Амортизациялық аударым жарнасы: Амортизация сөзі латын тілінен аударғанда «өтеу» деген мағынаны білдіреді. Амортизация – бұл тозудың құндық белгісі. Амортизация - бұл шығарылатын өнімге негізгі өндірістік қор құнының бірте-бірте ауысуы. Ол негізгі қорлардың толық және ішінара қалпына келтіру үшін іске асырылады.
Нарықтық қатынастар жағдайында амортизациялық аударымның мөлшері кәсіпорынның экономикасына елеулі қосылысын білдіреді. Бірінші жағынан, амортизациялық аударымның тым жоғарғы деңгейі өндіріс шығындарының мөлшерін көбейтеді, осыған орай өнімнің бәсекеге жарамдылығы төмендейді, алатын пайдасының мөлшері де азаяды. Сол себепті кәсіпорынның экономикалың дамуының ауқымды деңгейі қысқарады.
Екінші жағынан, амортизациялық аударымның кемітілген үлесі негізгі қорды сатып алуға құралган қаржының айналым мерзімін ұзартады, ал бұл олардың ескіріп қалуына әкеп соғады Міне, осының салдарынан, бәсекеге жарамдылығы төмендеп, өздерінің рыноктағы жайғасымы ысырап болады.
Амортизациялық аударымды өтелім мөлшеріне және өзінің балансында тұрған негізгі құрал-жабдықтардың баланстың құнына сәйкес кәсіпорын ай сайын жасап отырады. Өтелім мөлшері мемлекет белгілеген негізгі қорлардың құнын өтеудің жылдық проценті болып табылады және өтелім мөлшерінің жылдық сомасын анықтайды. Басқаша айтқанда, өтелім мөлшері - бұл жылдық амортизациялық аударымның негізгі өндірістік қорлардың құнына процент есебіндегі қатынасы
Амортизация - негізгі қорлардың құнын сол қорлар арқылы өндірілетін өнімдер мен кызметтерге бірте-бірте көшіру: ақша қаражаттарын мақсатты шоғырландыру және тозған негізгі қорлардың орнын толтыру, пайдалану процесіңде олар тозады, өзінің тұтыну құнын жоғалтады. Өндірілген өнімді өткізгеннен кейін алынған кірістің бір бөлігі негізгі қорларды қалпына келтіруге арналған амортизациялық қорға аударылады (немесе амортизациялық жарна деп атауға болады).
Амортизация мөлшерлері амортизация көлеміне қарай ерекшеленуі мүмкін: ол уақыт бірлігіне (бір жылға) – негізгі қор құнының пайыздық бөлігі (%); шығарылатын өнім бірлігіне - теңге; жұмыс бірлігіне (тонна – км. жүріс жолы, ұшу сағатына) сәйкес белгіленеді. Өнеркәсіпте амортизация мөлшерлерін белгілеудің алдыңғы екі әдісі қолданылады.
Амортизация жүйесіндегі маңызды экономикалық элемент болып оны есептеу әдістері болып табылады. Амортизацияны есептеу әдісі амортизациялық қордың көлеміне, негізгі қорлардың қызмет етуінің әр түрлі кезеңіндегі қаржы ресурстарын шоғырландыру қарқын- дылығына, төлемдер мөлшеріне (өнімнің құны қосылған) тікелей әсер етеді.
Амортизацияны есептеу әдісі деп, әдетте, негізгі қорлар құнының орнын толтыру тәсілі түсініледі. Бірақ оған өнеркәсіптің әр түрлі саласында амортизациялық аударымдар жүргізу тәсілі немесе тәсілдер кешені ғана емес, сонымен бірге бүкіл қызмет мерзімі ішіндегі негізгі қорлар құнының орнын толтыру тәртібі де кіреді. Амортизация мөлшерлерін анықтау кезінде негізгі қор құнының орнын толтыру қағидасы мен мөлшерлердің қолдану уақытын да ескеру қажет.
Амортизациялық мөлшерлерді белгілеу сипатына қарамастан, олар әр түрде құрылуы мүмкін: егер негізгі қорлар құны олардың қызмет ету мерзімі ішінде тең бөліктермен өтеліп отыратын болса – біркелкі мөлшермен (бірқалыпты әдіс), үдемелі түрде - өспелі мөлшермен, кемімелі мөлшері бойынша (жеделдетілген әдіс) және т.б.
Отандық, дәстүрлі тәжірибеде амортизацияны бірқалыпты мөлшер бойынша есептеу әдісі неғұрлым қолайлы болып келген. Бұл әдіс негізгі қорларды пайдалану уақытына сүйенеді де амортизация мөлшерін құрал-жабдықтың өнімділігімен немесе басқа да өндіріс жұмысының сипаттамаларымен байланыстырмайды (үдемелі немесе кемімелі мөлшерде дәл осылай жүреді). Сонымен бірге, орташа мәндерге негізделген бұл әдіс өнеркәсіпте амортизацияны жоспарлауды жеңілдетуге және есепке алуға мүмкіндік береді. Негізгі қорлардың тез тозуына әкелетін қалыпты жұмыстан ауытқулар (химия өнеркәсібінің ортаға зиянды әсерлігі, құрал-жабдыққа жоғары жүк салмақ түсуі және т.б.), түзету коэффициенттері арқылы ескеріледі.
Амортизацияны есептеуде келесі әдістер қолданылуы мүмкін:
а) құнды бірқалыпты (түзу сызықты) есептеп шығару әдісі;
б) құнды орындалған жұмыстың, өндірілген өнімнің көлеміне тепе-тең мөлшерде есептеп шығару әдісі (өндірістік әдіс);
в) жылдамдатып есептен шығару әдістері: қалдық құнының кему (қалдықты азайту) әдісі; сандардың жиынтығы бойынша құнын есептеп шығару әдісі (кумулятивтік әдіс).
Әртүрлі негізгі капиталға әр түрлі әдіс қолдануға болады. Субъектінің таңдап алған амортизациялық аударымын анықтау әдісі есептік саясатқа сәйкес және бір есептік кезеңнен екіншісіне өтерде бір ізділігін сақтауы тиіс.
Бюджеттік мекемелер бойынша негізгі капиталға тозуды есептеу әдісін таңдау құқы өкілетті органдарға, яғни мекемелерге қатысты мемлекеттік меншік құқығының субъектісі қызметін жүзеге асырушы мемлекеттік органдарға беріледі.