Ұлы баба есімі дәріптелді  Жаңа кітап баспадан шықты  Кітап тұсаукесеріне әзірлік



бет7/13
Дата14.11.2016
өлшемі2,23 Mb.
#1713
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   13

Кетбұқаның оралуы



Жезқазған жеріне аяқ басысымен ел-жұрттың көңіл күйіндегі бір серпілісті аңғардық: кеше ғана осы өңірге арнайы келіп, Ұлытау төрінде телесұхбат өткізген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөзінің қызуы бұл төңіректе әлі басылмаған. Екінің бірі «Кеше Елбасымыз Ұлытауға келгенде осылай деген жоқ па еді» деп желпінетін болыпты. Әсіресе, «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Бүкіров, Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік мұражайдың директоры Кенжал Балкенов, істің басы-қасында жүрген Тағамбай қажы Шамбұлов, Қадір қажы Үңгітбаев, Сағындық қажы Қожамсейітов, қала әкімдігінің, мәслихатының басшылары, «Қазақмыс» корпорациясының қызметкерлері, өзге де жұртшылық өкілдері ешкім қамшыламай-ақ, «Ұлытау төріндегі сұхбатқа» сілтеме жасап сөйлегенде көсілте жөнеледі. Барлығы да Президенттің жанашыр үгітші-насихатшыларына айналыпты. «Айналайын Елбасы-ау, ұлттың ұясы атанған Ұлытауға жиірек атбасын бұрып тұрсаңыз, мына халық Сізді дауға да, жауға да бермес тілекшіңіз бола береді ғой» деп ойладым. Жезқазған – Бейнеу теміржолының іске қосылуына орай «Құлжанбайға теміржолмен барамын. Рахмет, Елбасы!» деген арнау сөзім «Егемен Қазақстанның» бірінші бетіне жарияланғанда менің де абыройым көтеріліп қалыпты. Жергілікті газеттердің осы мақаланы көшіріп басқан нөмірі барлық жерлестерімнің қолында жүр. Менің кітаптарымды дұрыс парақтамайтын ағайындарым осы кішкене мақаладан жақсылықтың нышанын аңғарғандай, арқамнан қаққыш болды. Тағы да рахмет, Елбасы!

Жезқазған – Ұлытау аймағында «Қазақтың Кетбұқасы» деген қоғам­­­дық бірлестік құрылып, шұғыл іске жұмылғанынан бұрын да хабардар едік. Бірлестіктің өкілімін деген Кенжал Балкенов қыс айларының бірінде біз қызмет істейтін сирек кітаптар мен қолжазбалардың республикалық мұражайына да келіп, көне сандық­тарымызды ақтарып, қолына құнды ештеңе ілінбеген соң, Қырғыз асып кеткен. Осы бірлестік «Абыз тұлға, аңыз тұлға – Кетбұқа» деген кітапты жарыққа шығарып, тұсаукесер рәсімін өткізуге шақыртқан соң, Жезқазғанға келіп жеттік. Жалғыз біз емес, Алматыдан белгілі қоғам қайраткері, «Төлегатай» халықаралық қорының президенті Жекен Қалиев, «Ана тілі» газеті бас редакторының орынбасары Нұрперзент Домбай, кетбұқатанушы Туғанбай Жақсыбаев та сапарлас болды. Қырғыз елінен профессор Фахреддин Баяқов, Шымкенттен кәсіпкер Әбдіғаппар, Қызылордадан кәсіпкер Дайрабай, Қарағандыдан Жұмамәди бастаған бір топ кісі келіпті.

Сонымен, шартараптан сабылып жеткен елдің басын қосушы Кетбұқа кім демейсіз бе? Көбіміз оны Жошының қазасын «Ақсақ құлан» деген күйімен Шыңғыс ханға естіртуші ержүрек өнерпаз ретінде естіп-біліп едік. Мұха­меджан Тынышбаев болса, 1925 жылғы кітабында «Кетбұқа – көне замандағы қазақтың ең ұлы абызы, сыйынатын пірі» деп жазып кетіпті. «Ұлы жыраулардың ең ескі дәуіріндегі Ұлы ұстазы Қорқыт (VІІ-VІІІғ.ғ.). Одан кейін ХІІІ ғасырда жасаған Аталық жырау, «Ақсақ құлан, Жошы хан» күйін орасан көп халықтың ортасында тартып беріп, музыка үнінің кереметін танытқан Кетбұқа еді» деген байлаулы сөздің иесі – Әлкей Марғұлан. Ал Сирияға барған сапары кезінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Кетбұқа бабамыз түбі бір түркіге ортақ ұлы тұлға» деп толғанған екен.

Осыдан кейін «Қазақтың Кетбұқасы» атты бірлестіктің төңірегіне топтасып, іске жұмылған ағайынның шаруасы өрге баспауы мүмкін бе? Тұсауы кесілген кітаптың ішінде Кетбұқаға байланыс­ты әзірге қолға түскен деректің баршасы жинақталған екен. Өз басымыз кезінде профессор Тұрсын Жұртбайдың «Дулыға» деген қос томдығынан «Кетбұқа» деген тарихи әфсананы оқып, ұлы жырау, кемеңгер би, құдіретті қолбасшының өмір дерегімен танысқан едік. Тұрсын да Ақселеу Сейдімбектің «Даланың ауызша тарихы» атты күрделі еңбегіне сілтеме жасап отырушы еді. Ақаң да өзінен бұрынғы ғалымдардың, шежіре қарттардың, Лев Гумилевтің тұжырымдарына арқа сүйейді. 1184-1260 жылдардың арасында ғұмыр кешкен Кетбұқа Ұлытау аймағында өмірге келіп, Шыңғыс хан мен Жошы ханның кеңесшісіне айналып, Жошы баласы Құлағудың аталығы болып, Шыңғыс хан империясының тұтас түменін басқарып, араб елдерін жаулауға аттанып, 1260 жылдың 3 қыркүйегінде әйгілі Айн-Джалут шайқасында мәмлүк Құтыздың алмас қылышынан опат болған қол­басшы. Құтыздың қаскүнемдігіне күйіп кеткен Бейбарыс екі күннен кейін тағында отырған Құтыздың басын кесіп алған. Тарихтың тегершігі қалай-қалай айналады десеңізші!

Жезқазғандағы С.Қожамқұлов атын­дағы театрда Кетбұқаға арналған жиында Қырғыз елінің халық әртісі Ф.Баяқов бабамыздың «А, ханым» атты күйін комузбен күңірентті. Қырғыз бауырлар да «Кетбұқа» деген қор ашып қойыпты. Фахреддиннің айтуынша, ұлық жыраудың «Сақ болғын, ұрпағым, сақ болғын» деген өсиет өлеңі әсіресе Ош облысында көрнекі жерлерге жазылып қойылса керек. Түбі бір түркінің ұлы тұлғасы деген сөздің анық дәлелі осы ма дедік.

Жиыннан соң ұбап-шұбап Жошы ханның астанасы болған Орда Базар қаласының орнына аттандық. Бізбен бір көлікке мінген Жұмамәди Ибадилдин осы Жезқазған қаласын он жыл басқарған, кезінде Парламент сайлауына түскен кезімде мені өткізбеуге барлық айла-амалын қолданып баққан құрдасым еді. Жеңілген кісі ретінде Жұмамәдиді көп шенеуніктің бірі ғой деп жақтырмаушы едім, осы сапарда оның ел тарихын, ескі әңгімелерді жетік білетін шежіреші, көп тарихи деректерді зерделеуші ойлы қалпын танып, жақсы көріп кеттім. Кетбұқадан бері тартып, кеше осы өңірді билеген Бұзау болыс, ел басқарған Бидаш ана, Қадір, Бабыр, Шегір, Сандыбай билер туралы байтақ әңгімелерін естіп, жатқа оқыған өлеңдерін тыңдап, сүйсіндім. Көшті бас­тап, қонақтарға елді-жерді таныстырып жүрген Кенжалдың баян­дауларына қосқан түсіндірмелері мүлде терең. Кезінде Ұлытаудың тарихи-мәдени ескерткіштерін қалпына келтіруге бөлін­ген бір миллион доллардың желге ұшып кеткен шағында «Қазақмыстың» қожасы Юн мырзадан қолқалап жүріп 50 мың доллар алып, Жошы хан кесенесін жөндеуден өткізген осы Жұмамәдидің қайратын жергілікті жұртшылық жақсы білсе керек. Мәскеудегі Герасимов зертханасынан мамандар шақыртып, Жошының мүрдесін аштырып, бейнесін жасатқан да осы Жұмамәди. Хан кесенесінен 700-800 қадам жердегі биік төбе басындағы көмулі кесенені зерттеткен де осы кісі. Зираттан табылған 206 сантиметр қаңқаны Естеми қағанға теліген жорамалының ар жағында көп ғылыми дәлелдері бар екен.

– Оны азсынсаң, Алаша хан мазарында жатқан – Бумын қаған екенін де дәлелдеп шығамын. Сәл уақыт керек болып тұр, – дейді Ж. Ибадилдин. Бұл дерегіңді Күлтегіннің рухын жаңғыртып жүрген Мырзатай Жолдасбеков пен Иманғали Тасмағамбетов естісе, қалай қуанар екен деп іштей ойлап қойдым. Түрік қағанатының көсемдерінің мүрдесі Алтын Орданың жұртынан табылып жатса, қисынға келмейтін несі бар?!

Шыңғысханның көрегені болған Домбауыл кесенесінен кейін Ұлытаудың өзіне бет түрдік. Кенжал тағы да Елба­сының 22 тамыздағы сұхбатынан үзінді сөйледі. «Ұлытаудың орыны бір басқа… Жаздыгүні осы жерді жайлаған қазақ малын Ұлытаудың етегіне айдап келеді. Батыстан да, Оңтүстіктен де, Солтүстіктен де, Шығыстан да ағылады. Мына таудан бұлақ ағады, төңірегі жайылымға қолайлы. Мыңдаған, миллиондаған мал жатса да көрінбейтін шүйгін дала болған. Бар қазақ жан-жақтан келген соң, киіз үй тігеді, ат шаптырып той жасайды. Осы жерде қыз ұзатады, баласын үйлендіреді. Бір-біріне құда болып тарасады. Мына елдің қызы былай кетеді, ана елдің жігіті мына жақтан қыз алады. Еліміз осылай араласады. Қазақтың кең даласында диалект сөздің жоқтығы содан деп ойлаймын». Елбасының осы сөзі қазақ өміріндегі Ұлытаудың тарихи орнын қайтадан белгілеп берген жоқ па деп шалқиды Кенжал. Осы сөзге еліккен – Шымкенттегі «Айғақ» теледидарының қожасы Дулат Әбіш басқарған түсі­рушілер тобы кеше ғана Елбасы сұхбат берген алаңқайдан кино түсіреміз деп, елімізге апарып көрсетеміз деп дүрлігіп, аққайыңдар арасына сұғынып барады. Елбасы айтқан Әулиебұлақтан су ішіп, ауылдың төр жағында тұрған Кетбұқаның тас ескерткішіне тәу етуге келдік. Бұны осыдан бірер жыл бұрын әкім Әбдіғали орнатқан екен. «Қазақтың Кетбұқасы» аталған бірлестік бұдан да сұңғақ ескерткішті Жезқазғанға, тоғыз жолдың торабына орнатпақ. Қазірдің өзінде халық ескерткіш қорына 11 миллион теңге құйып үлгерген. Бірлестік әкімшілік пен Үкімет, «Қазақмыс» корпорациясы тарапынан да елеулі жәрдем дәметеді. Несі бар, бүкіл ұлттың ұранына айналуға лайық тұлғаға ел болып ескерткіш орнатып, қазақ баласын ерлік пен бірлікке, рухани тазалыққа тәрбиелеп жатсақ, елдігіміздің, мемлекеттігіміздің озық өнегесі сол болмақ. Бір келелі кеңес үстінде біз өз тарапымыздан осы болашақ ескерткіштің жобасын асықпай талқылап, конкурс жариялап, Кетбұқадай кемеңгер қолбасшы, ұлық жырау, дуалы ауыз биге лайық асқақ белгі орнату керек деген лебіз білдірдік. Қазіргідей өңкей атқа мінген, найза ұстаған, бір-біріне егіз қозыдай ұқсас батырларымыздың көп ескерткіші ерлік дәстүріміздің қадірін кетіреді, қасиетін қашырады. Бізге әрі асқақ, әрі жүрегімізге жақын, көзімізге ыстық тас тұлғалар керек. Мағыналы ескерткіш арқылы батыр бабаларымыздың қаны өз тамырымызда бүлкілдеп жатқанын сезінсек дейміз.

Нұқыса нар шөктірген Найман батыр,

Демеңдер дерексізге айналды ақыр.

Айнаға бір қарашы – өзің болып

Ер Кетбұқа бабаңыз айнаңда тұр,

– деп жыр жазғанда осы жалғастықты, осы ұқсастықты аңсап едік.

Бір ойды бір ой қозғайды. Кетбұқа мен Келбұқадан тараған ұрпақ Балталы-Бағаналы деген аталық болып, Ұлытау төңірегінде туырылып отырса, бүкіл Найманның атасы саналатын Төлегатай баба Сырдың бойында дамылдап жатыр. Ұрпақтары осыдан 5-6 жыл бұрын көркем кесене тұрғызып, жыл сайын сол жерде ас беріп, жиын өткізуді дәстүрге айналдыруда. Жаңақорған кентінен кесенеге дейін апаратын 20 шақырымдық жолға Кәрім Қажымқанұлы Мәсімов асфальт төсетіп берді. Биыл да 10 қазан күні бүкіл қазақ елінің түкпір-түкпірінен жүздеген адам сонда жиналып, ел бір­лігіне, ұлт тұтастығына дұға жасап, тілек қоспақ. «Төлегатай» қорының президенті Жекен Қалиев:

– Төлегатай бабасына ас беруді мой­нына алған кәсіпкер Болат Са­дық төрт қыздан кейін аңсаған ұлын сүйді, бабасына арнап поэма жазған Несіпбек Айтұлы қолы жетпей жүрген Мемлекеттік сыйлықты өңгеріп әкетті, – деп жарнама жасап жүр. Бұл дәлел де дәйексіз емес секілді.

Әлқисса, қазақтың Кетбұқасы туралы әңгімеміздің соңына шығайық. Сегіз ғасырдан артық уақыт араға түскенімен, ұлық би, абыз жырау, көрнекті қолбасы туралы жазба дерек те, аңыз-әфсаналар да көп сақталған. Тұсауы кесілген кітапта осының біразы жинақталғанмен, іздестіру шаралары әрі қарай жалғаса бермек. Оның оң нәтиже беретініне күмән жоқ. Қазақ елінің ұлт болып ұйысуының бастауында тұрған, артында игілікті істер, сұңғыла сөздер, көркем күйлер қалған ұлы тұлғаның өнердегі бейнесі де жасампаз шығармашылық иелерін тосып тұр.

– Киноға сұранып тұрған тұлға ғой,– дейді абыз Асанәлі Әшімов. Спек­такльдер қойылып, дастандар жазылып жатса, құба-құп.

– Кетбұқаның 14 күйін нотаға түсіріп, сарапшылардың келісімін алдық,– дейді К.Балкенов. Өз тарапымыздан бір наз қостық.

– Мәди Бапиұлы «Үшқара», «Қар­қаралы», «Қаракесек», «Шіркін-ай» деген төрт-ақ әнімен арқаны әуенге бөктіріп, қазақтың ұлы өнерпаздарының қатарына қосылды. Дәулескер күйші, шертпе күйдің асу бермес биігі Тәттімбеттен он бір-ақ күй қалды. Абайдың ұлы Ақылбай бізге М.Әуезовтің айтуымен жеткен жалғыз-ақ жұлдызды әннің авторы. Жарылғапберді «Шама», Мұқаметжан «Жиырма бес» деген бір-бір әнімен елді баурады. Сегіз ғасыр бұрын өмір кешкен Кетбұқаға сонша күйді тели беру керек пе? Соның бәрі жауһар ма? Осыны да бір ойласайықшы,– дедік.

Кетбұқадан ғасырлар асып жеткен көздің жасындай мұраға иелік жасап, оның өнегелі өмірі мен рухын жас ұрпақтың қажетіне асыра білсек, ұлтқа тұлға болар ұлы адамның шапанының шалғайы исі қазақ баласының бірлігі мен ынтымағына ық болуға жарайды.

Қайта оралған Кетбұқаның тағылымы осы.

Жүрсін ЕРМАН,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

(Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінен, 12 қыркүйек 2014 жыл).

«Кетбұқа – құдіретті асыл баба»

Тәуелсіздіктің дәмін тата түскен сайын тарихымызға да тереңдей бойлап барамыз. Мұны да жақсылыққа жорыған жөн. Өйткені өткенімізді, әсіресе ұлы тұлғаларымызды білу, тану арқылы рухымыз тасып, өмірге құштарлығымыз арта түсері анық. Рухы күшті елдің жеңбес қиындығы, орындалмас мақсаты болмақ емес.

Қазақтың мақтаныш етер айбынды да, айбарлы ұлдарының бірі, бүкіл түркі тілдес халықтарға ортақ тұғырлы тұлға Кетбұқа бабамыз еді. Жасыратын несі бар, біз ұлы бабамызды әлі толық танып, білген жоқпыз. Бұл жерде «Кетбұқа жөнінде ештеңе жазылмаған ба?» деген жаңсақ ой тумау керек. Жазылған  дүниелер бар. М.Мағауиннің, А.Сейдімбековтің, Т.Жұртбаевтың, Қ.Ахметовтің… еңбектерінде баба бейнесі кездеседі. Л.Н.Гумилев, Г.Н.Потанин де баба туралы пікірлерін білдіреді. Қазақ тарихын зерттеуге үлесін қосқан М.Тынышбаев: «Кетбұқа – аңыз бойынша көне замандағы қазақтың ең ұлы абызы, сыйынатын пірі, бақсылар осы күнге дейін оның атын атап, аруағын шақырады» дейді. Әйгілі ғалым Әлкей Марғұлан да уақытында тиісті бағасын берді: «Ұлы жыраулардың ең ескі дәуіріндегі ұлы ұстазы – Қорқыт (VII-VIIIғғ.). Одан кейін ХІІІ ғасырда жасаған Аталық жырау. «Ақсақ құлан», «Жошы хан» күйін орасан көп халықтың ортасында тартып беріп, музыка үнінің кереметін танытқан Аталық жырау (шын аты Кетбұқа, кейбір жерде Кербұқа) еді». Осы пікірлерден аңғарылатыны Кетбұқа көбінесе жырау, күйші ретінде айтылады. Біздің Ұлттық энциклопедияда да тұлғаның осы  қырлары ғана сөз етіледі. «Кетбұқа (Кетбұқа деп түсініңіз – Авт.) (шамамен 1150-1225) Анықтау керек. Жошыны 1227 жылы өлді дейтін болсақ, сонда Кетбұқа Жошының қазасын қалай естірткен? – Авт.) – жырау, күйші, аңыз кейіпкері. Орта жүз құрамындағы найман тайпасының бағаналы тармағынан шыққан». Аңыз бойынша жыраудың Жошы өлімін әкесі Шыңғыс ханға қалай естірткені көпшілікке мәлім болар.

Теңіз бастан былғанды,

Кім тұндырар, а, ханым?

Терек түптен жығылды,

Кім тұрғызар, а, ханым? – деп үн қатқан жырау мұнан соң сай-сүйегіңді сырқыратар зарлы күйді төге жөнеледі. О баста «Ұлдарымның жаманат хабарын естірткендерге өлім бұйырады» деген хан күйді аңыратқан домбыра шанағына күміс балқытып құйғызады.

Кетбұқа сонымен қатар қолбасшы­лы­ғымен де танылған. Соның бір ғана дәлелі Сириядағы Айн-Жалуд деген жерде болған қантөгісте моңғол әскеріне басшылық еткені. Бұл даңқты қолбасшы қатысқан соңғы сұрапыл шайқасы болатын. Осы жерде демі үзіледі.

Кетбұқа жөнінде сөз қозғауымызға, ой толғауымызға не себеп болды? Таяуда ғана Арқа төсіндегі Жезқазған жұрты көп көңілінен шығар тағылымды істің тындырылуына ұйытқы болды. Әлгінде ғана өзіміз тілге тиек еткен жырау, күйші, би, қолбасшы Кетбұқа туралы жазылған «Абыз тұлға, аңыз  тұлға Кетбұқа» деген кітаптың тұсаукесері болды. Мұның тұсаукесер деген аты ғана. Ол жан-жақтан жиналған қонақтардың қатысуымен келелі жиын түрінде өтті. Сырттан келгендер жиын алдында Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Б.Ахановтың қабылдауында болды. Одан әрі Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайына және Қ.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік мұражайына ат басын тіреп, өңірдің өткенімен және бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты «Қазақмыс» корпорациясының мұражайында болғанда  «Жезқазғантүстіметал» өндірістік бірлес­тігінің Бас директоры Саят Бәкіров маңызды іске өздерінің де үлес қосып жатқандарын жеткізді.

Кітап өткен жылдың аяғына таман жергілікті жерде құрылған «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен жарық көрген. Қордың алғашқы басқосуында кемеңгер тұлғаны одан әрі зерделеу, есімін жаңғырту, мыс шаһарының көрікті жерінде ескерткіш орнату мәселелері көтерілген.


Тұсаукесер салтанатында алдымен сөз алған жоғарыда айтып өткен бірлестік төрағасы, руханиятқа жанашыр азамат Төлеген Бүкіров былай деді:
– Бірлестік мүшелері жұртшылықпен кездесулер барысында арамызда әлі де болса бабаның өмірімен жеткілікті таныс емес жандар барына көз жеткізді. Сондықтан біз ең алдымен Кетбұқа бабамыздың өмірінен сыр шертетін кітап шығаруды қолға алдық. Бүгінге дейін баспа бетінде жарияланған дүниелерді жинақтап, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Ақыры жоспарымыз жүзеге асты. Бүгін сол қуанышты сіздермен бөлісіп отырмыз.
Бұдан кейін сөз алған қоғам қайраткері, ардагер дипломат Жекен Қалиев, Қараған­ды облысында жауапты қызметтер атқарған, өңір тарихына жетік Жұмамәди Ибаділ­дин, медицина саласының ардагері Туған­бай Жанысбаев, өлкетанушы Кенжал Балке­нов бабаны танытудағы басталған іске сәт­тілік тіледі. Қазақтың белгілі ақыны Жүрсін Ерман бабаға арналған поэ­масынан үзінді оқыды:

Ұлытау,


Ұлық тастар,

Жасыл дала.

Қасиет қожыр-қожыр тасында ма?

Көзіме Ұлытау боп елестейді,

Кетбұқа – құдіретті асыл баба.

Бұл тауға ішкен асым келді сіңбей,

Адамды адам сүйе алмас елді сүймей.

Ошарылып жатыр ма ошақ тастар,

Бабаның қойып кеткен белгісіндей, деген жыр жолдары жиналған қауымның ықыласына бөленді. Көңілді толқытып, жүректі тебіренткен ендігі бір көрініс – Қырғыз елінен келген өнер иесі, профессор Фахирдин Баяқовтың орындауындағы бабаның «Ай-ханым» күйі еді. Жошының қазасын естірткен күй, сірә, осы болар. Өйткені ботадай боздаған күй сарынынан «Жошы өлді, Ай-ханым» дегенді білдіретін зарлы үнді бірден байқауға болар еді. «Шіркін, өнер құдірет-ай!» дедік таңырқап. Бәрінен бұрын басқа түскен қасіретті күй арқылы жеткізе білген күйшінің шеберлігін айт­саңызшы! Бұл күні мәлім болып отыр­ғанындай Кетбұқаның он төрт күйі арнайы сараптамадан өтіп, тиісті құжатқа ие болған.
Жиынға қатысушылар бұдан әрі Ұлытау ауданына аттанып, Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл мазарларына соғып, өзге де тарихи орындарды аралады. Аудан әкімі Х.Омаровтың қабылдауында болып, таяу арада 75 жылдығы аталып өтетін ауданның бүгінгі тірлігіне қанықты.
«Қазақтың Кетбұқасы» бірлестігінің ендігі мақсаты Жезқазған қаласында Кетбұқаның елге ұялмай көрсететін бірегей ескерткішін орнату. Бұл мақсаттың да ойдағыдай орындалатынына көзіміз анық жетті. Бұлай дейтініміз, осы істің басы-қасында жүрген Бауыржан Шыңғысов, Советбек Медебаев, Аллияр Жарасбаев, бірлестік төрағасы Төлеген Бүкіров секілді басқа да ұлт мүддесін көбірек ойлайтын азаматтардың сөздерінен, қимыл-қарекеттерінен осыны аңғардық.

– Ел сенім артқан қызметте жүргеннен кейін соңымызға жұрт сүйсінерлік бір белгі қалдыру парызымыз. Сол белгіміз – бабамызға арналған еңселі ескерткіш болуы тиіс, – деген кезінде Жезқазған қаласына басшылық жасаған, қазіргі күні «Қазақмыста» жауапты қызмет атқаратын Бауыржан Шыңғысов ініміздің сөзі бүгінгі ұрпақтың намысшылдығынан, елжандылығынан хабар бергендей.

Түйіп айтқанда, жезқазғандық бауыр­ларымыз қазақтың біртуар перзенті Кетбұқаға қатысты деректерді жинақтап, зерттеуге, зерделеуге бел шеше кіріскен. Олар мұны тарихымызды түгендеуге бағытталған игілікті істердің бір парасы санайды. Бұған, әрине, қуанасың. Өз жүрек қалауларымен елдік істі қолға алған азаматтарға тілеріміз тек баянды сәттілік.

Нұрперзент Домбай.

Жезқазған қаласының Құрметті азаматы

(Республикалық «Ана тілі» газетінен, 12 қыркүйек 2014 жыл)

Ағалық аманат
Тәуелсіздіктің арқасында ізі бар да өзі жоқ, көміліп қалған мәдени мұраларымыз бен өнегелі істері елімізге тұтқа болған қадірлі де қасиетті тұлғалардың бейнелерін ашып, олардың сыры мен шынын ашық айтуға әрі жазуға күн туды.

Соның бірі аты аңызға айналып, тапқырлық істерін ертегідегі кейіпкерлерге ұқастып жүрген Кетбұқа бабамыз, шын мәнінде өмірде болған тарихи әрі дара тұлға еді.

Тоталитарлық тәртіптің ыңғайында жүріп, бабамыз туралы еркін сөз айта алмадық десек те, бұл кісі туралы ілгері мемлекеттердің мұрағаттарында мағлұматтар сақталып келеді. Израиль, Палестина, Сирия, т.б. мемлекеттерде мыңғұлдық әскерлерді басқарып барып, ел билігін қолына ұстаған жан. Аталған елдердің патшалар тізімінде бар тұлға. Сондықтан да, Кетбұқа – күллі «Қазақтың Кетбұқасы». Дәл осындай атауымен Жезқазған өңіріннің азаматтары 19.12.2013 жылы «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігін құрды.

Осы жылдың тамызында жезқазғандықтар Республикалық ғылыми конференция ұйымдастырып, алдағы маңызды зор іш-шараларды ел назарына ұсынды.

Конференцияда қоғам қайраткері, «Төлекатай» Халықаралық қайырымдылық қорының президенті Жекен Қалиұлы ұтқыр ойлар, жалынды құттықтаулар айтып, қатысқандарға жігер берді. Ел разы. Ендігі мақсат – Жезқазған, Сәтбаев қалаларының ортасыннан баба атындағы тарихи-этно мәдени мемориалдық кешен тұрғызу әрі Ұлытаудың төрінен Кетбұқа ескерткішін орнату. Қажет қаражат Республика көлемінде қауырт жиналып жатыр. Бұл ұлы асардан тыс қалмайық, қадірлі ағайын!

«Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігіне қаржылай жәрдем берем деген патриот азаматтар болса, онда ол кісілердің қаперіне бірлестіктің реквизитін ұсынамыз:



Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы, Жанасов көшесі, 6 үй.

БИН 131240014719 ОКПО 52467859 Код ОКЭД 94990

Есеп шоты: КZ929650000071698423

Альянс Банк акционерлік бірлестігі.

БИК IRTYKZKA
Нұридін Балқияұлы

«Төлекатай» Халықаралық қоғамдық қорының

Алматы қалалық филиалының төрағасы,

профессор,

(Республикалық қоғамдық-құқықтық

«Қарыз бен Парыз» газетінен, қазан 2014 жыл.)


Әуежайда қарсы алу






Каталог: attachments -> article
article -> ҚазақТҰтынуодағЫ
article -> История финансовой науки и ее развитие в России
article -> Програма за развитие на читалищната дейност в община пещера за 2016 година
article -> ҚазақТҰтынуодағЫ
article -> «мемлекеттік қызмет этикасы» пәні бойынша
article -> Абыз тұЛҒА, АҢыз тұЛҒа кетбұҚа жауапты редакторы
article -> «Мемлекеттік қызмет этикасы» пәні бойынша
article -> Элективті пәндердің каталогы Мамандық 5В090500 «Әлеуметтік жұмыс» (оқу мерзімі – 4 жыл, оқу тілі – қазақ) Қарағанды – 2014-2015


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет