Дара жарнақтылар тамырының соңғы құрылымы. Дара жарнақтылардың тамырында соңғы құрылым сирек кездеседі. Оларда, негізінен, тамырдың алғашқы құрылымы тіршілігінін соңына дейін сақталады. Уақыт өткен сайын өсімдіктердің бұл тобында тамырдың гистологиялық бөліктері сүректенеді.
Драцена, юккалар және палма сияқты сүректі дара жарнақты өсімдіктердің қабық бөлімінің тірі паренхималық жасушаларының немесе перициклден түзуші ұлпа қабаты пайда болады. Ол қабаттың жасушалары бөлініп, тұйық өткізгіш шоқтарының қатарларын түзеді.
Лекция 9. Жапырақ морфологиясы мен анатомиясы
1. Жапырақтың анатомиялық және морфологиялық құрлысы
2. Жәй және күрделі жапырақ
Жапырақ - жоғары сатыдағы өсімдіктер өркенінің өсуі біршама шектелген бүйірлік мүшесі. Тамыр мен сабақтан жапырақтың айырмасы ол өсуін ұшы арқылы емес, жапырақ тақтасының негізінде орналасқан қыстырма меристемасы арқылы жалғастырады.
Алғашқы нағыз жасыл жапырақ өсімдіктердің сулы ортадан құрлыққа шығуына байланысты ұзақ уақыттар бойы құрлық жағдайларына бейімделген. Қос жарнақтыларда негізгі өркеннің апексі және төбе бүршігі жетілгенге дейін, олардың тұқымыңан өсіп шыққан жапырақ - тұқым жарнақтарының жапырағы деп аталады. Жапырақтар алғашқы негізгі өркеннің, одан кейін жанама еркендердің әрқайсысының бой конусында экзогенді меристемалық төмпешіктер ретінде қалыптасып жетіледі. Төмпешіктердің жоғарғы бөлігі - апексі, төменгі бөлігі базальды бөлігі деп аталады. Апекстен жапырақ тақтасы, сағағы, ал базальды бөлігінен жапырақ негізі, бөбешік жапырақтар, қынап пайда болады.
Жапырақ өзінің даму барысында екі кезеңді басынан өткізеді, олар бүршік ішіндегі және бүршік сыртындағы кезеңдер. Бірінші кезеңде жапырақ бастамасы негізінен жасушалардың бөлінуі есебінен көлемін ұлғайтып, біртіндеп жапыраққа тән пішінге келе бастайды, бірақ қабатталған немесе бүктелген кішкентай қалпында қалады. Екінші кезеңде жапырақ жазылып, жасушалардың бөлінуі мен созылу есебінен көлемін тез ұлғайтады.
Тұқымды өсімдіктерде жапырақтың өсуінің шектелуі - ұшынан өсу қабілетінің тез жойылып, өзінің меристемалық апексін сақтамауынан. Сонымен қатар жапырақтың жиегі мен бетіңдегі қыстырма меристемасы арқылы жүзеге асатын өсу ұзаққа созылмайды. Сондықтан жапырақ белгілі бір мөлшерге жеткен соң тіршілігінің соңына дейін өспей, өзгеріссіз қалады.
Жапырақ тақтасының пішіні негізінен жазық, яғни бифациальды (латынша, bis - екі, fades - сыртқы пішіні, қос бетті) сабақ және тамырмен салыстырғанда құрылысы дорсовентральды (латынша dorsum - арқа, venter - бауыр).
Жапырақ тақтасының үстіңгі бетін тағы да ішкі жағы, бауыр беті немесе адаксиальды (латынша adaxiolis - өске қарай) деп, ал астыңғы беті сырты, арқасы немесе абаксиалъды (латынша abaxialis - өстен әрі) беті деп аталады. Жапырақтың үстіңгі беті (бауыр беті) бүршікке, өркеннің сабақ бөлігіне қарай, ал астыңғы беті немесе арқасы өстен сыртқа қарай орналасады. Сонымен қатар жапырақтың үстіңгі және астыңғы беттерінің анатомиялық құрылысы, жүйкеленуі, реңі жағынан айырмашылықтары бар.
Жапырақтың дорсовентральды құрылысы кейбір ксерофиттерде, суккуленттерде, дара жарнақтылардың бірсыпыра өкілдерінде ауытқиды. Мысалы, улы бозкілемнің жапырағы радиальды симметриялы цилиндр тәрізді, сол сияқты пияздың жапырағы түтік тәрізді, көлденең кесіндісінің пішіні дөңгелек, осылай көптеп мысалдар келтіруге болады.
Жапырақ - өсімдіктер денесінде фотосинтез жүретін, яғни органикалық емес заттардан органикалық заттар түзілетін, ауа алмасатын (тыныс) - көмірқышқыл газы мен оттегін қабылдайтын және шығаратын, суды булаңдыратын (транспирация) маңызды вегетативтік мүше. Осы негізгі кызметтерімен қатар көптеген өсімдіктерде жапырақ қор заттарын жинау қорғаныштық, тіректік және вегетативтік көбею қызметін атқарады.
Достарыңызбен бөлісу: |