Лекция 1 Кіріспе. Физиканы оқыту әдістемесі – педагогикалық ғылым. Жоспар: Кіріспе
1. Физиканы оқыту әдістемесі, оның зерттейтін мәселелері мен зерттеу әдістері.
2.Физиканы оқыту әдістемесінің физикамен, философиямен, психологиямен және педагогикамен байланысы.
3. Мектеп білім дамуының қазіргі заманғы кезеңдегі физика әдістемесінің өзекті мәселелері және міндеттері.
Дәріс мақсаты: Физиканы оқыту әдістемесінің негізгі міндеттері жайында мағұлымат беру. Орта мектептің қазіргі заманғы даму кезеңіндегі физиканы оқыту әдістемесінің міндеттері мен өзекті мәселелерін көрсету.
Дәрістің мазмұны. Кіріспе. Болашақ мұғалімдерге физиканы оқыту әдістемесін меңгерудің маңызы. Физиканы оқыту әдістемесі пәнінің құрылымы. Пәнді оқытудағы ұйымдастырылушылық мәселелер.
1. Физиканы оқыту әдістемесі, оның зерттейтін мәселелері мен зерттеу әдістері. Физиканы оқыту әдістемесі педагогикалық ғылымның бір бөлімі болып табылады. Бұл ғылымның пайда болуы, бас көтеріп дамуы, оның қоғам өміріне тигізетін әсерімен анықталады. Ғылыми білімдердің жинақталу процесі оқу пәндерінің және олардың мазмұнының қөбейуіне алып келеді. Осыған байланысты оқыту мақсаттарын, мазмұнын және әдістерін ғылыми тұрғыдан негіздеу мәселесі пайда болады; педагогиканың жаңа бөлімдері туындайды – жеке пәндерді оқыту әдістемесі. Бұлар оқытудың жалпы заңдылықтарын жеке оқу пәндерін оқыту іс-тәжірибесінде қолдану ерекшеліктерін зерттейді.
Барлық әдістер оқытудың жалпы теориясы болып табылатын дидактикаға негізделеді. Жеке дидактикалар немесе пәнді оқыту әдістемесі оқыту заңдылықтарын ашумен, жеке пәндерді оқытуды ұйымдастыру әдістері және формаларын, мазмұнын анықтаумен айналысады. Сонымен қатар, оқыту барысында тәрбиелік міндеттерді атқарады. Сонымен, физиканы оқыту әдістемесінің зерттеу пәні физиканы оқыту үдерісі болып табылады. Физиканы оқыту әдістемесі үш негізгі функцияны (міндетді) атқарады – білімділік, дамытушылық және тәрбиелік.
Білімділік функция негізгі және шешуші болып табылады; бұл функция іске асырылғанда оқушылар физикалық білім негіздерін меңгереді, білімді іс-тәжірибеде қолдану икемділік пен дағдыларға ие болады.
Дамытушылық функциясы оқушыларда танымдық мүмкіншіліктерін дамытуды көздейді, оларға өз бетінше білімді игеру дағдыларын дарытады, ғылыми және білімдік ақпараттардың үздіксіз және үдетпелі ағынында бағдарлана білуді үйретеді.
Тәрбиелік функция – оқытуға кешендік көзқарастың ажырамас компоненті, басқаша айтқанда, оқыта отырып тәрбиелеу. Физиканы оқыту бірінші кезекте оқушылардың ғылыми көзқарастарының, олардың идеялық сенімдері мен жеке тұлғалық сипаттарының қалыптасуына негіз болады.
Физикаға оқыту процесі мұғалім мен оқушының ретті және өзара байланыстағы әрекеттер жиынтығы болып табылады. Бұл әрекеттер оқушылардың физика негіздерін саналы және берік меңгеруіне, практикалық дағдыларының калыптасуына, білімдерін өмірде қолдана білуге және өз бетінше шығармашылық тұрғыдан ойлау және бақылау қабылеттерін дамытуға, диалектика-материалистікк көзқарасты қалыптастыруына бағытталған болады.
Физиканы оқыту процесі білім берудің мақсатымен және оның келесі компонентердің өзара әрекеттесуімен анықталады:
Оқытудың мазмұны – физика негіздері;
Оқыту – мұғалімнің іс-әрекеті;
Оқу – оқушының оқуға арналған жан-жақты іс-әрекеті;
Оқытуға арналған құралдар және материалды-техникалық база – оқулықтар, есептер жинақтары, әдістемелік құралдар, физикалық оқу приборлар мен құрылғылар, арнайы бағдарламалармен қамтамасыздандырылған қазіргі заманғы техникалық оқыту құралдары, дидактикалық материалдар т.б.
Физиканы оқыту әдістемесінің мазмұны пәнді оқытудың жалпы мәселелерінен (теориялық сұрақтар), физика курсының жеке тақырыптарын оқыту мәселелерінен (жеке әдістеме), физикалық оқу экспериментінің әдістемесі мен техникасынан тұрады.
Жалпы мәселелерге мыналар жатады: физиканы оқытудың мақсаттары мен міндеттері, курстың мазмұны және құрылымы,әдіснамалық және психологиялық мәселелер, ойлау және шығармашылық қабылеттерінің дамуы, дүниетанымдық көзқарастарының қалыптасуы, оқыту әдістері, оқытуды ұйымдастыру формалары, есептер шығару әдістемесі, физикалық эксперимент жүйесі т.б. Жеке мәселелерде физика курсындағы жеке тақырыптардың мазмұны, сабақ өткізу жолдары, оқу экспериментін қолдану мәселелері, нақты тақырыптарды оқыту әдістемесі.
Физиканы оқыту процесінде мына сұрақтарға жауап іздейміз: Физиканы не үшін оқытамыз? Нені оқытамыз? Қалай оқытамыз?
Зерттеу әдістері: педагогикалық бақылау, мектеп құжаттарын зерделеу, анкеталар жүргізу, тестілеу, педагогикалық эксперимент, теориялық талдау.
Физиканы оқыту әдістемесінен бірінші оқулықтың авторы - Ф.Н.Шведов (1840-1905). Кеңес дәуіріндегі физиканы оқыту әдістемесінің негізін қалаушы П.А.Знаменский: «Физиканы оқыту әдістемесі пәні – физика негіздерін оқытудың теориясы және практикасы» деген анықтама берген.
2. Физиканы оқыту әдістемесінің физикамен, философиямен, психологиямен және педагогикамен байланысы. Физиканы оқыту әдістемесі пәнінің әдіснамалық негізі философия және оқыту мен тәрбие беру туралы ілім болып табылады.Физикалық білімді жүйелеу және ғылыми тұрғыдан іріктеу тек ғылым логикасына, оның даму тарихына, сонымен қатар, дидактика принциптеріне, жас өспірімдер физиологиясына қатысты мәліметтерге және педагогикалық психологияға терең талдау жасау арқылы жасалады.
Физиканы оқыту әдістемесінің міндеттерін талдау оның физикамен және дидактикамен тығыз байланысымен қатар, олардан айырмашылығын да көрсетеді.
Физика материя қозғалысының қасиеттері мен заңдары туралы ғылым ретінде оқыту мәселелерін алдына қоймайды және шешпейді, оның зерттеу нысаны және әдістері басқа; табиғатты зерттеп тану мен оқыту барысындағы танымдық іс-әрекеттер (жас ұрпаққа белгілі білімді үйрету процесі) арасында елеулі айырмашылықтар бар.
Физика – табиғат жайлы адам білімінің сарқылмайтын кені, ол ұдайы толықтырылады. Мектеп физика курсында ол білімнің тек кішкене бір бөлігі көрініс аліы мүмкін. Ғылымда оқыту мазмұнын анықтау принциптері берілмеген. Мұндай критерийлер физиканы оқыту әдістемесінің құзырында: түрлі жас категориядағы оқушыларға оқыту мазмұны түсінікті болуы керек; оқушыларға қазіргі заман физикасы туралы түсінік беретін, сонымен бірге олардың ойлау қабылетінің дамуына негіз болатын физикалық білім жүйесін түзу қажет. Физикаға оқытудың мазмұны және ғылым әдісманасы ретінде оның тәрбиелік әсері кеңінен қолданылады. Физиканың мазмұны, әдістері, тарихы білім алушылардың зияткерлік және моральдік күштері мен қасиеттерін дамытудың қуатты құралы болып табылады.
Мектепте физиканы оқытудың қажетті (бірақ жеткіліксіз) шарттары – мұғалімнің өз пәнін терең білуі. Физика пәнін оқытудың тағы бір шарты – оқытудың тиімді әдістері мен әдістемелік әрекеттерді мұғалімнің білуі және қолдануы. Мұндай біліммен мұғалімді физиканы оқыту әдістемесі пәні қаруландырады. Физиканы оқыту әдістемесі пәні тек оқу-тәрбие процесінің теориясын ғана емес, сонымен қатар, оқытудың педагогикалық технологиясын жасайды.
Физика мен педагогикадан басқа физиканы оқыту әдістемесі педагогикалық психологиямен тызыз байланыста. Педагогикалық психология оқушылардың психикалық іс-әрекеттерінің заңдылықтарын ашады; олар қоршаған әлемді қалай қабылдайтынын, ойлайтынын, білімді, икемділікті және дағдыларды меңгеретінін көрсетеді; олардың қызығушылықтары мен бейімделуі қалай қалыптасатынын көрсетеді. Педагогикалық психологияның деректері мектеп физика курсын құрғанда, оқытудың әр кезеңіне лайық оқыту әдістерін таңдағанда, физикалық эксперименттің, теорияның орнын және қатынасын анықтағанда т.б жағдайларда қолданылады.
3. Орта мектептің қазіргі кездегі даму кезеңінде физиканы оқыту әдістемесінің өзекті мәселелері мен міндеттері. Физиканы оқытудың өзекті мәселелері қазіргі кездегі білім берудің даму ерекшкліктеріне байланысты болады. Олар:
Физикадан оқу бағдарламалар мен оқулықтардың мазмұнын анықтау және жетілдіру;
Берік білім алуды және білік пен дағдылардың қалыптасуына жағдай жасауды камтамасыз ететін, оқытудың тиімді әдістерін және педагогикалық технологияларды жасақтау;
Қазіргі қоғамның өмірінде физиканың ролін көрсету.
Қазіргі кезде физиканы оқытуда бірінші орында оқушыларды өз бетінше білім алуға және білімді табуға үйрету, критериалдық ойлауды және танымдық қабылеттерін дамыту мәселелері тұр.