«Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің
төрағасы Төлеген БҮКІРОВ:
– ...Ардақты ағайын, өздеріңіз отырған осы залда «Қазақтың Кетбұғасы» атты қоғамдық бірлестіктің тұсауы кесілген еді. Сол жиналыста бірлестіктің Жарғысы бекітілді, тексеру комиссиясы сайланды. Әділет басқармасынан тіркеуден өтіп, 2014 жылдың алғашқы айынан бастап жұмысқа кірісті. Осы уақыт ішінде мекемелерде, оқу орындарында бірқатар кездесулер өткізіп, Кетбұқа бабамызды қалың көпшілік арасында насихаттауды мақсат тұттық. Сондай кездесулерді Сәтбаев қаласында да ұйымдастырдық. Сәтбаев қаласында, сондай-ақ Ұлытау ауданында «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің бөлімшесі құрылды. Жергілікті газеттерде Кетбұқа бабамыз туралы көптеген мақалалардың шығуына ықпал болдық.
Бұл кездесулерде көпшілік тарапынан көптеген ұсыныс-пікірлер айтылды. Әсіресе, Кетбұқа туралы бұрын-соңды ғалымдар мен жазушылар жазған туындылардың басын қосып, бір кітапқа жинақтасаңыздар екен деген ойлар көп айтылды. Бірлестік төралқасының ұйғарымымен бүгін, міне, қолдарыңызға тиіп отырған «Абыз тұлға, аңыз тұлға Кетбұқа» атты кітап жарық көрді. Кітаптың Астана мен Алматыда кеңінен тарауын қолға алып жатырмыз. Көптеген кітапханаларға тегін берілді. Жезқазған өңірі халқына кітап сатылып жатыр. Бұдан түскен қаржы «Кетбұқа» қорын толықтырмақ.
«Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің ұстанған басты мақсаты – Жезқазған қаласының көрнекті бір тұсына бабамыздың ескерткішін орнату. Еңселі ол ескерткішті халық тұрғызады. Соған орай бірлестіктің банктегі есепшоты ашылған, бірлестік реквизитін осы кітапқа кіргізе отырып, көпшілік назарына ұсындық.
Бірлестіктің негізгі мақсаты тек ескерткіш орнату ғана емес, сонымен қатар Кетбұқа бабамыз туралы ғылыми зерттеулерді кеңінен ұйымдастыруға ықпал етсек деген ойдамыз. Осы мақсатты ұстана отырып, қазірдің өзінде хабарласып, қозғау салып, өтініш-тапсырма берген тарихшыларымыз бар. Олар арнайы зерттеу кітаптарын жазуға кірісіп кетті. Ал, мына бүгінгі тұсаукесері өтіп жатқан жинақ Кетбұқа баба жайлы толғамды дүниелердің бастамасы ғана. Алда жазылар еңбек те, айтылар ғылыми ойлар да көп боларына біз нық сенімдеміз. Осы тұсаукесерді өткізудегі көздегеніміз де игі іске бастама болса екен деген ой. Осы басқосуға келгендеріңізге зор ризашылығымды білдіруге рұқсат етіңіздер.
1-жүргізуші: – Кетбұқа есімі атала қалса есімізге алдымен Жошының өлімі туралы, ол қазаны естірту туралы әңгіме түседі. 55 жолдан тұратын сол естірту былай басталатын.
2-жүргізуші: –
Кетбұға жырау:
Теңіз бастан былғанды,
Кім тұндырар, а, ханым?!
Терек түптен жығылды,
Кім тұрғызар, а, ханым?!
Шыңғыс хан:
Теңіз бастан былғанса,
Тұндырар ұлым Жошы-дүр.
Терек түптен жығылса,
Тұрғызар ұлым Жошы-дүр.
Көзің жасын жүгіртед,
Көңілің тұлды болмай ма?!
Жырың көңіл үркітед,
Жошы өлді болмай ма?!
Тұсаукесерде сөйленген сөздердің ықшамдалған нұсқасы жарияланды.
1-жүргізуші: – Ауызынан жалын атқан қатал қаған мен хан кеңесшісі Кетбұқа! Жошының өлімі! Сол қайғылы қазаны қара домбыра күңіреніп жеткізгені жайлы аңыз жетті бізге. Көмейіне қорғасын құйылған домбыраның құдіретіне де, сол домбыраны сөйлеткен Кетбұқаның да кереметіне таң қалмай көріңіз енді.
2-жүргізуші: – Әйгілі естірту күйі «Ақсақ құлан» аталып қалды тарихта. Бір сәт сол «Ақсақ құлан» күйіне құлақ түрелік. Сахнада күйші Әнуар Керімов.
Күй. «Ақсақ құлан». Ә.Керімов.
1-жүргізуші: – Жақында Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан «Абыз тұлға, аңыз тұлға – Кетбұқа» атты кітап жарық көрді. Көлемі 20 баспа табақ. Таралымы 3000 дана. Құрастырушы – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Шахмұрат Ибадатов.
2-жүргізуші: – «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің демеуімен шыққан бұл жинаққа әр жылдарда жарық көрген ғылыми-зерттеу мақалалар, тарихи әпсаналар, пьеса, өлеңдер енді.
1-жүргізуші: – Үш бөлімнен тұратын көлемді жинақтың оқырманға берері мол. Ал бұл - Кетбұқа баба жайлы жазылған кітаптың бастамасы ғана.
2-жүргізуші: – Құттықтау сөз қоғам қайраткері, халықаралық «Төлегетай» қорының төрағасы, Астана қаласынан келіп отырған қадірлі қонағымыз Жекен Қалиев ағамызға беріледі.
Біріккен Ұлттар Ұйымының дипломанты, халықаралық «Төлегетай» қорының төрағасы Жекен ҚАЛИЕВ:
– Менің Жезқазғанға көп жылдар салып екінші келуім. Осы жолғы алған әсерім ерекше болып жатыр. Қаланың көркі, көшенің тазалығы, халқының шат-шадыман көңілі – міне, осының бәрі біздің Қазақстанымыздағы көрікті қаланың бірі Жезқазған деген ойға жетеледі. Бұл өңірдің тарихи өткені де керемет. Берісі Сәтбаев осы қаланың негізін қалап, осы жердің байлығын ел игілігіне айналдырды. Осылайша біздің қазақ халқының даңқын бір шығарса, ал ежелгі тарихымызды алсақ, Кетбұқа заманы ауызға оралады.
Бүгін әңгімеге өзек болып жатқан Кетбұқа туралы кітап жайлы айтсақ, ол жұртшылықтың еңбегі. Өте риза боларлық іс. Кім болсақ та, туған жерімізді құрметтейміз ғой. Мен Жетісудан келіп отырмын. Қазіргі жұмысым – Біріккен Ұлттар Ұйымында қызмет атқарамын. Астанада тұрамын. Халықаралық деңгейде жұмыс атқарып жатырмын.
Менің риза болатыным, халқымыздың болашағын ойлаған Кетбұқаны дәріптеудің бүгінде ерекше қолға алынып жатқаны. Еліміздің негізін қалап, Шыңғыс ханның кеңесшісі бола жүріп, жалпы түркі халқының намысын жыртуы – ұлылық. Сол бабамызға арнап осындай кездесу өтілуі маған өте ұнап отыр. Осыған қарап, ұлтымыз осындай дәрежеде екенін, тарихы тереңде екенін, жері кең екенін, жер қойнауындағы кен байлығы қандай көп болса, өткен тарихында да жас толқын ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық елін сүйген тұлғаларымыз бар екенін мақтан тұтамыз.
Менің көп жылғы қызметім халықаралық байланыс жөнінде болғандықтан да қай мәселені болсын салыстырмалы түрде қараймын. 76 шетелдік мемлекетті араладым. Сондықтан мына ықшамды қала Жезқазғанды тіпті дүние жүзіндегі әдемі қалалардың бірі ретінде санаймын. Сіздер ежелгі замандағы бабамыз Кетбұқаны уағыздауларыңызбен көңілге көрікті ой ұялатып отырсыздар.
Достарыңызбен бөлісу: |