Ұлы Абай қазақ халқының руханияты мен мәдениетінің символы болып табылады. Оның ілімі халықтың рухани жаңғыруымен тығыз байланысты, ал даналығы қазіргі заманмен үндес. Абай шығармашылығымен танысу сананы оятып, ойға ой қосады, жаңа көңіл күй мен сезімге бөлейді, асыл армандарға жетелейді, өзіңді өзің талдап тазаруға итермелейді. Кемеңгер бейнесі көптеген аса көрнекті ақындар мен жазушылардың, суретшілердің назарын аударып келеді. Ұлы ақын өз дәуірінің ар-ожданы болған сол кезеңдегі қазақ қоғамдық ойы мен әдебиеті Абай есімімен тығыз байланысты болды. Алаш қозғалысының 100 жылдығы аталып жатқан кезде біз Абайды және оның бай мұрасын қазақ халқының рухани әлеміне қоса отырып, Алаш қайраткерлерінің ел тәуелсіздігі жолында өз ізгі мұраттарын тауып, ұлт пен Отанын сақтау үшін күрес жүргізгендерін айқын сезінеміз. Абайдың алғашқы өмірбаянын Алаш қозғалысының көшбасшысы, белгілі экономист, тарихшы, әдебиетші, публицист, журналист, аудармашы Әлихан Бөкейханов жазған болатын. Ә.Бөкейхановтың орыс тілінде жазылып, 1905 жылы «Семипалатинские ведомости» газетінде жарияланған «Абай (Ибраһим) Құнанбаев» атты мақаласы ұлы ақын туралы тұңғыш та анағұрлым толыққанды ғылыми еңбек болып табылады. Кейін бұл мақала Абайдың портретімен бірге 1907 жылы «Записки Семипалатинского подотдела Западно-Сибирского отдела Императорского русского географического общества» журналында жарияланды. Бұл жарияланым Әлихан Бөкейхановтың Абайдың жеке өзі мен шығармашылығын, шежіресі мен оның қоршаған ортасын жақсы білгендігін дәлелдейді. Ол Абайдың ұлы Тұрағұлмен және Абайдың немере інілері Шәкәріммен және Кәкітаймен жақын таныс болды. Ә.Бөкейханов өз мақаласында Абайдың қоғамдық қызметтен ақындыққа қалай ауысып, орыс және әлем поэзиясын көркем аударумен айналысқандығын, Спенсердің «Тәжірибелер», Льюистің «Ақиқат философиясы», Дрэпердің «Еуропаның ақылды дамуы» еңбектерімен таныса келіп, қалай еуропалық мәдениет биігіне көтерілгендігін егжей-тегжейлі қарастырады. Ол өзінің Абай өмірі мен шығармашылығы туралы осы қысқаша очеркін аяқтай келіп, оны Еуропаның атақты ақындары қатарына қосады. Алаш қозғалысының көрнекті басшыларының бірі, ағартушы, ақын, филолог Ахмет Байтұрсынов Абайды «Қазақтың бас ақыны» деп атап, «Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ», деп жазды. Әлем әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов дербес әдебиеттану ғылымы ретіндегі абайтанудың негізін қалады. Ұлы ақын туралы «Абай жолы» роман-эпопеясының авторы: «Ол өз халқының тарихында биіктен көрінеді. Ол қазақ халқының көп ғасырлық мәдениетінен озығын алып, бұл қазынаны әлемдік және орыс мәдениетінің игі ықпалымен байытты», деп Абай талантына жоғары баға берді. Әрине, Абай тірі күнінде өз кітаптарын көрген жоқ, алайда оның шығармашылық дәстүрін жалғастырған рухани шәкірттері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов оның әдеби мұрасының бүкіл жер шарына таралуына ықпал етті. Абайдың 1845 жылы 10 тамызда Семей облысының Шыңғыстау бөктерінде өмірге келгені мәлім. Тобықты руының беделді де өктем басшысы Құнанбай өз ұлын Семей медресесіне оқуға береді. Бұл мектептің қатаң тәртібін бұзған Абай орыс тілін білмек ниетте медреседен кетіп, орыс-приход мектебіне ауысады. Әкесі Семейге келгенде он үш жастағы Абай туған өлкесіне қайтып оралады, бірақ он бес жылдан кейін білімін тереңдетіп, ұлттың рухани көшбасшысы болу үшін қайтадан қалаға келеді. Семейге келе салысымен ол орыс және Еуропа әдебиеті классиктерін оқиды, патша үкіметі Семейге жер аударған алдыңғы қатарлы зиялылармен танысады. Ағылшын философтары Милль, Дрэпер және басқа еуропалық ойшылдар еңбектерін терең оқып біледі. Бұл туралы америкалық саяхатшы және журналист Джордж Кеннан 1906 жылы Петербургте жарияланған «Сібір және жер аудару» кітабында Абай туралы: «Ағылшын философтарын мықтап зерттеп біліп, Миллді, Бокль мен Дрэперді оқиды», деп естелік қалдырды. А.С.Пушкин мен Гете, М.Ю.Лермонтов пен Дж.Байрон Абайдың ең сүйікті ақындары болған сияқты. Оны олардың шығармаларының шынайылығы, жоғары шеберлігі, өмірлік қуаты толғандырды. Абай алыстағы қазақ ауылдарының тұрғындарын ұлы орыс ақындарының шығармашылығымен таныстыруды ниет етіп, ХІХ ғасырдың екінші жартысында А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романынан үзінділер және М.Ю.Лермонтов өлеңдерін аудара бастайды. Ақын туған халқы мәдениетінің дамуындағы орыс классиктері шығармашылығының маңызын жете түсінді. Абай осы аудармаларының қазақ даласына тез тарап, ұғынықты болуы үшін бұл туындыларына ән жазады. Халық ақын әндерін жылы қабылдады да, Пушкин мен Лермонтов өлеңдері ең сүйікті шығармаларға айналды. Шынайы өмірдің барлық құбылыстарына өзінің өткір де сергек ойын білдірген ол халықтың сана-сезімін оятып дамытатын бейнелер сомдады. Абай шығармаларын қайта-қайта оқи отырып, шынайы бейнелердің көркемдік қуаты мен идеялық мазмұнының санқырлылығына және тақырыптық әралуандығына орай Абай шығармашылығының нағыз өмір энциклопедиясы екендігіне тәнті боласың. Адамдардың типтік түрлері, портреттік суреттемелер, табиғат пен тұрмыстың қаныққан әсерлі бояулары, лирикалық ой толғаныстары тұтастана келіп, бізден алыс өмір ақиқатын көз алдымызға әкеледі. Абай 1904 жылы қайтыс болды. Ақынның тірі кезінде оның жекелеген өлеңдері 1889-1890 жылдары Омбыда шыққан «Дала уәлаятының газеті» беттерінде жарияланды. Абайдың алғашқы өлеңдер жинағы ол өмірден өткеннен кейін ғана, 1909 жылы Петербургте жарық көрді. Осылайша ішкі сезімнен буырқанып шыққан шындыққа толы ақын сөзі терең ұғындырылып, лайықты бағаланған болатын. Абай шығармалары одан кейін 1922 жылы Қазанда және Ташкентте, 1933 жылы Қызылордада жеке кітап болып басылып шықты. Одан іле-шала Алматыда, Мәскеуде және әлемнің басқа қалаларында жиі-жиі шықты. Абай шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған, оның ақындық талантына шет елдердің ақындары мен жазушылары, әдебиет сыншылары кеңінен үн қатты. Оның шығармашылығы туралы мақалалар, «Қара сөздеріне» арналған зерттеулер Корея мен Қытайдан, Үндістан мен Ираннан, Еуропа елдері мен АҚШ-қа дейінгі әлемнің көптеген мемлекеттерінде жарияланды. Бұл мақалалар мен зерттеулерде ұлы ақын шығармашылығының Батыс пен Шығыс елдерінде қабылдануы кеңінен қарастырылып, оның әлем әдебиетіндегі рөлі ашып көрсетілген. Бүгінгі күні Абай мұрасы әлем мәдениеті қазынасының ажырамас бір бөлігіне айналды, ал оның есімі қазіргі заманның ұлы ақындарының қатарында тұр. Абай мұрасы – түркі мәдениетінің бір бөлігі. Өзбек ғалымы Абдулла Рустамов Абайды «адам жанының емшісі» деп атаған болатын. Ол пайымдағандай, Абай шығармалары ғасырлар сүзбесінен өткеннен кейін де өзінің өзектілігі мен маңыздылығын жойған жоқ. «Өлең жолдарынан көптеген сұрақтарға жауаптар табуға болады, жаралы жүректі емдеуге болады, жаңа арманға беріліп, қиял жетегінде кетуге болады, жай ғана – оның тақуа сөздерінен жаңылып қалуға болады. Ақын өлеңдері – бұл жаралы жүректер қуанышы, бұл әлсіздер үшін күш, бұл түңілгендер үшін тірек пен қолдау». А.Рустамов Абай поэзиясын «өз бастауын биік те қуатты таудан алатын» ұлы сарқырамамен салыстырады, ал «адамдардың көңіл күйі үшін оның өлең жолдары өмірді жасартатын сиқырлы сусын ретінде қызмет етеді». Башқұрттың қабырғалы қаламгері Мұстай Кәрімнің жүрек түкпірінен шыққан тілек сөздері түркі әлемі үшін Абайдың маңыздылығын жоғары таныған сырлы жолдарға толы: «Біздер, башқұрттар үшін қазақ жазба поэзиясының алғашқы хабаршысы, алғашқы үні Абай болды. Ол бірінші болып бізге қазақ жанын ашты... Абай ұлттық қана емес, әлемнің ақындық мәдениетінің шыңы болып табылады. Ал шыңдар алыстан көрінеді және олар үнемі өздеріне тартады. Биікті алыстан да, Шығыстан Батысқа дейін көреді. Абайдың рухани ой-өрісіне, ақындық көзқарасының кеңдігі мен тереңдігіне, Абай парасатының қуаттылығына таң қаласың. Осының өзі оның Шығыс пен Батыс мәдениетіне қатыстылығын байқатады». «Абай – қазақтардың ғана емес, барлық түркі халықтарының да рухани әкесі. Абай – біздің ортақ игілігіміз, – деп нық айтқан еді Түркияның белгілі мемлекет қайраткері Намык Кемал Зейбек. – Абай адамзатқа қажет! Біз Қожа Ахмет Ясауиді, Абайды, өткен ғасырлардың басқа дана адамдарын өз әкелеріміздей біліп құрметтеуіміз керек». Абай шығармашылығы Еуропа мен АҚШ-қа да белгілі. Қазақ ақын-жазушыларының үлкен досы Леонард Кошут қаламынан Абайдың 20 өлеңі алғаш рет неміс тіліне аударылып шыққан еді. Осы аудармашы Берлиннен «өзіндік, қайталанбас, терең мағына мен маңызға толы Абай сөздерінің інжілдік-шығармашылық қуаты» өзін таңғалдырғаны туралы жазады. «Оның поэтикасы сіресіп қалған дәстүрлерді өлең құрылысына, бейнелілігіне, дауыс ырғағына дейін бұзады, аудармашы ақын алдына күрделі мәселелер қояды...» деп таңданады ол. Абай өлеңдері авторды түрлі көңіл күйде – батыл, мазасыз, ойлы, қайғылы, жалғыз етіп көрсетеді. Мұның бәрі бізге, ХХІ ғасыр оқырмандарына арналған. Абай үнінің ғажайып күші туралы айтудан Францияда Мадлен және Альберт Фишлер еш тынған емес. Ақын, философ, ойшыл пікірінше «халықтар арасындағы қарым-қатынастар өзара баю, ұғынысу және құрметтеу негізінде қалыптасуы
Абайдың «Ескендір» поэмасындағы: «Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді, Өз бағаңды өзіңнен кім сұрайды?!» деген сөздеріндегі философиялық ой-толғаныстарда өсиет пен ғибрат үнемі байқалады». Ресей әдебиеттануы Абай шығармашылығына ерекше қызығушылық танытады. Шығыстанушы, түркітанушы-ғалым Владимир Гордлевскийдің 1914 жылы шығыстанушы, академик Николай Веселовскийдің 70 жылдығына арналған «Шығыс жинағына» Абай мен Міржақып Дулатов шығармаларын енгізгендігі белгілі жайт. Әдеби байланыстардың осы даңқты дәстүрлерінің жалғасындай РҒА М.Горький атындағы Әлем әдебиеті институты РФ және ТМД халықтары әдебиеттері бөлімінің меңгерушісі, Ресей Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Қазбек Сұлтанов «Абай Құнанбаев шығармашылығын қазіргі зерттеу тұрғысында оның қазақтар үшін маңызы орыс әдебиетіндегі Пушкин рөлімен салыстыруға келеді», деп жазады. Жазушы, әдебиеттанушы, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымының докторы Николай Анастасьев Абай туралы «Абай. Ұшудың ауырлығы» атты «Тамаша адамдар өмірі» сериясы бойынша шыққан кітабын (Мәскеу, 2008) Абай өмірі мен шығармашылығына арнады. Ғалым өз еңбегінде Абай «жас күнінен жыр ортасында өсті, ол ырғақ пен дыбыстың баласы еді. Бұл туралы Мұхтар Әуезов өзінің роман-эпопеясында тамаша суреттеген. Баяндау сөзі үнемі өзгеріске ұшырайды, бірде бірқалыпты жылжып, енді бірде арғымақтың жүрдек жылдамдығын алады. Абай поэзиясының ырғақты кейпі де осындай – бірде одан керуеннің қалыпты қозғалысы байқалады, бірде алыстан дала тынысын бұзған құмның, жер қыртысының үнсіз қимылы, енді бірде аң аулайтын құс самғауы, тағы бірде ат тұяқтарының тықылы естіледі», деп тамсана жазды. Абай поэзиясы елдер мен құрлықтарға танылуда, себебі оның поэзиясында ұлы ақынның бүкіл өмірі қамтылған, оның жарқын болашақ туралы арманы жырланған. Тәуелсіздік жылдары Абайдың ақындық дауысы ағылшын, белорус, болгар, корей, моңғол, неміс, поляк, түрік, француз, парсы, урду тілдерінде сөйледі. Жаңа аудармалар қазақ ақынының жарқын да қайталанбас жыр әлемін ашып берді. Абай әлемді бағындыруда. Оның өлеңдері корей тіліне Абайдың 100 туындысын аударған Ким Бён Хак үшін «жүйрік аттың шабысын бейнелейді, өмірлік күш-қуатқа толы. Оның арғымақтары гүлге толы даламен желіп келе жатқандай әсер беріп, қоршаған ортаны таңғалдырады. Мифтік тұлпарларға айналған бұл арғымақтар даланың үстінен бірде шапшаң ұшса, бірде Қазақстанның ашық аспанында байсалды қалықтайды». Абайдың «Күз» және «Қансонарда бүркітші шығады аңға» атты өлеңдері институт жүзеге асырған «Жаңа дәуірдегі қазақ-американ әдеби ынтымақтастығы» ғылыми жобасы деңгейінде шыққан «Жазғы кеш, даладағы түн, алтын бидай жері: қазақ әдебиетіндегі қоршаған әлем» атты ағылшын тіліндегі қазақ әдебиеті антологиясына алғаш рет енді. Кітаптың Вашингтонда өткен тұсаукесерінде Смитсоновский институтының Азия мәдениеті жөніндегі бағдарламалар директоры Пол Тейлор өзінің философиялық және әлеуметтік маңызын жоғалтпаған Абай поэзиясы мен музыкасының сұлулығын, терең мағынасын АҚШ-та қалың жұртшылыққа жеткізуді міндеттеріне алғандығы туралы әңгімеледі. Абай поэзиясы америкалық оқырмандар қызығушылығын туғызуда. Жаңа басылымдарда әкесінің емес, Отанының ұлы болуды армандаған қазақ халқының лайықты ұлына деген құрмет жалғаса түсуде. Абай, ең бірінші, – қазақ халқының жаны, ал оның «қара сөздері» әлем мен адамдар мағынасын ұғынудың құнды кітабына айналды. Абай үні ғасырлар өтсе де өзінің қуатты күшін жоғалтқан емес. «Рас, бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған, бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен... Ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен... Бұлар да арлылық, намыстылық, табандылықтан келеді», деген Абай үні (Отыз тоғызыншы сөз) ғасырдан артық уақыт өтсе де өзінің қуатты күшін жоғалтпай, тереңдігімен таңғалдырады. Абайдың 150 жылдық мерейтойы 1995 жылы ЮНЕСКО деңгейінде бүкіл әлемде кеңінен атап өтілді. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев кезінде ұлы Абайдың мерейтойын ЮНЕСКО-ның Естелік күнтізбесіне енгізу туралы ЮНЕСКО-ға хат жазған болатын. Елбасының осы ерлікке пара-пар әрекетінің арқасында Абай мерейтойының биік деңгейде атап өтілуі үлкен әлемдік құбылысқа айналып, шетелдік оқырмандардың ұлы ақын, ойшыл мұрасына қызығушылығын арттырғаны белгілі. Абай – бүкіл адамзат игілігі. Оның поэзиясы – мәңгілік поэзиясы, даналықтың, махаббат пен адалдықтың поэзиясы. Соңғы жылдардағы зерттеулерде Абайдың рухани ізденістері терең ашылып, оның ұлттық рухани қалыптасуындағы рөлі айқындалды. Бүкіләлемдік қауымдастық Абайдың туған күнін 1845 жылдың 10 тамызы деп есептейді. Алайда соңғы кезде кейбір отандық ғалымдар ескі жыл санауға сүйеніп, оның туған күнін 23 тамыз деп ұсынуда. Бұл пікірталас тақырыбы емес. Әлемдік қауымдастық, Еуропа, Азия мемлекеттері мен АҚШ-тағы ірі әдебиеттану орталықтары, сыншылар мен баспагерлер, Абай шығармаларын аударушылар оның туған күнін жыл сайын 10 тамызда атап өтеді. Осымен бұл тақырыпқа байланысты кейбір пікірталастар мен пікірлерге нүкте қою керек деп ойлаймын. Қазақстан халқы Абайдың туған күнін 10 тамызда тойлайды, бұл дата мектеп және ЖОО оқулықтарында, ел таныған абайтанушылардың ғылыми еңбектерінде нақты көрсетілген. ХХІ ғасырда мәңгі жас классиканы жаңаша оқу үрдісі өтуде. Ғұлама ақын, ойшыл Абайдың мұрасын жаңаша ұғыну жалғаса береді, оның жалынды өлеңдері ешқашан да өзінің күшін жоғалтпайды. Өйткені Абай халықпен мәңгі бірге. Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
Толығырақ: https://egemen.kz/article/abay-%E2%80%93-manhgilik-poeziya
МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ!
Толығырақ: https://egemen.kz/article/abay-%E2%80%93-manhgilik-poeziya
МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦ
Достарыңызбен бөлісу: |