Ұлттық код (ұлт, этнос, халық) – ұлттық болмыс пен ұлттық идеяны өрістетудің алғышарты. Ұлттық кодты құраушы ұғымдар тіл, діл, дін, тарих және мәдениетіміз, рухани байлығымыз. Осылар арқылы Қазақстан халқының бет-бейнесі ерекшеленеді. Ұлттық код дегеніміз не? Бүгінде кең қолданылатын код деген сөзді құлыпты ашатын құпия кілт ұғымында түсінуге болар. Демек, қазақтың ұлттық коды деп қазақ халқының жаратылысын, табиғатын, рухани бітімін, өмір салтын айқындайтын белгілерді айтқан жөн шығар. Яғни, тарихи тамыры тереңде жатқан, ұлтымыздың күні бүгінге дейін бәрінен жоғары бағаланатын қасиеттері, солардың сығымдалып тұжырымдалған формуласы қазақтың ұлттық болмысының сырын түсінуге апаратын, тиісінше қастерлеп сақтауға жататын құпия кілттің тап өзі боп шығуы ғажап емес. Қазақ халқының ұлттық болмысы ғасырлар бойы қалыптасып, бекем орныққан, сондықтан да ол қазақ рухын небір күйзелістерден аман алып келе жатқан айрықша қасиетке ие. Халқымыздың сол қасиетін танытатын формула күллі материалдық байлықтан адами құндылықты биік қоятындығымен ерекшеленеді. Өйткені, бағзы заманда әділеттілік, адалдық, шыншылдық және ахлақ (мораль) дәулет атаулыдан әлдеқайда артығырақ бағаланатын.