Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Статистика комитеті жариялағандай 2018 жылы Қазақстанда 137 мыңнан астам жас шаңырақ көтеріпті, солардың 54 797 ажырасып кеткен. Жылдан-жылға өсіп бара жатқан бұл көрсеткішті қоғам болашағына төніп тұрған әлеуметтік қауіп деп қарастырсақ болады. Бұған қойылатын тосқауыл іздестірмесек болашақта қасиетті «отбасы» ұғымының құндылығы төмендеп кетуі мүмкін.
Отбасы – қай елде болмасын рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы, әр адамның қанаты қатайып ұшып шығатын алтын ұясы. Отбасының бір кереметілігі – оның ең қастерлі адамгершілік құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі екендігінде. Және неғұрлым отбасында адам өзін бақытты сезінсе, ол болашақта өз отбасын да сондай бақытқа бөлеуге тырысады. Лев Толстой: «Ең бақытты адам деп, отбасында бақытты болған адамды айтады» дегендіктен, отбасы әр адам үшін бақыт мекеніне айналуы керек.