8-отряд. Кемірушілер. Бұған Жер шарында кеңінен таралған әрі түр құрамы мол (2500-ден астам түрі бар) сүтқоректілер жатады. Олардың дене тұрқы шағын, ұсақ болып келеді. Сойдақ тістері болмайды, күрек тістері үстіңгі және астыңғы жақ сүйектерінде бір жүптан орналасқан, әрі күрек тістері өте жақсы дамыған. Ішектері ұзын, соқыр ішегі жақсы дамыған. Кей түрлері ауылшаруашылығына зиян келтірсе, кей түрлері қауіпті аурулар (оба т.б.) таратады. Көптеген түрлерінің кәсіптік мәні зор. Олар әр түрлі орта жағдайларында (құрлықта, жерастында, жартылай суда, ағаш басында) тіршілік етуге бейімделген. Кемірушілердің 35-тей тұқымдасы бар. Кең тараған тұқымдастары – тиындар, суырлар, ұшарлар, қарақастар, құндыздар, қосаяқтар, жайралар, су шошқалары (капибара), соқырлар, тышқандар, аламандар.
Достарыңызбен бөлісу: |