Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Байбекова М.М.,Жантасова Ж.Н.Психологиялық кеңес беру.Шымкент,2015ж.
2. Джаздықбаева М.Б. Ойынның психологиялық-педагогикалық негіздері. Оқу құралы / М.Б. Джаздықбаева.- Түркістан, 2018ж.
3. Байбекова М.М. Психологиялық практикум. Оқу-әдістемелік құралы. Шымкент 2017ж.
4. Куанышбаева З.Б. Тұлғаны педагогикалық психологиялық диагностикалау. Оқу құралы. Шымкент,2017ж.
5. Байбекова М.М.,Ибраева П.М.Әлеуметтік-психологиялық тренингтер,әдістемелер мен жаттығулар.Шымкент,2012.
6. Төребаева К. Ж., Есенғұлова М. Н. Психологиялық-педагогикалық диагностика: Оқу құралы. Алматы, 2012.
7.Садуова Ж.Н. Психология. Оқу құралы / Ж.Н. Садуова, Т.А. Ырбаев, Н. Шалхарбекова.- Шымкент, 2018ж.
Бақылау сұрақтары мен тапсырмалары:
1. Практикалық психологияның пәні, мақсаты мен міндеттері қандай?
2. Практикалық психологияда жеке адамды зерттеу мәселелеріне тоқталыңыз.
3. Практикалық психология мен психотерапияның байланысы қандай?
4. Әлемдегі психология дамыуының негізгі тенденциялары және психологиялық білім беру дегеніміз не?
№2 Лекция тақырыбы: Клиент және тапсырыс беруші ұғымдары.
Мақсаты: студенттерге клиент және тапсырыс беруші ұғымдары, ұғымдарының шетел және отандық практик-психологтар еңбектерінде ғылыми талқылануы туралы түсінік беру.
Лекция жоспары:
1. Идеалды психолог, идеалды клиент.
2. Потенциалды тапсырыс беруші.
3. Ұғымдарының шетел және отандық практик-психологтар еңбектерінде ғылыми талқылануы.
4. Клиентпен жұмыс жасау ерекшелігі.
5. Психологиялық кеңес берудің қағидалары.
Лекция мәтіні:
Психологиялық кеңес беру, психологиялық коррекция және психотерапия бір-бірімен тығыз байланысты. Оның үстіне тәжірибеленуші психологтардың өздері бұл салаларды араластырып алып жатады. Сондықтан психологиялық қызметтің бұл салаларын жіктеп бөлу және оларға дәл анықтама беру арнайы еңбектің тақырыбы бола алады. Біз мұнда оларды шартты түрде ғана бөліп, психологиялық кеңес беру мен психокоррекцияны студенттерге түсіндіріп, олардың болашақ мамандық қызметінде бұл тәсілдерді пайдалану жолдарын анықтауға мүмкіндік беретіндей жерлеріне тоқталамыз.
Психологиялық кеңес беру барысында клиентке ықпал етудің басты құралы - жоспарланған әңгімелесу болып табылады. Оның көмегімен тұлғалар арасындағы қатынастарда орын алған неше түрлі қиындықтар мен психологиялық проблемаларды шешуге бағытталған жұмыс жүргізіледі.
Әңгімелесу кеңес беру, психокоррекция және психотерапия жұмыстарында жиі қолданылады. Дегенмен, егер кеңес беру жұмысы бәрінен бұрын клиентке оның басқалармен қарым-қатынас мәселелерін реттеуге көмектесумен шектелсе, психокоррекциялық немесе психотерапиялық ықпал негізінен көптеген өмірлік қиындықтармен шиеленістердің негізінде жатқан адамның жеке мәселелерін шешуге бағытталған.
«Психокоррекция» мен «психотерапия» терминдерінің айырмашылығы жеке тақырып болады. Отандық психологияда пайда болған бұл ұғымдарды бөлу жұмыс ерекшеліктерімен емес, психотерапиямен арнайы медициналық білімі бар адамдар ғана айналыса алады деген заңды жағдаймен байланысты. Біздің көзқарасымыз тұрғысынан бұл шектеу жасанды болып табылады. Себебі, психотерапия психологиялық ықпал жасау жолдарын ойластырады. Оның үстіне «психотерапия» (psychotherapy) термині халықаралық болып табылады және әлемнің көптеген елдерінде кәсіби психологтар іске асыратын жұмыс әдістері ретінде қолданылады.
Психотерапия мен кеңес беру арасындағы шек өте шартты екендігі күмәнсіз. Мұны Ю.Ф. Поменов, А.С. Спиваковская т.б. авторлар өз еңбектерінде бірнеше рет атап өткен. Бұл еңбектерде психотерапия және психокоррекция саласында ортақ көрсеткіштері мол екені атай отырып, дегенмен психологиялық кеңес беруді арнайы дәрігерлік дайындығы жоқ психологтар жүргізуіне болатындығын, кеңес беру тек психологиялық жағдайға көзқарасты өзгертуге бағытталған болғандықтан оны адамның психикалық қасиеттеріне белсенді ықпал ету арқылы өзгерту керек емес кезде психолог мамандар жүргізе алатыны аталған.
Психотерапиялық көмек клиенттің жеке тұлғалық проблемаларын шешуге бағытталған. Бұл жағдайда сананы шектей отырып ықпал жасалатын амалдар кеңінен пайдаланылатын болғандықтан ол тәсілдерді қолдануға өте қатаң талаптар қойылады. Себебі, оң нәтижеге жету үшін психологиялық білім мен еңбектің жалпы принциптерін түсіну жеткіліксіз. Сонымен қатар психикаға терең әсер ету арқылы клиентті сөзсіз илануға жеткізу немесе гипнозға жақындатылған жағдайда сендіру тәсілдері де кеңінен пайдаланылады. Психотерапия тәсілдерін пайдалану үшін осы тәсілдерді толық меңгерген және емін-еркін қолдануға шеберлігі жеткілікті болуы керек.
Клиенттің проблемасы тұлғааралық немесе жеке тұлғалық екендігін дәлірек анықтау үшін психолог шағымданушыға көптеген жанама сұрақтартар қойып, оларға берген жауаптарын, психологпен кездесуден күткен үмітінің ерекшелігін талдап анықтайды. Кеңес беруші психологтың клиенттері, әдетте, жеке өмірлік қиындықтардың пайда болуына басқалар негативті рөль атқарды деп көрсетеді. Ал тереңірек психокоррекциялық жұмысқа бағдарланған клиенттердің шағымы басқаша болады: оларды көбінесе өзінің ішкі жағдайын, қажеттілігі мен тілегін бақылап, оларды реттеуге қабілетсіздігі мазасыздандырады. Сонымен, кеңес беруші-психологтың клиенттеріне мына типтес шағымдар тән. «Біз күйеуміз екеуміз үнемі себепсіз ұрысып қаламыз», немесе, «Әйелім мені ешқандай себепсіз қызғанады». Психотерапевтке келетіндердің көбісі өзінің проблемалары туралы басқаша айтады: «Мен өз-өзімді ұстай алмайтын, өте ашушаң болып кеттім, үнемі күйеуіме айқайлаймын», немесе, «Соңғы кезде әйелімнің адалдығына сенімсіздік білдіремін, ол мені алдайтын сияқты болады да тұрады, оны ешқандай себепсіз қызғанамын». Шағымдарда мұндай айырмашылықтар өте көп болады, ішінара сол клиенттермен жеке проблемалары мен сәтсіздіктерін сараптау бойынша арнайы жұмыс жасалынды. Адам өз басынан өтіп жатқан оқиғаға өзін жауапты деп қабылдауы - белгілі ерлікті қажет ететін қадам. Ол адам өзін-өзі өте терең және жан-жақты, барлық қыр-сырына түсініп тануға дайын екені күмәнсіз.
Психотерапевтік ықпал басқаша қалыптасады. Мұнда психологиялық ықпал жасау жұмысының бастапқы, шағымды талдау кезеңдерінде-ақ тереңдеп, қайта қалыптасатыру процесінде үлкен рөль атқарады. Маманмен әңгімелесу барысында клиенттің қазіргі кездегі өзінің басқалармен арақатынасының өзекті оқиғалары ғана емес, өткен мәселелер де (балалық, жеткіншектік, қыз-бозбалалық шақ оқиғалары) талданады. Адамның психологиялық өмірінің, түс пен өңнің ассоциациясы секілді байланысы бар ерекше формалары психотерапияда жиі-жиі пайдаланылады. Психотерапияның ерекше бейнесі - көмек сұраған адам мен кәсіби маман арасындағы қатынас көптеген өзіне тән ерекшеліктермен сипатталады: тасымал және контртасымал терминдерімен белгіленетін қатынас, сараптау үлкен орын алады және кеңес беру барысында сұрақтарға клиенттің берген жауаптары мүлдем талқыланбайтын кездері психотерапиялық ықпал мүмкіндіктерін тереңдету мен кеңейтудің негізгі құралдарының бірі болып табылады. Р.Урсано, С.Зонненбери, С.Лазар т.б. психотерапевтердің айтуы бойынша мұндай тәсіл жүйкенің терең қабаттарын сараптау арқылы клиенттің патогенді күйзелістері мен ерекше мінез-құлық себептерін терең түсінуге алып келеді және жеке тұлғаның қиналып жүрген проблемаларын шешуге мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |