3.Нарықтық қарым-қатынастарды қалыптастырудағы мемлекеттің рөлі
Нарықтық экономикада мемлекет қоғамдық институт ретінде өте маңызды рөл атқарады. Ең алдымен мемлекет нарық субъектілері үшін экономикалық қатынастың қалыптасу жағдайы мен ережелерін белгілейді де, оның орындалуын бақылайды. Басқа сөзбен айтқанда, нарықтық экономиканың қалыптасу және реттеу тетігін мемлекет қамтамасыз етеді. Одан да басқа, нарықтық экономиканың барлық жүйе жұмысының тұрақтылығы мен тиімділігіне жауап береді. Осы мәселелерді шешу үшін мемлекет орасан зор жұмыс атқарады. Бұл жұмыстың нәтижесі болып заңдар, қаулылар, әртүрлі нұсқаулар болады, оларды орындау нарық субъектілері үшін міндетті болады.
Нарықтық экономикада мемлекеттің орындайтын негізгі функциялары:
1) мемлекет кәсіпкерлік қызметтің ұйымдық-құқықтық нысандарын заңнама түрінде белгілейді;
2) тауар нарығын және бәсекелестікті дамыту, монополиялық іс-әрекетті заң бойынша тежеу саясатын жүргізеді;
3) табиғи монополияның іс-әрекетін мемлекет реттейді, оның ішінде олардың тауарлары мен көрсететін қызметіне белгіленген баға қояды;
4) мемлекет функцияларына салық салу жүйесін заң түрінде қамтамасыз ету жатады.
Тақырып 2 Кәсіпорындағы негізгі капитал
1.Кәсіпорынның негігі капиталының экономикалык мәні, олардың құрамы және құрылымы.
2.Негізгі қорлардың тозуы, олардың негізгі түрлері. Негізгі капиталды амортизациялаудың маңызы. Кәсіпорын-ның негізгі құралларын бағалау әдістері.
3.Негізгі капиталдың ұдайы өндірісі және пайдалану көрсеткіштері. Кәсіпорынның негізгі капиталын тиімді пайдалану факторлары және жолдары.
1.Кәсіпорынның негізгі капиталының экономикалык мәні, олардың құрамы және құрылымы.
Негізгі өндірістік қорлар елдің экономикалық әлеуетінің маңызды сипаттамаларының бірі болып табылады. Сол себепті олардың өндіріске тигізер ықпалын, оларды барынша тиімді пайдалануды зерттеу үлкен қызығушылық туғызады.
Негізгі капитал деп материалдық өндіріс саласында, сонымен қатар өндірістік емес салада да ұзақ уақыт бойы, яғни бір жылдан артық уақыт пайдаланатын, өзінің бастапқы түрін, көлемін сақтай отырып, құнын шығарылған өнімге, орындалған жұмысқа, көрсетілген қызметке есептелген амортизациялық аударым мөлшері шегінде біртіндеп ауыстырып отыратын еңбек құралдарын айтады.
Негізгі капиталға жататындар: жылжымайтын мүлік (жер телімдері, ғимараттар, құрылымдар, көпжылдық екпе ағаштары және басқа да жермен тығыз байланысқан және оларды оның міндетіне залал келтірусіз жылжыту мүмкін болмайтын нысандар), машина мен құрал-жабдықтар, өткізгіш тетіктер, өлшеуіш машиналар мен техникалары және олардың бағдармалық құралдары, тасымалдау құралдары, аспаптар, аулау құралы, өндірістік және шаруашылық құрал – саймандары, жұмыскер және өнім беретін мал басы, арнайы саймандар және өзге негізгі капитал.
Көлеміне немесе бағасына қарамастан пайдалану мерзімі бір жылдан аспайтын өндіріс құралдары негізгі капиталдың қатарына жатпайды. Сонымен қатар негізгі капиталдың құрамына кәсіпорынның қоймаларындағы дайын өнімдер (тауарлар) болып саналатын жабдықтар мен машиналар, күрделі құрылыс құрамында есептелетін құрастыруды қажет ететін жабдықтар да жатпайды.
Мақсатына қарай материалдық активтер есепте негізгі капитал, тауарлық – материалдық қорлар және қаржылық инвестициялар түрінде көрсетіледі.
Жердің табиғи байлығының, пайдалы қазбалардың және т.с.с. басқа да құндылықтардың экономикалық табиғаты ерекше қызығушылық тудыруда. Өз бетінше табиғи байлықтардың құны жоқ, демек ол өндірістік қорға кірмейді. Бірақ оларға жұмсалған шығын оның құнын құрайды да осылай оны өндірістік қорларға жатқызады. Мысалы, жер, жеке алғанда, өндірістік қорға жатпайды. Бірақ оған салынған қаржы, каналдар, суарушы құрылымдар тұрғызу, қойнау бетін тегістеу, шаруашылық құрылыстар салу және т.б. арқылы өндірістік негізгі қорларды құрайды.
Жердің экономикалық болмысын және құнын бағалауды анықтау, оқшауланған телімдерді кәсіпорын теңдестігінде көрсетуге мүмкіндік береді, ал бұл жағдай жерді ұқыпты пайдалануға әкеледі. Жоғарыда айтылғандар басқа да табиғи ресурс түрлеріне, соның ішінде пайдалы қазба кендеріне де қатысты.
Негізгі өндірістік қорлар қоғамның материалдық-техникалық негізінің едәуір маңызды бөлігін құрайды. Оның қаншалықты тиімді пайдаланылуына, қайтарымы қандай болатынына байланысты оған тұтынылатын еңбектің өнімділігінің өсімі, ұлттық табыс өсімі тәуелді болады.
Халық шаруашылығын үнемі дамыту және жетілдіру жағдайында негізгі қорлар құнының өсуімен бірге жаңа еңбек құралдары пайда болуда. Оның барлығы негізгі қорларды дұрыс саралауды қажет етеді. Мұндай саралау кәсіпорын шаруашылық іс-әрекетін, өндірісті есепке алу, негізгі қордың ұдайы өндірісін пайдалану мен жоспарлауды, амортизация аударымдарының мөлшерін санағанда керек болады.
Барлық негізгі қорлар экономикалық белгілеріне қарай саралануы мүмкін. Олардың ішіндегі маңыздылары – қызметтік міндеті, тозу қарқыны және қызмет ету мерзімі, пайдалану дәрежесі, кәсіпорын жұмысына ықпал ету дәрежесі, техникалық жаңалығы, жұмылдырылған дәрежесі (қозғалатын және қозғалмайтын), халық шаруашылығы саласы, меншік иелігі. Негізгі капитал жеке капиталдар жиынтығы ретінде қаралады.
Кәсіпкерліктің басты мақсаты - пайда табудың қажетті шартын жүзеге асыру түрі –инвестиция, өндіру, сату және тұтынудың барлық сатыларын қамтитын капиталды қайта жаңғыртуды жоспарлау болып табылады.
Нақты айналым кезеңіне сәйкес әр түрлі кейіпке еніп отырған капитал үздіксіз қозғалыс үдерісі үстінде болады. Капитал айналымы капиталдың шеңберлік айналымымен сәйкес келмейді. Әрбір айналымның нәтижесінде кәсіпкерге алдын-ала төленген капиталдың тек бір бөлігі ғана ақшалай түрде қайтады; ал жалпы күрделі құн иесіне өзінің бастапқы қалпында, яғни ақшалай түрде қайтып келеді. Капиталдың әр түрлі элементтерінің айналымы бірдей болып жүрмейді. Капитал құнының айналымдағы әр түрлі қызметіне қарай капитал негізгі және айналмалы болып екіге бөлінеді. Негізгі капиталға еңбек құралдарының құны, айналмалы капиталға - еңбек заты мен жұмыс күшінің құны кіреді.
Кәсіпорынның көлемі негізгі қорлар құрылымына ықпал ететін маңызды факторлардың бірі болып табылады. Шағын кәсіпорындармен салыстырғанда, ірі кәсіпорындарда машиналар мен құрал-жабдықтардың үлес салмағы жоғары, ал ғимараттар мен құрал-жабдық үлесі – төменірек болып келеді, өндіріс алаңы ұтымды пайдаланатындықтан, онда құрал-жабдықтар саны көбірек орналасады, бұл жағдай ғимараттар (өндіріс алаңдары), құрылымдар мен құрал-жабдыққа кететін күрделі салымды үнемдеуге мүмкіндік береді.
Негізгі қорлар құрылымына өндірісті ұйымдастыру түрі де әсер етеді. Мысалы үшін, ғимараттар мен құрал-жабдықтар құнының ара қатынасы өндірістің мамандануы мен ұжымдану деңгейіне байланысты. Өндірісті күрделендіру қойма орындарының қажеттілігін біраз қысқартады. Өндіріс алаңдарын бұл кәсіпорынға керексіз өндіріс құралдарының қосымша қызметтерінен босату, құрал-жабдықтарды дұрыс орналастыру, технологиялық үдерістерді жетілдіру, автоматтандырылған және көлемі аз машиналарды ендіру негізгі өндірістік қорлардың басты бөлігіндегі құрал-жабдықтардың үлес салмағын арттыруға жағдай жасайды.
Негізгі қор топтарының ара қатынасы немесе жекелеген топтардың жалпы құн ішіндегі меншікті үлесі өнеркәсіптік өндірістердің техникалық деңгейін көрсететін негізгі қорлардың өндірістік құрылымын құрайды.
Құрылымды талдау мен оны жетілдірудің шаруашылық қызметтің барлық деңгейіндегі маңызды тәжірибелік мәні тек кәсіпорын және бір сала ішінде ғана емес, цехта да, өндірістік телімде де зор, себебі өнеркәсіптік халық шаруашылық саласы да, жекелеген өндірістер де тек өзіне тән негізгі қорлар құрылымына ие. Негізгі қорлар құрылымы өндіріс сипаттамаларының бірі болып табылады деп айтуға болады.
Барлық аталған негізгі өндірістік қор (НӨҚ) белсенді (активті) немесе енжарлы (пассивті ) болып екі бөлікке жатқызылуы мүмкін.
Белсенді бөлікке кәсіпорын мен саланың өндірістік қуатын, техникалық деңгейін белгілейтін, «өнімді жасайтын» негізгі қорлар жатады. Белсенді бөлігі басым түсетін негізгі өндірістік қорлар едәуір озық құрылымды болып табылады.
Кең мағынасында негізгі қорлардың белсенді бөлігіне еңбек затына кез-келген түрде әсер етуші және осы үдерісті қамтамасыз етуші еңбек құралдарын жатқызады. Бұл топтың негізін машиналар мен құрал-жабдықтар құрайды, сонымен бірге, жабдықтар мен бақылау-өлшеу құралдары да жатады.
Бірақ, негізгі қорлар құрылымы оның жекелеген элементтерінің ара қатынасымен ғана емес, олардың өзгеру қарқынымен де анықталады. Негізгі қорлар құрылымының өзгеруінде белгілі бір заңдылықтар орын алады.
Егер негізгі қорлар құрылымының тиімділігі оның белсенді бөлігінің, соның ішінде машиналар мен құрал-жабдықтардың меншікті үлесімен сипатталатын болса, оның тиімділігін арттыру осы элементтер үлесін көбейту бағытында жүргізілуі тиіс екендігі белгілі. Шын мәнінде, негізгі қорлардың бұл озат өзгеріске беталысы әрқашан сақтала бермейді. Жекелеген салалардың дамуының, жаңа құрылыс- тар немесе қайта жаңартулар аумағы мен ырғағының төмендеуі немесе тежелуі және т.б. сияқты себептерге байланысты ауытқулар туындауы мүмкін.
Енжарлы бөлігіне өндіріске жағдай жасайтын, бірақ тікелей «өнім өндіруші» болып табылмайтын негізгі қорлар жатады. Бұл бөлікке әдетте ғимараттар мен құрылымдарды, көбінесе - өткізгіш құрылғылар, көлік құралдары және т.б. жатады.
Қолданылып жүрген саралау негізгі қорлардың өнеркәсіп өндірісіндегі рөлі тұрғысынан жан–жақты зерттеуге толық мүмкіндік бермейді. Өз кезегінде негізгі қорлар құрылымын белсенді және енжарлы бөліктерінің ара қатынасы түрінде дәл көрсету, олардың салалық шығу тегін, қызмет ету құрамын зерттеу де әр уақытта мүмкін бола бермейді. Бұл жағдай негізгі қорлардың іріленген топтарының болуымен түсіндіріледі, мысалы, тау–кен өндіру саласында ұңғымалар, кейбір кен қазбалар және т.б.
Негізгі қордың белсенді бөлігі үлесінің өсуінің тікелей нәтижесі - өнім шығарудың артуы және кәсіпорынның қызметтік көрсеткіштерінің жақсара түсуі. Ғылыми-техникалық серпілістіктің үдеуімен бірге негізгі қорлардың белсенді бөлігінің жалпы өнеркәсіп бойынша да, жеке салалар бойынша да жоғарылау бет алысы күшейіп келеді. Жаңа кәсіпорындарда негізгі қорлардағы құрал-жабдықтар құнының меншікті үлесі ескі кәсіпорындарға қарағанда жоғары болатыны мәлім.
Қорлардың енжарлы бөлігін талдауды да естен шығармау керек. Кейбір жекелеген жағдайларда өндірістік қорлардың енжарлы бөлігінің өсуі мүмкін. Бұл ерекше өндірістік жағдайларды талап ететін (мысалы, тазалығы, ылғалдылығы, ауа температурасы бойынша), демек жаңа өндірістік ғимараттар салуға жұмсалатын шығындарды күрт жоғарылататын өнім түрін өндіре бастағанда орын алуы мүмкін. Енжарлы бөліктің өсімі кейде әлеуметтік талаптарға сәйкес ескі кәсіпорынды қайта жаңғырту ісіне қомақты күрделі салым жасауы есебінен жүреді. Бірақ, басқа шарттар бірдей болған жағдайда ең озық құрал-жабдық түрлерін пайдалану, неғұрлым ұтымды түрде оларды жобалау арқылы негізгі қорлардың белсенді бөлігінің үлесін арттыруға ұмтылу қажет.
Негізгі қорлар құрылымына өндірістің ұжымдануы, шоғырлануы және мамандануы да үлкен ықпал етеді. Шоғырлану мен мамандану, механикаландыру деңгейі неғұрлым жоғары болса, соғұрлым машиналар мен құрал-жабдықтардың үлес салмағы да жоғары болады.
Әрбір саланың экономикалық өзгешелігіне байланысты әр саладағы негізгі қорлар құрылымы әр түрлі болып келеді. Мысалы, жұмыс машиналары мен құрал-жабдықтар металлургия және металл өңдеу, қара металлургия секілді салалардың негізгі қорлар құрамының үлкен бөлігін алып отырады; құрылымдар мен өткізгіш құрылғылардың үлес салмағы отын, мұнай өндіру және газ өнеркәсіптерінде жоғары болса, жұмысшы машиналары мен құрал-жабдықтар – электр энергетикасында, көлік құралдары – орманды игеру негізгі қорларында басым болып келеді.
Негізгі қорлардың өндірістік құрылымы өнімнің қорсыйымдылығына, жалпы ішкі өнім мен ұлттық табысқа да үлкен ықпалын тигізеді.
Негізгі қорлардың салалық құрылымында қорсыйымдылығы жоғары салалардың үлес салмағы жоғары болған сайын, басқа жағдайлар бірдей болғанда, өндірістік өнім мен ұлттық табыстың қорсыйымдылығы жоғарылай береді. Негізгі қордың өндірістік құрылымында машиналар мен құрал-жабдықтардың, әсіресе технологиялық құрал-жабдықтардың үлес салмағы артқан сайын өнім шығарылуы артады, нәтижесінде өнім мен ұлттық табыстың қорсыйымдылығы төмендейді.
Өндірістік үдеріске қатысу сипатына қарай негізгі қорлар өндірістік және өндірістік емес болып бөлінеді.
Өндірістік негізгі капиталына өндіріс үдерісінде тікелей қатысатын нысандар жатады, олардың көмегімен өнімді әзірлеген кезде еңбек құралдарына (машина, құрал-жабдық, құрал-саймандар және т.б.) әсер ету жүзеге асады немесе өндірісті жүргізу үшін қажет материалдық жағдайын жасайды (ғимараттар, құрал-жабдықтар, өткізгіш қондырылғылар).
Өндірістік емес негізгі капиталдың қатарына шаруашылықтың өндірістен басқа салаларында пайдаланатын негізгі капитал жатады. Оларға тұрмыстық үй-жай (коммуналдық) шаруашылығында, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру және мәдениет салаларында пайдаланатын негізгі капитал жатады.
Иелігіне қарай негізгі капитал меншікті, яғни кәсіпорынның өзіне тиісті және уақытша жалға алынған болып бөлінеді.
Меншіктік капитал дегеніміз – субъектіге тиесілі және оның теңдестігінде көрініс табатын негізгі капитал. Белгіленген мерзімге шарт бойынша басқа субъектіден алынған негізгі капитал жалға алынған құралдар болып саналады.
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексі бойынша қалдық құны бойынша салық салу мақсатымен амортизацияланатын мүліктер сараланып, олардың шекті амортизация мөлшері бекітілген. Осыған байланысты негізгі капиталдың амортизациялау мерзімі бойынша келесі санаттарға бөлінеді:
1. Ғимарат,құрылыс – 10 жыл.
2. Машиналар мен құрал-жабдықтар, мұнайгаз өндіретін машиналар мен құрал-жабдықтарды санамағанда – 4 жыл.
3. Кеңсе машиналары мен компьютерлер – 2,5 жыл.
4. Басқа топтарда саналмаған тіркелген активтер – 6,7 жыл.
Негізгі міндеті мен атқаратын жұмыс (қызмет) сипатына қарай салалар, кәсіпорындар, бірлестіктердің негізгі қорлары келесі саралану түрлеріне сәйкес бөлінеді:
- жер – субъект меншігіне сатып алған жердің көлемі мен құны. Жерге меншік құқығы бар болса, онда олар құқық актісімен расталуы керек. Ондай актісі берілген болса, онда жер телімі мүліктік нысаны болып саналады;
- үйлер – халыққа еңбек етуге, тұруға, әлеуметтік-мәдени қызмет көрсетуге жағдай жасауға және материалдық құндылықтарды сақтауға арналған әлеуметті-құрылыс нысандары. Әрбір тұрғын үй мүліктік нысаны болып табылады;
- ғимараттар – еңбек заттарын өзгертуге қатысы жоқ белгілі бір қызметтерді орындау жолымен өндіріс үдерісін жүзеге асыруға арналған инженерлік-құрылыс нысандары (шахта ұңғысы, мұнай мұнарасы, бөгет, көпір, автомобиль жолы). Барлық жағдайлары бар әрбір жеке ғимарат мүліктік нысан болып табылады;
- өткізгіш тетіктер (қондырғылар) – электр, жылу немесе механикалық энергияны өткізу қондырғылары (электр өткізу желілері, трансмиссиялар, құбырлар). Электр желілері бойынша, мысалы, электр стансасы бөлу қондырғыларының желісі немесе генератор клеммаларынан бөлу қондырғыларына дейін қабылдау көмекші стансаларынан трансформатор жайына дейін мүліктік нысан бола алады;
- машиналар мен құрал-жабдықтар – күш беретін машиналар мен жабдықтар; жұмысшы машиналар мен жабдықтар; өлшеу және реттеу аспаптары, қондырғылар мен зертханалық жабдықтар; әрбір машина, егер ол басқа мүліктік нысанның бөлшегі болмаса, оған кіретін бейімделген құралдарды, соған тиісті заттарды, аспаптарды, қоршауды, ірге тасты қоса алғанда, мүліктік нысаны болып саналады.
Негізгі капиталдың бұл тобы бес ішкі топтан тұрады:
а) күш беретін машиналары мен жабдықтар;
б) жұмысшы машиналары мен жабдықтар;
в) өлшеуіш және реттеу аспаптары мен қондырғылар және зертхана жабдықтары;
г) есептеу техника;
д) басқа машиналар мен жабдықтар.
- күш машиналары мен құрал-жабдықтар тобына электр және жылу энергияларын өндіруге пайдаланатын генератор – машиналар, сондай-ақ әр түрлі энергия түрлерін (жел, жылу, су, электр энергиясын және т.с.с.) қозғалыс энергиясына, яғни механикалық энергияға түрлендіруге пайдаланылатын барлық қозғалытқыш – машиналар жатады. Аталған топқа өнеркәсіптің барлық саласындағы бу машиналары мен қазандықтар, локомобильдер, турбинаның барлық түрі, атомдық реакторлар, электр қозғалтқыштар мен электр генераторлар, іштен жану қозғалтқыштары, тракторлар және өз бетінше жүретін шасси, энергопоездар мен жылжымалы электростансалар, электрлі аппараттар мен күш трансформаторлары, түзеткіштер және т.с.с. құрал-жабдықтар кіреді;
- жұмысшы машиналар мен жабдықтар тобына жұмысшы машиналарының, агрегаттар мен құрал-жабдықтардың өнім өндіруде немесе өндірістік сипаттағы қызмет көрсетуді орындау кезінде еңбек заттарына механикалық, химиялық және жоғары температурада әсер етуге арналған, өндіріс үдерісінде еңбек заттарын қозғалытқыштар, адам немесе малдың күшімен қозғалтуға арналған (конвейер, траулерлер, көтергіштер, крандар) барлық түрі жатады;
- өлшеуіш және реттеуіш аспаптар мен құрылғылар және зертхана жабдықтар тобына барлық түрдегі диаметр, аудан, қалыңдық, салмақ, қысым, уақыт, қуат, кернеу және т.с.с. өлшеулерді жүргізуге арналған әр түрлі аспаптар мен құралдар, электрлі, пневматикалық және гидравликалық реттеу құрылғылары, автоматты басқару, бақылау және дабыл беру пульттері, сондай – ақ, зауыт және ғылыми –зерттеу зертханалар қондырғылары мен құрал-жабдықтары кіреді;
- есептеу техника тобына әр түрлі ЭЕМ-лар, басқару, аналогтық және сандық есептеу машиналар мен құрылғылары, сонымен бірге, есептеу машинамен бірге пайдаланатын, ақпарат жинау, белгілеу және беріліске арналған көмекші жабдықтар кіреді;
- өзге машиналар мен жабдықтар тобына машиналар, аппараттар және басқа құрал-жабдықтар (телефон стансаларының, радио тораптарының жабдығы, өрт сөндіргіш машиналар) жатқызылады;
- көлік құралдары - адамдар мен жүктерді тасымалдауға арналған әр түрлі құралдар кіреді, яғни темір жол, теңіз, өзен, әуе көлігі және зауытішілік көліктің (вагонеткалар, тепловоздар, вагондар, платформалар, мотоциклдер, велосипедтер және т.с.с) барлық түрінің жылжымалы құрамдары кіреді, өндірістік құрал-жабдықтар қатарына енгізілген конвейер, транспортер секілді құралдардан өзгесі. Көлік құралдарына, сондай –ақ, магистральды көліктік мұнай- газ құбырлары, құбыр өткізгіштер және оның тармақтары, яғни сұйық және газ тәрізді заттарды тасымалдау құралдары да кіреді;
- құрал-сайман, өндірістік және шаруашылық заттар тобына барлық қолмен атқаратын және механикаландырылған құралдар кіреді: кескіш, соққыш, жаншу құралдары, нығыздаушы және т.с.с., соған қоса, еңбек заттарын өңдеуге, бекітуге, құруға және т.б. арналған әр түрлі құралдар жатады. Осы топқа қызмет мерзімі бір жылдан асатын саймандар мен құралдар жатқызылады;
- өндірістік мүлік және соған жататын заттар тобына өндірістік операцияларды орындау немесе жеңілдету үшін қызмет ететін өндірістік заттар; еңбекті қорғауға көмектесетін жабдықтар; сұйық, сусымалы және материалдарды сақтауға арналған сыйымды заттар; өндірістік қажетті бар басқа да заттар жатады;
- шаруашылық мүлік - кеңселік және шаруашылық мақсатта ұсталатын заттар кіреді (шкафтар, үстелдер, ілгіштер, сейфтер, көбейткіш және көшірме құрылғылар, әр түрлі шаруашылық және өртке қарсы саймандар);
- жұмысшы және өнім беретін мал – ат, өгіз, түйе және басқа жұмысқа пайдаланатын малдар; өнім беретін мал –ірі қара мал; асыл тұқымды айғырлар мен биелер, буралар мен інгендер; бұғылар, маралдар, ерекек шошқалар мен мегежіндер, ешкілер, саулық қой мен қошқарлар;
- көпжылдық өсімдіктер мен көшеттер - қолдан егілген, көп жылдық өсімдіктер (жеміс және жидек ағаштары, жүзімдіктер, гүлдердің көп жылдық түрлері, раушан гүл өсіретін жер телімдері, өсімдіктен жасалған қоршаулар, жерді қорғайтын өсімдіктер). Жас өсімдіктер даму деңгейі толық жетілген (жеміс-жидек бере бастаған) өсімдіктерден бөлек есепке алынады;
- жерді жақсартуға байланысты күрделі шығындар (ғимаратсыз) – ауыл шаруашылық мақсатында пайдалану үшін жер қыртысын жақсартудың шараларына жұмсалған мүліктік емес сипаттағы шығындар (жер телімдерін жоспарлау, егін егу үшін жерді өңдеу, егіс даласын тастардан тазалау, бұталардан тазарту, су қоймаларды тазалау);
- басқа да негізгі қорлар - кітапханалар қорлары, спорт мүлкі және басқа да салымдар.
Достарыңызбен бөлісу: |