Күләнда. Өзі ақ келер балалардың.
Мұсатай . Келеді, иә. Тапқан екенсің жібере қоятын адамды. Әй, осы қырсық шалдан-ақ қалдық-ау пәлеге.
Әлипа (күйініп, қатқыл үнмен). О, не, дегенің, Мұсатай қарағым. Бәрің де бала болып өсіп едіңдер ғой, түге. Біздің қарт ағаттықтарың үшін бәріңді де жазалайтын. Ешқайсыңды алалап-құлалаған жері жоқ-тын. Өз балам деп жалғызына да бұрмайтын. Балабек те өздеріңмен бірдей тататын жазаның дәмін. Одан ешқайсың да кемдік көрген жоқсыңдар. Енді келіп ол байғұсты жерден алып, жерге салғаныңа жол болсын, «Шаншар адам ұрып өлтіріпті», – дегенді естіген ешкім жоқ еді ғой осы ауылда. Ұрса ұрсын баланы. Кім қақпақ үлкеннің қолынан. Бала қайта сөйтсе, адам болады.
Мұсатай. Айтады-ақ екенсіз. Біз бен қазіргі бала бір ме? Қазіргі балаларға сол қаңбақ шалсыз да тәлім-тәрбие беретін адам әбден жеткілікті. Кім көп, көрінгені бір қыдыңдап, баланың миын жеуден басқаны білмейтін мұғалім көп қазір. Енді ол аз болғандай кәрі жілік желікті ғой бұ. Бүйтіп аты-жөні жоқ қоңаштатып қоя алмаймын мен оған баламды.
Әлипа (көңілі қалып). Қайдам, қарағым. Жау шапқандай шала, бүлініп, шалшыққа жығылудың қажеті қанша дегенім ғой, тегі. Балаларды өзі де жіберген шығар ендігі.
Мұсатай. Жіберсін, жібермесін, онда менің жұмысым жоқ. Бір бала тұрмақ, жарты балаға қол тигізуге қақысы жоқ ол шалдың. Қағынайын деген екен өзі тіпті, үндемегенге. (Күләндаға). Жүр, Күләнда. Бар үйге, мен кеттім.
Достарыңызбен бөлісу: |