Тіл біліміндегі антропоцентрлік парадигма Сыртқы лингвистика тілдің функционалдық қасиеттерін зерттейтіні жоғарыда айтылды. Сыртқы лингвистиканың негізгі мәселесі тілдің қоғамдық және жеке мәнін зерттеп білу. Адам қызметінің қай түрі болса да тілдің қызметінсіз іске аспайды. Сондықтан тіл қызметін адамсыз қарастыру мүмкін емес.
Сыртқы лингвистиканың жоғарыда аталып өткен бөлімдері (әлеуметтік лингвистика, этнолингвистика, психолингвистика) бір-бірімен жақын шекаралас пәндер. Олардың бәрі тілдің адам қоғамындағы қызметінің негізгі қырларын, аспектілерін бейнелейді және барлық жағдайда сөйлеу үрдісінің негізгі объектісі – адам. Адам әлемнің тілдік бейнесін жасаушы, тілдік өзгерістің дереккөзі болып табылады.
Тіл біліміндегі антропоцентрлік парадигма тілді белгілі бір этностың тілде қоршаған қасиеттерін бейнелейтін қоғамдық санасы ретінде қарастырады. Тілдерді антропоцентрлік тұрғыда зерттеу қазіргі лингвистикадағы негізгі бағыттардың бірі болып табылады. Осы орайда Э. Бенвенистің – тіл, мәдениет, жеке тұлғалық триада терминдері негізінде антропологиялық феноменді зерттеуге негізделген басқа лингвистика тууы мүмкін еді деген сөздері орынды. Тіл арқылы адам дамиды, тұлға ретінде қалыптасады және өзінің әлеуметтік, саяси, интелектуалдық және рухани бірлігін сақтап қалады [3, 31 б.].
Қазіргі лингвистикада антропоцентристік парадигма шеңберінде екі түрлі бағытты бөліп көрсетуге болады: танымдық лингвистика және лингвомәдениеттану.
Танымдық лингвистика тілді адамзат санасының органикалық және ажыратылмайтын, сонымен қатар таныммен, ойлаумен бір қатарда тұратын бөлігі ретінде қарастырады. Тілді танымдық тұрғыдан қарастыру негізінде тіл түсінуге тырысатын тұтас құбылыстың бір бөлігі екендігі және оны түсіну үшін дүние туралы білім қажет екендігі түсінікті болды. Әрбір тіл тек қана өзіне тән танымдық құрылымдар мен танымдық перспективаларды тасымалдаушы болып табылады. Семантикалық сәйкессіздік негізінде білім көрсететін құрылымдағы танымдық ерекшеліктер жатады. Танымдық лингвистиканың ең өзекті мәселелерінің бірі адам санасында әлемнің тілдік бейнесін адамның әлем туралы түсінігінде бейнелеп көрсету. Әлемнің тілдік бейнесі адамның әлем туралы түсінігі негізінде жасалады. Тіл объективтік әлемнің субъективтік бейнесінің моделін құрайды [4, 55 б.].
Тіл мен ойлаудың, тіл мен танымның арақатысы адам баласының интеллектуалды өмірінде құндылықтар қаншалықты рөл атқаратынын белгілеп береді. Тіл біліміндегі жаңа бағыттар танымдық ұстанымдармен тығыз байланысты. Соңғы ізденістердің көпшілігі тілдік деректердің танымдық қазынасын, мағыналық қоймасын зерделеу негізінде жалпы тілтанымдық үрдістің ішкі және сыртқы мүмкіндіктерін дәйектеп, түсіндіруге жағдай жасады. Танымдық ізденістер – когнитивтік ізденістер. «Бүгінгі танымдық қағидалар тарихи мәселелерді шешуде де, салыстырмалы-салғастырмалы талдауда да, тілдік универсалий негіздерін сұрыптау кезінде де, тілдегі уәж себептерін айқындау барысында да. басшылыққа алынып, жаңа танымдық теориялардың қалыптасуына ықпал етері сөзсіз» [4, 194-195 б.]. Әрбір тіл әлемді өзінше бөледі, өзінің консептуалдық тәсілі бар, соған орай әрбір тілдің өзінің ерекше әлем бейнесі бар және адам өз ойын осы бейнеге сай білдіруі керек.
Сонымен танымдық лингвистика адам әлемді қалай танып біледі деген сұраққа жауап іздейді, ал лингвамәдениеттану адам әлемді қалай көріп, таниды деген сұраққа жауап беруге тырысады және тілде бейнеленген, бекіген халық мәдениетінің көріністерін зерттейді.
Лингвомәдениеттану тіл мен мәдениеттің өзара қатынасының тілдегі көрінісін зерттейді. В.Телияның ойынша, лингвистикалық мәдениеттану тіл мен мәдениеттің синхрондық түрдегі қарым-қатынасын зерттеуге арналған. Ол сұрыпталған және ұйымдастырылған нақты бір мәдени байлықтарды, сөздің тууының тірі коммуникативтік үрдістері мен қабылдауын қарастырып, өзіндік тілдік тәжірибе және ұлттық менталитет бейнесін, сонымен қоса дүниенің тілдік бейнесінің жүйелік сипаттауын береді.
Тілді зерттеудің осы тәрізді тәсілдерінің негіздері Э. Бенвенистің, Л. Вайсгербердің, В. Гумбольдтің, А. Потебняның және басқа ғалымдардың еңбектерінде көрінеді. В. Гумбольдтің тіл бірліктері, ойлау және мәдениет феномендерінің бірлігі туралы айтқан ойлары лингвистиканың және мәдениет туралы ғылымның қосылуының негізі болды.
Әртүрлі тіл бірліктерін зерттеуде лингвомәдени тәсілді қолдану арқылы тілдің сыртқы құрылымын оның тереңдегі болмысын және олардың мәдени көрінісін анықтауға болады.
Әдістемелер ішіндегі лингвомәдени сараптамаға келсек, оның этимологиялық сараптамамен пара-пар келмейтінін айту керек. Лингвомәдени сараптаманың мақсаты – «тілдік бірліктің шығу тегін айқындау емес, әр түрлі типтегі, яғни әдеби, діни, саяси және т.б. дискурстар ықпалымен пайда болған фразеологиялық бірліктерге түсініктеме бере отырып, оның пайда болу шарттары мен жағдаяттарын анықтау болып табылады» [4, 133 б.].
Лингвистикалық зерттеулерде көп уақыт бойы сипаттау теориялары мен тұжырымдамалары (концепциялары) басым болды. Соңғы жылдары түсіндірмелі лингвистика теориясы дами бастады. Ол тіл білімінде лингва-елтану, этнолингвистика, танымдық лингвистика мен лингвистикалық мәдениеттану сияқты жаңа бағыттардың дамуына түрткі болды, бұл бағыттарда тіл дамуының негізгі факторы ретінде адам қарастырылады. Қазіргі кезде тіл тек қана қатынас және таным құралы ретінде емес, сол сияқты ұлттың рухани мәдениеті ретінде де бірнеше бағыттарда қарқынды түрде зерттелуде.