Мұсатай. Хи-хи... Бұл жарықтықтың ашуы қатты енді. Келінінен де шертпек алар ма екен, қайтер екен, а?
Шаншар атай.Келінге жаңа ғана одыраңдап, оспадарсыз бірдемелерді айтып жатпап па едің? Енді панаң болды ма, бөлем. Шөпті қайда түсіріп алдың, қане? Соны айт, алдымен. Шаншарға шалтай-балтайдың кәпекке керегі жоқ. Бір талын қалдырмай қайтар баланың шөбін өзіне.
Күләнда. Күмілжіген түрің жаман еді, бәсе. Оңай олжа қайдан ғана келе қалды деп едім-ау...
Мұсатай. Шөбі құрысын. Әкеледі қазір Сәлім. Апарыңдаршы өзі, бір бау шөп-шаламды басыма пәле қылмай.
Шаншар атай. Солай ма екен? Ендеше, қазір келген соң Сәлімді бірден Әшірбектің үйіне жұмса!
Мұсатай(бір қулық ойланып барып, қатуланып). Жоқ. Өйте алмаймын мен! Сарайға апарып түсіреді оны! Қызғанғанның қызыл итке! Ал, әйтпесе. Сендерге ерегіскенде, өстейін мен енді. Ал, онда қайтер екенсіңдер?!