Ауру қоздырғыштарының мамандануы
Ауру қоздырғышының мамандануы дегеніміз олардың белгілі бір қоректік субстратқа бейімделуі. Патогендердің әр түрі үшін қажетті қоректік субстрат өсімдік ткандерінде немесе өсімдіктердің белгілі бір өсу кезеңінде болуы мүмкін. Фитопатогенді микроорганизмдердің мамандануының бірнеше типтері ажыратылады: филогенетикалық, органотроптық және онтогенетикалық.
Патогендердің филогенетикалық мамандануы олардың өсімдіктердің нақты тұқымдасын, туысын, түрін, тіпті кейде нақты сортын залалдауымен сипатталады. Бұл мамандану көлемі патоген әр түрлі тұқымдасқа, немесе бір тұқымдастың әр түрлі туысына жататын өсімдіктерде паразиттік күйде тіршілік етеді. Мысалы, ақ шірік ауруының қоздырғышы Sclerotinia sclerotiorum саңырауқұлағы күнбағысты, бұршақты, сәбізді, қиярды және басқа да көптеген өсімдіктерді залалдайды. Қырыққабаттың кила ауруының қоздырғышы крестгүлділер тұқымдасына жататын басқа дақылдарды да залалдайды. Көптеген дақылдардың сұр шірік ауруының қоздырғышы Botritis cinerea саңырауқұлағына кең көлемдегі филогенетикалық мамандану тән. Pseudomonas solanacearum бактериясы картоп, қызанақ, темекі, күнбағыс, майбұршақ дақылдарының түтікті бактериоз ауруын қоздырады.
Сонымен қатар кей патогендер бір туысқа, немесе түрге жататын дақылдарды ғана залалдайды. Олардың қатарына дәнді дақылдардың қаракүйе түрлері, тат ауруларының қоздырғыштары жатады. Патогендердің бір қатарының мамандану шеңбері одан да тар болады. Мысалы дәнді дақылдардың сабақ татының қоздырғышы Puccinia graminis: ал оның Puccinia graminis forma specialis tritici бидайды, Puccinia graminis forma specialis avenae маманданған формасы сұлыны залалдайды. Сол сияқты дақылдардың жеке биотиптерін, тіпті жеке сорттарын залалдауға бейім ауру қоздырғыш түрлері кездеседі. Олар шартты негізде цифрмен немесе латын әрпімен белгіленеді.
Көптеген патогендердің филогенетикалық мамандануы паразитизм дәрежесімен коррелятивтік байланыста болады. Тар көлемде маманданған ауру қоздырғыштарының басым көпшілігі облигатты паразиттерге, немесе оларға жақын организмдер қатарына жатады. Бұндай патогендермен күресте ең тиімді шаралардың қатарына ауыспалы егістік жатады.
Онтогенетикалық, немесе жас-физиологиялық мамандану – патогендердің өсімдіктерді нақты бір өсіп-жетілу кезеңінде залалдауға бейімделген қасиеті. Ол өсімдік ткандерінің метаболизм өнімдерінің күйіне байланысты.
Онтогенетикалық мамандану бойынша ауру қоздырғыштары 3 топқа бөлінеді. Бірінші топқа жас ткандерді немесе өсімдіктерді бастапқы даму кезеңдерінде зақымдайтын патогендер жатады. Бұл топқа ақ ұнтақ ауру қоздырғыштарына (жас ткандерді зақымдайды), қызылша тамыржемірлері (көктегеннен 4-ші нағыз жапырақ түзілгенге дейін зақымдайды).
Екінші топқа кәрі ткандерді, яғни өсімдіктер дамуының соңында зақымдайтын ауру қоздырғыштары жатады (қызылшаның церкоспорозы, қарақаттың антрокнозы).
Үшінші топқа өсімдіктерді бүкіл тіршілік циклі бойына зақымдайтын патогендер жатады (жүгері қара күйесі).
Бірінші және екінші топ өсімдіктерінің ауру қоздырғыштарына қарсы төзімсіз кезеңдерінен тез өтуге мүмкіндік беретін күрес шараларын қолдануға болады.
Органотроптық, немесе ткандік мамандану нақты өсімдік мүшелерінің ткандерінің: жапырақтарының, жемістерінің, түйнектерінің, тамырларының немесе олардың нақты бір ткандерінің зақымдануы. Мысалы, қырыққабаттың кила ауруы оның тамырын жарақаттаса, ақ ұнтақ ауру қоздырғышы – жапырақтың эпидермалық тканін зақымдайды.
Бір ауру қоздырғышының бірнеше мамандану типі де кездеседі. Мысалы, бидайдың ақ ұнтақ ауруының қоздырғышы Erysiphe graminis f.sp.tritici тек Triticum туысын ғана заладайды (филогенетикалық мамандану); сонымен қатар ол эпидермис тканінде паразиттік тіршілік кешеді (ткандік мамандану).
Достарыңызбен бөлісу: |