Құқықтың атқаратын қызметтері.
Құқық қоғамда зор қызмет атқарады. Ол қоғам өмірінің барлық салаларына, жеке адамның өміріне өзіне тән әдістермен жағымды әсер етеді. Құқықтың саяси қызметі мемлекет органдарының қалыптасу, қызмет істеу тәртібін анықтаудан, саяси партиялардың және басқа да саяси бірлестіктердің ұйымдастырылуына жол ашуынан, азаматтардың саяси құқықтарын пайдалануына мүмкіндік туғызуынан байқалады. Құқықтың экономикаға әсері мол. Құқық мемлекеттік кәсіпорындардың жұмысын тікелей реттейді, жөнге салып отырады. Мемлекеттік емес кәсіпорындардың жұмысын дамытуға жанамалап әсер етеді. Яғни, құқық экономикалық құбылыстың барлық салаларын реттейтін, жөнге салып отыратын құрал болып есептеледі. Құқықтың тәрбиелік қызметі де ерекше. Құқықтық нормалары адамдардың санасына әсер ету арқылы құқықтық мәдениетті қалыптастырады. Сонымен қатар, құқық заңды бұзудың алдын алу қызметін де атқарады. Осы айтылғандар құқықтың экономикалық, әлеуметтік, идеология, салаларындағы қызметіне жатады. Осыларға қоса құқық мемлекетті, қоғамды және азаматтардың заңды мүдделерін қорғау қызметін де жүзеге асырады. Құқық қызметтері: әлеуметтік, экономикалық, саяси, тәрбиелеу, алдын алу, сақтандыру, реттеу, қорғау.
Достарыңызбен бөлісу: |