Лекция тақырыбы: Коммуникативтік дағды


Бейвербалды амалдардың негізгі типтері: кинесика, просодика, такесика, проксемика



бет5/6
Дата28.11.2023
өлшемі35,63 Kb.
#193892
түріЛекция
1   2   3   4   5   6
Байланысты:
f62a2f9287bd68
Онлайн сыныптарды құрудың түрлері мен әдістері, Бейне дәрістер жасаудың құралдары, Дәріс 7.Қазақстан Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында (1)
Бейвербалды амалдардың негізгі типтері: кинесика, просодика, такесика, проксемика. Қазақ халқының тұрмыс-салтында да осы аталған бейвербалды амалдардың барлық түрі орын алған.
Кинесика – адамдардың эмоциялық рефлекстерін бейнелейтін дене мүшелерінің қимыл-әрекеті. Кинесикаға қимыл, ым-ишара, қозғалыс, кейіп, жүріс-тұрыс жатады.
А) Жүріс-тұрыс. Бұл адамның қозғалыс стилі. Жүріс-тұрысқа қадамның ырғағы, ритмі, қозғалыс барысындағы дене амплитудасы жатады. Жүріс арқылы адамның көңіл-күйін, мінезін, жас ерекшелігін білуге болады. Мәселен: 1) Оң қолын төсіне (кеудесіне) қою – үлкенді сыйлаудың, құрметтеудің және сәлемдесудің белгісі; 2) Қол жаю – құран оқып болған кезде жасайтын ишарат немесе керісінше, қолды теріс жаю - қарғыс айту, қазақ халқының салт-дәстүрі бойынша теріс бата беру; 3) Екі бүйірін таяну – салт бойынша қазақ әйелдері баласы (ұлы, қызы) я болмаса ері қайтыс болғанда осылайша жоқтайды. «Бүйіріңді таянба» деген тиым қазақ халқында осыдан қалыптасқан; 4) Иілу – сәлем беру.
Б) Дене қалпы. Адамның денесі 1000 түрлі қалып-күйде қозғалуы мүмкін. Дене қалпын бейвербалды амалдардың бір түрі ретінде психолог А.Шефлен көрсеткен болатын. Мәселен 1) Қос қолды кеудеге қою – сәлемдесу; 2) Желке қасу – қолдан келер қайрат, амалы жоқ жігерсіздікті, әрекетсіздікті танытады; 3) Желкеге қолын қою – айыпталу, тұтқын болудың айғағы; 4) Басын төмен салу – ұялу, қымсыну, қысылу.
В) Қимыл-әрекет. Қимыл-әрекет тілі – қарым-катынасқа түсудің ең көне түрі. Әр дәуірде әр халык түсінісу үшін белгілі бір арнайы амал-әрекеттер жиынтығын қолданған. Қимыл-әрекеттің саны ең негізгі мәселелердің бірі. Бұл этностық, ұлттық болмысқа байланысты болады. Мәселен, 1) жағын таяну – торығу, қамығу, мұңаю белгісі. «Жағыңды таянба» деген тиым қазақ халқында осыдан қалыптасқан; 2) Басын изеу – келісу, мақұлдау.
Просодикаға тембр, дыбыс ырғағы, тон сияқты амалдарды жатқызамыз. Коммуниканттардың дауыс екпінін, тонын, жиілігін, ырғағын байқау олардың ойы мен сезімдерінен хабардар болу үшін маңызды. Мәселен, 1) Ішін тарту – мәз-мейрам болып қатты куану немесе таңырқау, таңдану, шошыну; 2) Таңдайын қағы – біреудің ісін жақтыртпау, кінәлау.
Такесика – коммуниканттардың арасындағы қарым-қатынас кезіндегі дене мүшелерінің түйісуін қарастырады. Оған қол беріп амандасу, арқа қағу, сүю сияқты амалдар жатады. Мәселен, 1) Құшақтасу – біреумен кездесуге қатты қуану, сүйіспеншілік белгісі. Салттық ишарат бойынша, жақыны, туысы қайтыс болған адамды жұбату, көңіл айту мақсатымен жасалады; 2) Арқасынан қағу – мақұлдау, қоштасу немесе еркелету; 3) Төс қағыстыру – амандасу; 4) Бетінен сүю – еркелету, жақсы көруді білдіру.
Проксемика – адамдардың коммуникация процесіндегі ара қашықтықты (дистанция) және коммуникацияға түсушілердің бір-біріне қатысты кеңістіктегі бағдарын (ориентация) қарастырады. Мәселен, 1) Бұрыла қарау – қасындағы адамның сөзін тыңдауға, әңгімелесуге дайын, пейілді екендігін білдіру; 2) Шалқайып отыру – бәрінің айтылып болғанын, әңгіменің таусылғанын білдіру.
Қорыта келсек, тілсіз қарым-қатынас – кинесикалық, просодикалық, такесикалық, проксемикалық бейвербалды амал-тәсілдер арқылы іс жүзіне асатын қарым-қатынас түрі. Жоғарыда келтірілген мысалдардан қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы арқылы халық мінез-құлқын жақсы білетін тәжірибелі адамдар әр адамның жүріс-тұрысынан, іс-әрекетінен, қас-қабағынан оның көңіл-күйін айтпай-ақ сезіп-біліп отыратындығын байқаймыз. Қазақ халқының тұрмысында біте қайнасып кеткен сан алуан бейвербалды амалдар ұлтымыздың салт-сана, тәлім-тәрбие, әдеп, үлгі-өнеге, тағылым және таным саласындағы ғасырлар бойы жинақталған, дәстүрге еніп, қалыптасқан бай қазыналарының бір тармағы.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет