Картографиялық бейнелеуді қабаттар бойынша орналастыру:
а) растрдың бастапқы қабаты; ә) гидрографиялық тор; б) елдімекендер; в) жол тораптары;
г) шегара сызықтары; ғ) барлық қабаттарды өзара кіріктіру
Картаны экран бетіне картаны шығарудың екі тәсілі бар, бірі – растрлық, екіншісі – векторлық.
Растрлық тәсіл бойынша сандық картографиялық ақпарат матрица (пиксель) түрінде, яғни оның басты көрсеткіші – картографиялық бейненің түсінің коды болып табылады. Бейне көптеген дискретті ұяшықтардан, растр элементтерінен құралады. Оның басты кемшілігі бейнені үлкейте бастасаң, олар өзінің айырмашылығын жойып, біртектес бола бастайды. Ал кішірейте бастасаң, ақпарат ақпарат жойылып, оны тану мүмкін болмай қалады.
Векторлық тәсіл – картографиялық ақпаратты арнаулы метриялық қисық векторлық сызықтар және геометриялық пішіндер арқылы векторлық каркаспен бейнелейтіндіктен, олар масшабтың үлкею немесе кішіреюінен өзгеріске ұшырамайды. Алайда векторлық тәсіл картографиялық нысандардың тек геометриялық мәліметтерін беретіндіктен, карта мазмұнын толықтыру үшін мәліметтер базасындағы атрибуттық сипаттамалармен байланыстыру қажет болады.
Сандық (электрондық) карталар бүгінгі таңда ғылым мен күнделікті іс-әрекеттерді ұштастыру, шаруашылықты басқару, білім алу мен демалысты ұйымдастыру, адам өмірін жақсарту бағытындағы барлық қызмет саласында кеңінен қолданысқа ие болып отыр.
Бүгінгі таңда қолданыстағы ГАЖ-технологиялар кеңістікті қамтуына, тақырыптың алуан түрлілігіне, қолданылу аясы мен қажеттілігіне байланысты алуан түрлі болып келеді. Соның ішінде Жер туралы ғылымдар үшін ресурстық ГАЖ-ң маңызы өте зор.
Ол жер шарындағы алуан түрлі географиялық нысандарды жүйелеу, баға беру, қорғау және тиімді пайдалану, олардың әсерінен болатын өзгерістерді болжау жасауға бағытталған.
Ресурстық ГАЖ қалыптастыру үшін бұрыннан бар тақырыптық карталарды негіз етіп алады. Одан кейін бұл карталардың мазмұны сандық негізге көшіріледі. Олардағы ақпараттар жеке қабаттар түрінде деректер базасына (ДБ) енгізіледі.
Кеңістіктік мәліметтер (географиялық) геоақпараттық жүйені мәліметтермен қамтамасыз ету мақсатында құрылады. Ол белгілі бір тақырыпқа арналған мәліметтердің (жер бедері, геологиялық немесе экологиялық ақпарат, елдімекендер және т.б.) деректер базасында жинақталған (сақталған) сандық форматтағы жүйелі жиынтығы болып саналады.
Деректер базасындағы мәліметтер бірнеше қаладағы бірнеше компьютерде жинақталған болса да, деректер базасын басқару жүйесі (ДББЖ) көмегімен қажетті ақпаратты тауып алып, оны әрі қарай өңдеуге, толықтыруға, тасымалдауға толық мүмкіндік беріледі. Бұл мәліметтер таратылатын мәліметтер базасы деп аталады. Мәліметтердің таратылуы мен деректер базасы арасындағы байланыс біртұтас компьютерлік жүйе көмегімен жүзеге асырылады.
ГАЖ-ды құрастыруда географиялық негіз болатын базалық картаны дұрыс таңдай білу керек. Өйткені, ол барлық жасалатын ақпараттық қабаттарды түзу және оларды жүйеге келтіру басты негіз болып табылады.
Тақырыптық мазмұнына қарай базалық карта ретінде:
әкімшілік-аумақтық бөліну картасы;
топографиялық және жалпы географиялық карталар;
кадастрлық карталар мен пландар;
жергілікті жердің фотокартасы мен фотосуреттері;
ландшафтылық карталар;
жерді шаруашылық қажетіне пайдалану карталары таңдалып алынуы мүмкін.
Картографиялық мәліметтер базасындағы ақпараттар мынадай құрылымда болуы қажет:
– анықтамалық мәліметтер (географииялық және басқа координаттық жүйе);
– жер бедері (горизонтальдар, еңкіштік бұрышы, биіктік белгілер);
– гидрография;
– өсімдік жамылғысы(өсімдіктердің басым таралған түрлері);
– грунттың ерекшелігі, топырақ жамылғысы;
– шегаралар (соның ішінде ерекше қорғауға алынған – қорықтар, ұлттық саябақтар және шаруашылық қажетіүшін пайдаланылатын жерлер);
– көлік жүйесі мен жол-құрылыс ғимараттары;
– елдімекендер, әлеуметтік-мәдени нысандар мен түрлі шаруашылыққа қажетті құрылыс нысандары;
– геодезиялық пункттер, белгілер, бағыттауыштар;
– географиялық атаулар қатесіз, нақты берілуі шарт.
Барлық мәліметтер мемлекеттік стандарт талаптарына сай, жіктемелік кодтар түрінде берілуі тиіс.
ГАЖ деректер базасындағы мәліметтердің екі басты түрі бар:
Картографиялық мәліметтер – бұл сандық формада сақталатын мәліметтер жиынтығы. Ол картадағы географиялық нысандарды сипаттайды. Олар өзінің ерекшелігіне байланысты нүкте, сызық, полигон деп жіктеледі (сурет).
Сурет. Картографиялық мәліметтердің ГАЖ деректер базасында берілу түрлері (а-нүкте, ә-сызық, б-полигон)
Нүкте тек географиялық нысандардың нақты орнын көрсету (ендік, бойлық) үшін қолданылады. Сонымен қатар, кейбір жекелеген нысандардың нақты орнын көрсету үшін де пайдаланады.
Сызық бірнеше нүктелерді қосу мақсатында жүргізіледі және тек ұзындық өлшемімен сипатталады. Сызықтық нысандарға жол, құбыр, шегара жатады.
Полигон тұйық сызықтармен шектелген аудандарды белгілеу үшін қажет. Полигон кеңістікте орналасуына қарай – ұзындығы және енін көрсететін екі өлшемге ие болады. Мысал ретінде топырақтың белгілі бір түрінің таралуының, көлдің, орманның ауданын айтуға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |