Лисаков қаласы білім бөлімі «№3 орта мектебі» ММ
Тақырыбы:
Менің шежірем – менің тарихым
Секция: әдебиет
Бағыты: болашағы зор туристік бағыт
Жұмыстың авторы: Жансултанова Аяжан
7 «Б» сынып оқушысы
Ғылыми жетекшісі: Бирмуканова Айгул Мұхтаровна әдебиет пәні мұғалімі
Лисаков қаласы
2014жыл
Лисаков қаласының « №3 орта мектебі» ММ 7 – сынып оқушысы
Жансултанова Аяжанның тақырыбы:
«Менің шежірем – менің тарихым »
атты ғылыми зерттеу жұмысына
ПІКІР
Жансултанова Аяжанның « Менің шежірем – менің тарихым» тақырыбындағы ғылыми жұмысының мақсаты – әр жеткіншектің өз жеті атасының шежіресін зерттеп білуіне, ізденуіне, сол арқылы жанұясының, ата – бабасының өткеніне, тарихына көз жүгіртіп, білмегенін біліп, білгенін толықтыруға үлгі беру болып табылады.
Зерттеу жұмысы шежіренің тарихы, қазіргі кезде қолданылатын қазақы туыстық атаулар жайында көптеген мәлімет береді, сондай – ақ Аяжан оқырмандарды өз отбасы тарихымен, жеті атасының шежіресімен таныстырады.
Жеті атаның шежіресін білу қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі болғандықтан, бұл жұмысты қазіргі жас жеткіншектерді отансүйгіштікке баулитын, өз отбасының тарихын, шежіресін білуге қызығушылығын тудыратын, үлгі боларлық жұмыс деп есептеймін.
Аяжан - өте ізденімпаз, талантты, жауапкершілікті сезінетін шәкірт. Сондықтан мен ұстазы ретінде шәкіртімнен үлкен жетістіктер күтемін.
Оның жазған ғылыми жұмысы ауыз әдебиетінің тұрмыс – салт, әдет – ғұрыпқа байланысты саласын зерттеуде, салт – дәстүрімізді, ата – тегімізді білуде туындаған мәселелерді шешуге өз үлесін қосады, өз шежіресін білгісі келетін жастарға үлгі болады деген сенімдемін.
Пікір беруші: Бирмуканова Айгул Мұхтаровна
«№3 орта мектебі» ММ қазақ тілі мен
әдебиеті пәні мұғалімі, ғылыми жетекшісі
Лисаков қаласының « №3 орта мектебі» ММ 7 – сынып оқушысы
Жансултанова Аяжанның тақырыбы:
«Менің шежірем – менің тарихым»
атты ғылыми зерттеу жұмысына
РЕЦЕНЗИЯ
Аяжанның зерттеу жұмысының тақырыбы өте өзекті болып табылады. Оқушы жанұя мұрағатын зерттеп, көп ізденіп, өзінің көргенін түйіндеп қорытынды жасаған. Қазіргі кездегі жеті ата шежіресін білмеу мәселесінің туындау себептерін айқындай отыра, оларды шешу жолдарын көрсеткен.
Аяжанның осы жұмысты жазарда өз мектебінің ұстаздарына, сыныптастарына, өзге де сынып оқушыларына сауалнама жүргізіп, көптеген материалдар жинақтаған.
Зерттеу әдістемесінің сапасына келетін болсақ, деректі дәлелдер, мысалдар келтірілген.
Шешендік шеберлігі, ауызша түсіндіруі жақсы. Жұмыс жақсы деңгейде орындалған. Оқырмандарды қызықтыратын фактілер кездеседі.
Аяжан өз жұмысын одан әрі әлі де зерттеп, толықтырады деп ойлаймын.
Рецензия беруші: Панияз Ш.
« № 3 орта мектебі» ММ тарих пәні мұғалімі
Мазмұны
І Кіріспе.
Атаң қазақ болған соң, Жеті атаны білген жөн............................... 1 - бет
ІІ Негізгі бөлім.
Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер
Шежіре – халқымыздың қасиетті мұрасы............................................ 3 - бет
Ер жігіттің үш жұрты............................................................................. 3 - бет
Туысы бірдің уысы - бір....................................................................... 4 - бет
Аталы ел – баталы ел............................................................................. 4 - бет
Демеңіз, әжем кәрі, кәрінің сөзі – дәрі................................................. 5 - бет
Ата – бәйтерек, бала – жапырақ............................................................ 5 - бет
Абысын тату болса – ас көп,
Ағайын тату болса – ат көп................................................................... 6 - бет
Балалығың ұстаса, нағашыңа бар......................................................... 7 - бет
Күйеу – жүз жылдық, құда - мың жылдық......................................... 8 - бет
Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер............................... 8 - бет
Атаң қазақ болған соң, жеті атаны білген жөн................................... 10 - бет
Отан – отбасынан басталады................................................................ 10 - бет
ІІІ Қорытынды.
Сүйгенім қазақ өмірі, өзім – қазақ................................................... 12 - бет
Аннотация
Ғылыми зерттеу жұмысының мақсаты – әр жеткіншектің өз жеті атасының шежіресін зерттеп білуіне, ізденуіне, сол арқылы жанұясының, ата – бабасының өткеніне, тарихына көз жүгіртіп, білмегенін біліп, білгенін толықтыруға үлгі беру. Ол үшін оқушы қызығушылық танытып қана қоймай, алдына талап қойып, ізденуі керек.
Зерттеу болжамы - ғылыми жұмысты «Атамекен» бағдарламасының «Шежіре» бағыты бойынша сабақ үлгісі ретінде, жастарды өз жеті атасының шежіресін білуге насихаттау мақсатында, ұлттық мұражайда, мектеп оқушылары үшін қосымша сабақ ретінде қолдануға ұсыныс беріледі.
Зерттеу мына кезеңдерден тұрады:
Ғылыми жұмыстың тақырыбын таңдау.
Әдебиеттерді қарастыру.
Іздену жұмыстары.
Сауалнама өткізу.
Материалдар жинақтау
Қорытынды жасау.
Зерттеу жұмысын жүргізгенде мына әдістер қолданылды: сұхбат, материалдар жинау, іздену, жүздесу, сауалнама өткізу.
Қазақта «Атаң қазақ болған соң, жеті атаны білген жөн» деп бекер айтпаған. Қазіргі уақытта жастар шежірені, жеті атасын біле бермейді және бұрыннан қалыптасқан халықтық әдет, туыстық қарым – қатынас пен соған сәйкес ұлттық атаулар ұмтылып бара жатқаны шындық. «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» дегендей, әр үйде қарт кісілер болмаса, отбасы, жеті ата шежіресін білмес те едік.
Бұл жұмыс басқалар үлгі тұтып, ізденіп, өз жеті атасының шежіресін білушілердің қатарын толықтыруда өз үлесін қосады. Жастарды шежіренің тарихымен, мақсатымен, туыстық атаулармен таныстыру арқылы, оларға жеті атаны білудің маңызы зор екендігі түсіндіріледі.
Жеті атаның шежіресін білу қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі болғандықтан, бұл жұмыс қазіргі жас жеткіншектерді отансүйгіштікке баулитын, өз отбасының тарихын, шежіресін білуге қызығушылығын тудыратын, үлгі боларлық жұмыс деп есептелінеді.
Зерттеу жұмысын мектептерде, ұлттық мұражайларда, кітапханаларда қолдануға болады.
Абстракт
Ғылыми зерттеу жұмысының мақсаты – әр жеткіншектің өз жеті атасының шежіресін зерттеп білуіне, ізденуіне, сол арқылы жанұясының, ата – бабасының өткеніне, тарихына көз жүгіртіп, білмегенін біліп, білгенін толықтыруға үлгі беру.
Әр жеткіншек өз қолына алса , ізденсе, өз жеті атасының шежіресін зерттеп білуге мүмкіндік алады, өз шежіресін білетінін мақтан ете алатын болады. Ол үшін тек алдына талап қойып, ізденсе болғаны.
Жұмыста жастарды шежіренің тарихымен, мақсатымен, туыстық атаулармен таныстыру арқылы, оларға жеті атаны білудің маңызы зор екендігі түсіндіріледі.
Жеті атаның шежіресін білу қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі болғандықтан, бұл зерттеу жұмысы қазіргі жас жеткіншектерді отансүйгіштікке баулитын, өз отбасының тарихын, шежіресін білуге қызығушылығын тудыратын, үлгі боларлық жұмыс деп есептелінеді.
Ғылыми жұмысты «Атамекен» бағдарламасының «Шежіре» бағыты бойынша сабақ үлгісі ретінде, жастарды өз жеті атасының шежіресін білуге насихаттау мақсатында, ұлттық мұражайда, мектеп оқушылары үшін қосымша сабақ ретінде қолдануға ұсыныс беріледі
Абстракт
Целью научно – исследовательской работы состоит в том, чтобы каждое подростающее поколение изучало историю своих предков и знало свои семь поколении.
Каждый ищущий человек может изучить свою родословную и гордиться этим. Главное – задать цель и искать.
С помощью этой работы мы объясняем, как важно знать свою историю родословия.
Так как знание своей родословной является одной из главных проблемных вопросов. Эта научная работа воспитывает у подрастающего поколения патриотические чувства и интерес к истории своей семьи.
Данную научную работу можно использовать по программе «Атамекен» в направлении «Шежіре» в виде урока, а также в целях пропаганды знании о своей родословной и в школах на дополнительных занятиях.
Кіріспе
Атаң қазақ болған соң,
Жеті атаны білген жөн.
Жеті атасын білмейтін
Жетесіз ұлға күлген жөн.
Халық нақылы.
Атамыз қазақ болған соң, барлығымызға «жеті ата», «шежіре» деген сөздер жете таныс. Жеті ата шежіресі – бұрынғы аруақты ата – бабаларымыз бекітіп, айтып, дәлелдеп, нақты тұжырымдап, ғасырдан – ғасырға айқындап салып кеткен сара жол. Жеті ата ұғымы – жаңа заң жобасы емес, ежелден қалыптасқан қанатты қағида, санаға сіңген өсиет, өнеге мектебі, ата салтымыз. Алайда, оның қыр – сырына терең түсінген адам кемде - кем.
Кейінгі кезде оны білуге жұрттың ынта, ықыласы мейлінше өсіп отыр. Тек біздің қазақтар емес, біз қарайлай беретін орыстар да өздерінің ата – тегін білуге, зерттеуге үлкен құштарлық көрсетуде. Жас ұрпақ ағайын – туғанын, ата – тегін, ру – тайпасын, елін білуге міндетті. Одан шыққан батырлар мен билерді, қазақ халқының мәртебесін биіктетуге үлес қосқан адамдардың ісін, жолын, дәстүрін жалғастыру керек. Бұл ретте жастардың тарихи зердесін ұштауда шежіренің атқарар қызметі, рөлі зор.
Халық «Бәйтерек бұтағымен, адам ұрпағымен көрікті» деген. Қарап тұрсақ бұл сөзде қаншама шындық бар. Ата даңқы оның ұрпағына мың жылдық азық болары сөзсіз. Барған жеріңде шыққан тегіңді сұраған кезде, зор ілтипатпен өз руыңды, ата – тегіңді айтқанда көнекөз қариялар «Ә, білеміз, жақсы атаның баласы екенсің ғой» десе, көңілің бір көтеріліп қалмай ма?
Қазақта «Атаң қазақ болған соң, жеті атаны білген жөн» деп бекер айтпаған. Өкінішке орай, қазіргі жастардың басым көпшілігі өз жеті атасының шежіресін білмейді, оны білсем деп талаптанбайды да, сондықтан біз қанша бүркемелегенмен, бұрыннан қалыптасқан халықтық әдет, туыстық қарым – қатынас пен соған сәйкес ұлттық атаулар ұмтылып бара жатқаны шындық. Қазақта 100 – ден астам туыстық, іліктік атаулар бар, басқа жұртта мұндай көп атау жоқ. Осы көп атаулардың бір – біріне айырбасталмайтын өзіндік қызметі мен жөн – жосығы, жол – жоралғысы тағы бар. Сонымен бірге қарт алдындағы тәртіп, жас алдындағы инабат, көп алдындағы ізет – ежелден қалыптасқан халықтық қағида. Демек, туыстық, іліктік қарым – қатынастың өзінде қаншама мән – мағына, зор үлгі - өнеге, әдеп салт – сана жатқандығын аңғарамыз.
Менің шежіре тақырыбын қозғаудағы басты себебім - бұл тақырып қазіргі таңдағы өзекті тақырыптардың бірі болып табылады. Мен өз жеті атамның шежіресін білгім келді, іздену, зерттеу арқылы жанұямның, ата – бабамның өткеніне, тарихына көз жүгірттім, білмегенімді біліп, білгенімді толықтыруға мүмкіндік алдым. Сондықтан, менің зерттеу жұмысымның басты мақсаты - әр жеткіншектің өз жеті атасының шежіресін зерттеп білуіне, ізденуіне, сол арқылы жанұясының, ата – бабасының өткеніне, тарихына көз жүгіртіп, білмегенін біліп, білгенін толықтыруға үлгі беру болып табылады. Сіздер шежіренің тарихымен, мақсатымен, қазақы туыстық атаулар жайында мәлімет аласыздар, менің жеті атамның шежіресімен танысасыздар. Сіздер менің жұмысым арқылы жеті атаны білудің маңызы өте зор екендігін түсінесіздер деген ойдамын.
Әр жеткіншек өз қолына алса , ізденсе, өз жеті атасының шежіресін зерттеп білуге мүмкіндік алады, өз шежіресін білгенін мақтан ете алатын болады. Ол үшін тек алдына талап қойып, ізденсе болғаны. Сондықтан менің бұл жұмысымды басқалар үлгі тұтып, ізденіп, өз жеті атасының шежіресін білушілердің қатарын толықтыратынына сенім артамын.
Шежіре – халқымыздың қасиетті мұрасы.
Шежіре (араб. шәджәрә)- халықтың құрамына кіретін тайпа – рулардың тегін таратып, бір – бірімен туысқандық дәрежесін айыратын тізбе. Шежіре, негізінен, қара сөзбен, кейде өлеңмен жазылады, көлемі әрқалай болып келеді. Арғы ата – бабалардың тайпа, рулардың басталуы, таралуын көрсететін тізбе шежіренің және бір мағынасы бойынша, ол – тарихи жазба ескерткіш. Әбілғазы Баһадүр ханның « Шаджара – и түрік» атты кітабы – ХҮІІ ғасырда жазылған жазба ескерткіштерінің бірі. Автор бұл кітабын жазарда Рашит ад – Диннің «Жамиғ ат – тауарих шежіресі мен Шыңғыс хан ұрпақтарының бірнеше нұсқалы шежірелеріне сүйген. Қарапайым халықтың сөйлеу тілімен жазылған бұл әдеби ескерткішті орыс, өзбек, қазақ ғалымдары зерттеген. Ескерткіштің кейбір жерлері өлеңмен жазылған. Кезінде Абай, Шоқан таныс болған және бірнеше Еуропа тілдеріне аударылған. Қазақ тілінде жазылған шежірелердің қағазға түскені, басылып тарағаны аз емес. Мысалы, ХҮІ ғасырда Қадырғали бек, ХХ ғасырда Шәкәрім жазған шежірелер.
Шежіре – халқымыздың қасиетті мұрасы. Атадан балаға, баладан немере, шөбереге мирас болып ауыздан - ауызға тарап келген шежіренің жазбаша нұсқасы да аз болмаған. Халқымыздың асыл азаматтары: Шоқан да, Абай да, Ыбырай да, Шәкәрім де қазақ шежіресін жазуға, жинауға, бастыруға, таратуға ыждағатты болған. Тарихтың деректемелік саласы болып табылған шежіре – қазақ жеріндегі ру – тайпалардың, ұлыстардың тарихы мен олардан шыққан белгілі адамдардан, батырлардан, билерден қалған аталы сөздермен, елдің өткенімен танысуға мүмкіндік беретін құжат. Шежіре адамдардың зердесіндегі елін, жерін, тегін білуге деген табиғи құштарлық, табиғи тілекке орай қағазға түсірілген құжат.
Ер жігіттің үш жұрты.
Қазақ халқының дәстүрі бойынша әр адамның үш жұрты болады. Ер бала үшін бірінші жұрты - өз жұрты, екінші жұрты – қайын жұрты, үшінші жұрты - нағашы жұрты. Қыз бала үшін бірінші жұрты – өз жұрты немесе төркіні, екінші жұрты – қайын жұрты, үшінші жұрты – нағашы жұрты. Бұл үшеуі де жанашыр, сүйеніш, қорғаныш болып саналады. Халық осы үш жұртына былай деп баға берген екен.
Өз жұртың – күншіл, бар болсаң көре алмайды, жоқ болсаң бере алмайды, жақсы болсаң, күндейді, жаман болсаң, жүндейді.
Қайын жұртың – міншіл, қолыңның ұзындығына қарайды, жағаңның қызылдығына қарайды, берсең, жағасың, бермесең, дауға қаласың.
Нағашы жұртың – сыншыл, жақсылығыңа сүйінеді, жамандығыңа күйінеді, әрқашан тілеуіңді тілейді, тілеуқор, қамқоршы болады.
Тегін айтылмаған бұл қағидалардың шындығы да бар.
Туыстық негіз бен атаулар осы үш жұрттан басталып, жақындық қатынас ағайын, туыс, нағашылы – жиенді, ілік, жамағайын, жекжат, жұрағат, құдандалы деп аталады. Мұны туыстық атау дейміз. Қазақтар үш жүзге, тайпаларға, руларға бөлінгенмен, бірін – бірі бөтен санамаған. «Сұраса келе қарын бөле шығармыз» деп аты – жөнін, туыстық қатынасын да сұрастырып, біліп отыру дәстүрге айналған. «Мыңның түсін білгенше, бірдің атын біл» дейді. Бұл – қазақ үшін бұлжымас заң. Халқымызда туыстық қатынастың көптеген атаулары және соған лайық жол жоралғылары да бар. Қазіргі кезде оларды түгел білетін жас өспірімдер саны аз, алайда оның сырларын білгеннің зияны жоқ деп ойлаймын.
Туысы бірдің уысы - бір.
Ағайын жұрт деп әр адамның өз жұртын, яғни бір туған, қаны бір, жеті атаға дейінгі рулас, аталас туыстарын айтамыз. Ағайын немесе туыс деп бір рудан өрбіген ұрпақтар қауымы мен бірлігін айтады. Бұлар бір қауым,бір ауыл болып бір – біріне қамқорлық жасап, қиын сәтте қол ұшын беруге міндетті. Туыстар тату, бірлікшіл, бір – біріне қорғаныш болуы керек. Ағайын, туыстан бөлініп кеткендерді жақындары өте ұнатпайды. «Бөлінгенді бөрі жейді» деген бар.
Туыстар жеті атаға дейін туыстықты үзбейді және қыз алыспайды. қазақтың бұл заңының ғылыми – генетикалық жағынан да дәлдігі анықталып отыр. Ертеде жеті атаға толғаннан кейін ру ақсақалдары, дін басшылары жиылып, боз бие сойып, баталасып, қыз алысып, қыз беруге рұқсат еткен. Бұл дәстүр бүгінге дейін сақталып әрі жалғасып келеді.
Аталы ел – баталы ел.
Ата - әкенің әкесі. Жеті атадан санағанда үшінші ұрпақ. Ел – жұрт ақсақал деп құрмет тұтатын қадірлі ел тұтқасы. Мұндай кісілер төрден орын алады, оларға әрқашан құрмет көрсетіледі. Оның жолын кесіп өтуге болмайды. «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» дегендей, ата – ел ұйытқысы, батагөйі, ақылшысы, қамқоры болып есептеледі. Жастар атадан бата алуға тиіс. «Аталы ел – баталы» деген мақал бар. Атаның айтқаны кейінгіге заң, ісі – үлгі. Ол – ел бірлігін, тірлігін, тұрмысын, болашағын бағдарлап, байқап отыратын дана, көреген.
Дәстүр бойынша сол елге, ауылға келген адамдар алдымен атаға сәлем беруі тиіс. Жасы жеткен мұндай кісілерді қарт, қария, батагөй деп, ел оған әрқашан ілтипат білдіріп отырады, қазақтың жалпақ тілінде қарттарды шал деп те атайды.
Баба – арғы атаның әкесі, жеті атадан санағанда төртінші ата, қасиетті, жүз жасаған ұлы қария. Мұндай кісілерді бүкіл әулет, ұрпақ пір тұтады, арнайы сәлем береді, ерекше қошемет көрсетеді, ренжітпейді, сәбидей күтіп, құрметтейді.
Демеңіз, әжем кәрі, кәрінің сөзі – дәрі.
Әже - әкенің шешесі. Ел іші, отбасының бүтіндігін ойлайтын көптің сыйлы анасы. Ол салт – дәстүрді сақтап, кейінгі жастарға отбасының , дастарқан берекесінің, ағайының, абысындардың бірлігін сақтайтын тәрбиеші әрі ақылгөйі деп есептеледі. Ұлы мен келіні әжесінің тапсырмасы мен өтінішін сөзсіз орындауы тиіс. Қазақ халқының заңы бойынша танысын, танымасын әрбір адам ата - әжелерге сәлем беріп, құрметтеу тиіс. Бұл кісілер тек өз ұрпақтарына ғана емес, жалпы елге ата - әже болып есептеледі. Әжелерді жұрт кейуана, қария, әже деп құрмет тұтып, сый – сыяпат ұсынып, батасын алады.
Ана - өзіңді өмірге әкеліп, түн ұйқысын төрт бөліп, ақ сүт берген аяулы адамның. Әр ұл мен қыз ата – анаға мәңгі қарыздар. Ұрпақтары бұл адамдарды айрықша сыйлауға, құрметтеуге тиіс. Оларға қарсы келуге, ренжітуге, айтқанын орындамауға болмайды. Мұхамбет пайғамбардың хадисінде: «Ата – анасын ренжіткендерді алла тағала жақсы көрмейді» деген. Әсіресе, ананың жолы мүлде бөлек. Ананың ақ сүті – адам баласы үшін аса қасиетті ұғым. Ананың өз балаларына: «Ақ сүтімді ақтады» деуі – үлкен баға. Керсінше, өзіне зәбір берген балаларын ана « ақ сүтін көкке сауып» қарғайды. Адам баласы үшін қарғыстың ең жаманы - осы.
Ислам дінінің тәрбиесінде ананың жолы айрықша және артық. Егер сені әкең мен анаң қатар шақырса, алдымен анаңа баруың керек. Анаға қанша құрмет жасалса да көп емес.
Ана - өмір тұтасқысы, өмірге адам әкелуші, тәрбиеші, тілеуқор, ақ ниетті, мейірбан . Ол – отбасының берекесі, ырысы , ақылшысы. Ана алдында батыр да, ақын да, ғалым да кіші.
Әке – ұрпақ иесі, панасы, айбары, үй басшысы және асыраушы һәм тәрбиеші. Жеті атадан санағанда екінші ұрпақ. Ол тек бір отбасы ғана емес, ауыл, ру қамқоршысы, үлкен – кішіге бірдей қамқор азамат, ел ағасы ретінде көрінеді.
Өмірде әке мен ана қатар аталады.Олардың қызметі туған балалары үшін шексіз. Атаның күші, ананың сүті – ұрпақ үшін зор, өлшеусіз парыз. « Анаңды Меккеге үш рет апарсаң да, парызыңды өте алмайсың» деген сөз – осының куәсі. Бұл парызды әр ұрпақ өзінің ата – анасына деген құрметінен, шын пейілімен, ризалық ісімен ғана өтей алады. «Әкеге бағыну – аллаға бағыну», - депті Мұхамбет пайғамбарымыз.
Ата – бәйтерек, бала – жапырақ.
Бала деп ата – анадан тараған ұрпақтарды айтады. Жеті атадан санағанда бірінші буыны. Олар жынысына қарай ұл, қыз деп аталады. 1 – 5 жастағы ес білмейтін балаларды сәби дейді. Ата – бабаларымыз ұрпақтарын ізбасарым, мұрагерім, қолғанатым, азаматым, көз қуанышым , бақытым деп еркелеткен және оларды көпсінбеген, өйткені бала – көңілдің гүлі, көздің нұры. Ата – ана өз балаларын тәрбиелі, өнегелі, өнерлі, саналы, білімді етіп өсіруге міндетті. Халықта «Балаңды бес жасқа дейін хандай көтер, он бес жасқа дейін құлдай жұмса, он бестен әрі онымен досыңдай ақылдас» деген ғибрат, қағида бар.
Немере – ұлдың баласы. Немере ата мен әже үшін өте ыстық. Көбінесе олар тұңғыш немересін бауырына салып, өз балам деп өсіреді.
Шөбере - немеренің баласы. Қарт адамдар үшін бұл ұрпақтың орны мүлде басқа. Қазақ дәстүр бойынша кішкентай шөберенің қолына су ішкен адамға о дүниеде жеңілдік жасалады Шөберенің баласы шөпшек, шөпшектің баласы немене деп аталады.
Аға – бір әке – шешеден туған (немесе ағайын – туыс) жасы үлкен жігіт аға деп аталады. Ағаның жөні де, жолы да үлкен деп есептеледі. Жасы кішілер аға алдында әдеп сақтап отырған жөн. Аға – жасы кішілер үшін айбар, қорған, мақтаныш.
Апа - әпке - Бірге туған және туыстардың жасы үлкен қыздары оның інілері мен сіңлілері, келіндері үшін апа болады. Қалай айтқанда да апаның жолы бөлек және қымбат. Апаның күйеуі жезде, баласы жиен болады.
Қарындас. Ағайындар ішінде жасы кіші қыз ағалары үшін қарындас болады. Бұлар аға, іні үшін қымбат та қимас жандар. Соны мен бірге бауырлары үшін ешқашан аянбайтын біртуар, текті, зерделі, қаншыл туыс. Қарындастың күйеуі күйеу бала, балалары жиен деп аталады.
Сіңлі. Бірге туған қыздардың кішісін сіңлі дейді. Аға, апа алдында сіңлі мен інілердің құқығы бірдей болғанмен, қыздың жолы жіңішке деп, жол көбіне қызға тиеді. Сіңлі мен қарындас өзінен үлкендер алдында батылдау да, еркелеу де, еркіндеу болады. Олардың бұл еркелігін аға, апалары көтеруі керек.
Абысын тату болса – ас көп,
Ағайын тату болса – ат көп...
Жеңге – ағаның әйелі. Жасы үлкендер үшін келін, кішілер үшін жеңге деп аталатын бұл адамның ауыл, үй, тәлім – тәрбие үшін орны айрықша. Ол, әсіресе, өзінен кіші қайнылары мен қайын сіңлілерін өз атымен атамай, оларға өзінше Сырғалым, Ерке бала, Күлім көз деп ат қояды. Қайны мен қайын сіңлі жеңгелерінен сыр жасырмай, онымен ақылдасып отырған. Жеңге олардан төмен отырады.
Қайын іні . Жеңгелер үшін кеуінен және оның туыстарының да жасы кіші ұл (жігіт) оның қайын інісі болып саналады.
Қайын сіңлі. Жеңгелер үшін күйеуінен жасы кіші қыз қайын сіңлі болып саналады. Қайын іні мен қайын сіңлі жеңгесін ерекше қадірлеу керек.
Ене. Күйеуінің анасы келінге ене болады. Ене – келін үшін өз анасы сияқты тілектес, ақ ниетті, сыйлы адам. Ол - өз келінінің өмірлік тәрбиешісі, ақылшысы.
Абысын. Ағайынды жігіттердің әйелдері бір – біріне абысын болады. Абысындар өзара жақын, сырлас, мұңдас болады, бірігіп, ынтымақ жұмыс істейді. Бір – бірінің өкпе – назын, әзіл – қалжыңын кектемеуі керек. Абысындардың үлкені шешей, кішісі келін деп аталады.
Қыз - ата – ананың, ауылдың сүйікті баласы. Оң жақта отырған бойжеткен. Елдің назы, мақтанышы, сәні, базары, көркі. Қыз – ел, ауыл еркесі, үлпілдеткен үкісі, алақандағы аяулысы, басқа елдің болашақ келіні, анасы. «Қыз - өріс, қыз – қонақ» деп туған – туыстары оларды аялап, мәпелеп өсірген. Қызға қатты сөз айтылмауға тиіс.
Төркін (туыстық атау) – тұрмысқа шыққан қыздың туған – туыстары. Төркін жұрт – қыздың үш жұртының бірі. Төркін деген сөз әйел адамға қолданылады, алайда ол оң жақта отырған (тұрмысқа шықпаған) қызға қолданылмайды.
Кіндік шеше – нәресте туғанда оның кіндігін кескен әйел. Кіндікті көбіне әйелдер кеседі. Кіндік шеше баланың екінші анасы болып саналады. Кіндік шешеге кіндік кескені үшін мал, қымбат бұйым береді. Кіндік шеше – бала үшін өте құрметті адам. Оны өз анасынан кем санауға болмайды.
Балалығың ұстаса, нағашыңа бар.
Нағашы жұрт – туған ананың әке – шешелерінен бастап, барлық аталас ағайын – туыстары мен оның үрім бұтақтары.
Нағашы – ананың төркін жұрты. Нағашы – үш жұрттың ішіндегі ең сыйлысы. Олар жиенін әрқашан еркелетіп, сұрағанын беріп отырады. Тек туған нағашысы ғана емес, сол рудың барлығы да жиенге нағашы деп аталады. Нағашының жолы үлкен. Нағашылық жасқа қарамайды. Кейде жиен нағашыдан үлкен болуы да мүмкін. Нағашы жұрттың еркек - әйелдері тиісінше: нағашы ата, нағашы аға, нағашы іні, нағашы әже, нағашы апа, нағашы жеңге, нағашы қарындас деп аталады. Әке – шешенің нағашыларын «түп нағашы» дейді.
Жиен – қыздан туған бала. Жиен – нағашы ауылы үшін ерке әрі кең құқығы бар адам. Ол нағашыларынан нені қаласа да, үш рет алуға хақы бар, қандай қымбат зат болса да, нағашылары оны сөзсіз беруге тиіс. Ол жиенқұрық деп аталады.
Жиеншар - жиеннен туған бала. Ол да әкесі сияқты жиендік ғұрыпты жалғастырады.
Бөле – апалы – сіңлілі қыздардың балалары. Нағашы жұрт арқылы жалғасатын туыс қатарына жатады, бөтенге саналмайды. Олар да нағашы – жиенді адамдар сияқты бір – бірімен әзілдесіп ойнайды. Нағашыларына барғанда екеуі бірігіп кетеді. Олар тату жүреді. Бөлелердің балалары қарын бөле деп аталады.
Күйеу – жүз жылдық, құда - мың жылдық.
Қайын жұртқа жігіт үшін әйелінің, әйел үшін күйеуінің ата – баба әулеті және оның туыс – туғандары жатады.
Құда – қыз алып, қыз беріскен ер адам. Құдалық жолымен келген адамдардың үлкенін немесе жолы үлкенін «бас құда» деп атайды.
Құдағи) – құдалардың әйелдері, яғни қыз бен жігіттің шешелері немесе құда жағының әйелдері. Құдасына келгенде бұларға сыйлы кісілер ретінде құрмет көрсетілуге тиіс.
Құдаша – құда жағының қыздары. Егделігіне немесе жастығына қарамайды. Құдағи мен құдашаны шатастыруға болмайды. Дәстүр бойынша құда ауылының жастары жас құдашалармен ойнап –күліп, әзілдесіп отырады, бірақ әдептен аспауға тиіс. Сонымен бірге олар жолы үлкен әрі сыйлы, құрметті жастар деп саналады.
Қалындық – күйеуге атастырылған, бірақ оң жақта (өз үйінде) отырған бойжеткен қыз. Дала заңы бойынша біреуге атастырылған, яғни құда түсіп қойған қызға құда түсуіне ешкімнің хақысы жоқ.
Күйеу – бір рудың қызын алған жігіт. қайнылары алдында күйеудің жолы кіші болғанымен, ол – сыйлы адамдардың бірі. Оны елдің үлкен – кішісі қажап, ойнап отырады. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна», - деп күйеу де беріспейді.
Қайын бике - күйеудің әйелінің апалары. Олар да күйеу баламен ойнап, әзілдеседі. Алайда ол балдыздардай емес, көбінесе әдеп сақтап отырады.
Бажа – апалы – сіңлілі қыздардың күйеулері. Қайын жұрт арқылы жалғасатын туыстық қатынас. Олар да бірін – бірі көргенде әзілдесіп қалады. Олар өздерін бөтенбіз деп есептемейді.
Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер.
Жеті ата. Әр адам өзінен жоғары қарай санағанда ( әке, ата, баба...) жеті атасын білуі шарт. Мұны үйрету - әке – шешенің, ата - әженің міндеті. Жеті ата жолы ата тегін, туыстық қатынасты білуді, оларды тануды және бірлесе өмір сүруді үйретеді әрі міндеттейді.
Ру – халықтың әлеуметтік, туысқандық жүйесінің негізі, ұрпақтарды ұйытқысы. Жеті атаға дейінгі бір атадан тараған ұрпақтар ру болып саналады және олар жетінші, сегізінші аталарының атымен аталады. Қыз алыспайды, туыстық, ағайындық, жақындық қалыпты бұзбайды. әр рудың бұрын өз жері, суы, таңбасы болған. Аталары жеті атадан асқаннан кейін ел ақсақалдары ру басшыларын шақырып, боз бие сойып, той жасап, жаңа ру атын белгілеп, қан араластыруға рұқсат берген.
Бұрынғы қазақ жөн – жосығында кез келген қазақ аты – жөнін, руын сұрап, алыс – жақындығын, іліктігін білген. Рушылдық біреулер айтып жүргеніндей бөлінушілік емес, бірігу, табысу қызметін атқарады, туысқандық жақындықты білдіреді, жақындастырады.
Өз ұрпағына жеті атасын үйрету – атадан балаға жалғасып келе жатқан қазақтың тәрбиелік дәстүрі. Мұның қандастық жағынан алғанда үлгі боларлық зор қызметі мен маңызын халқымыз ерте түсінген және осы ғұрыптан ауытқымай, оны берік ұстанып келген. Енді осы қағиданың терең тамырына көз жіберейік.
Біріншіден, жеті ата туысқандық ағайындық бірлікті, ынтымақты ұстана отырып, бір ауыл бір бауыр болып өмір сүрген. Бір рудың адамдары осы күнге дейін бір жерді мекендеп келе жатыр.
Екіншіден, жеті атаға дейінгі туыс-туғандардың тұрмыс-тіршілігі де, күн көрісі де, туған жер-суы да, өріс - қоныс жайлауы да қысы-жазы қатар немесе бірге болады. Қиындықта бір-біріне демеуші, қамқоршы, пана болады, қуанышты да, реніш - қайғыны да бірге бөліседі.
Үшіншіден, бір атадан тараған туыстар мен жас ұрпақтар бірін-бірі жақсы таниды. Ағалы-інілі, апалы-сіңлі дегендей, сыйластықта, бауырмалдықта бірге өседі. Мұндай туыс – туған, жақын – жуықтар арасында орынсыз жанжал, ұрлық – қарлық, барымта деген сияқты жат істер болмайды. Өйткені тәртіп бойынша туыстар бір – бірінің малын ұрламайды. Керісінше, сырттай қамқоршы болып, жақын – жуықтарының мал – жанына көз салып жүреді. әкелер мен аналар бір кіндіктен шыққан перзенттерін ел, ру намысын қорғайтын ержүрек, қайрымды, қаншыл, ұйымшыл, бауырмал етіп тәрбиелейді. Жеті ата ұғымында ағайын арасындағы үзілмес бірлік, бұзылмас тектілік, тәрбие тәлімі өте зор.
Қазақ халқы әр сөзге мән берген. Әңгіме етіп отырған тақырыпта ата деген сөз бар, яғни бұл ата – баба деген ұғымды көрсетіп, тайға таңба басқандай, соқырға таяқ ұстатқандай айтып тұр. Олай болса, жеті ата шежіресі өзімізге дейінгі ата – бабаларымыздан бастап таратылады.
1. Өзің.
2. Әке.
3. Ата.
4. Арғы ата.
5. Баба.
6. Түп ата.
7. Тек ата.
Бұл атаулар кей жерлерде басқаша аталуы да мүмкін. Бірақ, қалай дегенімен де, жеті ата жолы осылайша таратылатынын бұрынғы би, шешендер айтып кеткен ақиқат шындық. Бұрынғылар жөн сұрасқанда: « Ата – тегің кім ?» - деп сұрайтыны, міне осыдан шыққан.
Ата – бабаларымыз жеті атаға дейін қан араластырмайды, туыстық қалыпты бұзбайды. Сегізінші атадан бастап жаңа ру атын белгілейді. Бұл үшін сол атаның ақсақалдары мен билері, ел ағалары ру мүшелерін шақырып, боз бие сойып, баталасады. Олар жеті атаға толғанын айтып, бұдан бұлай қыз алысып, қыз берісетін құдалыққа рұқсат ететін жол ашады. Бұл дәстүр – текті, дені сау, таза ұрпақ өсуінің кепілі. Осындай текті ұрпақ өсіру тәрбиесін бұрынғылар ертеден – ақ білген және оны қатты қадағалап отырған.
Атаң қазақ болған соң, жеті атаны білген жөн.
Ел аузында:
Атаң қазақ болған соң,
Жеті атаны білген жөн.
Жеті атасын білмейтін
Жетесіз ұлға күлген жөн, - деген нақыл сөз бар.
Мен сіздерді өзімнің жеті атам жайында мәліметпен таныстырып өтпекпін. Менің аты – жөнім - Жансуланова Аяжан Тоқжанқызы, «№ 3 орта мектебі» мемлекеттік мекемесінің 7-сынып оқушысымын.
Ата - бабам орта жүздің арғыны, арғынның ішінде бақай руынан болып табылады. Олар негізінен Қостанай облысы Әулиекөл ауданынан.
Менің арғы атам – Қарамырза деген кісі , ол мал шаруашылығымен айналысқан. Одан туған Бадран бабам болған. Бадраннан Құланбай есімді бабам, одан арғы атам Байтабын тараған.Байтабыннан Тасмағамбет, Тасмағамбеттен туған Жансұлтан атам. Одан менің әкем Тоқжан тарайды. Менің әкем Қостанай дисцансиясында электрожабдықтаушы болып жұмыс істейді.Әкемнің ұрпағын жалғастырушы ағам –Талғат, ол мектептің 9- сыныбында оқып жүр.
Өз жұртымның ең үлкен дана ақсақалы - менің атам Жансултан, ал әжемнің есімі – Ұлбике. Менің әкем он ағайынды. Жансултан атамның менің әкемнен басқа тағы Шоқан, Бекжан есімді екі ұлы және Жанат, Ләззат, Гулжан, Рза, Айжан, Қымбат, Зейнат есімді жеті қызы бар. Олардың әрқайсысының өз жеке отбасылары бар, Негізі Қостанай қаласының тумалары.
Нағашы жұртымды алып қарасақ, нағашы атамның есімі – Серікбай, ал әжемнің есімі – Қадиша. Анамның Асылхан , Мырзаболат, Батырхан Адылхан есімді ағалары және Райхан, Сания,Гүлбаршын есімді апалары бар . Олар Астанада, Қызылорда, Көкшетау қалаларында тұрады.
Ойлап көрсем, менің өз туғандарым да, нағашыларым да әр жақта өмір сүреді екен. Соған қарамастан біз бір - бірімізбен әрдайым кездесіп , хабарласып тұрамыз.
Отан – отбасынан басталады.
Ата – анадан өсіп ұрпақ таралған,
Жақсы, жаман болса бала – солардан.
Жүсіп Баласағұни
Отбасы – адам баласының түп қазығы, алтын ұясы. Себебі, адам баласы шыр етіп дүниеге келген күннен бастап, сол ортаның ыстық – суығына бейімделіп, ықпалына көніп, осында ер жетеді. Ислам діні кез келген ата – анаға мынадай үш міндет жүктейді: біріншісі - балаға көркем ат қою, екіншісі – діннің әдепті тәрбиесін сіңіру, үшіншісі – тәрбиелі отбасымен құда болып, баланы үйлендіру.
Қазақ отбасында өзіндік ұлттық тәрбиесінің ерекшелігі, ұстанатын қағидалары, сүйенетін тағылымдары бар.
Менің отбасым төрт адамнан тұрады: әкем – Тоқжан, анам - Сәуле, ағам – Талғат және мен. Әкем Қостанай дисцансиясында электрожабдықтаушы болып жұмыс істейді, ал анам Лисаков қалалық аураханасында жұмыс істейді , ал ағам осы мектептің 9 – сынып оқушысы.
Әр отбасында әулеттен келе жатқан қалыптасқан дәстүр, өз заңдары бар. Ата – бабадан мирас болған мұралар, көненің көзі – тұрмыс заттары жанұя құндылығы екені де даусыз.
Біздің отбасымызда көптеген салт – дәстүрлер мен әдет - ғұрыптар ұсталынады. Мысалы: ата – енені құрметтеу, келіндерінің ата – енелеріне сәлем беруі, үйдегі келіндердің қайын сіңлілеріне, қайын інілеріне ат қоюы.
Мысалы: менің ағамның келіншегі маған жеңге болады, ол мені аңқылдақ мінезіме сай «еркежан» деген атап кетті. Осындай – ақ менің анам да әкемнің інілерін, қарындастарын өз есімдерімен атамай еркелетіп ат қойды. Мысалы: апаларымды «аяулым», «», ал ағаларымды «Ақжігіт», «Ерке жігіт» деп атайды.
Қорытынды
Жеті атасын білген ер
Жеті жұрттың қамын жер.
Жеті атасын білмеген
Тілі менен жағын жер.
Халық нақылы.
Қорыта келе, тағы да қайталап айтарым : менің зерттеу жұмысымның басты мақсаты - әр жеткіншектің өз жеті атасының шежіресін зерттеп білуіне, ізденуіне, сол арқылы жанұясының, ата – бабасының өткеніне, тарихына көз жүгіртіп, білмегенін біліп, білгенін толықтыруға үлгі беру болып табылады. Сіздер шежіренің тарихымен, мақсатымен, қазақы туыстық атаулар жайында мәлімет алдыңыздар, менің жеті атамның шежіресімен таныстыңыздар. Алайда , мұнымен біз шектеле алмаймыз, жеті атасының шежіресін білу – бүгінгі таңдағы басты мәселелердің бірі болып қала бермек.
Бұрын: « Атам келе жатыр. Нағашым келе жатыр», - дегенде, ел іші қуанып қалатын және соған лайық ілтипат, құрмет көрсететін. Ата, әже, қайнаға келсе, әдеп сақтап, нағашыға еркелеп, жезде мен балдыздарды әдемі әзіл – қалжыңмен қарсы алып, туыстық рәсім жасалып жататын...
Әжелеріміз бен шешелерміз алыстан келген өзіндей кемпірлерді «қыз – ау» деп атап, көздеріне жас алатын. Сонда ауылға келген әр адамның, үлкен – кіші болсын, туыстық жағынан қандай жақындығы бар екені анық аңғарылатын. Мұны, әсіресе, балалар жағы бірдей аңғаратын. Сөйтіп, туыстық қатынасына қарай әр кісінің өзіне лайық орны, беделі болатын. Әсіресе, күйеу мен жиен келгенде ауыл іші бар серпіліп, өткір әзіл – қалжыңдар естіп, күлкіге бататын еді. Ауыл арасындағы оны – мұны кемшіліктерді басқа жаққа айтып қояды деп, оларға білдірмеуге тырысатын.
Қазір жастар мен жеткіншектер тәрбиелік мәні үлкен туыстық атауларды ұмытып бара жатыр. Қазір қай үйге барсаңыз да, ата – аналарын «мама», «папа» деп атайтын балаларды көреміз. Олардың аузынан «әке», «көке», «апа» деген сөздер мүлдем шықпайды. Олар «ата», «әже»-ні ғана біледі. Балаларда «аға», «жеңге» деген ұғым жоқ, оларды өз атымен атайды. Оларға олай емес, былай деп үйретіп жатқан үлкендер тағы жоқ.
Балаларды атаймыз – ау, жасы қырықты қусырған, тіпті одан да асқандардың өзі туыстық атауларды ауызына алмайды. «Нағашы», «жиен», «қайнаға», «шешей», «жезде», «келін», «ене» деген сөздерді қолданып жатқандарды ести алмайсыз. «Жеңеше» деген әдемі сөзді ұмытқалы қашан ? Жеңгесі қайнағасы немесе қайын сіңлісін, қайнысын құрдасы сияқты атын атайды. Кейде келіндердің қайнағамен әзілдесіп жатқанында көресің. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна», - десек те, қайнаға алдында келіннің әдепті де ибалы болғаны жөн.
Қазіргі 60 – 70 жастағы аталар мен әжелердің өзі «келін» деген сөзді сирек қолданады. Көбіне атымен атайды немесе «қалқам», «шырағым» дейді. Бұл сөздер қанша жақсы көрудің белгісі болғанымен, киелі «келін» деген сөздің орнын баса алмайды ғой. Келіні де «ата», «ене» демейді, «мама», «папа» деп атайды. Әрине, бұл да сыпайы әрі орынды. Дегенімен, әке мен атаның орны екі бөлек, екі ұғым, екі атау, екі мағына екені анық. Бұрынғы ата – бабаларымыз туыстық атауларды жайдан - жай айтып оның соған сай жөні мен жолын тектен – тек жасай салған жоқ. Сол ұлттық үрдіс әр туыс пен іліктерге белгілі бір дәрежеде сезім мен қандастық жақындық, жауапкершілік пен міндет жүктейді. Бұл үлкен – кішіні, алыс – жақынды қатар тәрбиелеудегі ізгі мақсаттан туған халық даналығы екенін мойындауымыз керек.
Қазақ – ділмар, сөзге ұста халық, ақжарқын да әзілқой халық. Бұрын нағашы – жиен, жезде – балдыз, жеңге - қайын арасында құрдастар арасында өте жарасымды, күлдіргі, тартымды, татулық белгісі ретінде қалыптасқан әзіл – қалжыңдар болатын. Алыстағы бірен – саран қазақ ауылдарда ғана болмаса, мұның да тамыры үзіліп барады.
Ата – бабаларымыз өзінен жасы үлкендерді Сәке, Жәке, Беке деп сыпайылап атаған. Бұл әдептілік әлі де сақталып келе жатыр. Ал мұнда қандай ерсілік бар ? Керісінше бұл - құрмет пен ізет, кісілік пен кішілік белгісі емес пе ? Сондай – ақ кейде кісі есімін тура атамай, оны кәсібіне, шеберлігі мен мамандығына сай атау да әдетімізде бар болатын. Мысалы: келіндері мен жеңгелері Шебер шешей, Молда атай деп атайтын немесе жеңгелері қайын сіңлілеріне «Еркеқыз», «Шашбаулым» деп еркелететін.
Туыстық атаулар ағайындық қарым – қатынас қана емес, онда ғасырлар бойы қанға сіңген ұлттық мәдениет, шығыс елінің тәрбие үлгісі қазақылық қалып бар, ата – бабаларымыздың салған сара жолы бар. Туыстық атаулар тілімізді байытады, көзімізді ашады, салт – санамызды орнықтырады, ұлттық үлгі - өнегемізге жол ашады.
Мен – қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға «Алаш» деген атты аламын,
Сүйгенім қазақ өмірі, өзім – қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын! – деп ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров жырлағандай, мен өзімнің қазақ екенімді, өз жеті атамның шежіресін білетіндігімді, қазақы салт - дәстүрді ұстанатын отбасынан тәрбие алатынымды мақтан етемін. Менің отбасымның, жеті атамның шежіресі мен үшін және менің келешектегі ұрпақтарым үшін қызыға да құныға бас алмай оқитын қызғылықты тарих іспеттес. Атадан балаға мирас болып келе жатқан жеті ата шежіресі, ұлттық болмысымыз өз елін, оның салт – дәстүрін, өткен тарихын, бүгінін, ертеңгі болашағын сүйетін біз сияқты ұрпағы тұрғанда өшпейтініне сенімім мол.
Пайдаланған әдебиеттер
Тасмағамбетов отбасының шежіресі.
Жанұялық мұрағат.
Бейне материалдар.
Фотосуреттер.
Мадинов Хамит « Орта жүздің шежіресі»
Кенжеахмет ұлы Сейт «Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті»
Алматы кітап – 2006, 189 - 209 – беттер.
Қоңырбаева Сараш «Отбасы: бала мен ата - ана» Алматы 2006, 5,8,19 – беттер.
Тұрманжанов Өтебай «Қазақ мақал – мәтелдері» Алматы «Ана тілі» - 1993, 61 – 74 – беттер.
Зерттеу журналы.
Зерттеу тақырыбы: « Менің шежірем – менің тарихым ».
Зерттеу өзектілігі:
Қазақта «Атаң қазақ болған соң, жеті атаны білген жөн»
деп бекер айтпаған. Қазіргі уақытта жастар шежірені, жеті атасын біле бермейді және бұрыннан қалыптасқан халықтық әдет, туыстық қарым – қатынас пен соған сәйкес ұлттық атаулар ұмтылып бара жатқаны шындық
«Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» дегендей, әр үйде қарт кісілер болмаса, отбасы, жеті ата шежіресін білмес те едік.
Зерттеу пәні: халық ауыз әдебиеті
Зерттеу объектісі: жеті ата шежіресі
Зерттеу болжамы : Ғылыми жұмысты «Атамекен» бағдарламасының
«Шежіре» бағыты бойынша сабақ үлгісі ретінде,
жастарды өз жеті атасының шежіресін білуге
насихаттау мақсатында, ұлттық мұражайда, мектеп
оқушылары үшін қосымша сабақ ретінде қолдануға
ұсыныс беріледі.
Зерттеу мақсаты:
Әр жеткіншектің өз жеті атасының шежіресін зерттеп білуіне, ізденуіне, сол арқылы жанұясының, ата – бабасының өткеніне, тарихына көз жүгіртіп, білмегенін біліп, білгенін толықтыруға үлгі беру. Ол үшін оқушы қызығушылық танытып қана қоймай, алдына талап қойып, ізденуі керек. Сондықтан менің бұл жұмысымды басқалар үлгі тұтып, ізденіп, өз жеті атасының шежіресін білушілердің қатарын толықтыратынына сенім артамын.
Зерттеу міндеттері:
Тыңдаушылар шежіренің тарихымен, мақсатымен, туыстық атаулармен танысады, мәселелерді шешу жолын қарастырады.
Оларға жеті атаны білудің маңызы зор екендігі түсіндіріледі.
Зерттеу кезеңдері:
Ғылыми жұмыстың тақырыбын таңдау.
Әдебиеттерді қарастыру.
Іздену жұмыстары.
Сауалнама өткізу.
Материалдар жинақтау
Қорытынды жасау.
Зерттеудің күнтізбелік жоспары:
Уақыт
|
Зерттеу жұмысы
|
Мақсаты
|
2013ж ., мамыр
|
Ғылыми жұмыстың
тақырыбын таңдау.
Әдебиеттерді қарастыру.
|
Тақырыптың өзектілігін
талқылау, материалдың
молдығын пайдалану.
|
2013 ж., маусым, шілде.
|
Іздену жұмыстары.
Ақпарат жинау.
|
Баспасөз беттерінен
қызықты мақалалар
іздеу.
|
2013ж ., тамыз
|
Жүздесу.
Отбасы шежіресімен танысу.
|
Үйдегі атам мен әжемнен, туған туыстарымнан
сұхбат алу, материал жинау.
|
2013 ж ., қыркүйек
|
Материалдарды жинақтау.
Сауалнама өткізу.
|
Оқушылар және
ұстаздардың шежіре
жайында пікірлерін білу.Жиналған материалдарды
реттеп, талқылап, қорытынды шығару.
|
2013 ж ., қазан
|
Материалдарды сұрыптау.
Қорытынды жасау.
|
Дәлелді нәтиже алу және материалдарды жинақтап, бір түйінге келу.
|
2013 ж ., қараша
|
Қорғау
|
Ойымды дәлелдеу. Жасаған жұмысымды назарға ұсыну.
|
Достарыңызбен бөлісу: |