Маңғыстаудағы қарсылық қозғалысы. XIX ғасырдың екінші жартысында Кіші жүз қазақтары арасында көшіп - қонатын жер және патша өкіметінің реформаларына қарсылық күшейе түсті. Нәтижесінде Торғай мен Орал облыстарының қазақтары стихиялы көтеріліске шығып, ол 1868 жылы желтоқсаннан 1869 жылы қазан айына дейін созылды. 1869 жылдың наурызынан маусым айына дейін билердің, сұлтандардың, болыс басқарушыларының старшындардың ауылдарына 41 рет шабуыл ұйымдастырылды. Оған 3 мың адам қатынасты. 1869 жылдың наурызынан бастап 1870 жылдың орта кезіне дейін Маңғыстау жарты аралындағы көтеріліс болып өтті. Оның басында Бозашы шаруалары Досан Тәжиев, Иса Тіленбаев тұрды. Көтеріліс бүкіл жарты аралға жайылды. 1869 жылдың күзінде көтеріліске қатынасқандардың саны 10 мың адамға жетті. 1870 жылы 5 сәуірде көтерілісшілер Александровск фортына, Николаевск станицасына шабуыл жасады. Форт маңындағы маяктарды өртеді. Патша әскерлері Маңғыстаудағы көтерілісті тек зенбіректің, қару - жарақтың күшімен басты.
Ресейдегі крепостниктік құқықты жоюмен байланысты патша өкіметі Қазақстанға қоныс аудару саясатын жандандыра түсті. XIX ғасырдың 60 - шы жылдарында әйел - еркегі бар 81247 адам Жайық казак-орыстары 6 235 335 десятина құнарлы жерге /егістік, шабындық, жайылым жерлер, мол су көзіне/ ие болды. 1865 жылы Орынбор казак әскерінде әртүрлі шені бар 7567 адамға 7509632 десятина жер берілген. Ал жергілікті қазақтар оздерінің ата мекеніне көшіп келгені, сол жерді пайдаланғаны үшін атаманның пайдасына мөлшерсіз салық төлеуге мәжбүр болды. Оның басты себебі Кіші жүз қазақтарының бұдан былай табиғат байлықтарын: жерді, ормандарды, балығы мол, әрі отын, әрі малға азық болып келген көптеген өзен-көлдерді пайдалану мүмкіндігінен айырылуы еді. Тұз кендері, аң аулайтын жерлер патша өкіметінің бұйрығымен Орал және Орынбор казак әскері мен генерал - губернатордың меншігіне берілді.
Сонымен бірге ауылдардың еңбекші халқы түрлі алым - салықтардан, міндеткерліктерден мүлдем титықтады. Патша әкімшілігі әрбір рудың төлейтін салығының жалпы мөлшерін белгіледі де, кімнің қанша төлейтінін басқарушы феодалдар шешті. Сөйтіп, үй басынан салық жинаған кезде наразылық күшейді. Мұның бәрі халықты ашындырмай қойған жоқ. Егер XIX ғасырдың 40 - 50 жылдарында тек жекелеген адамдар ғана алым төлеуден бас тартса, енді тұтас ауылдар салық жинауға қарсы көтерілді. Қатал қанаушылық еңбекші көшпенділер мен жартылай көшпенділерді жоқшылыққа ұшыратты. Қазақ кедейлері станицалардан жұмыс іздеп топ-тобымен шұбырды. 40 - 50 жылдары Орал және Орынбор казак - орыс шептерінде, балық және тұз кәсіпшіліктерінде жалданып жұмыс істеуші қазақ жұмысшыларының саны 40 мыңнан асты.
Патша өкіметінің аграрлық саясатының ажырамас бөлігі - қоныстандыру саясаты. Помещиктер мен империалистік буржуазияның мүдделеріне сай келген қоныс аудару мәселесіне патша өкіметі XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап қатты назар аударды. Өйткені Ресейде крепостниктік құқықтың жойылуы және әлеуметтік - әкімшілік жөніндегі реформалар аграрлық мәселені толық шешкен жоқ. Ресейдің орталық аудандарында шаруалар толқулары тоқтамады. Осындай жағдайда патша өкіметі шаруалардың назарын революциялық қозғалыстан аудару үшін бірқатар шаралар қолданды. Қоныс аудару шаралары сол саясаттың бірі еді. Сібірді, Қазақстанның солтүстік, батыс, орталық және оңтүстік шығыс аудандарын отарлау арқылы патша өкіметі Орталық Ресейден шаруаларды қоныс аудартып, жаңа жерлерде солар арқылы өзіне тірек жасамақ болды.
Әскери - әкімшілік отарлау саясаты Ресейден шаруалардың қазақ жеріне ағылып келуіне жол ашты. Қазақ даласын отарлау саясатын іске асыру жолында Жетісудың бірінші әскери губернаторы Колпаковскийдің бастауымен 1868 жылы "Жетісуда шаруаларды қоныстандыру туралы ережелер" бекітілді. Осы ереже бойынша қоныстанушы әр жанға 30 десятина жер бөлінді. Қоныс аударушылар 15 жыл мерзімге алым - салықтан, рекруттык /әскери міндет/ міндеткерліктен босатылды. Мұқтаж отбасыларға "керек - жарақтар алу үшін" ақшалай көмек берілді. Патша өкіметі 1889 жылы 13 шілдеде "Село тұрғындары мен мещандардың қазыналық жерлерге өз еркімен қоныс аударуы туралы" арнаулы ереже бекітті. Бұл ережеде жерді бекітіп берудің тиянақты мөлшері белгіленген жоқ, жергілікті өкімет орындарына оның өз қалауынша белгілеуге ерік берілді.