Негізгі ұғымдар Психолингвистикалық тәжірибе – информанттарды пайдаланып тәжірибе өткізушінің бақылауымен тіл қызметін қолдан жасалған жағдайда зерттеу.
Информант – сөйлеу үрдісіндегі әр түрлі мәліметтерді алу үшін тәжірибеге шақырылған сыналушы. Әдетте бұл адам аталмыш тілді ана тілі ретінде қолданатын адам.
Тәжірибе түрлері.Психолингвистикада тәжірибенің негізгі үш түрі бар:
1) Зертханалық тәжірибе – тәжірибе өткізушінің күні бұрын тұжырымдалған гипотезаны тексеруі үшін өткізілетін тәжірибе;
2) Табиғи тәжірибе –сөйлеу үрдісін информанттарға табиғи жағдайда (жанұя, мектеп, жұмыс орны) өткізу;
3) Ассоциативті тәжірибе – информантқа әсерлеу мақсатында оның екі және одан да көп тілдердегі белгілі бір сөзге, сөз тіркесіне, сөйлемге реакциясын тексеру.
Тест – психолингвистиканы зерттеудегі негізгі әдіс болып табылады. Ол жеке тұлғаның бағалау шкаласындағы орнын анықтау мақсатында өткізілетін жеке немесе топтық тапсырма болуы мүмкін.
Тесттің екі түрі бар: ашық тест және жабық тест.
Ашық тест – онша қатаң талаптары жоқ, оларға объективті түрде баға беру қиын (диктант, шығарма, аударма және т.б.). Бұл тесттің жағымды жағы – информанттардың ой-желісін, ойлау мүмкіндіктерін, шығармашылық қабілеттерін бақылауға болады. Жабық тестжалпыға бірдей, қатаң талапқа сай жасалған тест. Жабық тестте информант тек қана берілген сұрақтарға жауап береді. Әдетте жабық тест жауаптың бірнеше варианттары бар тесттер болып келеді.