1-жүргізуші: – Келесі сөз кезегі ежелгі астанамыз Түркістаннан келген қадірлі қонағымыз беріледі.
Түркістан қаласындағы «Қуаныш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Әбдіғаппар Шаймерденов:
– Армысыздар, ардақты ағайындар, бауырлар! Бүгін Кетбұқа бабамыз туралы кеңінен айтылып жатыр, біз де соны қоштаймыз. Түркістанда да осындай игілікті мәселелер көтеріліп жатыр. Ұлытауға ат басын тіреп, бүгінгі бас қосуға қатысуымыз – соның бір айғағы деп біліңіздер. Құдай қаласа, жақсы бастама басталды. Түркістандықтар сіздерді қолдайды, қуаттайды. Осы жүздесулерден алған әсерімізді өзімізге жеткіземіз, көпшілікті жинаймыз. Біз біргеміз. Тарихи астана Түркістаннан сіздерге жалынды сәлем!
Жезқазған жеріне табанымыз тигеннен бері өз ауылымызға келгендей күй кешіп жатырмыз. Бізге көрсеткен сый-құрметтеріңізге дән ризамыз. Жалпы қонақжай халықпыз ғой, солай деп тұрсақ та осы құрмет-қошеметтің бәрі Кетбұқа бабамызға арналып жатыр деп білеміз. Соған бізде қуана келіп, қуанышты бөлісіп жатырмыз. Осындай кең байтақ мекенді, қойнауы байлыққа толы жерді кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырған Кетбұқа бабамыздың рухына сиынып өтеріміз анық. Тәуелсіздіктің арқасында тіпті ұмытыла бастаған Кетбұқадай қасиетті тұлғаларымыз ортамызға қайта оралып жатқаны қандай ұлағатты іс. Сол игі бастамаларыңызға сәттілік тілеймін.
Иә, «ауылыма келгендей күй кешіп жатырмын» деуім тегін емес. Сонау жылдарда өсы өңірді әке-аталарымыз мекендеген екен. Кеше сол жерлерге барып, әруақтарға құран оқытып қайттым. Осы ұлы дала Ұлытаумен сәл де болса байланысым барын мен мақтан тұтамын. Біле-білсек, Ұлытау – бүкіл қазақ халқына ортақ. Осы Ұлытаудан шыққан Кетбұқа бабамыздың барша қазақтың ғана емес, түбі бір түркіге ортақ тұлға атануын біз мақтан тұтуымыз керек. Ендеше, ұлы бабаға ескерткіш орнатуға қаржы жинау республика көлемінде өріс тапса, нұр үстіне нұр!
2-жүргізуші: – Келесі құттықтау лебізін білдіргісі келіп отырған Ұлытау өңірінің азаматы Мырзабек Ақшаловқа беріледі.
Ұлытау аудандық мәслихатының депутаты,
«Сарысу» шаруа қожалығының төрағасы
Мырзабек АҚШАЛОВ:
– Ұлытау ауданы жұртшылығы атынан Кетбұқа бабамыз туралы жинақтың шығуымен баршаңызды құттықтаймын!
Осы Ұлытаудың тумасы, сүйікті ақынымыз Жүрсін аға Кетбұқа бабамыз туралы поэма жазып жатыр екен. Өте ризамыз. Ауыл азаматы ретінде мен Жүрсін ағамызға шабытыңызға шабыт қосыла берсін деп тілек айта келіп, ағамызға ат мінгізгім келіп тұр.
1-жүргізуші: – Құттықтау сөз ел ағасы, Кетбұқа жайлы зерттеудің басы-қасында жүрген азамат, Кетбұқа баба жайлы зерттеу мақалалардың жазылуына мұрындық бола білген ағамыз Жұмамәди Ибаділдаұлына беріледі.
Жезқазған қаласының 1995-2005 жылдардағы әкімі,
Сәтбаев, Түркістан және Жезқазған қалаларының
Құрметті азаматы Жұмамәди ИБАДІЛДИН:
– Құрметті жерлестер! Үлкен іс сәтімен басталып, алғашқы кітап та жарық көріп жатыр екен. Осы қуанышқа арнайы келіп қатысып, сіздерге рахмет айтуды жөн көрдім.
Бұл Кетбұқа бабамыздың үлкен тұлға екенін сонау жылдары білгенімде маған үлкен ой туды. 1993-1994 жылдары Алаша хан мен Жошы ханның кесенелерін қайта өңдеуге республика есебінен қаржы аударылып, жұмыс басталды да Жезқазған облысы 1997 жылы тарауына байланысты ол аяқсыз қалды. Сосын өзіміз қолға алып, «Қазақмыс» корпорациясының көмегімен жөндеу жұмысын толық аяқтадық. Осы істің басы-қасында жүріп, зерттей келгенде Кетбұқа бабамыздың тұлғасы алдымыздан шықты. Осында туып-өскенмен мұнда мүрдесі жоқ. Сара жолы осында бастау тапқанмен қай тұстан қайтатындығы туралы деректер аздау екен. Содан зерттей-зерттей келе, Кетбұқа баба тұлғасын халыққа жеткізудің қандай жолдары бар дегенді ой елегінен өткізе келіп, ол туралы қойылым қойғанды жөн көріп, ұсыныс бердім. Қаламыздағы театр Кетбұқа тұлғасын алғашқы болып осылайша сахнада сомдады.
Кезінде осының өзін Кетбұқа бабамызды халық ортасына қайта оралтқандай көріп едік, ал мына бірлестіктің құрылуын үлкен іс деп бағалауымыз керек. Бірлестік қолға алғандай, Кетбұқа туралы әңгіме болғанда ғылыми тұсына, яғни тарихи деректерге көп сүйенгеніміз жөн. Осы жағына баса назар аударылуы керек. Татар бауырларымызда сол кезде жазып қалдырған көптеген кітаптар. Сол әдебиеттерде Кетбұқа туралы деректер болуға тиіс деген маған ой келеді. Иә, ең бастысы тарихи деректерге сүйенгеніміз жөн. Бүкіл қазақ мемлекеті іргесінің қалануы осы Ұлытау өңірі екеніне дау жоқ. Ендеше Жезқазған мен Қарағанды университеттерінің басын қоса отырып, ғылыми-теориялық конференция өткізуді уақыт оздырмай бірлестік қолға алса деп ойлаймын. Жалпы алғанда елдің ел болуы өз тұлғаларын көтере білуімен көрінбек. Осы игі істерімізге сәттілік тілеймін.
2-жүргізуші: – Сөз реті келгенде ғалымдардың төмендегідей пікірлерін айта кетсек, артық болмас.
1-жүргізуші: – Белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай былай дейді: «Ол – Жошы ханның, Құлағу ханның бас қолбасшысы, «Ақсақ құлан» күйінің авторы, Жошы өлімін Шыңғысханға жеткізуші атақты кемеңгер. Иран, Ирак, Сирия, Израиль жерлерін басып алған Ұлы қолбасшы. Еврейді 10 жыл билейді. Осы Кетбұқа данышпан 1260 жылы күзде, 80-ге таянған шағында майдан үстінде Құтыз сұлтанның қолынан қаза тапқаны анық».
2-жүргізуші: – Қаламгер Тұрсынхан Зәкенұлы өзінің «Көк бөрілердің көз жасы» атты тарихи романында мынандай үзінді келтіреді: «Жошыны ақ киізге салып хан көтеріп тұрып, Үйсін Майқы би, Қоңырат Сенгеле би мен Мәуке би, Барлас Қарашар би, монғол тазша бала, атақты Көкеші шешен ағынан жарылып ағыл-тегіл сөйлейді. Күйші Кетбұқа, Домбауыл, Арғұсын қобызшы дала желінің сарынына салып күңірентіп күй тартады».
1-жүргізуші: – Ендеше Кетбұқа бабаның рухын әспеттеп жатқан бүгінгі бас қосуымызда қасиетті қобызға да кезек бергеніміз жөн шығар.
2-жүргізуші: – Сахнада Тайжан Қалмағамбетов атындағы Жезқазған филармониясының әртісі Арай Есімова. Нұрғиса Тілендиевтің күйі «Аққу».
1-жүргізуші: – Зерттеулерге сүйеніп айтар болсақ, Кетбұқа тұлғасының қалыптасуына қатысы бар Тата тұңға, Құбатегін сияқты айтулы есімдердің қатысы бар екенін аңғарамыз.
2-жүргізуші: – Зерттеу барысында Кетбұқаның «Ақсақ құланнан» басқа да бірнеше күйлері бар екені белгілі болды. Ол қандай күйлер?
1-жүргізуші: – Осы төңіректегі ойларды ортаға салу үшін сөз кетбұқатанушылардың бірі, өлкетанушы Кенжал Балкеновке береміз.
«Абыз тұлға, аңыз тұлға Кетбұқа» кітабының редакторы,
өлкетанушы Кенжал БАЛКЕНОВ:
– Кеше Астанадан телефон шалып, хабарлады. Қорқыт ата ғылыми-зерттеу орталығында Кетбұқа бабамыздың 14 күйі сараптамадан өтіп, сертификатын алғаны туралы хабарды жеткізді. Бабамыздың 14 күйі күйтабақпен жақында шығарылмақ. Осы 14 күйді жан-жақты зерттеп, оларды жинақтау үшін көптеген жерлерде болдық. Көп күйлердің нотасын қырғыз еліндегі Ош қаласынан әкелдік. Бұл жұмысты тереңдете жүргізу мақсатында қоғамдық бірлестік жанынан мәдени-зерттеу орталығын құрған болатынбыз. Қазір өзбек еліне барып, Ташкент қаласына жақын орналасқан ауылдарды аралап, сол маңайда зерттеу жұмыстарын жүргізу ойымызда бар. Сондай-ақ қақас-бурят елінде Кетбұқа бабамыздың іздері бар деген дерек алып отырмыз. Қытай, моңғол елдерінде де дерек бар екендігі туралы хабар алдық. Айта берсек, алда атқарар жұмыс көп. Оның бәрі көп болып қолға алынары сөзсіз.
1-жүргізуші: – Иә, Кетбұқа жайлы толыққанды зерттеу енді басталды.
2-жүргізуші: – Алдағы күндерде халықтың қолдауымен әйгілі жыраудың, кемеңгер қолбасшының, көсем бидің еңселі ескерткіші қаламыздың қақ ортасында бой көтеріп жатса, елдің көз қуанышына айналар еді.
1-жүргізуші: – Бұл күн де алыс емес. Бүгінгі уақыт та бізден «Кетбұқадай билерден кеңес сұрауды» артық етпейтін мезгіл. Дауыл соқса да теңселмейтін тамыры терең бәйтеректің қасиеті қандай боларын Елбасы Ұлытаудағы сұхбатында таратып бергенін білесіздер.
2-жүргізуші: – Ал тамыры терең бәйтерек – тарихы терең ел. Кетбұқа баба заманының тынысы, Кетбұқа баба жүріп өткен қилы кезең сол тарихтың тамырының бір талы.
1-жүргізуші: – Ұлытау – ұлы тарихтың сахнасы болған жер. Ұлытау – ұлы жырау, абыз бабаның ата қонысы болған өлке. Ендеше бүгінгі күн «Ұлытау» әнінің тағы бір рет шырқалар күні. Сахнада ҚР еңбек сіңірген әртісі Береке Көшенов.
1-жүргізуші: – Келесі кездескенше сау-саламатта болыңыздар.
2-жүргізуші: – Бабамыздың рухы даламыздың рухын асқақтата берсін!
ТҮРКІ ЖҰРТЫНА ОРТАҚ ТҰЛҒА — КЕТБҰҚА
Жезқазғанда «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігі құрылғаны белгілі. Соған орай бұрын «ұлы жыршы, дәулескер күйші» деп танып келген тарихи тұлғаны одан әрі тереңдеп зерделеу жөніндегі жұмыстар жүргізіле бастады. Қоғамдық ұйымның қолға алуымен «Абыз тұлға, аңыз тұлға — Кетбұқа» деген кітап жарық көрді. Жақында С. Қожамқұлов атындағы театрда осы жаңа жинақтың тұсаукесері өтті.
«Қазақтың Кетбқұасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Бүкіров бүгінгі ұрпаққа Кетбұқа бабаны танытып, насихаттау жөнінде атқарылып жатқан шаралардың барысымен таныстырды. Жезқазған мен Ұлытауда дөңгелек стол, кездесулер өткізіліп, тарихи дректерге назар аудару бағытында келелі әңгімелер қозғалды. Кітап шығару да осы жұмыстардың жемісі. Тарихшылар мен ғалымдардың деректеріне сүйенер болсақ, Кетбұқа шамамен 1195 жылдары қазіргі Ертіс өзенінің бойында дүниеге келген дейді. Ол 1260 жылы Палестин жерінің солтүстігінде Айын-Жалут деген жерде соғыста қаза болған. Кетбұқа түрік текті найман тайпасынан шыққан аса ірі тұлғалардың бірі. Ол Шыңғысханның сүйікті немересі Құлағу ханның ең жоғары әскери қолбасшыларының бірі болған. Шыңғысхан ұрпақтарының батысқа жасаған ұлы жорығында көзге түскен әскери қолбасшы, құдіретті батыр ретінде айтылады профессор Мұхтархан Оразбайдың зерттеулерінде. Ал, белгілі қаламгер-зерттеуші Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» еңбегінде: «Атадан балаға жалғасып жеткен ауыз әңгімеде де, жазба деректерде де Кетбұға Шыңғыс ханның замандасы ретінде мәлім. Яғни, шамамен 1150-1230 жылдар аралығында ғұмыр кешкен адам. Ауызша-жазбаша деректерде Кетбұға ұлы жыршы, дәулескер күйші, көріпкел бақсы, тіптен Шыңғыс ханның хат таныған шежірешісі ретінде баяндалады» делінген. Міне, тарихи тұлғаның өмір сүрген кезеңі жөнінде осындай әртүрлі деректер айтылып келеді. Қазақ даласында сақталған аңызда Кетбұғаның есімі әйгілі «Ақсақ құлан» күйімен байланысты айтылатыны белгілі. Зерделеп, зерттеуді жалғастыру, Кетбұқаны тануды тереңдету осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді.
«Абыз тұлға, аңыз тұлға — Кетбұқа» жинағының тұсаукесерінде халықаралық «Төлегетай» қорының төрағасы, БҰҰ-ның дипломанты Жекен Қалиев «Жезқазғанды қазақ жерінің алтын тұмары» деп бағаласа болар еді деген ойды алға тарта келіп, қаланың тазалығына, жинақылығына ризалығын білдірді. Шыңғыс ханның жанында жүріп түркі жұртының намысын қорғаған Кетбұқаның кемеңгерлігіне тоқталды. Қырғыз елінің Ош шаһарынан келген ел әртісі Фархутдин Батыев Кетбұқаны қырғыз халқының да бабамыз деп қадірлейтінін, «Сақ болғын» деген өсиет жырын бүкіл мекемелер мен мектептерде көрнекі етіп жазып іліп қоятынын тілге тиек етті. Қомызымен «А, ханым» күйін орындап берді. Ұлытау ауданы мен Талғар қаласының Құрметті азаматы, медицина ғылымының кандидаты Туғанбай Жанысбаев ұлығ би Кетбұқа өзінің данышпандығымен ел басқарғанын, Найман мемлекеті кезіндегі қайраткер екендігіне тоқталды. М. Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері, ақын Жүрсін Ерман «Кетбұқа» туралы поэма жазғанын жерлестеріне жеткізді, сол шығармасынан үзінді оқып берді. Сондай-ақ Алматыдан, Қызылордадан, Түркістаннан келген көптеген құрметті қонақтар пікірлерін білдіріп, Кетбұқа тануға өз үлестерін қосты. Қ. Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік мұражай директоры, тарихшы Кенжал Балкенов Кетбұқаның «Ақсақ құланнан» басқа «Нарату», «Жансауға», «Наршөккен», «Терісқақпай» сияқты 14 күйі сараптамадан өтіп, жақында арнайы сертификат алғанын жеткізсе, өлке тарихын зерделеп жүрген Жұмамәди Ибаділдин 1242 жылы Палестинадағы бүлікті басуға аттанған моңғол әскерінің 200 мың қолын Кетбұқа басқарып барған еді деген дерек төңірегінде әңгімеледі.
Иранды, Иракты, Сирияны басып алып, жат жерде билік құрған Кетбұқа абыз жөнінде аңыз көп. Қазір тарихи шежірелер жинақталып, бір ізге түсірілуде. Түркі жұртының даңқын шығарған тұлғаны бүкіл қазаққа таныту, әрі насихаттау жолындағы осындай ізгі қадам жалғаса бермекші.
Амандық РАХҰЛЫ.
(Облыстық «Орталық Қазақстан», қалалық
«Мысты өңір» 12 қыркүйек 2014 жыл).
Достарыңызбен бөлісу: |