3 ДӘРІС (1 сағат) Тақырып: «Қазақстан Республикасының азаматтық және отбасы құқығының негіздері»
Дәріс жоспары:
1. Азаматтық құқық түсіні, пәні және азаматтық-құқықтық қатынастар.
2. Мәміле ұғымы, түрлері және нысаны.
3. Өкілдік және сенімхат түсінігі.
4. Мұрагерлік құқық.
5. Отбасылық құқықтық қатынастар ұғымы.
6. Некеге отыру және оны тоқтатудың шарттары.
7. Отбасы ұғымы, ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттері.
Азаматтық құқық түсіні, пәні және азаматтық-құқықтық қатынастар
Азаматтық құқық - бұл тауар-ақша және оған қатысушылардың теңдігіне негізделген өзге де мүліктік қатынастарды, сондай-ақ мүлікпен байланысты жеке мүліктік емес қатынастарды реттейтін құқық саласы.
Мүліктік қатынас дегеніміз мүліктерді сатып алу, иелену, басқа адамдарға беру мен пайдалану жөніндегі қатынас болып табылады.
Мүліктік емес жеке қатынастар, мүліктік қатынастарға тығыз байланысты мүліктік емес жеке қатынастар және мүліктік қатынастарға байланысы жоқ мүліктік емес жеке қатынастар болып екі топқа бөлінеді.
Азаматтық құқықтың мынадай принциптері бар:
Азаматтық құқықтың қатынастарға қатысушылардың теңдігі
Меншікке және басқа заттық құқыққа қол сұқпаушылық
Шарт еркіндігі
Жеке істерге кімнің болса да озбырлықпен араласуына жол беруге болмайтындығы
Азаматтық құқықтарды кедергісіз жүзеге асыру
Нұқсан келтірген құқықтарды қалпына келтірілуін қамтамасыз ету
Азаматтық құқықты сот арқылы қорғау
Азаматтық құқықтың субъектілеріне мыналар жатады:
жеке тұлға
заңды тұлға
Жеке тұлға деп ҚР азаматтарын, басқа мемлекеттердің азаматтары мен азматтығы жоқ адамдарды айтамыз. Құқық субъектілерін сипаттайтын негізгі құқық қасиеттері құқық қабілеттілігі болып табылады. Азаматтық құқық қабілеттілігі-азаматтық құқыққа ие болып, міндет атқару қызметі барлық азаматтарға бірдей деп тұжырымдалады. Азаматтардың әрекет қабілеттілігі дегеніміз - азаматтың өз әрекеттерімен азаматтық құқықтарға ие болуға және оны жүзеге асыруға, өзі үшін азаматтық міндеттер жасап, оларды орындауға қабілеттілігі болып табылады. Азаматтың әрекет қабілеттілігі кәмелетке толғанда, яғни 18 жасқа толғаннан кейін толық көлемінде пайда болды.
Заңды тұлға деп - меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығындағы оқшау мүлкі бар және сол мүлікпен өз міндеттемелері бойынша жауап беретін,өз атынан мүліктік және мүліктік емес жеке құқықтар мен міндеттерге ие болып, оларды жүзеге асыра алатын,сотта талапкер және жауапкер бола алатын ұйым заңды тұлға деп танылады.