Ұлттық кезеңге дейінгі қазақ жазуы
Қазақ қоғамындағы араб жазуына қатысты зерттеулерде араб жазуы «қадим», «жәдид» деп екіге бөлінеді. Зерттеушілердің көрсетуі бойынша, қадим жазу үлгісіне ХVІ-XVII ғ.ғ. аралығындағы тарихи негізі бар жылнамаларды, құжаттарды және түркі халқына ортақ еңбектерді, ал жәдид жазуына «Түркістан уалаяты», «Дала уалаяты» тәрізді алғашқы қазақ газеттерінде қолданылған жазу үлгілерін жатқызады.
Қадим жазу жүйесінің басты бір ерекшелігі дауысты дыбыстардың таңба арқылы емес, диакритикалық белгілермен берілуі, яғни дауысты дыбыстардың қызметін харакаттар атқарған. Харакаттар үшеу: «фатха», «дамма», «кесра». Бұл белгілер қазақ тіліндегі тоғыз дауыстының мәнін берген, фатха — «а», «ә»; дамма — «ұ», «ү», «о», «ө»; кесра — «ы», «і», «е» дыбыстарының мәнінде жұмсалып отырған. Мысалы, мен — ﻦﻤ (мн) , Ешдәулет — ﺕﻠﻭﺍﺪﺸﻴ ﺍ (Ешдәулт), сөзлешүб — ﺐﺸﻪﻟﺯﺳ (сзлешіб), көңілі — ﻰﻠﻜﻨﻜ (кңлі), бүлдірген — ﻦﺎﻜﺮﺪﻠﺒ (блдрген).
Қадим жазу жүйесінде ұлттық жазуға тән емес, тек араб сөздеріне ғана тән таңбалар (ﺾ, ﺙ , ﻆ , ﺫ ) қазақ тілінің төл сөздерін жазуда да қолданылған.
Қадим жазу жүйесінен жадид жазуының басты ерекшелігі жазуда дауысты дыбыстардың харакаттар арқылы емес, таңба арқылы беріліп, дауысты дыбыстар үнемі жазуда хатқа түсіріліп отырғандығында.
Бұл жөнінде Бабаш Әбілқасымов былай дейді:
|
«Газеттер пайдаланған араб графикасына негізделген алфавитте араб әліппесіндегі әріп таңбалары түгел дерлік сақталған. Оның үстіне парсы тілі арқылы енген ﯟ, ﭗ, ﭼ, ﯕ әріптерінің таңбалары және қазақтағы мұрын жолды "ң" дыбысының таңбасы ретінде "н" мен "к" дыбыстарының қосынды таңбасы алынған. Араб әліппесін толықтыратын асты, үсті, үтір сияқты қосымша белгілер пайдаланылмаған».
|
|
|
Ал Гүлфар Мамырбекова жәдид жазу жүйесінде аз болса да харакаттардың қолданылғанын көрсетеді: құл және күң — ﻚﻨُﻜ (1874, №6), күтүб — ﺐﻭﺘُﻜ , құшақтасыб — ﺐﺴﺎﺘﻘﺎﺸُﻗ , құрметтеб — ﺏﻴﺪﺘﻤﺭُﻗ (1874, №10), тұхым — ﻢﺤُﺗ , құдай — ﺍﺪُﺤ (1874, №16), құл - ﻝُﻘ (1977, №30). Фатха арқылы белгіленген сөздер: бағасы — ﻰﺳﺎﻐَﺒ (1875, №1), ақраб — ﺐَﺭﻘﺍ [2, 75]. Мұндай гетерогенді жазба тілді меңгеру көпшіліктің үлесінде емес, тек сол кездегі элиталық топтың ғана оқу құралы болды. Ескі қазақ жазба тілінде дәстүрлі түркі әдеби тіл әсері толық сақталғандықтан, қазіргі кезде кодификацияланған сөздер екіұшты таңбаланған. Сондай-ақ түбірге қосымша қосылғанда, дыбыс үндестігі заңы сақталмай жазылды. Мысалы, «мүлкімізні, аулымызны, бізні» т.б. яғни жалғау және жұрнақтар ескі қазақ жазба тілінде бір ғана инвариант принципімен алынып, қазіргі кезде көптік мәнде жұмсалатын жалғаулардың («-дар, -тар») варианттары таңбаланбай, қазақ тілінің үндесім заңдылығы үнемі бұзылып отырды. Сөз ортасында, соңында «ы», «і» қысаң дауыстылардың орнына «ұ», «ү» таңбаланғанын көреміз: «орұсұңұзны, келтүр, өткүр, үчүн, қабұл, түрлү, жауұн» т.б.
Жадид, қадим жазу үлгілерінде кітаби тілдің тұрпат межесін белгілейтін графикалық таңбалар, сонымен қатар халықтық тілден едәуір алшақта болды .
Араб жазуындағы осындай үйлесімсіздікті жоюға арналған алғашқы қадам «Дала уалаяты», «Айқап» беттерінде көтеріледі. Қазақ тілі туралы, әліппе, емле қағидаттары туралы жазушылар — сол кездегі қазақтың оқығандары, мұғалімдер араб әліпбиінің кемшілігі туралы, қазақ сөздерін жазуға толық үйлесімді еместігін, оның орнына ұлттық әліпби шығару керектігін маңызды мәселе ретінде көтеріп отырған.
Жалпы қазақ жазу тарихында араб графикасын (араб әліпбиін) қабылдауға не себеп болды, қандай ықпал, әсер негізінде араб жазуына бет бұрды, оның халық сауатын ашуда, қазақ тілінің дыбыстық жүйесін толық таңбалауда кемшілік тудыруының себебі неде деген мәселелерді айқындау үшін, араб графикасына көшуге негізделген түркілік бағыт көрсетіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |