Жамал. Шығады. Сенен де өткен желөкпе ол.
Рауза (бұртаң етіп). Сіз қалай сөйлейсіз өзі? Мен желөпке болып, не істеппін?
Жамал (шап беріп). Бәрін істегенсің. Енді келіп, күнде мына орындықта қаздиып отырғанға ұмытқансың ғой бәрін. Жоқ, сен ұмытқаныңмен, ел ұмытқан жоқ. Сен жел өкпеден де өткенсің, айтуға ауыз бармайды, «Ж» - дан келетін бір жиіркенішті оңбаған адам бар еді ғой, соның нағыз өзісің. Ал, Ұлтуған – бейшара.
Рауза (ашуланып). Сізге не болған бүгін? Бәрімізге баға беретін сіз кімсіз? Кімнің кім екенін уақыт көрсетеді әлі.
Жамал (кекетіп). Уәкіт! Ол – жастар айтатын сөз. Уақыт – жастардың досы, өсіреді, қарттардың қасы, өшіреді.
Рауза. Сіз бүгін шабытыңызға мықтап мінген екенсіз, мейлі. Желөкпе болайық, жезөкшке болайық, өтті бәрі. Аузыңызға келгенді айта беріңіз, менің оған қылым да қисаймайды. Ал, Ұлтуғанды бейшара деудің мүлде қисыны жоқ, баласы бастық, тіреп тұр, келіні – кәсіпкер, шіреп тұр.
Жамал. Оны бейшара қылған сол – баласының бастық, келінің пысық болғаны. Бала тумаған келін тік аяқ, қабағы ашылмайды. Карьерист бала – өз басымен әлек, әкімге жағынудан артылмайды.
Рауза (ентелей түсіп). Қойыңызшы құрысын, баласы бастық ананы бейшара дегенді өмірімде бірінші рет сізден естіп отырмын.
Жамал (кергіп). Сөз – ақ! Соны білмей, жеті қат жердің астындағыны да, үстіндегі де елден бұрын еститін құлағым керең, іліп түсетін көзім көр болып қалды дегеніңе кім сенеді?
Достарыңызбен бөлісу: |