Қазақтардың Ресейдегі азаттық қозғалыстарға қатысуы.
Қазақ даласында патша өкіметінің отарлау саясаты үш бағытта: біріншіден, гарнизондар мен күшейтілген бекіністі әскери шептер құрылысын тездетіп салу және тұрақты казақ - орыс (Орынбор, Жайық, Батыс-Сібір, кейін Жетісу) мекендерін құру жолымен, екіншіден, саяси әкімшілік реформалар жасау, сыртқы округтер мен приказдарды одан әрі құру, басқарудың дистанциялық жұмыс түрін енгізу жолымен, үшіншіден, қазақ даласын өзіне қосу, ал Орта Азия мемлекеттерімен сауда - саттықты кеңейту жолымен жүргізілді. Түгелдей барлық билікті ресейлік әкімшіліктің қолына шоғырландыру саясатын жүзеге асыру сұлтандардың, ру шонжарларының, билердің наразылығын тудырды. Өйткені оларды патша өкіметі орындары сот-әкімшілік қызметіне қатыстырмауға тырысты.
Осымен қатар Ресей XIX ғасырдың 40-шы жылдары Хиуа хандығына шабуыл жасады. Хиуа хандығы бұл кезде Мервті басып алып, өзінің билігін Атырау бойындағы түркімендердің бір бөлігіне, Үстірт пен Сырдария қазақтарына жүргізіп тұрған болатын. Бірақ, В. А. Перовский басшылық еткен 1839-1840 жылдардағы Хиуаға қарсы жорық сәтсіз аяқталды. Бұл кезде Ауғанстанда, Иранда, Қытайдың батыс провинцияларында, Бұқарада, Хиуада, Қоқанда, Қазақстанның оңтүстік аудандарында өзінің ықпал өрісін нығайтуға тырысқан ағылшын өкіметінің әрекеттері күшейе түсті. Атап айтқанда, 1839 жылы ағылшын әскерлері Ауғанстанға басып кірді.
Хиуа мен Қоқан қол астындағы қазақ шаруалары бұл елдердің феодалдарына қарсы күреске талай рет көтерілді. Олармен бірге еңбекші қырғыздар, өзбектер, қарақалпақтар және басқа да халықтар ұзаққа созылған ұлт-азаттық күресін жүргізді. Соның ішінде 1821 жылғы көтеріліс айрықша тегеурінді болды, оған Түркістан, Шымкент, Әулие-ата маңындағы қазақ шаруалары қатысты. Көтерілісті Тентектөре басқарды, оның басшылығымен 12 мыңға жуық көтерілісші шайқасты. Көтерілісшілер Сайрам қаласын шабуылмен алып, оны өздерінің әскери-стратегиялық тірегіне айналдырды.
XIX ғасырдың басында Хиуа мен Қоқан хандары өздерінің қол астына кірмейтін қазақ және қырғыз жерлеріне олжа салу үшін жорықтар жасаса, енді олар Қазақстанның оңтүстігі мен Қырғызстан жерін өзіне қаратуды көздеді. Ал оңтүстік қазақтары Қазақстанның басқа жүздерімен бірге біртұтас елдікті сақтап, Ресеймен бірігуге ұмтылды. 1818 жылы Ұлы жүз қазақтары өздерін Ресей қол астына қабылдауын сұрап, патша өкіметімен келіссөз жүргізіп, 1819 жылдың 18 қаңтарында Сүйін Абылайханов сұлтан өзіне қараған 55462 адаммен Ресейге адал болатыны жөнінде ант берді. 1824 жылы I-Александр Ұлы жүздің Жетісуда көшіп-қонып жүрген 14 сұлтанын (165 мың ер адамы бар) Ресейдің қол астына қабылдауы туралы куәлікке қол қойды. 1830 жылы патша өкіметі Орта жүздің бірқатар облыстарының халқынан (25400 үй, 80481 ер адам) ант қабылдады. 1845-1847 жылдары Ұлы жүздің барлық рулары дерлік (оңтүстікте көшіп - қонып жүрген, әлі де Қоқан хандығының қол астындағылардан басқалары) Ресейге қарады. Сөйтіп, XIX ғасырдың алғашқы жартысының аяғына таман, атап айтқанда, 1847 жылы Орта жүз қазақтарының басым көпшілігі орыс бодандығына көшті де, Қазақстанның Ресеймен бірігу процесі аяқталу сатысына қадам басты.
Орта және Ұлы жүздердің қосылған территорияларында Ақтау, Алатау, Қапал, Сергиополь (Аягөз), Лепсі, Верный бекіністері салынды. Бұл бекіністер Ресейдің Іле өзенінің арғы бетіндегі (Заилийск) билігін нығайтуға арналған тірек пункттеріне айналды. 20 - 40-шы жылдарда Қарқаралы, Көкшетау, Аягөз, Ақмола, Баянауыл, Аманқарағай округтерін құру аяқталды. Ұлы жүздің қосылған аудандарын басқару үшін 1848 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторына бағынатын үлкен Орданың приставы лауазымы белгіленді.
Патша өкіметі қазақ даласын түпкілікті билеу үшін әуелі әр түрлі реформалар жүргізіп, қазақтың елдік-этникалық ұйытқысын ірітіп, ұлыстарды бөлшектеп, оларды губернияларға, округтерге теліп, ұлтанды елді тұтастықтан айырды. Рас, олар мұның бәрін бірден жүзеге асыра қойған жоқ. Бұқпантайлап, торғай ұстаған мысықтай, жақыннан қармау үшін алыстан арбап, зымияндық саясат жүргізді. Патша өкіметі оны кезең-кезеңімен іске асырды.
Оның алғашқысы — 1731 жылдан 1822 жылға дейін созылған ел билеу жүйесіндегі протектораттық дәуір, яғни күшті мемлекеттің әлсіз мемлекетке формальды түрде болса да қамқорлық жасау саясатын жүргізу еді. Бұл кезде патша өкіметі ел билеудің бұрынғы хандық жүйесін сақтап, оның ішкі тірлігіне араласпай, тұзақты алыстан құрып, сырт иелігін жасады, яғни қазақ елін өзіне жағынып, бас шұлғып, бағынышты болған хандар арқылы басқарды. Сөйте тұра, қазақ жұртының арасына өз білімдар адамдарын қаптатып, ғылымды бет перде етіп алға ұстап, соның тасасында тұрып, елдің әдет - ғұрпын, салт-дәстүрін, мінез-құлқын жан - жақты зерттеп, қазақ халқының осал тұстарын пайдалануға тырысты. Оны меңгергеннен кейін хан тағына үміткер ханзадалар мен сұлтандар арасында ши жүгіртіп, оларды тақ таласына итермеледі. Солардың ішінде шенге құмар, атаққұмарлары ерекше бағаланып, бұлардан патша өкіметі ештемені де аяған жоқ. Патша отаршылары қазақ жұртшылығының арасына алауыздық ұрығын осылайша енгізе бастады.
Патша үкіметінің қазақ елінің басына тәуелділік ноқтасын біржола кигізуі 1822 жылдан 1867 жылға дейін созылды. Сөйтіп, патша үкіметінің отаршылдық саясатының екінші кезеңі басталды. Бұл кезде ол әскер күші арқылы елдің ішкі тірлігіне араласьш, жергілікті қазақ шаруаларын қонысынан қуа бастады. Олардың орнына ішкі Ресейде жоқшылыққа ұшыраған орыс босқындарын әкеп орналастырды.
Отарлаудың осы әскери - әкімшілік кезеңінде патша өкіметінің тірек пункттері ретінде әскери бекіністердің іргесі қалана бастады. Оларды тұрақтандыру үшін шекаралық белгілермен бөлді. Біртіндеп бекіністер Қазақстанның ішкі аймақтарына тамыр жайды. Бастапқы кезде бұл бекіністер Орал, Ертіс сияқты өзен-арналарына орналасты. Мәселен, бекініс есебінде 1716 жылы Омбы қаласы, 1718 жылы Семей қаласы, 1720 жылы Өскемен қаласы, 1744 жылы Орынбор қаласы, 1752 жылы Петропавл қаласы салынды. Сонымен бірге Омбыдан Орынборға дейін казақ-орыс бекеттерінің тұрағы қалыптасты. Содан кейін өлкенің ішкі аудандарында тұрақты бекініс құрылыстары бой көтерді. Әскери - әкімшілік отарлау XIX ғасырдың екінші жартысына дейін жалғасты. 1831 жылы Аягөз өзенінің жағасында Аягөз бекінісі салынып, 1847 жылы Қапал бекінісінің іргетасы қаланды. 1854 жылы Алатау бауырында Верный әскери бекінісі орнатылды. 1855 жылы Лепсі, Үржар станциялары бой көтерді. Жетісу өлкесінде 1847 жыл мен 1867 жыл аралығында казак-орыстар тұратын 14 станция бекіністері салынды. Бұл Ресей империясы отарлаушы әкімшілігінің өкіметін нығайтуға көмектесті.
Қазақстанды отарлаудың және Шу мен Талас аймақтарының қазақтарына ресейлік ықпалды таратудың басты тірегі Верный бекінісі болды. Осы жерден орыс әскерлерінің Шу аңғары арқылы Қоқандық бекіністер - Әулиеатаға, Шымкент пен Ташкентке қарай шабуылы басталды. 1863-1864 жылдары полковник Черняевтің жасақтары қоқандық бекіністер - Созақты, Шолаққорғанды, Әулиеата және Шымкентті, ал патша офицері Веревкиннің жасақтары Түркістанды алды. Сөйтіп, Шығыс - Сібір мен Сырдария шептері қосылды. Ұлы жүзді Ресейдің жаулап алуы, жалпы Қазақстанды қосып алу осылай аяқталды.
Өзінің отарлау саясаты барысында патша өкіметі ең әуелі Қазақстан жеріндегі хандық билікті жоюға кірісті. Хан билігі орыс шенеунігі басқарған уақытша кеңестің қолына көшті. Осындай кеңес құру арқылы Кіші жүз бен Орта жүз хандықтарының саяси дербестігін түпкілікті жою мақсатын көздеді. Патша өкіметі бұл мақсатты іске асыруды Орта жүз хандығынан бастаған болатын. Мұнда 1815 жылы Орта жүз ішіндегі Уәлидің билігін әлсіретуге тырысып,екінші хан етіп Бөкейді тағайындады. Орта жүздің хандары Бөкей 1817 жылы, Уәлихан 1819 жылы қайтыс болған соң, патша өкіметі жаңа хан сайлатпай, Орта жүзді бірнеше әкімшілікке бөліп, оларды басқарып-бақылауға патша әкімдерін қойды.
Достарыңызбен бөлісу: |