4. Қазақ хандығы XVII ғ. және XVIIIғ. басында. ЕСІМ ХАН (1598-1628жж.) Шығайдың баласы Есім хан 1598-1628 жылдары қазақ хандығына билік еткен. Зор денелі, күшті адам болғандықтан, талай жорықта ерлігімен көзге түскендіктен қазақ тарихында отыз жыл билік құрған Есім ханды ел «еңсегей бойлы ер Есім» деп атаған.
Жалпы көшпелілер мемлекетінің хандары сияқты Есім хан да тақ үстінде де, ат үстінде де бірдей танылған біртуар тұлға. ХVІІ ғасырда Есімге арналған «Еңсегей бойлы ер Есім» атты тарихи жыр шыққан. Жырдың осы заманғы жеткен нұсқасы Ұлттық Ғылым академиясы кітапханасының қолжазба қорында сақтаулы.
Есім хан кезінде ел билігін нығайту үшін қырғыздармен одақтасып, соның белгісі ретінде қырғыз билеушісі Көкімге арнап Ташкент қаласында күмбез салғызады. «Көкімнің көк күмбезі» аталатын ғимарат көршілес өзбек мемлекетінде бүгінгі күнге дейін сақталған. Есім хан билігі тұсында қазақ сұлтандары оңтүстік қалалар үшін Аштархан әулетімен соғысты. ХVІІ ғасырдың 20 жылдарында қатаған ұлысын басқарған Тұрсын хан билігі тұсында Ташкент Қазақ хандығының құрамындағы ірі қалалардың біріне айналды. Тұрсын хан мен Есім ханның арасындағы қайшылықтар жайлы көптеген деректер бар. Түркістанда Есімханның жоқтығын пайдаланып ол қаланы басып алады. 1627 жылы ол ойрат жорығынан оралған Есім хан Тұрсынды талқандайды, антты бұзғаны үшін оны өлтіреді.
Есім ханға қатысты тарихи деректерде Бұхар хандығының әмірі Иманқұли хан жиі аталады. Ол бірде Иманқұлимен одақ жасасады да, бірде оған қарсы шығып, Самарқанға әскер жөнелтеді.
Ал Иманқұлидың Есіммен соғысар шамасы жоқ еді. Сонымен онымен шартқа отырып, Ташкент пен оның төңірегін түгелдей қазақтардың иелігі екенін ресми түрде мойындайды.
Есім Моғолстанмен қатынасын да сәтті реттейді. Ол Моғолстан ханы Әбдірахымның қызына үйленіп, ағасы Күшік сұлтанның қызын Әбдірахымға ұзатады. Құда болу арқылы оны өзінің жақтасы етіп, қазақтар мен моғолдар арасындағы саяси одаққа, дара билікке қол жеткізеді.
Есім хан билік құрған тұсында халық жадында «Есім ханның ескі жолы» деген атпен қалған әдет-ғұрып нормаларын қалыптастырған заңның болғаны белгілі. Мұны «Есімнің заңы» деп ұққан жөн. Бірақ оның көктен алынбағаны белгілі, ол өз заманының орайы мен талабына қарай Есім хан мен оның кеңесшілері өңдеп, толықтырған «Қасым салған қасқа жолдың» бір нұсқасы болды. Түптеп келгенде «Есім ханның ескі жолы» деген сөздің мәні де Есім ханның тұсында жасалған даналық заңдарға байланысты айтылады. Қоныс-тұраққа, мал-мүлікке, адамдар арасындағы қарым- қатынасқа қатысты туындайтын даулардың шешімдері «Есім ханның ескі жолында» нақты сараланды. Мұның өзі кейін Тәукенің әйгілі «Жеті жарғысына» негіз болып, қазақ халқының мәдени-рухани және салт-дәстүр жоралғыларының төлтумалығын шыңдай түсуге ықпал етті.
ХVІІ ғасырдың 30 жылдарынан бастап Орталық Азияның халықаралық жағдайы күрт өзгерді. Шығыс шекарадан күшті қарсылас пайда болды. Олар қалмақтар төрт рудың: чарос, хошауыт, дербет және торғауыттардың біріккен одағы еді. Қазақ аңыз-эпостарында бұл одақ қалмақ деген атпен белгілі. ХVІІ ғасырда басталған қазақ-қалмақ арасындағы қақтығыстар ұзақ соғысқа ұласты. Жетісу мен Шығыс Түркістанды басып алып, қалмақтар өз күштерін Сырдария қалаларына бағыттады. 1652 жылы қазақтың әйгілі ханы Салқам Жәңгір қазаға ұшырады. 1683-1684 жылдары қалмақ әскері Сайрам қаласын талқандады. Йасыдан басқа қалалардың барлығын қалмақтар басып алды.
Сонымен, қалмақтардың күшеюімен қазақтардың этникалық дамуына қауіп төнеді. Осыған қарамастан Есім хан тұсында Қазақ хандығын мықты мемлекет деп тануға болады. Кейбір деректерде Тәуекел мен Есім хандарды қазақ-қалмақ билеушілері деп те атайды. Шығыс деректерінде Есім тұсында қазақтар Шығыс Түркістан үшін саяси күреске араласқан, ал орыс деректерінде Оңтүстік Сібір үшін қазақтар мен қалмақтардың ірі қақтығыстары белгілі. Көшпелі халықтардың күресіне Ресей мен Қытай империялары араласа бастады.
ХҮІІ ғ. Қазақ хандығының ішкі саяси жағдайы тұрақсыз болды. Әр жүз өздеріне хан сайлады.
Оңтүстік өңірінде Есім хандығы, оның астанасы Түркістан болды. Тұрсын Мұхаммед хандығы, орталығы Ташкент болды.
Тұрсын Мұхамед (1613-1627 жж.) өз атынан ақша шығарып, салық жинап отырды..
1628 жылы Есім хан хан қайтыс болғаннан кейін оны осы Түркістанда жерлейді. Сол үшін де Түркістан қаласындағы орталық алаң Есімханның атымен аталады. Оның маңызды жетістігі ол Сығанақтан астананы Түркістанға ауыстырды