Тақырып: 11.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі.
Жоспар:
Конституциялық Кеңестің құрылымы мен мәртебесі.
Конституциялық Кеңестің құзыреті.
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясында Конституциялық
Кеңеске арналған бөлім бар. Осы мемлекеттік органның қандай мақсатта құрылатындығы Конституцияда көрсетілмеген. Алайда, Конституциялық Кеңестің онституцияда белгіленген өкілеттігінен Конституциялық Кеңестің негізгі көздейтіні Конституцияны қорғау екендігі көрінеді.
Қазақстан Республикасы Президентінің “Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы” конституциялық заң күші бар Жарлығы осы органның нені көздейтінін айқын да дәл бейнеленген. Онда Конституциялық Кеңестің мемлекеттік орган ретінде Республика Конституциясының Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында үстемдік етуін қамтамасыз ететіндігі айтылған. Қазақ КСР-інің бірде-бір Конституциясында, сондай-ақ Қазақстан Респубоикасының 1993 және 1995 жылдардағы Конституцияларында мұндай ереже болған жоқ.-“Қазақстан Республикасы Конституциясының үстемдігі туралы” Ереже бірінші рет Президенттің жоғарыда көрсетілген Жарлығында баянды етілді. Осы ережеде ең алдымен Қазақстанда Конституциялық құрылыстың белгіленгені, құқықтық мемлекет құрғысы келетіндігі, мемлекеттің Конституцияға бағынуғатиісті идеясы көрініс тапқан. Міне сыған сүйене отырып, Конституциялық Кеңес Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етуі тиіс. Бұл Конституциялық Кеңестің өз қызметінде:
олардың бұлжымастығын, яғни нормативтік құқықтық актілерді қабылдау, ұйымдастыру акцияларын жүзеге асыру кезінде жоғары мемлекеттік органдардың Конституциялық нормаларды мүлтіксіз орындауын қамтамасыз ететін конституциялық нормаларды;
мемлекеттің белгілі бір жағдайын айқындайтын, мысалы мемлекеттің біртұтас нысанын, саяси тұрақтылықты орнықтыратын, т.б. конституциялық қағидаларды;
конституциялық идеяларды, принциптерді, мысалы әлеуметтік мемлекет, қазақстандық патриотизм, т.б. идеяларды басшылыққа алуы тиіс.
Көрсетілген мән-жайларға орай Конституциялық Кеңес актілердің Конституциялық заңдылықтарын тексерімен ғана шектелмейді. Конституциялық Кеңес қызметінің негізі Қазақстан Республикасының Конституциясы және Президенттің “Конституциялық Кеңес туралы” Жарлығы болып табылады. Осы екі акт Конституциялық Кеңестің өкілеттігін, құрамын, қалыптасу тәртібін, мүшелеріне қойылатын талапты, Конституциялық Кеңес мүшелерінің мәртебесін, конституциялық іс жүргізуді айқындайды. Өз қызметінің аталған актілермен реттелмеген, ұйымдастырылуы мен тәртібі бойынша Конституциялық Кеңес Регламент қабылдайды.
Конституциялық Кеңес, оның ішінде Төраға бар, жеті адамнан тұрады. Осыған қоса республиканың бұрынғы Президенті өмір бойына Конституциялық Кеңестің мүшесі болып табылады. Конституциялық Кеңестің Төрағасын қызметке Президент тағайындап, Президент қызметінен босатады. Конституциялық қызметтің екі мүшесін – Президент, екі мүшесін – Сенаттың төрағасы, екі мүшесін Мәжілістің Төрағасы қызметке тағайындап, қызметтен босатады. Конституциялық Кеңес мүшесінің өкілеттігі- 6 жыл. Конституциялық Кеңес мүшелерінің жартысы үш жыл сайын жаңартылып отырады.
Конститцуциялық Кеңестің Төрағасы мен мүшелері мемлекеттің лауазымды тұлғалары болып табылады. Олардың мәртебесі Конституцияға, Президенттің “Конституциялық Кеңес туралы” Жарлығына қоса, алғашқы екеуінде реттелмеген бөліктері мемлекеттік қызмет туралы нормативтік құқықтық актілермен белгіленеді.
Конституциялық Кеңестің белгілі бір шектеушілікке байланысты мүшелігі Депутаттық мандатына орай, оның оқытушылық, ғылыми және өзге шығармашылық қызметтен басқа, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруына, басшы органдардың немесе коммерциялық ұйымдардың қадағалау кеңестерінің құрамына кіруіне жол берілмейді. Конституциялық Кеңес туралы жарлықта жоғарыда аталған тыйымдарды орындамау мүшелікті тоқтатуға әкеліп соқтыратыны туралы жазылған.
Конституциялық Кеңес мүшелері мәртебесінің ерекшелігі мынадай сәттерінде көрінеді.
Өз міндеттерін орындау кезінде олар тәуелсіз және тек Конституцияға және Президенттің Конституциялық Кеңес туралы Жарлығына ғана бағынады. Басқа актілердің (нормативтік және нормативтік емес) ол үшін айтарлықтай міндеттілік күші болмайды.
Олардың қызметіне қайсыбір араласушылық, сондай-ақ қысым көрсету немесе өзгедей бір қандай да болсын нысанда әрекет жасау заң бойынша жауаптылыққа тартылады.
Конституция Конституциялық Кеңестің немесе оның мүшелерінің қандай да бір органның алдында есеп беретіндігін көздемейді. Конституциялық Кеңестің Парламентке елдегі Конституциялық заңдылықытың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдауы оның есебі болып табылмайды. Конституциялық Кеңес Төрағасы және оның мүшелері конституциялық іс жүргізу жөніндегі қызметі үшін ешкімге есеп бермейді. Президенттің Конституциялық Кеңес туралы Жарлығында олардың өкілеттігін жүзеге асыру жөніндегі есебін талап етуге ешкімнің құқығы жоқтығы тура жазылған.
2. Конституциялық Кеңестің құзыреті.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесінің билігінде екі: 1) алдын ала (превентивтік); 2) келесідегі (репрессивтік) конституциялық бақылау нысаны бар. Алғашқы нысан конституциялық нормативтік құқықтық кесімді оған Президент қол қойғанға дейін тексеруді көздейді. Екіншісі ендігі әрекет ететін нормативтік кесімнің конституциялығын тексеруді білдіреді. Алдын ала Конституциялық бақылау конституциялық емес заң қабылдаудың жолын кесуге мүмкіндік береді және сонысы арқылы заңнаманың тұрақтылығына жәрдемдеседі деп дұрыс айтылады.
Алдын ала конституциялық бақылау абстрактті ұғым болып табылады, себебі заңның конституциялылығы қандай да бір нақты іске қатыссыз қарастырылады. Келесі конституциялық бақылау нақты болып табылады. Екі жағдайда да конституциялық бақылауға ынта болу құқығының субъектілері мемлекеттік органдар, депутаттар, мемлекеттік лауазымды тұлғалар болып табылады.
Онституциялық бақылаудың превентивтік, сондай-ақ репрессивтік нысанында да қақтығыс жағдай туындауы мүмкін.
Конституциялық Кеңес азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда маңызды рөл атқарады. Конституциялық Кеңестің Республика Президентін, Парламент депутаттарын сайлауды жүргізу мен республикалық референдум жүргізудің дұрыстығы туралы дауларды қарастыру бойынша өкілеттіктері азаматтардың саяси құқықтарын қорғауға бағытталған. Басқа өкілеттіктерінде Конституциялық Кеңестің азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғайтыны туралы идеялар тікелей немесе жанама орын алады. Конституциялық Кеңес қорғайтын осы шеңберге Конституция көздеген құқықтар мен бостандықтар кіре ме, әлде заңдар азаматтарға берген барлық құқықтар мен бостандықтар кіреме деген сұрақ туындайды.
Конституциялық Кеңестің қарауына жатқызылған мәселелердің сипатына орай, осы органның құзыреті өкілеттіктердің төрт тобынан тұрады.
Даулы мәселелерді шешу жөніндегі өкілеттіктер бірінші топқа жатады. Конституциялық Кеңес: 1) Республика Президентін сайлауын; 2) Парламент депутаттары сайлауын; 3) республикалық референдум өткізудің дұрыстығы туралы даулы мәселелерді шешеді (Қазақстан Республикасы Конституциясында даулы мәселені шешу жөнінде өтінішпен Конституциялық Кеңеске жүгінуге құқылы субъектілер көрсетілген. Олардың қатарына Қазақстан республикасының Президенті, Сенаттың Төрағасы, Мәжілістің Төрағасы, Парламент депутаттарының жалпы санының кем дегенде бестен бір бөлігі, Премьер-Министр) жатады. Конституциялық Кеңес аталған шараларды өткізу кезінде Конституцияның, сайлау жөніндегі және өзге де заңдардың бұзылған, бұзылмағандығы туралы мәселені қарайды. Егер жиналған материалдар заңның бұзылғандығына көз жеткізсе, онда Конституциялық Кеңес сайлауды және референдумды заңсыз таниды.
Конституциялық Кеңес өкілеттігінің екінші тобына: 1) Президент қол қойғанға дейінгі заңдарды және 2) оның Конституцияға сәйкестігін Парламент бекіткенге дейінгі халықаралық шарттарды қарауға қатысты өкілеттіктер жатады.
Конституциялық Кеңес өкілеттігінің үшінші тобына: 1) Конституция нормаларын ресми түсіндіруге; 2) Республика Президентін қызметінен мерзімінен бұрын босату туралы Парламент шешімі шыққанға дейін Президентті қызметінен кетіру туралы түпкілікті шешім – белгіленген конституциялық рәсімдерді сақтау туралы қорытынды беруге қатысты өкілеттіктер жатады.
Конституциялық Кеңес өкілеттігінің төртінші тобына: 1) егер сот қолдануға жататын нормативтік-құқықтық акт адамдар мен азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп шешсе, актінің Конституцияға сәйкес келмейтіндігін тану туралы сот жүгінісін қарауға; 2) конституциялық іс жүргізу тәжірибесін қорыту нәтижесі бойынша конституциялық заңдылықтың республикадағы жай-күйі туралы Президент жолдауының жіберілуіне байланысты өкілеттіктер жатады. Бірінші мәселе бойынша Конституциялық Кеңестің шешімі шығарылады. Ал жолдау конституциялық заңдылықты нығайту жөніндегі нұсқау мазмұндас болуы мүмкін. Аталған өкілеттік конституциялық өкілеттік деп есептеледі.
ІІ- сабақ.
1. Конституциялық іс жүргізу.
Конституциялық Кеңес сот органы емес. Ол Конституцияның үстемдігін сот әдістерімен қамтамасыз етпейтін мемлекеттік орган болып табылады. Конституциялық Кеңес өз құзыретін конституциялық іс жүргізу жолымен жүзеге асырады. Бірақ ол сот ісін жүргізу емес, Конституциялық Кеңестің мемлекеттік органдар жүйесіндегі өзіндеі ерекшелігін бейнелейтін өзіндік қыры бар мемлекеттік іс жүргізу.
Конституциялық іс жүргізуге қатысушыларға мндет те жүктеледі. Олар өз құқықтарын абыройлы пайдалануы тиіс. Олардың Конституциялық Кеңеске теріс мәліметтерді хабарлауы немесе талап етілген құжаттарды және басқа ақпараттарды бермегені Конституциялық Кеңесті құрметтемеушілік ретінде бағаланып, заң бойынша жауаптылыққа тартылады. Конституциялық іс жүргізуге қатысушылар Конституцияға құрметпен қарауы тиіс.
Конституциялық Кеңес шешімдерінің түрлері. Оның отырысында қабылданған кез келген акт Конституциялық Кеңестің шешімі болып табылады. Конституциялық Кеңестің шешімі екі түрге бөлінеді:
Конституциялық өкілеттікті жүзеге асыру негізінде қабылданатын қорытынды шешім;
өзге өкілеттіктермен (конституциялық емес деңгейдегі) жүзеге асырылатын шешімдер.
Қорытынды шешмі әртүрлі нысанда болады. Бірінші нысан – нормативтік және нормативтік емес сипаттағы қаулы. Нормативтік сипаттағы қаулы Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген құқығының құрамдас бөлігі болып табылады. Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулыларының республиканың нормативтік құқықтық актілер иерархиясында қандай орын алатынын Конституция немес басқа нормативтік құқықтық актілер атап көрсетпейді. Осыған байланысты нормативтік қаулының сипатын бағалауда мәселе туындайды.
Конституциялық Кеңес шешімінің күші. Қорытынды шешім (нормативтік, нормативтік емес қаулы, қорытынды) қабылданғаннан күннен бастап күшіне енеді, республиканың бүкіл аумағына індетті болып табылады, түпкілікті шешіледі, қайта қарауға жатпайды. Тек Республика Президенті ғана қорытынды шешімге тұтас немесе оның жекелеген бөліктеріненаразылық білдіре алады. Президенттің наразылығы Конституциялық Кеңестің отырысында талқыланады. Наразылық Конституциялық Кеңес мүшелерінің жалпы санының үштен екі дауысымен еңсерілуі мүмкін. Егер Конституция Қазақстан Республикасы Президентінің наразылығын еңсере алмаса, онда шешім қабылданбаған болып есептеледі және конституциялық іс жүргізу тоқтатылады.
Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімді қабылдауының белгілі бір құқықтық салдары болуы мүмкін.
Егер заңдар Конституцияға сәйкес келмейді деп танылса, оған Президент қол қоймайды. Егер Конституциялық Кеңес заң Конституцияға сәйкес келеді деп шешсе, Президент заңға қол қояды.
Егер халқаралық шарт Конституцияға сәйкес келмейді деп тапса, онда Парламент оны бекітпейді. Конституциялық Кеңес оң бағаласа Парламент шартты бекітеді.
Егер Конституциялық Кеңес заң, өзге де нормативтік актілер адамдар мен азаматтардың Конституциямен бекітілген құқықтарымен бостандықтарына нұқсан келтіреді, сондықтан ол Конституцияға сәйкес келмейді деп шешсе, онда мұндай заңдар мен нормативтік актілер заңдық күшін жоғалтады және қолдануға жатпйды. Егер соттар және өзге құқық қорғау органдары осындай заңдардың негізінде шешім қабылдаса, онда ол шешімдер орындауға жатпайды.
Әдебиеттер:
Қазақстан Республикасы Конституциясы. Алматы, 2002
Конституционное право Республики Казахстан. Сборник конституционно-правовых актов. Алматы, 2002
Қазақстан: мемлекеттік кезеңдері (конституциялық актілер). Алматы, 1997
ҚР Конституциясы. Ғылыми-құқықтық түсініктеме. Алматы, 1999
ҚР Конституциясы. Схемалы альбом. Алматы, 1998
Сапарғалиев Ғ. Қазақстан Республикасының конституциялық құқығы
Баишев Ж. Конституционное право Республики Казахстан. Алматы, 2001
Мемлекет және құқық негіздері. Оқулық. (Екінші бөлімі). Алматы, 2001
Мухамеджанов Э.Б. Избирательное право Республики Казахстан. Алматы, 2001
Қазақстан Республикасы жергілікті мемлекеттік басқару туралы. Алматы, 2001
Сафинов К.Б. Правительство Республики Казахстан на переходном этапе. Алматы, 2002.
Нурпеисов Е.К., Котов А.К. Государство Казахстан: от ханской власти к президентской республике. Алматы, 1999.
Достарыңызбен бөлісу: |