1-жүргізуші: – Құрметті жерлестер! Жезқазған жерінде өтіп жатқан бүгінгі кездесуіміздің дауысы республиканың біраз жеріне жетті. Жұмыс бабына байланысты келе алмай қалған қонақтарымыз да бар. Жақсы бастамаға қол соғып, қуанған қонақтарымыз ыстық лебіздерін жеделхат тілінде жіберген екен.
2-жүргізуші: – Сол жеделхаттармен таныстырып өтейік.
1-жүргізуші: – Құттықтау сөз Медицина ғылымдарының кандидаты, Ұлытау, Талғар аудандарының Құрметті азаматы, «Қарсақбай-Жезқазған» гимнінің авторы Туғанбай Жанысбаев ағамызға беріледі.
Алматыдан келген Медицина ғылымдарының кандидаты,
Ұлытау және Талғар аудандарының Құрметті азаматы
Туғанбай ЖАНЫСБАЕВ:
– Біраз кітаптарды оқып, көңілге түйгенім: 16 жыл соғысып, Шыңғыс ханның алдында тізе бүгуге тура келеді. Сол кезде батырлығымен көзге түскен Кетбұқа Шыңғыс ханға барып: «Біз сіздің әскеріңіздің қатарына кіреміз. Бірақ сізге қояр талабымыз бар. Ол – қазақтың қаны төгілмейді, қазақтың тілін, салт-дәстүрін сақтайсыз, біз тиісті салықты төлеп тұрамыз», – дейді. Содан кейін қазақ халқы отыз жылдай Европадан да, мына жақтағы Ресейден де, одан қалды Қытайдан да зорлық көрмей, жайбарақат, қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын заман болып, бейбіт тірлік кешкен. Бұл – Кетбұқаның арқасы. Исі қазақ Кетбұқаға қарыз дейтініміз сол.
Көптеген ғылыми еңбектерде жазылғандай, қазақ тек қой бағып, аттың үстінде ғана жүрмеген. Өркениетке, мәдениетке өзінің үлесін қоса білген. Мәселен, қазір Кетбұқаның 14 күйі табылып, жинақталып, «Алтын қорға» кіргелі жатыр. Бабамыз жырау ретінде де танымал. Ол кезде негізінен жазба әдебиеті болмағандықтан, бізге жырларының тек шағын үзінділері ғана жеткен.
Бұл жоғарыда сөз етілген Кетбұқаның батырлық, күйшілік және ақындық қырлары – көпке мәлім тұстары. Әлі де зерттей түсуді қажет етеді. Бұл іс бұрынғыға қарағанда жаңа арнаға түскен тәрізді. Оған бір дәлел, Премьер-Министр Кәрім Мәсімов арнайы өзінің хатымен Кетбұқаны әрі қарай тереңдетіп зерттей түсу туралы тарихшыларға тапсырма берді. Ол хат, міне, менің қолымда тұр.
Бүгінгі кітаптың тұсаукесері – үлкен істің басы. Шынын айтуымыз керек, көзі ашық дейтін біздің өзіміз Кетбұқаны енді біліп жатырмыз. Мына бірлестіктің құрылғаны қандай жақсы болған. Бұл қоғамдық бірлестік Кетбұқаны дәріптеудегі осы ісін әрі жандандыра түссе нұр үстіне нұр. Тарихшы ғалымдардың басын қосып, ғылыми-теориялық конференция өткізсе қандай орынды болар еді.
Кетбұқаны жалпы Қазақстан бойынша әр-әр облыста дәріптеу іс-шаралары қолға алынса, мен ойлаймын, исі қазақ болып барлық жұртшылық атсалысады деп ойлаймын. Мәселен, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, атақты ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет менен сәлем айтып жіберді. Өзі Қазанға іссапармен жүріп бара жатқандықтан осы жиынға келе алмады. Сіздерге сәлемін жолдап, Кетбұқа туралы қандай да материалды ақысыз-пұлсыз жариялауды өз міндетіне алатындығын айтты.
Сөз соңында, іске сәт дейміз. Кетбұқаның әруағы қолдасын!
1-жүргізуші: – Кетбұқа – жыраулық өнердің басында тұрған дарын иесі ретінде де бағаланады. Әдебиеттанушылар Кетбұқа, Сыпыра, Қотан сияқты жырауларды жыраулық өнердің басы деп есептейді.
2-жүргізуші: – Деректерге сүйенсек, Кетбұқа өз кезінде «Ұлы жыршы» деген атақ алған. Кетбұғаның шығармалары халық арасына кең тараған.
1-жүргізуші: – Әйгілі жыраудың бізге жеткен ғажап туындыларының бірі – «Сақ болғын» деп аталатын насихат сөзі. Осы ақыл мен кеңеске толы ойлы жырды ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамединнің орындауында тамашалаңыздар.
«Сақ болғын». Ғ.Мұхамедин
1-жүргізуші: – Кетбұқа жырау – ғылыми-зерттеу еңбектерінің ғана емес, ақылды бабамыздың өмір жолы көркем шығармалардың да тақырыбына айналды. Әйгілі бидің қилы тағдыр жолы жайлы драматург Кенжебай Ахметовтің «Алтын бұғаулы арыстан» тарихи драмасы жазылды. Ұлығ жыраудың тағылымды ғұмыры жергілікті ақындарымыздың өлеңдеріне тиек болды.
2-жүргізуші: – Қазақтың танымал ақыны, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері Жүрсін Ерман Кетбұқа жайлы көлемді дүние жазды дегенді де естіп қуанғанымыз рас. Ендеше сахнаға ақын Жүрсін Ерманды шақырамыз.
Ақын, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері
Жүрсін ЕРМАН:
– Ұлытауды қазақ жерінің кіндігі деп жүр ғой, мен өз басым Жер шарының кіндігі деп түсінемін. Осы Ұлытауда ерекше бір қасиет бар. Ұлытаудың киесі, иесі – Кетбұқа бабамыз. Мен солай ұға бастадым. Тегін адам емес ол. Қалай дәріптесек те сиятын, Шыңғысханмен замандас үлкен тұлға, міне, алдымызда тұр қазақтың киесі, рухы. Соған әбден лайықты адам. Жезқазғанда Кетбұқа бабамызды кеңінен танытуды мақсат тұтқан бірлестік құрылып жатқаны құлағымызға жетіп жатты. Сосын Кетбұқа туралы іргелі туынды жазуды өзімнің замандас-сыйлас ақындарыма айтып, қолқа салдым. Өлең деген өзі қызық нәрсе. Қанша жазсам десең де жаза алмайсың. Ғайыптан туған әсермен Кетбұқа туралы поэма жаза бастадым. Оның бір фрагменттерін «Қазақ әдебиеті» газетіне бастырған едім. Соны осындағы қалалық газет «Сарыарқа» жақында көшіріп басқан екен. Сол фрагменттерден үзінді оқып берейін уақыттарыңызды алмас үшін.
Достарыңызбен бөлісу: |