Психологиялық қызметтегі субъект-объектілі қарым-қатынастар
Балаларды, ата-аналарды, педагогтарды психологиялық көмек берудің объектісі ретінде қарастыра отырып, психолог психикалық шынайылыққа ие және психологтың өзіне түрлі тәсілдер арқылы әсер етуге қабілетті адаммен жұмыс жасайтынын саналы түрде сезінеді. Субъект ретінде адам № болуы тиіс. Адамның субъектілігі психологпен қарым-қатынас деңгейінде және осы көмекті қабылдау тәсілдерінен, жаңа психологиялық статусты меңгеруінен көрінеді.
Өз әсерін қабылдайтын объектісін анықтай отырып, психолог мынаны естен шығармағаны жөн: өз бетімен шешілмейтін психологиялық проблемалар кез-келген адамда болуы мүмкін. Айырмашылығы: біреуінде көп болса, екіншісінде аз, біреу өз проблемаларын басқалармен бөліскісі келеді, екіншілері өз проблемаларымен жеке қалады, шешілмеген тұлғалық проблемалардың нәтижесі адамдарда түрліше болуы мүмкін. Психолог қызметінің объектісі – бала, психолог оның психикалық дамуының барысына жалпы бақылауды осы үрдістің нормативтік мазмұны мен кезеңдерге бөлуі жайындағы түсініктер негізінде жүргізеді. Психологиялық диагностиканың пәні – баланың психологиялық статусын белгілеу: психикалық қызметтері дамуының, тұлғасының, мінез-құлқының, темпераментінің ерекшеліктері. Негізгі жас кезеңдерінде, дамудың түрлі кезеңдерінде диагностикалық тексеру өткізу қажет.
Скрининг (қиылыстыру, салыстыру) негізінде тәуекел тобы анықталады. Олар психологтың ерекше көңіл бөлуін қажет етеді. Осы топқа қатысты психолог жұмыс жасаудың жалпы және арнайы формаларын (ынталандырушы психодиагностика, жас ерекшелік-кезеңді кеңес беру, сенім телефоны, жетістікке жетуге мотивациялау тренингі, себеп-салдарды сызбалар тренингі, мінез-құлықты ойын арқылы түзету, психологиялық жаттығулар және психотерапия, психопрофилактикалық әңгімелесу және кеңес беру) пайдаланады.
Психолог жұмыс жасайтын категориялардың бірі – ата-аналар. Мектеп тәжірибесін талдау көрсеткендей, ата-аналармен жұмыстағы кемшіліктерді екі тұрғыдан қарастыруға болады: бір жағынан, материалдық, мәдени, білімділік және психологиялық-педагогикалық деңгейі өсіп отырған қазіргі жанұяның тәрбиелік мүмкіндіктерін дұрыс бағаламау, екінші жағынан - жанұяның дағдарыстағы күйін, қиыншылықтары мен проблемаларын дұрыс түсінбеу.
Бұл жағдайда педагогтар мен ата-аналарда олардың тәрбиелік-білімділік қызметтеріне және ынтымақтастық әрекеттесуіне деген қате қатынас қалыптасады. Педагогтар ата-аналарға тым тар, тек тәртіп пен үлгірім аясынан шықпайтын проблемаларды ұсынуы мүмкін, менторлық позицияны ұстанады (бірақ олардың көбіне ата-аналардан үйренетін нәрсе көп болса да). Ата-аналар дәстүрлі психологиялық-педагогикалық ағартуға бейтарап қарайды, олардың есептеуінше, мұғалімдер оларды жете түсіне бермейді. Бұның бәрі конфронтация позициясын қалыптастырады: кім міндетті, кім жасауы керек, кімдікі дұрыс, кім кінәлі.
Осылайша, ата-аналармен жұмыс жедел өзгеруді талап етеді:
Оны педагогтар мен ата-аналардың тұлғаны қалыптастырудағы жанұяның роліне деген психологиялық мақсатын, көзқарасын өзгертуден бастаған жөн: баланы жанұяға қайтару, жанұяға «үй академиясы» ролін, ата-аналарға негізгі тәрбиешілер ролін беру.
Достарыңызбен бөлісу: |