегі ең алғашқы әрекеті-емшегін жабу, яғни ұялу. Сонда деймін-ау, көңілдесімен одан да зорын істеген әйел кімнен ұялып жауып жатыр емшегін, бейшараның екі көзі бізді-көрермендерді тесіп барады. Құдайым-ау, оңаша бөлмеде әмпей болған әлгі екеуден басқа жан жоқ қой, ұялу да, қымсыну да түкке қажет емес бұл жерде.
Осындай көріністі талай кинодан көріп, кіжінгенім бар. Құдайға жалбарынғандар: «Біліп, білмей істеген күнәларымды кешіре көр»,-дейді. Құдіреті күшті Құдай білмей істегенді кешірер, әдебиет пен өнер білімсіздікті кешіре алмайды. Өнер иесінен түңілуге бір-ақ адамның өкінгені жетіп жатыр. Соны білсе, шіркін, біздің кейбір пақыр.
* * *
Білемін, мына әңгімем сәл жалпыламалау болды, жерге түсейік, нақтылау сөйлейік.
Кім білмейді, ән жеке, қос, үш, төрт дауыспен, хор түрінде айтылады. Басқасы басқа, әнді үш дауыспен айту жөнінде республикамызда тараздық әншілердің алдына ешкім түсе қойған жоқ, десек, артық айтқандық бола қоймас. Бір Мұхтар Рахманқұловтың өзі үш трио ұйымдастырды, үшеуі де даңққа бөленді.
Ал, қос дауысқа келгенде бұлай желпіне айлмаймыз. Ерлі-зайыпты Құдайбергеновтер, Айтбаевтар, Бейбіт пен Тоқтар, Ақбота мен Саят сахнаның сәнін келтіріп жүргелі қашан.
Рас бізде де қосылып айтатын екі әдемі әнші бар. Өкініштісі екеуі: Марғұлан мен Сұлужан ағалы-қарындасты. Жеке-жеке алғанда бұлардың екеуі де нағыз әншілер, қосылып айтқандары жараспайды. Сахнада өнерпаз жанып, ойнап тұруы, анығырақ айтқанда, артистік кейіп танытуы керек. Мұның үлгісі, біздіңше Тоқтар мен Бейбіт. Екеу ән сөзіне сәйкес сан құбылып, пішінін, көзін мың құбылтады, әнді тыңдарыңды, жоқ мына соншама жарастықты қимыл-әрекетті қызықтарыңды білмей, әркі-тәркі боласың.
Әлбетте, Сұлужанда қыз қылығы, Марғұланда жігіт жігері аз емес шығар, бірақ екеуі оларын бір-біріне көрсете алмайды. Содан да салған әндері солғын болып шығады.
Көп, өнердің басы-қасында жүрген ағайындар осыны неге білмейді екен, білсе, осы екі тамаша әншіге жұп боларлық екі әнші тауып, қосса, жөн болар еді. Әйтпесе, ибалы қарындас Сұлужан мен мейірімді аға Марғұланның өнерлері –жансыз. Екеуінің екі жерде состиып тұрып салған әні –солғын.
* * *
Қазақтың бұрынғы аталас болып ауыл-ауыл құрып отырғаны дұрыс болған екен делініп жүр кейінгі кезде. Сондағы алға тартылатыны – бір атаның балалары тату болады. Үлкенді сыйлау, кішіні жәбірлемеу ерте қалыптасады. Туысқандардың бір-біріне жаны ашиды, қуаныш-қайғыны бөліседі. Бәрі жақсы, жарастықты.
Қазір жағдай басқа, тұрғандары бір атаның балаларынан ғана тұратын ауылдар жоқ. Ауылдағылар атасы басқаларды былай қойып, ұлты өзгелермен де ми батпақ болып араласып кеткен.
Бір кездегі «кірме», «қаңғыған» деген сөздер енді айтылмайтын болды. «Қаңғыған» деген қаңқу сөздің қорлығын біздің отбасымыз бір кісідей-ақ көрген. Әкем мен өмірге келерден бір жыл бұрын, яғни 1938 жылы Шу ауданындағы «Кербұлақ» колхозына темір ұстасы болып көшіп келіпті. «Кербұлақты» мекендейтін сыйқымдар мен біздің руымыз-күнту қатар жатыр. Сөйте тұра сыйқымдар бізді қит етсек, кірме санап, «қаңғыған» күнту деп қоңаштап ала жөнелетін. Енді мұның жұрнағы да жоқ, ауыл-қырық ру. Біреуді біреу руына қарап бөтенсінбейді.
Дегенде, қанға сіңген қасиет қалай да көрініс бермей тұра алмайды екен.
Тараз қаласының 2000 жылдығы тойланған тұста мен облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы болатынмын. Газеттің мерекелік нөмірін шығару жөнінде ақжолдықтардан өзгелер үйренер үрдіс бар: ұжымның барлық мүшесі барын салады. Газеттің барша материалдары ойластырылып шебер жазылып, әсем орналастырылады, әсіресе, ішкі айқарма беттердің жөні бөлек. Бұл беттердің басына олардың бүкіл мазмұнын ашатын «шапка» деп аталатын, көбінесе ұйқасқа құрылған құрмалас сөйлем берілетін. 2000 жылдыққа арналған айқарма бетке газеттің белді журналистерінің бірі: «Таяқ ұстап келген адам тай мініп қайтатын жер» деген сөздерді жазу керектігін айтты. Бұл маған да ұнады. Қасиетті Әулиеата жеріне бұдан артық теңеу іздеудің қажеті жоқ еді. Дегенмен, менің көңілімде бір секем де болды.
Облыстың сол кездегі әкімі Серік Үмбетов Алматы облысының адамы болатын. Мынаны жазсақ, сол кісі қалай қарайды, көңіліне келмес пе екен деген ойды басқа біреуге, өзімнің орынбасарыма айтудың өзі артық, тіптен әбестік болар еді. Жоспарлау өтті, айқарма беттің «шапкасы» сол күйі берілетін болды.
Көп уақыт өткен жоқ, облыс әкімінің идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Кеңесбек Демеш телефон шалды, мерекелік тыныс-тіршілігімізді сұрады, атүсті айтқан болдым. Оным орынбасарды қанағаттандырмады, ананы-мынаны сұрай берді. Мен оның нені жауқаратып отырғанын біліп отырмын. Ол ақыры ойындағысын айтты: «Ішкі айқарма беттерге қандай шапка беріп жатырсыздар? » Мен ұйғарымымызды айттым. К.Демеш: « Оны бермей-ақ қойыңыздар»,-деді де телефонын өшірді.
Өзім де түсініп отырған жағдай. Мына сөз облыс әкімінің намысына тиіп кетер дегенді орынбасар да, мен де айта алмай, түсіністік.
Мен түсінген тағы бір жағдай – редакцияда не болып, не қойып жатқанын орынбасарға жеткізіп отыратын адам бар екен. Бұл – жаман.
Мен шығармашыл қызметкерлерді жинап алып, болған әңгімені айттым.
Мұны әкімиятқа кім жеткізіп жүр екен?-деп таңданғандар болды.
Әкімиятқа емес, Демешке жеткізген,-деп отырғандарға қарадым.
Құрысын-ай, «Ұры көті - қуыс» деген осы.
* * *
Зейнеткер адамның бір ермегі теледидар көріп, радио тыңдау. Мен көбіне радиодан берілетін халық әндері мен күйлеріне құлақ түремін.
Халық әндерінің кез-келгеніне салынып айтыла беретін жақсы бір мәтіндер бар. Соның бірі – мынау:
Бір жұлдыз бар әуеде айдан жақсы,
Бір кедей бар Арқада байдан жақсы.
Бір сөз айтсаң жаманға, қорс етеді,
Қорғасындай балқыған қайран жақсы.
Бір әнші осындағы «қорс» етеді дегенді, «былқ етпейді» деп айтты.
Аңдағанға бұл екі сөздің мағынасы екі түрлі. «Қорс» етеді мінезі жаман, шыртылдақ, «былқ етпейді»момын, жуас адамды бейнелейтін сөздер.
Осыны бір үлкен кісіге айтып едім, ол күліп алып, бір күлкі әңгіме бастады.
-Бұл әртіс те, басқалары да, халық та оны басында «қорс» етеді деп айтатын, кейін бұзылды. Себеп: қорс ететін жануар-шошқа. Ал, шошқа-орыстың малы, оның еті-атасының асы.
Шошқаны жек көру, оны қанша қорсылдаса да «қорс» етеді деп қорлау, мұны әшейін айтса, бір сәрі, әнге қосып тұқырту орысты жек көру емей, немене. Қызыл империяның қырағы идеологтары бұған қалай төзсін, бір дөкейі әншіні, оның бастығын шақырып алып, ит терілерін басына қаптайды. Содан бері мінезі жаман адам моп-момақан болып шыға келеді. Атақты әртіс бұзып айтқан ән сөзін кейінгілер еш ойланбастан қайталап жүр.
Енді не, тәуелсіздік алдық, орыстың шошқасы тұрмақ, өзіне де қарап сөйлей алатын болдық. Ал, бірақ ән сөзі сол күйінде айтылуын қояр емес.
Адам деген бір мезгіл не айтып не қойғанын білсе қайтеді?!
* * *
Жақсылық пен жамандық атаулының көрініс алуы әр қилы. Жақсылықтың аты жақсылық, оны жария етіп те, білдірмей де жасауға болады. Жақсылықтың ешкімге зияны жоқ. Ал, жамандық-басқа. Жамандық жасайтындар, меніңше екіге бөлінеді. Алғашқысы – ардың-гүрдің, ақымақ. Ақымақтың жамандығы – ашық, көп зияны да жоқ, екіншісі – зымиян, нағыз пәле әне, сол. Ал, егер ол бастық болса, Құдай ұрды, дей бергін.
Осындай бір зымиян басшының қулығына құрық бойламайтын қылығын кезінде ол билік жүргізген бір ауданның азаматтары әрі ызаланып, әрі күліп айтып отырғанын естігенім бар. Ызаланатыны – олар қулық көрген, күлетіні-пәледен құтылып, арқа-бастарының кеңігені.
Сонда зымиян басшы не істеді, дейсіздер ғой, бар болғаны өзіне бағынышты, бірақ бағынғысы келмейтін адамдардың үстінен оған бағынатын адамдарға өз атына бағыштатып арыз жаздыратын. Арыз қолына тиген бойда зымиян басшының Құдайы беретін, дереу комиссия құрып, әлгі басы асау батырды башпайының тырнағынан төбе шашына дейін тексертетін. Тексеру нәтижесін дұрыс-бұрыстығына қарамай, өзі төрағалық ететін алқа отырысына салып, жауыққан адамын айызы қанғанша езгілейтін.
Зымиян бір басына дүниедегі бар пәлекетті үйгізген бір пақырдың мәселесі қаралған отырысқа облыс басшысы қатысады. Алдымен арыз оқылады. Арыз иесі – қатардағы қызылшашы, сөз саптауы-экономистікі.
Облыс басшысы:
-Апырау, мына арыз қызылшашы жазды дейтінге келмейтін сияқты, абайлаңыздаршы,-дейді.
Жазықсыздан жапа шегіп тұрған жазған:
Ереке, мұны жазған адам-мына әкіміңіз. Бұл кісі әкімдіктің бір белді қызметкеріне жаздырып ол қызылшашыға көшіртіп алған. Арғы жағы – осы, - дейді.
Бұл қалай сонда?
Әрі қарай әңгіме қызып жүріп береді.
Енді алқа отырысына қатысып отырған зымиянның талай рет тізесі батқандар кезек-кезек сөйлеп кеп береді.
Облыс басшысы сазарған күйі отырып қалады, сол ешкімге тіс жармаған бойы аттанып кетеді.
Зымиянның қорлығын көрген жұрт: «құтылатын болдық-ау!»-деп қуанып қалады.
Шынында да, қуаныштары баянды болады, осыдан бір ай уақыт өткенде зымиян басқа ауданға басшылыққа ауыстырылады.
Мейлі, ғой, қорлық көрген жұртқа бұдан басқаның керегі не, барсын. Ал, бірақ ол барған жерін оңдыра ма, мұны енді облыс басшысы ойлауы керек еді, оның ұйғарымы осы болды. Сөз бар ма, облыс басшысы бәрін біледі, өмірде себеп те, салдар да көп, соның қайсысы әсер етті, ол жағы Ерекеңнің бір өзіне ғана аян.
* * *
Бұл күнде мерейтой көбейді. Көл-көсір дастарханға көз, көпірме сөзге құлақ үйренді. Қай асқа қасық, қай шалқымаға құлақ саларын білмей бөгіп отыратын болды жұрт мұндай тойларда. Тойлардың дастарханы айна-қатесіз ұқсас, өйткені ас бір аспаздың қолынан шығады, сөйленер сөз де біреу-ақ, аянбай мақтау, жабыны тұлпар, күйкентайды сұңқар ет, бәрекелді.
Той иесі суайт еді.
Тойшыларға бәрібір, өзіне сөз беріледі-ау дегендері айтатын тәтті лебіздерін жұптап отыр.
Тойды ашу үшін сөз той иесінің ағайын ақсақалына берілді.
Ауылдың кәдімгі қара шалы микрофонды қолына жасқана ұстап, шошыңқырап аузына жақындатты да:
Қарағым!-деді. – Сен елуге шыққанша елді алдап келіп едің, енді қоярсың. Бізге де, саған да керегі сол,-деп микрофонды той иесіне ұстата салды.
Айналайын қазақтың қара шалы, шындықты сен айтпасаң, кім айтады, мына қошаметшіл ағайыннан оны күту-күпірлік.
* * *
Кейінгі кезде мен 25 және 17 нөмерлі автобустарға жиі мінетін болып жүрмін. Бұл екеуі жүретін жолда Қонаев аялдамасы бар.
Автобустардың кондукторлары кез келген аялдамадан шыға бере келесі аялдаманың атын айтып, «...бар ма?»-деп сұрайды. Сонда кондукторлар өзіміздің қара көз бола тұра «Кунаева бар ма?»-деуден бір танбайды. Бұл - грамматикалық жағынан сауатсыздық. Біздің сауатсыз бауырларымыз орыстың «Остановка Кунаева» дегенін қазақша айтқан болып отыр. Орыстар ілік септігінде айтып отыр, олар қазақтың ұлы перзенті Қонаевтың кім екенін білмесе де ер адам екенін біледі, ал біздің білімсіздер Қонаевты, (айтуға ауыз бармайды) кімге айналдырып жібергенін білмейді.
Жарайды орыс тіліне шорқақ-ақ болайық, ал ат жалын тартып мінген қазаққа Қонаевтың кім екенін білмеу өлім емес пе?! Өлімнің көкесі!
«Театр киім ілгіштен басталады»-деген сөз тегін айтылмаған, ең бастысы, ол –театрға келген адамның мәдениеттілігін білдіреді.
Ал, қоғамдық транспорт-оны жүргізушілердің, кондукторлардың мәдениеттілігімен қоса саналылығын да білдіреді. Егер біздің автобус, троллейбустарымызда өз елін сүйетін адамдар қызмет етсе, осыдан алды он, соңы төрт-бес жыл бұрын өзгертілген көшелер атымен аталатын аялдамаларды сол бұрынғы қалпында жариялар ма еді. Білгенге аялдаманың атының өзі-патриоттық тәрбиенің көзі.
* * *
Мені, анығырақ айтқанда, менің жазғандарымды менсінбеген бір ағай:
Әй, қойшы соны, балаларға арналған шығармалар ғой,-деді әңгіме кезінде.
Балалар жазушысын, анығырақ айтқанда, балаларға арналған шығармаларды ауызға алғысыз етіп отырған адамды бірінші рет көруім еді бұл.
Мен балалар жазушысы болғанымды бақытым деп білетін едім.
Әжептеуір сөзге келдік.
Ол ағайды алған бетінен қайтару мүмкін емес еді.
Қазір де мен мына әңгімені ол үшін емес, балалар әдебиеті үшін жаным күйіп жазып отырмын.
Менің жеке шығармашылығымды кім қалай бағалайды, ол-өз еркі, ал балалар әдебиетіне бұлайша мұрын шүйіріп қарау-білімсіздік.
Небір ұлы жазушылар балаларға арнап шығарма жазуды ардақты борышым деп білген.
Адамзат көркем ойының алыбы Л.Н.Толстой «Соғыс және бейбітшілік» эпопеясын жазып, даңқы мейлінше шарықтап тұрған кезінде тұтас үш жыл бойы балалар әдебиетіне өзіндік үлесін қосумен айналысқан, «Әліппе», есеп кітаптарын, балалар түсінігіне лайықты бірнеше кітапша жазған. Сол әңгімелер көлемі, қазіргі журналистік тілмен айтқанда, 20-30-ақ жол, салмағы-зіл батпан.
Ұлы орыс сыншысы В.Г.Белинский: «... должно родиться а не сделаться детским писателем, это своего рода призвание. Тут требуется не только талант, но и своего рода гений»,-деген.
Осы екі гәпті білген адам балалар әдебиетін, оның талмай жазып келе жатқан өкілі – мені бұлайша қомсынып, көңірсімес еді.
Ақылды адам айтпақ сөзін білер еді.
Ақылсыз адам білмей сөйлеуге беріледі.
* * *
Менің «Мен – апамның баласымын», атты романым «Жұлдыз» журналында жариялануға дайындалып жатқанда Таразға қазақтың оқыған-тоқығаны көп білгір жазушыларының бірі – Төлек Тілеуханов келіпті. Жолығып, әңгімелестім.
Төлек - «Жұлдыздың» бөлім меңгерушісі, менің қолжазбамды оқып, разы болыпты. «Әсіресе итің керемет екен»,-деді Төлек. Мен білетін Төлек - сөзге жоқ, біреуді мақтау сөз аузынан шығып көрмеген жазушы.
Қатты қуандым. Енді қалай, сиясы әлі кеппеген шығармам мақталып отыр.
Шынында, мен романымда балалығымның апайтөс, алғыр тазысы қарауыз жөнінде сүйсіне жазғаным рас.
Жазушыға кім, не туралы жазу үшін көп дайындық керек. Мен де қарауыз жөнінде жазуға аз дайындалғаным жоқ. Бұл ретте білгенге үйренерлік жазушылар - Джек Лондон мен Мұхтар Әуезов. Лондонның «Ақ азуы» мен Әуезовтың «Көксерегін» оқыған адам ит туралы қалам тартудың қыр-сырына әбден қанығары аян. Бұл екі ұлы жазушыда елеулі айырмашылық бар. Лондон ит болып жазады, Әуезов ит туралы өзі баяндайды. Лондон тіптен ит туралы жалғыз «Ақ азу» емес, тағы екі роман жазған. Ол «Джерри- аралдық», «Майкл-Джерридің інісі» деген романдарында итті басты кейіпкерлері етіп ала отырып, өзі өмір сүрген қоғамның ең өзекті мәселелерін қопарып жазған. Ал, Мұхаң ойын баласы, аңғал Құрмаштың адаммен әсте достаспайтын жыртқыштың аузына түсіп қалғанын қатыгез өмірдің трагедиясына айналдырып өрнектеді ғой.
Әдебиетте бұл екі жазушыдан үйренгендер көп болды. Елікегендер емес, үйренгендер олар. Мен солардың ішінен өзіміздің Мұхтар Мағауинді ерекше атар едім. Мұхтардың «Тазының өлімі» деп аталатын хикаяты иттің көкірек көзімен қазақ өмірінің бүткіл бір аумалы-төкпелі кезеңін керемет бейнелейді.
Мен болсам, Лашыныммен байланыстыра отырып, өзім бала болған кездің, яғни өткен ғасырдың елуінші жылдарының өмір шындығын өрнектедім. Онымның енді Төлек сияқты кірпияз жазушының көңілінен шыққаны – маған қуаныш!
* * *
2007-ші жылды мен білетін адамдардың ішіндегі ең жақсы қорытындылағаны профессор Мекемтас Мырзахметов болды.
Бұл жылдың соңын ала Мәкең әдебиет пен өнер адамдарына арналған мемлекеттік стипендияны иеленді, Жамбыл облысының Құрметті азаматы атанды.
Біраз адам Мәкең ағамызды осы қуаныштарымен құттықтадық. Сөйтсек атақты ғалым стипендияға да, атаққа да өзін кімдердің ұсынып, олардың қалай беріліп жүргенін білмейді, сонша бір жарыла қуанып та отырған жоқ. Бәйгені шаппай алды деген осы-ақ болар.
Стипендияға да, Құрметті атаққа да адам талай өткелектіен өтіп барып ие болатыны екінің біріне аян. Облыстың Құрметті азаматы атағын алу үшін кейбіреулердің әліне қарамай басын тауға да, тасқа да ұрғанын көріп те, біліп те жүрміз. Ал, Мәкеңе стипендия да, атақ та өз-өзінен бұйырған.
Бұл, әрине, бір қарағанға, әйтпесе, бұл талантты, дарынды еңбекқор адамның әдебиеттану ғылымына, облыстың қоғамдық өміріне қосқан үлесі тым қомақты. Оған көрсетілген құрмет - өзі өмір бақи сарыла зертттеп, насихаттап келе жатқан ұлы ұстазы Абайдың «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген ұлғатының анықтығының айқын көрінісі.
* * *
-Өткен жаңа жылыңызбен құттықтаймын!
Қазақ радиосының адамдар бір-бірін құттықтап, музыкалы сәлем жолдап жататын бағдарламасында біреу осылай деп соқты.
Мен неге «соқты»-деп кекесінмен айтып отырмын? Себебі құттықтаушы бұл жерде Жаңа жыл деп тек 1-қаңтарды айтып отыр, біздіңше 1-қаңтар – жаңа жылдың алғашқы күні, алда оның әлі 365 күні бар, ал биыл – кәбиса жыл, ендеше ол 366-ға толады.
Әңгіме ауанымен арифметикаға түсіп кеттім, әйтпесе, менің айтпағым: адам әр сөзін абайлап сөйлеуі керек. Бір кезде «Аздан да, көптен де үнемдейік»-деген жақсы ұран болған сол сияқты, аз айт, көп айт –ойланып айт. Әр сөздің түбіне терең бойламай сөйлеу олақтық қана емес, шолақтық та. Аузына келгенді ойланбай айта салатынға күйіп кеткен қазақ: «Абайламай сөйлеген ауырмай өледі»-деп ескерткен. Абайламай сөйлегенге осыдан артық тұқырту сөз қайдан табылсын. Әр сөзді пішіп, кесіп сөйлеу-ақыл-ойдың көрінісі. Осыны білген адам сөзін түзер дегеннен басқаны айту-артық.
* * *
Ұлы Гогольге «Өлі жандар» атты теңдесі жоқ романның сюжетін ұлы Пушкин берген. Таланты жөнінде бұл екі алыпты салыстырып сөйлеу-әбестік. Әрине, Пушкин «Өлі жандарды» Гогольге өзі жаза алмайтын болғандықтан берген жоқ. Мұның себебін білмек болып басын қатырғандардың бір де бірі ешқандай анық қорытындыға келе алған жоқ, бәрінікі – жорамал. Біздіңше сол жорамалдардың ішіндегі дұрысы Ресейдің ірік-шірігін жер-жеберіне жетіп жазуға керемет улы тіл қажет болды, ол – Гоголь, Пушкин мұны білді де Гогольге қолқа салды.
Гогольдің бір ғана «Өлі жандар» емес «Ревизор» атты комедиясымен де шіріген қоғамының сілікпесін шығарғанын жақсы білеміз.
Қазақта Гоголь болса, қазір оған жазғызар тақырып, берер сюжет көбейіп тұр. Соның бірі – комиссия.
Комиссия да ревизор сияқты тексеретіндер. Гогольдің кезіндегі ревизорлар қазіргі комиссияның қасында жіп есе алмайды десе болады. Гогольдің ревизоры арбамен келсе, қазіргі комиссияның немен келетінін енді өздеріңіз білесіздер. Қалтасынан соқыр тиын шығып жатпаған соң олар ұшақтың әкесіне, вагонның тәтесіне, машинаның көкесіне мінеді, жолдың төтесімен келеді. Оны айтамыз, комиссия келеді дегенде, асырып айтқанға жарты жыл, кемітіп айтқанда бір ай бұрын әуре-сарсаң басталады. Алдымен, мекеменің есепшісі комиссия мүшелерінің мініп келетін, аттанып кететін көліктеріне жұмсалатын шығыннан бастап, жүріп-тұруы, жатуы, шайы, пайы, қойшы әйтеуір, туалетіне дейін кететін қаржыны ең жоғарғы тариф бойынша есептеп шығарып, әдемілеп компьютерге басып, екі данасын бастыққа береді. Ұмытып барады екем, мұның бәрі не үшін жасалатынын алдымен айту керек екен. Мұндағы мақсат-комиссияның бүткіл шығынын мекеме қызметкерлеріне шашып тастау. Бұл дегеніңіз – қызметкерлерден ақша жинау. Мен тегі ұмытшақпын, мекеме есепшісі де ұмытшақ, есесіне бастық перен, ол есепшінің есебіне комиссияның өзі сияқты бастығының қалтасына салатын ақшаны қосуды әсте ұмытпайды. Бұдан арғысы енді оңай, ақша жиналады, орын-орнымен жұмсалады. Мемлекеттің қара шақасы да шығын болмайды, рас қызметкерлер алғаш қыржыңдап-тыржыңдаған, қазір үйреншікті жай болып кеткен. Комиссияның бір емес, мыңы келсін, бәрібір, бәрі селт етуді ұмытқан, тізімге қол қойып қарап отырады.
Мұны қалай түсінуге болады сонда? Кешегі өзіміз жатып кеп күстаналайтын коммунистер үстемдік еткен заманада мұның біреуі де жоқ болатын. Іссапарға шыққан адамға жол ақысы, тәуліктік шығыны, жамбас пұлы төленетін. Сонымен бітті, іссапарға шыққан адам барған жерінде бетегеден биік, жусаннан аласа болып жүріп, қайтатын, әрине, пір атқандар да болады, ондайлардың үстінен арыз түсіп, талқыланып, жөнге салынатын. Мемлекетіміз, оның әрбір мүшесі тәуелсіздік алып, айтқанның құшырын қандыратын, естігеннің аузының суы құритын заман орнатамыз деп жатқандағы кейпіміз мынау.
Елбасымыз мұның бәрін түбірімен жою қажеттігін әлденеше рет қадап айтып-ақ келеді, тіптен шенеуніктердің іссапарға орынсыз көп шығатындарының жазаланғандары да бар. Жоғары лауазымды қызметкерлердің іссапарды сылтауратып, бұрынғы бауыр басып қалған қаласы Алматыға барғыштап жүргендері де сын тезіне алынғаны белгілі.
Сонда қалай, біздің ләпбай шенеуніктеріміз жөнді-жөнсіз келген комиссияға бағыныштыларын майшелпек қылып қойып отыра бермек пе.
КЕзінде біз де – талай космиссия құрамында болғанбыз, қанша комиссия бізді де тексерген, мұндай сұмдықты көрген емеспіз. Коммунистік билік белең алған кезеңде комиссия дегеніңіздің жұмысы-белгілі бір мәселе бойынша тексеру, бар мен жоқты анықтау болатын. Тексерілген мекемеде, әрине, кемшілік болады, бірақ, олардың басшылары ол үшін қазіргідей пұшайман болмайтын. Қорытындысын естірткен жиында мекеме басшылары мұны атап айтып, тексерушілерге шексіз ризашылығын білдіретін.
Қазіргіміз қай жосық?
* * *
Еліміз парламенттік-президенттік билік жүйесіне көшіп, бұл бағытта айтарлықтай тындырымды жұмыстар атқарылып жатыр. Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың сара саясаты бұл демократиялық таңдаудың да ойдағыдай жүзеге асатынына еш күмән туғызбасқа керек. Басқарудың бұл түрі бойынша ендігі жерде Үкіметті Парламент жасақтайтын болады.
Бұл үрдістің желі жергілікті жерге де жетті. Ендігі жерде барлық деңгейдегі әкімдерді облыс әкімі сол деңгейдегі депутаттар қарауына ұсынып, солар бекітетін болды. Мұның бұрын қолынан түк келмейтін депутаттардың статусын көтеретіні өзінен-өзі түсінікті. Алайда, әбден қауқарсыз болып үйреніп қалған депутаттар еңсе көтеруге бейімсіз екен. Олай дейтініміз өткен жылдың соңын ала облыста біраз әкімдердің ендеп орын алмастырулары болды. Неге екенін, Т.Рысқұлов ауданының әкімі Б.Нүркенов айдың-күннің аманында өз өтінішімен өз қызметінен босады. Бұл енді әріден қолданылып, өзін-өзі әбден ақтап келе жатқан әдіс, кінәсі басынан ассын, тек кісі өлтірмесе болды, шенеунік атаулы өз өтінішімен босанады.
Б.Нүркеновтің бұл әрекеті облыс әкіміне бірнеше аудандардың әкімдерін әскер тілімен айтқанда рекогносцировка жасауға мүмкіндік берді. Тиісінше, Байзақ, Мойынқұм, Талас аудандарының әкімдері А.Нұралиев, О.Жиенқұлов, Б.Құлекеев, тиісінше, Т.Рысқұлов, Талас, Байзақ аудандарына әкім болды. Сөз бар ма, олардың үшеуі де белгілі азаматтар, әкімдік қызметтің қыр-сырына әбден қанық шенеуніктер. Алайда, олар өздерін біркісідей қолдап дауыс берген депутаттардың бірен-саранына ғана таныс. Сонда деймін-ау, депутаттар өз аудандарының келешегін танымайтындарға тапсырғанадары ма? Бұл – бұлтақтамай, турасын айтқанда, депутаттардың аяғын өмір ағымына сай баса алмай отырғанының нақ өзі.
Конституция берген құқықты пайдалана алмаудың осыдан артық мысалын қайдан табарсың?!
* * *
Өткен жылдың күзінде өзім туып, өскен Шу ауданына жолым түсті. Шуда менімен емшектес үш қарындасым, олардың үйлі-баранды болған бала-шағалары, яғни жиендерім тұрады.
Әке-шешемнің кенжесі іспетті болып өскен жиен қарындасымның үйінде қонып отырғанмын, ол үйде ағасының қызы Ақерке жүр екен, бетінен сүйдім. Әңгімеден әңгіме шығып отырып, Ақеркенің аудан орталығындағы орта мектептің жоғары сыныбында оқитыны айтылып қалды. Жиен қызым екеуміздің арамызда төмендегідей әңгіме өрбіді.
Не, «Коммунизмде» орта мектеп жоқ па?
Ой, аға «Коммунизм» қалғалы қашан, қазір ол Ақтөбе ауылы аталады. Әдемі орта мектеп тар, бірақ жоғарғы сыныптар жоқтың қасы. Ел ертең тестілеуден өтпей қалады деп жоғарғы сыныптардағы балаларын өстіп жан-жақта, қалада, аудан орталығында оқытуға мәжбүр болып отыр. Әр сыныпта басқа жақта оқуға мүмкіндігі жоқ бес-алты бала қалған.
Қызық екен! Сонда ол мектептің мұғалімдері нашар болғаны ма?
Сөзге Ақерке араласты:
Жоқ, аға. Біздің апайларымыз бен ағайларымыз жақсы. Оқулық жоқ, үш-төрт балаға бір кітаптан, қайтіп оқытсын?
Осы аз ғана әңгіме мені көп ойға жетеледі.
Мынау – масқара!
Әр ауылда «Бар жақсымыз – балаларға!» деген комиунистік ұранның мүлтіксіз жүзеге асқанының белгісіндей болған ең әдемі ғимарат-мектептер тұрып, жұрт балаларын тентіретуге мәжбүр болған. Мектептегі оқудың жартысынан астамын бөтен үйде жүріп оқыған малшының баласы- мен мұны жақсы білемін, бұл тірлік тентіреумен бірдей. Үй иелерінің, мейлі олар жақын туысқандары болсын, қабағына қарау баланы жастайынан жалтақ, жарымжан етеді. Өзегің талып оқудан келгенде бір жапырақ нанға еркін қол соза алмайтыныңнан асқан қорлық бар ма?!
Ана бір Колбинді тұлға тұтқан жылдары кейбір сыңарезулер Қонаевтың кезінде Қазақстанда мектептер саны пәленге азайып кетті деп соқты. Сонда сол шіркіндердің Қазақстанда жүргізілген ұжымшаларды ірілендірумен бірге бұрынғы кішігірім мектептердің де жабылып, есесіне ірілендірілгенін білмегені таңдандырады. Айталық, 1958 жылы біз онжылдықты бітіргенде бүкіл Шу ауданында Шу қаласын қосқанда орта мектептерді санауға бір қолдың саусағы көптік ететін. Қазір әр ауылда Қонаев салдырған орта мектеп бар. Ал, енді соларды ұқсатып пайдалана алмау кімге сын? Жергілікті баспасөзде жарияланған облыс әкімі есебінің «Білім беру» тармағын оқысаңыз, бұл саладағы ересен жетістіктерге басыңыз айналады. Бәрі рас, біздің мемлекетіміз оның басшысы Н.Ә.Назарбаев мектептер мен мектеп жасына дейінгі балалар мекемелерінің жүйесін арттыру, олардағы оқыту мен тәрбиелеуді осы заманғы материалдық-техникалық құрал-жабдықтардың ең озық үлгілері негізінде жүргізуге шексіз қамқорлық көрсетіп отыр. Осыған орай облыста атқарылған игі шаралар шоғыры жетерлік. Сонда мен өзім бір кейіпкері болған жоғарыдағы әңгімені қайттік?
Ептеп сұрастырып көрсем, бұл жалғыз Шу ауданында емес, барлық ауданда көзге көп еленбей белең алып бара жатқан жайт екен. Тұрар Рысқұлов ауданындағы Көкдөнен, Жамбыл ауылдарындағы орта мектептер де жаңа оқу жылының басында біраз оқушылары сапалы білім іздеп ыдырап кеткендіктен біраз әуре-сарсаңға түсіпті. Ондағысы – оқушы санын толтыру үшін жан-жақтан бала іздеп тауып, оқуға тартқан.
Осыларды біле келе үлкен проблеманың шаужайынан ұстағанымды білдім. Мұны, әлбетте, жергілікті білім беру органдары біледі, бірақ жария ете алмайды, өйткені өздері жауап берулері керек. Ал, бұл проблеманы шешудің жолы, біздіңше, анау айтқан қиын емес. Ол үшін мектептердегі білім беру сапасын арттыру қажет, содан соң оқытудың құрал-жабдықтарын жықсылап сайлау, бір кітапты үш-төрт бала әрі тарт-бері тарт етіп жүргенді құрту керек. Ең бастысы – «Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» деген ұзын арқау, кең тұсау психологияны да, орынсыз шамшылдықты да қойып, барлық жердегі істің жайын анықтау қажет. Арғы жағы, әрине, шара қолдану.
Барлық жерде оқытудың озық үлгілері – компьютер, интерактивтік оқу өмірге еніп жатқанда ауыл мектептерінде оқулықтың жетпеуі неткен қарама-қайшылық. Оқулық қара базарда қаптап тұрады, мектептерде жоқ. Бұл – түсініксіз жәйт. Мұның түп-төркіні- күмән.
Ұзын сөздің қысқасы ауыл балаларының оқуы мен тәрбиесіне мықтап көңіл бөлмей болмайтын дәрежеге жетіппіз. Өкінішті-ақ!
* * *
Қазақ – керемет нәзік халық. «Достың көңілі бір атым насыбайдан қалады» деген тұжырымды қазақтан басқа халық жасай алар ма екен? Қайдам? Досқа қазақ қоң етіп кесіп беруге әзір. Қараңыз, замана ағымымен бүгінде шылым тартып, арақ ішетін болған қазақ бір кезде осылардың ағайыны насыбайды ауызға алғысыз у, лас зат санаған. Міне, сол кезде сол түкке тұрғысыз заттың өзін әуестікпен сұраған адамы бермей қойса, соған да өкпелеген ғой қайран ақкөңіл ағамыз. Содан барып кісінің көңілін қалдырмау керек деген үлкен ой айтылған. Онсыз көңіл орнына түспейтінін сұмдық тап басып айтқан. Сұмдық дейтінім соншама жиіркенішті заттың өзіне көңілі қалған адам неткен нәзік, жаны жараланғыш. Мұндай адамнан ешқашан жамандық шықпайды.
Айналайын қазағым ақыл айтуды білген. Ноқай: «Өй, кісінің көңілін қалдыруға болмайды»-деп дүңк ете қалар еді, ал біздің ойға жүйрік, сөзге шешен ағамыз шендеспейтін ұғымдардың өзін қиюластырып, қандай әдемі образды ой айтқан.
* * *
Мінездің бір жаманы кекшілдік. Бұл жаман әдеттен аулақ бол дегенді біздің қазақ «Жақсының кегі жібек орамал кепкенше, жаманның кегі басы көрге жеткенше» деп мінеп-шенеп тұқыртқан. Түу, неткен тапқырлық! Дүниеде үлбіреген шай орамалдан жылдам кебетін зат бола қоймас. Кектің соңы сойқан екенін, шұғыл табыспаса болмайтынын осыдан тез қазақы уақыт өлшемімен өрнектеу мүмкін емес тіптен.
Айналайын қазағымның қай тапқырлығына таңданарсың. Тек Абайша «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» деу ғана керек.
* * *
Кербұлақ – менің туған жерім. «Мен – апамның баласымын» атты романымда Кербұлақ жөніде кең толғап жазғанмын. Шу аудандық мәдениет үйінде өткен романымның тұсаукесерінде осы Кербұлақтың ойы мен қырын көп шарлаған қойшының баласы, зерделі азамат Жақан Қожағұлов: «Біздің Кербұлақты білеміз дегеніміз бекер екен, нағыз білетін адам Әлдекең екен»,-деді.
Мен қатты толқыдым. Неге? Кербұлақ – қазір иесіз қалған өлке. Біздің бала күнімде Кербұлақ тауын қақ жарып ағатын осы аттас өзеннің күнгей беіт ұзыннан ұзақ салынған шатырсыз жаппа тамдар болушы еді. Осы тізілген тамдарда сонау басы Барлыбайдан анау аяғы Бөкейге дейін екі кеңшар – «Кербұлақ» пен «Қарауылтөбенің» адамдары өсіп-өніп, еңбеккерлер егін егіп, мал бағып жататын.
Сол сүттей ұйып отырған ел 1949 жылдың ерте көктемінде Шу бойына күштем көшірілді. Ата мекендерінен қоныс аударғылары келмегендерді тыңдаған белсенді болған жоқ. Бала болсақ та біліп қалғанбыз, кейбір қариялар қатты қиналды. Кенбай дейтін ақсақал Кербұлақтың бір уыс топырағын дорбаға салып алып: «Өлсем, көріме салыңдар»-деп егіліп жылаған. Бұған аяныш білдіргендер де, күлгендер де болды. Аяйтыны – ақсақал шынында да өлім халінде еді, күлетіні – Шу дегеніңіз мына тұрған жер.
Таулықтар ойға жер аударылып емес, шаруа қамымен көшіріліп еді. Шу бойының суармалы құнарлы жеріне қызылша деп аталатын өнімі тәтті, еңбегі қатты техникалық дақыл егіле бастаған. Көзіміз көрді ғой, ол кезде техника жоқ, барлық жұмыс қол күшімен атқарылатын. Қызылша плантациясында ауылдың барлық ақжаулықты аналары алты ай жазға күнге күйіп, күзгі жиын-терін кезінде суыққа тоңып жүрер еді. Есесіне уыс-уыс ақша тауып, қап-қап қант алатын.
Ал Кербұлақ болса, елсіз-күнсіз қалған жоқ, жыра-жықпылдары қыстау, жотасы жайлау болып, төрт түлік малға толған. Міне, енді социалистік меншіктің ту-талақайы шығып, іске жарардың бәрін қолы ұзындар талапайға салған сойқан Кербұлақты да айналып өтпепті. Отар-отар қой мен үйір-үйір жылқыдан тігерге тұяқ қалмаған. Сонау 1949 жылы елін көшіргенімен малы, оны бағатын адамы қалған, қысы-жазы малшылардың қамын жасауға жегілген адамдар бригада-бригада болып қаптап жүретін Кербұлақ енді қу-медиен өлкеге айналған. Оның жыра-жырасындағы жалғыз аяқ соқпақ жолдар түгілі өзенді бойлап көсілііп жататын күре жолының өзіне шөп шығып кетіпті.
...Әне бір жылы осы Кербұлақтың баласы, марқұм жазушы Қарауылбек Қазиевтің туылғанына алпыс жыл толуын атап өтуге келген құдасы, шымкенттік ақын Шалқар Әбішев: «Қарауылбектің туған жерін көрсетіңдер»,-деген тілек айтты. Оны біз ҚазМУУ-дің бесінші курсында оқып жүргенде «Ақ бантик» әңгімесін Қарауылбекпен жарысып жазған Ерғали Ахметов те қостады.
Кербұлақты көрмегелі талай жыл өткен.
Ана бір жылы бала күнгі досым Әлібек екеуміз Кербұлақтың басынан түсіп, аяғынан шыққанбыз. Марқұм болып кеткен қайран Әлібек дос мені кіндік қаным тамған, бүгінде жұрнағы да жоқ үйдің орны, «Ауна»-деп қалың шөп тұнып тұрған жерді көрсетті.
Өзім де біліп тұрмын, бұл – біздің отбасмыз қаншама жыл бақытты өмір өткізген қоржын тамның орны. Ұйысқан шөп үстіне жата кетіп аунадым. Ішім елжіреп, көңілім әлейім-жәлейім болды.
О, туған жер! Кербұлақ! Сен мені дүниедегі ең қамқор, ең әділ әкенің, ең аяулы, ең әдемі ананың ұлы етіп өмір есігін аштырып, ең мейірімді, ең ақылды әженің бауырында өсірдің.
Кербұлақ! Сенде әлемнің барлық пұшпағында бар ғажаптың, хайуанаттың шөп-құрайдың, тал-дарақтың бәрі бар. Терең сайларың, тау-тасың, құз-қияң, маған әжеленген, әке-шешемнен әкем тәрбие берген жоқ. Қуаныш-қайғы, үрей-қорқыныш, жақсы көру-жек көру, жалпы адамзатқа тән қасиеттің бәрін сен ұялаттың бойыма. Жер басып, тау асып жүруді де сен үйреттің. Асып-тасуды білмейтін момын болмысым – сенің мінезің, Кербұлақ. Ешкімге есе жібермейтін қайсар қалпымды сен, сенің өркеш-өркеш тауларың қалыптастырған.
Мына мен аунап жатқан жұрнағы да жоқ үйдің алдындағы ана тұста – Қалдыбайдың құйында ауыл балалары ерсілі-қарсылы құлаш ұрып шомылғанымыз қандай еді! Кейін Шу өзенінде балықтай жүзгенім, Есіл, Ертіс өзендерінде, Арал, Қара теңіздерде, Атлант мұхитында көсіле малтығаным сен берген сабақтың арқасы еді, Кербұлақ!
Түбі тұңғиық терең, беті бүлк етпейтін тұнық құй, мен саған ұқсаспын. Мұны біреу білер, біреу білмес, ал өзіме аян.
* * *
Кербұлақ емгіп тұр екен. Тауы, ой-қыраты, сай-саласы белуардан көк майса. Шалқардың «Джипа» саздау жерде ну қорысқа еніп кетіп қырлау жерге төсінен алатын қалың шөпті тіліп келеді.
...Қарауылбектің әкесі Қазы қойшы екен.
Қарауылбек «Кербұлақ» ұжымшарының ең аяқты далауыздағы Естембет деген жердегі қой қорасында туған.
Келсек, Қарауылбек туған үйдің де, қой қораның орнын да қалың шөп басқан.
Бұл жолы бізді бастап келген құрдастарымыз Әділхан:
Жігіттер, осы енді Қарауылбек туған үйдің орны. Одан бері көп жыл өтті ғой, ізі де жоқ,-деді.
Қарауылбектің құдасы Шалқар да, досы Ерғали да ләм-мим демеді. Екеуі Қарауылбек екеуміз туған үйді көреміз деп көңілдері өсіп келіп еді, орны да жоқ, елсіз-күнсіз айдалаға келгендей болып қайтып келеді.
Менің де көңілім пәс тартты.
Кербұлақтың басына қарадым.
Алып Ақ ордадай болып, басын күн сүйген Шатыр-төбе тұр жарықтық. Одан бері қарай Кербұлақ өзенінің екі қапталында жусап жатқан алып ірі қара тәрізді төбелер жыпырлайды. Әлбетте, әлемдегі ең суық, ең мөлдір сулы Кербұлақ өзені жатыр, бір жерде кең жайылып, бір жерде сылдырап, бір жерде сарқырап ағып.
Осы- біз – туған жер,- дедім мен серіктеріме.
Әсем жер екен,- деді Шалқар.
Бәсе, Қарауылбек екеуіңнің жазушы болатындарыңдай бар екен. Ғажап өлке екен мына Кербұлақ,- деді Ерғали.
Ерғали біледі, ол- тау баласы, Алатаудың баурайында өскен. Кербұлақ – Алатаудың бір сілемі.
Мынадай құйқалы өңірден елді неге көшірген? –деп таңданды Шалқар.
Әділхан екеуміз жарыса, жоғарыдағы жайды айттық.
... Мейлі, елі көшіп кеткенімен, туған жер ыстық адамға. Кербұлаққа әр соққан сайын, бір кітап оқығандай боламын. Кербұлақтың әр тұтам жерінде менің балалығымның естен кетпес көріністері тұнып жатыр. Шетінен кіріп, «Мен – апамның баласымын» романымды жаздым.
Кербұлақ – ол мен өмір бойы қаузайтын тақырып. Дүниедегі ең етене, біте қайнасып кеткен адамдар – осы Кербұлақтың адамдары. Жаһандағы ең сұлу, ыстық әлем - Кербұлақ әлемі. Оның бәрін айтып, жазып тауысу мүмкін емес.
Жазушы қаншама жерден талантты, әлеуетті болсын, өмірдегі өзіндей етіп өрнектей алмайды. Жазушының тірлігі, бейнелеп айтқанда өмірдің көркем көшірмесін жасау. Ал, көшірме түпнұсқа емес. Кербұлақ ол менің балалық, балаң шағымның түпнұсқасы. Мен оны ешуақыт айналып өте алмаймын, қайрылып соға беремін. Кербұлақ – ол менің қуатым. Кербұлақты әр көрген сайын бір жасап, жасарып қаламын. Сөйте берсем екен!
Шулықтар маған қолқа салады: «Туған жеріңіздің қазіргі тыныс-тіршілігі туралы кітап жазсаңызшы»,-деп.
Мен ойланып қаламын, көз алдыма Кербұлақ келеді. Кербұлақта көрген, өзім бастан кешірген оқиғалар анталайды.
Ешуақыт көзден де, көңілден де кетпес кең өлке, ешқашан жазып тауыса алмас мол тақырыпсың сен, Кербұлақ!
Сен туған жерсің!
Сенің қазіргі тыныс-тіршілігің маған беймәлім, бүгінгі ұрпағың – жат. Мен оларды жаза алмаспын.
Жазушы өзі бүге-жігесіне дейін білетін жайды жазады. Егер Мұхтар Әуезов Абай елінде туып өспесе, «Абай жолы» романын жаза алмаған болар еді. Алып жазушының өзінің қыр-сырына қанық емес, өмірді – «Өскен өркенді» келістіріп жаза алмауының сыры, меніңше, осы.
Ұлы Мұхтар Әуезовтің қасында біз кімбіз, тәйірі!
* * *
Бастықтар, тегі, қазіргі ию-қию заманда ғана емес, ел бала сияқты момақан сол кездің өзінде де қу болған. Олай дейтінім, өмір көрсетті ғой. Кербұлақ елін Шу бойына көшіргенде қызылшаның жұмысына жарамайтын кемпір-шалдарды көш деп қинаған жоқ, асырап-сақтары, мияты жоқтарын жұртқа тастап кетті.
Сондай қорғансыздың бірі – Ахметжан қария еді.
Ол кісінің үйі бұрын ауылдың бас жағында болатын. Осы жерде мына бір нәрсені айтуға керек: ауыл үйлері Кербұлақ өзенінің күнгей бетіне тау етегін жағалай салынған. Ауылдың барлық үйінің есігі күнге, яғни өзенге қараған, арты тау жағында. Менің ауыл алды, арты, ауылдың жоғарғы, аяқ жағы деп жазатыным сондықтан. Бір редактордың менің «ауылдың алды» дегенімді «жаны» деп өзгерткені бар. Ал ендігі бір редакторға «Жайсаң жотасы» деген сөз ұнамады. «Жота деген не сұмдық? Жердің жотасы болушы ма еді?» -деп кекетті. Жазық жерде, қара судың жағасында өскен балаға «ауылдың алды, арты» жоқ, жота тек адамда, жан-жануарда, балықта болады.
Тау баласы маған жақсы мәлім, таудың етегі, ортан белі, басы, төбесі, жотасы болады. Жайсаң – алып жота, жазира жайлау.
Ахметжан қарияға оралайын.
Өз үйі оқшаулау жалғыз қалған соң ол кісі біздің үйдің жанындағы шіңкілдек Еркештің кішкентай үйіне көшіп келіп кірді.
Екі үйдің есігінің алды көлемі әжептеуір дөп-дөңгелек айтақыр еді. Күнде кешке қарай оны біздің үйдің балалар жағы сыпырып, тазалап, су сеуіп қоятынбыз, Ахметжан атайдікі көшіп келгелі бұл шаруамызға түбегейлі өзгеріс енді. Айтақырды Ахметжан атай тазалап қоятын болды, біздің еншімізге өзеннен шелектеп су әкеліп себу ғана қалды.
Ахметжан атайдың ауланы тазалағаны таңданарлық еді. Қолына жалғыз шыбық алып, сонымен жерде жатқан шөп-шаламды біртіндеп ілгері қарай түре түртіп отыратын. Содан бесін әлетінде бастаған бұл жұмысын, ешқандай асығыс-үсігіс жоқ, бабымен намыздыгер болғанда бір-ақ тәмамдайтын. Бұл екі арада Ахметжан атай, мейлі, тіптен, ауыл көшіп жатсын, алаңдамайтын. Атай жұмысын әбден бітіріп барып, артына бұрылып айтақырдың әр тұтамына дейін ақырын көз жіберіп шолып шығар еді. Сонда көзіне көлденең жатқан қылпық шалынса, ерінбей барып еңкейіп алып, айтақырдың шетіне апарып тастайтын да үн-түнсіз бізге қарайтын.
Біз, балалар, түсіне қоямыз: ендігі кезек-біздікі. Бәріміз жалма-жан ың-дыңсыз жабылып, біреулеріміз өзеннен шелекпен су әкеліп, біреулеріміз балақты түріп тастап оны шашып, айтақырды текпілесең шаң шықпайтын етеміз.
Ахметжан атайдың бұл тірлігінің байыбына ешкім барып көрген емес, ол неге керек, кешке қарай есіктің алды тап-таза, су себіліп, салқын ауа себелеп тұрса, жетіп жатыр емес пе.
Қазір ойлаймын: осы бір кішкентай ғана тірлігімен бізге үлкен өнеге көрсетіп кетен екен жарықтық. Ол өнегенің аты – туған жерді сүйіп, аялау, қолға алған ісіңді жалықпай, жалқауланбай атқару.
Бала қит етсе, әдеп ақыл айта жөнелетін қазіргі қарттардан үндемей, ісімен өнеге көрсеткен сол Ахметжан атайлар қасиетті-ау! Күмән жоқ, солай.
* * *
Көктемнің келгенін біреу малмен, біреу құспен, біреу өсімдікпен байланыстырады. Біздің жақта көктемді көкектің келуімен орайластырады.
Кербұлаққа көкек жыл құстарының ішіндегі алғашқыларының бірі болып келеді. Көкектің «көкек!»-деген дауысы естілді болды күн жылып, сай-сайға тығылған сүр қар еріп, жылға-жылғаның табаны суға толатын. Кербұлақ өзені тасып, өткел бермей адамдар ар жақ – бер жақ болып қалатын.
Көкекті жексұрын қылып көрсететін бір сөз бар, ол - «көкек өз атын өзі шақырады». Адамды жетесіздіктен, мақтаншақтықтан сақтандыруға бұдан артық тұспал сөз табу қиын. Әлбетте, көкектің өз атын өзі шақырғаны әбес-ақ. Ал, енді осы керемет еңбекқор, әдемі құсты «өзі жұмыртқа баспайды, балапаны асырамайды,» деу- өтірік.
Осы сөзді естігенде менің көз алдыма Кербұлаққа ерте келетін көкек, өзімен бірге көктемді ала келгенін «көктем» деп жариялап жүрген бір сүйем ұзын тұмсық, қаламсап іспетті айдары бар, сарала құс елестейді.
Кербұлақтың аң-құсының арасында өскен мен көкектің таңның атысынан күннің батысына дейінгі барша тірлігіне жақсы қанықпын. Көкек ұясын ескі тас қоралардың саңлауларына салады. Ол көкек айында төрт-бес жұмыртқа туып, соларды мекиені басады. Балапан шығарған соң көкектің мекиені мен қоразы бір тынбай, маңайдың шегірткесін баудай түсіріп, балапандарына тасиды да жүреді. Көкектің басқа құстың ұясына жұмыртқасын салып жүрген зымияндығын мен ғана емес, бүкіл Кербұлақта жан адам көрген де, білген де емес.
«Өмірде жақсы көп пе, жаман көп пе?»-деген сұрақтың жауабы – жаман көп.
Жаратушы иеміз - әділ, жақсы мен жаманды теңдей етіп жаратпақ болып, «Жақсы»,-деп жақсыны, «Жаман»,-деп жаманды жаратып, арасында жаңылысып, «Жаман-жаман»-деп қалатын көрінеді. Өмірде жақсыдан жаманның көптігі содан деседі.
Жақсыдан жақсылық, жаманнан жамандық шығады. Олай болса, тірлікте, жақсылықтан жамандық көп, жақсылықтың рақатын көргендер жамандықтың зардабын тартқандардан аз.
Мына елеусіз жерге ұя салып, жұмыртқалап, балапан шығарып, олары қара қанат болғанша асырайтын көкек - жамандықтан зәбір көріп жүрген құс.
Зерделі оқырман, естігенге емес, көргенге сенген мақұл.
Ендеше, мен – көкектің өзін де, балапанын да қолыма ұстап көрген адаммын, сеніңіздер, көкек – жұмыртқасын да, балапанын да өзінен басқа құстың қанатының астына салып, тұмсығымен түрткізбеген құс.
Дүниедегі қатыгездіктің көкесі - өз перзентінен безіну, осындай оңбаған қыздарды жұрт қазір көкекке теңейтін болып алған. Шындығында, ол қыздар көкек емес. Көкек ол қыздар емес. Көкек – балапаны үшін жанын пида етуден тайынбайтын құс. Оны көзім көрген.
Елі көшкен ескі үйлер мен қораларда құстар ғана емес, құрт-құмырсқа, шыбын-шіркей, жылан жыртылып айырылатын. Жыл жылжып жүріп құстардың балапанын қанғыта беретін.
Ешқандай құс, тіптен кішкентай шымшыққа дейін балапанын жыланға оңайлықпен жегізе салмайтын, аянбай айқасқа түсетін, балапаны үшін өз жанын пида ететіндері аз болмайтын.
Бірде ескі қора тұсынан өтіп бара жатып, көкектің кіш-кіш еткен мазасыз үнін, қанатының тез-тез пырылдағанын естідім. Қораның арғы бұрышында көкектің ұясы барын көріп жүретінмін. Солай қарай ентелей бастым, бұрышты айнала бере көрдім: басын қақшитып алған ұзын қара шұбар жылан жатыр тілі сумаңдап. Мына сұсты пәленің дәл тұмсығының алдында бүкіл қауырсын қанаты дүрдиіп, айдары адырайып айбат шашып көкек отыр. Жыланның көзін тайдыра бергені сол екен, көкек дәл төбесінен шоқып-шоқып қалды. Жылан есеңгіреп, зорға жылжып барып, қалың шөптің арасына кіріп кетті.
Көкек «Кіш-кіш»-деп, айдарын селкілдетіп, құйрығы мен қанатын тарқатып жиып, тарқатып жиып, ұясына қарай ұша жөнелді.
Мен көкектің балапанына жыланды маңайлатпайтынына көзім анық жетіп, қуанып тұрып қалдым.
Мен білетін көкек – осындай құс.
Ал, енді ана ағаш атқа мінгізіліп, жексұрын қылықтар таңылып жүрген көкек-басқа.
Ол – «Ку-ку»-деген үн шығаратын айдары жоқ, жабайы кептер тәрізді көксұр құс. Ондай көкек біздің жақта жоқ.
«Қазақ тілінің сөздігінде жазылғанындай, біздің көкек «Тұмсығы мен қанаты ұзын, тікше біткен айдары бар сарала түсті құс». Мүмкін бұл ана албасты көкек мекендейтін жақта жоқ шығар.
Біздің көкегіміздің «Көкек», деп аз атын өзі атағаннан басқа айыбы жоқ. Құстың тілін кім біліпті, мүмкін, біздің көкек: «Көктем!»-деп қуанатын шығар, не десек те көкек – еш зияны жоқ құс.
Осыны біле жүргей, оқыған жұрт.
* * *
Ұлы Пушкин өзі туралы толтырған анкетаға туған жылы мен айын жазып, «Өмірбаяным өлеңімде» деген.
Ақын туралы небір әдемі сөзді ақындардың өзі де, өзге де айтқан, бірақ Пушкиннің мына сөзі бәрінен қарапайым, шындық.
Ұлы адам, ұлы шығарма қарапайым болады.
Абайдың, Әуезовтің, Мұқановтың, Мүсіреповтің шығармалары оқыған адамның көңіліне бірден қонады. Неге? Олар – ұлылар, ұлылар шығармаларын қалың халыққа арнап қарапайым етіп, сонымен бірге шындықты жазған. Шындық пен қарапайымдылық егіз, шындық қашан да шындық, ал қарапайымдылықты қарабайырлық дей көрмеңіз, ұғынықтылық деңіз.
Бізде бір жазушылар бар, одан-бұдан оқығанына еліктеп, ой бір бұрқыратып жазады дейсің. Өз басым соларға тамсанып отырғандарды көргенде жүдеп қаламын. Менің қастер тұтатындарым-өз топырағымыздан жаралған жоғарыда аттары аталған алыптар, жете алмай келе жатқан нысанам да солар. Олардың жеткен биігі - біз сияқты пақырлар ұшып та, өрмелеп те жете алмас мұзтау.
Ақынға қайта оралайық. Пушкиннің «Өмірбаяным өлеңімде»-дегенін кең мағынада түсінген мақұл. Анығында, өлең-ақынның болмысы. Ақын өз арман-аңсарын, қуаныш-қайғысын, ысып-суынғанын, биіктегенін-жер болғанын жазады. Ақын жазған жайлар – бүкіл адамзатқа тән, етене жақын, әркім олардан өзін көргендей болады. Ақын деп сондай көптің көкейіненен шығатын, әркімнің көңіл пернесін дөп басатын өлең жазған адамды айтсақ керек.
Мен көптен білетін бір ақын бар, өзі білімсіз, бәдік, жұқсыз, дәңкеуде, мақтаншақ, бір сөзбен айтқанда, Құдай сүйер қылығы жоқ, сөйте тұра дана, пәк, өресі биік, ақ, адал адамның сөзін айтқан болады, бірақ ұқсата алмайды. Асыл қасиет қанында болмаған соң қағазға түспейді, жазғаны жаман еліктеу болып шығады.
Жаратушы иеміз адамға өмірді ғана емес, өнерді де ??? берген. Өзінде бардың бағасына жету – жетелілік, асыра сілтеу - әулекілік. Мен пәлсапа соқпақ болып әуреленіп қайтейін, «Әлін білмеген - әлек» деген ғой халық ондайларға. «Қысқа да нұсқа» деген осы болар.
* * *
Облыстық партия комитеті насихат және үгіт бөлімінің дайындаған адамдары өң партия ұйымдарының хатшылары, насихатшылары екен, Құрекең облыстық партия комитетінің хатшысы Ғайникен Айдарханқызы Бибатыроваға бір нәрселерді сыбырлап айтып жатты.
Ғайникен Айдарханқызы – ысылған партия қызметкері, Құрекеңнің айтқанына мақұл болып жымиып бас изеп қойды.
Мінбердегі шешен сөзін тамамдап, орнына қарай қошуақ көңілмен маңғаз басып бара жатты.
Әр жерден бір шапалақ естілді.
- Журналдың бас редакторы Құрманбек Сағындықович бір еңбек адамының сөйлегені жөн болар еді, деп отыр. Құрекең ағамыздың мұнысы өте орынды. Біздің жігіттер мұны ескермепті. Өкінішті-ақ! Ал, қане, бұл олқылықтың орнын қайсыларыңыз толтырасыздар? Сартай Есімханович, Сіз сөйлеңіз, - деп Бибатырова Есімхановқа қарады.
Сартай Есімханов сөзге келмей, мінберді бетке алды.
- Коммунист жолдастар, мен өзі бұл журналды оқымаймын. Сонда да сөйлейін. Не айтсам екен? Осында талай адам сөйледі, бәрін айтты. Сол жетеді енді. Маған айтатын түк қалдырған жоқ. Мейлі, мен оларға сонда да разымын, - деп Сәкең залға қарады.
Жұрт ду қол шапалақтап жіберді.
Сәкең:
- Жақсы! – деді де мінберден шапшаң түсіп, орнына қарай тез-тез басып бара жатты.
Құрманбек Сағындықовтың мына конференциядан жазған есебіне бір мықты еңбек адамының сөзін енгізбек болған ниеті зая болды, томырайып отырып қалды.
Ғайникен Бибатырова Сартай Есімхановты жарыссөзге күні бұрын дайындап қоймаған, яғни айтатын сөзінің мәтінін қолына ұстатпаған қызметкеріне не шара қолдансам екен, деп бір қызарып, бір бозарды.
Сартай Есімхановтың ойына ештеңе кіріп-шыққан жоқ, тілінің ұшына келген сөзді айтты, бітті.
Қулық-сұмдығы көп партиялық жұмыстың қыр-сырына әбден қанық екеуге конференцияны жабудан басқа амал қалмаған еді. Екеуі өздерінен үлкен бастықтарға не беттерін айтады? Бәрінен сол – қайғы.
Ал, Сәкең бір құдайдан басқаға жауап бермейді, екі қолға бір еңбек – ол кісінің ұстанары.
Осы сәтте маған төрде, құрметті орында отырған ана екеуінен төмендегі, көп ішіндегі орнына барып отырып жатқан Сартай Есімханов бақытты болып көрінді. Сәкеңді жасқандырмай, аузына келгенді іріктеп айтқызған күштің аты – еңбек-ау, дедім. Еңбек материалдық қана қуат емес, рухани да қайрат-жігер екен.
* * *
«Екі қолға – бір еңбек» сөзін мен алғаш рет әкемнен естідім.
Әкем үш жылдай төсек тартып жатып барып, қайтыс болды.
Әкем ауырып жатқанда оқтын-оқтын барып, қасында болып, қайтып жүрдім.
Шуға барған екенмін, жасымнан бірге өскен достарым тауып алып, думандатып кететініміз бар. Сондай бір жорықтың ертеңіне әкем:
- Әлдихан, тентек суға құмар екенсің, абайла! – деді.
Мен – нағашы апамның бауырында өскенмін, әкемді «жезде» деймін, ата жолын ұстаған болып ептеп қалжыңдайтыным да бар. Соным ұстап:
- Жезде, өзіңіз де ішуші едіңіз ғой, - деп қалдым.
Әкем екі алақанын ашып көрсетті.
- Мен ішсем, не, мына екі қолға сенетінмін. Екі қолға бір еңбек. Мен сендерді осы екі қолыммен, еңбекпен асырадым. Сен ішсең, қызметіңді тартып алып, басқа жұмысқа жарамай, қор болып қаласың ғой. Қайтіп жан сақтайсың?
Әкемнің бір кездегі әр саусағы онша-мұнша кісінің білегіндей жуан саусақтарының, жаялықтай, тып-тығыз алақанының еті босап, сай-сай болыпты. Басымыздан сипағанда темір тигендей тітірететін шор-шор қасаңдар сарғайып, солған.
Менің оқыдым, білім алдым, шенеунік болып жүрмін деп кеуде керіп жүргенім әкеме әшейін екен. Әкем үшін мал таппақ, жан сақтамақ құралы екі қол екен. Екі қолдың құдырет екенін осылайша ұғып едім мен сонда.
Өзі ұста, тұрмыстық тірліктің бәріне бейім әкем біздерді кез-келген шаруаны атқаруға жұмсай беретін. Сондағысы өзім білгенді балаларым да білсе екен деген игі ниет екен. Әсіресе, мұнысын шау тартқан шағында үдетті.
Еңбек демалысына шыққан сайын бала-шағамды ертіп алып, әкемнің үйіне келемін. Бір ай туған төрімде аунап-қунап, балаларымды атасы мен апасына бауыр бастырып қайтатын сол бір бақытты шақ жоқ енді! Әкем де, шешем де, апам да марқұм болған.
Біз келген сайын әкем бір қойды атып ұрып байыздап, пышағын маған беріп тұрып:
- Ал, Әлдихан, мынаны енді өзің жәукемде, істегенің маған жақсы, үйренгенің өзіңе жақсы, - дейді.
Әке сөзі – заң, білейін-білмейін орындауым керек.
Әкемнің айтқаны әбден рас еді, сол шақта қойдың сойылғаны әкеме жақсы болды, үйренгенімнің пайдасын мен өмір бойы көріп келемін.
Енді бірде әкем қолыма балға, шеге беріп, шарбақтың кеткен шабақтарын қақтырды. Әкем нұсқауларын беріп, менің шегені қалай қаққанымды жіті қарап отырды. Ұста әкемнің ойынан шығу оңай емес, бар өнерімді салып, балғаны айнытпай, дәл сілтеп, шегені қисайтпай түзу кіргізіп жатырмын.
Әкем разы болды әрі өкінді:
- Нағыз өзіме тартқан балам сен екенсің. Қап, оқу құртқан екен!
Әкем өзінің ұсталығын бәрінен жоғары қояды екен.
Адам өз өнерінің қадіріне өзі жетпейінше оны ешкім бағаламайды.
* * *
Адам билік сатысымен биіктеген сайын оның өзгеге жасайтын жақсылығының игі, жамандығының жегі күші артады және бұлардың өзі, қалағанын жүзеге асыруға мүмкіндігі жеткілікті болады.
Мені мұндай ойға мына жайлар жетелеп еді.
Жамбыл облыстық партия ұйымын біраз жыл Хасан Шайахметұлы Бектұрғанов деген азамат басқарды. Ол – бұдан бұрын Қызылорда облысында бірінші хатшы, өзінің туған өлкесі Солтүстік Қазақстан облысында басшылық қызметте болған тәжірибелі, сұңғыла адам еді.
Хасан Шайахметұлы Жамбыл облысын жақсы басқарды. Сол жылдары біраз уақыт тікелей қарамағында, яғни нұсқаушы болып істегенім бар. Әрине, нұсқаушылық үлкен қызмет емес, бірінші хатшы оларды көзіне іле ме, ілмей ме, белгісіз. Нұсқаушылардың кейін барар жер, басар тауы күні бұрын белгілі болушы еді, бәрі дерлік өздері жетік салалар бойынша аудандық, қалалық партия комитеттерінің хатшылары болып шыға келетін. Ал, мен атқарған баспасөз жөніндегі нұсқаушылардың беттейтін өрісі – облыстық газет пен облыстық телевизия және радиохабарларын тарату комитеті. Нұсқаушы – бетегеден биік, жусаннан аласа болып жүретін, тек бейнелеп айтқанда, бөлім меңгерушісі, ар жағында, әлбетте, хатшы тұрады, айдап салғанда қабатын, үретін пенде.
Облыстық партия комитетінде қызмет істеу – үлкен мектептен өту. Бұл мектептен әркім әрқалай болып түлеп ұшады.
Сол мектептің ең басты үйретері – қулық еді. Тәжірибелі саналатын бір ағай, онда да білдей бөлім меңгерушісі мені қулыққа үйрете алмай-ақ шаршайтын. Қайтейін, әке-шешем және апам мені қулық-сұмдыққа үйір болма, өтірік айтпа, кісінің ала жібін аттама, ақ-адал бол деп үйретті ғой. Бөлім меңгерушісі тұрмақ, одан зоры болсын, мен оның емес, өзімді өмірге әкелген, ақ сүтін, тәлімді тәрбиесін берген адамдардың айтқанымен жүріп, өмір сүріп келемін.
Қулықтың қаншалықты жексұрын қылық екенін мен сол партиялық жұмыста жүргенде көп көріп, өлердей түңілгенім бар. Майда-шүйдесін айтып қайтейін, бір-біріне ұқсас, үйренуге тұрмас екеуін айтайын.
Бірінші хатшының өз аймағында ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс. Не ішемін, не киемін дегенді ұмытқан, бәрі ас та төк, бір тойым жоқ.
Әлімсақтан табиғаттың заңы – жас өседі, жасамыс – қартаяды.
Бектұрғанов – облыс халқына билігін жүргізген тұлға болғанымен, табиғат перзенті, қартая бастайды.
Ол кезде қазіргідей бұлтақ жоқ, жасың алпысқа келген екен, бір сөзге келмей, қуана-қуана зейнетке шығасың.
Ал, Хасан Шайахметұлының бір сөзі, анығырақ айтқанда ойға алғаны бар екен. Ол - бүгін-ертең үйленім деп жүрген кіші ұлын аяқтандыру.
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Бектұрғановты қабылдап, зейнетке шығуы керектігін айтады.
Сонда Бектұрғанов:
– Дінмұхамед Ахметұлы, бір өтінішім бар еді, айтсам, қалай болар екен,- дейді.
– Айт,- дейді Қонаев.
– Айтсам, кіші балам келін түсіретін еді, рұқсат етсеңіз, соның тойын өткізгенше істей тұрайын.
– Рұқсат. Тойыңды тездетіп өткіз.
Хасан Шайахметұлы үйіне келе салып, той қамына кіріседі.
Бірінші хатшы той жасап жатса, оған қызмет ету - үлкен бақыт. Тек қожайын иек қақса болды, жанын пида етуге әркім әзір. Ал, тойға шақырылған қонақтар ылғи ығай мен сығай – аудандық, қалалық партия комитеттерінің бірінші хатшылары, аудандық, қалалық атқару комитетінің төрағалары, облыстық мекемелердің қолы майлы басшылары.
Тойхананы Хасекеңнің өзінен басқа кім санасын, әрине, қарық болды.
Той өткеннен бір аптадан соң Хасан Шайахметұлы зейнетке жіберілді.
Ұйымдық мәселе қаралған пленумнан соң бір ауданның беделді басшысы айтыпты деген сөзді естідік.
- Қап! Мына Хасан сұмдық екен. Осы елуге келген жасым ішінде талай зұлымдықты көріп едім, бірақ мынандай кім көрген!
Бұл – бір ғана оның емес, дәуірі өтейін деп тұрған адамға алданып, үйіп-төгіп тойхана берген тобырдың да өксікті өкініші еді.
Өкінішке орай, сол жылдары Бектұрғановтың осы тірлігін қайталаған «шәкірттері» де болған жоқ. Соның бірі – Нұрғали Торғаев. Жасы егде тартқан адамдар біледі, Торғаев Меркі, Шу, Сарысу аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болған, партияның ысылған жауынгері еді.
Нұрекең Шуда бірінші хатшы болып тұрғанда «Алға» кеңшарының директоры Қайып Кененбаев болатын. Қайып – иманжүзді, ақ жолдан айнымаған азамат, өзіндік беті бар басшы, ешкімнің жүндеуіне көнбейтін. Торғаевтың Шу ауданының барша басшы қызметкерлерін кіріп-жусататын қаһарына жалғыз директор Кененбаев қарсы тұра алған. Ол енді, әрине, пәре де бермеген. Сонысына бола Нұрғали Қайыпты қырына алғанын қоймайды.
Күндердің күнінде Торғаев Кененбаевты үйіне қонаққа шақырыпты.
Кененбаев жат та келіп таңданады. Мұнысы несі? Бір жағынан іші жылиды: Нұрекең бірдеңке біліп шақырған шығар, барайын.
Кешке қарай Кененбаев қызметтік машинасын мінбей ағайынының көлігімен әйелін ертіп алып, артынып-тартынып Торғаевтың үйіне келеді. Нұрекең Қайыпты қақпасын өзі ашып, қарсы алады.
Мұндай құрметке кім шыдасын, Қайып еріп кетеді.
Торғаев сағатына қарап тұрып машина жүргізушіге:
– Сағат онда кел- дейді.
Жүргізуші дәл айтқан уақытта келсе, аузына арақ тұрмақ шарап алмайтын Қайып қызып алыпты, Нұрекең рекеңмен қайта-қайта сүйісіп қоштасады.
Содан Қайып ертеңіне кешке дейін басы ауырып жатып, облыстық радионың кешкі хабарын тыңдайға әзер жарайды. Радионы қосқаны сол екен диктор:
– Бүгін Сарысу аудандық партия комитетінің пленумы өтті. Пленумда ұйымдық мәселе қаралды. Сарысу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Нұрғали Торғаев сайланды,- деп сөйлей бастайды.
– Қайып орнынан ұшып тұрады.
– Туу! Бұл неткен адам еді?! Ақымақ болғаным-ай, қап!- деп төсегіне сылқ етіп отыра кетеді.
Шынында, неткен адамдар еді бұл бірінші хатшылар! Адамдар аяу дегенді мүлде ұмытқан ол шіркіндерге бүгін теңеу іздеп, әуре болмағанымыз жөн шығар. Олар келмеске кетті ғой, ең жаманы олардың орынтағына отырған әкімдер олардан асып түспесе, кем соқпай тұр. Бүгінгі күні бәрінен осы қайғы.
Елбасымыз сыбайлас жемқорлық пен парақорлықтың тамырына балта шабу жөнінде қадап айтып-ақ келеді. Жақсы шешімдер де бар, бірақ нәтиже жоқ, болмайды да. Өйткені аз болсын – көп болсын пәрені үлкен болсын - кіші болсын бастық алады. Бастықтың қолында қандай да бір билік болады. Билік бастықтардың жауға алдырмас кіреуке сауыты. Бастықтың дәрежесі өскен сайын сауыттың беріктігі артады, яғни оны аңдыған жауы азаяды. Нәтижесі олардың шанда біреуі болмаса, басқасы алдырмайды. Сондықтан ғой Елбасының қаржы полициясының қызметкерлеріне торға ылғи шортан емес, шабақ түседі, деп ұрсатыны.
Заң алдында бәріміз бірдей жауаптымыз, деп қанша айтқанымызбен, бастықтар оны оп-оңай айналып кете береді. Заң, тек қана заң үстемдік құрған заманды біз көре алмаймыз, балаларымыз көрер ме екен? Балалар, олардың болашағы – үлкендердің жемісі. Олар бізден қалған мұраның иегері. Бастық болып, басқа болып, осыны біліп өмір сүрсек қане.
* * *
Шығармашылықпен айналысу – жанкешті өмір кешу.
Шығармашыл адамның үлесі – жоқшылық.
Әлем әдебиетінің алыптарының дені жоқшылықтан құтылу жолында жанталасқан. Сазгерлер мен суретшілер де сөйткен. Джек Лондон, Амодей Моцарт, Леонардо да Винчи, т.б. өздерін даңққа бөлеген шығармаларын ашқұрсақ болып жүріп жазған. Бір үзім нан үшін күрес өшпес туынды әкелген өмірге.
Бір кезде бұл жайларды оқып білуші едік, енді сериалдардан көретін болдық. Шынын айту керек, шетелдіктер мұндай сериалдарды өте жақсы түсіреді, тебіренбей көру мүмкін емес.
Ана бір жылы небір дүлділ ақынның да, жазушының да, сазгердің де өмірінен осындай сериалдар көп көрсетіледі. Солардың біреуін көріп отырғанымызда менің енем Қаукен:
- Құрысын, бұл ақын-жазушы дегендерің қайыршы екен ғой, - деді.
Үлкен кісімен жарыса шауып қайтейін, үнсіз қалдым. Әйтпесе, айтатын сөз көп еді, соны енді енеме емес, сіздерге айтып көрейін, оқырман.
«Құдай орысқа бұ дүниені, қазаққа о дүниені берген» деген сөз бар. Мұның мәнісі орыс өзін ештеңеден шектемейді, ішеді, жейді, ойнайды, күледі, қазақ бұл – арам, ол – күнә, деп өзін шектеумен болады. Осыған ұқсас, Құдай бұл дүниені бастықтарға, о дүниені қарапайым халыққа берген. Бастық атаулы – бай, шайқап ішіп, шалқайып жүреді, қарапайым халық – кедей, ашқұрсақ, қалқайып жүреді. Ақын-жазушылар – қарапайым халықтың бел баласы, оларға да құдай бұл дүниенің азабын, ол дүниенің рахатын берген. Әрине, бұл дүние жөніндегі сөз-шындық, о дүние жөніндегі сөз-жорамал, күмәнді. Жалпы, о дүние жөніндегі, негізінен, дін сөзінің барлығы – күмәнді, неғайбыл. Маған, мүмкін, атеистік тәрбие өтіп кеткен шығар, дінге шындап беріле алмаймын, молдалардың сөзіне күмәнмен қараймын. Бұл ретте мен ұлы Мұхтар Әуезовтің: «Бір жаратушының бары хақ» - деген сөзіне ғана сенемін, қалған сөздің бәрі белгілі бір мақсатты көздеп шығарылған, яғни идеологиялық көпірме әңгімелер. Құдай – жалғыз, шындық – біреу. Құдайдың жалғыздығын барлық дін мойындайды, ал, шындықты әр дін өзіне қарай қаратып, ту-талақай етеді. Осыны көріп, біліп отырып, қалайша күмәнданбассың.
Жә, кенеттен айтылып қалған бұл әңгімені осылай қайырып тастап, негізгі ойымызға ойысайық.дүниедегі ең ауыр еңбек – ой еңбегі деседі. Кім білген, еңбекті өлшейтін таразы жоқ, ой еңбегінің жүйкені тауысар азаабы көп болған соң солай дейтін шығар. Сол азапты өмір кешетін ой адамының ішінде шығармашылықпен айналысатындардың еңбегінің өтеуі аз, маңдайының соры бес елі. Рас, бір қарағанға, социализм тұсында олардың жағдайы әжептеуір жақсы тәрізденді, әдеби, музыкалық шығармаларға қаламақы төленетін, кітаптар көп таралыммен шығып, үстеме есептелетін. Алайда, оған ауыз жарымайтын. Осыдан барып ақын-жазушы да, сазгер де күнін көруі үшін жұмыс істеймін. Жұмыс істеген адам намысқа тырысады, барын салады, шығармашылық екінші кезекке қалады, тиіп-қашып кірісетін тірлікке айналады. Нәтижесінде «Екі кеме құйрығын ұстаған суға кетеді» кері келеді. Сонда су алатын шығармашылық болады.
Қандай да жұмыс оған бар күш-жігерді сарқып қалмаса, мардымды болмайды. Біздің небір талантты ақын-жазушыларымыздың қоржынының солыңқылығы – аз жазсам да саз жазайын деуден гөрі жансақтамай үшін зар илеп жүріп, жазумен мықтап айналыса алмағандығының салдары.
Шығарма жазу кейбіреулер ойлайтындар ақ қағаздың бетімен қалам жүгірту емес, ол – адамзат ақыл-ойы жеткен ілім-білімнің бәрін игерген ақылды адамның жан тебіренісінің көркем көрінісі. Әдебиет – адам туралы ғылым. Дүниеде адамнан ақылды, айлалы, күрделі, сенгіш, сезімтал, мейірімді, қатал, батыл, қорқақ, өжет, ынжық, ақкөңіл, зымиян мақұлық жоқ. Адамның осындай және басқа да толып жатқан қасиеттерін ашып көрсету, бейнелі тілмен жеткізу – қиынның қиыны. Бұл шаруа – дүниенің бар қызығынан баз кеткен, менің енем байқағандай, қайыршылық халге түссе де қайтпайтын қайсар, мойымайтын көнбіс, бір ғана шығармашылыққа табынған, бұл жолға өзін құрбан еткен, адамның ғана қолынан келеді, басқаша әрекет ету - әурешілік.
Біздің шығармашыл адамдарды жұмыс көлігі деуге келеді. Жұмыс көлігі бәйгеге қосуға жарамайды. Олардың ішінде де тұлпарлары болуы мүмкін, бірақ оларды арбаға жегіп, күндіз-түні үстінен түспей мініп, тесік өкпе, тұғыр қылып тастаған ғой. Қайтсем тамақ табамын, қатын-баламды қайтіп асыраймын, деп басын тауға да, тасқа да ұрып, жанкешті күй кешіп жүрген қаламгерден қайбір татымды шығарма тусын. Біздің кеңестік кездегі де, қазіргі де жазушыларымыздың кейпі – осы. Тіптен мына нарық заманындағы олардың күйін құдайым пендесіне бермесін. Бір тиын қаламақы алмайтын, қайта өз қалтаңнан ақша шығарып, болмаса, қолына қарға тышқан азаматтарға жалынып-жалпайып жүріп жарық көрген кітап баспагерлерден басқа кімге опа шектіреді. Баспагерге қолжазба жақсы ма, жаман ба, қандай қаржыға басылады, бәрібір, ақысын алса болды.
Сөйтіп, бұл нарық дегеніңіз әдебиеттің ұсқынын келтіріп бітті, таланты асқаннан гөрі байлығы тасқан, жебеуші-демеушісі жеткілікті, қолынан жазу келмейтін мүскіндердің кітабы көп шығатын болды. Қоржынын толтыруды ғана көздейтін баспалар қолжазбаны оқып, жақсы-жаманын саралайтын маман редакторды көзге ілмейтін болды. Мұның аяғы кітаптардың құжынаған қателермен басылып, авторды опық жегізіп, оқырманды не оқып, не қойғанын білмейтін халге жеткізді.
Осындай келеңсіздіктер үдеп тұрған осы тұста Елбасымыз жазушылардың жағдайын жақсартуды ойлап, ендігі жерде оларға қаламақы төлеуді қарастырып отыр. Бұл шараның ешкімге қажеті болмай қалған қаламгер қауымның ахуалын анағұрлым көтеретіні, қайыршылық халден арылатынын айдан анық. Ең жақсысы – халыққа рухани азық сыйлайтын ағайындардың ынта-жігерін арттырып, шабытын қамшылайтын болады. Әлбетте, біреуге қол жайғанның бүйірі шықпайды, дегенде, талантты адам тарықпайтын кез келді. Іске сәт! – дейік қолына қалам ұстаған ағайынға.
* * *
Шығыс халықтарының, әсіресе, қазақтың діліне батыстың, яғни өркениеттің салған сойқанын, сірә, айтып тауысуға болмас. Әлбетте, игі ықпалы да шексіз. Оның ғылым тілімен айтылатын прогрессивтік, регрессивтік әсерлерін таразының екі басына салу – үлкен мәселе, біздікі - өз түйсігімізді ортаға салу.
Бір кезде батыстың романдарын құныға оқитын қазақ қазір телесериалдардан көз айырмайтын болды. Роман мен телесериалдың қайсысының тәрбиелік күші мол деген сұраққа мен түк ойланбастан романның дер едім. Себебі, романдарды ақыл-ойдың алыптары жазатын, телесериалдарды кім көрінген түсіреді. Романның жиіркендірер күшінен сүйсіндірер үлгісі көп болатын.
Батыстың қазіргі былғаныш киносы, алқынып-жұлқынған билері, даңғаза әндері біздің жастарымыздың санасын әбден улап бітті. Бұл туралы аз айтылып та, жазылып та жүрген жоқ. Бірақ одан ешкім ешқандай қорытынды жасап жатқаны шамалы, қайта елітіп, емініп тұратын болып барамыз.
Батыс мәдениетінің жақсысы да аз емес, әрине. Оның өремізді өсіріп, өркенімізді өрелі етер тұстарынан үйренудің еш артықтығы жоқ. Пәле оның адамды аздырар, ақ жолдан тайдырар тайраңдарында болып тұр.
Халықты өзгелердің қандай да бір оң, теріс әдеттерінен сақтайтын ұлы күш оның өзінің ұлттық үрдістері.
Міне, дәл сондықтан да біз жастарымыздың бойына өз ұлтымызға деген шексіз сүйіспеншілік ұялату жағын мықтап ойластыруымыз керек. Өз ұлтының салт-дәстүріне, тіліне, діліне, дініне жетік болып өскен жас ешкімнің таңсығына табынып, қаңсығын қастерлемейтін болады. Көпіршіген сериалдар қанша көбейсін, жасағанын көрсетсін, елең қылмайды. Олар үшін өз халқының қырмызы қызы, ұғынықты ұлы болудан асқан мақсат жоқ.
Біз, үлкендер, телевизор туындыларын балаларымызбен бірге отырып көреміз, пікір алысулар да болып жатады. Қуаныш-қайғы, жақсы көру- жек көру, сүю-күю сезімдері барлық адамзатқа тән. Мәселе солардың қалай көрініс алуында. Оған баға беруде, үлкендердің шындықтан ауытқымағаны -маңызды. Жігіт пен қыз сүйіссе, бетін басатын, жігіт қол жүгіртсе, қыз тұра қашатын кез өткен. Адамдардың моральдық ұстанымдары өзгергелі қашан, қалайық-қаламайық уақытпен үндес болуымыз керек.
Ұлттық қасиет болып кеткен ұстанымдар бар, оларды қастерлегеннен басқатүктің қажеті жоқ. Айталық, қазір шетел кинофильмдеріндегі адамдарды басын тауға да, тасқа да соққызатын екі-ақ проблема бар. Олар – бала сүю, мұрагерлікке таласу.
Мен Ресейдің орталық телевизиясынан «Федеральдық сот» бағдарламасын үзбей көремін. Сонда сотталатындардың көбі баласынан безілген әйелдер, әкесінің дүние-мүлкін бөлісе алмай кісі өлтірген қаныпезер еркектер.
Біздің халқымызда мұның екеуі де ешуақыт проблема болмаған. «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар», «Әкенің малы балаға мал болмайды» - деген. Өкініштісі – осыларға еліктеп, осындай жағымсыз жайлардың біздің халықтың да өмір сүру үдерісіне сыналап кіріп бара жатқандығы.
Еліктеу - әлсіздің еншісі.
Өзіне сенімді, ұлтының асылдарына адал адам айнымайды.
Жуырда «Қазақстан» телеарнасынан «Саған күшік керек пе?» атты фильм көрсетілді. Сондағы екі баланың күшіктердің ұрғашы, еркек екенін анықтамақ болып сөйлескендерінің сыйқы мынау:
- Өй, тоқта, көрейік қаншық па, төбет пе екен?
- Төбет.
Құдайым-ау, не болып барамыз?.. Кішкентай күшік пен үлкен арлан итті ажырата алмау неткен сорлылық! Баланікі – балалық, ал сол киноны түсірген үлкендікі не? Тілге осыншама жауапсыз қарауға бола ма?..
Құданың құдіреті, тілді білмеу дерті аз болғандай, енді тілді қолдан шұбарлау көбейіп бара жатыр. Бұл – шошындырарлық дерт.
Ел аман, жұрт тынышта «отырмыз» дегенді «отырық» дейтін пәле шықты. «Ролик тебеміз» дегенді «кашенейт етеміз» дейтін кесел пайда болды.
Ең қорқыныштысы – осылай дейтіндер шала да, ада да қазақтар емес, нағыз қазақтар.
Оларға мораль айтып жату артық шығар, қоя-ақ қояйын.
* * *
Билік пен шығармашылық ешқашан бір-біріне кірігіп, жымдасып кете алмаған. Билік жай адамды да, шығармашы адамды да өз еркіне бағындырудан бір танбайды. Биліктің айтқанына көніп, айдауына жүрген шығармашыл, жалпы өнер адамы өспейді, бір жеткен биігінде қалады.
Оның мысалы – өзімнің аға-досым, атақты күйші-сазгер Әбдімомын Желдібаев. «Ыдырыс», «Боз жігіт» тәрізді інжу-маржан күйлерін айтпағанда, «Ерке сылқым» күйімен-ақ бүкіл түрік әлемін тамсандырған бұл аса талантты, (бір кезде мен оны ұлы дегенмін, сол айтқаным айтқан) сазгер біраз болды, жұртты елең еткізерлік шығарма бере алмай жүр. Оның әртүрлі себебі бар шығар. Меніңше, Әбекеңнің бұлайша бір деңгейде тұрып қалуы – биліктің әсері. Олай дейтінім Әбекең соңғы кездері билік басындағылардың тапсырмасымен жазатын болды күйді. Кенен Әзербаевқа арналған «Күй көкшолақ», «Жамбыл баба жыр толғайды», «Төле би толғауы» күйлері осындай тапсырыспен жазылған.
Ән мен күй тапсырыс емес, сезімнен туса керек. Жүректі жарып шыққан шығармалар ғана жетеді халықтың жүрегіне. Ал, мыналардай мерейтойларға арналған дүниелер сол тойларға арналып жазылып ілініп қойылған көрнекі үгіт құралдары іспетті. Той өткен соң үгіт құралдарын жинап алады, ал күй қалады, бірақ оның әсер күші азаяды, оқиғаны еске түсірерлік қана қасиеті сақталады. Халық Әбекеңнің күйлерінен гөрі Кенекеңнің «Көк шолағын» шырқағанды, Жамбыл жырларына қаныққанды, Төле бидің әділ билігіне, шешен сөздеріне тәнті болғанды артық көреді. Әбекеңнің күйлері тапсырысты орындаған сарамжалдығын байқату ғана болады.
Өткен жылы күзде Тараздағы Баласағұн мәдениет орталығында Әбдімомын Желдібаевтың шығармашылық кеші өтті. Кеште Әбекеңнің күйлерін Қазақтың Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрі орындап, әндерін республиканың жезтаңдай әншілері шырқады. Мұнда қуанбай қайда қуанарсың? Ең қуанарлығы бұл – оркестрдің Әбекең шығармаларын түгелдей алғаш рет орындауы емес, үшінші рет қайталануы.
Концерттен соң Әбекеңді құттықтаған сөздер айтылды.
Мен де сахнаға шығып, былай дедім:
– Бұл ұлт оркестрі – қазақ өнерінің қасиетті қара шаңырағы, қазақты ұлтсыздандырмақ болған тоталитарлық кезеңде «ұлт» деген сөзді өз атауында сақтап қалған санаулы ұжымдардың бірі. Осы даңқты оркестрдің Әбдімомын Желдібаевтың шығармаларына ден қоюы – бақыт! Бақытыңыз құтты болсын, Әбеке!
Жұрт аяғы басылған соң былай шыға бере әйелімнің пікірін білмек болып:
-Қалай екен?- дедім.
-Жақсы. Тарихи шығармалары көп екен,- деді Бану.
Банудың «тарихи» деп отырғаны арнау күйлер екенін түсіне қойдым мен.
Шынын айту керек, Бану қазақ күйлеріне онша қанық адам емес, соның өзі аңғарған мен жоғарыда айтқан жайды.
Мен бұрын айтқанмын Әбекеңе: «Сіз тегі әкім-қараның ықпалынан аулақ жүріңіз. Кәдімгі адамдардың қуаныш-қайғысын, күйініш-сүйінішін, өсу-өшуін жазыңыз. Арнау күйлеріне үйір болып барады екенсіз, оныңыз, меніңше, артықтау».
Әбекең бұл күйлерінің халқымыздың бір туар ұлдарын құрметтеуден туғанын айтып, менің пікірімді елегісі келмеді. Мейлі ғой, өз ойлағаны бар шығар. Дегенде анаған да, мынаған да күй арнай беру оны бір қалыпқа салып, бір ізге түсірмесе болғаны да.
Шығармашылықтың жауы – трафарет. Бұл дегеніңіз – машықтанып алып, жаттанды ой айтуға бой алдыру, сүйреткі жолға түсу.
Адамның сай сүйегін сырқырататын «Ыдырыс», екі көзден жас ағызатын «Боз жігіт», қан ойнатып, қиял құштыратын «Ерке сылқым» күйлерінің авторы, аға-дос Әбдімомын Желдібаев біле жүрсін деп айтып отырмын мен бұл сөзді, басқалар да елеймін десе өзі білсін.
* * *
Сонау өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында, тәуелсіздік алған тұста облыстың тұңғыш әкімі Өмірбек Байгелдиев облыста тұрып, еңбек ететін ақын-жазушыларға тоқсан сайын бес мың теңге көлемінде стипендия тағайындап, жыл сайын олардың төрт кітабын шығарып беруді қолға алған болатын. Содан бері бұл игі дәстүр жұлып-жұлқып жалғасып келеді. Анығында, бұл ауыз жарымас игілікті іс тым қиындықпен жүзеге асырылуда.
Олай дейтініміз, алдымен, бұл шара облыстық прокуратураның анықтауы бойынша, заңға қайшы екен. Олардың мұнысы сынықққа сылтау таба алмай отырған әкімият қызметкерлеріне жақсы болды, авторлар шығарылған кітабына иелік құқығынан айырылды. Сөйтіп, алғашқы кезде шыққан кітаптарын өзіне тегін берілуі тоқтатылды, стипендия беру де тоқтап қала жаздап, облыстың сол кездегі әкімі Серік Үмбетовтің заңды айналып өтетін амал ойластыруымен жалғасын тапты.
Сонда деймін-ау, біздің облыстың әкімдерінің аяғына тұсау болатын бұл қандай заң? Әдебиет пен өнердің адамдарына Президентіміз қомақты стипендия тапсырады. Өткен жылы енді үкімет мемлекеттік стипендия үлестірді. Біздің әкімият стипендия деген сөзді айтудан қорқады, жоғарыдағы стипендияны кең жариялылық жағдайында тапсырады. Сонда біз құқықтық мемлекетте өмір сүреміз, заң алдында бәріміз бірдей жауаптымыз дейтін әдемі қағидаттар қайда қалады? Түсініксіз.
Мына нарық заманында әркім өзі өндірген, тапқан, әйтеуір қолында бар тауарын саудалап жатқаны үлкен тұрмақ балаға аян. Ал, қаламгердің өндірген тауары – кітабы. Оның кітабын құры шығардым ат қылып, қалтасына жарты шақа да түсірмей, таратып жіберу, қалай айтса болар екен, қанау десе, келер.
Шығармашыл адамның мүшкіл халін Елбасымыз түсінгенде әкімдер неге түсінбейді? Елбасы қарны тоймаған қаламгердің мардымды іс тындыра алмайтынын, әдебиет – ардың ісі, талантты шығарма – ұлт байлығы екенін жақсы біледі. Біздің әкімдерге ақын-жазушылар – артық ауыз, олар басқа облыстар жаппай ақын-жазушыларын жарылқап жатқанда прокуратурадан қорыққан болып, тиді-қашты бірдеңке жасағансиды. Әйтпесе, экономикамыз қарыштап дамыған қазіргі кезде тұралап тұрған тоқсаныншы жылдардан екі мың бес жүз теңге артық беру ауыз жарымас бірдеңке емей, немене.
Ақыны әкімін емес, әкімі ақынын іздеген ел озатынан ешкім жоққа шығара алмас. Сонда бұл шіркіндер өзін халықтың ақыл-ойынан алшақтатқаны ма? Онда түбі не болар екен? Не де болса, жақсы емес.
Әкімдердің ақылға сыйымды іс қылғаны ғана сыйлы болмақ. Олардың қаламгерге көрсеткен қамқорлығы – халқын сыйлауының көрінісі. Хан Абылайдың өзі ақынын төріне отырғызып, сөзіне жығылған, Бұқар жыраудың ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс болғаны тектен-тек емес.
Бұл жайдың бәрі әкемнің жазушылармен басқосуы кезінде әлденеше рет айтылды, алайда, нәтиже жоқ, өйткені құлық жоқ, құлық болмаған соң тірлік – сұлық.
* * *
Серік Үмбетовтің бізге тастап кеткен игі бір ісі – ерекше еңбек сіңіргендерге Жамбыл облысының Құрметті азаматы атағын беру болды. Мұның өте бір өскелең тірлік екеніне ешкім шек келтірмейді. Алайда, қандай да бір жақсы істің берекесін қашыратын әдетімізге басып, Құрметті азамат атағын беруді де ұқсата алмай отырмыз.
Осы шараны өмірге әкелгендер «Жамбыл облысының құрметті азаматы» атағы туралы әдемі ереже жасағанын ерекше атап көрсеткен ләзім.
Ереженің бісмілләсінде Құрметті атақ беру тәртібі былайша бедерленген:
«Жамбыл облысының Құрметті азаматы» атағы облыстың 60 жылдық мерейтойы қарсаңында үш қана азаматқа, ал содан кейін жыл сайын бір ғана азаматқа облыс алдындағы айрықша еңбектері және оның экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуына, қоғамдық, мемлекеттік, ілкімділік жұмысқа белсене араласа отырып қосқан елеулі үлесі, әскери қызметте ержүректік танытқаны, облысты әлеуметтік, экономикалық дамытқаны, облыстың тарихы мен қазіргі өміріне байланысты ғылыми және мәдени шығармалар тудырғаны, жоғары спорттық көрсеткіштерге жеткені, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді нығайтқаны және басқа да еңбектері үшін беріледі».
Меніңше, ереже өте әдемі жасалған, оған алып-қосар ештеңе жоқ, тек ол бойынша әрекет ету керек. Өкініштісі, Ереже шарты әу дегеннен бұзылды, «үш қана азаматқа» емес, жеті кісіге берілді. Ең жаманы, Ережені, ең алдымен, оның «әкесі» - Серік Үмбетовтің өзі елемей, атақты аты-жөні жоқ үлестірді. Ол әкім болып тұрған кезде бұл атаққа бір жылда ие болғандардың саны оннан асып жығылды. Ұзын сөздің қысқасы, бұл атақ ұйықтап жатқан көп көңілді оятты. Жасамыстардың барлығы, онда да коммунистік партияның ас та төк астауынан аямай асағандар сол кездегі еңбегінің өтеуіне Құрметті азамат атағын алу жөніндегі жеңімпаз болудың әдісіне өздері әбден жетік социалистік жарысқа түсті. Облыс әкіміне өзі айтты, өзгелерге айтқызды. Әкімнің өз діттегені бар, өзгенің тілін алғаны бар, әуелгі ұйғарым айдалада қалды.
Басқасын былай қойғанда, Ереженің сөзсіз орындалуға тиісті ең қажетті мына түйіннің түкке аспай қалғанына не деп болады? Ол былай өрнектелген болатын: «Жамбыл облысының құрметті азаматы» атағы бұрын «Ауданның, қаланың құрметті азаматы» атағын алған адамдарға, бұл атақтардың мәні қарастырылған жеңілдіктері жағынан шамалас болғандықтан, берілмейді».
Бұл талапқа тоқтам жасаған жалғыз-ақ адамды көрдім мен. Ол – ұзақ жыл Шу ауданын басқарған, облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болған, қасиетті қария Жапар Түйебеков. Абзал ағамыз сексен жылдығын тойлап барып озды бұл дүниеден. Мерейтойы қарсаңында оған «Шу ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Осыған орай құттықтағанымда ол кісі: «Рахмет. Бұл дұрыс қой, адамға туған жерден қасиетті не бар? Бірақ енді облыстың Құрметті азаматы болмайтын болдым. Ережесінде жазылған, ауданның құрметті азаматына облыстық Құрметті азаматы атағы берілмейді»,-деп көңілі пәс тартып еді.
Қазір енді ереженің бұл талабы орындалудан қалды. Облыстың Құрметті азаматы атағы Тараз қаласының құрметті азаматына да, КСРО кезінде сотталғандарға да қызметінен, абыройынан айырылып қуылғандарға да, беріліп жүр. Біреудің қаңсығанының біреуге таңсық болғаны-ай, қап әттеген-ай!
Құрметті азамат атағын алу үшін соншама өліп-өшудің түк қажеті жоқ. Ережедегі «Облыс аумағында тұратын Жамбыл облысының құрметті азаматтарына коммуналдық қызметтер төлемі және облыстың ішкі маршруттардағы жолаушылар таситын автокөліктердегі жолақысы облыс әкімінің арнайы қоры есебінен (барлық құрметті азаматтарға тең көлемде) толық немесе бір бөлігіне жүргізілуі мүмкін»-деген ұйғарым ешкімнің ойы тұрмақ назарына да кіріп-шығар емес. Рас, «облыстың ішкі маршруттарындағы» емес, Тараздағы мемлекеттік автобустарда жүру тегін болды, ал маршруттық, яғни жекеменшік көлік жалын да ұстатын емес.
Бұл Ереже қабылданғалы табаны күректей тоғыз жыл өтті, одан бергі жерде ел экономикасы қарыштап өсті, ауызды қу шөппен сүртетін жағдай келмеске кетті. Сонда облыс әкімінің Құрметті азаматтары құрметтейтін қисыны әлі күнге келмегенін қалай түсінеміз? Жоқ, бар құрметі куәлік тапсырып, төс белгі қадаумен таусылғаны ма? Бұларға қоса шапан кигендер де бар, олар-тым құрметтілер, иә, солай, адам мен шапанның «қасиеттерін» қожанасыр жарықтық атам заманда-ақ керемет дәл тауып айтқан ғой. Оны елдің бәрі біледі, сонда да естеріне бір салып қойғым келіп отырғаны.
* * *
Қожекең тойға барған ғой, сөйтсе, жұпыны киіміне қарап, ешкім елемепті. Әрі-беріден соң тондылар Қожанасырды ысырып, той табағынан алыстатып жіберіпті.
Осы ауылдың келесі тойына Қожекең көршінің әдемі шапанын киіп барыпты. Ой бір келіскен шапан екен, мынандай шапанды киген тегін адам болмас деген оймен той иелері Қожекеңді төрге отырғызып, алдына қазы-қарта, жал-жая сірескен табақ қойыпты. Сөйтсе Қожекең табаққа қолын салмай, жеңін малып:
- Же, жеңім, же,-деп шалқайыпты.
Отырғандар:
- Мұныңыз қалай? Неткен қызық адамсыз?-деп шу ете қалыпты.
- Бұл ел тамақты адамға емес, шапанға береді екен. Өткенде киімім келіспей, аузыма бір түйір ет тимеп еді, енді құрметтеп отырсыңдар. Бұларың мені емес, шапанды құрметтеу, сол жесін,-деп Қожекең кеңкілдеп күліпті.
Қожекеңнің заманында шапанына қарай адамы болса, енді адамына қарай шапаны болғаны да.
Құрметті азаматқа кішкентай бір құрмет көрсетудің мүлде болмай тұрғаны өкінішті-ақ. Тіптен мұны ойластырып отырған жан адам жоқ. Әйтпесе, ешқандай қаржыны қажет етпейтін, бар болғаны назар аударатын мына бір жайларды реттесе қайтер еді. Көпшілік мінетін көліктерде Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектеріне орын белгіленген, олар еш жерде кезекке тұрмайды. Өте дұрыс. Осындай құрметке Құрметті азаматтар да лайық.
Құрметті азамат атағын беру – жақсы үдеріс,
Құрметтіге дей көрмегін ілтипаттан күдер үз.
* * *
«Төрт түлік малдың ішіндегі ең естісі - жылқы»-деседі қазақ. Тегі біздің халқымыз білген, жылқы, шынында да, ақылды мал. Кірпияздығы адам таңданарлық. Жылқы ағын суды ғана ішеді, тоқтаған суды татып алмайды. Әрине, мөлдір бұлақ пен таза құдықтың суын да қанғанынша сіміреді. Сиыр сауылған шелектен жиіркеніп, басын кегжең еткізіп көтеріп алады.
Жылқы керемет жершіл. Түнде, яки түтеген боранда адасқан адам басын еркіне жіберсе, аты ауылын жазбай тауып келеді. Жақсы ат иесінің сенімді серігіне айналып кетеді. Адамның айтқанын бұлжытпай орындайтын аттарды кинодан да, өмірде де талай көріп, таңданған жайымыз бар. Оған біреу сенеді, біреу сенбейді, өз басым күмәнсіз сенемін.
Аттың бейбіт күнде көлік, жаугершілік кезде сенімді серік екені бесенеден белгілі. Қуса, жетіп, қашса, құтылатын ат – ер қанаты. Ертеден-ақ батыр мен ат – ер қанаты. Ертеден-ақ батыр мен ат қатар аталып, мадақталған. Алпамыстың байшұбары, Қобыландының тайбұрылы, Қамбардың қарақасқасы – халықтың ерекше ілтипатына бөленген жануарлар. Кендебайдың керқұла аты ақыл айтып сөйлейді. Әлбетте, өмірде бұлай болмайды, алайда, мұнда халықтың жылқы малына деген разы пейілі, шексіз сенімі көрініс алған.
Қазақ жылқыны мінсе көлік, жесе ет, ішсе қымыз ретінде де қастерлеген. Жылқыны, жалпы мал атаулыны түр-түсіне, жасына қарай атауда қазақтан тапқыр халық жоқ. Ойдың оралымдығын, тілдің байлығын көрсететін ол атауларды біз мақтан тұтсақ керек. Жылқы малының жасына қарай атаулары былай болып келеді: құлын, жабағы, тай, құнан, байтал, дөнен, дөнежің, бесті, бие, айғыр, осы атаулар жылқының жынысы мен жылын білудің анықтамасы іспетті. Торы, құла, қара, боз, құба, құбақан, күрең, жирен, қызыл, көк, сары, боз, ақбоз, бөрте, бурыл, шұбар, қасқа, төбел, кер, ақ танау, ақ табан сөздерінің мағынасын түсінген адам жылқыны жазбай таниды. Өкінішке орай, халқымыздың мұндай зеректігі кеміп барады, қазіргі қазақты қалың жылқының ішіне қоя беріп, «Күреңді ұстап мін»-десең, қай атқа тап берерін білмей тұрып қалатыны анық. Күрең мен жиренді айыру үшін қазақ болу керек. Сәкен Сейфуллин жазған қызыл аттың қандай ат екенін білу үшін нағыз қазақ болу керек. Қазіргі қазақтың көбі қызыл атты жирен атпен шатастыратыны күмән туғызбайды. Шын мәнінде, қызыл ат-боз ат. Боз және жирен қызыл деп жүргендері осы – жирен түгі аралас атты қызыл ат дейді.
Малды жасына қарай атау, түсін түстеу, жасын анықтауда мен Аманханнан жүйрік адамды көргенім жоқ. Болайын деп тұрған бала еді, әттең, қыршын кетті. Аманхан-менің досым Қарауылбек Қазиевтің немере інісі. Олардың аталары Мақат малшы еді. Аманхан атасының үйінде өскен.
Қарауылбек екеуміз университетке түсіп, бірінші семестрден соң ауылға келгенбіз. Аманхан оныншы сыныпта оқитын. Бізге қызыға қарап, түбі сөз қуған адам болатынымызды біліп, қажеті болар-ау деп мал жөнінде төгілтіп әңгіме айтқаны бар еді. Әңгімесі мал жөнінде болғанымен, біздің халқымызға деген мақтанышы, сүйсінісі ғажап еді. Бізден көп кіші бала:
– Ағалар, дүниеде қазақтан ақылды, білгір халық жоқ. Мал атаулыны
жасына, жынысына, түрі-түсіне қарай соншама дәл, барша қасиетін жан-жақты қарастырып бейнелеген халық жоқ,-деп тебіреніп еді.
Қайран бала Кеңес әскері қатарында қызмет етіп жүрген жерінде бір оңбағанның оғынан қаза тапты.
Мен: «Қарауылбек екеумізден гөрі сол бала мықты қаламгер болатын еді-ау!»-деп қазір де өкінемін. Аманхан маған ұлтын шексіз сүйген патриот болып көрінеді де тұрады.
Аманханның өліміне себепші болған оның осы өз ұлтын шексіз сүюі болған шығар деп те топшылаймын. Әскерде қызмет еткенімде көрдім ғой, онда орыс шовинизмі сұмдық өріс алған болатын. Өзге ұлттың өкілдеріне орыс солдаттары ойына келгенін істейтін: ұрып-соғатын, есебін тауып өлтіріп те жіберетін.
Аманханды жерлеуге әкесі- Ұлы Отан соғысына оң аяғын беріп қайтқан Мейнақ ағамыз барды. Сондағы алып қайтқаны Аманханның аппақ көйлекпен боп-боз болып төсекте жатып түскен суреті. Есіл ер көзі жәудіреп алыста қалған елімен, кіндік кескен жерімен, құлын-тайдай тебісіп өскен достарымен қимай қоштасып жатқандай кейіпте екен. Біздерге екі ағасына, Қарауылбек екеумізге де мұңын шағатындай, аянышты. Жүрек сыздады, басқа амал жоқ. Шарасыздық шарықтаған заман еді ғой ол.
Малының жайын білген қазақ – нағыз қазақ. Аманхан сол еді, көктей салды. Оны жалмаған тажал – еріксіз ел болған күніміз, құлақ кесті құл іспетті күйіміз. Келмеске кетсінші, қайтып келмесінші сол қою қара бұлтты күндер. Өз елінде емін-еркін жүрмеген, ашық-жарқын күлмеген адам – бақытсыз. Адамды пәле-жаладан қорғайтын күш – қоғам. Қоғамына қарай адамы дейтін сөз өте орынды. Тәуба, қазақты қорғайтын қоғамы, заңы бар мемлекетімізді мақтан етсек болар енді.
Біздің алтын құрсақты аналарымыз талай Аманханды әкелер өмірге әлі. Солар өз жерімізде еркін өмір сүрсе екен. Басты тілек – осы, басқасы – бола жататындар.
* * *
(Бастық – баяндамашы.
Баяндама – құрақ көрпе.
Бұл күнде билік басындағылар жөнінде төпеу сөз айтылатын болып жүр ғой, оның қасында «Баяндамашы» деген нем ол?» - деп танау көтеруге де болады. Алайда, менің айтпағымды түгел білген соң, бұл райыңыздан өзіңіз-ақ қайтасыз.
Баяндама деген шіркіннің түр-түрі көп. Оның ең бастысы – ғалымның баяндамасы. Бұл – ғалымның белгілі бір мәселені күн-түн қатып ұзақ зерттеп барып жасаған ой қорытындылары. Мұны баяндама жасап тұрған адамның ақ адал малы десе болады. Мұндай баяндаманы оқығандар мәселенің бүге-шігесіне кереметтей қанық, сөзге жүйрік, ойы анық болады.
Ал, менің құрақ көрпеге теңеп отырған баяндамам – бастықтар оқитын баяндама.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында облыстық партия комитетінде қызмет істеген кезімде бұл баяндаманың қалай жазылатынын, қалай оқылатынын аз көргенім жоқ. Облыстық пария комитеті түрлі кеңестерді, жиналыстарды, конференцияларды бірінен соң бірін өткізетін. Оларда көбінесе баянадаманы бірінші хатшы жасайтын. Облыстық пария комитетінің экономикалық-өндірістік, саяси-қоғамдық өмірдің барлық саласын қамтитын бөлімдері бар. Солар өзді-өздерінің айналысып отырған жұмысын жіліктеп жазады. Ол жазбалардың бәрінің басын қосатын адам болады. Әрине, ол – жазудың жайын білетін ақылды адам. Сол илеуін қандырып, тігісін жатқызған қомақты қағаз баяндама болып шығады. Ол адам қанша жерден жазғыш болсын, баяндама бәрібір бір адамның басынан шықпаған, құрақ дүние болушы еді.
Бастыққа бәрібір, биік мінберге шығып алып, ал кеп оқитын. Адамның өз жанынан шықпаған соң қиын, көп бастықтар қағазда жазылған жайға ие бола алмай, тіптен шайнап бергенді жұта алмай, кібіртіктеп қақалып-шашалып қара суға түсіп терлейтін, бірақ өл-тіріл, оқып шығу керек, әйтпесе абыройыңнан да, жеп отырған наныңнан да айырыласың.
Осы қайткенде де оқып шығу керек дейтін кеселдің қызық жайға ұрындыратын кезі де болатын.
Облыстық пария комитетінің жазып берген қағаздан бас көтермейтін бір хатшысы абайсызда алдына қойған баяндаманың бірер бетін басқа мәселе жазылған қағазбен шатастырып алыпты. Баяндамадағы идеологиялық мәселені зулатып оқып тұрған хатшы ауыл шаруашылығы туралы айта бастайды. Зал сілтідей тынып, тыңдап отыр.
- «Ақкөл» совхозының аға шопаны Әскербек Баржықов әр 100 саулықтан 204-тен қозы алды. Бұл – рекорд!
- Тоқта! Мен бұл жөнінде өткенде шопандар слетінде айтпап па едім? Айтқам. Е-е, мынау сондағы баяндамам ғой. Бұл мына баяндамаға қалай қосылып кетіп жүр?
Александр Степанович, мынау не, неғып шатастырып жүрсіңдер.
Облыстық партия комитеті ұйымдастыру-партиялық жұмыс бөлімінің меңгерушісі Александр Степанович Титов орнынан көтерілді. Үн шығаруға дәрмен жоқ, қып-қызыл болып кеткен, сілейіп тұр.
Хатшы баяндамасына қайта үңілді.
- Жданов атындағы совхоздың аға шопаны Шәріпбеков әр 100 саулықтан 203-тен қозы алып, Талас ауданы бойынша Әскербек Баржықовтан кейінгі екінші орынға ие болды.
Хатшы негізгі баяндамасына, бастап қалған бетті түгел оқып, мүлде басқа мәселенің басын шалып барып көшті.
Жұрт ештеңе бүлінбегендей жым-жырт тыңдап отыр.
Осындай да күн өткен.
Бекер обалы қане, баяндамашының, яғни хатшының бәрі ноқай емес, олардың дені баяндаманың өздері жетекшілік етіп отырған мәселе айтылған жерінде тым нық сөйлеп заулай жөнеледі. Оларды сасқалақтататыны – баяндаманың өзіне таныс емес жай қамтылған тұсы. Баяндамашының бетін кім қайтарсын, баяндаманы оқып барып, бір-ақ тоқтайды. Баяндамасының бірі – құрау, бірі – жамау болғанымен ісі жоқ, бастық төрде шалқып отырады.
Мен осы жайды сатирик ақын інім Толымбек Әлімбекке айтып, баяндаманы алуан құстың үнінен тұратын күрделі музыкалық шығармаға, баяндамашыны барлық құстың даусын салмақ болып пұшайман күйге түсетін қарақұсқа теңеп, әжуалап өлең шығаруын сұрадым. Идея Толымбекке қатты ұнады, бірақ бала мұндай өлең үшін таяқ жейтінін біліп қалған екен, әне-міне деп жүріп, аяқсыз қалдырды. Міне, енді басқа жанрда өзім жазып отырмын.
Баяндаманың жазылуы жөнінде қызық жәйттар да болып жататын. Баяндамаға қосатын өз «кусогын» (орысша әдейі жазып отырмын, себебі өте дәл мағынасын береді) уақытылы жазып бермеген қызметкер, бөлім бастығы құдайдың кәріне ұшыраған адамның күйін кешетін. Жаза білетін адамның жүзі жарқын жүретін.
Біз кеңестік қоғамдық қатынастарды кәдімгідей-ақ өзгерттік. Алайда, бастықтар сол баяндамашы күйінде қалып қойды. Баяндаманың жазылу технологиясы да сол қалпында. Бастық екі адамның басы қосылған бес минут жерде сөйлейді екен, аппарат қызметкерлері онысын бес күн ала шапқан болып жүріп дайындайды. Не айтып, не қоятынын өзі ойлап, өзі қорытып, сөз тізбегін құрап сөйлемеген соң адам кімге, жоқ, неге айналады, оны, оқырман, сен де, мен де білеміз, бірақ айтуға ауыз бармайды. Толымбектің жас кезде білгенін біз қартайғанда болса да ұқтық. Бастықтарға халық шығарған «Шайнап берген ас болмас» - деген мақалдың түкке қажеті жоқ. Қажеті – жан қиналмай, әдемі, шешен сөйлеу. Әй, бірақ сонда да ақылды адамның жөні бөлек қой. Бөлек!
Осы жерде сондай бір ақылды адам туралы айтудың реті келіп тұр.
Мен облыстық партия комитетінде қызмет істеп жүрген тұста идеологиялық хатшы болып Ғайникен Айдарханқызы Бибатырова келді. Алматыда, Алматы облыстық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарып, Москвадан Қоғамдық ғалымдар академиясын бітіріп келген бұл кісі - өте мәдениетті де сауатты партия қызметкері еді, екі тілге бірдей жүйрік болатын.
Сол жылдары басша партия, кеңес қызметтерінде істейтіндердің дені не орысша, не қазақша көсіліп сөйлей де, жаза да алмайтын ноқайлар еді. Мен қазір ойлаймын: оларға мұның қажеті де болмаған. Шынында, сөйлейтін сөзін біреу жазып, қағазға бастырып, алдына қойса, елге оқып бермей не құдай ұрыпты.
Есте есті сөз қалады. Ғайникен Айдарханқызының мына бір сондай сөзі көкейіме қатты ұялаған.
Қазір есімде жоқ, бір бастықтың сөзін жазып, Ғайникен Айдарханқызының алдына қойдым. Әдетте ол кісі оқып шығып, ұнаса, осы күйінде, ұнамаса, қайта жаздырып, әбден пісіріп барып баяндамашыға ұсынады.
Адам қаншама ақымақ болса, соншама кінәмшіл болады. Баяндамашылар сондай еді, алайда Бибатырова олардың тілін табатын.
Мен баяндамашыға арналған қағазды апарып бергенен бірер сағат өткен соң Бибатырова шақырды. Түрінен абыржып отырғаны байқалады.
- Әлдихан, жақсы жазыпсың. Бірақ бұлар мұндай құрмалас сөйлеммен жазылғанды оқи алмайды. Мынаны апарып, әр сөйлемін үш-төрт, әрі кетсе бес-алты сөзден құрап, қайта жазып әкелші, - деді хатшы.
Мен хатшыға қарадым, ол маған қарады.
Біз бір-бірімізді түсіндік, бассыздарға баяндама жазып беру- жатқан бір азап.
Қайтерсің, қызметіміз осы - өз сөзімізді өзгенің аузына салу. Өзгені қайдам, өзім бұл тірлікке барымды салмайтынмын. «Оған осы да жетеді» - деген принцип ұстайтынмын. Шынында, жететін. Тауаны шағын бастық шығандап сөйлей алмайды, тек жазып бергеніңді жалмайды.
Жаратушы – шебер.
Жанды-жансыздың бір де біреуі екіншісіне ұқсамайды, қандай да бір айырмашылығы болады. Дүниедегі ең ұқсастар, қазақ сойып, қаптап қойғандай, орыс «близнецы» дейтін егіздер. Міне, осы егіздердің өзінің бір-бірінен айырмашылығы болады.
Жаратушы – жомарт.
Әйтпесе, соншама рең, түс, түр, мүше, қимыл, мінез-құлық, әдет, үн, қуаныш, қайғы қайдан табылған?
Бұл – қолдан келмес құдірет.
Мұның сырын іздемек болу- «Бояушы – бояушы десе, сақалын бояптының» керін кию. Ешқандай ғалым құпиясын аша алмайтын ғажайып – ол.
Жаратушы – жұмбақ.
Ол – сол тылсымдығымен ұлы.
* * *
Кешегі кеңестік кезеңде «Жарыс жариялылығымен күшті» деген бір аталы сөз болды. Менің бұл сөзді бұлайша әспеттеуімнің сыры – терең. Жариялылық дегеніміз керемет ұғым. Жариялылықтың тереңінде оның үлгі күші тұнып жатыр. Жарыс озатының игі ісінен үлгі алып, оны қайталау – абыройлы тірлік болып саналған. «Бірдің үлгісі – мыңға» дейтін әдемі ұранның түп төркіні – жариялылық.
Коммунистік партияның идеологтары – ақылды адамдар болатын. Олардың ойлап тапқан қоғамның қозғаушы күші боларлық тетіктері өте көп. Соның ең ықпалдысының бірі – осы жариялылық.
Қазір енді социалистік жарыс жоқ, нарық бар. Нарықтың құдіреті жарыстан да, міндеттемелерден де әлдеқайда күшті. Нарықта жолы болып жүргендерге жариялылықтың түкке керегі жоқ. Олар, негізінен, заңды айналып өтуге бейім, тірліктерінің көбі күмәнді адамдар. Шынын айту керек, бизнесмен, ілкімді, іскер, кәсіпкер аталып жүргендерге жариялылық емес, бас-аяғын қымтап, бет-ауызын тұмшалап алу тиімді. Оның мәнісі, меніңше, табыстарын жасыруға саяды, жамылғы сөздері дайын – «коммерциялық құпия». Құпия жүрген жерде қулық-сұмдық жүреді. Олардың күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалып ойлайтыны - өз қазанын толтырып, қалтасын қампайту, ашық-жарқын емес, жымысқы тірлік кешу.
Бизнесмен кім үшін байиды? Әлбетте, өзі үшін. Неге біз кеңестік кезеңдегі социалистік жарыстың жеңімпазына көрсететін құрметті нарықта жолы болғанға көрсетеміз. Меніңше, бұл екеуін шендестіру ақылға сыйымсыз. Озаттың еңбек жетістігі – халық игілігі еді, кәсіпкердікі - өзінікі. Ендеше жыл сайын мемлекеттік наградаларға ие болғандардың ішінде өз тірлігіне өгіз қара күшін салып жүргендердің көп болатыны қалай?
Меніңше, қоғам өзгергенмен, құндылықтарды бағалау өзгерген жоқ. Әйтпесе, социалистік қоғамда жақсы көрсеткішке жеткен еңбеккер мен қазіргі баюдың амалына жүйрік, жұлқар бір қатарда тұрар ма еді. «Кәсіпкер – салық төлеуші», - деп дау айтушы табылар. Оны мен де білемін, бірақ олардың әуелгі ойлайтыны өз мүддесі. Олардың наградасы – табысы.
Бір сөзбен айтқанда, қазір қоғам басқа, ендеше оның құндылықтарына өлшем де басқа болуы керек. Көзқарас тек ғылым-білім, әдебиет, мәдениет салаларына өзгермегені ләзім. Ғылым-білім жаңалығы адамға барлық кезде қызмет етеді, әдебиет пен мәдениеттің жетістіктерінен сусындамаған адам көр болып қалады. Оларды өмірге әкелушілер қай қоғамда да құрметке лайық.
* * *
Біраз уақыт қазақ радиосы жүрісінен жаңылып еді, көшін қайта түзеді. Сөз бар ма, радионы да, киноны да әңкі-тәңкі еткен құдіретті күш – теледидар. Алайда өмірдегі әр нәрсенің өз орны болады. Радио да солай, оны ешқандай видео, аудио аспаптар алмастыра алмасқа керек. Радио халыққа алуан түрлі хабар-ошарды дер кезінде жеткізу жөнінде алдына ешқандай құрал салмайды. Тек оны тиімді пайдалана білу керек.
Қуанарлығы соңғы кезде бұл жағына айтарлықтай назар аударыла бастады. Ең бастысы, радио тетігін бассаңыз, саңқылдап сөйлеп тұратын болды. Оны тыңдаған адам халқымыздың өткені мен бүгінін сөз еткен тамаша материалдар тыңдап, әсем ән мен тәтті күйге құлақ құрышын қандыратын болып жүр.
Қазақ радиосының, оның ішінде Жамбыл радиосының да ұқсата алмай жүрген бір тірлігі – соңғы хабарларды эфирге шығару.
Бір кезде аз да болса радионың нанын жеген маған бұл кемшілік бірден байқалады. Айталық, хабарды жүргізуші тілшіге сөз берерде жұртқа жария етілер жайдың тоқ етерін айтатыны бар. Бағдарламаны жүргізуші хабардың шет жағасын шығарып, әрі қарай тілші іліп әкетуі керек. Жоқ, жүргізуші бірін айтамын деп бәрін айтады, тілші енді оның сөзін бұлжытпай қайталап тағы бір-екі сөйлем қосады. Одан кейінгі бір келіспеген тірлік – ақпараттарды, әсіресе, жаңалықтарды жария етуде радионың облыстық газеттерден кейіндеп жүруі.
Сөз жоқ, жаңылық – біреу. Мысалы, облыста жаңа бала бақша ашылған екен, газеттің де, радионың да халыққа жеткізетін хабары - осы. Алайда, бұл хабарды олар өздеріне ғана тән әдіспен хабарлауы керек. Бұл тұста радио шіркін жеделдігі жөнінен ешкімге жеткізбеуі тиіс. Хабарға жан бітіріп жариялауда да оның ерекшеленгені жөн. Бұл – радио хабарларында тілші самбырлап сөйлей бермей, өзгелерді де сөйлетуі керек деген сөз. Мұны адамның өз үні (живой голос), десек керек. Хабарға қатысушының сөзі оны жанды етіп, жандырып жібереді.
Өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары радио құлағын бұрасаңыз, әдеп кеп оның біздің облыстағы тілшісі Кәрім Баялиев сөйлеп, небір жаңалықтарды жеткізіп жататын. Майталман тілшінің хабарларында адамдардың өз үні көп естілуші еді. Қап, оның осы озат тәжірибесі өмірден өзімен бірге кеткенін қарашы!
Кәрекең өз тәжірибесін жастарға үйретуден жалықпайтын, облыстың белгі радиожурналистері Қыстаубай Байтуов, марқұм Қасықбай Асаубаев, тағы басқаларымыз Кәрекеңнің костюмінен шыққан едік. Ол қазақ радиосының өзінен кейін тілшісі болған Лесбек Сайлаубековтің де осы бір қиын жұмысқа тез машықтануына көп көмегін тигізген болатын. Кәрім Баялиевтің бұл саладағы ерен еңбегін еске алатын біраз шәкірттері бар екенбіз, шүкір, дейік.
* * *
Мына қызықты қараңыз, адамдар жас санауды білмейді. Таңданыңыз-таңданбаңыз, солай. Нанбасаңыз, осы жылдың басында, яғни, қаңтар айында елуге толған адамнан «Қаншадасыз?» - деп сұраңызшы, «Елудемін», - дейді. Шын мәнінде ол елуге толған күннен, сағаттан, минуттан бастап елу бірде. Менің бұл айтқаныма таласатындар табылар, оларға айтарым: елуді шұңғыл ыдыс, жылды соған құйған су дейік. Ыдыстың сыйымдылығы елу литр, әр литр бір жас болсын. Ыдысқа елу литр су құйдыңыз екен, грамм артық болса, асып төгіледі. Жас та солай, елуге толдыңыз бітті, ендігісі артық, елу бірдің еншісі. Осы сәттен бастап елу бірдесіз. Бұл ретте орыстар дұрыс айтады: «Исполнилось пять десят лет», «На пять десят первом году жизни», - деп. Мұны «Елуге толды», «Елу бірге қараған шағында» деп аударып жүрміз. Бұл аудармалардың алғашқысы дұрыс, соңғысы – қате, оны елу бірде деген жөн.
Сөз бар ма, бұл – білімсіздіктен емес, әр сөздің түбіне терең бойламаудан орын алып отырған жайт.
* * *
Орысша мына іспетті бір мәтел бар: «Сен досыңның кім екенін айтшы, мен сенің кім екеніңді айтайын». Жұрт осы мәтелді айтуға құмар. Меніңше, бұл – шындыққа сәйкес келмейтін мәтел. Мәтелдің айтатыны – сенің досың қандай болса, сен де сондайсың. Жоқ, мен айтамын: достардың мінез-құлқы, қасиеті, болмысы әмісе бір-біріне сәйкес келе бермейді. Досы азғын, өзі асқан жігіттер аз ба, тәйірі. Екі дос ешқашан бір қалыптан шыққандай ұқсас болмайды.
Біз де өмірдің талай асуларынан өттік, көпті көрдік десек те болады. Өмірде дос аз болған жоқ. Дос болудың өмірдің өзіндей мезгілдік өлшемдері бола ма деймін. Бала күнгі дос, жігіттік шақтағы дос, есею жылдарындағы дос, мәуеміз піскендегі дос. Осылардың ішіндегі ең аяулысы – бала күнгі дос. Тағдырдың жазуы шығар, менің бала күнгі достарым Әлібек пен Қарауылбек бақилық болып кетті. Мен қазір осы екі досымның қайсысының есімін бұрын атарымды білмей дал болып отырмын. Бір нәрсе анық – олардың екеуі де қазақтың марқасқа ұлдары еді.
Қарауылбек Қазиев екеуміз Қазақ мемлекеттік университетінде бірге оқыдық, жазушылық жолға да қатар түстік. Сол жылдары бірге оқыған студенттер бірімізді бірімізден бөлектеп көз алдына келтіре алмас еді.
Дос болу – ауыз жаласу емес. Достардың арасында адамға тән барлық мінез көрсетулер, характер қақтығыстары болмай тұрмайды. Достың ең басты қасиеті – кетіспейді. Бір ренжіскенге қол сілтеу – достықтың белгісі емес. Ел сұмдық тату деп білетін Қарауылбек екеуміз де аз ренжіскеніміз жоқ, бірақ қайта табысып, ойнап-күліп кете беретінбіз. Біз дос деген ұлы ұғымға адалдықтан айныған емеспіз. Екеуміз жер бетінде қатар өсіп тұрған, жер астындағы тамыры ұйысып кеткен қос бәйтеректей едік.
Өткен ғасырдың 84-ші жылы қазан айының басында мен ауызекі тілде партактив деп аталатын, шын мәнінде облыстық аурухананың 2-терапия бөлімінде жүрек ауыруынан емделіп жатқанмын, қасында біздің курстасымыз Тоқташ Серікбаев бар Қарауылбек келді Шымкенттен көңілімді сұрап.
- Өй, саған не болған ауырып, ештеңеге мойымайтын күшті едің ғой. Жүрек деген не ол, жүгірсең жоқ болады ауруың, - деп, өзінің күнде жүгіретінін, содан зыптай болып кеткенін айтты.
Менің бала кезден анау-мынауды елемейтін жігерлі екенімді Қарауылбек достан басқа кім білсін?! Қарауылбектің «күшті едің ғой» деген сөзі күш-қуат берді, жазылуға бет алдым.
Қарауылбек мен ауруханадан шықпай жатып, төтен келген ажалдан бақилық болды.
Қарауылбектің қызметке араласқан саналы өмірінің бәрі Шымкентте өтті. Оның ол өмірі де, өлімі де маған құпия, белгілісі – достығымыз.
Әлібектің жөні – бөлек. Екеуміз – Кербұлақтың балаларымыз. Қарауылбек те Кербұлақтың баласы, бірақ оның үйі ойға - Шуға ерте көшкен, ал Әлібек екеуміздікі Кербұлақта көп отырды.
Әлібек екеуміз Шоқпар бекетіндегі орталау мектепті бірге оқып бітірдік. Содан кейін барып жолымыз екі айырылды. Әлібек еңбекке араласты, әскерге барып келіп, Шоқпардың шағал тас өндіретін карьерінде экскаваторшы болды, сырттай оқып, жоғары оқу орнын бітірді. Еті тірі жігіт деп осы Әлібектерді айтқан ғой қазақ. Шаруашылықтарда зоотехник, бас зоотехник болды. Нарық жолына да ерте түсті, ауылда шұжық өндіретін цех ашып, талай адамға жұмыс тауып берді. Туған ауылымызға Әлібектің пайдасы көп тиді.
Амал не, ол да ерте аттанып кетті бұл өмірден.
Нағыз досым осы Әлібек еді.
Қашан, қайтіп, Шу жеріне аяғым тиді екен, дереу Әлібек іздеп табатын мені. Әй-шәйға қаратпай, Кербұлаққа қарай ала жөнелетін. Балалығымыздың ізі қалған жерге келіп, өткен-кеткенді айтып, рахатқа батып жүрер едік.
Қалада, қызметте, «қысылғаннан қыз болып» жүрген сары тап кейіптен түк қалмай, мәжірежай күйге еніп, әй, бір рахаттанар едік.
Ол дос жоқ, көңіл көтерілмей, кір басып барады.
Менің, жоғарыда өзімше бөлшектенгеінімдей, мезгілдік, әлде, мерзімдік пе екен, достарым аз болған жоқ. Бәріне бір нәрсе ортақ, оның аты – бір-бірімізге жақсылық жасау. Мен ол достарымның бәрін сыйлайтынмын, бір Жорабайдан басқасының бәрі өмір ағымымен алыста жүр. Бар болғаны кезіккенде білдіреміз достығымызды. Сол да жетіп жатады. Дос сынамайды, қуанады. Дос тәуелді емес, емін-еркін болады. Дос жақсыңды асырып, жаманыңды жасырады. Достың достан айнымайтын болуы қажет емес, әр адамның өзіндік беті бар. Тегінде, ең бастысы, бірін бірі түсінген адам дос болады. Менің жоғарыдағы мәтелді жоққа шығаратыным осы – мінез-құлқы бір-біріне ұқсайтын адамдар да, ұқсамайтын адамдар да дос бола береді бір-бірімен.
Мақал-мәтел – талассыз тұжырым. Соны біле тұра мен мына мәтелмен пікір жарыстырған болдым. Бірдеңе дәлелдей алдым ба, жоқ па, оны өзің ойлан, оқырман.
* * *
Мен түсінбейтін бір қызық бар, ол – қылмыс болған, болып жатқан жерге полиция қызметкерлерінің көліктерін бақыртып-шақыртып келетіні. Кинодан да, өмірден де көріп жүрміз, полицейлердің өздері «сирена» деп атайтын бұл дабыл қылмыскерді шошытып, үркітуден басқа түк те емес.
Мүмкін, бұл әрекеттің біз білмейтін, полицейлерге тиімді бір құпия сыры бар шығар. Табиғаттан дана ешкім, табиғаттан түсінікті ешнәрсе жоқ. Табиғаттың перзенттері жыртқыш аңдар бұйырған нәпақасын бұғынып барып бас салады. Бұл – табиғи құбылыс. Ендеше, біздің полицейлер қылмыскерді неге сырнайлатып-кернейлетіп келіп ұстауы керек? Біз де көрдік, бізден гөрі полицейлер сиренаның үні естілді болды қылмыскердің оқиға болған жерден дереу тайып тұратынын көп көрді.
Әрине, полиция қызметкерлерінің қылмыскерді ноқталау жөнінде былайғы жұрт біле бермейтін әдіс-тәсілі өте көп. Мына дабыра қылудың да бір сыры бар шығар. Қайдам, қайткенде де бұл – қайран қалдыратын әрекет.
Енді «Біз де көрдік» дегенге келейін. Біздің үйдің екінші қабатында А.С.Вязовой деген қария тұрады. Александр Спиридоновичтің үйіне әр жылдары екі рет ұры түсті. Екеуінде де ұры ұстатпай кетті. Себеп – жоғарыдағы мен айтып отырған жағдай. Құқық қорғаушылар дабыра қылып үйдің алдына келіп, машиналарынан түсіп жатқанда ұры артқы жақтағы лоджиядан секіріп түсіп, ізін жасырып кетті. Егер полицейлер үн шығармай келіп, үйді қоршап алса ғой, ұры қолға түседі.
Тегі қай істі де азан-қазан қылмай, үнсіз атқарған дұрыс-ау.
* * *
Адамның адамдық қасиетінің өлшемін анықтайтын екі қасиет бар, олар: біреуге жақсылық және жамандық жасай алу. Осы екеуінің бір де біреуі қолынан келмеген адам - әншейін-ақ, адамсымақ.
* * *
Төрт түлік малды бір-бірімен салыстырып, бірінен-бірін артық, кем санау дұрыс емес, бірақ сөйтеміз. Сол жаяу әңгімеде сиыр көп мақтала бермейді. Үлкендердің айтқанынан талай естідім, бұрын көшпелі өмір сүрген кезде сиырды тіптен көзге ілмепті, аттың кәшегін жеп, қаңғып жүретін көрінеді.
Сиыр – кедейдің малы. Социалистік қоғамның жоқ-жітік жайлаған алғашқы кезеңінде адамға сиырдай пайдасын тигізген мал болған жоқ. Шаруаға бір бұзаулы сиыр, бес қой-ешкі ғана ұстауға рұқсат еткен сол заманда аша тұяқ, ай мүйізді бұл жануарлар баққанның аузын аққа, жеңін майға тигізді. Қазақтың қара домалақ балаларының өзегін талдырмай, ойынға қосты. Оны айтамын, кейінірек қаптаған ұжымшарлар мен кеңшарлардың негізгі табыс көзі сиыр болды. Кәшек жеп, қаңғып жүретін сиырлар шаруашылықтардың қоржынына өз өнімінен түскен қаржыға салынған саңғырлаған сарайларда жем мен шөптің ең құнарлысын құныға соғып тұратын дәрежеге жетті. «Сиырдың сүті – тілінде» екенін білген жұрт сиырдан ештеңе аяғанды қойды. «Дүние – кезек» деген сөз рас екен, енді өзге мал сиырдан қалғанын жейтін болды.
Өзгені қайдам, өз басым сиырға өлшеусіз қарыздармын. Біздің үйдің қазығынан бір бұзаулы сиыр кетіп көрген емес. Солардың ішіндегі ең елеулісі – көк сиыр. Менің Ұлы Отан соғысына кетіп, оралмаған Бекет ағамның бәсіресі – көк бұзау өскенде жолым үйдей көк сиыр болды. Жетім бұзау арқандаулы тұрғанда көршінің баласы Әуесбек сүзісіп ойнайды екен. Содан барып кейін көк сиыр сүзетінді шығарды. Бір айтарлығы – көк сиыр ешкімді әдейілеп сүзбейтін, тек өзіне тиіскен адамды ғана мүйізімен бір қағып тастайтын. Ондайда көк сиыр біздің үйдің үлкен-кішісінің даусы шықты екен, қалт тоқтайтын.
Көк сиырдың әңгімесі көп, егер кім де кім менің «Шаншар атай» атты хикаятымды оқыса, көк сиыр туралы біраз нәрсе жазғанымды білер еді. Бұл хикаятты оқыған белгілі жазушы Жайсаңбек Молдағалиев: «Қазақ әдебиетінде сиыр туралы хикаят жазған жалғыз сенсің. Жарайсың!» - деп ризалығын білдірген.
Көк сиырдан басқа сиырларымыз да біздің отбасымызды бір-бір биікке шығарып тастаған-ды. Менің балалығым ауылымыздың әр үйі бір сиырдың желінін тартқан тірлікпен астасқан.
Ұжымшардың кез-келген жұмысын істеп кете беретін әкем кейін сиыр бақты, ағам Шәкен де сол жолмен жүрді.
Сөйтіп біздің үйдің балалары сиырдың сүтімен ержеттік, сиырға жұмсалған еңбектің өтеуімен өстік.
Мен жас кезімде сиырдың ішінде аз жүргенім жоқ. Сиыр туралы жазатын жайларым көп, реті келіп жатса, оларым қағаз бетіне түсіп қалар. Әзірге айтарым: сиыр – менің замандастарымның бала кезінде таңдайына ақ, маңдайына бақ болған мал.
«Жылқы – адам мінездес», – деседі. Сиырда да адамға тән мінездің бәрі бар, тек көре білу керек. Әсіресе, сиырдың бауырмашылдығы – таңданарлық.
Мен өскен Кербұлақ тауында қасқыр көп болушы еді. Уақ жанды ел көзден таса етпейтін, өйтпейді екен, қасқыр жеп кететін. Ол кезде шанда біреуде болмаса, жылқы жоқ. Бары күндіз адамдардың тақымының астында, түнде ауыл маңында тұсаулы, шідерлеулі тұрады.
Ауылдан ұзап жайылатын мал – сиыр ғана. Елсіз, жырақтағы жыралардың шүйгін шөбін орып оттап жүретін сиырды қасқыр жемейтін, дұрысы жей алмайтын. Кезеңнен көк шуланның қос құлағы қылтиып көрінді екен, сиырлар шоқтай болып иіріліп, тана-торпақтарын орталарына алып, мүйізін тосады. Қасқырға да жан керек, аузының суы қаншама аққанымен, басқа, оңай олжа іздеп кетуге мәжбүр болады.
«Ойда отыз сиыр өкірсе, қырда қырық сиырдың мүйізі сырқырайды» дегеннің шындығын талай рет көзім көрді. Қапелімде қасқыр жазатайым еткен сиырдың жемтігіне немесе ашық жатқан бауыздау қанына тап болған бұл жануарлар өкіріп қоя береді. Аталасының жан түршігерлік даусын естіген сиырлар жан-жақтан өңкілдеп келіп, қан жатқан жердің әлем-тапырағын шығарып, азан-қазан болады. Құдды бір өлікке жылаған адамдар іспетті.
Сиырға жамалған бір жаман сөз бар, ол – сасық. Мен бұл сөздің растығына күмәнмен қараймын. Әлбетте, әр малдың өзіне тән иісі болады, ол сиырда да бар. Асфальтта өскен тік аяқ болмаса, мал ішінде көп болған адам ол иісті елемейді. Ал, сасық деп мұрнымызды шүйіріп, жек көріп отырған сиырымыз жаман иістен өлердей жиіркенеді. Ұлы сөзде ұят жоқ, «Осырған сиырдай қылды» - деген сөзді айтуға тура келеді. Бұл – көп болып біреуді қоңаштап, зәбір көрсеткенде айтылатын сөз. Мұның керемет дәл айтылғанына таңданбасқа болмайды. Қапияда байқамай жел шығарып қойған сиырды барлық табынның қуып жүріп сүзгенін талай көргенім бар. Осыдан кейін сиырды қалай сасық дерсің.
Меніңше, адамға пайдасы жөнінен сиырға тең келетін мал жоқ. Құрт-майы, ірімшігі – дастарханның берекесі, айранына ешқандай сусын астар бола алмайды.
Жылқының жершіл екенінде дау жоқ. Мен ойлаймын: жан-жануардың бәрі жершіл. Табиғат ананың қолға үйренгендері де, тағысы да барар жер, басар тауын жақсы біледі. Күндіз қанша ұзап кеткенімен, кешке қарай желініне сүт толған сиыр қазығын танбай табады. Сиырдың мұрны иісті тым алыстан тартады. Шөбі шүйгін жыра, сайды, егін, әсіресе жүгері алқаптарын сиырдай тез табатын малды көрген емеспін.
Малсақ қазақ тауып айтқан, «Мал жақсысы – сиыр, жер жақсысы – кебір». Сиыр – шаруаның қорасының құты, өзегіңді талдырмас айраны мен сүті. Сиырдың барлық өнімі адамға ауадай қажет. Өнімі керектің өмірі керек.
* * *
Ауыз әдебиетінің ең кең тарағаны – ертегі.
Ертегі ермек үшін айтылмайды, оның кез-келгені тұнып тұрған ақыл.
Мен – бала болып ертегіні көп тыңдаған, ата болып оларды немерелеріме жеткілікті айтып жүрген адаммын. Ертегілерді жас күнімде де, кейін де аз оқығаным жоқ, қазір де қолыма түскенін бас алмай оқып тастаймын.
Ертегі туралы айтарым аз емес, соның біреуін, жоқ, біреуі жөнінде ғана әңгімелейін.
Ертегі, барлық әдеби туындылар тәрізді, тектен-тек шығарылмаған.
Қазақ ертегілерінің ішіндегі інжу-маржанының бірі – «Аяз би». Сонау балаң шақта «Ана тілі» оқулығынан оқыған бұл ертегі санама мықтап ұялаған. Оны қайталап оқудан жалығып көрген емеспін. Жаманның Аяз би атануына дейінгі жолы ғажап дала даналығына толы. Халықтың жұпыны өкілінің ешқандай әсірелеусіз өрнектелген, соншама қарапайым, асқан дана болмысы таңданысымды бір мысқыл бәсеңдеткен емес.
Ертегінің соңында Жаман ақылы асып, би болады. Мейірімді, тура би «Аяз би» атанады.
Билік – асау ат, ақылды, парасатты адам болмаса, анау-мынауды атып ұрып, жер қаптырып кетеді. Ел тізгінін ұстаған адам асып-таспауы, халықтың қамын жеуден танбауы, әділеттің ақ жолынан айнымауы, жетімді жетелеуі, кемтарға көмектесуі керек.
Осыны жақсы білген Аяз би ордасының маңдайшасына жыртық тоны мен жаман тымағын шегелеп қояды. Кейде хандықпен көңілі ауытқып, тура жолдан таяйын десе, шегелеулі тұрған тымағы мен тонына қарап, «Ай, Аяз, баймын деп аспа, ханмын деп таспа. Аяз, әліңді біл, құмырсқа, жолыңды біл!» – деп өзін-өзі сабасына түсіріп отырған, асып-тасудан аман болған, әділ билік жүргізген.
Шіркін, біздің бүгінгі бишікештер Аяз би аталарының осы әрекетінің астарына кішкене бір үңіле алар ма екен, әй, қайдам?! Егер сол орынтақта отырғандар халық даналығының ғажап үлгісі – «Аяз биді» оқыса, оның әр сөзінің түбіне терең бойласа, ел-жұрт наразы боларлық бір де бір әрекетке бармаған болар еді. Оқымайды. Қап! – деп өкінгеннен басқа амалың қайсы?!
Пендешілік белең алған қазіргі кезде Аяз бидің үлгісі екінің біріне керек.
* * *
Соңғы кездері қазақ әндерінің сөзін бұзып айту белең алып барады.
Қайран бұрынғы өнер майталмандары ән мәтіндеріне ерекше назар аударған. Құрманбек Жандарбеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебеков, Күләш Байсейітова, Манарбек Ержанов шырқаған әндерден қылдай қылпық кездестірмейсің. Олар орындаған ән сөздері анық, дәл айтылатын.
Халық әндерінің кез-келгеніне салып айтыла беретін әдемі мәтіндер бар. Солардың бірі былай басталады:
Ойлап тұрсам, дүние шолақ екен,
Бұл дүниеге адамзат қонақ екен.
Бір таңғаларлығы әншілердің бәрі осының екінші жолын «Бір-біріне адамдар қонақ екен»,-деп шырқайды. Әншілердің мәтіндері үлкен ой айтып тұрған ән сөздерін түсінбей, осыншама әлсіреткеніне өкініш білдіргеннен басқа амалымыз қайсы?!
Бұл кездегі әншілер ән мәтінін өздерінше редакцияламақ болатын сияқты. Мысал келтірейік:
«Дудар-ай, келер болсаң, тезірек кел,
Орныңа талай жаман таласып жүр». – деп шырқайды әнші.
Дұрысы:
«Дудар-ай, келер болсаң, тезірек кел,
Орныңа орыс, қазақ таласып жүр.
Бұл қалай сонда? Біздіңше бұл – саясаттандыру. Әнші орыс өктемдік құрып тұрған кезде оның жігітін Мәриям сұлу қызға таласатын әумесер етіп көрсеткісі келмеген әрекетсымаққа барған. Сұлу қыз-көздің құрты, оған орыс, қазақ деп жатпай, жаппай ғашық болған. Ал, біздің әсіре сақ әншілер әміршіл жүйе әсерімен орысты өздігінше жақсы қылып көрсетемін деп сұлуға ғашық болу, таласу сияқты нағыз жігіттік әрекетінен айырған.
Халық қазынасына бұлайша суық қол сұғу – қиянаттың үлкені. Қазақ радиосы мен теледидарын тыңдап, көріп отырып, небір сорақылықтарға тап болып, жан күйзелетін сәт, өкінішке орай, жиі болып тұрады. Қорқыныштысы – бір әншінің бұзып айтқан сөзін басқалардың ойланбай қайталайтыны. Мысалы, қазақ сөз, саз өнерлерінің қайталанбас өкілі Кенен Әзірбаевтің «Ойжайлау» әні деп айтылатын әнде мынадай жолдар бар:
«Ақ бүрген, қызыл бүрген, бүрген-бүрген,
Бүргенді аралайды жолын білген».
Әншілер осындағы «бүрген» сөзін «бүрлен» деп өзгертіп алған. Қазақта бүрлен деген сөз жоқ, сонда олар мұны қайдан алған? Меніңше, о баста бір білмес солай шырқаған. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде бүргенге мынадай сипаттама берілген: «Аязға, ыстыққа төзімді, дәмі ащы, кішкене қызыл түсті жеміс өсетін, ақ шешекті бұта және соның жемісі ». Отар даласында болатын бұл өсімдікті Кенекең талай аралаған ғой, әнге қосқан.
Кенекең әндерінің сөзін бұзып айту бір бұл емес, көп, тіптен, ең өкініштісі – сол ауылдың тумасы Саят Медеуовтің шатасуы.
Саят атақты «Келінжан» әнінің бір жерін былай қайырады:
«Ауылыңда «театр, кино жоқ»,- деп,
Баламызды қалаға бастап кетпе».
Кенекең: «Колхозыңда «театр, кино жоқ»,- деп,
Көркемжанды қалаға бастап кетпе»,-деген.
«Ауылыңда», «Баламызға» деген сөздер-жалпы, «Колхозыңда», «Көркемжанды» деген сөздер-нақты.
Абыз Кенен баласы Көркемжан Динаны келін қылып түсіргенде бетін өзі ашып, күні бүгінге дейін, тіптен адам баласы өмір бақи ғибрат алар тағлым айтқан ғой. Оның бір сөзін өзгерту – қиянат.
Қазақтың қазіргі ең талантты әншісі Рамазан Стамғазиев «Жайық қызы» әнін нәшіне келтіріп орындайды. Қазақ сөзінің ерен зергері Зейнолла Қабдолов Жайықтан бір қыз көріп,
«Асыққан балықшы екен, амалым не,
Қалдым-ау, ести алмай бір ауыз сөз», - деп аһ ұрады. Рамазан Стамғазиев болса, «жолаушы екен», - деп сипай сөйлейді. Бұл не, Рамазанның Зейнолла ағасын, балықшы қызға ғашық қылғысы келмегені ме? Қабдолов ол кезде академик емес, әсершіл студент еді ғой, асыққан балықшы қыздан тіптен, бір ауыз сөз ести алмай қалғанына өлердей өкініп, осындай өлең жазған. Оны бұрмалаудың еш қажеті жоқ.
Ұлы Абай өзінен кейінгі ұрпаққа сөз патшасы – өлең ғана емес, «құлақтан кіріп, бойды алар әсем» әндер де қалдырып кеткен. Абай әндерін айтпайтын қазақ жоқ десек, артық айтқандық емес. «Іші алтын, сырты күміс» жақсы сөздерін Абай ғажап сазға да бөлеген. Қай қисынға сиғызарымызды білмейміз, Абай әндерінің сөзін бұрмалайтын да пәле шықты.
Бір әншінің: «Желсіз түнде жарық ай,
Сәулесі суда дірілдеп.
Ауылдың маңы терең сай,
Тасыған өзен күрілдеп»- деп әндеткенін естіп, «Абай жолын» оқымаған өнерпаз да болады екен-ау!»- деп таңдандым. «Маңы» емес, «Жаны»- деген Абай. Бұл өлең – өте әсем сурет. Оқиға ауыл маңында емес, ауыл жанында өтеді. Абай ауыл маңының ауыл жанынан алыс екенін жақсы білген, әнші мұны білмейді. Өлеңге арқау болған жай «Абай жолында» жазылған, әнші оны да білмейді, сөйтеді де осылай әндетеді.
Ән сөзі – жан сөзі. Әнші осыны білуі керек.
Бәкір Тәжібаевтың «Ақ бұлақ» әнін тыңдап отырып қазақтардың өз ана тілінен алыстап қалғанына қынжылмасқа лаж қалмады.
«Сенің келіп» жағаңнан,
Әкем атын суарған.
Сенің келіп жағаңнан,
Анам талай су алған», деп әндетеді әнші.
Жоқ, олай емес, бірінші жолы «Сенің келіп жағаңа» болуы керек.
Мұны аңғаруы үшін әнші білімді болуы тиіс. Сонда әнші аузына келгенді айтпай, әр сөздің түбіне терең бойлай алатын болады.
* * *
«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», сөз жоқ, теңдессіз кітап. Сөздікте 50 мыңға жуық сөз бен сөз тіркесіне түсінік берілген. Өте жақсы. Мектеп оқушысынан қария жасындағыларға дейінгілер қолынан тастамайтын кітап бұл. Бұлай дейтінім, біздің үйде бұл кітаптың үш данасы бар, біреуін мен, екеуін мектепте оқитын екі немерем меншіктеп алғанбыз. Қазақша оқитын немерелерім менен ана сөздің, мына сөздің мағынасын сұрай берген соң, екеуіне екі сөздік сыйладым. Рахат болды, енді екеуі түсінбеген сөзін сөздіктен қарайды.
Мен – қазақ сөзін бір кісідей-ақ білетін жазушымын, сонда да осы сөздікке жиі үңілемін. Сирек кездесетін сөздің мағынасын біліп отырсам да сөйтемін. Білгеніме сенімімді арттырғым келеді.
Қазақ тіліндегі сөз, әрине, 50 мыңнан көп. Әттең, сөздікке соның бәріне түсінік берілгенде жақсы болатын еді.
Сөздік – академиялық басылым, ол ешқандай талас тудырмайтын шындықтан түзілуі тиіс. Меніңше, мына сөздік кемшіліктен ада емес. Оны саралау, әлбетте, тіл мамандарының жұмысы. Мен өзім кездестірген жайды ғана айтайын, шығарма жазып отырып, «Ұшар, құмбыл, әркіл-тәркіл, жымып, татыран, сым» деген сөздердің түсінігін іздедім. Бұлардың кейбіреуі сөздікте жоқ болып шықты. «Жымып» сөздікте «жымыр» деген сөзге түсінікте кездеседі. Аттың құлағын жымып жыпырып алуы, жымитуы» делінген де мүлде түсініксіз, мибатпақ болған. «Татыран» сөзіне екі түсінік берілген. Бірінші – тақыр жер, татыр, екінші – шойындай қара. Мен мұның үшіншісі бар деймін, ол тауда өсетін тамыры шүкір, өзегі тәтті, қурай іспетті өсімдік.
«Сымға» да екі түрлі түсінік берілген. Олар радио, телефон-телеграф, байланысы мен жарық беру үшін электр тогын өткізетін, қымбат металлдан жасалған желі, сым темір; шегені сыптығырлау үшін қолданылатын бірнеше тесігі бар темір қалып. Меніңше сымның да үшінші мағынасы бар, ол – әдеби нормасы шалбар деп аталып жүрген бұтқа киетін киім. Осы сөздікте шалбарға мынадай түсінік берілген:
1. Бұтқа киетін қой терісінен тігілген сырт киім.
2. Түрлі матадан сәндеп тігілген киім; сым. Осының «түрлі» деген сөзін алып тастаса, сымның үшінші анықтамасы шығады. Мұны «диалект» дейтіндер де бар, ол дұрыс емес. Солар тіптен жейде сөзінен де жиіркенген, ал мына сөздікте жейдеге «ерлердің сырт көйлегі», көйлекке «адам денесіне шақтап тігілген жұқа киім» деген түсінік берілген. Бұл бас қатырардан басқа түк те емес. Дұрысы: Жейде – ерлердің жеңіл киімі, көйлек - әйел денесіне шақтап тігілген жұқа киім. Көйлекті ерлер, жейдені әйел киімдеріне қосудың еш жөні жоқ.
«Ұшар, құмбыл, әркіл-тәркіл» сөздеріне неліктен түсініктеме берілмегенін түсіне алмадым. Меніңше, ұшар – 1.Биіктік, төбенің адам ұшып кетерлік басы; 2.Ұшқыр – өте тез жылдамдық алу. Ал, құмбыл – жан-тәнімен мақұл, әркіл-тәркіл – екі ойлы, шатып-бұту.
Менің бұл жерде айтарым: адам мейлі сөздік, мейлі энциклопедия болсын, оларда айтылатындарды өз ой елегінен өткізіп барып, пайдалансын. Өйткені, сөз дәлділігі – әлділігі.
* * *
«Қазақстан» телеарнасы «Қазақтың 100 әні» атты әдемі хабар жүргізіп жүр. Әдемі дейтініміз – белгілі бір ән арқау болып қойылған сұрақтарға зал толы көрермен жауап беріп жарысатын бұл хабар олардың ғана емес, бүкіл халықтың бүгінгі мәдени деңгейін анықтайтын дәрежеге көтерілген. Сұрақтардың тәлім қуаты өте жоғары. Әндерді қазақ өнерінің өң майталмандары орындайды. Байқау қорытындысында қазақтың ең таңдаулы 100 әні іріктелінетін болады. Өткенде хабарды жүргізуші Гүлназ: «Ер басына күн туса, етігімен су ішеді», – деді. Әттеген-ай шешен сөйлеймін деп бүлдірді.
Тағы бір хабарда ақтық сынға шыққан білгірлердің үшеуі жазбаша жауаптарында «Тілендиев» деген сөзді дұрыс жаза алмады. Мен бұған түк те таңғалғаным жоқ. Өйткені, ұзақ жыл баспасөзде қызмет істегендіктен біздің халықтың әлі де сауаты кем екеніне көзім әбден жеткен. Облыстық газетте өткен ғасырда тілші, бөлім меңгерушісі болып хат қорытқан, кейін редактордың орынбасары, бас редакторы болып барша материалдарды саралаған кездері небір сауатсыздыққа кез болатынмын. Өкініштісі, халқымыз сол кездегі деңгейден әлі ілгерілей қойған жоқ.
Жуырда мен: «Немерелерім оқысын», – деп «Қазақ эпостары» деген кітап сатып алдым. 2007 жылы Алматыдағы «Көшпенділер» баспасынан шыққан әсем безендірілген бұл кітаптың бағасының арзан емес екендігі айтпасам да түсінікті болар. Бірақ, баладан неңді аярсың. «Батырлар жырының» көп томдығы менде бар еді, бірінші томы жоғалыпты, мынау соның орнын басқандай болды.
Менің әдетім – сатып алған кітапты бас алмай оқып шығамын. Бұл жолы да сөйттім. Кітапта қате көп екен, көңілім пәс тартты. «Балалар тіл ұстартсын»,– деп алған кітапта көп сөздердің мағынасы бұзылып басылған. Біраз мысал келтірейін, «Байбөрі деген бай шықты» – «Байбөрі деген ел шықты», «Беремін атып қабыланды» – «Беремін атым қабыланды», «Бір ғашықтың зарынан» – «Бір ғашықтың зарпынан», «Адамзаттың жамбасы» – «Адамзаттың жанбасы» болып кеткен. Мұндай қателер екі беттің бірінде кездеседі. Сөз бар ма, баспагерлердің әріп қатесін жібергені – өкінішті-ақ, ал, ойына келгенді жаза салуы – қорқынышты.
Өстіп жаңсақ жазып, аузына келгенді айта салу – тілді шұбарлайтын жаман әдет. Айталық, әне бір күні «Қазақстан-Тараз» телеарнасының журналистері: «Қара қазан қара баланың қамы», «Қорада қойы, далада малы аралас» деп соқты. Дұрысы – «Қара қазан, сары бала», «Қорада қойы, өрісте малы аралас». Сары бала болатыны, қазақ о баста, яғни, Алтайдан түскенде сары болған, екіншісі – тұрақты сөз тіркесі, қырғыз ағайындардың туысы екендігін білдіреді.
Көшелерді безендіру құралдарындағы қателер арнайы сөз етуді қажет етеді. Әсілі, сөйлегенде де, жазғанда да сөзге абай болу керек.
Тіл тереңіне бойлау – халық қамын ойдау.
...Алтынды қолға ұстасаң, жалтылдайтын
* * *
Алтын – ең әуелі сары түсті, жарқыраған қымбат металл. Алтынның келтірінді мағыналары да аз емес. Олар – алтыннан жасалған бұйым, әшекей; қадірлі, қасиетті; бағалы, қымбат; сұлулық пен әдемілік бейнесі. «Алтын» сөзін орнын тауып қолданса, атау сөздердің қай-қайсысын да жандырып жібереді. Алтын өзінен басқа қолданылуында көбінесе анықтауыш рөлін атқарады. Қазақ тілінде «алтын» сөзін қолдану аясы берік қалыптасқан деуге боларлық. Мысалы, алтын алқа, Алтын жұлдыз, алтын қазық, алтын кітап, Алтын Орда, алтын тақ – осындай тіркестер.
Ана бір жылы Есік ауылы маңынан киімі, сауыт-сайманы алтыннан жасалған адам табылды да, оны ғалымдар «Алтын адам» деп атады. Шын мәнінде ол алтын адам емес, алтынмен апталған адам болатын. «Алтын адам» деп дене мүшесінің бәрі алтыннан жаратылған адамды айтсақ керек еді. Әлбетте, олай болмайды, адамның жаны бар, ал, алтын – металл. Металдан адам жасау Құдайдың да қолынан келмес.
Алтынның адамға айналып жатқаны біздің еліктегіштерімізді қалайша бей-жай қалдырсын, бәрі әдеп кеп алтынды көрінген жақсы атау сөзге тіркеуге кірісті. Содан барып алтынды анықтауыш еткен мағынасы келіспеген сөз тіркестері қаптап кетті. Қараңыз, «Алтын дала», «Алтын домбыра», «Алтын шаңырақ» дегендер ақылға қона ма, қонбайды. Алтын «дала», «домбыра», «шаңырақ» сөздеріне ешуақыт анықтауыш бола алмайды. Ендеше, неге бұлай жазамыз, жауабы – қазақ сөзінің бейнелі қолданылуының қатпар-қатпарына жетік емеспіз. Анығын айтқанда, алтын мен мысты ажырата алмаймыз. «Мыс та алтын, күміс те алтын, алтын да алтын, алтынды қолға ұстасаң жалтылдайтын» демейтін де еді халық өлеңінде, сөз-ақ қой. Сол айтқандай, «алтын» сөзін шөпке де, шөңгеге де жапсырмай, орнымен қолдансақ қана жанады.
* * *
Біз, қазақтар, тәуелсіздікке ие болғалы бергі жиырма жыл бедерінде өз аты-жөнімізді қазақша жазудың дұрыс нұсқасын таба алмай-ақ қойдық. Шу дегенде бұл іске тым белсене кірісіп едік, енді саябырсыдық, бірақ мәселе сол ашық күйінде қалып қойды.
Бүгінгі күні қазақтар аты-жөнін төрт түрлі нұсқада жазады, олар: а) бұрынғыша әкесінің атына – ов, – ова, – ев, – ева, – ин, – ина жұрнақтарын; ә) ұлы, қызы; б) тегі сөздерін қосып; в) өз атына әкесінің атын қатарластырып жазу.
Бұл – әркімнің өз ойына келгенін істеу, өкінішке орай, біз осы ала-құлалыққа үйреніп бара жатырмыз. Мен де мұны елеуді қойғанмын, жуырда «Қазақ әдебиеті» газетінде белгісіз бір автордың (өкінішке орай, аты-жөні есімде жоқ) осы мәселе жайлы шыр-пыр болып жазған мақаласын оқып, өз ойымды білдіруді жөн санап отырмын.
Бұл автор аты-жөнімізді жазудың жоғарыда мен көрсеткендердің үшіншісін жан-тәнін салып мақұлдайды.
Мен айтамын: аты-жөнді жазудың төрт нұсқасының ішіндегі ең жаңсағы – осы үшінші түрі, яғни әкесінің атына «тегі» сөзін жалғап жазу. Адамның тегі – арғы атасы, түп-тұқияны.
Осымен бұл тараптағы сөзді тәмамдаса да болар ма еді, оған алған бетінен қайтатын жұрт қайда, біраз тәптіштеп айтпасақ болмас.
«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» «тек» сөзінің үш түрлі мағынасы алға тартылған. Соларды дәлме-дәл келтірейік. «І. «Шыққан негізі, нәсілі, тұқымы. ІІ. 1. Құр бекер, босқа, жай. 2. Тегін, ақысыз. ІІІ. Бір, жалғыз ғана, жалаң».
Бұл сөздің тілші ғалымдар назарына ілікпеген тағы бір мағынасы бар, ол – зеку, тыйып тастау.
Әкесінің атына «тегі» сөзін жалғап жүргендер «тұқымы» дегенді малданатын сыңайлы. Ойлап қарасақ, әкесінің атына «тұқымы» деген сөзді қосып жазса, аты-жөнді анық білдірері айқын. Айталық, Әлім Омартұқымы десе, жетіп жатыр.
Тұқым – омоним сөз. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» оның үш түрлі мағынасы өрнектелген: «1. Түрлі дақыл мен өсімдіктің өсіп-өну, көбею негізі, ұрығы. 2. Арғы атасы, ататегі, нәсілі. 3. Белгілі бір малдан тараған түліктің тегі». Мен айтамын: «тұқым» сөзі бұларға қоса «жұмыртқа», «ұрпағы» деген де мағынаға ие. Ендеше аты-жөнді, Әлім Омарұрпағы деп те жазуға болар.
Мен айтып отырған екі нұсқа да «тегі» деп жазуға қарағанда жөнге келіңкірейді. Алайда, қазір «тегіне» құмарлар өз діттегендерін қолданысқа енгізуге қол жеткізді десе де болады. Жоқ, бұл болмайды. Олай дейтініміз, әке аты мен «тегі» сөзінің арасында жасырын тұрған ілік септігі жалғауын ашып жазсақ, талас тудырмас шындық анықталып шыға келеді. «Әлім Омартегі» деген аты-жөні «Әлім «Омардың тегі» болады. Осыны білгенге әке атына «тегі» сөзін жалғау әбестік болар дейміз.
Қолбасшы Бауыржан Момышұлы бастаған аты-жөнді әке атына «ұлы», соған сәйкес «қызы» сөздерін қосып бедерлеу өміршеңдігін көрсете алмай отыр. Бүйтіп жазу бір-ақ ұрпаққа қызмет етеді. Мысалы, Баукеңнің баласы Бақытжан мен немересі Ержан Момыштың ұлы емес.
Меніңше, аты-жөнді адамның өз атына әкесінің атын қатарластырып жазған дұрыс. Өзіміздің түріктерді айтпағанда әлемнің көптеген халқы өстеді, біз де сөйткеніміз жөн. Рас, мұны алғаш бастаған кезде ерсілеу көрінеді, оның үстіне екеудің қайсысы әкесі, қайсысы баласы екенін ажырату қиын сияқтанады, тіптен әйелдердің өз атына әкесінің атын жарыстыра жазуы мүлдем келіспей тұрады. Біз қазір осындай күйді бастан кешірудеміз. Ештеңе етпейді, бір ұрпақ ауысқан соң әкесінің аты тегіне айналып, араға адамның әкесінің есімі түсіп, реттеліп кетеді. Айталық, Әлім Омар сонда Әлім Керімұлы Омар болады.
Қорыта айтқанда, аты-жөнімізді қалай жазуды сан-саққа жүгірте бермей, адамның өзі мен әкесінің есімдерін қатарластырып жазуға тоқтағанымыз жөн.
* * *
Режиссерлердің драмалық шығармаларды өзінше, жаңаша оқуы деген бір жаман әдет белең алып барады. Олай дейтініміз – бұл режиссердің ойына келгенін істеуінен басқа түк те емес. Өмір адамға бір-ақ рет беріледі.
Драматург өз кейіпкерінің өмір жолын, оның өскенін, өшкенін әбден зерттеп барып, көркем шығарма жазады. Оны сахналаған режиссердің драматург ойын сергек сезінуі керек, сонда ғана пьеса сәтті сахналанады. Өкініштісі, біздің режиссерлердің өзін драматургтен ақылды санап, қолына берген пьесаларға бүйідей тиетіні бар.
Мен драматург ретінде режиссерлердің бүйтіп еркінсуін мүлде құптамаймын. Мейлі, бізді қойшы, режиссерлердің классикалық шығармаларды жұлмалайтыны ақылға сыйымсыз. Сөз жоқ, олардың шетелдік классиктерге тісі батпайды, одан-бұдан көргенін көшіріп, бірдеңе шығарған болады. Есесіне олар – өзіміздің төл классиктерімізге мәтіби. Айталық, жақында Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясын жаңаша оқылымда қойыпты. Соны мақтаған газет мақаласында режиссердің Қарабайдың қолына жүген ұстатып қойғаны, бұл оның сараңдығының белгісі екені айтылады.
Құдайым-ау, сонда сол режиссер қазақ өмірін Ғ.Мүсіреповтен артық білгені ме?! Қайдан, қазақ байының психологиясын Ғабеңнен артық білетін қазақ туа қойған жоқ. Ғабең Қарабайдың бар болмысын қайталанбас деталь-штрихтарымен ашқан. Оған суық қол жүгірту – болмағандық.
Өкінішке орай, қазақ киносының шоқтығы биік туындысына айналған «Қыз Жібектің» сценариі де кезінде жұлмалауға түскен болатын. Сценариді Ғабит Мүсірепов ғажап шеберлікпен жазған. Алайда, режиссер Сұлтан Қожықов пен оған ақыл айтушылар сценаридің ту-талақайын шығарған. Сонда да кең, кемел пішілген туынды әдемі кино болып шықты. Мен ойлаймын: киношылар Ғабеңе құлақ асқанда бұдан да тамаша фильм өмірге келетін еді.
Мен – «Қыз Жібекті» бастауыш сыныптарда оқып жүргенде әсерленіп оқыған баламын. Жырдың көп жерлері сол кездегі балаң қиялыма бөленген күйінде қалып қойыпты. Әттең, «Қыз Жібек» лиро-эпосындағы жүрек шымырлатар қайғылы, сонымен бірге, әсем суреттерді кинодан көре алмай, көңілім пәс тартқаны бар.
Біздің ауылдың аяқ жағында Кербұлақ өзенінің бойында бір шеті қалың қорыс қамыс кішкентай көл бар еді. Төлегеннің жараланып, жан тапсырар сәттегі бүкіл қиналысы маған осы көл жанында өтетін сияқтанатын.
Атаңа нағылет Бекежан,
Арғыннан шыққан қу екен.
Әккі болған сұм екен,
Төлегеннің артында
Алпыс қадам жақындап,
Бір қурайды паналап
Жеткен екен жағалап.
Аруағы оның асады,
Төлеген сынды мырзаның
Қанын судай шашады
Қой боғындай қорғасын
Ажал болып жабысты.
Қыз Жібек пен Төлеген өмір сүрген кездің мына Ұлы далаға орыстың келе бастаған уақытпен тұспа-тұс келетіні бір ғана «мылтық» сөзінен анық аңғарылып тұр емес пе? Ал, кинода бұл жай Базарбайдың орыс көпесімен жылқы саудаласуы арқылы білдіріледі.
Төлегеннің жараланып жатқандағы көңіл-күйі адам аярлық еді ғой.
Мал – опасыз деген сол,
Төлеген мінген көкжорға ат,
Су ішіп әбден қанған соң,
Бір қарақшы астында
Ойнақтай басып жөнеді.
Тақымына басып жүрген жүйрігін жау мініп бара жатқандағы Ер Төлегеннің қайғысына мен жырды оқып беріп отырған үлкендердің бәрі аһ ұрар еді.
Жараланып жатқан Төлегеннің үстінен алты қаз ұшып өтеді. Сонда Төлеген шерлі сөзіне ерік береді:
Әуелеп ұшқан алты қаз,
Етің шекер, сорпаң бал.
Атайын десем, оғым аз
Қонар болсаң, жануар
Міне майдан, міне саз.
Төлеген қаздарға қарата осындай сөздер айтып барып, енді қайтып көре алмайтын әкесіне, анасына, бауырларына сәлем жолдайды.
Тыңдап отырғандар жылайды, оқып отырған мен жылаймын.
Жырдағы көш сәні кинодағыдан әлдеқайда әсем. Төлеген мен Қаршығаның Қыз Жібекті көрмекке үдере тартып бара жатқан көштердің бірінен соң екіншісіне екпіндетіп жеткені, онда Жібек жоқ болып, жөнеп бергені, қыз шешесінің көркіне таңданғаны қандай, шіркін!
Қазақ батырларының маңдайына басқан бір-бір аты болған. Алпамыстың Байшұбары, Қобыландының Тайбурылы, Тарғынның қара қасқасы – ер қанаты, сенімді серігі. Ер Төлегеннің Көкжорға аты да сондай сәйгүлік. Оның жау тақымында кеткені өкінішті. Кинода Төлегенді әлжуаз торыға мінгізіп қойғаны көзге қораш-ақ.
Режиссер өз жанынан бірдеңе шығарғанша драмалық шығарманың авторлық нұсқасына мықтап көңіл бөлгендері мақұл. Ал, «Қыз Жібек» сияқты оқиғасы халық санасына өшпестей болып орныққан тарихи туындыларды бұра тарту – қиянат, құрту.
* * *
Қазақ тілінің байлығы жөнінде бұрын бір рет мал атауларын арқау етіп отырып айтқаным бар. Өмірі малмен байланысты болған қазақтың бұл тараптағы сөз байлығы айтып жеткізгісіз. Сонда да мен оны өз әл-қадірімше біраз таратқанмын.
Міне, енді ойлап отырсам, туыстық атауларға келгенде де қазақ алдына халық салмайды екен. Белгілі этнограф-ғалымдардың жазғанынан білгенімдей, қазақта 100-ден астам туыстық, іліктік атаулар бар көрінеді. Неткен байлық?! Өкінішке орай, қазіргі қазақ оның оннан бірін ғана шала-шарпы біледі.
Біздің дана қазақ жүз атауды біліп қана қоймай, олардың әрқайсысымен өз жөн-жосығымен қарым-қатынас жасаған, яғни сыйласқан. Әр туысқанның, жекжаттың адам өмірінде алатын тұрақты орны болған.
Туыстық, іліктік атаулар үш арнадан тұрады. Жігіттің үш жұрты бар. Олар – ағайын жұрт, нағашы жұрт, қайын жұрт. Осы үш жұрттың әр буын адамдарын атауда қазақпен теңдесе алатын халық жоқ. Туыстық, іліктік сыйластықты бейнелер, мен айтар едім, тіптен ұстанар жөн-жосық тілімізде өте дәл, әрі шебер бедерленген. Оларды білген – білікті, білмеген – дүбәра. Халық даналығымен қорытылған тұжырымның біразын атап көрелік: ата – даналық, әке – тау, ана – бұлақ, апа – тілек, аға – тірек, іні – қанат, бала – бақыт, ұл – мұрагер, туыс – қорғаныш. Осылардың қай-қайсысының да шынайы шындық екеніне ешкім де шек келтіре алмайды. Туыстық қатынастар жөніндегі мақал-мәтелдер – тұнған ақыл. Оларды біліп, өмірде қолдана алу адамгершілік мектебінен өтумен бірдей «Атаға баланың алалығы жоқ», «Алып – анадан туады», «Ағайында өкпе бар да, кек жоқ», «Бала – бауыр етің», «Төркін десе – қыз төзбейді, көкпек десе – түйе төзбейді» деген тәрізді мақал-мәтелді білген қазақтың жүрер жолын, өсер өрісін білетіні айдан анық. «Құдасын Құдайындай сыйлаған», «Құда – мың жылдық, күйеу – жүз жылдық», «Төрт аяқтыда – бота тату, екі аяқтыда – бөле тату» деп білетін қазақ – нағыз қазақ.
Қазақтың қазақтығын ежелден жеті атасын білу анықтаған. «Аташка», «апашка», «папа», «мама» дейтін бүгінгі жетесіз ұрпаққа жеті атасын үйрету қажет-ақ. Оған ділімізге, дінімізге, тілімізге қайта оралған тұстан бастап кең өріс алған шежірелер шығару таптырмас құрал болып отыр. Шежірені қолыңызға алыңыз да әкеңізден бастап жеті атаңызды тізіп шықсаңыз бітті, ата жолын білгеніңіз. Алайда, пікір алуандығы дегенге құмарлар осы белгілі жайдың өзін сан құбылтып жүр. Біреулер жеті атаға өзін де жатқызады, меніңше, бұл дұрыс емес, әкеден бастау керек. Бір газетте жеті ата былай таратылыпты: «әке-бала-немере-шөбере-шөпшек-немене-туажат». Екінші бір газет одан да асып түскен, олардың жазуынша жеті ата – «бабаң, атаң, әкең, өзің, балаң, немерең, шөберең». Бесінші сыныпқа арналған «Ежелгі Қазақстан тарихы» оқулығында жеті ата мүлде басқаша, яғни былайша таратылады: «1. Мен, 2. Балам, 3. Немере – баламның баласы. 4. Шөбере – немеремнің баласы, 5. Немене – шөберемнің баласы, 6. Жүрежат – неменемнің баласы, 7. Туажат – жүрежаттың баласы».
Бір «білгіштер» жүрежат, туажатты қыздың ұрпағына жатқызады. Олардың шошитыны – «жат» сөзі. Меніңше, шошитын түк те жоқ. Айта кетейік, жүрежат тарих оқулығындағыдай алтыншы емес, жетінші ұрпақ, өйткені олар шөберенің баласы – шөпшекті ұмытып кеткен.
Дегенде, бұл пікірді алға тартушылардан үйренетін бір жай бар. Олар жиен мен жиеншардан арғыны білмейтін біздерге қыздың ұрпағын былайша таратып береді: жиен – жиеншар – көгеншар – дегеншар – жүрежат – туажат.
Жүрежат пен туажат – бейнелі сөздер. Ұлдан да, қыздан да тараған тым алыс ұрпақты осылай атасақ керек.
Жеті атаны білу, туыстық тамырын сақтаудың маңызы ерекше екені қазір екінің біріне белгілі болды. Ең әуелі ол тектің таза болуы үшін қажет. Қазақ жеті атаға толмай қыз алысып, қыз беріспеген. Мұның текті, денсаулығы мықты, таза ұрпақ өсіруге ерекше әсер ететінін қазір ғылым дәлелдеп, бүкіл әлем мойындап отыр.
«Жеті атасын білмеген – жетесіз». Қазақ жеті атасын білмейтінді осылай тұқыртқан.
Жеті атаны рушыл болу үшін емес, ұлт болып ұйысу үшін білген мақұл.
«Жеті атасын білген ұл,
Жеті жұрттың қамын жер.
Жеті атасын білмеген
Құлағы мен жағын жер»- деген халық даналығы қандай, шіркін!
«Жеті атасын білген адам өрелі, ұсынықты,
Айналайын ағайын, осыны ұқшы»- дейміз біз.
* * *
Көрермен қауымның жаппай ынтызарлығын туғызған түрік сериалдарына менің онша әуестігім жоқ. Дегенде, мен соңғы кезде 31 канал телебағдарламасынан көрсетіліп жатқан «Фатмагүл» атты телехикаяның серияларын жібермей көріп жүрмін.
Шығармашы адам ретінде мен қандай да бір кітапты оқиғасына бола оқып, киноны қызық үшін көрмеймін, жазушымен, киногермен ой жарыстырып отырамын.
Түрік сериалдарының дені орыс тілінде көрсетіледі, «Фатмагүл» де сондай.
Дубляж жасаудың қиындығы көп, содан қашқан киногерлер телехикаят кейіпкерлерінің сөзін әр кадрдың төменгі жағына жазып көрсетіп отырады. Бұл – енді аударма.
Кейіпкерлердің сөзіне құлақ қойып, аудармаға көз жүгіртіп отырып, мына телеканалда қазақ тілін жетік білетін адам қызмет істейтініне күмәнданбасқа амалым қалмады. Сериал кейіпкерлерінің қуанышы мен қайғысын білдіретін, күнделікті тұрмыста бір-бірімен қарым-қатынасын ұғындыратын сөздердің қазақ тіліндегі нұсқасы түпнұсқаға сәйкес келе бермейтін кезі өте көп екені таңдандырды. Бұл, әрине, дубляж жасаушылардың аудармаға шорқақтығының жемісі.
Осы жерде соңғы кезде бізде аударма мәселесінің тым қожырап кеткеніне өкініш білдірмеске лаж жоқ. Ал, аударма тілді байытып, білім, білікті арттырудың баға жетпес құралы.
Аудармашылық – өнер. Ол екінің бірінің қолынан келе бермейді. «Жібекті түте алмаған жүн қылады» демекші, аудармаға шорқақ адам мәтінді бұзып, берекесін кетіреді. Оған мысал – «Фатмагүл» телехикаяты.
Жалпы, біздің үлкенді-кішілі телеарналарымызда тілге жауапкершілікпен қарау жағы мүлде жетіспейді. Тележүргізушілер сөз түбіне терең бойламай, аузына келгенді қойып қалады.
Ал, мына жайды қалай түсіндірерсіз?
Осы 31 канал біраздан бері «Менің тілім» деген айдармен сөздік беріп жүр. Ол эфирге шыққан сайын 4-5 орыс сөзінің аудармасы беріледі. Өте дұрыс. Білім мысқалдап жиналып, батпанға айналса, баянды. Өкініштісі, осы әдемі тірліктеріне де отыз бірінші каналдықтар жауапкершілікпен қарай алмаған, олай дейтініміз аудармалардың бәрі бірдей дәл емес. Бір ғана мысал келтірейік, «орешник» деген сөздің аудармасы эфирге «жаңғақша» деп жазылды. Мүлде олай емес, бір таңданарлығы «Русско-казахский словарь» кітабында «орешник» деген сөз жоқ, ол болмаған соң аудармасы да жоқ. 31 канал журналистері бұл сөзді өздері аударған да бүлдірген.
С.И.Ожегов «Словарь русского языка» кітабында «орешник» сөзін былай түсіндіреді. «Кустарник со съедобными плодами – орехами, а также заросль кустарников».
Ендеше, «орешник» – жаңғақ ағашы.
«Орешниктің» С.И.Ожегов айтпаған тағы бір мағынасы бар, ол – жаңғақ салатын ыдыс.
Сонда «жаңғақша» деген не? Жаңғақша мағынасы жоқ сөз. Ауызға келгенді айту деген осы.
Аударма – қаламгердің шеберлігін арттыратын мектеп, әдебиет, өнер туындыларымен, жалпы өркениет жетістіктерімен байланыстыратын алтын көпір. Осыны біле тұра біз өз тілімізге өріс береміз, өркендетеміз деп дуылдап жүріп, аудармадан алшақтап барамыз.
Біз еңбекке белсенді араласып жүрген тұста журналистер аудармаға жетік, аудара алмайтындар болып екіге бөлінетін. Аудармаға жетіктер – ақылды, іскер болушы еді, аудара алмайтындар – өтпес тесе пышақ сияқтанатын. Бұлардың алдыңғылары алдына келген материалдарды шақ келтірмейтін, соңғылары қолына бергенді езіп отыратын.
Аптасына бес рет шығатын, материалдардың 80-ге жуық пайызы орыс тілінде келетін газет қызметіне сол кезде кімнің икемді және қажет екені айтпаса да түсінікті болар деймін. Газет басшылығында болған белді де беделді журналистердің барлығы да аудармаға келгенде алдына адам салмайтын. Ал, Бақтияр Әбілдаұлы, Рахметілда Құдабайтегі, Елен Әлімжан, Қыстаубай Байту, Әбдуәлі Әлі, Жаңабай Миллиондар машинистканың жанында орыс тіліндегі материалдарды әдеп айтып аударып отыратын. Олардың қолынан шыққан материалдарды қарау редакторларға бір ғанибет еді.
Қазір ше?
Қазір журналистер: «Материал орысша екен. Мен мұны аудара алмаймын», – дейтін болыпты. Біздің журналист кезімізде бұлай деу намыссыздық еді. Енді мақтанға айналған.
Қазір редакцияларға материалдардың дені қазақ тілінде түседі. Оларды заңды тұлғалардың баспасөз хатшылары жазады немесе аударады. Шынын айту керек, олардың көбі қалам ұстауға жаттықпаған, жазғандары – қойыртпақ. Өкініштісі кейбір басылымдарда олардың жазғандары сол күйінде жарияланып кетіп жүр.
Мұндай жағдайда редакторлар қарғаның балапаны айтқандай, «екі қарап, бір шоқуы» керек. Сонда ондай орашолақ материалдардың жолы кесілетін болады.
Ал, жас қаламгерлер аудармамен айналысудан ат-тонын ала қашпай, белсене кіріссе, жазудың қыр-сырына қаныға түсетіні күмәнсіз. Жазу мәдениеті әбден қалыптасқан орыс тілінен аударма жасау көп нәрсені үйретеді.
Сөзімді жазу шеберлігі жаттығумен және үйренумен келетінін айтып, аяқтағым келеді. Оған мысал ретінде негізгі мамандығы әдебиетші досым Қыстаубай Байтудың қолына журналист қаламын ұстаған алғашқы күні басынан кешкен мына бір оқиғаны айтсам деймін.
1966 жылы мен облыстық радиокомитетінен «Еңбек туы» газетіне ауыстым, орныма Қыстаубай қабылданды.
Радиокомитеттің мен атқарған, енді Қыстаубайға тапсырылған жұмысы орыс тілінде дайындалған соңғы хабарларды қазақшаға аудару болатын. Бір хабарда «Старый большевик» деген сөз тіркесі бар екен. Қыстаубай оны «кәрі большевик» деп аударып, күлкі болыпты. Ол тіркестің аудармасы – «қарт большевик», әрине.
Қыстаубай намысшыл жігіт еді, бұдан кейін оның бүйтіп оңай сүрінгенін көрген емеспіз. Нағыз қаламы ұшқыр журналист, шебер аудармашы ретінде танылды.
Қорыта айтқанда, аударманың тіл ұстартып, жазу мәдениетін қалыптастырудағы рөлі ұшан-теңіз.
* * *
Төрт түлік мал ірі қара, уақ жан болып екіге бөлінеді. Ірі қара: сиыр, жылқы, түйе. Уақ жан: қой, ешкі.
Мал ішінде өскен халқымыз оны осылайша жіктеген. Бұл – бұлжымайтын, бұра тартуға болмайтын түсінік.
Не болса, соған еліктегіш, жуан айтса, көнгіш халқымыз осы ұғымды да оп-оңай бұзды. Сөйтіп, қазір, барша бұқаралық ақпарат құралдары ірі қараны тек сиыр деп жазып, айтып жүр. Нәтижесінде, жылқы мен түйе ірі қара санатынан шығып қалды.
Пәле бір-ақ сөзде. Орыстар сиырды «крупный рогатый скот» – дейді. Бұл «мүйізді ірі қара малы» болып аударылуы керек. Білген құл осылай сөйлейді де, қайдам, кейбіреулер ерінді ме, «Рогатый», яғни, «мүйізді» деген сөз тасталып айтылып, жазылатын болды. Нәтижесінде ірі қараға жылқы мен түйе қосылмай, сырттап қала берді.
Бұл мүлдем дұрыс емес. Малды қалай жіктеп, қалай атауды қазақтан артық білетін халық жоқ.
Өз тілімізді өзіміз шұбарлап, не көрінді бізге?!
* * *
«Уақыт – ақша». Нарық қарық қылған адамдар үшін бұдан асқан асыл сөз жоқ шығар, сірә.
Бұл тұжырым бір ілкімділерді ғана емес, бәрімізді де уақытты үнемдеуге, дұрыс пайдалануға үндейді.
Мұны білмейтін адам жоқ. Алайда кең, мол пішіліп жаралған біздің халқымыз уақыт шіркінмен есептесіп көрген емес. Қарапайым ғана мысал, жуырда бір ағайын той жасады. Көпті көрген кісі: «ел онсыз да кешігіп келеді», – деген шығар, тойдың басталу уақытын кешкі сағат 8-ге белгілепті. Кешігіп келуге дағдыланған көп қонақ тойға сағат түнгі оннан бастап келе бастады. Бұл енді той қызығына тоятын емес, жастыққа бас қоятын кез.
Жаратқан иеміз – шебер. Алла тағала адамдардың уақытты өздігінен пайдалана алмайтынын біліп, тәуліктің төрт мезгілін жаратқан: таңертең орныңнан тұр, жуынып-шайын, тамақтан, күндізгі қимыл-қарекетіңе қажет қуат жина, күні бойы еңбек ет, тіршілік жаса, кешке қарай дастархан басына жинал. Бітірген шаруаңды ортаға сал, отбасыңмен шүйіркелес, бала-шағаңа қара, ақыл айт, түнде ұйықта деген.
Уақытты ұтымды пайдаланған адамның шаруасы шайқалмайды. Ол барлық істі уақтылы, ұқыпты атқарады. Уақыт қадіріне жетпеген адам ісі шашыраңқы, берекесі жоқ. Мен мұны өмірде сан мәрте көргендерімнен ой түйіп айтып отырмын. Уақытты бағаламау өзі-өзіне қиянат жасағанымен пара-пар. Ал, басқаның уақытын бағаламау – болмағандық.
Өкінішке орай, өзгенің уақытына қиянат жасау билік тарапынан көп орын алатын болып барады.
Айталық, үлкен бастық сағат 11-де жиналыс өткізеді екен. Бергі жағындағы жандайшаптар жұртты сағат 10-да жинап қойып, ұпайы түгелденіп жылмыңдап жүреді. Ал, бастық міндетті түрде жиналғандарды біраз күттіру керек. Сонда жиналыстың өткенінен күткені көбейіп, жұрт кәдімгідей қынжылады. Күштіге қылар қайран жоқ. Іштен тынуға мәжбүр болады.
Қаталдығы қай кезеңдегі болсын биліктен артық болмаса, кем емес коммунистік заманда жиналыстың қай уақытта өтетіні, қандай мәселе қаралатыны күні ілгері хабарланатын, сол жеткілікті болатын, жұрт жиналады, бастық келіп ісіне кіріседі. Ал, қазіргі не, мұны жандайшаптардың өзін-өзі қауіпсіздендіруі, бастықтардың өз бағасын арттыра түсуге әуестенушілігі дегеннен басқа не дерсің?
Уақытты бастықтар ғана емес, кейбір ел ағасы болған адамдардың да өз бағасын өсіруге пайдаланатынын да көріп жүрміз. Олар мейлі жиналыс, мейлі той болсын, кешігіп келеді. Әрине отырған жұрт одырайып келе жатқан ағайға жаппай назар аударады, атын атап «келді», – деп гу ете қалады. Көппен бірге қандайда бір орынға елеусіз отыра қалғанша той-жиын жасауылдары қолпаштап әкеліп жайғастырғаны қандай жақсы.
Уақыт – материалдық та, рухани да теңдессіз игілік, баға жетпес байлық. Оны үлкен де, кіші де үнемді, тиімді пайдаланғаны жөн. Әркім өзінің ғана емес, өзгенің де уақытын бағалай білгені мақұл.
* * *
Бір жолаушы елсіз-күнсіз айдалада келе жатып, топ тобылғы ішінде ұйлығып жатқан жеті бөлтірікке тап болады. Бөлтіріктер жаңа ғана туған, көзін әлі ашпаған екен.
Жолаушы: «Қой, бұларды қазір алып қайтейін, неге жарайды? Бәрінің көзін ойып тастап, қысқа қарай келіп, терілерін сыпырып алып, қасқыр ішік жасатып киейін», – деп жеті бөлтіріктің де көзін ойып тастап кетеді.
Содан ол тобылғы сайға жерге алғашқы қар түскен күні бір-ақ соғады. Жолаушы бөлтіріктер қалған жерге жақындай бергенде тобылғының тарам-тарам жанынан жеті соқыр қасқыр анталап шыға келіп, ештеңені елемей, жолаушының атына ауыз салмақ болады. Ат жалт береді, иесі жалп етіп ұшып түседі.
Өстіп тықыры білінген аң ба, бәрі бір, бас салатын жеті соқыр демде мына мүсәпірдің парша-паршасын шығарады.
* * *
Бұл кісі бұл жолмен жылына әрлі-берлі бір рет жүріп өтетін: алыстағы қайын-жұртына барып, қайтады.
Жылда жол ортасында тоқал тамда отырған кейуананың үйіне бір түн түнеп кетеді.
Кейуана – пысық адам, тамағы дәмді, ыдыс-аяғы тап-таза.
Бұл кісі бір жолы кейуананы танымай қалады: тамағы дәмсіз, ыдыс-аяғы кір-қожалақ.
Жолаушы кірпияз кісі еді, кейуанаға жақтырмай қарайды.
Кейуана сөйлеп қоя береді:
– Бұл ыдыс-аяқты түк қоймай жалап, мұнтаздай таза қылатын мысығым бар еді, сол өліп қалып, осындай күйге түстім.
Жолаушы адамның жүрегі кілк ете қояды.
– Кемпір! – деуге ғана шамасы келді, лоқсып кетті.
* * *
Баласына қарға:
– Аппағым, абай бол, сақ жүр. Жеміңді жан-жағына бір қарап, екі шоқы, – деп ақыл айтыпты.
Сөйтсе балапаны:
– Апа, олай болмайды, екі қарап, бір шоқимын, – депті.
Қарға өзінің баласының ақымақ екеніне қапа болып, орнынан зорға ұшыпты.
* * *
Керегенің түбіне шалқасынан жатқызып қойған екі жасар қыз шырылдап жылай береді.
Шешесі:
– Қызым, не болды саған, неге жылайсың? – дейді қызына төніп түсіп.
Қызы:
– Мен өсемін, күйеуге шығамын, бөпе туамын. Бөпемді дәл осы жерге өстіп жатқызып қоямын. Сонда ана ине көзіне түсіп кетіп, бөпем шыңғырып жылайды-ау, – деп керегенің басында ілулі тұрған тымаққа қарап, зар илеп жылайды.
Шешесі не дерін білмей, сілейіп тұрып қалыпты.
* * *
Сараң екі қолын ербеңдетіп, суға батып бара жатады.
Жолдасы:
– Әкел, қолыңды! – деп қолын созады.
Сараң қолын тартып ала қояды.
Жолдасы:
– Мә! – деп қолын ұсынды
Жолдасы:
– Әкел! – деп шап беріп, ұстап алады.
* * *
Мен өткенде екі ағам: Хами мен Кәштайдың кейбір оғаш тірліктері жайында ептеп жазған едім, соларды оқып алып, телефон шалғандар болды. «Жақсы жазыпсың, бірақ ол екі кісінің көп әрекеттері қалып қойыпты» – деген сыңайлы әңгімелер айтылды.
Дұрыс қой, алайда, не болса, соны жазатын мен кіммін?
Жазушы жоқ-барды жазбайды, оқырманға ой салатын жайларды ғана қағаз бетіне түсіреді.
Ойлап отырсам, екі ағамның да жазуға тұрарлық қылықтары аз емес екен. Бір ғажабы екеуі де өлердей қорқақ еді.
Қорқыныш сезімін Батыр Баукең оң бағалаған. Оның сыры – тереңде. Адамға зиянын тигізер атаулының бәрінен қорыққан жақсы, бірақ шектен шықпаған жөн. Асыра қорқу – қор болу. Қорқақтан бәрі шығады, ол өтірік те айтады, алдауға да барады, сатқындық жасайды, опасыздық та көрсетеді.
Ал, мына екі ағамдікі: – әсіре үрей.
Кезінде Шу ауданында басшы партия қызметінде болған бір жолдас айтады: ауданға іссапармен Хами ағамыз келді. Кешке дейін жұмыс істеген Хамекеңді демалдырайық деп, Шудың жағасына алып барып, дастархан жайдық. Бәріміз дастарханға енді қол созғанбыз, Хамекең мініп келген обкомның кезекші машинасының жүргізушісі суға шомылмақ болып шешіне бастады. Жігіттің үсті толған сурет екен. Хамекең көрген бойда шошып кетті:
– Әй, не, сен түрмеде отырып па едің?
– Жоқ.
– Онда андағы үстіңдегі суреттер қайдан шықты?
– Өзім салғызғам. Бұл – татуаж, түрмеге қатысы жоқ.
– Сен бара бер татуажыңды жабырлатып. Мен басқа машинамен қайтамын.
Жүргізуші жігітке керегі де осы-ау деймін, демнің арасында киініп, кетті де қалды.
Екі ортада біз Хамекеңді Жамбылға жеткізіп салуға мәжбүр болдық.
Ендігі бір телефон шалған замандасым:
– Сенің жазғаның мынаның қасында түк емес. Ол ағамыздың кейбір қылықтары әпенділіктен асып түседі. Соның біреуін айтайын, тыңда, – деді.
Тыңдадым.
Ол мынаны айтты:
– Хамекең «Волгамен» Меркіні бетке алып, зулап бара жатады.
Күн суық, өкпек жел соғып тұрған.
Малдыбай бекетінің жанындағы аялдамада бүрсектеп жаурап тұрған жас бала құшақтаған әйел қол көтереді. Шофер: «Тоқтайын ба, қайтейін?» – деген раймен Хамекеңе қарайды. Хамекең қолымен ілгеріні нұсқап, «тоқтама, жүре бер» – дегенді ұқтырады.
Жүргізуші Хамекеңнің осал жерін – қорқақ екенін білетін тісқаққан жігіт болатын.
– Аға, ана әйелдің баласы үсіп өлсе не болады? Мейлі, тірі қалсын, «Сіздердің машиналарыңыз тоқтамай кетіп, жас нәрестем тоңып, шетінеп кете жаздады», – деп біріншіге шағым жазса қайтеміз? – дейді әйел мен баласына жаны ашып.
Хамекең жұлып алғандай:
– Тоқта, кері айда! – дейді.
Жүргізуші қайта айналып келіп, машинаны әйел мен нәресте алдына көлденең тартады.
Хамекең кабинаның терезесінен басын шығарып әйелге:
– Айналайын, біз асығыспыз, алып кете алмаймыз. Ренжіме! – деп жүргізушіге, – кеттік, – дейді.
Сұр «Волга» жүйтки жөнеледі.
Жас балалы әйел түкке түсінбей тұрып қалады.
Біз не дейміз бұған?
Аңдағанға біраз нәрсе айттым-ау, деймін. Ендігісін оқырман өзі білсін.
* * *
Кәштай ағамның қорқақтығы – жатқан бір жыр.
Кәшекең облыстық «Еңбек туы» газетіндегі қызметін корректорлықтан бастаған. Әуежай жақтағы Амангелді ауылынан қатынап істейді екен. Ол кезде баспахана мүмкіндігінің кемшіндігі бар, басқа бар газет кешігіп шығады екен. Корректор – газетті басуға алғанша басы-қасында жүретін қызмет. Кәшекеңнің үйіне түннің бір уағында қайтатын кезі көп болған.
Түн жарымы – қорқақ Кәштай тұрмақ жүрек жұтқан жігіттің де тірсегі дірілдейтін кез. Кәшекең қорықпас үшін не істейді деңіз, велосипедінің белбеуіне балта байлап алады.
Әрине, бұл – күлкілі жай. Әгәрәки біреу-міреу тиісе қалса, Кәшекең балтасын шешкенше, оны қолына алып қорғанғанша сау-тамтығы қала ма, қайдан.
Осыны айтқан адамға кеңк-кеңк күліп алып Кәшекең:
– Қайдам, сескенетін шығар, – дейді екен.
Қызық, өзі сенбейтін іске барғаны несі бұл Кәшекеңнің?
Бірге қызмет істеген жылдары мен Кәшекеңнің қорқақтығынан туындаған қызықты көп көрдім. Үй арасы жақын, жұмыстан бірге қайтамыз. Күн қысқарып, қараңғылық ерте түсе бастаған кезде Кәшекең тыпыршып, кабинетіме келеді де тұрады. Шаруасын айтады:
– Қайтайық.
– Кәшеке, қазір.
Мен жұмысымды бітіргенше Кәшекең жанымда мөлтиіп күтеді де отырады.
Екеуміз көшеге шығамыз. Ол кезде көшелерде жарық аз. Дала тастай қараңғы.
Кешке дейін бір тыным таппай шаршағанымызды басу үшін шарап жұтып алғымыз келеді. Редакция жанындағы дүкенде арзан портвейн толып тұрады. Сатушы Фая апайдың стакандары да дап-дайын. Екі портвейн алып, үлкен стаканға екі бөліп құйып жұтып-жұтып аламыз. Шаршағанымыз басылып, балбырап үйге қайтамыз. Күндердің күнінде маған бір портвейн аздық ете бастады. Тағы алдырмақ болып, Кәшекеңді айналдырдым, көнер емес.
Қараңғы тротуарда келе жатырмыз.
– Кәшеке, менің ана жақта бір шаруам бар еді, соған барамын. Сіз өзіңіз жүре беріңіз, – деп тоқтай қалдым.
– Қой. Бір вино әперейін, жүрші, – деп Кәшекең қолымнан ұстай алды.
– Не, сонда мен сасық виноға сатыламын ба?
– Жоқ. Бірге ішейік дегенім ғой.
– Мейлі, алыңыз, ішейік.
Кәшекең келер күні екінші виноны алуға көнер болмады.
– Кәшеке, мен бүгін мына жаққа барушы едім, – деп тұра кеп қаштым.
Сондағы ағамның жүйрігі-ай, аяғымды қия бастырмай қуып жетіп, белімнен құшақтай алды.
– Әй, әперейін, мені үйге апарып тасташы.
– Жоқ, мен сасық виноға сатылмаймын.
– Жарайды, онда ақ алайын.
Виноның үстіне ақ қосылған соң Кәшекең мас болды.
Мас адамның жаны тәтті болып кете ме деймін, бұрын үйіне жақындатсам, әрі қарай өзі кетуші еді, енді «Қақпадан кіргізіп жібер», – деп жабысты.
– Кәшеке, қойыңыз. Жеңгейден, балаларыңыздан ұят болады. Сізді мас қылған мен деп ойлар, – деп шегіншектеп едім, жатып жалынсын.
Лажсыз көндім, айтқанын істедім. Қақпасының алдына таядық.
– Қақпаны ұр, біреу шықсын, – деді Кәшекең.
Қақпаны қақтым. Жеңгей қақпаны ашты, жанында бір топ бала жымыңдап тұр. «Кәшекеңнің он баласы бар» – деуші еді, мыналар – солар.
Жеңгей жақсы адам екен, ләм-мим демеді. Кәшекеңді қолтығынан демеп алып кетті.
Мен ұялғанымнан қара жерге кіріп кете жаздадым.
Кәшекең қу жаны үшін бала-шағасының аузынан жырып, маған вино әпереді екен.
Қайтып Кәшекеңмен бірге вино ішкен емеспін.
Кәшекең де мені ұятқа қалдырғанын, менің жағдайын түсінгенімді аңғарды.
Қараңғы кезде Кәшекеңді үйіне дейін апарып тастауды тоқтатқаным жоқ.
Кәшекең екеуіміз ешқандай виносыз-ақ ағалы-інілі адамдардай болып кеттік. Кәштай ағам марқұм болғанша сыйластығымыз үзілген жоқ.
Неге сонша қорқақ болды екен, қайран ағам?!
Оның себебін өзі былай деп білетін.
– Бұрын қабаған иттен қорқушы едік, енді бұзық адамнан қорқатын болдық. Иттен адам жаман, ит қабады, жарадар қылады, адам аямайды, өлтіреді.
Кәштай ағам бұл сөзді айтқан жылдары көшеде бұзық адам бірен-саран еді, қазір көбейіп кетті.
Коммунистердің: «Адам – адамға дос», – деп үндегені орындалмай қалған бос сөздерінің бірі болды. Өйткені адамға тән достық пен қастық қатар жүреді. Достық қуантады, қастық қорқытады. Адам өне бойы достық шапағатына бөлене бермейді, өзіне жасалған қастықты да аз көрмейді.
Достық – ырзық сарқып іш,
Қастық – түбі қорқыныш.
* * *
Адамнан айла артылған ба? Жоқ! Адамның ақыл-ойы жақсылыққа көп жұмсала ма, әлде, жамандыққа көп бағыттала ма, оны, сірә, біліп болмас.
Тегі, адам бір-біріне жақсылық жасау үшін жаралған, сөйте тұра, жамандық та аз өріс алмаған. Жақсылықтың да, жамандықтың да аты көп. Оларды тізіп шығуды кейінге қалдыра тұрып, жамандықтың бір аты – зұлымдық туралы көптен ойда жүрген мына бір жайды айтуды жөн көріп отырмын.
Өмір – күрес, бірде жақсылық, бірде жамандық жеңеді. Жамандықтың жақсылықты ысыратын бір айласы – зұлымдық жасау.
Зұлымдықтың түрі көп, пенде тірісінде ол пәленің талайын көреді, көтереді.
Мына көз көріп, құлақ естімеген зұлымдықты Зейнолла Қабдолов қана көрген, көтерген.
Алдымен қалай көргенін айтайын. 1950 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін үздік бітірген Зейнолла Қабдолов әдеби өмірге бірден белсене араласып кетеді. Білімді, көрікті жас көп ұзамай-ақ көзге түседі.
Республика басшылығы Зейнолланы Қазақстан Комсомолы Орталық комитетінің идеологиялық хатшысы қызметіне лайық деп тауып, құжаттарын дайындап, пакетке салып, аузын мөрлеп, қолына ұстатып, Мәскеуге СОКП Орталық Комитетіне жұмсайды. Ол Орталық Комитеттің бөлім меңгерушісінің әңгімелесуінен өтіп, әрі қарай БЛКЖО Орталық Комитетінің илеуіне түсуі керек болатын.
Зейнолла Қабдолов – бәріне дайын кадр. СОКП Орталық Комитетінің жауапты қызметкеріне алып келген пакетті ізетпен ұсынады.
Жауапты қызметкер пакетті ашқан бойда ішіндегі қағазға төніп түседі. Бас алмай оқып шығып, екі көзі шатынап, Зейноллаға дүрсе қоя береді:
– Сені кім жіберіп жүр өзі?
– Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті.
– Жоқ, олар сендей адамды жібермейді. Сен бұл қызметке лайықсыз адамсың.
– Қойыңыз. Сонда қалай, менің ондай адам екенім андағы қағазда жазылған ба?
– Иә, жазылған. Бұл – сенің үстіңнен жазылған арыз. Боссың. Сені мұнда жіберген жерге, жоқ, адамыңа бар!
– Мені сіздерге жеке адам емес, Орталық Комитет жіберген.
– Бар. Біз білеміз қазақтарды. Сендер бір-бірлеріңнің үстілеріңнен арыз жазбай жүре алмайсыңдар.
– Мына пакетті, иә, арызды менің қолыма ұстатқан адам қазақ емес... Мұны – соның өзі жазған.
– Мынау не дейді?! Оны Алматыға барғанда анықтайсың, бар!
Зейнолла Қабдоловтың Мәскеуден қандай күйде қайтқаны айтпаса да түсінікті, ал арыз иесі белгілі, бірақ күресерге дәрмен жоқ.
Қазақтың аса білімді, қайсар ұлы бұл зұлымдықты қайыспай көтереді.
Беделді адам айтқан осы әңгіме кейде бір есіме түсіп кетіп, Зейнолла Қабдоловтың республика комсомолы жетекшілерінің бірі болғанда халқына пайдасы көп тиетін бе еді, әлде, ҚазМҰУ-де елу жылдан астам ұстаздық еткенде көп тиді ме деп ойланып қалатыным бар. Әдебиет теориясының ғұлама білгірі, академик, ұлы ұстаз, аяулы ағаның алдын көріп, ақылын тыңдаған, айтқанымен жүрген (ол біздің курстың кураторы еді) шәкірттерінің бірі ретінде мен бұл екеуінің соңғысын алға шығарамын. Енді қалай, қазақ әдебиетінің бүгінгі ту ұстаушылары – Мұхтар Мағауин мен Әбіш Кекілбаев та, тағы басқа атақты ақын-жазушылар да осы бір ақылман ағаның теңдессіз терең дәрісін тыңдап барып, әдебиетке мықтап ден қойды емес пе, сөйтті.
Зейнолла ағамыздың қандай шенеунік болатыны жұмбақ күйінде қалды, көрнекті жазушы, ғұлама ғалым, академик болғанын көзіміз көрді.
* * *
Қисынсыз іске үйір адам – жосықсыз.
Жосықсыздық ойыма оралса, мына жайлар есіме түседі де тұрады.
Ана бір жылы, Жуалы ауданының орталығы Бурный аталатын кезде, осында Бауыржан Момышұлының мұражайы салынды. Мұражай салтанатты жағдайда ашылды.
Мұражай алдындағы алаңқайға адам көп жиналып, облыс, аудан басшылары, құрылысшылар, аудан жұртшылығы өкілдері сөйледі, Халық Батырына көрсетіліп отырған мына құрметке разылық сезімін білдірді. Шешендер қыза-қыза келіп, мұражайдың шағын көрме залы иілген тоқал тамын зәулім ғимаратқа теңеді. Тіптен бір айтқыш: «Бұл мұражай – үйдің құрылысын салғандарды мемлекеттік сыйлыққа ұсыну керек», – деп соқты. Жұрт қызу қуаттап жатты.
Іштей: «Құдайым-ау, мына елдің есі дұрыс па?!» – деп таңданғаннан басқаға шама жоқ еді. Сөйтсем делебесі қозған қауым Батырға көрсетіліп жатқан құрметтің затына емес, атына жығылған сыңайлы.
Сол шамада облыстық мұражайдың артқы жағына қосымша құрылыс салынды. Оның ашылуына әжептәуір адам жиналды. Тағы да қызды-қызды сөз өрістеді. Сиыр қорасы іспетті жатаған жай алып құрылысқа баланды. Оны салған құрылысшыларды мемлекеттік сыйлыққа ұсыну керектігі айтылды. Жиналғандар дүрілдетіп қол соқты. Мен тағы да таңдандым: «Апырау, осындай да жосықсыздық болады екен-ау?».
Бұл екі нысан да қазір қанша қаржы жұмсап жөнделгеніне қарамай о бастағы бейнесін сақтаған күйі тұр. Елді қайдам, өзім ол шіркіндердің тұрпатынан анау айтқан ерекшелік көре алмай-ақ қойдым. Қайта, жоғарыдағы әңгімелер есіме түсіп, «Әй, жосықсыздық-ай!» – деп қоямын.
* * *
Бір кездері облыстық ауруханада нөмірі бірінші терапия бөлімі болды. Жұрт оны «Партактив» дейтін. Айтса, айтқандай, онда негізінен партия активі емделетін, олармен қоса атақты еңбек ардагерлері де денсаулығын түзететін.
Облыстық партия комитетінде қызмет істеген жылдары осында менің әлденеше рет жатып емделгенім бар.
О деп, бұ деп қайтейік, партияның өз қызметкерлеріне, ардагерлерге қамқорлығы көп еді ғой. Соның бірі – осы партактив ауруханасы болатын. Мұнда еңбек ететін бөлім меңгерушісі Сейсенбек Жабатаев, дәрігерлер Тамара Карташова, Лариса Щукина, Лариса Антоновалар нағыз адам жанының арашашылары еді.
Бұл бөлімде ақ жайлау дерсің, осында жатқандар қолы епсекті емшілердің емін емін-еркін қабылдап, аяқ-қолдарын жазып, бір-бірімен ашық-жарқын әңгімелесіп, жандары жадырап қалатын.
Маған керегі – көнекөз қариялардың әңгімесі, ертелі-кеш соларды жағалаймын. Сол кездері кеудесі алтын сандық ағалар мен шежіре қарттардан естіген әсерлі әңгімелер әлі күнге есімнен кеткен емес. Мен олардың біразын ой орамдарыма қосып, оқырмандар назарына ұсынып та көрдім. Социалистік Еңбек Ерлері Әбдір Сағынтаев, Нағашыбай Арапов, Сартай Есімхановтардың айтқан әңгімелері менің жазуымда жұрт қызығушылығын туғызғанына кәдімгідей қуанғаным бар.
Осыдан дәл қырық жыл бұрын аурухананың бір бөлмесінде бірге жатқан Байгелді ақсақалдан да біраз ғибрат аларлық әңгіме естіген едім, бірақ жазбадым. Неге? Өйткені Байгелді атамның баласы – Өмірбектің қызметі өсіп кетті. Тасы өрге домалап тұрған адамның әкесін мақтауды әбес көрдім, мені жағымпаз көргісі келетін жағымпаздардың тәубасынан қаймықтым. Қазір енді сөз басқа, Өмекең – өзіміз сияқты пенде, оған ешкімнің жағынуының керегі жоқ, айтамын деген адам әкесі жөнінде де, өзі жөнінде де шындық сөзін айтсын, жол ашық.
...Байгелді қария мені көп жатырқаған жоқ, тез-ақ шүйіркелесіп әңгімелесіп кеттік.
Атаға балалары, келіндері күн құрғатпай келіп тұрады.
Олардың әкелгендерін түгелдей маған ұстатады да атам:
– Балам,қолың епсекті екен, жайға, бәріміз отырып жейік, – дейді.
Бәріміз Байгелді атамның айтқанын істейміз, тойып аламыз.
Ішке ел қонған соң, ауызға сөз оралады, әрнені айтып дәудірлесіп отырамыз.
Осындай бір кезде бас киімсіз отырған Байекеңнің басына көзім түсіп кетті: шашы өсіп, үршіп тұр.
– Ата, шашыңыз өсіп кетіпті. Көшенің арғы бетінде шаштараз бар, ертең соған апарып, шашыңызды алдыртсам, қалай қарайсыз?
– Рахмет, қарағым. Шашымды кемпірім алады. Ол менің басымды өзінен басқа жан адамға ұстатпайды.
Отырғандар мына сөзге мән берген жоқ.
Мен ойланып отырып қалдым: неткен тектілік! Әйел адамның ерін сыйлауының, құрметтеуінің бұдан асқан мысалы болуы мүмкін бе? Жоқ, мүмкін емес. Осыны білген анадан айналса болар. Айналайын қасиетті қазақ! анасы!
* * *
Артынып-тартынып келген Өмірбектің әйелі палатадан шықты ма, шықпады ма Сартай:
– Байеке, Өмекеңнің қанша баласы бар? Келініңіз неше құрсақ көтерген? – деді.
– Тәубе, үш баласы бар. Келін балағынан бала өретіннің өзі екен, әттең, заман ауанымен кететін түрі бар, үнсіз жүр, – деді Байекең көңілсіз.
Оннан көп перзент сүйіп, жүз қаралы немере көрген Байгелді қарияның тәубеге қосарландырғаны өзінің өкініші емес, ұлтынікі еді.
Қасиетті атаның өзегін өртеген сол өкініш өшетін күн келер ме екен?!
* * *
Құдайы тамаққа оқыған құранын молда Мұхамед пайғамбарға, мына шаңырақтың бұрынғы өткен аруақтарына бағыштап, нәміне дастархан жайылып отырған марқұмға иман тілеп барып тоқтады.
Ел бата қайырып, бетін сипап, асқа қолын енді созған, бір кейуана молдаға дүрсе қоя берді:
– Сендер қызық екенсіңдер, құранға Бектұрғановты неге қоспайсыңдар? Хасан Шайахметович – осы облысқа есепсіз еңбек сіңірген адам. Ол Жамбылға көп құрылыс салған. Басқасын айтпағанда, облыстық әкімдіктің өзі қазір сол кісі салған ғимаратта отыр.
Молда не деп жауап берерін білмей, әлде бір хадисті айта бастады.
Жиналғандар алдарына асын тосып, марқұм болған шалына жақсы сөз арнауларын күтіп отырған кейуанаға ештеңе дей алмады.
Кезінде облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Хасан Шайахметұлы Бектұрғановты пайғамбармен, аруақтармен бірге құранға қоспаған молда қызық па, жоқ, осы үшін молданы жазғырып отырған мына кейуана қызық па?
Отырғандар ойланып қалды.
Мен де ойландым: Қызық!
Күні-түні жандарын салып, дұрысы ықпалды туысын, жекжат-жұратын салып, аталарына ауылдың, көкелеріне көшенің атын бергізген бұл елдің құранға ауыз салғаны ма?!
* * *
Ньютон жердің тартылыс күшін кенеттен ашқан. Ғалым ағаштың көлеңкесінде жатса, бір алма үзіліп түсіп, топ ете қалады. Алманың олай да, бұлай да емес, аспанға да ұшпай, жерге түскені оның тартылыс күшін анықтауға себеп болған.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында қант қызылшасын жинау кезінде масақ жинау науқанын ашуға сиырдың тілі себеп болады. Сиыр жем-шөпті тілімен орап барып жейді.
Осыны қызылша жинау жөнінде Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданында атқарылып жатқан жұмысты көріп жүрген облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Бименде Садуақасов байқап қалады. Хатшы бір топ сиырдың әдеп тілін жалаңдатып, өнімі жиналған жерден қызылша тауып жеп жүргенін көріп, сұры бұзылып кетеді. Қасындағы аудан басшыларына сиырларды нұсқап тұрып:
– Ана сиырларды көрдіңдер ме, не істеп жүр? – дейді ызғарын төгіп.
– Жайылып жүр, – дейді ауданның бірінші басшысы.
– Жоқ, жайылып жүрген жоқ, қызылша кеміріп тұр. Сендер техникамен қазып ала алмай, тастап кеткен масақты сиырлар тілімен түртіп жіберіп жеп жатыр.
Аудан басшылары жерде қалған масақ жоқ екенін, сиырлардың қиқым-сиқымды жалап тұрғанын айтпақ болып еді, Бименде Садуақасов ешкімді де тыңдамай, аяғын тез-тез басып барып көлігіне мініп, кете барады.
Бименде Садуақасов өте ашушаң, тыз етпе, шалт қимылды адам еді. Кабинетіне келе салып, келер күнгі сағат тоғызға аудандардың басшыларын облыстық партия комитетіне шақыртады.
Бірінші хатшының айтқаны мүлтіксіз орындалады, ертеңіне сағат тоғызда барлық аудандардың басшылары облыстық партия комитетінің мәжіліс залына жиналып, бірінші хатшыны күтіп отырады. Бименде Садуақасовтың орынтағына отырар-отырмастан айтқан бірінші сөзі мынау болды:
– Бәрің түгел келдіңдер ме? Дұрыс. Кеше мен Свердлов ауданын аралап қайттым. Содан не көрдім? Қызылшасы жиналған жерде тұнып жатқан масақты тілімен орап, аузына салып алып, шайнап тұрған сиырларды көрдім. Сиыр халық байлығының не екенін біледі, сендер білмейсіңдер, сиыр құрлы жоқсыңдар. Ертеңнен бастап өздерің бас болып, елді түгелдей масақ жинауға шығарасыңдар. Мен масақ жинау жорығы басталады деп жариялаймын. Бұл – партиялық тапсырма. Масақты жердің үстінен жинаңдар, астынан қазыңдар, жоспар орындалатын болсын. Жоспарды орындамағандарың партия билетін мына столдың үстіне қоясыңдар, қызметтеріңмен қош айтысыңдар. Барыңдар, іске кірісіңдер!
Аудан басшылары үнсіз келісіп бара жатты.
Оларға бірінші хатшы өздерін сиыр тұрмақ одан арғыға теңесін, бәрібір, партия билеті қалтасында, орынтағы орнында тұрса, болғаны.
* * *
Хакім Абай адам қашық болатын бес дұшпанның қатарына жағымпаздықты жатқызбаған.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ, – деген Абай.
Көріп отырсыздар, абыз Абай сақтандырған індеттердің ішінде жағымпаздық жоқ.
Данышпан неге өйтті екен?
Себебін әркім әртүрлі жорамалдайды.
Мен ойлаймын: Абай заманында жағымпаздық онша өріс алмаған. Себебі ол кезде адам адамға ғана жағынған. Ол жағынғаннан гөрі сыйлағанға жақын болатын.
Қазір адам жағынатын жай көбейіп кетті. Бағынышты бастыққа жағынады, бастық өзінен қызметі үлкенге жағынады, жағыну өстіп сатылап өсіп кете береді.
Жағынбайтын адам өмір сүре алмайтын заман болды бұл. Ендіше, жағымпаздық жайлаған жерде жағынбай көр, түкке аспай қаласың. Тіптен, бір ауыз жағынған сөз айтпасаң, есігін күзетіп отырған хатшы қыз да бастығының іште отырғанын айтпайды.
– Әттеген-ай! – деуден басқа амал қайсы?!
* * *
Күні бойы ең көп өтірік айтатын адам, меніңше, хатшы қыз.
Хатшы қызды өтірік айтуға итермелейтін, анығырақ айтқанда, мәжбүрлейтін адам – бастық.
Бастықтардың ертеңгілік жұмысқа келіп, орнына жайғаса салып айтатын сөзі:
– Мен орнымда жоқпын.
Содан бастап бастыққа кім қоңырау шалмасын, хатшы қыздың айтатын сөзі:
– Орнында жоқ.
Кешке дейін осы жауап ойланбастан қайталана береді.
Бастық кабинетінде жұмыс істеп отырады, хатшы қыз: «жоқ», – деумен болады.
Сонда деймін-ау, бұл бастықтарға телефон не үшін орнатылады екен? Өздері біреумен сөйлескенде елпілдеу, өзіне телефон шалғанға шалқаю үшін орнатылатын болғаны ма? Ең жаманы – жап-жас қызды өтірік айтуға үйретіп отырғанын білсе, қане, сол шіркіндер!
Бастық кабинетінде ғана емес, үйде де бастық. Бастықтың қызметінен орала салып, үйдегілерге айтатын сөзі:
– Мен үйде жоқпын. Кім сұраса да «жоқ»-деңдер.
Бастықтың әйелі бұған әбден үйренген, баласы тілі шыққан соң үйренеді. Бала алғаш жанында отырған әкесінен неліктен «жоқ» деуі керек екенін білмей таңданады, содан соң шешесі құсап үйреніп кетеді. Жай үйренбейді, өтіріктің пайдалы екенін білетін болады, іле өтірік өріс алып жүріп береді. Енді бастық – әке баласын өтіріктен арылта алмай әуреге түседі. Бастық өтірік өзі үйреткен пәле екенін біледі де бармағын тістейді. Басқа амалы қалмаған, баласы өтірікті судай ағызады. Өтірік жайлаған заман болды бұл.
– Қап! – дегеннен басқа не істерсің?!
* * *
Құдайы тамаққа оқыған құранын молда Мұхамед пайғамбарға, мына шаңырақтың бұрынғы өткен аруақтарына бағыштап, нәміне дастархан жайылып отырған марқұмға иман тілеп барып тоқтады.
Ел бата қайырып, бетін сипап, асқа қолын енді созған, бір кейуана молдаға дүрсе қоя берді:
– Сендер қызық екенсіңдер, құранға Бектұрғановты неге қоспайсыңдар? Хасан Шайахметович – осы облысқа есепсіз еңбек сіңірген адам. Ол Жамбылға көп құрылыс салған. Басқасын айтпағанда, облыстық әкімдіктің өзі қазір сол кісі салған ғимаратта отыр.
Молда не деп жауап берерін білмей, әлде бір хадисті айта бастады.
Жиналғандар алдарына асын тосып, марқұм болған шалына жақсы сөз арнауларын күтіп отырған кейуанаға ештеңе дей алмады.
Кезінде облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Хасан Шайахметұлы Бектұрғановты пайғамбармен, аруақтармен бірге құранға қоспаған молда қызық па, жоқ, осы үшін молданы жазғырып отырған мына кейуана қызық па?
Отырғандар ойланып қалды.
Мен де ойландым: Қызық!
Күні-түні жандарын салып, дұрысы ықпалды туысын, жекжат-жұратын салып, аталарына ауылдың, көкелеріне көшенің атын бергізген бұл елдің құранға ауыз салғаны ма?!
* * *
Ньютон жердің тартылыс күшін кенеттен ашқан. Ғалым ағаштың көлеңкесінде жатса, бір алма үзіліп түсіп, топ ете қалады. Алманың олай да, бұлай да емес, аспанға да ұшпай, жерге түскені оның тартылыс күшін анықтауға себеп болған.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында қант қызылшасын жинау кезінде масақ жинау науқанын ашуға сиырдың тілі себеп болады. Сиыр жем-шөпті тілімен орап барып жейді.
Осыны қызылша жинау жөнінде Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданында атқарылып жатқан жұмысты көріп жүрген облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Бименде Садуақасов байқап қалады. Хатшы бір топ сиырдың әдеп тілін жалаңдатып, өнімі жиналған жерден қызылша тауып жеп жүргенін көріп, сұры бұзылып кетеді. Қасындағы аудан басшыларына сиырларды нұсқап тұрып:
– Ана сиырларды көрдіңдер ме, не істеп жүр? – дейді ызғарын төгіп.
– Жайылып жүр, – дейді ауданның бірінші басшысы.
– Жоқ, жайылып жүрген жоқ, қызылша кеміріп тұр. Сендер техникамен қазып ала алмай, тастап кеткен масақты сиырлар тілімен түртіп жіберіп жеп жатыр.
Аудан басшылары жерде қалған масақ жоқ екенін, сиырлардың қиқым-сиқымды жалап тұрғанын айтпақ болып еді, Бименде Садуақасов ешкімді де тыңдамай, аяғын тез-тез басып барып көлігіне мініп, кете барады.
Бименде Садуақасов өте ашушаң, тыз етпе, шалт қимылды адам еді. Кабинетіне келе салып, келер күнгі сағат тоғызға аудандардың басшыларын облыстық партия комитетіне шақыртады.
Бірінші хатшының айтқаны мүлтіксіз орындалады, ертеңіне сағат тоғызда барлық аудандардың басшылары облыстық партия комитетінің мәжіліс залына жиналып, бірінші хатшыны күтіп отырады. Бименде Садуақасовтың орынтағына отырар-отырмастан айтқан бірінші сөзі мынау болды:
– Бәрің түгел келдіңдер ме? Дұрыс. Кеше мен Свердлов ауданын аралап қайттым. Содан не көрдім? Қызылшасы жиналған жерде тұнып жатқан масақты тілімен орап, аузына салып алып, шайнап тұрған сиырларды көрдім. Сиыр халық байлығының не екенін біледі, сендер білмейсіңдер, сиыр құрлы жоқсыңдар. Ертеңнен бастап өздерің бас болып, елді түгелдей масақ жинауға шығарасыңдар. Мен масақ жинау жорығы басталады деп жариялаймын. Бұл – партиялық тапсырма. Масақты жердің үстінен жинаңдар, астынан қазыңдар, жоспар орындалатын болсын. Жоспарды орындамағандарың партия билетін мына столдың үстіне қоясыңдар, қызметтеріңмен қош айтысыңдар. Барыңдар, іске кірісіңдер!
Аудан басшылары үнсіз келісіп бара жатты.
Оларға бірінші хатшы өздерін сиыр тұрмақ одан арғыға теңесін, бәрібір, партия билеті қалтасында, орынтағы орнында тұрса, болғаны.
* * *
Хакім Абай адам қашық болатын бес дұшпанның қатарына жағымпаздықты жатқызбаған.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ, – деген Абай.
Көріп отырсыздар, абыз Абай сақтандырған індеттердің ішінде жағымпаздық жоқ.
Данышпан неге өйтті екен?
Себебін әркім әртүрлі жорамалдайды.
Мен ойлаймын: Абай заманында жағымпаздық онша өріс алмаған. Себебі ол кезде адам адамға ғана жағынған. Ол жағынғаннан гөрі сыйлағанға жақын болатын.
Қазір адам жағынатын жай көбейіп кетті. Бағынышты бастыққа жағынады, бастық өзінен қызметі үлкенге жағынады, жағыну өстіп сатылап өсіп кете береді.
Жағынбайтын адам өмір сүре алмайтын заман болды бұл. Ендеше, жағымпаздық жайлаған жерде жағынбай көр, түкке аспай қаласың. Тіптен, бір ауыз жағынған сөз айтпасаң, есігін күзетіп отырған хатшы қыз да бастығының іште отырғанын айтпайды.
– Әттеген-ай! – деуден басқа амал қайсы?!
* * *
Күні бойы ең көп өтірік айтатын адам, меніңше, хатшы қыз.
Хатшы қызды өтірік айтуға итермелейтін, анығырақ айтқанда, мәжбүрлейтін адам – бастық.
Бастықтардың ертеңгілік жұмысқа келіп, орнына жайғаса салып айтатын сөзі:
– Мен орнымда жоқпын.
Содан бастап бастыққа кім қоңырау шалмасын, хатшы қыздың айтатын сөзі:
– Орнында жоқ.
Кешке дейін осы жауап ойланбастан қайталана береді.
Бастық кабинетінде жұмыс істеп отырады, хатшы қыз: «жоқ», – деумен болады.
Сонда деймін-ау, бұл бастықтарға телефон не үшін орнатылады екен? Өздері біреумен сөйлескенде елпілдеу, өзіне телефон шалғанға шалқаю үшін орнатылатын болғаны ма? Ең жаманы – жап-жас қызды өтірік айтуға үйретіп отырғанын білсе, қане, сол шіркіндер!
Бастық кабинетінде ғана емес, үйде де бастық. Бастықтың қызметінен орала салып, үйдегілерге айтатын сөзі:
– Мен үйде жоқпын. Кім сұраса да «жоқ»-деңдер.
Бастықтың әйелі бұған әбден үйренген, баласы тілі шыққан соң үйренеді. Бала алғаш жанында отырған әкесінен неліктен «жоқ» деуі керек екенін білмей таңданады, содан соң шешесі құсап үйреніп кетеді. Жай үйренбейді, өтіріктің пайдалы екенін білетін болады, іле өтірік өріс алып жүріп береді. Енді бастық – әке баласын өтіріктен арылта алмай әуреге түседі. Бастық өтірік өзі үйреткен пәле екенін біледі де бармағын тістейді. Басқа амалы қалмаған, баласы өтірікті судай ағызады. Өтірік жайлаған заман болды бұл.
– Қап! – дегеннен басқа не істерсің?!
* * *
Бір кездері облыстық ауруханада нөмірі бірінші терапия бөлімі болды. Жұрт оны «Партактив» дейтін. Айтса, айтқандай, онда негізінен партия активі емделетін, олармен қоса атақты еңбек ардагерлері де денсаулығын түзететін.
Облыстық партия комитетінде қызмет істеген жылдары осында менің әлденеше рет жатып емделгенім бар.
О деп, бұ деп қайтейік, партияның өз қызметкерлеріне, ардагерлерге қамқорлығы көп еді ғой. Соның бірі – осы партактив ауруханасы болатын. Мұнда еңбек ететін бөлім меңгерушісі Сейсенбек Жабатаев, дәрігерлер Тамара Карташова, Лариса Щукина, Лариса Антоновалар нағыз адам жанының арашашылары еді.
Бұл бөлімде ақ жайлау дерсің, осында жатқандар қолы епсекті емшілердің емін емін-еркін қабылдап, аяқ-қолдарын жазып, бір-бірімен ашық-жарқын әңгімелесіп, жандары жадырап қалатын.
Маған керегі – көнекөз қариялардың әңгімесі, ертелі-кеш соларды жағалаймын. Сол кездері кеудесі алтын сандық ағалар мен шежіре қарттардан естіген әсерлі әңгімелер әлі күнге есімнен кеткен емес. Мен олардың біразын ой орамдарыма қосып, оқырмандар назарына ұсынып та көрдім. Социалистік Еңбек Ерлері Әбдір Сағынтаев, Нағашыбай Арапов, Сартай Есімхановтардың айтқан әңгімелері менің жазуымда жұрт қызығушылығын туғызғанына кәдімгідей қуанғаным бар.
Осыдан дәл қырық жыл бұрын аурухананың бір бөлмесінде бірге жатқан Байгелді ақсақалдан да біраз ғибрат аларлық әңгіме естіген едім, бірақ жазбадым. Неге? Өйткені Байгелді атамның баласы – Өмірбектің қызметі өсіп кетті. Тасы өрге домалап тұрған адамның әкесін мақтауды әбес көрдім, мені жағымпаз көргісі келетін жағымпаздардың тәубасынан қаймықтым. Қазір енді сөз басқа, Өмекең – өзіміз сияқты пенде, оған ешкімнің жағынуының керегі жоқ, айтамын деген адам әкесі жөнінде де, өзі жөнінде де шындық сөзін айтсын, жол ашық.
...Байгелді қария мені көп жатырқаған жоқ, тез-ақ шүйіркелесіп әңгімелесіп кеттік.
Атаға балалары, келіндері күн құрғатпай келіп тұрады.
Олардың әкелгендерін түгелдей маған ұстатады да атам:
– Балам, қолың епсекті екен, жайға, бәріміз отырып жейік, – дейді.
Бәріміз Байгелді атамның айтқанын істейміз, тойып аламыз.
Ішке ел қонған соң, ауызға сөз оралады, әрнені айтып дәудірлесіп отырамыз.
Осындай бір кезде бас киімсіз отырған Байекеңнің басына көзім түсіп кетті: шашы өсіп, үрпиіп тұр.
– Ата, шашыңыз өсіп кетіпті. Көшенің арғы бетінде шаштараз бар, ертең соған апарып, шашыңызды алдыртсам, қалай қарайсыз?
– Рахмет, қарағым. Шашымды кемпірім алады. Ол менің басымды өзінен басқа жан адамға ұстатпайды.
Отырғандар мына сөзге мән берген жоқ.
Мен ойланып отырып қалдым: неткен тектілік! Әйел адамның ерін сыйлауының, құрметтеуінің бұдан асқан мысалы болуы мүмкін бе? Жоқ, мүмкін емес. Осыны білген анадан айналса болар. Айналайын қасиетті қазақ анасы!
* * *
Артынып-тартынып келген Өмірбектің әйелі палатадан шықты ма, шықпады ма Сартай:
– Байеке, Өмекеңнің қанша баласы бар? Келініңіз неше құрсақ көтерген? – деді.
– Тәубе, үш баласы бар. Келін балағынан бала еретіннің өзі екен, әттең, заман ауанымен кететін түрі бар, үнсіз жүр, – деді Байекең көңілсіз.
Оннан көп перзент сүйіп, жүз қарасы немере көрген Байгелді қарияның тәубеге қосарландырғаны өзінің өкініші емес, ұлтынікі еді.
Қасиетті атаның өзегін өртеген сол өкініш өшетін күн келер ме екен?!
* * *
Жуырда «Ақ жол» газетінде Төрехан Қайнарбекұлының екі өлеңі жарияланды. Өлеңдерге Әсем Елубаева жазған алғысөзден мынандай жолдарды оқып, ойланып қалдым. Әсем: «Т.Қайнарбекұлы өлеңдерінің жаны бар», – дейді. Әсемнің қай деңгейдегі әдебиетші екені маған беймәлім, пікірі әдемі. Образды айтылған рас сөз (бұл жерде өлең) жанды болмаса, жан тербемейді. Тегі, адамдар қазір айтқыш болып кеткен және таңданарлығы – тауып айтады.
Осы биылғы ақпан айының аяғында облысқа белгілі азамат Сламбек Алдабергенов телефон шалып, мені Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына ие болуыммен құттықтады.
Рахмет айттым.
– Азғантай еңбегіміз еленді, Сәке, – дедім сыпайылық сақтап.
Сламбек дүр сілкінді:
– Ой, Әлдеке, сіз – жазушысыз, шын жазушысыз. Сіздің үлкенді-кішілі шығармаларыңыздың бәрінде жүрек бар. Шығармада жүрек болмаса, ол жүрекке жетпейді. Сіздің шығармаларыңыздан мен лүпілдеп соққан жүректі сеземін. Рас айтамын, солай. Сіздің шығармаларыңыз жеңіл оқылады, ішінде шындық тұнып тұрады.
Мен өзімді «Мақтағанды кім жек көрсін?» – дейтін қазақ емеспін деп ойлаймын. Мақтағанның да, даттағанның да сөзін салмақтап барып сіңіремін санама. Тауып айтылып, ойымнан шыққан сөз ешуақыт есімнен шықпайды.
Бейтаныс Әсем қарындас пен сыйлас замандас Сламбектің өлеңнің жаны, шығарманың жүрегі болатыны жөніндегі сөздері көкейіме берік ұялады. Бір-бірін танымайтын бұл екі адамның пікірлерінің үндес болуы меніңше, тектен-тек емес.
Мен – жазушылығым жөнінде мақтау сөзді аз естіген жазушы емеспін, соған қарамай, Сламбектің мына сөзі төбемді көкке жеткізгендей болды, өйткені, ол – шындық. Төрехан ақын да қуанған шығар.
* * *
Жазушы үшін оқырманмен кездесу – бір ғанибет.
Қашанда балалар жазушысы менің оқырмандарым – оқушылармен кездесуім көңілге түрлі ой салады.
Әсіресе, екі кездесу менің есіме ұмытылмастай болып ұялады. Екеуі де ертеректе өтті.
Алғашқысы қазіргі педагогикалық институт университет болып тұрған тұста өткен. Оны ғылым кандидаттары Қалаш Тасболатов пен Рахым Садықбеков ұйымдастырған болатын. Кездесу басында Қапекең де, Рахаң да атыма жылы сөздер айтып, жадыратып тастады. Сөз кезегі студенттерге тиді. Рахат Елубаева деген қыз ұялып тұрып сөз бастады:
– Мен балалар жазушылары деп Бердібек Соқпақбаев пен Сансызбай Сарғасқаевты ғана білетін едім. Сөйтсем, нағыз балалар жазушысы өзіміздің Жамбылда екен. Ол – Әлдихан аға, сізсіз. Шығармаларыңыз – шынайы. Оқиғалары – жанды, тілі – таза. Мен институт бітірген соң қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалім боламын. Сонда балаларға сабақтан тыс оқуда ең алдымен сіздің шығармаларыңызды оқытамын.
Мен жыларман күйде сілейіп отырып қалдым.
Әдебиетті түсінетін сол студент қызбен қайтып кездескенім жоқ. Естуімше, кейін филология ғылымдарының кандидаты болыпты. Қазір кафедра меңгерушісі көрінеді. Өте дұрыс, солай болуы заңды. Мен оның келешегі кемел болатынын сол кездесуде сөйлеген сөзінен-ақ білгенмін.
Есімнен кетпейтін екінші кездесу содан көп ұзамай Жамбыл ауданындағы Жасөркен сегізжылдық мектебінде өтті. Кездесуді әдебиет пәнінің жас мұғалімі Сәмен Құлбарақов ұйымдастырды.
Кездесуде тым ұяң, сыпайы жігіт әуелі әдемі сөз сөйледі.
Сөзі де, ісі де орнықты. Сәмен менің шығармаларымды өзі оқып қана қоймай, оқушыларға да оқытыпты. Балалар алған әсерлерін еш боямасыз айтып жатты.
Мен ерекше толқып отырдым, балалардың сұрақтарына барымды салып жауап бердім.
Сәмен мен «Ақ жолда» басшы болып істеген жылдары редакцияға келіп жүрді. Озық ойлы журналист Рахметбек Өзбековпен достасып та кетті. Сәмен зат жігіт екен, бір де бір рет «мынауымды басыңызшы», – деп алдыма келген емес. Жазғандары бөлімнен өтіп келетін маған.
Сол Сәмен Құлбарақов – қазір филология ғылымдарының докторы, проректор.
Өмірде әділеттілік бар екен-ау дегеннен басқа не айтпақсың бұған?!
Жазушымен кездесу – бой көрсету емес, ой көрсету.
Осыны жазушы да, оны кездесуге шақырғандар да білгені жөн.
Достарыңызбен бөлісу: |