Іс-әрекет құрылымы және оның түрлері
Іс-әрекет – бұл саналы түзілген мақсаттың орындалуына бағытталып, қоғамдық мәнді құндылықтар немесе әлеуметтік тәжірибені игеруге байланысты субъекттің болмысқа деген белсенді қатынасының формасы.
Іс-әрекет барысында адам болмысы және оның психикасы көрініс береді, қалыптасады және дамиды.
Іс-әрекет – екі негізгі белгіге ие өте ерекшеленген қатынас формасы:
Іс-әрекет – бұл қандай да нәтижені қолға түсіруге көзделген өнімді қатынас түрі. Бірақ мұндай іс-әрекеттің өнімі тек заттасқан күйде ғана (тұрмыс қажеттері, құнды жәдігерлер және т.б.) болып қалмай, адамның әлеуметтік тәжірибе формалары да (білім, ептілік, дағды және т.б.) болуы мүмкін. Осыдан іс-әрекет үш негізгі түрде көрінеді, іске асып барады. Олар – еңбек, ойын және оқу.
Іс-әрекет – болашақ нәтиженің идеалды бейнесі ретінде саналы танылған мақсатпен реттелуші қатынас түрі. Іс-әрекеттің мазмұнын, құрылымын және қозғалысын айқындаушы басты өлшем – бұл мақсат. Осынысымен де іс-әрекет адамның басқа белсенділік формаларынан ажыралады.
Іс-әрекетті анықтаушы жоғарыда аталған екі ерекше белгі оның негізгі жалпы психологиялық қасиеттерін нықтылауға мүмкіндік береді. Мұндай қасиеттерді атасақ, олар: белсенділік, өнімділік (нәтижелілік), танылу мүмкіндігі, әлеуметтік шарттылығы, іс-әрекеттің заттасқандығы (субъект әрекетінің міндетті түрде өзінен тыс нысанға бағытталуы), іс- әрекеттің икемшілдігі (жағдай өзгерісіне орай ауысуы, қайта құрылуы), жүйелілігі.
Достарыңызбен бөлісу: |