Дәрістің мазмұны. Мектеп физика курсын оқытудың бірінші және екінші басқыштардағы мазмұны мен құрылымы. Орта мектепте физиканы оқытудың үш түрі болуы мүмкін: радиалдық, концентрлік және басқыштық.
Физика курсын оқытудың радиалдық құрылуында оқу материалын оқыту реттілігі мынандай болады - бағдарламаның әр бөлімі, тақырыбы және сұрағы курсты оқу бойында бір-ақ рет өтіледі. Физиканы оқытуда оқу материалының қиындығы бірқалыпсыз өзгеруі, оқушылардың даму дәрежесіне сәйкес келмеуі радиалдық құрылудың негізгі кемшілігі болып табылады.
Концентрлік құрылуда оқуға берілген барлық материал екіге бөлінеді: барлық бөлімдердегі жеңіл сұрақтарды бірінші өтіп алады да, сонан соң сол бөлімдердегі қүрделірек сұрақтарды өтеді. Мұнда бір концентрдің мазмұны келесі концентрді оқығанда қайталады.
Қазіргі мектепте физика курсын құрудың үшінші тәсілі қолданылады – басқыштық. Курстың басқыштық құрылуы мынандай: оқу материалы қиындығына қарай екіге бөлінеді, кейбір бөлімдер мен тақырыптар, екінші басқышта қайталанбастан, тек бірінші басқышқа енеді; басқалары тек екінші басқышта өтіледі, бірақ екі басқышта да кездесетін бөлімдер мен тақырыптар бар.
Физиканы оқыту деңгейлеріне сәйкес бірінші және екінші басқыштарды ажыратады. Қазіргі мектепте бірінші басқышта 7-9 сыныптарда интеграцияланған «Физика және астрономия» курсы оқытылады. Екінші басқышта 10-11 сыныптарда физика курсы жүйелі турде өтіледі. «Физика және астрономия» пәні негізгі мектепте оқытылады және барлығына міндетті пән болып табылады. Физика пәнін жоғары сыныптарда оқиды.
Екінші басқыштағы физика пәнінің құрылымы: І.Механика ІІ.Молекулалық физика ІІІ.Электродинамика ІV.Кванттық физика.
Бірінші және екінші басқыштарда физиканың әр бөлімінің мазмұны ҚР БҒМ бекіткен үлгілік бағдарламамен анықталады.
2. Физиканың пропедевтикалық курсы. Физика курсы жүйелі оқыту екінші басқыштан басталады. Оның алдында өтілетін «Физика және астрономия» курсы жоғары сыныптарда оқытылатын физика курсына қатысты пропедевтикалық болып табылады. «Пропедевтикалық» деген сөз дайындық деген мағынаны білдіреді. «Физика және астрономия» курсы үшін төменгі сыныптарда «Қоршаған әлем», «География», «Жаратылыстану» пәндерін оқығанда өтілетін оқу материалдары пропедевтикалық болып табылады.
3. Мектеп физика курсының даму перспективасы. Мектепте физика курсын оқытудың дамуы физика ғылымының дамуына, қоғам өміріндегі оның маңыздылығына байланысты. Қазіргі кезде адам өмірінде физиканың алатын орнына баға берудің өзі қиын. Осыған байланысты мектепте физика негіздерін оқып-үйренудің бүкіл адамзат үшін мағынасы өте зор болып тұр.
Мектеп физика курсының мазмұны, нақты оқытылатын оқу материалдары көп жылдар бойы өзгермейді, өйткені физика – фундаменталды ғылым. Әдістемелік тұрғыдан құрылымдық өзгерістер болуы мүмкін – орта мектепте физиканы оқытудың формалары, әдістері, реті өзгереді.
2015 жылдан бері 12-жылдық білім беру жүйесіне көшу басталады. Физика пәнін оқуға бөлінген уақыттың ұлғайуына байланысты кешекте физика курсы кеңірек және тереңірек оқытылатын болады. Оқу процесіне физика пәнін бейін алды және бейіндік оқыту іске асырылуда. Бейіндік оқыту жоғары сыныптарда жүргізіледі, оның алдында бейін алды оқыту жүргізілуі тиіс. Бейіндік оқытудың негізін оқушылардың таңдауы бойынша жүргізілетін элективті курстар құрайды. Элективті курстар оқушыларға келешек мамандығын таңдауға себін тигізеді. Оқушыларды өзінің жеке білім алу траекториясын таңдауға мүмкіндік пайда болады.
Жастар мектеп жасында физика негіздерін саналы түрде менгеретіндігіне нлкен үміт артылуда. Физика курсын өз бетінше меңгеру мәселесіне үлкен назар аударылуда. Оқыту процесі өзіндік оқу әрекеттерін және сын тұрғысынан ойлау қабылеттерін дамытуғабағытталуы тиіс, оқушыларды өз бетінше білім алуға үйрету қажет.
Орта мектепте физика курсын оқыту оқушының жан-жақты дамуына әсер ететін интербелсенді әдістерді кеңінен қолдануды көздейді.Телекоммуникациялық ақпараттық технологияларды тиімді қолдану физиканы оқыту процесінің міндетті құрамдық бөлігі болып табылады.