3. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы.Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев 2004 жылғы 13 қаңтарда «2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлыққа қол қойды.
Бағдарлама қабылданғаннан бергі төрт жылда тарих пен мәдениеттің 51 ескертіші қайта жаңғыртылып, Қазақстан аумағындағы 39 қалашықта, қоныста, тұрақта, обалар мен қорғандарда маусымдық археологиялық зерттеулер жүргізілді. Қытайға, Түркияға, Моңғолияға, Ресейге, Жапонияға, Египетке, Өзбекстанға, Арменияға, АҚШ пен Батыс Еуропа елдеріне 15 ғылыми экспедиция ұйымдастырылып, Қазақстан тарихы, этнографиясы, өнері жөнінде бұрын белгісіз болып келген 5000-ға жуық қолжазбалар мен баспалық басылымдар табылды. Тек Қытайға жасалған экспедицияның барысында Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне қатысты бұрын зерттелмеген маньчжур тіліндегі 3 мың, қытай тіліндегі 300, шағатай тіліндегі 60, ойрат тіліндегі 70 дерек табылды. Ұлттық және әлемдік ғылыми ой-сананың, мәдениет пен әдебиет басылымдарының фольклортану, әдебиеттану мен өнертану, философия, тарих ғылымы, саясаттану, тіл білімі сияқты 16 бағыты бойынша бірнеше жүз томды құрайтын кітаптар шығарылды. 100 томдық «Бабалар сөзінің» 51 томы, «Қазақ философиясының» 16 томдығы, «Әлемдік философиялық мұраның» 18 томдығы, «Баласағұн» қалашығы, Отырар, Орхон ескерткіштерінің толық атласы жасалды. «Қазақстанның электрондық кітапханасы» және «Мәдени мұра» интернет – порталдары жасалды. Қазір «Мәдени мұра» бағдарламасының 2007-2009 жылдарға арналған екінші кезеңі аяқталып, үшінші кезең бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру барысында мынадай тағылымдарға көз жетті:
Бірінші тағылым: «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы – тәуелсіздігіміздің салтанатты шеруі. Ғасырлар бойы аңсаған азаттықты бекемдеуде ұсақ-түйек деген болмайды екен. Бәрі маңызды, бәрі ауадай қажет. Солардың ішінде айрықша қамқорлыққа зәруі мәдени-рухани төл құндылықтарымызды сақтап қалу еді. «Қай халықтың болмасын, - дейді Н.Назарбаев, - өзге жұртқа ұқсамайтын бөлек болмыс-бітімін даралап, өзіндік тағдырын айқындайтын басты белгі мәдениеті. Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп тек өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады». Онсыз – қазақ қазақ емес, жас мемлекетіміздің болашағы баянды емес. Қазақтың тілін, тарихын, ән-күйін, өнерін, ділі мен дінін отарлық ойраннан, социалистік эксперименттерден туындаған апат қаупінен құтқаруды өз міндетіне алатынын еліміз тәуелсіздіктің арқасында ғана барша әлемге паш ете алды. Мойнына алған міндетті атқарудың қазақстандық жолын да өзі тапты. Мұндай керемет соңғы үш ғасырға жуық мерзім ішінде маңдайымызға жазылмаған еді.
Екінші тағылым: тарих құрсағында пісуі әбден жеткен, тіпті мерзімі өтіп кеткен қажеттілікті мемлекеттік саясат пен практика деңгейінде ұлықтаған Елбасымыздың көрегендігі мен сезімталдығы. Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты Қ. Сұлтанов дөп басып айтқандай, Президент Жарлығы тек зиялы қауым ғана емес, бүкіл халықтың көңілінен шығып, қолдауына ие болды. Ұлттың рухын, ұжданын көтеріп, өзіне-өзінің кім екенін танытты. Болашаққа сенімін нығайтты. Бұл саяси шешім ұлттық мұрамызға, тарихымызға, рухани болашағымызға шындап бет бұруымыздың бастамасы болды. Президентіміз Н.Назарбаев ұлы істі бастап қана қойған жоқ, ұдайы басы-қасында жүрді. Мүмкін-мүмкін еместігіне қарамастан қаржылық, материалдық-техникалық, дипломатиялық, интеллектуалдық, заңнамалық әлеует атаулының бәрін игі мақсатқа табандылықпен жұмылдырды. Осылардың бірде біреуін уысынан шығарып, назардан тыс қалдырғанда нәтиже бүгінгідей болмас еді. Тарих адамдардың саналы іс-әрекетімен түзілетінін әркім біледі, әйткенмен тұлғаның стратегиялық уақыт үдесінен шыға алуын мәңгі құндылыққа жатқызғанымыз абзал. Уақыт шіркінді кім тоқтата алған. Елбасы тағына талай тұлғалар келер, кетер. Солардың бәріне Н.Назарбаевтың «Мәдени мұрасы» үлгі-өнеге болып қалғаны-қалған.
Үшінші тағылым: «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының қорытындылары Қазақстан зиялылары мен мамандары әлемдік талаптар деңгейінде жұмыс істей алатынын айғақтады. Американдықтар, француздар, қытайлар, тағы басқалар қазақстандық әріптестерінің табысын мойындады, бұдан былайда да бірлесе, ынтымақтаса зерттеулер жүргізуге даяр екенін білдіруде, алынған нәтижелерге қызығушылық танытуда. Ұлт зиялылары мен оқығандарының осы жолғы әлеуметтік-кәсіби кемелдігінен екі пайым туындап отыр. Бірі – ел алдындағы парызын олардың абыроймен атқарып шыққаны, екіншісі – Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы интеллектуалдық тұрғыдан шынайы екені.
Төртінші тағылым: әлемдік өркениеттер жүйесіндегі Қазақстанның тарихи орны мен мәртебесінің тиянақталғаны. Отарлау мен тоталитарлық жылдарда арғықазақтар мен азақтардың надандығы, тағылығы, мәдени арта қалғаны талай «зерттеулерге», КОКП құжаттарына арқау болып, санамызға сіңдірілген еді. Енді сол тұжырымдардың іргесі сөгіліп, «жаназасы» шығарылды. Біздің дәуірімізге дейін-ақ Қазақстанның сапалы металы Еуропада қолданым тауыпты, арғы бабаларымыз Сарыарқаның төрінде мемлекетін құрыпты. Белгілі археолог К. Байпақовтың сөзімен жеткізсек, бізге бұрын мұндайды аштық деп жариялау түгіл, атаудың өзі мүмкін еместін. Қысқасы, бүгінде Қазақстан әлемді, әлем Қазақстанды таныды.
Бесінші тағылым: «Мәдени мұра» қазақстандық патриотизмді, отаншылдық сезімді қалыптастыруға, барша қазақты, қазақстандықтарды ұлттық идея төңірегіне топтастыруға тамаша мүмкіндік ашқан іргетас қалады. Біздің өткеніміз ешкімнен кем емес екен, бүгінгі табыстарымызды кездейсоқтық деуге негіз жоқ көрінеді, болашаққа нық сеніммен қадам жасауға оңтайлы алғышарттар бар. Ұлы дала қашан да азаттықты, бірлікті, жасампаздықты мақсұт тұтқанын мемлекет деңгейінде дәріптеудің реті туып тұр. Мәселе пәрменді тетіктерді түзіп, іске қосуда. Ол еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қамтып жатуы керек. Президентіміздің: «Келешекте мектеп, орта арнаулы және жоғары оқу орындарының бағдарламаларын осы «Мәдени мұра» кітаптары негізінде қайта қарап, толықтыру мәселесі де ойластырылуы қажет», деген тапсырмасы стратегиялық мән-мағынаға толы.
Алтыншы тағылым: кеңестік жылдардан бері желісі үзілмей, жалғасып келе жатқан тозық дәстүрдің – мәдениетке сарқынды ұстаным бойынша қаржы бөлудің өмір сүруін тоқтатқаны. Әлемдік билікті қолына алуды армандаған, жанталаса қаруланған КСРО-да әлеуметтік-мәдени салаға мардымсыз қаражат бөлу Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезеңде айықпас дертке айналған еді. Ел тәуелсіздігі мен экономикасының өрлеуі мәдениетті сарқынды қаржыландыруды тоқтатуға қол жеткізді. Бұған қозғау салған, әрине, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы.
Жетінші тағылым: әлемге көлдей жайылып келе жатқан жаһанданудан ұлттық болмыс-бітімімізге төнген қатерге қарсы қояр қорғанның қатарға қосылғаны. Жаһанданудың технологиялық, интеграциялық, қаржылық, экологиялық берерін кәдеге жарата алсақ, ұтарымыз хақ. Ал, оның тілге, ақпараттық қауіпсіздікке, төлтума мәдениетімізге, салт-дәстүрімізге қысымы алдын ала қамданбасақ, қапы қалдырары сөзсіз. Міне, осыған төтеп беретін әлеуеттің көзі ашылды. «Мәдени мұра» қазынасын бірінші кезекте жастардың игеруіне жағдай туғызып, бала бақшадан кәмелеттік жасқа жеткенше қолынан тастамайтын, санасынан шығармайтын құндылыққа айналдыруды жүзеге асырған жөн.
Түптеп келгенде, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын кеңестік тәрбие мен білім алған аға ұрпақ өкілдері кейінгі толқын жастар үшін жүзеге асырды. Ұрпағының болашағына алаңдаған азаматтар Елбасы идеясын жеті тағылыммен безендіре алды. Осынау үлгі-өнегені тәуелсіздік өркендері лайықты жалғастырып әкетсе, «Мәдени мұраның» діттеген мақсатына жеткені. «Біз, - деді Н.Назарбаев, - келер ұрпақтарымыз ұдайы жалғастыруға тиісті ұлы істі бастап бердік. Алыс жол алғашқы адымнан. Ол тоқтамайды да».
Достарыңызбен бөлісу: |