Тақырып 3 Кәсіпорындағы айналым капиталы 1.Кәсіпорынның айналым капиталының түсінігі, құрамы және құрылымы. Айналым капиталын нормалау.
2.Айналым капиталындағы қажеттілікті анықтау. Айналым капиталын қалыптастыру көздері.
3.Айналым капиталы айналымдылығының көрсеткіштері және жақсарту жолдары.
1.Кәсіпорынның айналым капиталының түсінігі, құрамы және құрылымы. Айналым капиталын нормалау Үздіксіз өндірістік үдерісті қамтамасыз ету үшін негізгі өндірістік қорлармен қатар оған еңбек заттары мен материалдық ресурстар қажет.
Кәсіпорынның айналым қоры мен айналым капиталының ұғымын, оның мәнін, қызметі мен құрамын қарастырайық.
Айналым қоры – бұл өндірістік үдерістің міндетті бөлігі (элементі), өнімнің өзіндік құнының негізгі бөлігі. Оның негізгі өндірістік қорлардан ерекшелігі – айналым қоры әрбір өндірістік циклде толығымен тұтынылып, өзінің құнын өндірілген өнімге толығымен өткізеді.
Айналым қоры өндірісте пайдалануға немесе жұмыстар мен қызметтерді орындауға арналған шикізаттар, материалдар, сатып алынған жартылай фабрикаттар және құрастырушы өнімдер, отын, ыдыс және ыдыстық материалдар, қосалқы бөлшектер және басқа материалдар; аяқталмаған өндіріс түрінде болады.